Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қазаққа қандай қаламгер қаж...

09.01.2017 4237

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қазаққа қандай қаламгер қажет?

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Қазаққа қандай қаламгер қажет? - adebiportal.kz

3cd54b570009e105f853aa93a53ae19f.jpg


«...ҚАЗАҚҚА ҚАНДАЙ ҚАЛАМГЕР ҚАЖЕТ?» (ащы ақиқат). Ойда - жоқ жерден тағы бір ойдың басын қылтитты Ол. Кім дейсіз бе? Сөз ғой. Сөз мырзаны айтам. «Әй, осы сендер бар ғой, бірнеңе жазбас бұрын өздеріңе қандай көркем шығарма қымбат, қай тақырып маңыздырақ, ал ашығына көшсек, одан да бұрын қандай қаламгер қажет, соның басын ашып алғандарың орынды болар! Болмаса біріңнің басыңды бірің қатырып, біріңді бірің мойындамай, ол аз десең біріңнің сыртыңнан бірің сөз тасып, ол аз десең біріңнің сыртыңнан бірің «домалақ» сын жазып, ол аз десең, біріңді бірің қалай омақасата құлатам деп жұлқынып, айдың-күннің аманында жау шақырып, қиқу салып-ит қосып, ит-рәсуа боласыңдар да жүресіңдер! Бұған тек мен ғана емес, бүкіл жұрт, бүкіл қазақ, тіпті бүкіл әлем күліп жүр!» Деді! Деп айтып салды! Көңіліме келеді-ау демеді! Сосын мен де шамырқандым. Тосылып қалайын ба? Шынында да, ақылға салып қарасам, Сөз мырзаға ренжудің де еш орны жоқ! Ол бар болғаны- шындықты бетке шыжғырып айтты. Оу, қаламгер бауырлар, қай кезде біздің басымыз пісіп еді, қай кезде «сіз азамат екенсіз» деп ізет байқатып, табыса кетіп едік? Ол өз алдына, біз қай кезде біріміз жазғанды біріміз шын ниетпен бағалап, артығын айтып, кемістігін күлкіге айналдырмай, болашағын болжай сөйлеп, мәртебесін өсіріп едік? Дастан-поэма жазған ақынды келемеждеп, «мықты болса, шап-шағын лирика жазбай ма» деп мұқаттық. Роман жазған жазушыны да аяқтан шалып, «шын талант алдымен шып-шымыр әңгіме жаза білуі керек» дестік. Пьеса жазуға құлшына кіріскен әріптесті «әліне қарамай ма, оған Шекспир, Чехов болу қайда» деп, дереу жағасына жармастық. Ең ұлы өкініш – сол өзіміз елемеген ақын-жазушының көркем дүниелері өзі өмірден өткен соң ғана бағаланып, кейінгі ұрпақ тамсана оқып жатты. Мысалы, Есенберлин «Көшпенділерді» жазып, осы трилогиясы КСРО кезіндегі ең жоғарғы әдеби марапат – Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда, қандастары тарапынан бір құшақ арыз –хат кетті Мәскеуге дейтін аға буын қаламгерлер. «Бұл шығарма түкке де тұрмайды, ол сыйлық алса, қазақ әдебиеті үшін масқара» десіпті арызшылар. Ал, сол трилогия арада 40-50 жыл өткенде қазақ ұлты үшін аса қажет, аса маңызды, дереккөзі мол дүниеге айналып шыға келді. Сонда дейсің-ау, бұл қазаққа шын мәнінде қандай көркем шығарма керек? Не жазуымыз керек, нені айтуымыз керек, ашығын айтқанда қай тақырыпқа басымдық беруге тиіс екенбіз? Орысқа да, әлемнің ең мықты деген қаламгерлеріне де аузымыздың суы құрып, еліктеп-солықтап болдық, нәтижесінде не шықты? Жәй, солардың «көшірмесін» жасаппыз, тіпті мақтаңқырап айтқанда әлемде бұрыннан бар шығармалардың «екінші нұсқасын» әзірлей алыппыз! Одан да асыра айтар болсақ – сол әлем таңқалып келе жатқан «шедеврлерге» бірде жете жаздап, бірде құйрық тістесіп, сонымен тоқтасқандай екенбіз! Бұл –жетістік пе? Әй, қайдам! Жетістік деп аузымызды кере көсіліп бір сөйлейік десек, «ә, ондай тақырыптағы көркем дүниені пәлен деген қаламгер баяғыда-ақ жазып қойған» деп, әдебиеттің әлдебір білгірі маңдайға ұрғандай етіп, топ еткізеді. Енді қайтпек керек? Біз нені расымен-ақ ұмытып келеміз? Қай тұстан қателесіп жүрміз? Нені шынымен ескермей келе жатқан елміз? Шамасы, ұлтыңнан ұлық ештеңе де жоқ! Оу, қандастарым-ау, бүгін айтпасам болмас, сіз бен біз ұлтқа қашан ораламыз? Ұлт құндылығы мен ұлттық қасиет деген асыл қазынаны бағалайтын кезіміз қашан келеді? Жұмыр жер бетінде арғы –бергі заманда адамзатты таңдай қақтыра таң қалдырған ұлты жоқ ұлы қаламгерді немесе ұлтын елемеген ұлы қаламгерді, болмаса еліктеу-солықтаудан «шырмалып шыға алмаған» ұлы қаламгерді естіп-білдіңіз бе? Біз естімеппіз! Бар десеңіз, ой бөлісе жатарсыз! Сөз мырза мен осымен болдым! Бұл тақырып мен үшін өте ауыр, тым қиын, барынша кермек, тіпті жан сыздатар тақырып еді, амалсыз тіл қаттым...(«ССС»)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар