Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Үш түрлі ой......

21.07.2017 5392

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Үш түрлі ой...

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы: Үш түрлі ой... - adebiportal.kz

... ҰЛТТЫ СҮЮ - ӘДЕБИЕТТЕН БАСТАЛАДЫ...

Сөзді күлтелектемей, бұраңға салмай, турасынан-ақ басталық! Ұлт кім? Әдебиет кім? Неге осы екеуінің арасына сына салып, алшақтатып жатамыз әрдайым? Әлбетте, кең мағынада алып қарасақ, Ұлт пен Әдебиет бір ұғым! Егіз ұғым! Бірінсіз бірі бола алмайды деп, жетімсіреп қалады деп, әріден сөз қозғап, ойға қозғау салып жатсақ та, қатты қателесе қоймаспыз!

Неге? Өйткені, қандай да бір аса талантты көркем туынды өзінің туған топырағында өніп-көктейді, өсіп-жайқалады, содан соң ғана ол барша адамзаттың игілігіне айналып кете барады. Сондай талантты шығармаға нәр бере алған, еркін өсіп-жайқалуына жағдай жасай алған Ұлт – Ұлы ел!

Өкінішке орай, осы күнге дейін біз тап осыған аса көп көңіл аударып жатпадық немесе өз деңгейінде маңыз бермедік, әйтпесе түсінік- деңгейіміз тым төмен болып келді. Енді негізгі айтпақшы ойымызға келелік. Осы жақын күнде белгілі қаламгер ағам Төлен Әбдік туралы толғамды мақала оқыдым. «Әдебиет порталынан»! Авторы – ізденімпаз сыншы інім Амангелді екен! Оқып отырғандағы ойым: Төлен туралы осы кезге дейін аз жазылған жоқ, бұл жігіт не жаңалық айтпақшы екен?.. Жә, мақала астарындағы әредік бұлқынып қойып отыратын жылы ағыс пен терең толғаныс мені ақыр аяғында осы жолдарды жазуға итермелегенін жасыра алман.

Төлен – Ұлт жазушысы! Ұлтты шын талант қалай сүюі керек? Тек қолпаш сөз айтып, барынша мақтап-мадақтап, алаулатып-жалаулатып па? Әлбетте, жоқ! Төлен – ұлттың бағы мен сорын басшыдан да, биліктен де, байлық-мансаптан да, тіпті ешкімнен де емес, әр адамның өз бойынан іздеген қаламгер. Бір адамның басында екі түрлі ой жүреді: бірі –ізгілік, екіншісі –зұлымдық! Ұлтқа қайсысы пайдалырақ? Сұрақ дұрыс емес! Ұлт кейде ізгілікке аса зәру, ал кейде зұлымдықтың өзінен де көшелі жол іздеп бағады. Зұлымдық арқылы қайралады, зұлымдық арқылы ес жинайды, еңсе тіктейді! Ал, бір басында осы екі нәрсенің екеуі де бар адам ше? Оған қандай көзқараспен қарап, қалай бағалап, қандай топқа қоса аламыз? Ондай пендеден пайда көп пе, зиян көп пе? Қайсысына басымдық бере аласыз? Міне, Төлен-жазушы осындай қиыр-шиыр ойлардың ордасына батыл басып кіріп барған батыр қаламгер!

Сөзімізді түйіндеп байқалық. Ұлтты шын сүю үшін оның отына күйіп, жалынына шарпылу қажет-ақ! Бірақ, бұл ұран сөз болмауы тиіс. Сен де сол Ұлттың бір перзенті болып, барлық азап пен мехнатты бірге тарт! Ал, оны шын түсініп, шынымен қайғы жұтқың келген екен, ендеше сол ұлттың көркем әдебиетіне бас и, табын! Ішіне ен, қым-қиғаш аралас! Көркем әдебиеттің бір кейіпкеріне айнал! Сонда ғана ұлтыңды танисың, түсінесің, бағалай аласың! Болмаса, қалғанының бәрі де бос дүние...

...ЗИЯЛЫНЫҢ СӨЗІ ЗАЯ БОЛМАСЫН ДЕСЕК...

Жақсы үрдіс өріс алып жатса, жаның марқаяды. Көңіліңе белгісіз бір қуаныш ұя салғандай болып, кеудең кеңейе түсетіні бар. Алайда, барлық уақытта солай ма? Өмірде бәрі де жан жадыратар қуаныштардан тұра ма? Әлбетте, жоқ! О-о, кемшіліктің түп қазығын қаза берсек, оның түбі көрінер ме! Барлығын бірдей тізбелеп жатпай-ақ қоялық! Тіршілік деген, әрбірден соң, жақсы мен жаманның, дұрыс пен бұрыстың жиынтығынан тұратын да болар, сірә! Алайда, осы күні жан сыздатар бір сабақты кесел жегі құрттай болып жағаласып, бірте-бірте батыл белең алып бара жатқанын ашық айтпасақ болмас та! Ол – сөз қадірі! Нақтылап айтар болсақ, Сөз қадірінің қаша бастауы! Қазақ атам заманнан бері қарай өзінің ұрпағын өнегелі сөз арқылы тәрбиелеп, жаманнан жирендіріп, өз бойындағы кемшілігімен күресуге итермелеп, жақсыға ұмтылдырып, әрдайым сара жолға салып келген. Былайша айтқанда, парасатты сөз – қазақ үшін үлкен өнеге әрі тәрбие мектебі болған! Ұрысып-жекіп айтпаған, жәй ғана ақылдасу әдетімен бәрін де санасына сіңіріп, жетесіне жеткізе алған.

Осы орайда ақыл тезіне салып ойланар болсақ, қазіргі күннің ең үлкен «кеселі» - сөз сыйламаушылық! Әсіресе, зиялының өнегелі сөзі зая болып отыр! Запы болған зиялы! Айтқанмен кім тыңдар дейсің деп жаны күйзелген, алдағы үмітінен мүлде мақұрым Зиялы! Өз кіндігіне өзі оралып тұншыққан сәбидей өз ақылынан өзі азап шеге бастаған Зиялы! О, тоба, Зиялының сөзінің қадірі қашып, маңызы кетіп, тыңдаушысы қалмаса, көп пікірдің бірі секілді елеп жатпай, аяқ асты етсе – онда ұлттың да бар қадір-қасиеті қаша бастағаны ғой! Ұлттық тәрбиенің бастау-бұлағына балта шабу ғой! Үлкен қорқыныш - міне, тап осы жерге байланып тұрған секілді! Сосын да біздің кеудемізде мынадай ой сарыны қылаң береді: зиялылардың өнегеге толы өрелі ойлары айтылған жерінде қалып қоймас үшін ендігі уақытта «Зиялылар сөзінің мониторингі» жасалса дейміз; сол «Мониторинг» әредік сарапқа салынып, талқыға түсіп, ең озығы «қоғамдық қажетті пікір» ретінде жалпы жұртқа жария етіліп, тіпті тиісті шешім қабылдауға негіз болып отырғаны жөн; осылай болған жағдайда ғана зиялылар аузынан шыққан өрелі сөз зая болып кетпес еді, қоғамға мейлінше өз пайдасын тигізіп, қозғаушы күшке айналар еді...

...ОСЫ, БІЗ БАР ҒОЙ...

Тағы да бейберекет талас! Тағы да шеті мен шегі көрінбес айтыс! Тағы да аспандағы айға ұмтылу... Әй, осы біз бар ғой, расымен-ақ өзін-өзі бағалауға келгенде тым тартыншақ, таразыға салып салмақтауға сараң, не болмаса өз ойы өзге түгілі өзіне ұнай бермейтін, ол аз десең ылғи да күмілжуі көп ел шығармыз, ә? «Бізде қай жазушы аса талантты, қай драматург не ақын мықты?» деп сауал тастасаң, бет-бетімен сөйлеп, қиюы келмес әңгіме айтып, өзінше «ылағып» ала жөнеледі. Не бәрі мықты, не болмаса бәрі де түкке тұрмайды! Осылайша бір бұрыштан бір бұрышқа оп-оңай «ырғып» жүре береміз. Пікір ме? Пікір айту да өте қызық.

Біреуді мақтағанда аспандағы айға теңеп тастаймыз. Ал, жамандағанда еш аянып қалмаймыз, қайтып бауырын көтере алмастай етіп тұралатамыз. Сын жазушылар да тым қызық әрі біртүрлі болып бара жатыр ма, қалай?. Біреудің жалғыз туындысын талдаған болып, жап-жақсы кестелеп сөз бастайды да, содан соң бірден кілт бұрылады, әп деп шығандап кетіп, әлем әдебиетінен бір-ақ шығады. Кімді оқыған болса, соның бәрін айтып, тәптіштеп-талдап болмайынша, тоқтау жоқ. Жаңағы «соры қайнаған» қазақ қаламгеріне «сөз кезегі» тимей сорлатады, қашан оған оралар екен деп екі көзің төрт болады. Бұны да қойшы! Ендігі «ауру» одан да өтіп барады. «Қазақта Нобель сыйлығына кім ылайықты?» деген аспанауи сауал бас ауыртқыш бола бастапты. Ау, сонда дейміз-ау, біздің қазақ қаламгерлерінің мықтылығын, кереметтігін, асқан талантты екенін дәлелдеу үшін міндетті түрде Нобель сыйлығын алмаса болмай ма? Біздің өз пікір-ойларымыз өзімізге барынша қадірсіз-ақ болып кеткені ме? Жарандарым-ау, әріге бармай-ақ, осы тәуелсіздік алған 25 жыл ішіндегі қазақ әдебиетіне келіп қосылған ең таңдаулы 4-5 туындыны да көп болып атап, бәріміз болып қол шапалақтап қуана алмай отырғанымыз өтірік пе? Бірімізді біріміз жоққа шығарамыз! Біріміз мақтаған туындыны екіншіміз міндетті түрде сын садағына аламыз! Біріміздің пікірімізге біріміз қайшы келеміз! Рас, пікір таласынан соң ақиқат айқындалады! Бұл белгілі қағида!

Бірақ, өкінішке орай, біздің пікірлер мен тайталастардың аяғы олай болмай жатқаны жанға бата береді! Жөн сөз, көшелі пікір болса жақсы-ау, әйтеуір етектен тартып, тобықтан шалып, бір бүйірлеп сөйлей беретініміз қалай? Кеудеде қорқыныш бар! Күні ертең бір қазақ қаламгері Нобель сыйлығын (армандап қойған да жақсы) жазатайым алып кетіп жатса, жата қалып оны да сынап, «әй, байқамай беріп қойған ғой» дерміз әлі... Осы біз бар ғой, неге жан жадыратар жақсы сөзге барынша тартыншақ екенбіз? Мықты бола тұрып, өз мықтылығымызды неліктен өзімізге қиғымыз келмей жатады? Бұл қандай «сараңдық»?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар