Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолдыбай Базар. Қатыбас (әңгіме)

21.11.2020 1235

Жолдыбай Базар. Қатыбас (әңгіме)

Түс ауа бере қабағы түнеріңкі қара қошқыл бұлт Н. қаласының үстін қымтап алды да іле жұмсақтық танытып жылап жіберді. Көңілшек бұлттың көз жасын сүртпекке, мүмкін жұбатпаққа ниеттенгендей батыстан баяу жел есті. Ызғары әжептәуір. Құтырынып кетпесін деңіз. Қойын-қонышыңды толтырып сумаңдай еніп, мұздай демін тәніңе үрлейді, ащы тікенегін теріңе сұққылайды.

Күздің қоңсыз жанды қалтыратар, кеше ғана күрсіне қоштасқан жарықтық жазды еріксіз есіңе оралтар осындай бір бозғылт кешінде Тұрлыхан аяқ жолмен асықпай келе жатты. Сіркіреген жаңбырды, екпіні баяу болса да қытымырлығы бой түршіктірер желді елер емес. Жан сарайына әлде бір мазасыздық ылаң салып, тұқыртып барады...

Әншейінде таяқ тастам жерге аяқ артпай бармайтын ол бүгін жұмыстан қызметтік көлігін қайтарып жіберіп, жаяу қайтқан. Бағыты – өз үйінің тұсындағы ішіне кірсең шыққысыз супермаркет.

******

Тұрлыханның қарымды, іскер екенін бағалаған өзі қызмет ететін үлкен компанияның басшылығы оны осындағы филиалды басқаруға жіберген.

Жесір әйелдің азын-аулақ тиын-тебеніне телміре күн кешкен кешегі ашқұрсақ студент міне, небәрі үш-төрт жылдың ішінде әжептәуір бедел, қомақты қор жинап, ел қатарына ілікті, тіпті талайлардан әудем жер ұзап та кеткен. Өзі өскен, белін бекіткен Алматыдағы ағасы мен әпкесіне де көмегін аяған емес. Ал, анасы негізінде үлкен ұлының қолында тұрады демесеңіз, көбінесе перзенттерінің отбасылары арасында шапқылап, қызыққа бата жүріп жатқан жайы бар.

******

Шаңырағына қажетті оны-мұны заттарды, ас-ауқатты сатып алу ұдайы әйелінің еншісіндегі іс болғандықтан, Тұрлыхан дүкенге бас сұға бермейтін. Бірақ, бүгін оның өзімен-өзі жеке қалып, әлгі дүкенді бетке алуының өзіндік себебі бар еді.

Қызметтік бөлмесінде күнделікті есеп-қисабымен басы қатып, қарамағындаларға берер тапсырмасын қайта-қайта пысықтап, мұрнының ұшы шып-шып терлей қызу жұмыс үстінде отырған. Хатшы қыз рұқсат сұрар-сұрамастан кіріп, мұның қолына бір конверт ұстатты.

– Ағай, мына хат сіздің атыңызға келіпті, конверттің сыртына «өз қолына» деп жазылған, – деді.

Шырқын бұзбау үшін шыбынның ызыңы, сағаттың сыртылы естілмеуін қалап отырған Тұрлыхан хатшы қызды іштей жақтырмағанымен оған бөлмеге еркін кіріп-шыға беруіне рұқсат бергенін ескеріп, ештеңе дей қойған жоқ.

«Жылдам хабар алғызар...» телефон, электронды пошта дегендей құралдар адамзат тұрмысына дендей енгелі сарғайған сағынышын арқалай келіп, тағаты таусыла есігіңді қағатын, сәлем жолдаушы жанның алақанынан ақ параққа дарыған жылуды суытпай, ақжарма көңілін бұрмаламай сол қалпында жеткізер жарықтық қағаз хаттан бедел қашқан кезеңде Тұрлыхан жұмысына қатысты құжаттар салынған конверттерді талай рет ашқанымен, өз атына жеке адамнан келген хатты алғаш рет кезіктіріп отыр. Хатшы қыз шығып кеткен соң жұмысынан бір ауық қол үзіп, қызығушылығы оянған болар, хат жолдаушының мекен жайы көрсетілмеген әлгі конвертті тағатсыздана ашты.

Хатта: «...Сіз басқарып отырған кәсіпорынның бір бөліміне жетекшілік ететін, жасамыс тартқан Жарас Сейітқұлов деген азамат бар. Ол – мені екі баламен және жүкті күйімде тастап кеткен бұрынғы күйеуім. Бәрін басынан бастасам, Жарас әке-шешесінің Құдайдан тілеп алған, жалғыз тұяғы еді. Екеуміз бір-бірімізді ұнатып қосылдық. Бұл басқа әңгіме.

Мен келін болып түскен жылы ата-енем бірінен соң бірі науқастанып қайтыс болды. Қайғының қара балтасы тосыннан салған жара бізді есеңгіретіп жіберді. Сөйтіп жүргенде дүние есігін перзенттеріміз бірінен соң бірі ашып, әлгі қазаның салмағын аз-кем жеңілдете түскен. Екеуміздің де білдей мамандығымыз бар, ауыл мектебінде мұғалімбіз. Алайда, Жарас отбасының қызығын тәрк етіп, жеке басының қамына күйттеп Алматыға аттанып кетті. Жастайынан өзімшіл, ішкі «менінің» бұйрығымен жүріп-тұруды дағды еткен ол ағайын-туысының тоқтау салған ақыл-кеңесіне қолын бір сілтеді. Сондағы мақсаты есіл өмірін қи сасыған, ұйқы-тұйқысы шыққан шалғайдағы ауылда қор етпей, қалаға барып үлкен қызметке тұру, мансап қуу. Маған: «Қалаға барып орналасқан соң, көшіріп аламын», – деді. Бірақ, Жарас сол кеткеннен өз отбасына қайтып оралмады. Соңынан іздеп барғанымда әлдебір дөкейдің байдан қайтқан «еркесіне» үйленіп, «жұмақтың» төрінде шалқып жүріп жатқанын өз көзіммен көрдім. Көңілім құлазып кетті. Шиеттей бала-шағасын тағдырдың талқысына тастап, әке-шешесінің аманаты – қара шаңырағын жесір мен жетімге толтырып, жұмсақ төсекті, жайлы қызметті, зәулім үйді өмірдің бар мәні деп ұққан екен. Оны сол арада балаларымның әкесі деп танудан бас тартқандай болдым.

Жөнін айтып барған бірді-екілі ағайын-туыстарын да бездіріп жіберген. Олар Жарасты қазір мүлде ұмытқан.

Мен заңға жүгінбекші де болдым. Бірақ, әкенің балаларына, ерінің әйеліне деген сезімі семіп, жүрегі селт етпесе, «мұным қалай?» деп толғанбаса, оған не деуге болады деп ойладым. Сондықтан, оны мен өлдіге санадым, адам санатынан сызып тастадым. Ал, өлікті заңға сүйреген кімді көрдіңіз?

Осылайша үсік шалған жаныма Жарасқа тиесілі қарашаңырақ жылу бере қоймайтындай көрінген соң, бала-шағамды алып Алматыға көшіп кеттім.

Желдей жүйрік уақыт бір орнында тұрсын ба, содан бері жиырма сегіз жыл өте шығыпты. Осы мезгіл ішінде қанша тауқымет тартсам да үш баламды қатарынан кем етпей өсіріп, өрісімді кеңейтіп отырмын. Ал, одан тырс еткен хабар болмады.

Міне, сіздің белді қызметкеріңіз әрі іргелес көршіңіз осындай міскін.

Менің естуімше, олар перзент сүймеген. Дұрысы, қаламаған. Бұл ерлі-зайыптысымақтардың бар қызығы – тұқымы азғындаған сабалақ жүнді «Леночка» атты иті. Бар тапқан-таянғанын қарақан бастары мен әлгі «Леночкаға» жұмсайды екен.

Ол қосағын қолтықтап барып күнде кешке қарай сіздің үйіңізге қарсы орналасқан дүкеннен сүйікті «перзенті» – «Леночкаға» құнарлы, қымбат ас-ауқат сатып алады. Сенбейсіз бе, өзіңіз біліңіз. Бірақ, мүмкіндігіңіз болып, менің айтқаныма көз жеткізгіңіз келсе, кешке қарай әлгі дүкенге бас сұғып көріңіз.

Сізге оны осы қылығы үшін қызметінен қуыңыз немесе онымен қарым-қатынасыңызды үзіңіз деп емеурін танытып отырғаным жоқ. Тек қана, сүлдерін сүйретіп, көзін шүңірейте тірі жүргендері болмаса, шын мәнінде әлдеқашан өліп қалған міскіндердің алдыңғы қатарындағы әлгі Жарасқа өзінің кім екенін тұспалдап болса да жеткізіп, оның бұл өмірде ешкім емес екенін сездірсеңіз», – деп жазылыпты.

Хатты оқып болған Тұрлыхан әрі-сәрі күй кешіп, жағын таянып бір ауық қимылсыз қалды. Хат жазған әйелдің тағдыры өз анасының өмір жолына келіңкірейді екен. Бірақ, Тұрлыханның әкесі анасы айтқандай, бұл дүниеге келерден бірер ай бұрын жол апатынан қазаға ұшыраған.

Анасымен тағдырлас жалғызілікті әйелдің мына хаты, ондағы нала мен ашудың, күйініш пен ызаның, кеткен есе мен көмейге кептелген өксіктің мазмұны оған тағат тапқызбады.

Міне, Тұрлыхан әлгі хаттың әсерімен әрі белгісіз әйелдің тілегін орындамақ ниетпен супер маркетті бетке алған еді.

Тұрлыхан көз алдына қарамағында қызмет ететін Жарас Сейітқұловтың түр-тұлғасын елестетіп өтті. Іле Жарастың әйелі – Зоя апайдың бейнесі жанарының жарығында қылаң берді. Мерекелік кештерде Зоя апаймен талай мәрте жолығысқан. Ол кербездене, тәкаппарлана, қылымси әрі ішіп-жей көз тастап, бұны бірнеше рет ыңғайсыз жағдайға қалдырғаны бар...

Тұрлыхан көздеген жеріне жақындап қалғанда, мына сәйкестікті қараңыз, Жарас Сейітқұлов пен құшырлана құшағына қысқан иті бар Зоя апай дүкенге бас сұғып бара жатқан. Жарас кенет бастығын байқап қалып, әйелін жеңінен тарта тоқтатты. Өзі Тұрлыханға қарай жүгіргенси адымдап, қол қусыра амандасып, мәймөңкелеп қалды (Олар бүгін жұмыс орнында кездеспеген еді). Әкесіндей адамның баласындай жанға осыншама иіліп-бүгілгені сырт көзге тым оғаш көрінеді екен. Бірақ, лауазым шіркін жас-кәрі деп бөле ме. Кімнің шені биік, кімнің шені төмен – мәселе сонда ғой.

Зоя апай мұнымен жылы шырай таныта бас изеп амандасты да дүкенге кіріп кетті. Әлгі хаттың әсерінен әлі айыға қоймаған Тұрлыхан Жарас Сейітқұловқа қатысты өзінің ішкі дүниесіндегі жан жабырқатар сезімін шідерлеп, сыпайы түрде тіл қатты.

– Жеңгей екеуіңіз жарасымды жұпсыздар. Сырт көзге, әсіресе, қолдарыңызға ит ұстап жүргендеріңіз әсерлі көрінеді екен, – деді Тұрлыхан.

– Жылы сөзіңізге көп-көп рахмет! Жеңгеңіз – алтын адам. Осы жүргенім сол кісінің арқасы ғой. Әйелімнің тамыр-таныстары мол, шыққан жері өте мықты. Дүркіреп тұр. Тек, кейінгі уақытта Зояның көңіл-күйі түсіңкі. Оған сүйкімді итіміз «Леночканың» жиі-жиі ауырып, жүдеп бара жатқаны қатты тиіп жүр. Зояға талай мәрте «Леночкаға» «көңілдес» тауып берейік, сонда ғана «кішкентай сүйкімдің» арсалаңдап шыға келеді дедім. Бірақ, ол менің кеңесімді тыңдайтын емес.

– Неге?

– Өйткені, жеңгең сүйікті «Леночкасын» басқа ит тұрмақ, кейде менен де қызғанады.

– Бәлкім, итіңіздің мазасыздануы итаяғына дұрыс тамақ құйылмағанынан шығар.

– Жо-жоқ, олай емес. Біз «Леночканың» барлық жағдайын жасағанбыз. Оны дұрыс тамақтандыру үшін мамандардан кеңес аламыз, бұған қоса соған қатысты ғылыми кітаптарды ақтарып, әйтеуір, «Леночкамыздың» ас-ауқатында кінәрат болмауын ұдайы қадағалап отырамыз. Өзіңіз білетін боларсыз, мына дүкеннің бір бөлігінде үй жануарларына арналған неше түрлі тағамдар сатылады. Біздің «Леночкамыз» солардың ең таңдаулысымен қоректенеді. Қазір де дүкенге соның ас-ауқатын алу үшін келіп тұрмыз...

Кенет белгісіз әйелдің әлгі хатта көрініс берген жанайқайы Тұрлыханның санасын түртіп, оның сыпайы қалпын бұзып жіберді.

– Ит арқалаған жеңгей сіздің екінші әйеліңіз екенін, алғашқы жарыңызды түкпірдегі бір ауылға, турасын айтқанда өз шаңырағыңызға екі сәбиімен және жүкті күйінде зар жылата тастап кеткеніңізді бір танысымнан естім едім. Айтыңызшы, бұл сөз рас па? - деді Тұрлыхан үніндегі ашудан туындаған дірілді байқатпай.

– Тұреке, сіздің айтып тұрғаныңыз рас. Алайда, бұл менің жеке өмірім, мұны біз талқыламай-ақ қойсақ қайтеді, - деді Жарас Сейітқұлов өзіне жанарын қадап тұрған жас жігіттің жүзіне қарауға тайсақтап.

Тұрлыхан:

– Қысқасы сенің шаруаң болмасын демекшісіз ғой?.. - деді.

Өзін айтпағанда, әйелі мен оның сүйікті «Леночкасының» нәпақасын айырып беріп отырған кәсіпорынның басшысына бас көтере жауап беруге дәрменсіздік танытқан Жарас Сейітқұлов ләм-мим дей қойған жоқ.

Тұрлыхан:

– Қалай десеңіз де бір мекеме тұрмақ, ортақ қоғамда өмір сүріп жатқан біз әрқайсысымыздың күнәлі, жүйке күйзелтер іс-әрекетімізге бей-жай қарауға тиісті емеспіз. Өз перзенттеріңізді жетім етіп, қайдағы бір сабалақ жүнді сасық итке «әкелік қамқорлық» танытып жүргеніңізді Жаратқан иеміз кешірмейді, - деді де бұрылып кетуге ыңғай таныта бере, - сіз өзіңізді бақытты жанға балайтын шығарсыз. Солай ойлай беріңіз. Бірақ, қуыс кеудеңіздің бір түкпірінде аярлығыңыз матап тастаған ізгілікті қасиетіңіздің болмауы мүмкін емес. Өйткені, бір Алламыз өзі жаратқан пендесінің бойына тамшыдай болса да ізгілік, мейірім ұрығын сеппей қоймайды. Ал оны мәпелеп, тұла бойда жайқалта өсіру, жаныңның ажырамас бөлігіне айналдыра білу әр пенденің жеке ісі. Сол ізгілігіңіз бен мейріміңіз күндердің күнінде оянып, жан азабыңызға айналатынын, жүрегіңізді қарақұртша шағып, сеспей қатыратынын ұмытпаңыз. Ал, әзірге «бақыттан» басыңыз айналып жүре бергейсіз.

Тұрлыханның алқымнан қысқан уытты сөздері Жарас Сейітқұловқа қалай әсер еткені өзіне ғана аян. Дегенмен, оның ішкі сарайы келсаптың тоқпағына жаншылған тарыдай езіліп, тасқа шағылған шыныдай быт-шыты шығып кеткен-ді.

******

Шындығына келгенде, хат иесі Тұрлыханның анасы, Жарас Сейітқұловтың бұрынғы әйелі болатын.

Міне, күздің көңілсіз бір кешінде әке мен бала осылай кездесті.

Олардың өзара әңгімелесулері сәтінде екеуіне де өздерінің қаны бір, тым жақын, бірақ, тағдырдың талайымен аралары қайта бірікпестей алшақтап кеткен жандар екенін аңғармады. Осылайша, шындықтың шымылдығы түрілмей, ақиқаттың алтын есігі айқара ашылмай қалуының жөні де бар. Өйткені, Жарас Сейітқұлов өз шаңырағын өкпек желдің өтіне тастап кеткенде Тұрлыхан іштегі бала еді. Сондай-ақ, бет әлпеттері де анау айтты ұқсас емес-тін. Өйткені, Тұрлыханның бет жүзі нағашыларына келіңкірейтін. Бұған қоса анасы үш перзентінің де тегін қайын жұртының руы атына жаздырып жіберген-ді.

Тұрлыханның анасы балаларына әкелері және оның жақындары тұрғысында ләм-мим деп жақ ашпаған. Перзенттеріне әкелерінің өздерін тастап кеткенін жасыру үшін оны жол апатынан қайтыс болды деп сендірген.

Тұрлыхан мен Жарас бетпе-бет кездесіп тұрған кеште зәулім үйдің бесінші қабатынан терезе пердесін жартылай ашып, самайын ақ шалса да өңін бермеген, ақ орамалын адалдықтың белгісі деп ұғып өмір сүріп келе жатқан, бар пейілін перзенттеріне ұсынған, баласының шаңырағына қыдырыстап келіп-кетіп жүргенде бұрынғы күйеуін сырттай көріп қалып, әлдекімнің көмегімен ол туралы мән-жайға қанығып алған жасамыс әйел әлгі дүкен жаққа қарап отыр еді: дүкен алдындағы екеудің бірі бері қарай бұрылғанда, екіншісі тұңғиыққа әп-сәтте жұтылып кеткен-тін.

Күздің жаңбыры терезені сындыра жаздап өрекпіді.

Жолдыбай БАЗАР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар