Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Жолдыбай Базаров. Қорқаулық қоршауы (жалғасы)...

24.04.2020 6880

Жолдыбай Базаров. Қорқаулық қоршауы (жалғасы) 12+

Жолдыбай Базаров. Қорқаулық қоршауы (жалғасы) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Жатақхананың жарығы күнде кешкі сағат тоғыздан бес-он минут өте өшіріледі. Содан таңертең бір-ақ қосылады. Басшылық солай шешкен. «Күнімен жұмыс істеп шаршаған адам ертерек ұйықтағаны дұрыс» деген болар. Ал, бұған көнбегеннің жолы ашық, кете берсін! Аталған тәртіпті бұзуға ешкімнің қақысы жоқ. Оның талқылаусыз орындалуы жатақхана әкімшілігінің, дәлірегі, коменданттың қатаң бақылауындағы іс.

Құрылысшылар ортақ әжетханаға кезекке тұрып, жуынып-шайынар бөлмеге топырлады. Қабырғаға ілулі беті айғыз-айғыз жалғыз айнаның алды да бос емес. Жаңа ғана екіге жарылып күш сынасқандар түк болмағандай бір-бірлеріне ыржың-ыржың етеді. Төбелес үстіндегі жайттарды күлкіге айналдырып мәз. Саржанға болысамыз деп тұщы еттеріне ащы таяқ тигізіп алғандардың бәрі де балаң жігіттер еді. Сондықтан да болар, бойларынан ашулары тез тарап, өздерін сабағандарға кектене қоймады. Тоң-теріс кеткен ешқайсысы жоқ. Екі жақтың ортасына киліккен кереғар көзқарастың ізі де қалмаған.

Жарық өз уақытынан кешікпей сөндірілді. Таңертеңнен кешке дейін тәндерін суық сорған құрылысшыларға өз бөлмелері салқын болса да жылы ұядай. Азынаған желдің өтінде қалтырағанға от жағылмаса да есік-терезесі бекітулі бөлме жұмақтай жайлы әрі жылы сезіледі емес пе.

Бәрі де аш құрсақ. Асқазандары жалап барады. Ешқайсысы өздеріне қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан, яғни, несиеге не сұраса да қолдарын қақпай бере беретін жақын маңдағы дүкенге бас сұға қойған жоқ. Өйткені, кешеден бері бұлардың жалақыларын жақын күнде ала қоймасын естігендіктен болар, сатушы әйел нілдей бұзылып, теріс қарай бастаған. Нақтысы, бұған дейінгі қарыздарын төлеп құтылмай несиеге дәнеңе де бермейтінін қадап айтқан. Енді алуға емес, беруге ғана бармасаң дүкеннің есігі сен үшін тарс жабық.

Бұрын айлықтарын алған күні несиелерін өтейтінін жақсы білетін дүкенші бұлар дегенде шығарға жаны жоқтай көрінетін. Оны асырап қана қоймай, тіптен, байытып, қалтасын мыс-мыс ақшаға толтырып, саудасын қыздырып отырған осы жатақхананың тұрғындары – құрылысшылар болса, неге олар келгенде құрақ ұшпасын. Ал енді, жағдай күрт өзгерген.

Бұл егде тарқан дүкенші жарықтықтың санасында қанағат деген ұғым болсайшы. Осы төңіректегі жалғыз, яғни, бәсекелесі жоқ дүкен болғандықтан әбден есіріп, тауарларының құнын бірнеше есе қымбаттата сатады. Ал, керегіңді несиеге сұрасаң құрулы торға түскенің. Алған затың алтынмен бағаланады. Қарызыңды төлер кезіңде қалың дәптерін ақтарып тұрып қай күні, қай сағатта не алғаныңды дәлелдей айтып беріп, соңында берешегіңді «естірткенде» ішің удай ашып, қалтаңдағы барыңды еріксіз санап бересің де, енді қайтып бұл дүкенге бас сұқпастай боласың. Бірақ, қайдан... Ертесіне-ақ сүмірейіп, келер айлықтың есебінен мұқтаж дүниеңді тілемсектене қарызға алып жатасың. Дүкеншіге керегі де осы. Сұрағаныңның құнын аямай, аспандата белгілейді. Өзің кіріптар болып тұрғандықтан «неге олай? деп қарсылықты бір ауыз сөз де айта алмай, шығып жүре бересің.

Кештетіп жұмыстан шаршап келген адам оны-мұны керек-жарағын алуға өзге жақтан дүкен іздеп сабылмасын әрі ондағылар несиеге қара су да татырмайтынын, ал, заттарын арзандау сатады дейтін базарлар беймезгіл уақытта жұмыс істемейтінін жақсы білетін сатушы алдына келгенді осылайша аямай қанайды. Жүзіне күлкі үйіріп, жылы сөзін жаудыра тауарларын ұсынғанда әлгі сатушыны әлемдегі ең бір мейірімді жан деп санамасқа лажыңыз қалмайтындай. Бақай есебі санасын тұмшалаған, таңның атысы, күннің батысы демей елпектеп есіктен енер тұтынушыларын теспей сорудан ләззаттанатын сатушы неге екені белгісіз, кейінгі уақытта тым азып кеткен. Бұрынғыдай емес, жайылыңқы бөксесі жиналып, салбыраңқы қарыны тартылып жөнге келген. Күн сайын қалтасын қампитып, көңілін семіртетін табысы сірә жанына жай таптырмайды-ау. Әлде, тапқанын қомағайлана тыға-тыға жемсауын кеңейтіп алып, енді соны толтыра алмай аласұрып жүр ме екен? Бәлкім, жұртқа көрсеткен «жақсылығым» өтеусіз қалама деп уайым меңдеп, соның әуресі жан тыныштығын қашырып мазалай ма?

Дүкенші әйелге, әсіресе, жынды судан ішіңкіреп, масайып келген тұтынушы қатты ұнайды. Қанына қоздырғыш спирт еніп, жалғанды жалпағынан басып жүргендей сезімге шырмалған адам әдетте олқын-толқын сөйлеп, қалтасындағы барын шығарып мырзасынатыны бар емес пе? Міне, міне, осындай көңіл-күймен алдына келгенді «мейірімді» сатушы майлы ішектей айналдырып, тұзағына мықтап түсіреді.

– Сәлеметсіз бе, қарындас! Кештетіп келіп қалдық!

– Сәлеметпіз. Жұрттың бәрі «апай, апай» деуші еді сіз «қарындас» деп көңілімді көтеріп тастадыңыз ғой.

– Ойбай-ау, сіздей жап-жас аруды қалайша қарындас демейін...

– Айта беріңіз, жаныңызға не керек? Бәрі бар... Қызметіңізге қашанда әзірмін.

– Ой, қарындасым-ай, не керек екенін өзіңіз де біліп тұрсыз ғой. Арақ-шараптан қандай түрлері бар? Бірер шыны сыра болса...

– Міне, сөреде толып тұр, қалағаныңызды алыңыз.

– Дегенмен өзіңіз ұсыныңыз. Сіздің көрсеткеніңіз бойыма сіңімдірек болар.

– Жарайды. Мынаған қалай қарайсыз?

– Бөтелкесі керемет екен, бірақ, ішіндегісі...

– Қай күні қонақтарымды осы араққа тойдырғанмын. Бағасы сәл қымбаттырақ демесеңіз, осы дұрыс. Бір тамшысы таңдайыңызға тамса маңдайыңыз жіпсіп, жан сарайыңыз ашылып, қайғы-мұңыңыз тарап рахаттанасыз. Мұны ішкен адам ертесіне бас жазып әуре болмайды. Күйеуім де анда-санда осыдан ұрттайды.

– Олай болса, екеуін беріңіз. Сіз мақтасаңыз жаман шықпас. Өзі де бұлақтың суындай мөлдіреп тұр екен. Бағасы сөз емес!

– Жақсы... тағы...

– Осы да жетер!

– Темекі алуды ұмытқан жоқсыз ба?

– Темекім бар, бірақ, бір қорабын беріңіз, артықтық етпес...

– Сусын-пусын қажет емес пе? Тіске басар дегендей... Өзіңіз біліңіз. Менікі жай қайтадан әуре болып жүрмесін дегендік қой.

– Есіме салғаныңызға рахмет. Мына газды судан екеуін беріңіз... Сосын, колбасадан жарты кило тартыңыз...

– Айран бар! Бүгін түскен. Бара тоңазтқышыңызға салып қойсаңыз, ертең құмарыңызды қандыра ішесіз.

– Кеңесіңізге рахмет. Сіз айтпасаңыз, менің ойыма ол қайдан келсін? Рахмет, рахмет. Ағасының жай-күйін ойлаған осындай қарындастан айналмайсың ба?

– Сырадан да бірер шыны... Шөліңізді басады. Арақтан кейін сіміріп салсаңыз тәніңіз балбырап, көзіңіз шырақтай жанып...

– Сыраның түрі көп екен. Қайсысын алайын?

– Мынауысын. Жұрттың бәрі осыны мақтайды.

– Беріңіз.

– Бір-екі келі қызанақ пен қияр... Тіске басарға таптырмайды. Салат жасап жіберсеңіз, керемет болмай ма? Жүз грамды лақ еткізе көмейге тастап жіберіп, артынша тұзға шыланған помидор не қиярды таңдайыңызға баспай арақ ішуде ешқандай мән жоқ.

– Мұныңыз да жөн.

– Басқа тағы не керек? Ойланыңыз.

– Осы да жетер, менен өзгелерге де бірдеңе қалсын.

– Оған бола уайымдамаңыз...

– Енді есептеп жіберіңіз.

– Бес мың теңге.

Мына ақшаны естігенде қанша жерден көлгірсіп, қанға сіңген арақтың буымен мырзасынып тұрғаныңызбен ішіңіз қылп ете қалады. Бірақ, «қарындастың» алдында «абыройыңызды» түсіріп алмауға тыраштанып, жалған намыстың айтағына еріп, сыртқы кейпіңізден ішкі түйткіліңіздің ұсқынын білдірмей, сұрағанын төлеп кете барасыз. Егер ақшаңыз жетпей қалса, қам жемеңіз. Оның да жолы бар. Қандай? Алған затыңыздың кейбіреуін қайтарып бере саламын дейсіз бе? Жо-жоқ. «Қарындасыңыз» өзі ұсынған заттарды қолыңыздан алып, қайтадан сөресіне қояр безбүйрек емес. «...О не дегеніңіз. Ала беріңіз. Бір жаққа қашып кетпессіз. Күн сайын болмаса да аптасына екі-үш мәрте осында келіп тұрады емессіз бе? Бірде төлерсіз...». Атыңыз қалың дәптердің бір бұрышына жазылады. Арзымайтын ақшаны төлеуден қашып жер ауып кетпесіңіз, ындыныңыз кеуіп ерте ме, кеш пе, әйтеуір осы дүкенге айналып соғатыныңыз өзіңізге мәлім.

Бүгін дүкен әдеттегіден ерте жабылды. Қас қарая сатушының жүрегі ауырып, қан қысымы көтерілгендіктен, үстін-үстін ішкен дәрі-пәрісінің күшімен үйіне әзер жетіп, төсегіне құлаған. Бәріне кінәлі комендант әйел. Осы жұрт бірнәрсені бүлдірмесе, бойына ас батпайтындай. Өзімен-өзі, тыныш қана саудасын жасап жүрген сатушыны жүйкеге тиер әңгімесімен төсегіне жалп еткізген комендант әйел түк болмағандай құрылысшылардың құрып берген спектаклін тамашалап мәз. Ал, сатушы байғұс аһілеп-уһілеп өлім үстінде жатыр.

Иә, бәрін бүлдірген... Жо-жоқ, комендант Оля апайды жазықты демеңіз. Ол бейбақ дүкеншіге жаны ашығандықтан әңгімені ашығынан жайып салды емес пе. Сол үшін де ол қалай кінәлі болмақ?.. Оля апайға қайта алғысын жаудырсын. Бұл шындықты жасырса, жайсыз хабарды түбінде бір еститін дүкенші «қолын мезгілінен кеш сермеп», қапалана өзді-өзіне қол салуы да мүмкін ғой. Онікі алдын ала ескертіп, сақтандыру. Құрылысшылар әзірге ешқайда кете қойған жоқ. Барлығы болмаса да жартысы жатақханада. Сатушыға қимылдап қаларлық, дәлірегі қарыз құрылысшылардың жағасынан ала кетерлік мүмкіндік беріліп тұр. Жоқ, не десең де комендант кінәлі. Өйткені, ол жағымсыз жағдайды сатушыға жаны ашып емес, өзінің ішін керіп, түртпектеп, айтпаса тыным таппай мазасы қашатынын ойлап баяндаған-ды. Нәтижесінде сатушы жалпасынан түсті.

Комендант шырағдан алуға дүкенге кірген. Біраздан бері көзтаныс болып қалған екі әйел аз-кем тіл қатысқан.

– Саудаңыз қалай?

– Жаман емес, бірақ, кейінгі бірер аптада тауарларым өтіңкіремей тұр.

– Иә, сіздің саудаңызды жүргізетін құрылысшылар еңбек ақыларын алмағалы үш айдан асып барады. Ол жазғандардың жандары сірі екен. Шыдап жүр. Қиын. Құрылыс мүлде тоқтайды дегендей де сыбыс бар. Айтпақшы, құрылысшыларды жатақханадан бірер күнде шығармақ.

– Не дейсің? Қалайша? Ойбай-ау... олар... шаш-етектен қарыз ғой. Алды отыз, соңы он-он бес мыңнан берешек...

– Жатақхана өзгеге сатылып кетіпті. Енді жаңа қожайындар жатақханадағыларды шығарып жібермек.

– Енді не істеймін. Құрыған деген осы. Үш айдай айлығын алмаған сорлылардан қарызымды қалай өндіріп аламын. Ойбай, ойбай... Құрылысшылар қайда?

– Жатақта ешкім жоқ. Бәрі құрылыс басында.

– Ақысын төлемесе де жұмыс істей беретін қандай бейшара, міскіндер. Соларды да еркек дейді-ау. Өлмей өмірем қапқырлар. Соларды да адам санатына қосып, несиеге затымды беріп ақымақ болғанымды-ай!

– Несіне қапаланасыз. Бұлар кетсе, басқа біреулер орналасар. Басына баспана таппай зар жылап, әркімнің есігі алдында ілмиіп, ыңыршағы айналып жүргендер жыртылып-айырылған мына заманда бұл жатақхана бос қалмас. Жаңа тұтынушыларыңыз келеді. Бәлкім, мына салт басты құрылысшыларға қарағанда балалы-шағалы отбасылар жайғасса, асығыңыз алшысынан түсер. Балалы-шағалы, талғап ішер әйелдері бар отбасылармен көрші болсаңыз табысыңыз еселенеді. Ренжімеңіз, қайта қуаныңыз, – деп Оля апай сатушыны жұбатқансыды.

Бірақ, сатушы оның сөзіне басыла қоймады.

– Кеудемде жаным болса, бүгін кешке әлгі құрылысшылардың ту-талақайын шығарамын. Қарыздарын төлемей мына төңіректен аттап басқанының аяғын сындырып, мүгедек етемін. Осыдан...

Комендант кетісімен сатушы дүкенге сыймай іштей аласұрды. Қолы іске бармай, бірді-екілі келген тұтынушылармен әзер сөйлесті. Күндегідей иіліп-бүгілуден сап тыйылған. Қабағы кіржиіп, керенау қимылдайды. «Не істесем екен?» деген сауалды сан мәрте қайталаудан жалығар емес. Жүйкесі жүндей түтіліп, құлағы шыңылдап, жүрегі шаншып, басы зіл тарта мазасы қашқан соң, амалсыздан есіктің сыртына «жабық» деген жазуы бар қағазды іліп, ішінен жауып алды. Әншейінде дүкен есігін аңдып, әлдекімнің бас сұққанын тағатсыздана күтетін ол ешкімді де көргісі жоқ. Өмірден түңілгендей. Жан дүниесін үмітсіздік жайлаған. «Алпыстай адам. Бәрі де қарыз. Жалақыларын алмағалы үш айдан асты дейді. Қалталарында қара бақыр жоқ қайыршылардан қарызымды қалай өндірмекпін? Несиемді қайтарыңдар деп осыншама адамның соңынан жүгіру қиямет-ау. Ақымақ басым, аңғалдықпен сұрағанын несиеге беріп, енді міне, тақырға отырдым».

Ол қарыз-құрыз, алыс-беріс жазылған, парақтала-парақтала әбден ескіріп түте-түтесі шығуға айналған қалың көк дәптерді ашып, борыштылар тізіміне көз жүгіртіп, олардың берешегін есептеді. Есептегіш құралдың бетінде басы жетіден басталған алты таңбалы сан шыға келді. Бақандай жеті жүз алпыс мың бес жүз елу теңге. Мұны көрген сатушы тәлтіректеп барып, сөреге сүйене тұрып қалды. Бірақ, дүкенші несиеге сатқан әрбір затын өз құнынан екі-үш, кейбіріне тіпті төрт-бес есе асыра бағалап бергендіктен алашағының осыншама мол болып тұрғанын қаперіне де алмады.

Егер, тойымсыздығын мойындап, өзінің шектен тыс қосып сатқанын ескеріп, адалына жүгінгенде мына соманың мұншалықты көп бола қоймасын, дәлірегі екі-үш есе аз болатынын іштей ұғына білгенінде дүкенші өзін-өзі жұбатып, тән дертіне бой алдырмас еді. Алайда, көңілінің айғыз-айғыз терезесі оған ештеңені аңғартпады. Жүрегінің көзі байланғандардың зағиптың күйін кешпесіне амалы бар ма?

Дүкенші қайта-қайта дәрісін ішіп, өзін-өзі емдегенсігенімен онысынан түк пайда болмады. Ақылға жеңдіріп, сабыр сақтауға кім көрінгеннің қалтасында қор болып кеткелі тұрған дүниесі мұрша берер емес. Ішкі пенделік үні төзімін төпелесе, ал шыдамсыздықтың қылбұрауы қылқындырып барады. Демі бітуге айналған. Тізесі дірілдеп, буын-буынынан әл кеткендей. Қу дүние-ай!

Ол қалта телефонымен әзер дегенде күйеуімен сөйлесті.

– Әй Қайырлы, үйдесің бе?

– Иә. Тыныштық па?

– Қайдан... Тез мені алып кет. Демім жетпей барады. Дәрігерлік жедел жәрдем шақыртсаң да артықтық етпес.

– Қазір, қазір, сәл шыда... Тазагүл-ау, қас пен көздің арасында не болып қалды? Сап-сау ғана жүр едің ғой.

– Жауаптасып тұруға уақыт тар. Тез жет.

Қайырлы келгенде Тазагүл дүкеннің еденінде шалқасынан түсіп жатыр еді. Көзі жұмулы, демалысы ауыр. Сандырақтап әрнені айтады. «Жеті жүз..., қ-қ-қ-ар-ыз, ақша, оңбаған-д-а-р, к-к-өр-се-темін, қ-қ-айыр-ш-ы-ы-л-ар, ж-ж-ж-атақ-х-хана...».

– Тазагүл, Тазагүл... Ойбау-ау, жаным-ау не болды?

Қайырлы әйелін тұрғызбақ еді шамасы келмеді. Қанша дегенмен жасы алпыстан асып қалған еркекке сүйегі ірі, етжеңділеу әйелді орнынан қозғау оңай емес қой. Өбектеуден өзге қолынан келер қайраны жоқ Қайырлы сасқанынан дәрігерлік алғашқы көмектің рәсімін жасағансып қояды. Бірде әйелінің аузынан үрлеп, бірде жүрек тұсын басып, уқалып әуре. Кенет күйеуінің ем-домы әсер етті ме, әлде біраз уақыт сұлық түсе жатқандықтан әл жинады ма, бәлкім, басымен қайғы болып арпалысқанында жүйкесін тілгілеген әлгі жағдай бірер сәтке салмақсызданып, санасы жеңілдеп қалғандықтан болар, әйтеуір, Тазагүлге жан бітті. Қайырлы кезекті рет әйелінің аузынан дем жіберіп, жүрек сыртын баса беріп еді Тазагүл күйеуінің қолын қағып жіберді.

– Тартшы қолыңды, әншейінде жаныма жуымайтын едің, жабыса қалыпсың... Жүрегімді уқалаймын деп емшегімді езіп жібердің ғой... Алақаның сонша қатты болар ма?

– Өй, мұның не? Өстіп те әзілдей ме екен? Еркелеген түрің бе? Мұндайың жоқ еді...

– Қайдағы әзіл, қайдағы еркелеу? Ойбай-ау, енді болмағанда үзіліп кете жаздадым ғой.

– Қане, мына орындыққа отыр. Не болып қалды? Біреу-міреу ұрып жыққаннан сау ма?

– Ешкім де тиіскен жоқ. Менде кімнің шаруасы бар?.. Мына жатақханадағылар кеткелі жатыр екен...

– Е, мейлі, оның бізге қатысы не?

– Ой, иісалмасым-ай, шашың ұзын болғанымен ақылың қысқа деп кемсітетін қатыныңнан шолақ ойлайсың.

– Шаштың ұзын-қысқалығы ақыл-еске қаншалықты қатысы барлығын білмеймін. Алайда, бұрымыңды кескелі шамамен отыз жыл өтті, содан бері сенің данышпандығыңа шашыңды байланыстыра бір ауыз сөз айтпағаныма бәс тігемін.

– Жарайды, ділмарсымашы... Жатақтағылар бізге белуардан берешек. Ертең олар жөнін тапса, сонша қарызды кім төлейді, а? Бәрі бет-бетімен кетсе соңдарынан сен сүмеңдейсің бе?..

– Соның уайымы еденге сұлатқан екен ғой... Жан аман болсын... Солар берешегін төлемей кетті деп өліп кетеміз бе? Сәл шыда. Олармен ертең сөйлесейік. Аспанға ұшып, не жерге сіңіп кетпес. Алда-жалда таптырмай бара жатса, қолдағыға қанағат делік. Жетпей жатқан не бар? Соған бола баз кешіп, түңіліп өлесің бе?

– Саған салса бәрібір. Жаның ашымайды. «Дайын асқа тік қасық» деп жүре бересің. Мен бейбақтың күйгелектене шырылдап, күйіп-жана елпектейтінімнің есебінен сырт көзге сыпайы, адамгершілігі мол, қанағатшыл жандай көрінесің. Алдыңды тазалар, соңыңнан сыпырар күңің тұрғанда, әрине, дүние төрт аударылып түссе де қылың қисаймайды...

– Жә, жарайды енді. Тағы да қысылып қаласың... Көп сөйлей берме. Дәрігерлік жедел жәрдем шақыра келгенмін. Қазір олар да жетіп қалар. Дүкенге бірер күн қарай тұрамын. Сен ауруханаға барып емделіп шық.

– Менің қамымды жемей-ақ қой. Сау барған адамды ауру қылар, саусағы қанағанның қолын, башпайы тілінгеннің аяғын кесіп балдаққа сүйентіп шығарар дәрігеріңнің де, фельдшерлік бекет секілді ауруханаңның да қажеті жоқ. Мына жақта дүние өртеніп жатқанда қайбір ем қонсын.

– Тазагүл-ау, ақша, ақша деп-ақ өлетін болдың ғой. Осының бейнеті зейнет болып орала ма? Қай бала-шағаңды асырай алмай жінігіп жүрсің. Ұлың мен қызың өз беттерімен кетті. Қазықбас, басынан сөз асырмас келінің бізге немерең түгілі өз балаңды жолатпай, қартайғанда көреміз деген қызығымызды ортайтып отырған жоқ па? Тексізді теңім деп етегінен ұстап, жайлы өмірді елінен емес, шеттен іздеп көңілді шер-шеменге толтырып кеткен тойғанына мәз қызыңның жүрісі анау... Жалғыз ұл мен жалғыз қыздан қайыр жоқ. Бітті... Үш-төрт жылда екеуміз де зейнеткерлікке шығамыз. Аштан өлмейміз. Оған дейін менің айлығым жетеді. Табысымды азырқансаң өзің мұғалімдік қызметіңді қайта жалғастыр. Жоғары санатты, ұзақ жылғы еңбек өтілің бар ұстазсың. Бұған дейін табан аудармай отыз жыл жұмыс істеген мектебіңе барсаң, бүгін қабылдайды, – деді Қайрлы күйіне.

Шынында Қайырлы мен Тазагүл осы дүкенді ашқалы бір рет болса да тыным көрген емес. Бұрындары тіпті, жылына бір мәрте шипажайда дем алып қайтатын. Ал, қазір, қалталарына ақша біткелі тиын шығаруға қиналады. Адам байыған сайын ниеті бұзылып, қорқауланып, өзінің жеп-ішуіне, жүріп-тұруына ақша шығындауға қалтырап-дірілдейді дейтін сөздің растығы осы ерлі-зайыптылардың іс-әрекеті арқылы дәлелденіп тұрғандай.

Күйеуі сөзін бітірісімен Тазагүл:

– Әй, Қайырлы, тілімді қышытқан өзің, ендеше тыңда. Осы дүкенді ашқанға дейін жоқшылықтан көз ашпай, екбекақымызды айдан айға әзер жеткізіп күнелткенімізді ұмыттың ба? Менің мұғалімдігіме төленер тиын-тебен мен сенің қағазбастылықтан бас көтертпес қызметіңе алатын қара бақырыңа телміріп, әр айдың соңы тезірек келуін тілеп отыз жылдан астам уақытымызды өткермедік пе? Асыға күткен жалақымыз өзегімізді талдырмауға ғана жетпейтін бе еді? Арзымайтын ақшаны қанағат етер кезең өткен, жарқыным. Бүгінде заман басқа. Айналаны құрсаулаған қымбатшылық ешкімнің босбелбеулігін көтермейді. Қазір жұрттың бәрі өлермен. Дүниені соңына түсіп қуаламаса, жағаға ысырылып қалатынын жақсы біледі. Шетелдік көлік, жайлы баспана, қымбат киім сатып алуды, шекара асып емделіп не жағасын мұхиттың толқыны жалаған алыстағы аралдардың бірінде демалып қайтуды өмірдің бар сәні мен мәні деп ұғып, сол «рахат сәт» үшін өліп-тала жинаған қаржысын аямай шашуды мақсат еткен дарақылар қатары қалыңдай түскен қоғамда мардымсыз еңбекақыға елеңдеумен күнелту жараса ма? Әбден байып, кекірік атып, талтаңдап, тасыраңдап, шайқап ішіп, қылғыта жұтып, өз елінің құмына аунаса тақа бір шаян шағып, суына шомылса акула жұтып қоятындай алыстағы аралға аттанатындарға қызыға, қызғана қарайтын, «аттылыға еремін деп таңы айырылса да» сонысына мәз тобырдың қалың ортасында екенімізді қаперімізде ұсталық. Бұл тобырды замана тасқыны, ағымы тудырған. Одан бөлініп қала алмайсың. Осы ағымға қарсы жүрмек болсаң, қайыршылық өмірге дайындала бер, – деді ашулы кейіпте.

Тазагүл дүкенінің әуресімен шаршаған кезде қолын бір сілтеп, оны мүлде жауып тастағысы келетін. Бірақ, бұл әйел өзгенің байлығына, дүние-мүкамалына, басқа да мүмкіндіктеріне тамсанып, қызығып, қызғанып қана ғұмыр кешпей, бай-шонжарлардың тұрмысына аузымның сілекейі аға телміріп отырмай, шама-шарқымша көшке ілесіп, бір күн болса да тырбана жұмыс істеуді жөн деп тауып, әлгі дүкенін тастап кетуге үндеген ойынан тез қайтатын.

Негізінде, Тазагүл өмір жайлы түсінігі таяз жан емес. Ол адам нәпсісіне қаншалықты қызмет етсе, оның соншалықты азабын да тартатынын, адамзат баласы неғұрлым жайлы тұрмысқа ұмтылған сайын соғұрлым көретін бейнеті де арта беретінін, мол ақша тіршілігіңді жеңілдететіндей көрінгенімен бір жағынан жаныңды жанши түсетінін, тынышыңды алатынын, адамға ыңғайлы тұрмыс қымбатқа түсетінін жақсы біледі. Бірақ, ол мұны білгенімен жоқ-жұқана өмір сүрудің қиындығы әлгі айтқан азаптардан да ауыр болатынын терең сезініп, зыр жүгіре дүние табудан бас тартуды жөн көрмейді. Сондықтан Тазагүлдің өзінің тіршілік деңгейін, қаржылық мүмкіндігін төмендетіп алмауға барын салып жүрген бейбақтардың қатарынан шығып қалмау үшін түнде тыныш ұйықтай алмай, күндіз тыным таппай жүрген жай бар.

Тазагүл мазасы қашып отырса да күйеуінің ұл мен қызы жөнінде айтқандарына орай көмейіне тірелген сөзін іріккісі келмей қайта сөйледі.

– Әй, Қайырлы, қызың тексізге тиіп, ұлың бір ұрғашының жетегіне желімделсе, мен ғана кінәлімін бе? Олардың осылайша тасбауыр, өзімшіл болып өсуіне сен де жазықтысың. Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай, қарынын аштырмай, жыртық киім кигізбей өсіргенде көрсеткені сол болса, қайтпексің. Жоқшылықтың не екенін білмей өскен, тілегеніне оп-оңай қол жеткізген баланың қарақан басынан өзгені ойламайтынын мен бейбақ кеш ұқтым ғой. Әйтпесе, жоқшылықты көлегейлеумен өмірімді өксітпес едім... Жұмысы бар, баспанасы сайлаулы, иі жұмсақ балаға қармағын қаптырған қақатұяқ келінің ештеңеге мұқтаж болмағандықтан есіреді де. Ертең ол да біреуге ене болар, сонда көрер көресінін. Ал, табиғаты ән-биге үш қайнаса сорпасы қосылмас қызыңды есек дәмемен атағы жер жарған өнерпаз етемін деп, батыстың өнерсымақ жын-ойнағын түрлендіре үйретер үйірмелерге үйір еткен өзіңсің. Ақырында жеңілтек мінезді, жеңіл ойлы, желөкпе болып өскен қызың өнердің төріне озбақ түгілі есігінен де сығалай алмай, шашы иығын жапқан, тізесі жыртық джинсы киген, қатын не еркек екені кісі айырғысыз, дыңғырлаған аспабын арқасына асқан кезбені пір санап, ұлық көріп, соған ілесіп кете барды. Бұған тап мына сен кінәлісің! – деді Тазагүл қолымен жүрек тұсын уқалай отырып.

Қайырлы мен Тазагүлдің әлпештеп өсірген қызы кезінде қазақтың атпалдай азаматтары сөз салғанда олардың бірін де адам құрлы көрмей, қайдағы бір маңдайы қайқы, дінсіз, елі бөтен, ұлты бөлек, құрсағы қайда тойса, сол жерді отаным дер кәпірге ынтығып, соның соңынан ілесе шетел асып кете барған-ды. Ой-өрісі соншама төменге құлдырап, енді қайта түзелмеске бет алған, шетелдік қайдағы бір тексізді бәрінен артық көрген қыздарын ойлаған сайын бұл екеуінің жандары жай таппай, өкініштен өзектері өртенетін. Кейде бұлар: «Қызымыз дәстүрлі отбасы дегенді ұмытуға айналған, жарнамасы жалт-жұлт еткен, сидиған ғимараттарынан өзге көрсетері күмәнді елге барып қайдан береке тапсын? Бір күні сүмірейіп далада қалса, өзі-ақ елге оралады. Әйтеуір, тірі болсын... Болары болып, бояуы сіңген істі несіне қаузай береміз», – деп өздерін жұбатқанситын.

Қайырлы өз тіршілігінен хабарсыз ұлы мен үміттерін қылдай қиған қызынан кейін перзент көрмегеніне іштей өкінетіні бар еді. Алайда, ол бұл өкінішінің туындауына кезінде өзінің бір қателігі сеп болғанын жақсы білетіндіктен, осы тақырыпқа көп аса жолай қоймайтын. Дегенмен, пенде болған соң өз қатесін кейде естен шығарып алып, жақауратып, бипаздап болса да әйеліне тағы да перзент сүйдірмегеніне орай тисіп, сөзбен шымшитын-ды... Бірде Қайырлы осы жайында айтып қалып, Тазагүлден кешірім сұрап әрең құтылғаны бар. Сол кезде Тазагүл: «Жалғыз ұл мен жалғыз қыздан кейін бала тумадың деп мені жазғыруға қақың жоқ. Бәріне өзің кінәлі екеніңді ұмыттың ба? Бұған мені ғана жазғырсаң, қателесесің. Алтын құрсағын сегіз рет кеңейткен шешемнің ақ сүтін емген мені тағы туамын дегенде райымнан қайтарып, екеуден кейін бала көтермеуге мәжбүр еткен өзің емес пе едің?.. Ал енді, сен сол қылмысыңның жазырын қалай тартып жүрсің? Әлде, оны күнәһарлық іс деп есептемейсің бе? Иә, ұйқың тыныш, жан-тәнің сау, алаңсызсың. Ештеңе мазаламайды. Білемін... Бұдан былай өзіңді қанішер сезінуді баста. Қылмыстың жазасын екеулеп көтерсек мендегі жүк жеңілдер. Көмектес. Өмірлік жарыңмын ғой. Қылмыс ұйымдасқан түрде жасалды. Ендеше, оның сазайын бірге тарталық. Осыншама уақыт «бостандықта» жүргенің жетер. Менің азабымды жеңілдет... Қартайып келемін, бәрін бір өзім көтеруге әлім жетер емес», – деп Қайырлының кезіндегі күнәлі ісін бетіне шыжғыра басқан. Сонда Қайырлы кірерге тесік таппай әрі дауысы дірілдеп, өңі бозара: «Тазагүл-ау, қайдағыны қозғадың ғой. Тірідей өлтірдің! Тірідей көмдің! Өзгенің шолақ ақылына емініп, шалалыққа салынып жасаған сол бір қателігімнің жүрекке салған қара дағын тіршілік қамы, пендеуи қарбалас пен араға киліккен уақыт көмескі тартқызып, көңілден ысырғандай болғанымен ауық-ауық менің де тынышымды алып, мазалайды. Рас, күнаһармын... Түк сезбес, надан, даңғырлаған қауғадай басым бір қазаннан ас ішіп, бір төсекте төс түйістіріп, бір есіктен кіріп-шығып жүрген жарымның ішкі дүниесін түсінуді жазбағаны-ай! Сезімі семген, түйсігі тотыққан тоғышар болмасам, Құдай қосқан қосағымның жүрегін жылытып, жылаулы жанын жұбатуға бар ықыласыммен ұмтылар едім ғой... Енді, әлгі аярлығымның есесіне өзімді ар сотына салып, шыжғырып, қанқұйлы ісім үшін іштей мүжіле жауап беріп, бар болмысыммен, жан сарайыммен соның сазайын тарта бастаймын. Жазамды парызымдай өтеймін. Қашан өлгенше өзімді қанішердің орнына қойып өтемін. Өйтпесем, тіршілігімде мән қалмайтындай. Шындығымнан қашып қайда барып тығыламын? Тек, сен кеңкелесіңді кешірші...», – деп Тазагүлдің алдында кішірейе көзімен жер шұқыған. Сонда Тазагүл: «Мен кешкенмен Жаратқан иені қайда қоймақсың? Көктегі құдіретті күш бәрін көріп тұратынына күмәнің бар ма?», – деген. Әйелінің қатқыл үнмен қойған бұл сауалына орай Қайырлы: «Жо-жоқ, күмәнім жоқ, Көктегі Құдірет көріп тұр. Оның көзінен ештеңе де қағыс қалмайды. Дегенмен, біздің күнәһар екенімізге қанық Жасаған Жаппар иеміз күнәлі ісіміз үшін өзегімізді күйдіріп, ішкі күйзелісімізден күңіреніп, баз кешіп, титықтап, тірсегіміз тірсегімізге соғыла жандалбасалап жүргенімізді де біледі. Сондықтан, біздей пендесін кешірер», – деген жабығыңқы түрде. Сол әлетте күйеуін аяп кеткен Тазагүл: «Әй, Қайырлы, үнің дірілдеп, жанарың жасаурап, өңің қуарып, тұрқың шөгіп кетті ғой... Алды кең Алладан күдерімізді үзбелік... Кешіруге болмайтын, ақылға сыйымсыз қылмыстың жауапкерін түрмеге жапқаныңмен өзін кінәлі сезінбей, қамалғанына ғана бармақ тістеп, ал, жаза басқаны үшін жан азабына түспесе, оның ішкі әлемі бостандықта қала бермек. Бұлар адам санатындағылар емес. Ал, екінші бір жауапкерлер абақтыға жабылсын не бостандықта жүрсін, өзінің кешірілмес қателігіне опынып, сана талқысы мен жан бұғауына түсіп, қорланса, торықса, қиналса, онда ол жазасын артығымен өтеуші болмақ. Ондайларды түсіну керек-ау. Осы тұжырымым маған әркез дем беретіндей, жұбататындай. Бәлкім, бұл ой екеуміздің де соңғы табан тіреріміз шығар... Мені де, сені де Алла кешірсін», – деп екеуара әңгімені үзген-ді. Міне, содан бері ол әйелінің көзінше «жалғыз ұл, жалғыз қыз» деген сөзді қолдануды азайтқан. Алайда, бүгін тағы да байқаусызда «жалғыз ұл мен жалғыз қыз» деген сөз тіркесін байқаусызда айтып қалып, әйелінен сөз естіп қалды.

Иә, сонау бір жылдары Тазагүл екінші перзентін шыр еткізе өмірге әкелгеннен кейін көп өтпей тағы да бала көтерген...

Көктем еді. Күн шуақты еді. Әлемді мейірім-шапағат шарлаған, тамылжыған мезгіл еді... Дәл сол кезеңнің бір күнінде... Алланың бір сипаты – табиғат ана жаңа өмірге толғатып жатқанда, жүгірген аң, ұшқан құс, қыбырлаған жәндікке дейін ұрпағының қамы үшін тағы бір ұлы күресті қаймықпай бастап кеткен қарсаңда бұл бейбақтар керісінше өз нәрестелерінің қанын қасақана сіміре, құмарта ішкен!

Иә, сол бір қанқұйлы оқиға Тазагүлдің бүгінгідей көз алдында. Туған күніне бір күн қалғанда үшіншісіне жүкті екенін шыққан күнмен таласа асқан қуанышпен отағасына жеткізген. Өзінің туған күні алдында Қайырлыны осылайша қуантқысы келген. Бұл жаңалықты естігенде күйеуім сөзсіз балаша шаттанар деп ойлаған. Қайдан? Бәрі керісінше болды. Әйелінің жүкті екенін естіген Қайырлының түсі суып, өңің бозарып, сұлқ тұрып қалған. Іле Тазагүлге алара қарап: «Тағы да ма?» деген жақтырмай. Сол сәтте Тазагүлдің атқақтаған жүрегі басылып, көңілі жаншылып үнсіз қалған. Сәлден кейін күйеуі әлдебір шаруаңды сылтауратып шыға жөнелген. Кешкісін ол көңілді оралып, келіншегінің асты-үстіме түсе бәйек болды да іле-шала іштегі баланы алдырып тастауға үгіттей бастады. Сол кезде Қайырлы «Алла бір тоқты жаратса, бір түп жусанын артық қылтитатынын», әр баланың пешенесіне жазылар ырызығы болатынын қаперден сызып, Жаратқан иенің ісіне қисынсыз килігіп, бейне бір алдан шығар жарқын күндерден күдер үзгендей болып әйеліне: «басымызда тышқан құрлы ініміз жоқ, әлдекімнің кетекханасына еңбектеп кіріп, еңбектеп шығып жүрген түріміз мынау, баланы шибөрідей шұбырта бергеніміз жарамас, қолдағы екеуін жеткізіп алсақ, соның өзі үлкен олжа, оның үстіне туып үйде отыра бермей, сен де жұмыс істеп, ақша тап. Дипломың бар, оны сандық түбіне тығып қоймай, нанын жемейміз бе? Тағы да тусаң балабастылықпен үйде салпы етек қатын болып отырып қаласың», деп суырла сөйлеген.

Тазагүл Қайырлының үгітіне майдай еріп, басы айналып, жанары тұнып көне берді. Сол арада көз алдында сандық түбіндегі бес жыл оқып алған дипломын алып, киілмей жатқан сәнді киімдерін киіп, елеусіз жатқан алтын жүзік, сырғаларын тағып, білегіне сөмкесіне қыстыра сәндене басып қызметке кетіп бара жатқан өз бейнесінің елесі көлбеңдеп, жалт-жұлт ете көрініп, оны құрсағында пайда болған нәрестеден «адастыра» аулаққа жетектеп кеткен. Сөйтіп, әлгі елес мұны өмірге келе алмай кеткен нәрестенің қайғысын арқалап өтер ғұмырдың сүрлеуіне түсіріп жіберген еді. Содан әйелінің үнсіз ғана келіскенін сезе қоған Қайырлы сол сәтте бәрін тез аяқтап тыншуға құмбыл болып, асығыс түрде мұны жетектеп дәрігерге алып келген...

Осылайша, Қайырлы Тазагүлдің аузын аштырмастан, аздап қарсылық еткеніне қарамастан, сана көзін қара шүберекпен байлаған күйі бірге оқыған доссымағының кеңесіне құлай беріліп, соның жол сілтеуімен қанқұйлы, кәнігі қасап – дәрігерге, дұрысы, құрсақ байларын әлдебір елден ебін тауып алдыртып, қымбатқа сатып қана қоймай, онысын ағзаңа орнатып берер бір жертөледегі жезтырнаққа әйелінің құрсағындағы жан біте бастаған қанды қырната алдыртып әрі жатырының аузына «өрмекшінің торын» үзілместей етіп құрдырып, ұрық жолына «тас бөгет» салдырған еді.

Бір ғажабы, Тазагүл сол қасапқа дәл туған күні жолыққан-ды. Ең болмаса, дүниеге шыр ете келген күнінен басқа уақытта барсашы. Иә, иә, мұның да бір себебі бар еді. Қайырлы «Бұлайша кешіктіре берсек, іштегі бала өсіп кетеді» деп, араға күн салдырмауға жаныққан. Сөйтіп, Тазагүл тұп-тура отыз бірінші рет келген туған күнін құрсағындағы шарананы шайдырумен «атап өткен». Содан бері туған күні келген сайын ол қуанудың орнына іштей қара жамылып, онысын сырт көзге білдірмеуге тырысумен-ақ келеді. Анасы Құдайдан медет сұрап өмірге әкелген қуанышты күн осылайша Тазагүл үшін қаралы күнге айналған. Бәрінен де осы қылығының салдарынан жанына жазылмас жара түсерін білмеген көрсоқырлығын айтсаңшы!

Иә, күйеуінің сол бір жертөледегі күндіз адам кейпінде жүріп, ал, түнде шайтанға айналар әлгі кеміргішке жемтік еткені Тазагүлдің есінен шыққан емес. Содан бері қаншама жыл өтсе де әлі күнге ол ішін көртышқан кезіп, сөлін жұтып жатқандай сезініп келеді. Сол қасіретті күннің елестері көз алдында көлеңдеп, өңінде есінен, ұйықтағанда түсінен шықпай, жан-тәнін үзіліссіз түршіктіріп келе жатса да Тазагүл сыр бермеген. Тек, анда-санда күйеуінің өзі бастап екі перзенттен кейін бала көтермегенін алға тартқанда ғана ол осы күнәлі іске кімнің итермелегенін ашына айтып қалатын. Тазагүл бұл қылмысқа өзін де кінәлі санайтын, өзін де ақтамайтын. Іштей: «Не еркек емес, не ұрғашы емес міскінге айналдым. Аналық ғұмырымды қасақана ерте үздім, ...үздірді. Бәрі де құдайсыздығымыздың салдары... Құрсағымды қырнатып, жатырымды байлауға келісімімді беріп, көп балалы болуды өмірдің азабы санап, жеңілдің үстімен желіп жүруді – балабастылықтан арылу деп ұққан надандығым-ай! Жүрегімнің құлағына «Ей, Тазагүл, сен қанышерсің, өз балаңды қан-жынға тұншықтырып, қоқысқа тастап өлтірдің, аналық жолыңнан саналы түрде бас тартқан азғын, аярсың» деген үн маза бермей, ызыңдаумен келеді. Оның үнін өшіруге шамам жетер емес. Бұл өмірімнің шындығы. Өте ащы, әрине. Зәһар. У. Бірақ, жұтпасқа амалым жоқ. Алайда, оны өңешім жұтқысы келмесе де өзегім әбден үйреніп алған, соны қалайтын да тұратынын қайтерсің?!» – деп іштей зарлап, күйінетін.

Іші тырналған, аузы буылған жатыры әбден кеуіп, семіп, өзінің табиғи қабілетін жоғалтып, өлеттеніп, ағзадағы басы артық шандырға айналып кеткеннен болар, Тазагүл бірнеше жылды араға сала, жас иісті аңсап, тағы да бала сүймекке талпынғанымнан түк те шықпады. Өстіп, ол бедеуліктің қамытына мойынын сұқты, ...сұқтырды.

Кейде Тазагүл сол бір қасіретті оқиғаны ойлағанда іштей: «Түсінбеймін. Ақылым жетпейді. Бірі тұмауратса, өзгесінің өкпесі қабынатын, балаларының табанына кірген тікен кірсе, өздерінің жүрегіне найза қадалғандай болатын бауырмал, анталаған жауымен алысып, арбасып жүріп-ақ бұрымдысы мен тұлымдысын тұғырға қондырған жаны сірі, қаны қасиетті қазақтың қызы бола тұра не көрінді маған? Қаным қайдан бұзылды? Көзім неден қарайды? Санам қалай уланды? Мейірімге толы, мөлдір бұлақтай таза болмысыма қаныпезерлік пен тасжүректілікті қалай дендете енгізіп алдым? Бастауым тұнық еді, кім келіп лайлады? Соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті болу бақыты бұйырған мен осындай қасіретті өз қолыммен жасағаным қалай? Жүрегім соған неге көнді екен?..» – деп күңіреніп, өзін-өзі мүжитін.

Аз-кем өзді-өзіне келіп, күйеуімен жауаптасып отырған Тазагүл кенет сөзін аяқтай бере қайтадан қысылып қалды. Арадағы әңгіменің әсеріне шырмалған, көңіл-күйдің иіріміне малтығып тұрған Қайырлы ортадағы сөреден асқан жылдамдықпен айналып өтіп, әйелін сүйемелдеп үлгерді. Тазагүлдің тынысы тарылып, тамыр соғысы жиілеп, жүрек дүрсілі ат тұяғының үніндей дүбірлеп, о дүниеге аттанып кетердей. Қайырлы қалта телефонына жармаса бергенде, дүкен есігі серпіле ашылып, ішке жедел жәрдемнің дәрігері енді.

Тазагүлдің қан қысымын тексеріп, жүрегін, өкпесін тыңдаған дәрігер орыс келіншек басын шайқап тұрды да таза қазақша:

– Қан қысымы екі жүзді көрсетіп тұр. Ауруханаға жатып, бірер күн ем-дом қабылдамаса қиын... Әй, қазақтар-ай, қашан мұрындарыңыздан қан кеткенше не талып құлағанша алаңсыз жүре бересіздер. Біреуге еліктеп-солықтағанда алдарыңызға жан салмайсыздар да, ал, тырнағының ұшы кертілсе тызақтап дәрігердің алдынан шықпайтын өзгелердің әдетін бойларыңызға жұқтырмай-ақ қойдыңыздар, – деді де кірпігі қимылдап, аздан соң көзін ашып, тіпті, орнынан тұруға ыңғайланған науқастың басын сүйеп, бірді-екілі дәрі ішкізді. – Апай, біз сізді зембілмен көтеріп, көлікке саламыз. Сізге орныңыздан тұруға болмайды.

Тазагүл:

– Ешқайда бармаймын. Тек, дәрі-дәрмегіңді жазып бер, өзім дәріханадан сатып алып іше беремін. Мына дүниені иесіз қалдырып қайда кетпекпін, ойбай? – деп аһілеп-уһілей күйеуінің көмегімен екі аяғына тұрды.

– Дүкеніңізді жаба тұрыңыз. Бірер күннен кейін қайтадан ашасыз. Сізге демалу керек, апай. Әйтпесе, дүкеніңізді күйеуіңізге тапсырып кетіңіз.

– Күйеуге сенген күнім құрысын. Әйелі еріне емес, ері әйеліне қарайтын заман туған жоқ па?.. Ауруханада берген дәрісін үйімде-ақ ішіп жүре беремін, айналайын. Әуре болма, ешқайда бармаймын. Қорқатын дәнеңесі жоқ. Бәрі де жүйкенің тозғанынан ғой.

– Жүйкеңіздің шаршағанын білсеңіз, сізге ашулануға, күйбелектеуге, әрнені ойлап, уайымдап езілуге мүлде болмайды, апай. Сондықтан, аз-кем демалуыңыз керек. Мына дүкеннің жұмысы адамды ашуландырмай, күйгелектендірмей қоя ма?

– Жаның ашығанына рахмет, жарқыным. Бұрын бұлайша құлап қалатын әдетім жоқ еді, бүгін әлденеге ерекше күйініп, ашуланғандықтан осылай болып қалды. Менен қам жеме. Дертімнің емі ауруханадан емес, осы дүкеннен табылады. Саудасы жүріп кеп берсе, қолы мыс-мыс ақша ұстаса, апайың қақшаңдап шыға келеді, қарағым. Сатып алатын дәріңді жазып бер де бара ғой.

– Қызық екенсіз, қаныңыздың қысымы тым жоғары..., ал, сіз...

– Білемін, білемін, ажал туралап келсе, қан қысымың он жерден қалыпты болса да қарамайды.

– Дегенмен, тыныштау жерге барғаныңыз дұрыс.

– Жо-жоқ, керек емес. Адам баласы шыбынның ызыңы естілмес жерге тығылса да бойында бұққан ашуынан, ызасынан, күйгелектенуге түрткі болар мазасыз ойдан қашып құтыла алмайды. Кете бер. Сен өз міндетіңді өтедің. Өкпе-ренішім жоқ. Онсызда науқастарға аузы-мұрнына шыға толып жатқан ауруханаға масыл болып қайтемін. Әлгі, өзің айтпақшы, тырнағының ұшы кертілсе дәрігер іздеп шабылатын жан аярлар-ақ емделіп, жүз жасай қойсын. Біздей қара жұмыс үшін жаратылған көнбістер ауруханаға шәлиіп жатып алса, ақсаусақтар қырылып қалар.

– Жарайды, мен кетейін, өзіңізді күтіңіз, апай. Тек ашуланбасаңыз, қай-қайдағыңызды еске түсірмесеңіз, бәрі де ойдағыдай болады.

******

Солтүстіктің ақ түні жайлаған кеңістікті желіге түскен жолтоқсан желі еркін аралайды.

Қырау құрсаулаған, қиюы қашқан, жақтауларына айналдыра мақта тығындалса да жылу ұстамайтын ескі терезенің қуыс-қуысынан ішке ысылдай енер суық жел ішік киіп отырсаң да қалтыратып жібереді. Жатақханадағылар жар басына тірелгендей. Жылу бұған дейін де жарытып берілмейтін. Ал, бүгін мүлде тоқтатылды. Әлсіз болса да бойынан жылымығы үзілмейтін батереялар ажал ызғарын шашатындай. Тастай.

Сырт киімдерін шешпестен төсектеріне жатқан бөлмедегілер көрпелеріне бүркеніп алған. Бейне бір бәрі де қалың ұйқыға кеткен тәрізді. Алайда, олардың ешқайсысының көздері ілінбеген еді.

Қалжан:

– Қарашаев жылу беруді әдейіге тоқтатты.

Нұржау:

– Жылыту қазандығы істен шыққан болар.

Тоқтар:

– Бұл Қарашаевтың ісі.

Нұржау:

– Егер жылуды қысастықпен үзсе, жатақхананы жылытар трубалар, батереялар жарылып істен шығады. Ал, оны қайта жөндеу үлкен шығын. Сондықтан, Қарашаев өзіне қастық етпейді.

– Қақаған қыста тоңазытқышқа қамалғандай болдық-ау. Мұны айтқан Тоқтар төсегінен атып тұрып, дене жаттығуларын жасады.

– Жеті түнде желік қысқан кім бұл? Сауықбектің көрпе астынан құмығып шыққан кекесінді бұл сұрағы жауапсыз қалды. Ешкім ләм-мим демеді.

– Тоңазытқыш емес, тірідей табытқа салды десеңші, – деген Қалжанның дауысы қарлығыңқы шықты.

– Иә, табыттың іші дәл осындай қараңғы әрі суық болады, – деді Сауықбек.

Тоқтар:

– Немене, табытқа жатып көріп пе дің?

Сауықбек:

– Табыт іші қандай болатынын түйсігу қиын болып па?

Нұржау:

– Қойыңдар енді, бос сөзге бой алдырмай, табыттан басқа тақырып қалмады ма?..

Қалжан:

– Қарашаевтың тегеуріні топшымызды сындырмай тұрғанда жөнімізді табамыз-ау, осы.

Сауықбек:

– Саржанның сыңары ортамыздан табылды ғой.

Тоқтар:

– Не десеңдер де Қалжанның сөзінен шындықтың кермек дәмі сезіледі.

Нұржау:

– Өзге жігіттердің де ойын білейік. Шынында, мына азынаған жатақта аштан-аш ұзаққа шыдамаспыз. Қалтамызда талғажау етер қара нан сатып алар тиын-тебен қалмады. Дүкенші жағдайға қанық болған шығар. Енді ол бізді дүкенінің есігінен де сығалатпайды. Оған бәріміз де борыштымыз. Байғұс дүкенші қуса құмалақ түспес біздерден алашағын есептеп, еңіреп, етегі жасқа толып отырған болар...

Дүниенің күйігі көз ілдіре ме? Комендант ұзақ түнді ұйқысыз өткізген Тазагүл мен Қайырлыны Нұржау жатқан бөлмеге ертіп барды. Нұржау мен жанындағы үш жігіт есікті кеңінен ашып ішке енген әлгі үшеуді көргенде жүректері зырқ етті.

Бұрыннан таныс, дүкенде талай жолығысып жүрген бұлар бір-бірімен жөнді амандаса қоймады. Бас изесті.

Оля апай кеше кешкісін құрылысшылардың қатысуымен өткен қызықты «қойылымның» жалғасын тамашалағысы келгендей төрге озыңқырап барып, салмағына әзер шыдар үстелшеге қонжиды. Іштей «қызық енді басталды» демегеніне ешкім кепіл болмас. Оля апайдың бұл отырысы сырттай қараған адамға күлкі шақырады.

Адамдардың демімен бөлме іші жылымық тартты. Шығысқа қараған мұз жапқан терезеден жаңа шыққан күннің қызғылтым сәулесі құбылады.

Қайырлы өрбуі тиіс әңгімеден мүлдем қалыс жандай шеткерірек барып тұрды. Тоқтар мен Қалжан жүздерін төмен салып отыр. Сауықбек ауыр күрсініп орнынан тұрды да, төсегін нұсқап, Тазагүлге «отырыңыз» деді. Дүкенші әйел орнынан қозғала қоймады. Бөлмеде танадай тыныштық орнаған. Бейне бір дауыл алдындағы тым-тырыс сәт тәрізді.

Бірден ақтарыла кетуге дайын келген Тазагүл тұтығып қалғандай үнсіз.

Әңгімені Нұржау бастады.

– Иә, Тазагүл замандасым, ауру адамды күзеткендей отырысымыз осы. Сіздің не мақсатпен келгеніңіз бізге анық...

Тазагүл:

– Ауруды күзетіп емес, өздеріңіздің ажалдарыңызды күтіп отырғандайсыздар ғой. Артық кетсем...

Нұржау:

– Сізге қарызымызды өтегенше ажал бізге тиіспейді. Алаңдамаңыз. Алла өзі кешірсін.

Тазагүл:

– Маған берешек болғандарға ажал тимейтін болса, ешқашан қарыздарыңызды төлемейтін шығарсыздар. Жарайды, бос сөзді сапырғанмен дәмі кірмес... Жаңылыспасам, сіз Нұржау боларсыз?

– Иә.

– Сізді осындағы жігіттердің басшысы деп естіген соң, өзіңізге жолыққанды жөн көрдім.

– Қателесесіз, мен ешкімге бастық емеспін. Біздің қожайынымыз – Қарашаев. Мен жай ғана қатардағы құрылысшымын. Тек, осындағы жігіттер мені орталарынан басшы етіп сайлап алған. Дәлірегі, абыройсыз, газетшілеп сөйлесем, қоғамдық негіздегі бастықсымақпын. Ал, қолында күзірі, кісі жұмсар қауқары бар бастық сізге ас-ауқат үшін борышкер болмайды ғой.

– Түсінікті. Бірақ, құрылысшылардың бас көтерері екеніңіз рас қой.

– Сіз қалай ойласаңыз, солай делік.

– Ендеше былай, мына қолымдағы қалың дәптерде алпыстай құрылысшының тізімі бар. Бұлардың бәрі кезінде менің дүкенімнен несиеге зат алғандар. Арасында сіз де барсыз. Осы қарыздарды қашан қайтарасыздар? Шалқыған бай болсам, «садақа» деп үнсіз қала берер едім, бірақ, олай етуге шамам жоқ. Ақымақ басым дүкенімнің саудасы қызсын деп алды-артыма қарамай тауарымды несиеге шүлен таратқандай үлестіре беріппін. Енді міне, бармағымды шайнап, басымды тоқпақтап, торығып отырмын.

– Үш айлық екбек ақымызды күтумен мойынымызды соза-соза өлетін халге жеттік. Түгіміз жоқ. Сізге борышты құрылысшылардың тең жартысы жөнін тапқан. Көмегім болсын, қалған жігіттердің басын қосып, өзіңізге жолықтырайын. Ал, өзіме келсем, сізге он екі мыңдай берешекпін. Оны өлмесем осындағы таныстарымнан немесе ауылымнан алдырсам да төлеп кетемін. Менен қам жемеңіз, – деген Нұржау серіктеріне жағалай көз тастады. – Жігіттер дүкенге қарыз екенін жақсы біледі, сондықтан болар, сіздің көзіңізге көрінуден қаймығады. Іс барысы осылай болады деп кім ойлаған? Өзіміз де ашпыз, ызалымыз. Сіздің алдыңызда ұяттымыз... Әзірге басымызға мал қайғы болып тұр. Тәңір жанымызға сауға сұратып жүрмегей... Қарашаев бүгін түнде жатақхананың ішін суық желмен аластады. Енді полициямен айдап шығуы ғана қалды. Күнімізді иттің басына бермесін! Жасымыз бар, жасамысымыз бар ұйлығып, мына қатып-семген жатақта өлім күтіп отыра бермеспіз. Бір әрекетін жасармыз.

Жұмысшылардың жалақыдан қағылып, ақыларын алу-алмауы неғайбыл екенін алғаш рет Оля апайдан естігенде бойын қысқан, жүрегін сыққан ашу-ыза қайта оянып, Тазагүлді мазалай қоймаған. Әйелінің шаптығып шыға келмегеніне Қайырлы аң-таң. Комендант әйел де бүгінгі «қойылымның» өзі алдын-ала болжағанындай қызықты жағдайда өрбімегеніне, дарақы, боқтық, лас сөздердің түйдек-түйдегімен ағытылмағанына разы еместей.

Екі жақ үнсіз қалды. Тазагүл мына суық та сұрғылт бөлмеде тұрып жатқан төрт кісіге барлай қарады. Қарады да төртеуін де аяп кетті. Түгі қырылмаған бет, салыңқы қабақ, ұйпа-тұйпасы шыққан өсіңкі шаш, күс-күс қол, аяздан жарылған ерін, кіртиген жанар Тазагүлдің жанашырлық сезімін түртіп оятқандай. Бірақ, іле намыс найзағайы санасын тіліп өтіп, жүрегін өртке орады. Ызасы келді. «Еркектен ерлік күтер күн келмеске кеткені ме?»

Тазагүлдің жан сарайында әйтеуір бір төңкеріс болғаны анық. Ішкі әлемін ойрандап өткен сезім құйыны тудырған толғаныс пен тебіреніс қос өкпесін қысқандай. Бірақ бойы жеңілдеп қалды. Көңілдің көзімен шолсаң ешқандай мағынасы жоқ өмірдің баянсыз үлесін қармап қалу үшін ештеңеден тайынбас пенделердің жан дүниесінде аракідік төңкерістер, қопарылыстар, аласапырандар болып тұрмаса, есінеген, кір басқан сана қалай сілкінбек?

Тазагүл пальтосының алқымын ағытты.

– Мына жатақхананы ажал түрмесіне айналдырған адамнан жақсылық күту жаңсақтық... Сіздерді қыс бір жақтан, Қарашаев бір бүйірден қыспаққа алып, тізеге басып тұр екен. Бұлардың қатарына үшінші болып мен қосылып, мықыныма қол тірей шаптықсам көргенсіздік болар... Ешқайсыңыз да қарыздарыңызды өтемей-ақ қойыңыздар. Бәріңіздің де қарыздарыңызды кештім! Қайырсыздық жайлаған бұл төңіректе хайуандар емес, адамдар өмір сүріп жатқанын есімізге осылай бір түсіріп қоялық. Менің бұл ісімді жай ғана адами көмек деп қабылдаңыздар. «Садақа» деп те айтпаймын. Өйткені, сіздер садақа алатындай кісіге ұқсамайсыздар, – деді.

Бөлмедегілер дүкенші әйелден мұндай тұжырым күтпеген еді. Барлығы бір-біріне қарасты. Комендант әйел мырс етті.

Нұржау:

– Бұ не дегеніңіз?..

Тазагүл:

– Жо-жоқ. Ары қарай сөз шығындамайық. Бір-бірімізді бүйірден түртіп, пендешіліктің қараңғы қапасында қамалып, ит тірлікке таланып, кене буған көтерем тоқтыдай бүріскенде түңлігімізден күн күле ме?

Мені тыңдасаңыздар, жатақханадан мүрделеріңізді алып шығып бара жатқанша осында отыра бермей, жөндеріңізді табыңыздар. Айтпақшы, бүгін түсте біздің үйден тамақ ішіңіздер. Ас әзірлеп қоямын. Барлық жігіттер барсын! Шын көңіліммен шақырамын. Ашыққанға шүлен таратар қазақтың баласы екенімізді ұмытпайық. Нұржау замандас, жігіттерді өзіңіз ұйымдастырып барыңыз, шақырушы сіз болыңыз.

Қайырлы жатақтан шыға салысымен бұрқ ете қалды.

– Әй, жындымысың, сонша ақшаны желге ұшырғаның не? Оның орнын қалай толтырасың?

Тазагүл күле сөйледі.

– Қысылғанға жасаған көмек желге ұшқан дүние емес. Кеше ғана «дүкені құрысын, жабайық» деп дүние керек еместей тепсініп едің, бүгін өзгере қалыпсың ғой.

– Дегенмен...

– Әй, Қайырлы, дүкеніміз тұрғанда әлі талай мыс-мыс ақша ұстаймыз. Сен маған көз тастап бір қарашы. Жеңілдеп қалдым. Күнде еңсемді езіп тұратын әлдебір ауыр жүк арқамнан түскендей. Көзім де шарадай ашылып қалды. Біреуге жасаған бір шөкім жақсылығың тәнің мен жаныңның дертіне шипа болатынын ұққандаймын. Бұл сөзімде салмақты шындық, сындарлы ой бар екеніне сенші.

Дүкенші әйелдің мырзалығын, өздеріне берген кеңшілігін түгел естіген құрылысшы жігіттер мәз-мейрам болысты. Тазагүлді сырттай сынап-мінеп, дүниеқоңыздығын келеке етіп жүретін бірді-екілі жігіттер алғашқыда наныңқырамаған. Бірақ, иланбағанда қайда бармақ? Борыштылар қалталарына ақша түссе, алдымен қарыздарын өтейтіндіктерін айтысып даурықты...

Түскі ас өте көңілді өтті. Көптен бері жылы да сән-салтанатты үйге бас сұғып көрмеген, ас та-төк дастархан басына соңғы рет қашан отырғандарын ұмытыңқыраған қонақтар қанағаттанғандарынша ішіп-жеді. Буы бұрқырап келген бірнеше үйме табақ майлы ет ішке қонды.

Бұл басқосу күні кеше екіге жарылып жанжалдасқан құрылысшыларды мүлде татуластырып жібергендей. Тек, Саржан ғана әңгімеге араласпай, шеттеңкіреп, томаға-тұйық отырды. Тұщы етіне ащы таяқ тигеніне, жолдастарының алдында абыройсыз болып қалғанына іштей қорланатын секілді.

Тазагүл мен Қайырлы қолды-аяққа тұрмай қызмет көрсетті. Жайшылықта ауыр қозғалатын Тазагүл ұшып-қонып жүр.

Тазагүл:

– Көптен бері үйімізге қонақ келмеген еді, шаңырағымыз бір желпініп, шырайымыз кіріп қалды-ау. Қане, ішіп-жеңдер. Күнде келіп жатқан жоқсыңдар. Суық бөлмеде аштан-аш жату оңай ма? Тойып алыңдар. Қысылмаңдар...

Құрылысшылар үй иелеріне алғыстарын жаудырып, қош айтысып, жатақханаларына қайтты. Бәрі де көңілді. Алайда, сырты сұр, ұсқынсыз, іші көңілсіз әрі ызғарлы жатақтарына жақындағанда қай-қайдағылары естеріне түсіп, бүгжеңдеп, жүрістерін саябырсытып, әлгінде ғана жайраңдап тұрған жанарлары солғын тартып шыға келді. Жатақхана есігінен ішке енуге көңілдері шаппайтындай.

Саржан Нұржаумен оңаша сөйлескісі келетінін аңғартты. Екеуі шеткерірек шықты.

Саржан:

– Нұреке, бүгін таңертең ауылыма қайтуға жолға шықпақ едім, Қарашаевтың қарақшылары жолымды кесті. Содан амалсыздан кері қайттым. Қарашаев өзінің атарман-шабармандары арқылы мені сіздердің араларыңыздағы жансызы болуыма көндірді. Несін жасырайын, олардың тілін алмасам мені құртады. Сондықтан, мен осында болып жатқан әрбір істі оларға хабарлап отыруым керек.

– Онда тұрған ештеңе жоқ, не көрдің, не естідің соны айта бер. Бізде жұрттан жасырар не бар? Ниетіміз белгілі емес пе?

– Қарашаев сізге ызалы көрінеді. Кеше телефон арқылы айтқан сөздеріңіз өңменінен өтіп, іші ыза-кекке толы болса керек. Сізге тісі қайраулы.

– Мен адалдығын айттым.

– Адалдық деген ұғым санасынан өшкен адамға шын сөз түрпідей тиетіні белгілі ғой... Абай болыңыз, Қарашаевтың мұздай қаруланған бұзықтары бар. Олар өздеріне жуынды беріп тұратын қожайындары айтақтаса ештеңеден тайынбайды, қанды азуларын ашып, білектерін түріп, қаруларын кезеніп шаба жөнеледі.

– Сен мені қорқытпақсың ба?

– Жо-жоқ, дұрыс түсініңіз, тек сақ жүріңіз дегенім. Айтпақшы, мына комендант әйел де солардың жағында. Әлгі бұзақылар қазірден бастап сізді сырттай бақылап жүр. Оля апай оларға сіздің әрбір басқан қадамыңызды хабарлап отыр. Бұл екеуара әңгімені ешкімге сездірмеңіз. Сақ болыңыз, жалғыз жүрмеңіз.

Менің пайымдауымша, Қарашаев сізден қатты қауіптенеді. Сізді құрылысшылардың барлығын жинап, өзіне қарсы бүлікке бастап отыр деп есептейді. Жігіттердің бұл арадан тарай қоймағаны оның жүрегіне шаншудай қадалып тұр. Ал, сол шаншудан құтылу үшін бірінші сізді нысанаға алатыны анық.

– Не болса да кезінде көрермін. Қайдағы біреуден қорқып, қалтырап-дірілдеп жүрер жайым жоқ... Қарашаев еңбекақымызды төлесе, жүрегі шаншуын қоятынын неге түсінбейді?

– О-һо, сіз де айтады екенсіз, оған біздің жалақымызды бергенше жанын қиғаны артық қой.

– Бәрінен де Мәжитті қайдан табамын, соны айтшы.

– Қашқынды қайдан іздеу керек екенін Алладан басқа ешкім білмейді? Мәжит Қарашаевтың заң орындарының қызметкерлерімен бірігіп, өзін түрмеге тығып, одан әрі өлтіріп тынатынын жақсы түсінеді. Сондықтан, оған бір үңгірге тығылып жанын сақтамаса қиын. Мен оны сізге тауып берем деп айта алмаймын.

– Оның бала-шағасы таршылықта қалды...

– Білемін. Оларды ебін ауылына қайтарыңыз. Әйтпесе... Қарашаев оның бала-шағасын да іздетіп жатыр. Тауып алса... Жарайды, осымен сөзді доғаралық. Қысқасы, абай болыңыз.

******

Нұржау мен Сауықбек жолдорбаларында талайдан бері умаж-умаж болып жатқан тәуір деген киімдерін кигенде Тоқтар мен Қалжан шек-сілесі қата күлді. Үтік көрмеген мүкамалдарын үстеріне ілген екеу тым оғаш көрінеді. Көптен бері жұмысқа киер киімдеріне көздері үйреніп қалған бұлар өздерінің бақша басында тұрар қос қарақшыға ұқсай қалғандарын сезеді.

Тоқтар:

– Тілшілер екеуіңізді мына түрлеріңізбен көрсе, «көрден шыққандай бұлар кімдер?» деп тұра қашып жүрмесін.

Нұржау:

– Жатқан жеріміз көрден артық па?

Сауықбек:

– Ештеңе етпейді, сәлден кейін киімдеріміздің қыртысы жазылып, білінбей кетеді.

Қалжан:

– Тілшілерге дәл осылай бару керек. Мұздай киініп барсаң, қалтасы қалың біреу екен деп тиын-тебен дәметеді.

Нұржау:

– Үсті-басыңа қарап-ақ жай-күйіңді болжап, адамның басын киімінің құнына қарай бағалайтындарға жолықтыра көрмесін деп тілейік. Ал, біз кеттік, сен екеуің жігіттерді жинап отырыңдар. Ешкім ешқайда кетпесін. Сәтін салып, тілші ертіп келе қалсақ, басымыздағы жағдайды бүкіл ел еститін болады. Қарашаевтың қылығын әшкере етеміз.

Нұржау мен Сауықбек көшеге шықты. Нұржауға қарағанда қаланы әжептәуір білетін Сауықбек жол бастап келеді. Бағыттары жаяу жүргенге соншалықты алыс емес, орталықта орналасқан қалалық телеарна ғимараты. Екеуі де үнсіз. Әрқайсысы өз ойымен. Бәлкім, телеарнаның бас редакторына жолыға қалса, не айтатындарын іштей пысықтап келе жатқан шығар.

Орталыққа жақындаған сайын көшедегі жүргіншілердің де қарасы көбейе түсті. Нұржау айналасына самарқау қарап қояды.

Бәрі асығыс. Елпілдеген адамдар...

Күнәға толы тіршілігі титықтатқан көпшіліктің көңілін арзан сауықпен желпіндіріп, құнсыз жылтырақтармен алдаусырату үшін жоқ жерден мерекелік аура қалыптастырудың шебері атанған қоғам жаңа жылды қарсы алудың қамына тым ерте кіріскендей. Жаңа жылдың келуіне бақандай бір ай уақыт болса да, талайлар таңның атысы, күннің батысы демей көтеріңкі көңіл-күймен шапқылап әуре. Сана біткен масайған.

Түрлі-түсті шыны шарлар, қызылды-жасылды жылтырақтар басынан етегіне дейін тағылған шыршаларға қарап күні ертең жаңа жыл кеші тойланғалы тұрғандай сезінесің. Айшықты жапсырмалардан көз сүрінеді. Бірақ, желтоқсан айының бітуіне әлі қайда! Сана көзін жүгіртсең арада сезіміңді түрткілер, арыңды оятар, намысыңды шымшылар, ішкі сарайыңды толғанысқа толтырар талай күндер бар екені баршаның қаперінен сызылып қалған тәрізді. Осының бәрін әлдебір күш өрелі жұртты елірме тобырға айналдыру үшін әдейі жасап отыр-ау деп түйсінбеске лажың жоқ.

Етекбастылық қажытқан ел мәнсіз сауыққа оңай еліретінін, далаңдап шыға келетінін жақсы білетін әлгі күштің ыстық суға қолын малып, молшылық пен баршылықта өмір сүріп жатқандардан құралған ат төбеліндей «әскері» бар. Бұл «әскер» тізгін иесінің емеурінін жазбай танығыш. Өйткені, бұлардың мақсат-мүддесі үндес. Егер, өзара ұғыса алмай қалса, жақыбайларға жан бітіп, жағадан жармаса кетерін жақсы біледі. Сондықтан...

Оларға жоқ-жітікті дамыл тапқызбай дедектеткізіп жүгірту бәрінен де маңызды. Бұларға өмір тауқыметі әбден жасытқан кедей-кепшіктерді тойындырудан артық қауіп жоқ. Ал, мұндай қауіптің алдын алу үшін адам миына кіріп-шықпайтын дүниелер ойлап табудың қажеті шамалы, тек, құрсағына түсер асына, өзге де азын-аулық табысына көпшіліктің қолын әбден сілікпесін шығара жеткізудің әдісінен жаңылмаса жетіп жатыр. Талғажау етер талқаны мен түнеп шығар орнын әзер тауып жүрген аш құрсақтың иесін қалай илесең де өз еркің.

Қала әкімі отырған еңселі ғимараттың қақ маңдайында «Жаңа жыл құтты болсын!» деп жазылған жапсырма жарқ-жұрқ етеді. Одан жоғарырақ тұрған ту қалың шеңгелдің арасынан суырып алып іліп қойғандай алба-жұлба әрі бояуы солғын. «Оны ауыстырар кімде уақыт бар дерсің?! Сол шүберекте тұрған ештеңе жоқ» деп ойлайтын қасқа маңдайлылар мен олардың «тәрбиесіне тамсанған» нанталаптар ғана шірене еркін кіріп-шығуға қақысы бар ғимараттың шекесіндегі осы бір көрініс айдан анық көрініп тұрса да ешкімге ой салар емес. О, тоба...

Бұл шаһарда бай-бағландар өте көп. Ақшасы уыстап шашса да таусылмайды. Оны қайдан ала беретінін бәріміздің ішіміз біледі, әрине.

Бақуаттылардың шашқан ақшасына қызығып жан-жақтан ағылып келген жұртшылықта да есеп жоқ. Өмір сүруге деген бәсекелестік өсіп келеді. Бірақ, ілгерілеу жоқ.

Бір ғажабы, ештеңе өндірмейтін, ештеңе өңдемейтін, сыртқа шығарып сатып жатқан дәнеңесі жоқ осы бір шаһар тым қомағай, ашқарақ. Нені болса да жұта береді. Бейне бір арамтамақтар мекені іспеттес. Еңбегіне қарай зейнетін көрер заманды сан ғасыр өтседе ешкім кездестірмеген шығар, сірә.

Бұл қалада бала-шағаның, кәрі-құртаңның, қарапайым жамағаттың несібесіне беті шімірікпей, қолы қалтырамай, аярлықпен қол салуды сүйікті кәсібіне айналдырғандардың дәурені жүріп тұр. Бірақ, олардың жұмырларына ештеңе жұқ болар түрі жоқ. Тамағына қылтанақ тұрып қалар деп қауіптенбеңіз. Өйткені, өңештері түйе жұтса да тарлық етпейді. Керіле-керіле кеңейген.

Бұл мекеннің ниеті тым бұзылып, бір бөлігі тіпті азғындап кеткендей. Екінші бір тобы биіктен ақыл айтқансып, данышпансып көрінгенімен, дарақылардың даңғаза шуы үдей түскенін «қанды басың бері тарт» деп іштей тілейді. Өйткені, айналадағы даңғазалықтан, ойсыздықтан өздеріне шаш-етектен пайда келері сан мәрте дәлелденген. Бірер сағаттық ішкілікті ойын-сауық үшін, арын әлдеқашан жоғалтып, бар дүниесі – сүлдерін сатып сумаңдаған жезөкшелермен бірге саунаның сасық суына шошқаша аунағаны үшін бір айлық, бәлкім жыл бойы «арқа еті арша, борбай еті борша болып» тапқан жиған-тергенін бала-шағасының аузынан жыра төлеп шығатын ақымақтар қатары көбейген сайын қаз-қатар тізілген ресторандар, кафелер, түнгі клубтар мен сауналардың көзге көрінбейтін қожайындары – төбедегі төрелер мен ақылмандардың жаны кіріп, бақыттан басы айнала ләззатты күй кешетіні өтірік пе?

Дарақылардың саны арта түссе сауық-сайранға арналған жайлар саны қарыштап өсе бермек. Қарақойындар үшін табыс табудың бұдан оңай жолы жоқ болып тұр. Басқа, әріректен ойлауға минуттап қалтасына түсіп жатқан құнды қағаздар мұрша берер емес. Көзі жұмулы, көңілі мас. Жүрегі кір, тілегі қара.

Тойханалары мен жын-ойнақты мекендері «клиентке» толы, ештеңе өндірмейтін қаланың осыншама тоңмойын, иісалмастығына таң қаласың.

Алыпсатарлықты кәсіпкерлік деп түсінетіндері көп мына қоғам осылайша «Ит басына іркіт төгіле беретініне» бек сенімді тәрізді. Жо-жоқ, мына керікеткендіктің бір зауалы ерте ме, кеш пе бас қылтитатынын түйсігімен анық сезетіндер де көп, бірақ олардың бір парасы «оған дейін бармыз ба, жоқпыз ба?..» деп, өзінен кейінгілер «күл болмаса, бұл болсын»дейтіндер қатарынан берік орын алған. Екіншілері әлдене дегісі келгенімен өзіне жем шашып отырған қожайынының ортасын қитықтырып алып, қаңғып қалармын деп тыныш жүргенді дұрыс көрген. Ал, үшіншілері харекетшіл. Бірақ, бұлар басқаларды емес, өз кіндігінен тарағандардың келешегін уайымдағаннан болашағы зор, іргесі берік, мұхит шаймайтындай, шаңырағы шайқала қоймайтындай, азуын айға білеген, құрығымен жұлдыз түрткен алпауыт елдерден орын сайлап әуре. Байғұстар, қайтсін енді?!

Кезінде заң орынында қызмет етемін деп құйрығына шала байлап алғанын, егер бұрынғы әріптестерінің көзіне түсе қалса, басы бәлеге қалатынын сылтауратып, шағым арқалап кеңселерді жағалаудан басын ала қашқан Тоқтар мен өзге де жолдастары қайрап, білген ақылдарын даурыға айтысып, жігерлендіре шығарып салған Нұржау мен Сауықбек қалалық телеарна орналасқан еңселі кеңсенің алдына келіп аялдады. Басында екеуі де бірден заң орындарына бас сұғуды жөн санаған. Бірақ, әрнәрсеге құлақ түріп жүретін бірді-екілі жігіттер «Бірден прокуратураға, сотқа, полицияға бармау керек. Ол жерлердің бәрінде Қарашаевтың самсаған «жауынгерлері» мен «Ғажайып» құрылыс компаниясының үстінен күн көріп жүргендер» жеткілікті деген соң райларынан қайтқан.

Алғашқыдағы екпіндері басылып, жуаси қалған екеуі бір-біріне жаутаңдай қарайды. Әлдекімнен қысылатындай. Мыңдаған көрерменін өзінің көрсетілімдеріне телмірткен телеарна басшыларымен не тілшілерімен бұрын-соңды жолығып көрмеген Нұржау мен Сауықбек ғимарат ішіне енуге тәуекелдері жетпей тұрып алды. Айналшықтап, әке-шешесінен қорыққаннан қонақ үстіне батып кіре алмай, есіктен сығалайтын балалардай күй кешті. Келіп тұрып, кері қайтса, жатақханадағы жолдастары не демек? Күледі емес пе?

Сауықбек Нұржауға қарап:

– Қане, бастаңыз.

Нұржау:

– Сен маған қарағанда кеуделілеусің ғой, сырт пішінің де сұстылау... Мұздай киіндіріп қойса, нағыз бастыққа ұқсайсың, сен баста...

Сауықбек:

– Жүрегім дауаламай тұрғаны.

Нұржау:

– Жә, жарайды, соңымнан ілес. Мына түрімізбен бізден түк шықпас. Тәуекел! Кеттік...

Күзетші:

– Сіздерге кім керек?

Сауықбек:

– Бас редакторға жолықсақ деп едік.

– Бастық жоқ, ол кісі жиналыстардан қолы тимейді.

– Жарайды, ол кіс бос болмаса, орынбасары бар шығар?

Ә дегеннен-ақ бұлардың үсті-бастарын шолып, соншалықты маңызды адамдар емес екенін аңғара қойған қисық бас кәрі күзетші өзінің де осы мекемеде айтарлықтай орыны бар екенін сездіргісі келгендей кісімсініп, керги қалды.

Күзетші:

– Нендей шаруамен жүрсіңдер?

Сауықбек:

– Сізге айтсақ, мәселемізді шешіп бересіз бе?..

Күзетші адырайып қарады да екеуінің құжаттарын алып қалып, «кіре беріңдер» дегендей сыңай танытты.

Бас редактордың орынбасары бұжыр бет, мойыны молынан пішілген, қысық көз, өңі боп-боз, сопиған басындағы шашы селдіреген, танауы жалпиған орта жастағы кісі екен. Қабылдауына кіргендерге амандасқансып, басын еріне изеді. Үтік көрмеген киім кигендерді менсіне қоймағандай. Тіпті, адам санатына қоспағандай. Өйткені, бұлар кіргелі әлдекіммен телефон арқылы анайы, боқтық сөздерді араластыра сөйлесумен болды.

– Көрерміз.

– ?..

– Әкесін ұрғаным бар?

– ?..

– Саунада түнімен іштік... Құрысын... Шаршағанымды таң ата жұмысқа келгенімде бір-ақ сездім.

– ?..

– Түнде үйіне қонбаған еркекті қай әйел маңдайынан сыйпай қойсын?..

– ?..

– Жақсы, сау бол.

Орынбасар телефон тұтқасын әзер дегенде орнына қойды да:

– Иә, келіңіздер, шаруаларыңызды айтыңыздар? – деді маңыздана.

Әңгіме барысында орынбасардың жүзінде жиі-жиі күлкі үйірілумен болды.

– Солай деңіздер... Қарашаев, Қарашаев... Сонымен бізден не көмек күтесіздер?

– Қарамағыңыздағы бір тілшіңізді бізбен бірге жіберсеңіз дұрыс болар еді. Жай-күйімізбен танысып дегендей... – деді Нұржау.

– Телеарна арқылы қоғамның назарын өздеріңізге аударғыларыңыз келеді ғой. Түсінікті... Қит етсе, басы ауырып, балтыры сыздаса, әлдекімнен жәбір көрсе, ғаламтор не теледидар арқылы мұңын зарлана айту дағдыға айналды...

Нұржау:

– Інім, алпыстай адамның үш ай бойы жалақысын ала алмай, аштан-аш суыққа тоңып отырғаны, шиеттей бала-шағаларымыздың еңбекақымызды көздері жәудіреп тосып отырғаны жай ғана бас ауырып, балтыр сыздағандық емес қой.

– Жөн. Сонымен шындық, әділдік іздеп жүрмін деңізде-е-е-р, – орынбасар креслосының арқалығын сындырып жіберердей шалқайды да, аузын арандай ашып есінеп алды. – Сіздерді жеңіл-желпі, бос сөзге тойдырып немесе өтірік уәде беріп шығарып салуға болар еді, бірақ, оған арым жіберер емес. Сондықтан, мәймөңкелемей турасына көшсем, біз сіздерге көмектесе алмаймыз. Әңгімеге осы жерде нүкте қоялық.

Нұржау:

– Неге? Себебін түсіндіріңізші...

Орынбасар:

– «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деп ойлайтын шығарсыздар. Не десеңіздер де өз еріктеріңіз. Иә, сыртқы кейіптеріңізге қарасам, тұрымтайдан зорлық көрген торғайдың күйін кешіп жүргендіктеріңіз анық білініп тұр. Жарайды, айтуға тиісті болмасам да ащы шындықты жайып салайын. Ақыры, әділдік іздеп жүр екенсіздер, тыңдаңыздар. Біздің телеарна мемлекеттің, яғни, биліктің астауынан жем жеп, су ішіп отырған мекеме. Ал, сіздер өшігіп жүрген Қарашаевыңыз сол биліктің сүйкімді ұлы, сүйікті құлы, осы телеарнаның тұрақты асыраушысы, нәпақа жалатушысы әрі бас редакторымыздың тасадағы көкесі. Түсіндіңіз бе? Қарашаев пен оның бизнес әлеміндегі істері әр айсайын екі не үш рет біздің телеарна арқылы жарнамаланып, мақталып тұрады. Ендеше, қалайша біз өзіміздің мақтап жүрген адамымызды бүгін жамандай аламыз? Біздің ғана телеарна емес, бүкіл еліміз бойынша қандай телеарна, қандай, журнал, қандай газет бар, солардың көпшілігі Қарашаевтың қолшоқпары, асырандылары. Бұлар түгелдей Қорғас Қарашаев болмаса тентіреп кететіндей, күндіз-түні соны дәріптеумен әуре. Қарашаев өлсе, өздері де бірге арғы дүниеге аттанып кететіндей сезінетін редакторлар мен тілшілер өріп жүр. Бұлардың бел ортасында, жо-жоқ алдыңғы тобында мен де бармын. Шындығы сол.

Орынбасар қызына сөйледі. Нұржау шыр-пыры шығып шынын айтқан орынбасарды «тәуір жігіт екен, не де болса шындығын айтты» деп іштей мақтап қойды.

Орынбасар сөзін әрі қарай жалғай түсті.

– Иә, солай... Қарашаев журналистерден, полицейлерден, соттардан, прокурорлардан, адвокаттардан, әкімдерден, үкімет мүшелерінен, депутаттардан өзіне мықтап «қорған-қамал» тұрғызып алған. Ал, сіздер осынау «қамалға» шабуылдағыларыңыз келеді. Оған тістеріңіз батпайды. Бос әурешілік. Әлгі «қорған-қамалдың» маңайынан жүре алмайсыздар. Қарашаевтың ақшасымен, қолдауымен қызметі өсіп, жылы-жұмсаққа тұмсықтарын тығып отырғандар қоғамымызды билеп тұрғанда одан ақша даулап қызылкеңірдек болу көрсоқырлық. Қарашаев – бүгінгінің алпауыты. Қолынан келгендіктен қонышынан басып жүр.

– Сіз біздің үмітімізді үзбекшісіз бе?

– Ондай ойым жоқ. Тек, босқа сандалмаңыздар дегенім ғой. Жарайды, басқа бір газетке не телеарнаға шағымданыңыздар. Олар сіздердің жай-күйлеріңізді, Қарашаевтан ақыларыңызды ала алмай жүргендеріңізді жаһанға жайсын делік, бірақ одан бір нәрсе өзгере ме? Оған Қарашаевтың қылы қисая ма? Сіздердің үш ай бойы еңбекақы ала алмағандарыңыз, ақыларыңызды Қарашаев деген біреудің бермей жүргені кімді қызықтырады, кімнің жанын ауыртады, кімнің жүрегін сыздатады деп ойлайсыздар? Ешкімді де... Бүгінгі адамдардың көбісінің есіл-дерті, ақыл-ойы басқа әлемге ауғалы, өзге кеңістікті шарлап кеткелі қашан. Ал, сіздер жалақыларыңызды ала алмай, ұлардай шулап жүргендеріңізге қоғамның назарын аудармақшысыздар. Күлкім келеді.

Орынбасардың сөзі шағымдана келген екеудің еңсесін түсіріп жіберді. Оның айтқандары шындықтан алшақ емес еді. Расында, бүгінгілер өздерінің дәл қасында орын алған жантүршігерлік оқиғаларды, көз алдында болып жатқан келеңсіздіктерді, жанайқайын сыртқа шығара алмай іштен тынған әлсіздерді, бір жұтым қара су мен бір тілім қара нанды түсінде көргеніне мәз аш-арықтарды көргісі де келмейді. Олар шетелдік шоуларға, басы бар, соңы жоқ, не айтпағы түсініксіз сериалдарға, жоқ-жұқана, көңілі шерлі, теңсіздікке төзуден өзге амалы жоқ адамдар тобы аяғын тигізуге құқы жоқ алаңдарда бақытты өмір, бал махаббат туралы тақпағы мен даңғаза әнін алқынып айтар әншісымақтарға табынып кеткен. Қазір талайлар қайдағы бір сериалдардың кейіпкерінің тағдырына қатты алаңдайды, әлемдегі ең бай адамдардың қалтасындағы ақшасын санап күнін өткізеді, өзіне ешқандай қатысы жоқ алыстағы елде әлдекім әйелінің көзіне шөп салса, сол үшін күйінеді, түн ұйқысы төрт бөлініп, берекесі қашады, мұхит жағалауларында, аралдарда тыр жалаңаш шешініп тастап демалып қайтар жарандардың қатарынан өзін де көргісі келіп армандайды. Ал, айналасына пысқырып та қарамайды. Иә, бәріміз де осындаймыз.

Нұржау:

– Соншалықты күлкілі емес шығар?..

– Айдаладағы жат біреулердің, дұрысы экрандағы көрсетілімдердегі «қайғылы оқиғалар» үшін аза тұтып, қара жамылып шыға келетін, есі басқа әлемге ауып кеткен мына ағайынға сіздердің айлық пен шайлық даулап жүргендеріңіз күлкілі көрінбейді деп ойламайсыз ба?.. Иә, тоңмойындар, тоғышарлар қаптаған қоғамда күштіден күйрей жеңіліп, сағы сынғандар, бір қасық қатықсыз көже үшін жанын жалдап, иманын алдап арсалаңдар арық-тұрықтар қашан да сайқымазақ болып көрінеді.

Сауықбек:

– Бізді сайқымазақ демекшісіз бе?

– Тек сіздер емес, бәріміз де сайқымазақпыз, қуыршақ театрының әртістеріміз.

Нұржау:

– Халықтың, жапа шеккендердің, жоқ-жітіктің мұңын мұңдамаса журналистер, редакторлар, газеттер, журналдар, телеарналар неге керек?

– Бұлар әлсізді тізерлетіп, күштіге құл ету үшін, жаманды жасырып, бүркемелеп, өңін айналдырып, жақсыны жалаулатып, алаулатып түсіндіру үшін, өтірікті семіртіп, ақиқатты аздыру үшін, сананы улап, жеңілтектіктің дәнін егіп, ақылдан алжастыру үшін, ұры-қарыларды, аузы қисықтарды мінбеде көсілте сөйлетіп, оларға момындарды бас шұлғыту үшін, алба-жұлба, жамау-жамау қоғамды бояп, сыртын сырлап жалбақтау үшін, қайырсыздарды қайырымды, адалдарды алаяқ етіп көрсету үшін, жалған намыс, жалаң ұранды жарнамалау үшін керек.

Нұржау:

– Тым батыл сөйлейді екенсіз. Мына түріңмен астыңдағы креслоңда көп отырмассыз...

Орынбасар:

– Жо-жоқ, қателесесіз, мені бұл қызметімнен Алладан басқа ешкім айыра алмайды. Лауазымым жоғарыламаса, төмендемеймін. Өйткені, аузымнан шыққан сөз бөлек те, ісім басқа. Сол себепті мен жоғарыдағыларға сүйкімді көрінемін.

Сауықбек:

– Сіздің әлгіндегі айтқандарыңызды жоғарыдағыларға жеткізіп барсақ қайтесіз?

Орынбасар:

– Сіздердің сөздеріңізге кім сенеді, жазған-ау. Өздеріңізді кіммін деп ойлайсыздар, соншама... – деген орынбасар дауысын жұмсарта сөзін қайта жалғады. – Солай, ағалар... Мен секілді аузы батыл, бірақ, іске келгенде тәуекелсіз жалтақтар көп. Бәріміз де шындықты айтқанды қалаймыз, ақиқат үшін күйіп-жанамыз, алайда, шынжырға байлаулы ит екеніміз есімізге түскенде құйрығын бұтына қысқан иттей қыңсылап, «төбеттердің» астына ыңғайлана кетеміз. Ішінен күңкілдеп, мұрнының астынан ірі-ірі сөйлеп жүргендерден ешқандай батырлық күтуге болмайды. Қараңызшы, мен бір тілшіні жандарыңызға қосып беруге қорқып отырмын. Сөйтпеске лажым жоқ. Өйткені, қызметімнен айырылып, сіздер секілді әркімнің есігі алдында жүру маңдайыма жазыла қалса, біреу-міреуіңіз нан тауып бересіздер ме? Халық үшін, ел үшін ерлікке баратын кез өткен. Бақай есеппен «Ел, жер» деп еңірегенсіп жүргендердің күні туып тұрғанда шынайы ерлікке ешқашанда орын жоқ.

Нұржау:

– Не десеңіз де адалын айттыңыз, бауырым. Сол үшін де рахмет. Дегенмен, Қарашевтың атын-атап-түсін түстемей-ақ, кәсіби маман ретінде «Ғажайып» компаниясы құрылысшыларының жағдайын майдан қыл суырғандай етіп, 2-3 минутқа сыйдырып көрсетуге жол тапсаңызшы.

– Жалақысын ала алмай жүрген бір топ құрылысшыларды телеарна арқылы сөйлетуді саясат көтермейді. Халықтың мерекелік көңіл-күйін, елдің беделін түсіретін мұндай көрсетілімдерді, осы іспеттес жағымсыз көріністерді жарыққа шығаруға құқымыз жоқ. Біздің ұран: «Бәрі жақсы, бәрі тамаша!» Одан басқасында шаруамыз жоқ.

Нұржау:

– Ащы шындыққа тәтті қосып, сылап-сипап, жұмсартып айтуға да шамаларыңыз жетпесе, жетіскен екенсіздер. Сонда, қараңғы жертөлені мекен еткен көртышқандардан қай жерлеріңіз артық?

Орынбасар:

– Қатты кетпеңіз, ағасы! Ағымнан жарылып ашығын айтқаныма разы болудың орнына қиыс тартып барасыз ғой. Жә, жарайды, керілдеспейік. Мені тыңдасаңыздар, «тек жүрсең, тоқ жүресің».

Нұржау нала кейіпте басын шайқай отырып орынбасарға дүние кезек екенін ұмытпауын ескерткендей:

– Ылғи жылы-жұмсақ, жал-жая жұтып қалған кеңірдек иелері асқазандарын әбден тәтті де нәрлі асқа үйретіп алып, бір күндері қара су мен қара талқанға жүгініп, біздің кебімізді киер болса қайтер екен? – деп сауал тастады.

Орынбасар:

– Олар да сіздер секілді шындық іздеп шырылдайды. Кезінде өзі керек етпей көрге тыққан әділдікті шарық ұрып іздеп жандалбасалайды.

Нұржау:

– Жарайды, асқазанның тоқтығын бәрінен жоғары қоятындар төрге озған заманда біздің бұл жүрісімізден ештеңе өнбес.

Орынбасар:

– Міне, міне, енді жөнге келдіңіз. Адамды боққа толы қапқа теңейтін данышпан атамыз әділдігін айтқан... Сіздерге айтарым, бізбен көрші орналасқан «Жанайқай» деген жекеменшік телеарна бар. Соған кіріп шығыңыздар. Онда төңкеріске құмар, билікті айтсаң жыны қозып шыға келетін, Қарашаев десе қаны басына шабатын адамдар көп. Бәлкім солар көмектесер, мұң-мұқтаждарыңызды әлемге айдай етіп солар жария етер. Барыңыздар, үміттеріңізді үзбеңіздер. Айтпақшы, сол телеарна орналасқан ғимараттың үшінші және төртінші қабатында оппозицияның одыраңбайлары жетіп артылады. Тұтас бір оппозициялық партияның тізгін ұстарлары мен нөкерлері сонда отырады. Соларға да жолығарсыздар.

Ашығын, әділін айтар адамдай көрініп, бірақ, жеме-жемге келгенде жалт бұрылып, қиыс тартар, тілін безегеннен өзге әрекеті жоқ сопақ бас, жалпақ танау орынбасардың алдынан Нұржау мен Сауықбектің бастары салбырап, еңселері түсіп шықты. Орынбасар бұларды жалаң сөзге жайдақ мінгізіп шығарып салғанын бірден ұққан күзетші «мәселені шешетін адамды тапқан екенсің» дегендей екеуіне мырс етіп қарады да, құжаттарын қайтарып берді.

Тілшіге мұң-зарымызды айтып, жағдайымызды жалпақ дүниеге жария етеміз деген ойлары оңайлықпен іске аспасын сезген екеу тағы да бір рет бақтарын сынағысы келгендей әлгі «Жанайқай» деген жекеменшік телеарнаға бас сұғып көрмекке ниеттенді. Оңай тауып алды. «Жанайқай» ғимаратының ішіне кіру «бақыты» екінің біріне бұйыра қоймайтындай секілді көрінеді екен. Сыртқы есіктен ішке кедергісіз енген бұларды қабағы қатулы, резеңке шоқпары салаңдаған екі-үш күзетші қарсы алды. Бейне бір шекарадағы кедендік бақылау бекеттерінің біріне кіріп кеткендей сезінген екеу абдырап қалды. Аяқ-қолы аздап дірілдеген, әлдекім «қане, бұл арадан тайып тұрыңдар» десе, еш қарсылықсыз шыға жөнелуге дап-дайын тұрған Сауықбек пен өзіне сенімді Нұржаудан күзетшілердің бірі нендей шаруамен жүргендерін анықтап, іштегі біреуге телефон шалды да, іле: «Екінші қабаттағы «Арыз-шағым» бөліміне барыңыздар» деп жол сілтеді.

Арыз-шағым бөлімінің есігін имене ашып, енді бастарын қылтита бергенде кенеттен құлаққа әйел затының «Есікті жап!» деген жағымсыз ащы дауыс шаңқ етті. Қабырғалар жаңғырып кетті. Күзетшілердің «емтиханынан» сәтті өтіп, өзіне деген сенімділік қайта күшіне ене бастағандықтан бойын еркін ұстап, әлгі есікті батылдана ашып қалған Сауықбек әлгі дауыстан байқамастан шоқ ұстап қалғандай селк етті де шалт қимылмен кері шегіне беріп еді өз аяғына шалынып еденге шалқасынан түсті. Ойда жоқта еңгезердей Сауықбектің еденге сұлап түскені дәлізде ары-бері жүрген адамдарды еріксіз жалт-жалт қаратты. Қауіпті ештеңе болмағандықтан бәрінің де жүздеріне күлкі үйірілді. Нұржау да мырс етті.

Қиям ашық қалған есіктің арғы жағынан әлгі ащы дауыстың иесі бірдеңелерді айтып әлі бұрқылдап жатқаны естіледі. «Есікті жап!» деген бұйрықты сөз екеуіне «табандарыңды жалтыратыңдар» дегендей болды. Түйеден ауып түскендей күй кешкен Сауықбек орнынан жылдам көтерілді де:

– Нұреке, зәрем ұшты ғой. Дауысы қандай ащы еді. Бұл жерден бізге пайда жоқ-ау. Құрысын қайтайықшы. Мынандай зәрлі дауыстың иесі жөні түзу адам бола қоймас.

Нұржау:

– Келіп тұрып, кері шегінбелік. Дауысы ащылардың жан дүниесі де зәрлі болады дегенді ешкімнен естімеппін. Байқап, тамырын басып көрелік. Бәлкім, біз іздеп жүрген адам осы шығар.

– Әй, қайдам, жүрегім шайлығып қалды, жолығып шығамын десеңіз өзіңіз біліңіз, бірақ менің...

– Жә, жарайды, есікті тоқылдатып, кіруге сыпайылап рұқсат сұрасақ бөтен мінез таныта қоймас. Өз үйіңдікіндей есігін жұлқып ашқаныңа ашуланған болар. Сауыс-сауысы шыққан тонымыз кімге керек, сыпырып алып қоймас, тағы бір рет тәуекел дейік...

Есігі қиям ашық қалған арыз-шағым бөлімінің ішінен кенет сықылықтаған күлкі естілді. Әлгі күлкі Нұржау мен Сауықбектің үркектеген секемшіл көңілдеріне сәуле түсіргендей. Екеуі де терең дем алды. Іле іштен бетін түк басқан, мұрны қоңқиған, тұқымы бөлек жас жігіт жадырап шықты да бұларға «кіре беріңіздер» дегендей ым қақты.

Нұржау есікті алақанымен әлсіз ұрып еді арғы жақтан «кіре беріңіздер» деген үлбіреген жұмсақ дауыс естілді. Жаңа ғана еңгезердей жігіт ағасын жалп еткізген арынды дауыстың иесі көкке ұшып кетіп, оның орнына періште келіп жайғасқандай.

Бөлмеге бірінен соң бірі тізбектеле кірген Нұржау мен Сауықбек төрде отырған хас сұлуды көргенде тілдері байланды да қалды. Әлгінде ғана бойларын билеген үскірік үрей ізім-ғайым жоғалды. Кеуделерін ұялу, қысылу сезімдері жайлап алды. Өздерінің ұсқынсыздау кейіптерінен ыңғайсызданып, есік алдында сәл бөгеліңкіреді.

Өзін Ажар Омарова деп таныстырған бөлме иесі, дұрысы – арыз-шағым бөлімінің меңгерушісі «отырыңыздар» деп алдындағы орындықтарды нұсқағанда барып екеуі ілгері басты. Орындыққа мол денесімен жайғасқан Сауықбек қыздан көзін тайдыра алар емес. Оның бұл әрекетінен қыз қысылыңқырап, өзін ыңғайсыз сезінетіндей. Нұржау бейтаныс қызға түк көрмегендей қадала қарап, ұры көзін өзіне бағындыра алмай әуреленген Сауықбектің қылығы үшін бір қызарып, бір бозарды. Шынында қыз ажарлы еді. Сызықсыз жазық маңдайы, аппақ әрі тегіс беті, қыр мұрыны, қып-қызыл ерні, дөңгелене біткен қара көзі, кем-кетігі жоқ кірпік пен қасы, иығын жапқан жылтыр қара шашы жұмыр бастың әбден сәнін келтіріпті.

Сауықбек есеңгіреп отыр. «Мынадай аруға қайдағы бір арыз-шағым, дау-дамаймен шұғылдану жараса ма? Ойбай-ау, мынаны сахнадан түсірмеу керек қой. Әлгі режиссермін деп кердең қағып жүргендер нағыз көрсоқырлар екен».

Ажар Омарова Сауықбекке қарап:

– Беті жылтыраған, қасы-көзі қиылған ұзын етектіні көрсе есі кетіп, жүрісінен жаңылып, жылмыңдау еркек біткеннің қашанғы дағдысы ғой. Сіз де сол бөріктілердің бірісіз. Маған бөлмеге келгелі бері кірпік қақпай қадалдыңыз да қалдыңыз. Сәл-пәл етек-жеңіңізді жинаңыз, ағасы, – деді әрбір сөзін нығарлап.

Нұржау онсызда дегбірі қашып келіп, іле қыздың сұлу жүзіне арбалып қалған Сауықбек мына сөзден кейін өзін мүлде жоғалтып алатын шығар деп ойлаған. Алайда, Сауықбек осалдық танытпады. Қыздың ескертпесіне орай тиісті сөзін айта білді.

Сауықбек:

– Кешір, айналайын. Ағаңнан ағаттық кетті. Жүзіңнен көзімді тайдыра алмадым. Күш-қуатым жетпеді. Құдай келістіріп берген келбетіңе қарамау мүмкін бе? Айтшы. Мен саған қара ниетпен, бұзық көңілмен қарағаным жоқ, тек әдемілікке, тірі сұлулыққа тамсандым, – деп тоқтады.

Серігіне разы болып, қолдау білдірген Нұржау:

– Сіз білесіз бе, кеудесі ауыр бейнетке бастырылып, қоқыр-соқырды қанағат тұтып, шаң-тозаңды таза ауадай жұтып, көздеріне көк шыбын үймелеп жүрген мына біз секілді адамдарға кенеттен бетпе-бет кездесе кеткен сұлу мүсін, әсем кескін ерекше әсер етпей қоймайды. Ауыр жұмыс ертелі-кеш еңсесін көтертпеген, жоқшылықтың үзілмес жібі мойнын қылқындырған пенделер бір ауық сұлулыққа сұқтана әрі құмарта қараса, айып бола қоймас. Ал, сұлулыққа қызыға, әуестене көз тастау табиғи заңдылық. Бірақ, қызғанышпен, көре алмаушылықпен, бұзық ниетпен қарау ергежейлілік, – деді.

Нұржаудың сөзінен кейін қыздың жүзі жібіді, іле көзіне жас үйірілді. Бірақ, ол боркеміктене қойған жоқ. Қайтадан өзін жинап алды.

Ажар:

– Түсінікті... Сонымен... Кейіптеріңізге қарағанда өздеріңізге қалыңдық іздеп немесе ұлдарыңызға қыз айттырып жүрген жандарға ұқсамайсыздар, нендей шаруаның жайы мазалап келіп отырсыздар? – деп жымиды.

Қойылған сұраққа орай Нұржау бар білгенін айтып бола бергенде Ажар Омарованың өңі көгіс тартып, көздері қайта-қайта жыпылықтап, кеудесін тіктеп, қос қолымен алма-кезек шаштарын салалап байыз таппай кетті.

Ажар:

– Қарашаев, Қарашаев...

Оның үнінен алғашқыдағы ащы дауыстың табы қайтадан білінгендей.

Нұржау:

– Сіз оны танитын ба едіңіз?

– Оны бүкіл ел, тіпті, әлем таниды.

– Жақынырақ білесіз бе дегенім ғой...

– ?

– Қысқасы, қарындасым, бізбен бірге бір тілші барып, жағдайымызды камераға түсіріп, жаңалықтар бағдарламасынан көрсетсе...

Ажар:

– Еңбекақысын ала алмаған бір топ жұмысшылар... Қарашаев... Сіздердің шағымдарыңызды басшылықпен бірге қарамасақ... жалғыз өзім шешуге шамам жетпейді. Сіздер дұрыс түсініңіздер. Білесіздер ме, мұндай мәселелерді ашық көрсету өзіңді қып-қызыл өрттің ортасын тастағанмен бірдей. Ертең мемлекетіміздің беделін түсіретін хабар таратты деп жоғарыдағылар күн көрсетпейді. Жеп отырған нанымыздан айырады.

– Сіздердің телеарналарыңыз жекеменшік емес пе? Неден қорқасыздар?

– О-оһо, қандай елде тұрып жатқанымызды ұмытпаңыз... Біздің «Жанайқайдың» қожайынына қаланың дәл ортасынан телеарна ашуға, осы арна арқылы қалтасына мыс-мыс ақша толтыруға кім рұқсат беріп отыр дейсіздер? Ана-у-у биікте отырғандар... Ары қарай түсіндіріп жатудың өзі артық.

– Енді біз не істейміз?

Ажар Омарова иығын қиқаң еткізді де:

– Сіздерге абзалы – тыныш жүру. Қарашаевты жамандаған хабарды біздің бас редактор өлсе де шығартпайды.

– Неге?

– Бас редакторымыз Қарашаевтың қолбаласы. Жарайды, жұрттың бәрі білетін нәрсені сіздерден жасырып қайтемін, құлақ салыңыздар, «Жанайқайдың» тасадағы шын қожайыны – әлгі сіздердің «сүйікті» Қарашаевтарыңыз. Бітті. Сөз тәмам.

Нұржау мен Сауықбек бір-біріне аңтарыла қарады.

Ажар:

– Сіздерді осында барыңыздар деп кім жол сілтеді?

– Қалалық телеарнадағы...

– Жеткілікті... түсінікті... Олар сіздерді бізге қарай кекесінмен шығарып салған ғой. Тоқ етерін айтқанда, «Жанайқай» сіздердің жан дүниелеріңізді түсінбейді. «Жанайқай» тек бір адамның қалтасының қамы, беделі үшін «айқайлайды». Басқамен ісі жоқ.

Нұржау мен Сауықбек орнынан тұра бергенде Ажар оларға сәл аялдауларын өтінді де:

– Сіздерге көмектесе алмағаныма өкініп отырмын. Өкінішті, – қыздың дауысы тым жұмсақ шықты. Таңертеңнен кешке дейінгі аралықта адам баласының мінезі сан құбылады емес пе, сол сияқты кенет Ажар Омарова да лезде өзгеріп, өңі қуарып шыға келді. Жүзінде әлдекімге деген өшігу бар. – Алғашқыда әңгімеміз сұлулық жөнінде әдемі-ақ басталып еді, аяқ жағы сүреңсіздеу болып кетті. Мен өзімді бір түрлі сезініп отырмын. Жүрегім мұздап барады. Иә, иә. Сәл кідіре тұрыңыздаршы... Білесіздер ме, сіздерге опасыздық жасап отырғандаймын...

Нұржау:

– Қарындасым-ау, саған қояр кінәміз жоқ. Бұ не дегенің?

Ажар:

– Сіздерді бұрын-соңды көрген емеспін. Танымаймын. Алайда, сіздерді баяғыдан білетін сияқтымын. Осы бөлмедегі он-он бес минуттық әңгіме мені сіздерге жақындатып жібергендей. Сондықтан, сіздерге ағымнан жарылып өз шындығымды айтқым келеді. Шыдай алар емеспін. Жүрегім кеудемді тепкілеп барады. Ернеуімнен асып төгіліп, құмға сіңген судай жоқ болып кететіндеймін, – деді де Сауықбекке оқты көзін қадады. – Маған әбден қарап алыңыз. Сіздің сұлулыққа тамсануыңызға, құмарта қарауыңызға әбден құқыңыз бар. Қараңыз, қараңыз, тағы да қараңыз. Көзіңіз тойғанынша өңіме қадалып отыра беріңіз. Бірақ, қазір-ақ жалығасыз, соңынан өкінесіз. Өйткені, менің жүзімдегі сұлулықтың солғын тартып бара жатқанын сәл шыдасаңыз байқайсыз. Содан кейін менің өңімдегі әдемілікке көңіліңіз шаппай қалады. Маған бекерге тамсанасыз. Сіздің көзіңіз де, көңіліңіз де соқыр екен. Өйткені, сұлулығымның тамырына балта шабылғанын жүзімнен оқи алмай отырсыз...

Сәлден кейін Ажар Омарова қолын тірей орнынан көтеріліп, оң қолының көмегімен тізеден кесілген сол аяғын, дұрысы жуан санын ақ парақтар жайылып жатқан алдындағы үстелдің үстіне гүрс еткізе қойды да, көздері жасаурап:

– Міне, асықпай көріп алыңыздар. Қалай екен?.. Енді аяғы шолақ мүгедек аруға тамсана қарамақ түгілі жандарыңыз ашып, мүсіркейтін боласыздар.

Қыз орнына қайта жайғасты. Нұржау мен Сауықбек мына тосын көріністен денелері дір етті де қыз жанарына қарауға батылдары жетпегендей, оның осындай қалге тап болуына өздерін кінәлағандай жүздерін төмен салып үнсіз қалды. Қыз оң жақ тұсындағы сары шкафтың ішінен қос балдағын шығарып жұмыс үстеліне сүйеді де, жанарын шылаған жасты сүйріктей саусақтарымен сүртті.

Ажар:

– Құдайым-ай, сіздерге шолақ аяғымды неге көрсеттім екен. Өзім де білмеймін.

Қыздың дауысы бәсеңсіп, құмығып шықты. Біреу қасақана байлап тастағандай Нұржау мен Сауықбек орнынан қозғалар емес. Қыз сөзін қайта жалғады.

– Таптым, таптым... Сіздерге неге ағымнан жарылып отырғанымның сырын білдім. Бәсе, солай екен ғой... Сіз бен біздің жауымыз ортақ. Ол – ақыларыңызды жеп, бермей жүрген әлгі адам. Мені осындай күйге түсірген сол міскін. Иә... Қарашаевтың есімін сіздердің ауыздарыңыздан естігенде қай-қайдағым қозып, шыдай алмай ақтарылып жатқан түрім ғой бұл, – деген қыз аз-кем үнсіз қалды. Іле Ажар алдындағы екеуге Қарашаевпен алғаш жолыққанынан бастап оның тұзағына қалай түскенін қысқаша айтып берді.

Ажар Омарова осыдан бес-алты жыл бұрын дипломын алып, бір газетке жұмысқа орналасқан-ды. Бір күні әлгі басылым редакторы оны Қарашаевтан сұхбат алуға жұмсаған. Жас қыз атағы дардай, беделі биік Қарашаевпен жолығуға батылы жетпей, редакторға тәжірибесі мол басқа тілші жіберуді өтінгенімен, ол көнбеді. Жасы алпыстан асқан, сақал-шашы ағарған бас редактор қасарыса оған: «Сен баруың керек, Қарашаев оңай адам емес. Оған үсті-басы ауым-сауым, тісін темекі ыстаған еркекті немесе салпы етек, салпаң құлақ қатынды жібере алмаймын. Онымен сұхбаттасуға өзің сияқты биязы, жинақы, рең-басы келіскен, қаламы жүйрік жас журналист лайық. Кеше Қарашаевпен өзім сөйлесіп, газетімізге сұхбат беруге келісімін алғанмын. Ұятқа қалдырма. Газетіміздің бетіне Қарашаев сынды марқасқаның суреті мен ой-пікірі басылса, бәрімізге абырой. Сондай жанмен жүргізген әңгімеңнің басылымда жариялануы өзіңе де пайда. Атағың шығады. Қаншама тілші онымен кездесуге зар болып жүргенін біліп қой. Түсінсең, Қорғас Қарашаевпен сұхбат жүргізу – басыңа қонған бақ. Бағыңды сыртқа теппе. Осындай жақсылармен жанаса жүрсең келешекте қор болмайсың, қарғам», деген. Сөйтіп, бастығы айтқан соң Қарашаевпен сұхбат алуға лажсыздан келіскен. Жас қыз ол кезде ақ бас редактор мен Қарашаевтың ымы-жымы бір, жемтіктес екенін білмейтін. Бүгінге дейін Ажар Омарова өзін әлгі редактор сол жолы қол-аяғын байлап, матап Қарашаевқа «сыйға» тартқандай көреді. Бәлкім, Қарашаев жиындардың бірінде жас тілшіні сыртынан көріп, жай-жапсарына қанығып, оның редакторына «құда түскен» болар, кім білсін?

Пешенесіне жазылғаны осы шығар... Ол атағы дүркіреген, теледидардан, газет-журналдардың беттерінен сұсты көрінетін Қарашаевтың қызмет бөлмесіне сескеніңкіреп кірген. Сұхбат беруші мұны күтіп отыр екен. Оған Қарашаев мінезі тым жұмсақ жан болып көрінді. Ажар Омарова ойлағандай емес, жалпылдай амандасым, хал-жайын сұрап, бәйек болды. Тайсақтап келген жас қыз одан мұндай ілтипат күтпеген. Іші жылып қалды. Сол сәтте оның ойында дәнеңе де жоқ еді. Ақымақ басы Қарашаевтың бұлай елпектеуінің сырын кейін ұқты ғой. Не керек, сұхбат алынып, ол газетке басылып шыққаннан кейін Қорғас мырза мұнымен жиі хабарласатын болып алды. Өзі ұйымдастырған жиналыстарға міндетті түрде шақырады. Мереке күндері сыйлық жіберуін ұмытқан емес. Алғашқыда тілші қыз оның бұл әрекеттерінен секем алған. Бірақ, Ажар Омаров ондаған мың данамен тарайтын газетке сұхбатын жариялағаны үшін, ұйымдастырған шаралары туралы мақалалар жазғаны үшін көрсеткен құрметі болар деп, бөгде ойға ерік бермей жүре берді. Уақыт өтіп жатты. Бір күні ол тілші қызды мейрамханаға кешкі ас ішуге шақырды. Әлденені сылтауратып барғысы келмейтінін айтып еді, дап-дардай басымен қиылып, өтініп болмады. Қалай көніп қалғанын өзі де аңғармай, «жарайды» деп келісімін берген.

Жайнатып жайылған дастархан басына ылғи дөкейлер жиналған. Сықиып киінген егде еркектер мен бұраңдаған сылқымдар сылқ-сылқ күліп мәз-мейрам... Кешкі ас шетелден келген бір кәсіпкердің құрметіне орай ұйымдастырылған еді. Сол түні Ажар Омарованы қайырсыз Қарашаев жалтыр бас, желкесі күжірейген шетелдік қонақтың астына салып берді... Кешкі астың соңына таман қыздың ішіп отырған суына қандай да бір дәрі қосып жіберген. Содан ол есінен айырылып қалған-ды. Түн жарымда есін жиса, жанында дөңкиіп әлгі шетелдік жатыр. Қызға білгенін істеген... Бүгінде бұл шетелдік «күйеу» Қарашаевтың Еуропадағы арқа сүйері көрінеді.

Қыздың сол сәттегі күйін кісінің басына бермесін. Қарғыс атқыр мейрамханадан жүгіріп шығып, бет алды жүре берді. Шарасыз еді. Үйге қай бетіммен бармақ? Мұңын кімге айтпақ? Анасы мүгедек, әкесіз жоқ байғұстың зарына кім құлақ ассын?! Жүре берді, жүре берді. Көше қап-қараңғы. Жылап келеді. Бір кезде күтпеген жерден терең шұңқырға құлап түсті. Көзінің оты найзағайдай жарқ етті. Одан арғысы білмейді. Көзін ауруханада ашқан. Өзін қоқыс ақтарып, темір-терсек жинап жүргендер тауып алғанын кейін естіді. Аурухана төсегіне таңылып аттай алты ай жатты. Сол қарсаңда анасы дүниеден озған. Шешесін өз қолыммен шығарып та сала алмады.

Ажар Омарова мейрамханадағы оқиға туралы ешқайда шағымданбады. Дәрігерлер мен полицейлерге де ештеңе айтпады. «Енді қайтып сізді көргім келмейді», деп Қарашаевқа қанша рет зарласа да ол ауруханаға келуін тоқтатпады. Аптасына бір, кейде ек-үш рет бұл жатқан палатаға бас сұғады да тұрады. Ал, оның көмекшісі күнара ас-ауқат тасып әуре. Жарымжан қыз Қарашаевтың жіберіп тұрған ас-ауқатынан татып алмаған. Онысын көрші палатадағыларға беріп жіберетін. Қарашаев әр келгенінде өзінің ес-түссіз мас болып қалғанын, әйтпесе, мұндай жағдайға жол бермейтінін айтып ақталғансумен болатын. Өтірікті мыжып тұрғанын білсе де қыз оған ештеңе демейтін. Сол кездерде Қарашаевтың мөлиген көзінен бұл оқиғаға өзінің қатысы бар екенін тісінен шығармауын сұраған өтініші анық аңғарылатын.

Күндер өте Ажар Омарованың денсаулығы дұрыстала бастаған, бірақ, қатты темірге тиіп сүйегі үгітіліп, сіңірі қиылып кеткен сол аяғын қалпына келтіру дәрігерлерге мүмкін болмады. Қарашаев аяғын шетелге апарып емдетем деп те елпектеген. Бірақ, қыз: «Аяғымды шойнаңдатып шетелдегі досыңыздың астына тағы да салып бермекшісіз бе, аулақ жүріңіз» деп көнбеген.

Дәрігерлер Қарашаевтың пәрменімен барын сала емдегенімен аяғы іріңдей берді. Ақыры аяғын тізеден кесуге тура келген. Сөйтіп, ол Қарашаевтың кешкі асының өтеуіне ары мен бір аяғын берген. Осылайша, жас қыз үлкен өмірдің алғашқы баспалдақтарын баса бергенде оңбай құлап, мүгедек атанып, болашағына жалғыз аяқпен сапар шегуге мәжбүр болған.

Ауруханадан шыққан соң Қарашаев Ажар Омарованы өзінің меншігіндегі «Жанайқайға» орналастырды. Өйткені, мүгедек адамға айлы-шайлық табатын жұмыс артықтық етпесі белгілі. Өстіп, тіршілік, күнкөріс оны Қарашаевтың қоршауына мықтап қамады. Дәлірегі, Ажар Омароваға ата жауының астауынан жем жеуге тура келді. Қазір ол өзін қас жауының шашбауын көтеріп, жыртысын жыртатын жалшысы, үйін күзеткен әупілдеп үрер иті секілді сезінеді. Қарашаевқа біреу тіл тигізер болса, оны қорғаштап, шаң жуытпауға барын салады. Тағдыр оны басты дұшпанын күзеттіріп, есігінің алдына байлап қойды. Күнкөріс не істетпейді?

Ажар Омарова сөзін қайта жалғап:

– Жұмыс бабымен алдыма келгендер жаны өлген, құр сүлдері қалған адамнан сұлулық көріп мәз... Кешіріңіздерші... Барыңыздаршы... Кетіңіздерші... Мен бір алжыған мүгедек кемпірмін ғой. Алжыған, азып-тозған кейуанадан қылшылдаған жігіт бастарыңызбен жәрдем тілеп келген сіздерде де ес жоқ екен. Естеріңіз болса, Қарашаевтан қырық мың шақырым алыс жүрмейсіздер ме? – деді ашудан жүзі күреңітіп.

Іле қыз өксіп-өксіп жылап жіберді де, кеудесімен үстелге етпеттей жатты. Енді Нұржау мен Сауықбекке бұл бөлмеде аялдауларына ешқандай қисын жоқ еді. Екеуі орындарынан тұра бергенде қыз басын көтерді. Ол шұғылалы сәулесі көмескіленген, көк пен жердің арасын кезіп жүріп, қапылыста қанаты қайырылып, кеңістікке кербездене көтеріле алмай қалған пeріштe тәрізді көрінді.

Қыз шаршаңқы кейіпте қайта сөйледі:

– Аяғымнан айырылғалы алты жылдан астам уақыт өтті. Содан бері шолтаңдап қалуыма кімнің кінәлі екенін тіс жарып ешкімге айтқан емеспін. Алғашқы болып сіздер естідіңіздер. «Қызықты, шытырман оқиғаның» алғашқы тыңдармандары өздеріңіз. Іштеріңізде сақтаңыздар. Бұл туралы жақ ашсаңыздар, Қарашаев сол сәтте жандарыңызды кеуделеріңізден суырып алады. Өйткені, айтылуы, жаһанға жайылуы тиісті емес әңгімелердің қопсымағаны ләзім... Бір ауық өтірікке еркіндік берілмесе, бір ауық шындыққа тұсау салынбаса, мына тіршілік қойыртпаққа айналатынын ескерелік. Ал, шынайы шындық аттандаса жолындағының бәрін сел қаптағандай жапырып, ақырында талайдың басын жұтып тынуы мүмкін. Сау болыңыздар!

Қыздың тағдырын естіп, мүгедек екенін көріп есеңгіреп қалған Нұржау мен Сауықбек арыз-шағым бөліміне өз мұқтаждықтарын жеткіземін деп кіріп, ақырында мұң арқалап шықты.

Сауықбек:

– Қайда барсаң да Қарашаевтың әулісі. Біз арқа сүйемек журналистің өзін шынжырлап тастаған мықтыға аш-арық құрылысшылар сөз болып па?! Тобықтан қағылып топалаң аспай тұрғанда қарамызды батыралық. Біздің әрекетіміз – нөсер оққа жалған намыспен көкірек тосу.

Нұржау:

– Біз сонда жалған намыспен шапқылап жүрміз бе? Жоқ, жарқыным, жеңсек те, жеңілсек те «Оу, бұ қалай?» деп бас көтерсек ертең көкіректе өкініш қалмайды. Бұқпантайлап немесе тырағайлай қашқанда ұпайымыз түгелдене ме? Жатақханада бір топ жігіттер жолымызға үмітпен қарап отыр. Оларға басымыз салбырап, екі қолымызды жайып қалай барамыз? Ақырына дейін шыдайық. Қазір ешқайда алаңдамай тұп-тура қалалық сотқа барып, арыз тастаймыз. Журналистерден қайыр жоқ. Бітті. Айтпақшы, сопақ бас, жалпақ танау орынбасар осы ғимараттың үшінші және төртінші қабатында оспадар оппозиционерлер отырады деп еді, соларға кіре кетелік.

Сауықбек Нұржаудың соңынан көңілсіз ілесті. Бұлар үшінші қабатқа көтеріле бергенде тарғыл мұртты, қасқа бас, тәпелтек бойлы, қарыны жуан болса да қимылы ширақ, жасы елудің о жақ, бұ жағын төңіректеген адаммен бетпе-бет келіп қалды. Нұржау жөн сұрамаққа ыңғайланып оны тоқтатып алды.

– Осында оппозиционерлер отырады деп естіп едік. Кімге жолықсақ екен, жөн сілтеп жіберіңізші.

Анау:

– Оп-оп-оппозиционерлер көп. Оппозицияның екі партиясы бар? Сіздерге қайсысы керек?

– Шағымданбақ едік, қайсысы дұрыс?

– Мұнда нағыз және жалған оппозициялық партия бар. Біздің партия мықты. Нағыз оппозиционер бізбіз. Төртінші қабатқа көтеріліп, сондағы кез келген адамға жолықсаңыз болды, мәселеңіз шешіліп жүре береді. Барыңыздар. Асығыңыздар. Жасасын біздің оп-оп-оп...ия.

Ұзын дәліздің екі жағы қаптаған есік. Біреуін ашып, ішке бас қылтитып еді төрде қағазға көміліп шашы аппақ қудай, қартаңдау кісі отырғанын көрді. Бөлменің іші темекінің көкшулан түтіні. Танауыңды ашытады. Төрдегі кісі кіре беріңдер дегендей ишарат жасады да, күрк-күрк жөтеліп алып, темекісін тұтатты. Онсыз да түтіннен қақалып-шашалып тұрған бөлменің ішінде тыныс алу тіпті қиындай түсті. Шалың мықты екен. Мынадай ыстан басы айналып құламай отырудың өзі үлкен ерлік дерсің. Амандасу рәсімі өте қысқа болды.

Қып-қызыл оппозицияның ортасына кірдік, арман-тілегімізді ашық айтатын болдық деп көңілдеріне сәл-пәл желік кірген Нұржау мен Сауықбек алғашқыдай емес, өздерін еркіндеу сезінді.

Темекісін құмарлана тартып, аузы-мұрнынан көкшулан түтінді будақтатқан шал ерігіп, іші пысып отырса керек, бұлардың кімдер екенін, нендей шаруамен жүргенін сұрамастан, өз қиялының жетегімен сөз бастады.

– Отырыңдар. Сыртқы пішіндеріңнен ауылдан келгендеріңді байқап тұрмын. Е-е-ее. Ауыл, ауыл... Ауылымды сағындым. Ол жаққа ат ізін салмағалы біраз болды... Бұрын кім едім, қазір кіммін? Кезінде қаламы жүйрік журналист, бірнеше газеттің бас редакторы болған ағаларың бүгінде мыжырайған шал... Бәрі де Жақа, Жарма Жасақович деп алдымда иіліп тұратын. Қабылдауымнан кісі үзілмейтін...Дардай лауазым иесі болып жүріп зейнеткерлікке шығып қалу нағыз азаптың өзі екен. Шіреніп, орынтаққа шалқайып отырар шағым көзден бұлбұл ұшты. Енді, міне ешкімге керек емеспін. Мына бөлмеге кісі баласы бас сұқпайды. Жалғызсырап отырасың. Сендерді көргенде қуанып кеттім, өйткені, біреу-міреу алдыңа келіп «ағалап» амандасса, соның өзі бір ғанибет қой, – деді ақбас шал алдындағы екеуге кезек қарап.

Жарма Жасақұлының зейнетке шыққанына биыл төртінші жыл. Кеше өзі шашбауын көтеріп, сөзін сөйлеген билік кейінгі уақытта бұған көз қырын да салмай қойған соң, лажсыздан лып етіп қарсы бетке, дәлірегі бұрынғы қарсылас тарап – оппозицияға өтіп кеткен. Оппозиция жағы бұған аздап ақы төлейді. Сөйтіп, бір-бірінің сөзін сөйлегенсіп жүруге келіскен. Жарма мырза былайғы жұртқа «оппозиция маған сенім артып отыр. Бұл сенімнен шығуды азаматтық парызым санаймын», деп айта жүреді.

Кезінде ол жайлы қызметтен айырылып қалмаудың қамымен ішіндегі запыран-зарын ақтара алмайтын еді. Біреу-міреу тірсегімді қиып кетер деп, қорыққаннан тілін тыйып ұстайтын. Ал, қазір тілінде аздап еркіндік бар. Бірақ, ұзақ жылдар бойы «екі елі аузына – төрт елі қақпақ» қоя білу әдеті қанына сіңіп кеткен, өзін сақ ұстаймын деумен-ақ әбден жалтақ болып алған байғұс әлгі аздаған еркіндікке тосырқай қарайды, оған соншалықты жолай бермейді. Қорқады. «Сүйегі сықырлаған, көкірегін ыс басқан шалға кім қауіп төндіреді дейсің? Мен де басымды көтерейін...» деп іштей өзін қайрағанымен, жеме-жемге келгенде тайқып шығады.

Кейде оның ішкі әлемінде «әлдекім жұдырығын сілтеп, тісімді сындырса, көзімді көгертсе, рахат болар еді» дегендей қулықты, бақай есепке құрылған зымиян пиғыл аракідік қылаң беріп қалатын. Мұндай бүкір ниетінің туындауына мына оқиға түрткі болған-ды. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын ақылын ашуы иектеген бір әумесердің жұдырығы мұның тұмсығына оңдырмай тиген. Содан бұл ауруханаға барып көсіле жатып алып, заңға жүгінетінін ескерте отыра әлгі жұдырықтың иесін құмары қанғанша теспей сорған. Пәтшағар мұның қырық жылғы кеселін емдетіп, алтын тіс салдырып беріп, ауруханаға ас-ауқат тасып, әбден әбіржіп, ақырында аяғына тізерлей келіп жығылып, кешірімін сұрап зорға құтылған. Міне, осы жайтты, нақтысы, тегін ем мен жілік майын толтырған тегін жылы-жұмсақты есіне алғанда Жарма Жасақұлы: «Ұрынарға қара таппай жүрген, жұдырығы қышыған, қалтасы қалың бір әумесер, ақымақ біреу кезіксе екен. Қирап тұрған денсаулығыма «капитальный ремонт» жасатып алар едім...», – деп анда-санда болса да ойлап қоятын.

Жағы солған, әжімдері қатпар-қатпар сары шал – Жарма Жасақұлының бүгінгі жұмысы – күні кеше өзі мақтағандарды, биліктің ықпалсыз өкілдерін тым тереңдемей, арыға бармай шымшылау. Сақ қимылдайды. Өйткені, олардың бірі қаға берісте тісін сындырып, көзін шығарып кетсе, алдында құрдай жорғалап, айыбын төлеп, кешірім сұрамасын біледі. Бұл тек, кәкір-шүкірлерді, тіреуіші өте әлсіздерді ғана қарауылына алады. Оның басты ұраны, ұстанымы – «Шамаға да қараған жөн».

Жарма Жасақұлы бір жөткірініп алды да, қолындағы шегіліп бітуге айналған темекісінің тұқылын күл салғышқа мыжғылай отырып сөзін жалғай түсті.

– Сендерге сұрамасаңдар да өз жайымды баяндап кеткеніме іштей күліп отырған шығарсыңдар. Күле беріңдер. Екеуіңе ақтарыла, мұң-зарыңды айта бергің келеді екен. Не сиқырларың бар өзі?.. Дұры-е-е-с. Ешкім жай-күйіңді келіп сұрамаса, кездесе кеткен жанға өзіңнің ахуалыңды айтып қалуға құмартып тұрады екенсің. Аяғым қақсайды, белім шыдатпайды, басым айналады, бүйрегім ашып ауырады, көздерім жасаурап, құлағым шыңылдайды. Кәрілік қой... Талайлар жасаған жақсылығымды жауапсыз қалдырды. Ешқайсысынан да қайтарым болмады. Бордай тозғырлар! Тек бір-ақ адам ғана арқамнан қағып, көңіл бөлді. Оның кім екенін білесіңдер ме? Білмейсіңдер! Ол – елдің бағына туған Қарашаев деген азамат. Рас, кезінде оның жақсысын асырып, жаманын жасырып мақалалар жарияладым, шамамның жеткенінше жұрт алдында дәріптедім. Ол туралы мақала, өлең, очерк жаздым. Кейін Қарашаевты жағымды кейіпкер ретінде еңбектеріне арқау ететін жарамсақтар қаптап кетті де, мен ысырылып қалдым. Бірақ, Қарашаев мені ұмытқан жоқ. Осы төрт қабатты үйдің иесі – сол абзал інім. Мұнда жайғасқандардың бәрі әр шаршы метр үшін ақы төлейді. Ал мен мына кабинет үшін тиын бермеймін. Бұл арада ешкім де өз бөлмесінде отырып темекі шеге алмайды. Тек маған ғана көк түтінді будақтатуға рұқсат берілген. Бұл, әрине, Қарашаевтың арқасы. Біліп қойыңдар. Көбісі менен аяқ тартады. Өйткені, оның танысы екенімді бәрі біледі, – деді ол масайраған кейіпте.

Шалдың аузынан Қарашаевтың есімін естиміз деп күтпеген Нұржау мен Сауықбек өзара келісіп алғандай, бірдей терең күрсініп қалды. Оған қоса, өздерін зар жылатып жүрген жанды Жарма Жасақұлының аяғын жерге тигізбей мақтағаны екеуін әрі-сәрі күй кештірді. Сол сәтте шалдың алдында құры босқа отырғандарын бұған дейін-ақ ұғып қойған Нұржау мен Сауықбек бөлмеден шығып кетудің қисынын таба қоймады. Өйткені, өздерінен жасы үлкен кісінің сөзін үзіп, орындарынан тұрып кету олар үшін әдепсіздік еді.

Әңгіме Жарма Жасақұлының тарапынан қайта өрбіді.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, Қарашаев оппозициялық партияның көсемсымақтарына айтып, маған азын-аулақ тиын-тебен төлеткізіп тұруды да ұмытқан жоқ. Мұндай жақсылық естен шыға ма? Солай... – деді шал.

...Жарма Жасақұлы зейнетке шыққан соң араға бір жыл сала Қарашаевтың алдына барған. Ол мұны құшағын жая қарсы алып, төріне шығарған. Алпауыттың ыстық ықыласына бөленген Жарма мырза бұл кездесуден әжептәуір пайда көрді. Осы отырған бөлмесін тегін пайдалану оның Қарашаевтан көрген жақсылығының бір болатын. Бірақ, қожайынға бұл көрсеткен игілігі үшін мұнда не болып жатқанын хабарлап тұруға уәде берген.

Бұл төрт қабатты ғимаратта Қарашаевқа сөз таситын жалғыз Жарма Жасақұлы емес. Ондайлар өте көп. Мұндағылар бірін-бірі аңдығанда кәсіби тыңшылар мен із кесушілер жолда қалады. Олардың көпшілігі Жарма Жасақұлы секілді: «Қожайынға керекті жаңалықтарды, мұрынының астынан міңгерлеп, күбірлеп жүретін теріс көзқарастылардың жыбыр-жыбыр әңгімелерін жеткізіп отырмасақ арда азамат арандап қалуы мүмкін ғой. Қарашаевтай ірі тұлғаны қорғап-қолдамасақ несіне жүрміз? Елін сүйген ерге болыспасақ біздің патриоттығымыздан не пайда?» деп, өздерінің жәдігөйлік іс-әрекеттерін адалдықпен қызмет етудің жарқын үлгісі санайды.

Жарма Жасақұлы тағы да темекісін тұтатты да:

– Қарашаев – нағыз мәрт, батыр! О-оһо, бәрінен де оның серілігін айтсаңшы! Қыз-қырқынға қырғидай тигенін көрсеңдер, таңдайларыңды қағасыңдар. Небір жас сұлуларды, қылмыңдаған бұраң бел бикештерді қармағына түсірудің шебері-ақ. Күйеуі бар көрікті келіншектердің өзін шыр айналдырып, шыбықтай майыстырып... Ех, шіркін! Өзіміз де оған көзі күлген қыз-келіншектерді тұзағына түсіруіне талай мәрте көмектестік қой. Соның өтеуін міне, қазір көріп отырмыз. Жасаған жақсылығыңды ұмытпайтын сондай жігіттер арамызда көп болғай. Қарашаев сынды жампоздардың жанында жүрудің өзі бақыт қой, – деді жылмия.

Нұржау мен Сауықбек «талай мәрте көмектестік қой» деген сөзді естіген бойда бір-біріне жалт қарасты.

Шал:

– Жарайды, осымен тоқтайын. Иә, енді жөндеріңді айтыңдар, неғып жүрген жансыңдар?

Ақбас шалдың оңған адам емес екенін әңгімесінен жазбай таныған екеуі ештеңе демей, үнсіз қалды. Оларға өздеріне ақыларын бермей зәразап еткен адамды пір санап сандалған шалға сөз шығындау артық еді.

Сауықбек:

– Ағасы, біз мұнда адасып кіріп кетіппіз. Негізінен, шаштаразы іздеп жүр едік.

– Е, шаштаразы-мастаразылар келесі ғимаратта. Мен сендерді журналист ағаларына бұйымтай айта келген жандар ма деп ойлап қалсам... М-м-мм-м..., – Шал ақы төлеп оны-мұнысын жаздыртып алып кететін клиенттеріне, басқа да тірліктерімен келгендерге өзінің осал еместігін, уағында білдей бас редактор болғанын, Қарашаев сынды дөңайбатты дөкейдей тірегі бар екенін ескертіп, осы әрекеті арқылы алдына келгендерді бір тұқыртып алып, мысын басып барып жөн-жосық сұрайтын әдеттегі әдіс-айласын арам-тер болып құры босқа пайдаланғанына өкінді ме, әлде басқа бір жағдай мазалады ма, басын шайқай берді.

Нұржау:

– Аға, бір нәрсеге өкінгендей бас шайқадыңыз ғой...

– Жоға, жай... Бас редактор кезімде алдыма келгендер қалтамды томпайтып кететін. Ол дәуір өтті. Енді «біреудің үстінен арыз немесе дұшпанымды тұқыртатын мақала жазып бер» деп келетіндердің шай-пұлына көз сүзіп, дәметіп, солардың жолын тосып, «Қанды басың бері тарт» деп отырған жайым бар. Олар да кейінгі кезде тым сирексіп кетті. Сендерді солардың бірі шығар деп ойлағанмын. Сөйтсем, көше толы шаштараздардың бірін де көрмей, зәулім үйдің төртінші қабатынан шаш қиятындарды іздеген әпенді екенсіңдер ғой. Бас шайқағанымның себебі сол, – деді де қайтадан темекі тұтатты. – Жарма Жасақовичті бәрі де ұмытты. Кезінде дүркіреген есімім естерінен шықпаған бірен-сарандар ғана мені іздейді. Сағынып емес, әрине, бірдеңе жазып беру үшін керексінеді.

Шал терең күрсінді. Нұржау мен Сауықбектің санасын Ажардай ару қыздың Қарашаевтың қанды шеңгеліне арандауына себепші болған редактор осы емес пе екен деген ой шырмап алды. Екеуінің көңілдерінде шалға деген жағымсыз көзқарас орнығып үлгерген.

Нұржау:

– Журналистердің көпшілігін танитын шығарсыз.

– Иә, біразын білемін. Бірақ, кейіннен шыққан жастарды тани бермеймін.

Кенет бұл шалдың авторлығымен шыққан мақалаларды талай оқығаны, өзі аракідік болса да жаздырып алып тұратын газеттің соңғы бетінде үнемі есімі жазылып тұратыны Нұржаудың есіне түсе кетті де:

– Жарма Жасақұлы деген аты-жөніңізді жас кезімнен білемін. Мақалаларыңызды талай оқығанмын..., – деген Нұржау әңгімені соза түскісі келген сыңай танытты. Өйткені, оның санасында Ажардың тағдырына тасадан тас атып, жетім қыздың сәулелі үмітін өшіргендер қатарында Жарма Жасақұлының да бар-жоғын білгісі келген әуестік қылаң берген-ді..

Шал:

– Өтірік айтасың. Егер менің жазғандарымды оқысаң, солардың бірін есіңе түсіріп көрші.

– Жазғандарыңыз көп қой, оның қайсы бірін айтайын?

– Дегенмен...

– Есімде жоқ. Сірә, есте қаларлықтай жеріне жеткізе жазбағансыз-ау, шамасы. Бәлкім, тартымды жазбаларыңыз менің көзіме түспеген болар.

– Әй, бала, кемсітіп отырсың ба? Есте қаларлықтай етіп талай жаздық, бірақ сен секілді миғұлаларда бірдеңені ұғатын ми болмаса қайтпексің!

– Кешірерсіз. Жүйрік қалам, жүрдек ойыңыздан туған еңбектеріңіз менің емес, ел есінде қалса болды емес пе?

– Қырсықпай солай демейсің бе?..

– Ажар Омарова деген журналист қызды танисыз ба?

Бұл есімді естігенде Жарма Жасақұлының өңі күреңітіп, көздері жыпылықтап, інінен басын қылтита шығарып, жан-жағына жалтақтай қараған сарышұнақтай елеңдеп, қозғалақтап қалды. Нұржау мен Сауықбек оның бойындағы күрт өзгерісті жазбай таныды. Шынында, дәл мына алдындағы жігіттің аузынан Ажар Омарова деген журналистің есімін естимін деген ойы жоқ Жарма Жасақұлының зәре-құты қалмаған еді. Оған алдындағы екеу қарапайым киініп келіп, өзін тергеуге алғалы отырған прокурордай көрінді. Дегенмен, әккі шал етек-жеңін әп-сәтте жинап, бастапқы қалпына түсе қойды.

Шал:

– Иә, білемін. Ол сендердің кімдерің еді?

Нұржау:

– Жай, сырттай танимыз. Осыдан алты-жеті жыл бұрын газеттерге мақалалары жиі шығатын. Содан есімі жадымда жатталып қалыпты.

– Газет-журналдарға жазатындар өте көп, бірақ солардың арасынан тек Ажар Омарова деген журналистің атын атағаныңа таңырқап отырмын.

– Сіз әлгінде жер-көкке сыйғызбай мақтаған Қарашаевтың аты аталғанда ол кісімен жүргізілген бір сұхбатты оқығаным есіме түсе кеткені. Жаңылыспасам, сұхбаттың авторы әлгі журналист қыз болатын. Қысқасы, Қарашаевтың есімі аталған соң Ажар Омарованың да есімі жадыма оралғаны ғой. Оған таңданбай-ақ қойыңыз.

Алдында отырған екеудің тергеп-тексерер «тентектер» емес екеніне көзі жеткендей болған Жарма Жасақұлы жиырып алған денесін босаңсытып, жайбарақат қалпына түсті. Терең күрсінді. Күткен қаупі сейіліп, көңілін бір демдеген соң, тағы да темекісін тұтатты.

Шал:

– Жөн. Иә, ол сұхбат менің де ойымда.

– Сіз де оқыдыңыз ба?

– Әрине, сұхбат басылған газеттің сол тұстағы бас редакторы мен болатынмын. Жамандағаным емес, Қарашаев сөзге шорқақ, қарадүрсіндеу адам ғой. Батырлардың табиғаты сондай болады емес пе? Қойылған сұрақтарға мандытып жауап бере алмапты. Сосын, журналистпен бірге отырып, әлгі сұхбатты өңдеп, маңыздандырып, пісіріп, бас-аяғын жинақтап, биліктің көзқарасына ыңғайластырып жариялағанбыз.

Нұржау мен Сауықбектің Ажарды Қарашаевтың қорасына қақпайлап кіргізген ақбас редактор осы екеніне көздері анық жетіп, темекі түтініне шашалған мыжырайған шалға екеуі көз аларта қарасты.

Нұржау:

– Сол журналистің аты-жөні газет-журналдарда көрінбей кетті ғой, қайда жүргенін білесіз бе?

– Әй, ол сендерге не үшін керек бола қалды? Сорлы, бағы ашылмаған сендердің сүйікті Ажар Омароваларың жынды көбелектей ұшып-қонып жүріп отқа түсіп кеткен. Әлдебір маскүнемдер зорлап, қоқыс тастайтын шұңқырға лақтырып жіберіпті. Соның салдарынан аяғы кесіліп, баяғыдай ойнақтай алмайтын болған. Қазір шолақ аяғын шолтаң-шолтаң еткізіп, қос балдағын қолтығына қысып алып осы маңда жүр. Бетпе-бет кездесе қалсақ, сәлемдеспек былай тұрсын, басын кегжитіп, көзін алартып қарайды да жаныңнан ызғарын шашып өтеді. Бейне бір аяғын қырқып алған мен секілдімін. Ол маған рахметін айту керек еді. Бірақ, оған өресі жетпейді. Әлгі сен айтқан сұхбат оған бүгінге дейін азық болып жүр. Неге дейсің бе, сол қыз абыройы мен аяғынан айырылып аурухана төсегінде сұлық жатқанда оның маңдайын сыйпап, жан жылуын берген жалғыз Қарашаев болды. Ал, Қарашаевтан сұхбат алуға оны мен жұмсағанмын. Сол үшін де Ажар Омарова маған қарыздар, бірақ, қазір мені көзіне де ілмейді. Мен, Құдай-ау, кімдерге жақсылық жасамадым, солардың бірі де қайтпады...

Сауықбектің ә дегенде шала бүлініп, буырқанып шыға келетінін, кейіннен сонысы үшін опық жеп қалатынын бірнеше рет көрген Нұржау серігіне көз тастап еді, ол ақбас шалға әлдене деуге ыңғай білдіргендей сыңай танытып отыр екен. Сауықбек Ажар Омаровадан естігенін ақтарып салып, ешкім білуі тиісті емес бұйығы сырды жайып жіберер деп қауіптенген Нұржау жолдасына қабағын түйіп, «тыныш» отыр дегендей белгі берді. Нұржаудың ишарасын ұға қойған Сауықбек сабасына түсе қалды. Алайда, Нұржауға көкшулан түтін тұншықтырған бөлмеде бүрісіп, өзінің кезіндегі аярлығын қайырымдылыққа балап отырған шалды астарлы кекесінмен сөзбен бір түйреп кетпесе, ішіне кек тұнып, мазасы қашатындай көрінді. Дегенмен, торығуың мен жабығуыңның себебін сездіруге құқың жоқ, қасірeттер жүректерде тұншыққан, уайым-қайғы қабақтарда сүңгідей салбыраған, еріндердің айналасы өтірік мүләйімсіп күлуден әжімденген, бақытсыздық қана семірген, бақай есепсіз, қулық-сұмдықсыз аттап басу мүмкін емес қоғамның өнімі – мына шалды табалап, жазғырып, қылмысын бетіне бассам деген ниеті жағалауға соғылған толқындай кері шегініп кетті. Өйткені, Нұржау мүгедек ару мен ақбас шалдың арасындағы соқпақты бұралаң жолдан біреудің мүсіркеп, аяушылығын туғызатын, дәрменсіздік пен шарасыздықтың шекпенін киген өз сұлбасын көргісі келмеген еді.

Шал:

– Жә, шырақтарым, жетер, қайқайыңдар, қай-қайдағыны қозғап жалықтырып жібердіңдер, енді қайшыларын жалаңдатқан шаштаразышылармен мылжыңдасыңдар, – деп зілдене, сөлі кепкен бетін тыржита сөйледі. Нұржау мен Сауықбек шалдың бөлмеден шығып кетулерін талап еткен зілді сөзін жылы қабылдады. Өйткені, бөлмедегі тозақ түтіні екеуінің де тынысын тарылтып, басын айналдырып, мең-зең күйге түсіре бастаған еді.

Үсті-бастарына темекі ысы сіңген екеуді тыңдар құлаққа өздерінің шағымдарын жеткізсем деген ниеті сүйрелеп тағы бір есікті сығалатқызды. Оларға бұл жолы шекесінде нөмірінен басқа жазуы жоқ, арзанқол есікті емес, жалпақ, ою-өрнекті, тұтқасы әдемі, маңдайында «Қабылдау бөлмесі» деген жазуы бар, арғы жағында маңызды мәселелерді шешетіндер ғана отыруы тиіс есікті ашу бұйырды. Әдетте, қабылдау бөлмесінің алдында кезек күтіп отыратындар көп болушы еді, мына бастықтың есігінің алды бос. Сарылып кезек күтпейтінін ойлаған екеу алғашқыда қуанып кетті. Алайда, Нұржау «Алдына кіруге сұранып тұрған ешкім жоқ екен. Жұрттың сенімін ала алмағандықтан ешкім іздеп келе қоймайтын қуыршақ бастық болып жүрмесе не қылсын, әлгі шалмен бір сағаттай мылжыңдасып едік, енді тағы біреумен құрғақ сөзді сапырып күнді батырмасақ жарар еді» деп ойлады.

Бастықтың қабылдау бөлмесінде отырған қайқы төсті, қоңыр көзді, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, шашының түсін сарымен бояған, не қазақ, не орыс екенін ажырату қиын хатшы қыз бұларды көрген бетте орнынан ұшып түрегеліп:

– Саламатсыздар ма? Оппозициялық «Бозінген» партиясының Ү. қалалық филиалына хош келдіңіздер! – деп саңқ етті. Әдетте хатшы қыздар маңғазданып, қылықтанып, біреудің есігін күзетіп отырғанын үлкен лауазым көріп, бастықтың көңілінің бір кілті өзінде екенін сездіргісі келгендей кергіп, алдына келгеннің сөзіне селқос жауап беруші еді, ал мынау мүлде басқаша. Сірә, келген адамдарға орнынан тұрып, ізетпен сәлемдесу керектігі қожайыны тарапынан бұйырылған болар.

Сауықбек:

– Бастыққа жолықсақ деп едік. Айтатын арыз-шағымымыз бар.

Қыз дауысын көтере тақпақтап:

– Алдымен сіздерге үшінші қабаттағы жалған оппозиционерлерге соқпай, бізді, яғни, нағыз оппозициялық партияны адаспай тауып келгендеріңіз үшін рахмет айтамын! Қазір бастық әлдекіммен телефон арқылы сөйлесіп отыр, қолы босаған соң сіздерді кіргізуге рұқсат сұраймын. Әзірге осында күте тұрыңыздар, – деді.

Қыздың ашық, жігерлі дауысы жалаң ұранға толы жиналыстарда жылтыр, құрғақ сөздерін түйдек-түйдегімен төгетін, әсерлеп сөйлеуге алдын ала әбден жаттығып алатын баяндамашылардың үніне айнымай ұқсайды. Сірә, бұл қыз да сырт көзге арындап тұрғандай көрінгенімен, іштей жалтақ оппозиционерсымақтардың сондай мәнсіз, жайдақ жиналыстарына көбірек қатысып, сондағы ұрандап, аттандап, тақпақтап сөйлеу мәнерін бойына жұқтырған болар.

Нұржау:

– Әдетте, бастықтардың қабылдау бөлмесі кісіден бос болмаушы еді... Ал, мына...

Хатшы қыз:

– Нағыз оппозиционерлердің ұясына батылы жетіп келетіндер өте сирек кездеседі. Өйткені, көп адамдар қырағы көзді дұшпандарымыздың көзіне оппозициямен ауыз жаласып жүргендей болып көрінгісі келмейді. Бәлесіне қалармын деп қорқады. Міне, солай... Сіздер мұнда ешкімнен үрікпей, сескенбей келген көзсіз батыр екенсіздер. Батырларға біздің есігіміз әрдайым ашық.

«Бозінген» партиясы қалалық филиалының жетекшісі Марқасқа Байқұмаров бидай өңді, қыр мұрынды, шегір көзді, шағын денелі, елуден асыңқыраған кісі екен. Ол қабылдауындағы екеудің мұнда келгендегі мақсаттарының жай-жапсарын мұқият таңдады.

Марқасқа Байқұмаров:

– Сонымен бізден қандай көмек күтесіздер? – деді.

– Сіздер бізге нендей жәрдем бере аласыздар? – деп Нұржау қарсы сұрақ қойды. – Біз оппозицияны әділет іздеп қиналған қарапайым жандардың тілегін тыңдап, мүмкіндігінше болысатын күш деп есептейміз. Сондықтан да осында келіп отырмыз.

– Ешқандай да көмек көрсете алмаймыз.

– Неге, ойбай-ау, халықтың мұң-мұқтажын сіздер түсінбесеңіздер, қарапайым жандарға көмектесе алмасаңыздар, несіне жүрсіздер?

Марқасқа Байқұмаров шарт кетті:

– Білесіз бе, партия ешкімге ойыншық емес. Біз мұндай майда-шүйдеге араласа бермейміз. Партия ірі істермен шұғылданады. Мемлекет басындағы шонжарлардың аяғын аспаннан келтіруді, ел мен жер үшін бар билікті қолға алуды мақсат етіп, ымырасыз күресіп келе жатқан партия қайдағы бір арыз-шағыммен бас қатырады дейсіздер ме? Жо-жоқ, партиямыздың төрдегі басын есікке сүйреуге жол бермейміз. Біз жауларымызды жапырып, жаңа өмір орнату үшін жаралғанбыз, момын халықтың алдынан ақ таң атыру жолында жанымызды қиюға бекінгенбіз. Біліп қойыңыздар.

– Біздің жанайқайымыз сонда майда-шүйде болғаны ма?

– Қалай түсіндірсем екен, былай, қалай еді әлгі... Иә... Солай... Сотқа, полицияға, прокуратураға, жұмысшылардың құқығын қорғайды дейтін мекемелерге барыңыздар.

– Оны өзіміз де білеміз... бірақ, сіз айтқан жаңағы сот, прокуратура, полицияға көңіліміз тартпайды. Сенбейміз. Жүрегімізде оларға деген үліңгірдей де сенім жоқ. Олар қалтаңды ақшаға сықап бармасаң соңыңнан ит қосып қуалап шығады...

– Міне, міне, дұрыс айтасыз, заң орындары, билік сондай. Ендеше, солармен күресуіміз керек. Ал, партиямыз қайдағы бір ұсақ-түйекпен бас қатырар болса, олармен қалай айқаспақ? Түсінсеңіздерші, – деп зілденген Байқұмаровтың өңі сұрланып, мойын тамырлары білеуленіп кетті.

Байқұмаровтың зілдене сөйлегеніне Нұржау шамданыңқырап қалды да, онысын сездірмей:

– Солай деңіз... Айтыңызшы, мына ғимаратта отырғандарыңыз үшін Қарашаевқа қанша төлейсіздер?

Мұндай сауал күтпеген Байқұмаров басын кегжең еткізіп, көтеріп алды да іштей: «мыналар маған дейін бұл ғимараттың ішін адақтап, талайға жолығып келген сабаздар» екен деп ойлады.

– Сіздерге оны білудің қажеті не?

– Әрине, ешқандай керегі жоқ, бірақ осы сұрақты қою арқылы Қарашаевтың үстінен жазылған арызды не үшін көзге ілмей отырғаныңыздың сырын білетінімді сездіргенім ғой.

Байқұмаров қайдағы бір ауым-сауым, қолдары күс-күс, еріндері кезерген әлдекімдердің өзін басынып, сөзімен ойнатып отырғанына ызасы келіп, талағы тарс айырылды. Әншейінде сыпайы, аузын бағып, шама-шарқын ойлап, сақ сөйлейтін әккі Байқұмаров алдындағы мына екеуі ішімде сартапталған сырымды біреу-міреуге жеткізіп бара қоймас деп, қауіптенбестен, көмейінің тығынын ағытты да жіберді. Байқұмаров қабылдауында отырған арызданушы екеуді адам ғұрлы көрмегендей.

– Талай сырға қанық көрінесіздер, ендеше несіне бүкпелеймін, мұндағылардың бәрі, төрт қабатты үйдің ішін жайлаған жарандар түгелдей Қарашаевтың құзырында. Бұл аз болса айтайын, мына қалада, жайылған жалпақ далада, өркеш-өркеш тау-таста «Жасасын Қарашаев, жаса Қарашаев!» деп шиқылықтаған шымшықтар мен шүрегейлер, шалшықтар мен көлшіктерде, жылғалар мен арықтарда Қарашаевты пір тұтатын бақалар мен шабақтар жетіп артылады... Білесіздер ме, біз оның қанатының астында қалықтап, қырандардың көзіне іле бермейтін жәндіктерді жалмап, солардан қалған-құтқанды қармап жүрген қырғимыз. Ал, сіздер Қарашаевтың үстінен оның асыранды қырғиларына арыз айтып жүрсіздер. Күлкілі, өте күлкілі.

Нұржау:

– Қарашаевтың қырғиымын дегенше, құлақ кесті құлымын десеңізші.

– Ха-ха-ха. Иә, оның құлымын. Бірақ, тамағы тоқ, киімі бүтін, жайлы үйі, жайылған төсегі, зуылдаған көлігі, аршын төс арулар соңынан жүгіретін ақшалы құлмын. Күнім сендердікінен тәуір.

– Сонда біздің оппозицияның серкелері әлдекімнің құлы болғаны ма? Өзін құл ретінде сезінетін адамның алдына келген бізде де ес жоқ екен. Қайдан білейік, бәрі де сырттай баға беріп, ішіне үңіле алмас көрсоқырлығымыздың кесірі ғой.

– Не деп кеттіңіз? Қаңғып жүрген қайдағы оппозиция?! Бізде оппозиция жоқ! Мана халықтың оппозиция деп жүргендері – бақ пен дәулетке малтыққан кешегі күнін аңсаған, ашық ауызданып оттаймын деп астындағы орынтағынан, шамасы жетпейтінмен бәсекелесемін деп меншігіндегі мүкамалынан айырылған, байқаусызда дүркіреген дөкейлердің бірінің аяғын басып кетіп бәлеге қалған, өзін қақпайлап жағалауға шығарып тастаған мықтыға өшігіп, жеке басының кегін қуған пенделер мен шын пейілімен шырылдап, күйіп-жанар аз ғана жақсыларды аңдыған «жұмсалғандардан» құралған тобыр. Солай. Енді осы тобыр сол жоғалтқандарын қайтарып алуды қиялдап жүр. Олар бұл қиялдарын шындыққа айналдыру үшін адал болып көрінуге, халықтың қамын жегенсіп сөйлеуге мәжбүр. Өйтпеске лажы жоқ, – деді Байқұмаров батылдана.

Марқасқа мырзаның айтқаны шындықтан алшақ емес-тін. Расында мына жұрттың оппозициялық күш деп жүргендері сырттай қарағанда ұйымшыл, бір мақсаттың жетегіне ілескен ынтымақты топ болып көрінгенімен іштей қырық-пышақ еді. Өйткені, оларда бір арнаға құйылған ізгі ниет, ілкімді ой болған емес, тек бар көздегендері – әрқайсысы өздерінің ешкімге сездірмейтін ергежейлі тілектеріне жету. Егер олардың ортасына майлы сүйек тасталса, итше ырылдасып, бір-бірін талап, жеп қоюға дайын. Ал, оппозиционерсымақтардың, дұрысы, әлгі тобырдың ішіндегі біреуіне билік тарапынан жылы-жұмсақ, жайлы қызмет ұсынылса, ойланбастан сол күні өз ортасын тастап кете барады. Міне, сіздің оппозицияңыздың түрі.

– Қызық екен... Сөзіңізге қарағанда оппозицияны іштей жақтырмайды екенсіз... Олай болса қалақтай басыңызды қаздаңдатып неменесін бұл топтың қатарында жінігіп жүрсіз?

– Мені қара бастың, тойымсыз қарынның қамы бұл тобырдың етегінен жармасуға мәжбүр етіп отыр. Әйтпесе, мына жерде бір күн де отырғым жоқ. Дегенмен, бұл ортаға да бойың үйренеді екен..

– Көрініп тұр, біраз дүниені үйренген секілдісіз...

– Иә, көп нәрсе үйрендім. Мықты әртіс болып алдым... Адамға өмір сүру үшін талай дүниені меңгерген жөн. Одан ешкім қор болмайды.

– Шамасы «жұмсалғанның» да рөлін келістіре ойнап жүрсіз-ау деймін.

– Ха-ха-ха, иә, иә, солай, енді... былай... Іштерің күйсе тұз жалаңдар, сырттарың күйсе мұзға аунаңдар!

Қарқылдап күлген Байқұмаров кенет бірден түнере қалды. Әртістікті әбден меңгергені сезіліп-ақ тұр. Өз рөлін орындап жатқан кезде бірде күліп, бірде жылап, кейде шапшып, кейде басылып мың құбылатын кәсіби әртістің нағыз өзі дерсің. Аумайды.

Күлкісін тыйып, саябырсыған Байқұмаров ендігі айтар әңгімесін арыдан қозғағысы келгендей тамағын кенеп, бір жөткірініп алды.

– Кезінде табысы мол, алдыңда иліп-бүгіліп, жорғалап жүретін бағыныштылар көп үлкен қызметтің тізгінін жеті-сегіз жылдай ұстағанмын. Бәрі де көңілдегідей еді. Жоғарыдағылардың көңілін тауып, сұрағанын беріп, әмпей-жәмпей жүргендіктен орынтағымнан ешкім қозғай қоймайтындай көрінетін. Солай сезілетін... Бірақ, бір қыз бой жетіп, жас тәнін бір кәрі қақбастың қалт-құлт еткен, еті қашқан қолына сипататынын, ақ тамағын сасыған ауызға иіскететінін, соның ақысына «патшалығымның» билігін сұрататынын қайдан ғана білейін. Тамырын тереңге тартқан бір дөкей шал жас тоқалының қалауымен мені жұмсақ кресломнан аударып түсірткізді. Қызметімді тартып алды. Алғашқыда жайлы орынымды босатуға көнгім келмей, қипақтап-сипақтап көрдім. Менің көкем оның алдында дәрменсіздік танытты. Сөйтіп, күштіге дауа барма, айдап шықты, – деді Марқасқа мырза бүгінгі қызметіне келу жолының қалай басталғанын түсіндірген болып. Бұдан соң ол күйініп не мақтаныш ете айтқаны белгісіз, қызды-қыздымен өмір тарихының кейінгі бөлігін жайып салды.

Негізінде, бір дөкейдің белден басқан әрекетінің кесірінен қызметінен айырылып қалған Байқұмаровқа бұрынғы тіреуіші басқа жұмыс ұсынған. Оған көңілі тола қоймаған. Өйткені, алдыңнан кес-кестеп, қалтаңа түспей қоймайтын көлденең табысы жоқ, қаланың бір бұрышындағы кетеуі кеткен кеңсесі, ішіп-жеп қалған ауызды жарыта қоймас шайлығы ғана бар қызметке орналасу Марқасқа мырза үшін өліммен тең еді. Шынында, әжептәуір биікте отырып, бірден төменге құлдырау кімге болса да соққы ғой.

Ұсынылған қызметті менсінбей, бас тартқыны үшін бұрынғы бастығы, дұрысы – тірегі бұған қолын бір сілтеді. Сол арада кейбір жанашығансымақтар мен ақылгөйлер «Сені қызметтен заңсыз, негізсіз босатты, енді қарап қалмай ізден, кімнен кемсің, арыздан, орныңа қайтып оралмасаң да өзіңнің де осал емес екеніңді мына жұртқа бір көрсетіп қой», деп Байқұмаровты айтақтамасы бар ма. Олардың айтқандары көңіліне қона кетті. Баяғы кертіп жейтін кезін аңсап, сағынып, түсінде көріп жүрген бұл бейбақ айтақталып, әупілдеп кете барды. Баяғы дәуренім басыма қайта орнап қалар деген үміт сорына қарай иектеп алды.

Сөйтіп, Байқұмаров жас тоқалдың жан жары – «кәрі қасқырға» тікелей тиіссе жонданып, азуы шығып, жеке жортуға жарап қалған бөлтіріктері кеңірдегін жұлып алатынын білетіндіктен, оған соқтықпай, әлгі күштінің ықпалымен өзін қызметінен босатқан, біраз сыры мәлім, тіреніш-сүйеніштері әлсіздеу бұрынғы бастығының әрі жемтіктесінің үстінен арызды қарша боратты. Кешегі қожайынының қылмысын ашып, абыройын төгу үшін өзінің де кінәларын бүкпеді. Өйткені, бірлесіп жасаған былықтарды көрсетпесе, арызы мәнсіздеу болатын еді. Арызданбаған жері қалмаған. Жиған-тергенін судай төкті. Арызыңды тыңдаушылардың, «заңды сенің жағыңда сөйлетемін» деп уәде берушілердің көмейін бітеп, аранын толтырамын деумен-ақ ақымақ болды, босқа терледі. Дүниенің бар байлығын әкеліп тықсаң да ашылған аранды толтыру мүмкін емес екенін ұғар санасы болмады. Ақиқат іздеп арыздану тентектің ісі екенін сонда білген. Осылайша ол арызқой, заңқой атанып шыға келді. Содан, анда-санда белгіленген шеңберден аспай билікке қарсы әупілдеп қоятын телеарналар мен газет-журналдардың журналистері Байқұмаровты төңіректеп жүретін болды. Кәрі қақбас пен жас тоқалға, бұл екеуінің айтқанынан шыға алмайтын мәнжубас бұрынғы бастығына, арызын аяқ асты еткен заң орындарына ызалы екенін, жинақтап айтқанда, билікке наразы екенін білетін тілшілер мұны әдейі жиі іздеп келіп сөйлететін. Ал, ызалы жан аузына келгенін айта береді. Журналистерге керегі де осы. Қарапайым халықтың жанашыры ретінде телеарналардан сөйлеп, басылымдарға көлдей-көлдей сұхбат беруден жалықпады. Сөйтіп жүріп ешкімге ақы төлемей-ақ тегін жарнамаланды. Осы жарнаманың арқасында кейбіреулерден теперіш көрген жәбірленушілер бұған келіп жүгінетін болды. Бір жағынан арызданып жүрген кезінде өзін де аямай сынағаны даңқын аспанға шығарды, шындық үшін өзге түгілі өзін аямайтын «тура би» атанды.

Бұл атағы елге әжептәуір таныла бастағанда оппозиционерлер өздерінің қатарына шақырып қалар деп біршама үміттенген. Қайдан?.. Халықтың көзіне түсіп, өзін көрсетіп қалуға таласатын оппозиционерлер керісінше Байқұмаровты күндеп, сыртынан өсек таратумен болды. Өйткені, оларға жаңа бәсекелестің, келешекте «жем-шөптеріне» ортақтасып қалуы мүмкін адамның мойын қылтитпағаны керек. Өстіп ешкімге қосылған жоқ. Бір жағынан көптің бірі болғанша, жеке жүріп жорытқаны пайдалылырақ көрінді. Дегенмен, жалғыздың үні көмескі тартып, өлеусіреп, ешкімге естілмейтініне келе-келе көзі жеткен. Хормен айқайласаң ғана біреу-міреу мойын бұрып қарайтынын ұққан. Сондықтан, ол оппозициялық партияға жанталаса жолын тауып кіріп алған.

Бастапқыда өзін нағыз күрескер сезініп, жиналыстарда ішіндегісін ірікпей сөйлейтін. Бірақ, басындағы бұл еркіндігі ұзаққа созылмады. Өйткені, қолында азын-аулақ билігі барда қаланың ортасынан жиенінің атынан ашып алған дүкені мен кафесінен айырылып қалу қаупі туды. Оған сонау жоғарыдағы жондылар тарапынан «елші» жіберілді. Ол: «Ескертпеді деме, егер, осылай бұлбұлша сайрай берсең аштан өліп, арам қатасың. Дүкенің мен кафеңнің есігіне құлып салынады. Одан да оппозиция ортасындағы көз-құлағымыз бол, бұл өзің үшін әлдеқайда тиімді. Өзің біл, саған жалынбаймыз. Тек берілген мүмкіндікті жіберіп алма. Қазір сенің қасыңда биліктің оппозиция арасындағы жансызы болуды армандап жүргендер өте көп. Қане, не дейсің? – деген. Сол сәтте Байқұмаровтың көз алдына үй-ішін асырап, жілік майын толтырып, көңілін жайлап, көштен қалдырмай келе жатқан дүкені мен кафесінің есігіне дәу қара құлып салынып тұрғаны, өзінің көшедегі иесіз иттей аштан бұратылып жатқаны елестеп кетіп, денесі дір ете түскен. Іле әлгі «елшінің» бетіне күле қарап, «ескерткеніңізге рахмет, ойбай-ау, биліктің сарбазы болғанға не жетсін, өзімнің күткенім де осы емес пе еді. Билік өзінің бұрынғы жауынгерін қалай ғана ұмытып кетті екен, маған да бір күні назарын аударар деп жүр едім, үмітім алдамапты», деген жарамсақтана. Мұның жалпылдап, елпілдегенін көрген «елші» өзіне берілген тапсырманы сәтті орындағанына, Байқұмаровты илеуіне тез көндіргеніне разы бола отырып мұның «жаңа қызметіне» сәттілік тілеген.

Содан арада бір күн өтісімен ол әлдекімнен шақырту алды. Белгіленген жерге шапқылап жетіп барған. Онда мұны кезінде астындағы орынтағын тақымынан суыртып алғыздырған кәрі қақбас, әлгі жас тоқалдың байсымағы, жұмбақтамай қысқасын айтқанда, Қарашаев күтіп отыр еді. Бұрын сырттай көргені болмаса, бетпе-бет кездеспеген адамы. Қаны басына шауып, кеудесін ашу кернеп кеткен. Алайда, көз алдына қайта-қайта дүкені мен кафесі, қара құлып елестеп, күресуге дәрмені жоқ екенін түйсігіп, ескі кекті оятудың пайдасыз екенін ұққан. Оның үстіне Байқұмаровты сұсты неменің мысы басқан. Қарашев бұған ызбарлана, түсін суытып қарады да, жайдары кейіпке түсе қалды. Қарашаев ылғи тасада жүріп ісін тындыратын қу болғандықтан, бұлар бұрынғы теке-тірес кезінде бетпе-бет жолықпаған еді. Соның пайдасын осы арада екеуі де көрді. Өйткені, олар бірін-бірі бұрын-соңды білмейтін, енді танысқандай жандардай сөйлесіп кетті. Байқұмаровтың ішіндегі ескі жараның беті тырналмады.

Қарашаев аз-кем әңгімеден кейін бұған осындағы оппозиция филиалының бастығы рөлін ойнайтынын жеткізді. Сондай-ақ, берілген рөлді қалай орындайтынын асқан шеберлікпен үйрете отырып, сөйлер сөзінің, бас бостандығының «шекарасын» сызып берді. Бұл «шекараның» сызығына тым жақындап қалса, опық жейтіні, ал, басып кетсе өмірем қабатыны ескертілді. Бұған қоса, егер тапсырылған рөлді мінсіз ойнай білсе, екі езуден май ағызар қызмет берілетіні де уәде етіліп, мұны дәмелендіріп қойды. Осылайша, Марқасқа Байқұмаров кезінде тобықтан қағып, тоңқалаң асырған дұшпанының әміріне құлдық ұрып, соның атарман-шабарманы болып шыға келді. Қарашаевтың торына қамалған, еркін самғау көзден бұлбұл ұшқан, белгіленген шеңбердің ішінде ғана «әдептен» озбай «қалықтайтын қырғиға» айналды.

Байқұмаровтың өздерінің арыздарына байланысты көмектесе алмайтынын бірден кесіп айтуының сырын ә дегеннен біліп отырған Нұржау мен Сауықбек әңгіме барысында мына ғимараттың ғана емес, оппозициялық партияның да көрінбейтін иесі Қарашаев екенін таңданыс білдірді. Өздері үміт артып келген партиясымақ жай ғана қуыршақтар әлемі екеніне көздері жетті. Сол сәтте жансыз қуыршақтарға бұйымтай айтамыз деп ақымақ болғандарын ойлаған Нұржаудың ұялғаннан бетінің оты шықты.

Нұржау:

– «Жұмсалғандар» қатарына өткеніңізді жаныңыздағылар сезбейді деп ойлайсыз ба?

– Алғашқыда ұялып, қуыстанып, жалтақтап жүретінмін. Сөйтсем, бәрі бекершілік екен. Оппозиционерлер деп санайтындарымның басым бөлігі «жұмсалғандар» екенін біліп алдым. Ал, шын пейілмен жүрген патриотсымақтарға бет пердемізді ашпаймыз, білдірмейміз. Оларды партияның билігіне жақындатпаймыз, тек «барып-кел», «шауып келмен» сілесін қатырып, жініктіреміз. Сәлден кейін ондайлардың өзі-ақ табанын жалтыратады. Алда-жалда желкесін күжірейтіп, тілін безеп, шектен шығып, шекарадан аттап өткісі келетіндер кездесе қалса, ондайлардың аптығын басып, «жұмсалғандар» сапына қосып алу түк емес. Оның әдісі көп. Бірінші – «қызмет» ұсыну, көнбесе, қорқыту-үркіту. Жанынан безген біреу болмаса, көнбей қайда барады дейсің? Мен де сондайлардың бірімін ғой. Ал, айтқанға көнбей, айдағанға жүрмей табандап тұрып алатындар болса, ондайлар... м-м-м, солай, шаруасын шатқаяқтатып дегендей... немесе... түсінікті ғой.

– Сонымен, дүкеніңіз бен кафеңізді шынжырмен байланған иттей қарауылдап отырмын десеңізші.

– Қатты кетпеңіз... Не десең де мейлің, әйтеуір, сіздер секілді иесіз, қоқыс аралап, көше кезген қаңғыбас ит емеспін.

– Бірақ, бізде сізге қарағанда еркіндік бар ғой.

– Еркіндік... Қайдағы еркіндік?! Жоқшылық қысқан, ақысын ала алмай іштен тынған, қауқарсыз, шарасыз жан қалай өзін бостан сезінбек? Жарайды, еркін екенсіздер, бірақ, жолына телмірген бала-шағасы мен бұралақтата майлы ет асаған қайран күндерін аяз буған жатахқанада ашқұрсақ жатып елестетуден өзге дәрмені жоқ қалжыраған, суық сорған адамның бостандығында қандай мән болмақ? Тіршілік заңы, жұтынған құлқын, нәпсі тұрғанда адам баласы өзін еркін сезінуі мүмкін емес. Мына сіздер бір дөкейден ақыларыңызды талап ете алғандарыңызды, оның үстінен шағымдануға мүмкіндіктеріңіздің барлығын еркіндік деп есептейсіздер ме? Ха-ха-ха! Өздеріңіз айтқан, бастарыңыздағы қазіргі еркіндіктеріңіздің құны бар ма? Жоқ! Жоқ! Жоқ! Егер құны болса, әлдекім оны баяғыда-ақ тартып не сатып алып қоятын еді. Жұрттың бәрі бастарындағы өз еріктерін сатпасқа лажы жоқ. Өйткені, ешкім де жарқыратып еркіндіктің «құндыз ішігін» киіп жүре алмайды. Оның бұлай сайрандауына табиғат заңдылығы рұқсат етпейді. Білесіз бе?! Бостандықты бәрі де қалайтынымен оған ешкім жолағысы келмейді, өйткені, ол өзіңді шағып алады. Улы.

– Біреудің басындағы еркіндікті тартып не сатып алатындар кімдер?

– Қарашаев, мына мен секілділер?

– Оны қайтпексіздер?

– «Бостандықтар» мен «азаттықтарды» қаптап-қаптап билікке өткіземіз. Сол қызметіміз үшін билік бізге күле қарайды, сыртымыздан күстаналағандарды жүре тыңдайды. Азаттығынан айырылғандар, еркіндігін сатып құтылғандар ләппайшыл, тілалғыш, жалпақшешей келеді. Мұндайлар көбейген сайын биліктің де жаны кіре түседі. Мәселен, билікке суға салса батпайтын, отқа жанса жанбайтын сапалы «тауар», қайда сілтесе де сыр бермес шоқпар екенін дәлелдеп, өзінің бағасын өсіре пұлдаған Қарашаев менің басымдағы бостандықты сатып алды. Қарашаев секілділер біреудің еркіндігін пұлдап алуды қаласа, оған қалтасынан көк тиын шығармайды. Тек, күнкөрісіңе жарап тұрған мүкәмалыңды өзіңе «қайтарып» береді. Еркіндігімнің құны үшін маған да өз дүкенім мен кафемді берді, бір лауазымды орын уәде етілді. Бітті. Маған керегі де осы. Тілегенімді беріп тұрған жарылқаушыма ләппайламағаннан өзге не істеймін? Енді мен төмендегі аш-арыққа қатер төндірмесем, билікке залал тигізбеймін. Биліктен тапсырыс күтпестен, оның қас-қабағына қарап, нені қалайтынын айтпаса да түсіне қойып ісіне кірісетін мыңдаған Қарашаев секілділердің арасындағы бәсеке өршіп тұрған қоғамда жеке бастың еркіндігін айту артық.

Байқұмаровтың екпінді сөздеріне еліткендей аузы ашылып қалған Сауықбек:

– Қарашаевқа өзімнің бас бостандығымды ұсынсам маған не береді екен?

Байқұмаров:

– Сізде өзі еркіндік бар ма? Жоқ нәрсені қалай пұлдамақсыз?

Сауықбек тілін жұтып алғандай, үнсіз қалды.

Нұржау:

– Сізбен жолыққан алғашқы уақытта «Жауларымызды жапырып, жаңа өмір орнату үшін жаралғанбыз, халықтың алдынан ақ таң атыру жолында жанымызды қиюға бекінгенбіз» деген сөзіңізді естігенде ішіп жылып, жүрегім елжіреп қалып еді, енді бәрі де мүлде керісінше екеніне көзім жеткендей. Шынында, ә дегендегі пікіріңізге қарағанда ел-жұрт үшін дүниеге төңкеріс жасайтындай көрініп едіңіз...

– Ол жай ғана жылтыр, қуаты жоқ сөз ғой. Оған есі дұрыс адам сене ме? Осы жұрт әлдебір қулар мен алаяқтар қырық өтірігін құрастырып, құлпыртып, түрлендіре сөйлеп төңкеріс, көтеріліс, бүлік жасауға, билікті аударып тастауға шақырса елпелектеп, едіреңдеп шыға келеді. Мына сіз де сондайлардың бірісіз-ау деймін.

– Көбіне халық өзін айтақтап, қауіпке айдаушыларды құтқарушы құдіреттей көріп адасқанын, төңкерістің туын желбіретіп ұрандайтын ұрмалардың, ұрдажықтардың, көсемсымақтардың қолындағы қалай сілтесе де, кімді атса да жұмысы жоқ, жансыз қанжарға, отты қаруға айналғанын білмей қалады. Соңында кешегі әжептәуір халық жын қуған бақсыдай еліріп, өзінің топалаң тиген ессіз тобыр болғанын ұқпастан, қынадай қырылады. Өлтіретін де, өлетін де – халықтың өзі. Көретін пайдасы сол. Одан басқа түк те жоқ. Мейлі, тобыр келіп билікті аударып тастасын делік, бірақ, одан бірдеңе өзгере ме? Жоқ, ештеңе де өзгермейді, керісінше баяғы күніне зар болады. Өйткені, халықтың санасы қандай деңгейде болса, билік те сол дәрежеден асып бірдеңе істей алмайды. Төңкерісшіл көсемсымақтар уәде ететін «жұмаққа» қан-қасап бүлікпен жетемін деу құзар шыңның басынан өзіңді-өзің тастағанмен бірдей.

«Жауды жапырып, жаңа өмір орнату үшін жаралғанбыз, қарапайым халықтың алдынан ақ таң атыру жолында жан қиюға дайынбыз» дейтіндер өмір сахнасындағы «талантты әртістер». Басында айтқанымдай, мен де «әртіспін». Мен өзіме берілген рөлді сәтті ойнап шығуым керек. Әйтпесе...

– Оппозиция биліктің құлы, қолбаласы дедіңіз. Солай болса, онсызда жандайшаптары жетіп артылатын билікке мұндай құл мен қолбала не үшін керек болды екен?

– Пайда болуы ықтимал шынайы оппозицияның жолын жабу үшін, халықтың көзін байлау үшін, алдарқату үшін, «бізде де еркіндік, бостандық бар, оның дәлелі – мына оппозициялық күштер» деп әлем алдында өтірік жарамсақтану үшін қажет.

Көп сөйлеймін деп ентігіңкіреп қалған Байқұмаров шегір көзін алдындағы екеуге кезек-кезек тастап, олардан жанарын тайдырып әкетті де сөзін қайта өрбітті.

– Арсыздықтың айдынында көсіле жүзе беретін жалаңаяқтар қаптаған ортада жүрген екенсің, онда өзіңді солардың ыңғайына көнуге мәжбүрлейсің. Бұл мәжбүрлік кімді болса да ұятсыздықтың, намыссыздықтың батпағына аунатпай қоймайды. Сіздер мені қуаяқ, өз заманының түлкісі бола білген пысық әрі пасық деп күстаналап отырғандарыңызға күмәнім жоқ. Кінәлай беріңіздер, мені енді ешкім де бетімнен қайтара алмайды. Мен осы болмысыммен қаламын. Бүгінгі билік ауысып, орнына тағы бірі келсе оларға да дәл осылай қызмет етемін. Себебі, менің «тәжірибем», «іскерлігім» қайда болса да өтімді, – деді Байқұмаров.

Нұржау:

– Арызымызға қатысты ешқандай көмек бере алмағаныңызбен саяси сауатымызды біршама көтердіңіз. Бір сұрақ қояйын. Танымайтын, білмейтін, бөгде адамдарға соншалықты неге ашылдыңыз, тісіңіздің арасынан ысылдап, көмейіңізден бүлкілдеп шыққан бұл сөздеріңіз жоғарыдағы қожайыныңыздың құлағына жете қалса, «біздің әртісіміз сценариден ауытқып кетті, өз рөлін ойнаудан жаңылысты» деп, басыңызды отқа үйітіп, миыңызды шағып жеп жүрмей ме?

Байқұмаров мырс етті де, көздерін оңға, солға ойнатып, дауысына кекесін араластыра:

– Оһ-о-о-о, мұнда сіздер отыр екенсіздер ғой. Бағанадан бері қалай байқамағанмын? Әттеген-ай, әттеген-ай! Енді қайттім?.. Ха-ха-ха. Өздеріңізді тым жоғары бағалайды екенсіздер. Қазір осы бөлмеден шыға сала «Марқасқа Байқұмаров былай деді, олай деді» деп айқайлаңыздар, Қарашаевқа жүгіріп барып, менің оттағандарымды түгелдей жеткізіңіздер, қане, барыңыздар. Ха-ха-ха. Сіздердің сөздеріңізге сенетін біреу табыла ма, жазған-ау! Көрсетіңіздерші соны. Сіздер өздеріңізді кіммін деп ойлайсыздар, соншама, а? Менің орнымда басқа біреу болса, Қарашаевқа қарсы шағымдану есі дұрыс адамның ісі емес деп, сіздерді ұстатып, жындыханаға айдатып жіберер еді. Өйткені, сонау биіктегі дарабоз Қарашаевтың үстінен арыз жазып шапқылап жүрген ауым-сауым, адамнан гөрі егін басындағы «қарақшыға» көбірек ұқсайтын түрлеріңізді көрген жан сіздерді жынды, әумесер демеске лажы бар ма? Қайта маған бөлмеден қуып шықпай, өздеріңізбен адамша сөйлесіп отырғаныма рахмет айтыңыздар.

Байқұмаровтың қарқылдай күліп, кекетіп, шымшып сөйлегені Нұржау мен Сауықбектің ызасын келтірді. Сонда да екеуі сабыр сақтап, бойларын кернеген ашудың бұрқасынын жүздерінен байқатпады.

Нұржау да кекесінмен:

– Бізді жындыханаға жөнелтпей, мейірімділік көрсеткеніңіз үшін рахмет, ра-х-м-ет! – деді.

– Кекетпеңіз.

– Жындының сөзі сау адамға өте қоймас... Сіздің ойыңызша, Қарашаевтың қырғилары ғана сау адам да, оған қарсылар жындылардың есебіне кіреді екен ғой.

Байқұмаров сұқ саусағын шошайтып тұрып:

– Сөзді созбайық, босқа қажаспайық, – деп зілдене үн қатты. – Сіздерге жаным ашиды. Түрлеріңіз аянышты. Шынында, мынадай кейіптеріңізбен Қарашаевтың үстінен арыздану ыңғайсыздау көрінеді. Көшедегі қайыршыларға ұқсайсыздар. Менің ақылымды тыңдасаңыздар, енді тағы бір мекемеге арызданып бара қалсаңыздар дұрыстау киініп, галстук тағып, шалбарларыңыздың қырын пышақтың жүзіндей етіп, кезерген еріндеріңіз бен күс-күс қолдарыңызды майлап, қысқасы, адам болып барыңыздар.

Келгелі бері жақ ашып жарытпаған Сауықбек өздеріне ақыл үйреткен Байқұмаровқа тіке қарап:

– Біз сонда адам емеспіз бе? Күс-күс қолымызды майлап, галстук тағып, аппақ көйлек, қара костюм-шалбар кисек қана адам болады екенбіз ғой. Бұл арада адам сіз ғанасыз да, басқамыз... Адам болу үшін сіз секілді мұздай киініп, әдемі бөлмеде шіреніп отыру керек пе? – деді дауысы ызадан дірілдеп.

Сауықбектің екі көзі өңменінен өткен Байқұмаров сасқалақтап, қопаңдап, алдындағы ірі денелі жігіттен сескеніңкіреп, алға ентелеген кеудесін кері шегіндіріп әкетті. Өзін артықтау кеткенін сезе қойған Байқұмаров пәс дауыспен:

– Кешіріңіз, мен жай... Кешіріңіз мен... Сіз дұрыс түсініңіз... «Адамның сыртына қарап қарсы алып, ішкі байлығына қарап шығарып салатын» заман өткелі қашан. Қазір тек әдемі киіміңе, қалтаңа не қызмет-лауазымыңа қарай сөйлесетін дәуір орнаған. Ішкі дүниеңе ешкім мән бермейді. Осыны ұмытпаңыздар... Мен сіздерге ең болмаса сыртқы пошымдарыңызды дұрыстасаңыздар, бәлкім біреу-міреу өздеріңізбен жөндеп сөйлесер дегенім ғой, – деді.

Нұржау:

– Бұл ескертпеңізді жадымызда сақтаймыз. Дегенмен, жұрттың бәрі сіз ойлағандай емес екенін ұмытпаңыз.

– Мен көп нәрсені ұмытқанмын. Бірақ, бұдан зиян шеккен емеспін.

– Өткен шағыңызды да ма?

– Жо-жоқ, кешегі күндерімнің естеліктерінен там-тұмдаған бірдеңелер санамда бар. Оларды соншалықты жақтыра қоймасам да жадымнан ажырамай-ақ келеді... Бірақ, қол бұлғап қалып қойған жылдардың еншісіндегі естеліктерден не пайда? Олардың құры босқа сананы шаршатқаннан өзге берері жоқ?.. Бір қызығы, осы төртінші қабатқа көтеріліп келе жатқанда есімнен бірте-бірте айырла бастаймын да, бөлмеге кіргенде мүлде делқұлы, мәңгүрт болып қаламын. Миымда қожайындардың тапсырмасын орындаудан басқа ешқандай ой қалмайды. Олардың ат дегенін атып, шап дегенін шауып отыра беремін.

– Демек, биікке көтерілген сайын бойыңызды мәңгүрттік пен қаныпезерлік, жендеттік, өзіңізден күштінің әмірін бұлжытпай орындайтын құлдық сезім билеп алады екен ғой.

– Иә. Солай. Жасырмаймын. Тек бұлар емес, жүрегімді үрей мен қорқыныш та жаулап алады. Сіз айтқан әлгі мәңгүрттік, қаныпезерлік, жендеттік, құлдық сезім дәл осы үрей мен қорқыныштан, жалтақтықтан туындайды емес пе, – деді Байқұмаров жүзін төмен салып. – Біздің филиал алғашқыда екінші қабатта орналасыпты. Кейіннен төртінші қабатқа көшірген. Өйткені, бұл филиалды менен бұрын басқарған бір бейбақ байқаусызда артықтау сөйлеп қойыпты. Содан оны қожайындардың жалдамалы сойқанды содырлары терезеден атып жіберген. Сірә, екінші қабаттың тым биік емес екенін ескермей, бұдан құласа тіл тартпай кетеді деп ойласа керек. Әйтпесе, басқашалай да мертіктіруге болады ғой. Әлгі сорлының аяқ-қолы сынғанымен өзі әупірімдеп тірі қалыпты. «Терезеден өзі секіріп өлді» деп қылмысты жылы жаба салуды көздеген жоғарыдағы дөкейлердің жоспары әдірә қалады. Соңынан біраз шу болып барып басылған. Содан кейін, «алда-жалда тағы біреу қиқар мінез көрсетіп, терезеден лақтыру әдісі қолдану қажет бола қалса, төртінші қабаттан ыңғайлысы жоқ, мүрдем кетіруге таптырмайды» деп, филиалды осында көшірген. Міне, біз қазір төртінші қабатта отырмыз. Жерден биік. Терезеден тастап жіберсе түгің қалмайды. Сондықтан да жұмыс кабинетіме көтеріліп келе жатқанда бойымды үрей мен қорқыныш билеп, қожайыныңнан бұйрығын күтіп отырудан басқа шараң жоқ. Сіздер де қайда отырғандарыңызды ұмытпаңыздар. Мына әсем ғимарат, жайлы кабинет тек жұмыс орнымыз емес, өлім жазасын орындайтын дар ағашы немесе гильотиннің міндетін орындайтын құрал.

Байқұмаровтың соңғы сөздері құмығыңқырап, сәл дірілдеңкіреп шықты, үніне өксік араласқандай болды.

– Көп адам шыңға шығуға құмар, бірақ, одан құласа оңбайтынын есіне де алғысы келмейді. Талай бейбақ биікке өрмелеп барады, ол жақта не бар екенімен жұмысы жоқ. Бір өкінерлігі, ол әлгі биікке құлау үшін, өзі менсінбей кеткен жайпақ жерге желкесі үзіле мүрдем кету үшін бара жатқанын білмейді, жо-жоқ іші сезеді, бірақ нәпсісі дедектетіп сүйрегенде еркінен айырылып, өрлей береді, – деді Байқұмаров.

Сұйылып кеткен әңгімені шайқай бергенмен май бітпесі белгілі болды. Мұны түсінген үшеу тобық жұтқандай үнсіз қалысты. Байқұмаров алдындағы екеуге қолымен есік жақты нұсқап, «шыға беріңіздер» дегендей ишарат білдірді. Орындарынан созалаңдап тұрған Нұржау мен Сауықбек қош айтыспастан аяқтарын еріне басып есікке беттеді. Нұржау есіктің тұтқасын ұстай бере еріксіз мойнын бұрып, Байқұмаровқа қарап еді, екеуінің көздері түйісе қалды. Анау бұдан жалма-жан жүзін бұрып әкетті. Алайда, Нұржау оның жанарын шылаған жылтырақ жасты анық көрді. «Екінші қабаттан төменге лақтырылған байғұс осы Байқұмаровтың өзі емес пе екен?»

Бұлар төртінші қабаттан төменге түсе бергенде майға піскен самса мен қуырылған еттің, шыжғырылған шұжықтың иісі танауларын қытықтады. Жағымды иіс екеуінің де азаннан бері аш құрсақ жүргендерін есіне түсіргендей. Ал, бірінші қабатқа түскенде аш адамды арбап, майлы ішектей айналдырып, жіпсіз байлап әурелер, сілекей шұбыртар, көмей жұтындырар әлгі дәмді тағамдардың иісі тіптен күшіне мініп, дәлізді кернеп тұр еді. Нұржау мен Сауықбек мынадай жанға жайлы иісті қиып, сақылдаған сары аяздың өтіне беттегісі келмей, шыға берісте кідіріңкіреді. Жұғымды ас дәметкен асқазан аш қасқырша ыңырсыды әлде ұлды.

Сауықбек:

– Осы маңда асхана бар-ау деймін, жанымды елжіреткен дәмді астың иісі жақыннан сезіледі, – деді.

Нұржау:

– Мұрыныма ешқандай иіс келіп тұрған жоқ. Қарын тоқ, қайғы жоқ болған соң иіс-миісіңді қайтемін. Дүкенші Тазагүлдің үйіндегі кешкі астан кейін әлі тоқтығымды баса алмай жүрмін, – деп кекесінмен күлді.

– Сіз де қайдағыны айтады екенсіз, дүкеншінің үйінде шала байығалы бір тәуліктен асып кетті емес пе?.. Иә, қалтада қара бақыр болмаған соң асқазанды иіспен алдап, сілекей жұтқаннан өзге амал бар ма?

– Дегенмен, бір стақан шай мен екі-үш тілім нан болса кет әрі емеспін.

– Қалтамыздың түбін қырнасақ, тостақ толтырып ас ішуге жетпеседе шай мен нанға бірдеңе табылар. Әйтпесе, әл-дәрменіміз құрып, бұралқы иттей бір жерде өлексеге айналармыз.

– Олай болса, асханаға баста, мына дәмді иісті тым жақыннан иіскеп, бәлкім тойып қалармыз.

Нұржау мен Сауықбек жарық та кең, айнадай таза, жылы, қабырғалары әсем безендірілген, аппақ жамылғылы үстелдер қаз-қатар қойылған асханаға кіргенде аспаздар мен даяшылар бұларға тосырқай әрі үрке қарады. Әдетте сықайып киінген мырзалар мен ханымдарға көздері үйреніп қалған олар сықпыты қашқан, әбден умаждалған, қыртысы жазылға қоймаған, жуыла-жуыла шуып кеткен ескі үлгідегі сырт киімдері мен бастарына мыжырайта киген құлақшындары бар екеуді ішімдікке үйірсек, ірің көзді кезбелер санатына жатқызбағанымен, солардың аз-ақ алдындағы жалаңаяқтар деп түйсінгендей. Екеуі состиып кіре берісте тұрып қалды. Асхана қызметкерлеріне бейне бір әсемдік үйлесім тапқан бөлмеге үсті-басы садыра-садыра, жас тананың соңынан сүмеңдей-сүмеңдей қуат-күші сарқылған екі бұқа кіріп кеткендей әсер қалдырды. Көптен бері мынадай жып-жинақы, тап-таза, жап-жарық, қабырғаларына неше түрлі ою-өрнек басылған жайға бас сұқпағандықтан болар, мына асхана іші Нұржау мен Сауықбекке жұмақтың дәл өзіндей көрінді. Бұлар өздерін осындай айшықты, көз тартарлық көріністерін жайып салған, неше түрлі тағамдардың иісі мұрын жаратын орынға лайықсыз көретіндей.

Бұларға жақынырақ тұрған қыз құмығыңқы дауысымен:

– Келіңіздер, – деді.

Нұржау:

– Шай ішсек деп едік.

Даяшы қыз:

– Отырыңыздар.

Нұржау мен Сауықбек ілгері қарай жылжи беріп еді, даяшы қыз дауысын көтере:

– Төрге қарай шықпаңыздар, ол жаққа тұрақты клиенттеріміз отырады. Сіздер мына есік жақтағы үстелдердің біріне жайғасыңыздар.

Нұржау мен Сауықбек «қуып шықпағандарына шүкір» деп, қарсылық танытпай, қыз нұсқаған жайға отырды.

Сауықбек:

– Бізге бір-бір стақан шай, сосын үш-төрт тілім нан берсеңіз...

Даяшы қыз:

– Басқа қандай тағамдарға тапсырыс бересіздер?

Сауықбек:

– Басқа ештеңенің керегі жоқ.

Даяшы қыз:

– Асханамыздың ережесі бойынша, шай мен наннан өзге кез келген бір тағамға міндетті түрде тапсырыс берулеріңіз керек. Әйтпесе, шығып кетіңіздер.

Сауықбек:

– Сонда қалай...

Даяшы қыз:

– Тәртіп солай. Бұл шайхана емес, асхана... Тағамға тапсырыс бермесеңіздер, орынды босатыңыздар, қазір түс әлеті, клиенттеріміз қаптап келеді, соларға жай жетпей қалады.

– Біз сізден сұрағанымызды тегін бер деп тұрғанымыз жоқ қой, айналайын. Ақшасын төлейміз... Әрі мына орынды бес-он минутта босатамыз.

– Жарайды, тек шайларыңызды жылдам-жылдам ішіп шығып кетіңіздер. Бүгін меңгерушіміз жоқ, әйтпесе сіздерді табалдырықтан аттатпас еді.

Даяшы бұлардың тапсырғанын алып келуге кетті. Нұржау оң қолымен шекесін тіреп әлдебір ойдың жетегіне кеткендей. Сауықбек жан-жағына барлай қарап отырды да дәл жанына ілінген плакатқа тесіле, қызыға, құмарта қарады. Плакат бетінде безендірілген ас-мәзірлері көзінің жауын алып барады. Суреттегі жеміс-жидек, түрлі салаттар, үйеме табақ ет, қиғаштай туралған шұжық пен сыр, мөлдірете құйылған шырын, бәрі-бәрі Сауықбектің есін алғандай. Көмейіндегі сілекейі ішіне селдей құйылып, ас аңсаған қарыны шұрқырап мазасын алды.

Қолында екі шыны шай мен үш-төрт тілім нан салынған тарелкасы бар даяшы қыз әп-сәтте қайтып келді де Сауықбекке қарап:

– Жансыз суреттегі ас мәзірінен алдыңызға келген құрғақ шай артық. Суреттегі тағамға құры босқа қарай бермей, солардың шынайы біреуін сатып алып, жұтқыншағыңыздан өткізбесеңіз емексіген көмейіңіздің көңілін қалдырып, тілемсектенген асқазаныңызды ашуландырып аласыз, – деді күліп.

– Қол жетпейтінді армандау – бүкіл адамзатқа ортақ жайт. Асхананың ішінде жүріп әрнені бір шұқып жеп, қанағаттанып, түрлі тағам бейнеленген плакаттарға телміре қарамайтындар қалтасында бір шыны шайдың құнын төлеуге ғана жететін ақшасы барлардың не болса соған көз сүзетіні табиғи нәрсе екенін ұға қоймас, – деді Нұржау.

Үш-төрт тілім нан тістерінің қуыс-қуысынан артылмады. Қанты молынан қосылған, көмейді толтыра екі-ақ ұрттаса таусылатын кішкентай шыныдағы шайды сыздықтата сорып, асықпай ішті. Маңдайлары тершіді. Бір самаурын шай әкелсе де кет әрі емес екеу осыған да қанағат дегендей. Әңгіме қозғала қойған жоқ. Екеуі де әлдене дегісі келген, бірақ, мұндағылардың бәрі Қарашаевтың жансызы болып көрінгендіктен, жақ ашпады. Асханаға адамдар топ-тобымен кіре бастады. Бәрі де көңілді. Алдарына қойылған дәмді тамақтарды асықпай шайнайды. Төр жақта үсті ас мәзіріне сықап толтырылған үстел тұр. Сірә, осындағы дөкейлерге арнап жайылған дастархан болар. Әзірге оған ешкім жақындай қойған жоқ. Үйіліп қойылған жеміс-жидек, тәттінің неше түрі, сусындар, молынан туралған шұжық, бәрі-бәрі көз тартады.

Нұржау мен Сауықбек тағамға тапсырысты енді бергендей көрінеді. Өйткені, дастархандарында бұған дейін ішіліп-желінгеннен ешқандай белгі жоқ-тын. Нұржаудың өздерінің дастархандарындағы «самсып тұрған» жоқшылық пен жұтаңдықтан, жылан жалағандай көріністен жүрек тұсы бүлк етті де, ішкі әлемінде нәзік бір перне үзіліп кеткендей болды. Әлдебір сезім жан дүниесін қопарып, астаң-кестеңін шығарғандай.

Бұлар даяшымен есептесіп, орындарынан тұра бергенде бір топ нөкерімен Байқұмаров екпіндей кіріп, төрге озды. Бұларға «мыналар неғып жүр?» дегендей алара бір қараған оппозиционер мырза әлгі дастарханның басына жетісімен шанышқысы мен қасығын жалаңдатып, көзіне түскенін бұралақтата аузына тығып жатты. Аш құрсақ екеуге жағы тоқтаусыз қимылдап, кеңірдегі үздіксіз бүлкілдеген Байқұмаровтың нағыз «бақытты шағына» қарап тұру мүмкін емес еді. Сол сәтте Нұржау ақбас редактордың да бір бұрышта бұртың-бұртың шайнаңдап, екі көзі жайнаңдап отырғанын байқады. Ал, Сауықбектің назарына өзі айдай аруға балаған Ажар Омарова ілікті. Ол Сауықбекке аузындағысын тісі түскен қызыл иегіне салып мыжғылап отырған жалмауыз кемпірдей көрініп кетті. «Кеспірі қашқан кемпір – Ажар Омарова – шолақ қыз» – Сауықбек оны аяп кетті. Сауықбектің кеңсірігі ашыды. Нұржау терең күрсінді. Бір-біріне қарады.

Нұржау:

– Бүгінге осы да жетер.

Сауықбек:

– Жетпегенде енді қайтпексіз?

Нұржау:

– Прокуратураны жағалап көрсек... Бәлкім...

Сауықбек:

– Байқұмаров айтқандай, олар бізді әй-шайға қарамай жындыханаға өткізіп жіберер.

Нұржау:

– Бүйтіп сүрген өмірден жындыханасы дұрыс-ау.

Сауықбек:

– Келген ізімізбен жатақханаға қайталық. Қазір қайда барсақ та алдымыздан Қарашаевтың арсылдаған төбеттері, шәуілдеген итаршылары, шиқылдаған шымшықтары мен қырғилары шығады. Олардан үміт жоқ. Қараңызшы, мына көше бойлай тізілген түрлі кеңселер, соттар, прокуратуралар, полиция бөлімдері, қоғамдық ұйымдар, бәрі-бәрі біз тәрізді миллиондар үшін емес, мыңдаған Қарашаевтарға қызмет көрсету үшін жалаңдап отырғанына көзім енді жетті. Біздің бұл жүрісімізден ештеңе өнбейді-і-і! Бізден гөрі Саржан ақылды екен.

– Иә.

Сұр бұлтты аспаннан қар секіре бастады. Мың-миллион қар-көбелектер көлбей ұшып, өздерінен бұрын жерге түсіп, табандарға тапталған «тұқымдастарының» үстіне етпеттей құлайды. Күйелеш, күңгірт айнала жаңа қар түскен сайын ағарып, әжімі тегістеліп, жасара түскендей. Бұтақтары сидиған ағаштарды екпінсіз жел әлсіз шайқайды. Ашық алаңқайларда қарғалар қаздаңдайды. Зәулім үйлердің шатыры үстінде көгершіндер елеусіз ұшып қонады. Көшеде ағылған көліктер, асығыс жүргіншілер. Әркім өз бетімен, оларды бастарындағы бармақтай мидың бұйрығы дедектете жүгіртіп қойған.

Жел күшейе бастағандай. Ащы ызғары бетіңді тырнайды. Желтоқсанның желіккен желі жаңа түскен жеңіл қарды ирелеңдете суырып, ықтасындардың қойын-қонышына тықпалаумен әуре.

Нұржау алда, Сауықбек кейінге қалыңқырап, аяғын ілби басып келеді. Бұлар орталық көшенің бел ортасына жетіп қалғанда қарсы алдарынан қолына микрофон ұстаған, қысқа етек, қалың аппақ шубалы жас қыз жабыса кетті.

– Ағатайлар, амансыздар ма? Мен қалалық телеарнаның тілшісі едім. Сіздердің аз ғана көмектеріңіз керек болып тұр. Талай адамға өтініш айтып едім, бірі де мойын бұрар емес. Бәрі де камера бетіне қарап бірер сөз айтуға бәлсінетіндей. Бәлкім, қысылатын шығар. Жарайды, сонымен келістік қой. Көмектесесіздер ме?

Сауықбек:

– Иә, бізден қандай көмек керек болып қалды?

– Бір кісі туралы деректі фильм түсіріп жатыр едік. Енді, сценарий бойынша, өздеріңіз сияқты қарапайым еңбек адамдарының сол кісі туралы жылы лебізі қажет.

Нұржау:

– Ол кім еді?

– Елімізге белгілі азамат, танымал бизнесмен Қорғас Қарашаев!

Қыздың дауысы саңқылдап шықты. Нұржау мен Сауықбектің жанарлары түйісіп қалды да, іле екеуі де мырс ете күлді.

Қыз:

– Ағатайлар, күлетін дәнеңесі де жоқ. Кәдімгі Қорғас Қарашаев. Ол кісіні жұрттың бәрі таниды. Сіздердің де білмеулеріңіз мүмкін емес.

Нұржау:

– Қорғас Қарашаевты атарға оқ таппай келеміз, шырағым. Енді оны дүйім жұртқа келістіре мақтамақпыз ба? Кешір айналайын, сенің өтінішіңді орындай алмайды екенбіз. Басқа біреулерді сөйлет.

Жас қыз:

– Неге? Бүкіл қазақ жақсы көретін, сыйлайтын, жетім-жесірге пана, жоқ-жұқанаға қайырымды Қарашаевтың дәл сіз екеуіңізге не істеп қойды?

Сауықбек:

– Сенің бұл Қарашаевың жетімнің ақысын жеген, жесірдің қойынын ашқан, жоқ-жұқананы зар илеткен нағыз қызылкөздің өзі. Ол осындай оңбағандықтарын керемет бүркемелей білетін мүттәйім.

Жас қыз Сауықбекке қарашығы мол өткір көзін қадап, үнін қатайта:

– Қазақтың маңдайына біткен Қарашаевты күстаналауға қақыңыз жоқ. Тіліңізді тарта сөйлеңіз. Еңбекке дәрігер ретінде ерте араласқан, облыстың денсаулық сақтау саласын басқарған, кейіннен депутат болып халықтың қамын жеген, бүгінде тасы өрге домалаған, дара шыққан кәсіпкер Қарашаевтың тырнағына да татымайтындарыңызбен жұмыстарыңыз бар ма? – деген қыз оң қолымен өзіне жақын тұрған Нұржаудың білегінен ұстады да, сол қолымен көше бойын нұсқады. – Міне, қараңыздар, көше жағалай ілінген билбордтарға көз салыңыздаршы. Солардың бәрінде қадірменді Қарашаев бейнеленген. Ол сондай құрметті болмаса, өстіп қаланың орталық көшесінде суреттері ілініп тұра ма? Анау билбордта құрметті Қарашаев аяғы шолақ балдақты қыз бен басын ақ қырау шалған қарияға қайырымдылық көрсетіп, бағалы сыйлықтарын тапсырып тұрғаны бейнеленген. Мына бір билбордта балалар үйіндегі жетімдерге киім-кешек, оқу құралдарын сыйлап жатқан сол Қарашаев көрсетілген. Ана бір әріректегі жарнама тақтайшасында тағы да сол Қарашаевтың мүгедектерге арба беріп жатқаны суреттелген. Міне, көрдіңіз бе? Қарашаев болмаса... Ал, сіздер осынау дара тұлғаны оңбаған, мүттәйім деп жазғырасыздар. Жоқ, ағалар... Қарашаевтан садақа кетіңіздер.

Қыз сөзін алқына бітірісімен жанарын шылаған жасты жеңімен сүртіп, көше бойлай асыға басып жүріп кетті. Оның соңынан камера көтерген безеу бет сары бала ілесті.

Сауықбек:

– Сәл болмағанда өзіміз қаралаймыз деп жүрген Қарашаевты дәріптеп, жер-көкке сыйғызбай мақтап жібере жаздадық қой.

Нұржау:

– Мыңдаған Қарашаев секілділер мен қоғам арасында соқыртеке ойыны қызып-ақ тұр екен... Ештеңенің байыбына бара бермес, алып-ұшқан, көңілінде дәнеңе жоқ жас қыз мұны қайдан парықтай білсін. Әйтеуір, қол-аяғы кесіліп, біржерде дөңбекше домалап қалмаса жарар еді. Алла сақтағай! Біздің сөзімізге ызаланып жылап жіберді. Қап, әттеген-ай!

Сауықбек:

– Жыласа, жұбанар, басылар. Тек, өстіп жүріп өксікті өмірге, тықыр тағдырға жолығып қалмасын деңіз.

Нұржау қыз қолымен нұсқап көрсеткен билбордтардың ішіндегі өзіне жақын тұрғанына асықпай, зер сала көз тастады. Қолына қызылды-жасылды киімдерді өзін қоршап тұрған сәбилерге үлестіріп беріп жатқан Қарашаевтың бейнесіне ұзақ қарады. Газеттерден, теледидарлардан көргені болмаса, қарамағында жұмыс істесе де бетпе-бет кездеспеген адамы. Аққұба келген, кең маңдайлы, қыр мұрынды, қарасынан ағы басым шашын оңға қарай жылмита тараған Қарашаев былайша реңсіз кісі емес екен. Қара жейдесі, ақ көйлегі, мойынына таққан сұр галстугы өзіне жарасып-ақ тұр. Сол сәтте Нұржаудың көз алдында әлгі билбордтағы жасанды әрі өлі көрініс тіріліп сала бергендей болды. Пәк, күнәсіз, санасы тұнық, кеуделеріне мәңгілікке ұя салған ұяң мұңды бір сәтке ғана жылт етпе қуанышпен ыдыратқан сәбилер Қарашаевқа қарай жасқана қол созып жатыр. Өздері жетім болғандықтан мына киім-кешектердің үлестіріліп жатқанын іштері сезетін, бірақ, қайырымды ағайдың өзін жарнамалауға, яғни, осы көріністі суретке басып, әйгілеп көшеге іліп қоюға, дәлірегі жетімдерді жарылқауды емес, ептеп-септеп ішкі есебін түгелдеуге бола мырзалық танытып жатқанынан мүлде хабарсыз сәбилер Қарашаевқа еркелегісі келетіндей. Ал, Қарашаевтың езуіндегі жымиыстың жалған екенін ойнақшыған, дөңгелене біткен қос жанары паш етіп тұр. Билбордқа сана сәулесін түсіріп, көкірек көзімен қарасаңыз ондағы балалардың ортасында тұрған ер кісінің бет-жүзінен мейірімділіктің ізін де көре алмайтын едіңіз. Жан жылуына шөліркеген сәбилердің жүздеріндегі таза табиғи сипат пен Қарашаевтың реңінде қылаңдаған қара көлеңкелі пендеуи пиғыл, пысықтықтан туындаған пасықтықтың ізі билборд бетінде қалай сәтті жымдасып, үйлесім таба көрініс беріп тұрғанына таңғаласың. Дегенмен, ә дегеннен көзге табиғи тұнық, риясыз көңілдің жарқылы түсетіндіктен, қайырымдылықтан гөрі бір адамның «жарылқаушы» екенін насихаттауды мақсат еткен билборд бетіндегі көріністен қайырсыздық пен жайдақтықты, жылмиған мүттәйімділікті жан дүниеңізбен сезбесеңіз, жай көзбен аңғару қиын.

Басын шалқайта үш-төрт минуттай төбеден төнген әлгі кескінге жанарын суарған Нұржау келесі билбордқа бар зейінін сала қарап тұрған Сауықбектің жанына келді. Билбордқа телмірген Сауықбек не ойлағаны белгісіз, бар дүниені ұмытқандай, жылбысқылана еріген қар суының бетінен иректеле мойынына қарай аққанын да елер емес. Жылап тұрғандай. Иегі кемсеңдегендей. Оның бетіндегі қар суы емес, кеуде түкпірінен қайнардай бұрқылдап шығып, елжірек көңілдің кезерген ернін жібіту үшін арна тартқан, кеңсірік ашытар, танау қорсылдатар көз жасы секілді.

Балдақты қыз – шолақ қыз – Ажар Омарова мен ақбас шалдың және оларға бағалы заттар мен қызылды-жасылды гүл ұсынып жатқан Қарашаевтың бейнелері түсірілген бұл билбордқа Нұржаудың қарағысы келмесе де еріксіз көз салды. «Бақыттан басы айналған» үшеу өз рөлдерін керемет ойнап тұр. Жымиған күлкілерінен, ақжарқын кейіптерінен жасандылықтың сұлба-ізін көру мүмкін емес. Бірақ, Нұржау бұл үштіктің араларындағы бітеу жараға айналған бұйығы сырды білетін адам болғандықтан мына суретке жеркене қарады. Іле Нұржау терең ойға беріліп кетті. «Болып өткен, қырқып түскен қарғыс атқыр қылмыстың ізі шиырлаған мына суретті бүгіннен қалдырмай жел ұшырып кетсе екен... Құдайым-ау, қылмыскерлерге қылбұрау салудың орнына оларды өздері зорлаған, қорлаған сормаңдайлармен бірге келістіре суретке түсіріп, оны көпке үлгі еткендей жарқырата көшеге іліп қоятын күнге жеткеніміз бе? Солай болса, қабақтардың астында, жанарлардың ішінде, жүректердің түкпірінде бұғауланып, бүрісіп-тырысып, қалғып-мүлгіген, сыртқа шығаруға тыйым салынған ыңырсыған сыр, бұқпантайлаған, бүгежіктеген, бұртиған бұйымтай, сілтегенде найзағай ойнағандай жалт-жұлт етер алмас қылыштай тиген жерін тіліп түсер қасиеті жоқ, әбден мұқалған, жүзі қайырылған, өлеусіреген жанайқай бұлқына тулап, қара түнді қарс айыра жаңғырып, күндіз жемтігіне тұмсығын тыққан, түнде дараққа қонақтай тоқтығын басып, айналасын саңғырығымен ластаған құзғын-қарғаларды үркітер сәт бізден әлі жырақта екен. Асылы, тоғышарлардың салпиған қарнын, тоңмойындардың май басқан бұғағын, зәлімдердің зәрлі көздерін, көзбояушылар мен алаяқтардың, өсекшілердің жаялықтай ауыздарын, жансыздардың салпиған құлақтарын, қаныпезерлер мен қараниеттілердің қатулы қабақтарын, жағымпаздар мен жандайшап-жәдігөйлердің жылмиған беттерін, жалмауыздар мен жезөкшелердің, шайтанның жетегіне ілескен желөкпелердің жалаң бұттарын суретке түсіріп алып, көшелерге, үйіміздің төріне іліп, соларға тамсана қараудан басқа ештеңе қалмаған-ау. Жо-жоқ, қателеспе, бұра тартпа. Бізде қатал, қуаяқ, қоқыр-соқырға көмілген, дерті асқынған, елірген, асқан шеберлікпен өзі тоқыған өтіріктің өрмегіне шырмалған, қабырғасы сатпақ-сатпақ қоғамның ұсқынсыз кейпін жасырып, оны мейірімді, жаймашуақ, кінәратсыз етіп көрсетуге күшенген суреттер де жетерлік. Бұл жансыз бейнелерде жанарлары жасаураған, жүйкелері жүнжіген мүсәпірлер мен мүгедектердің, жетімдер мен жесірлердің, жетесіз ұлы, кердеңдеген келіні желкеден түйіп, жылы ұясынан қуып шыққан қарттардың қайғы торлаған қабақтарында ғайыптан тайып пайда бола кеткен бір сәттік жымиыс, өз өміріне, қоғамына деген «алғысын сездіретін» рең міндетті түрде көрініс береді. Себебі, билік мырзалығы тасыған, шапағатшыл пейілі ернеуінен төгілген қоғам құра алмағанын іші сезетіндіктен, бұл жайсыздықты жасыру үшін әккі фотографтарға тек жасампаз өмірді бейнелейтін суреттер түсіруді тапсырады. Ал, биліктің көкейін не тесіп тұрғанын айтпай-ақ ұғатын фотографтар жарым жандарды аспанмен таласқан, мүсәпірлердің несібесіне тұмсығын тыққан қансорғыштар мен ұры-қарылар мекендейтін зәулім үйлер арқа тұсынан көрінетіндей етіп орындыққа жайғастырады да әнтек жымитып, өз өміріне, қоғамына разы пейілмен қарап тұрғандай кейіпке ендіріп, суретке басып алып, сұраушыға ұсына қояды. Анаған керегі де сол».

Жалғасы бар...

Көрнекі сурет: И. Белонович "Көпірдің құрылысы", 1960 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар