Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жансарай жауһары

22.06.2018 1960

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Жансарай жауһары

Күні кеше Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен Түркістан облысын құрып, оның орталығы – Түркістан қаласы болады деп паш етті. Бұндай шешімге тек қандастарымыз ғана емес, бүкіл түркі жұрты қатты қуанулы.

Осы орайда соңғы 20-25 жыл бойы қасиетті мекеннің өткені мен кеткені жайлы ой толғап, «Қызыр қонған Түркістан», «Қасиетті мекендегі қала», «Әзірет Сұлтан аңызы» секілді кітаптар жазған танымал қаламгер Жолтай Жұмат-Әлмашұлының «Жансарай жауһары» атты тарихи әңгімесін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

Оқыңыздар!

«Әдебиет порталы»

(бағзы заман балладасы)

«...Мен ең бірінші түрікпін,

содан соң – мұсылманмын!..»

Ахмет Иассауи

«Сол замандарда оқыған машайық-сопылардың мойнында өзiнiң ерекше белгiсi – бойтұмары болған. АбызАхметтiң бойтұмары сегіз қырлы асыл қара тас екен деседi...»

Ескiлiктi жазбалардан.

...Көзінің алдында барша өткен өмірі будаланған бұлттай болып тізбектеле тізілді де, ұзыннан-ұзақ, шексіздікпен шұбатылып кете барған-ды.

Неткен үзілмейтін, бас-аяғы жоқ, алды-арты көрінбес ұзақ көш-керуен!..

* * *

Жасы алпыс екiден асып, алпыс үшке қарағанда өзiн қаратобыр көп пенденiң бiрiмiн деп қана қоймай, оған қоса құдайдың, иә, көктегi құдiреттi құдайдың құлақ кестi құлымын деп жер-жаһанға, жалпақ әлемге жар сала өмiр кешкен сопы Ахмет, дiндар Ахмет, шайыр Ахмет бұл фәнидiң жұмыр басты пендеге тиесiлi хақ қызығын тәрк етiп, жер астына, қараңғылық қойнына тiрiлей түсіп, қалған өмірін сонда жалғастырмаққа біржола бейіл байқатқан. Ол мына көгiнде жымысқы күн күлген жарық әлемдегi тiрлiктiң түйткiлiнен, тiршiлiктiң тауқыметiнен қашқан жоқ, жұмыр басты пенделердiң бойындағы мәңгі бітпей қойған атаққұмарлық, күңшiлдiк, екiжүздiлiк, надандық, кекшiлдiктен… көңіл үркітті. Кiсiнiң кiсiлiгiне залал келтiрер кеселді кесапат – дүниеқоңыздықты шын пейiлмен мансұқ етпекке ынтызарланды. Оны, бiрақ, өз заманында ешкiм түсiнуге талпынбады, яки түсiнгiсi келмедi, кiм бiледi, бәлкім, қанша талпынса да түсiне алмай, есеңгіреп қалып жатты ма?..

Жыбырлап күн кешiп жатқан мың-мыңдаған жұмыр басты пенделердi, олардың кеудесіне ұялап қалған ой таяздығын қиялында тиянақтай алмаған. Көбісінің-ақ тас қараңғы, көзi жоқ көркеуде болып жаратылғаны үшiн кеуде кеңістігін ашыта қынжылды. Қынжыла тұрып, шынымен жаны ашыды. Аяды оларды…

* * *

«…Исфид-д-жаб-б!..»

Ауыз толтыра айтқан осы бiр ауыз сөзден кейiн көкiрек сарайы кеңiп сала бергендей күйге бөленіп, бойын әлдебiр қуаныш кернеп, көмейiн көңiл сергiтер нәрлi, тәттi дәмнiң исi қытықтап ала жөнелгенi. Ойхой-й!.. Осы сәулелі сәттi, осы көңіл марқайтар қуанышты мезетті қаншама айлар бойы зарыға күтiп едi.

«Қайран қара шаңырақ елiм, бұл мезетті қандай күйдесің?» деп қобыз сазына басар едi көңiл сарайы.

«Туған жерiм менің, бұрқ еткенде бет-жүзіңді түгел көміп кетер май топырағыңды да аңсадым ғой» деп толғанар едi сағыныш толы омырауы…

Әнi, Исфиджаб!.. Таяқ тастам жерде ғана тиiп тұрған анау шаһар – көне Сайрам топырағы!.. Кiндiк қаны тамған, былдырлап тiлi шыққан, сүрiне-қабына жүгiрген, сәби табанының iзi қалған ескi жұрт!.. Өз жұрты!..

«Исфиджаб! Исфиджаб!.. Кеудеме күрсініс күйін кіргізіп, сезімге дамыл бермей саумалаған сағынышым менiң!.. Аңсаған ақық-арманым!..»

Бүгінгі күні, о тоба, бойдағы бар сабырынан айрылған оқымысты Ахметтi, қажы Ахметтi маңдайында бадырақ көзі бар қай кісің де тани алмас-ты. Ол деп-демде бала бейнеге бейілденіп, оң жамбастапты. Ауылына, туған топырағына еркелеп, асыр сала ойнап-күліп, аунап-қунап алуға бейілденіпті. Көңiлде еркелiк, көмейде наз!..

Сөйтсе… Исфиджаб қабағынан қар бүркіп тұр. Қабағы ма?.. Мүмкiн аспаны алашұбарланып тұр ма?Түнерiп тұрған аспаны екен. Аспаны ма?.. Адамдары емес пе сыздана қалған!.. Адамдары-ау сол қату қабақтанған!.. Қабақтарына сірескен мұз орнай қалардай бұл не iстеп қойыпты! Олары несi!..

Әйтеуiр, неге екенi белгiсiз, қолқаны қауып түсер май топырағының иісіне дейін ынтығып жеткен ырыс мекені салқын қабақпен айқара есіктен қинала аттатты.

Араға талай жыл салып, ағыл-тегіл сағынышқа оранып оралғанда, туған жердiң түтiнiн аңсап келгенде, иiсiн iздеп жеткенде… дәл бүйтiп өгей кейiп көрсетер жөні қайсы! Туған топырақтың тоңтерiс мiнезi көкiрегiне шаншудай қадалып, ине жұтқандай ыңыранды. Бұларға не болған?.. Ахметтi Алла-Тағалаға теңеп, жаратушыдай жалбарынып, тәңiрдей табынып, аспанға көтерiп қарсы алмай-ақ қойсын, бiрақ адамшылық жолмен «келдің бе, қарағым» десiп, төрге оздырса, отырған тағынан тайып түсер ме?

Тiптi оны айтады-ау, керек десең «ә, бұл тағы сен бе едiң, әлi тiрi екенсiң ғой» деп қыңырлана-қисайып сөйлейтін бiр даңғой кеуде бой көрсетпеуі қалай? Иә-ә! Ахметтiң көктегі Алла-Тағалаға да, оның атымен аталар, соған телiнген қасиетті iлiмге де өкпесi жоқ. Күндiз-түнi басын ауыртып, еңсесiн езiп, көңiлiн алабұртып, қиялилау күйден арылтпай қойған «Хикметтерiне» де қапалы емес. Оның жүрегiне салмақ түсiрген – жер басып жүрiп, тiрлiгiне нәпақа терген жыбырлауық пенделер!.. Солар түсiнбедi бұны. Бұл соларды ұқпады. Қалай ұғады? Кәйтiп ұғады оларды? Бұның бiр iсiн жөн деген жұмыр басты жан табылды ма осы күнге дейiн!.. Өзi туған топыраққа өзi өгей болып кіріп, орын таппай тыпыршыған жайы тағы бар. Рас, жастай елден жырақ кеттi. Алыс-алыс сапарларға із салды. Сол үшiн де әуелi жаратқан иеге, сонан соң жарық дүние сыйлаған әкесi Ыбырайымға, шешесi Қарашашқа бек риза. Әттең-ай, әттең-ай десе! Тағдыр бұған неліктен теріс көзбен телмірді екен? Жарық дүние есігін ашар-ашпаста анасы Қарашаштан, енді ес біле бастаған шағында әкесі Ыбырайымнан ара-жігі ажырады. Енді-енді ес жиып, білім нәрінен сусындауға бет бұрған жас балаға әке мен шеше қайғысы қатты таяқтай тақ ете қалған. Алайда, өзінен он жас үлкен апасы Гауһар-Шаһназ бұған жетімдіктің кермек дәмін білдіру былай тұрсын, қиындық аулынан қиыс жолға салып, қара үздіріп әкеткен. Ілім қуып, білім соқпағына түсуіне талаптандырып, қайта қанат байлаған. Арманыңа жет деп қолтығынан демеді. Оқуға алғаш рет аттанар алдында Гауһар-Шаһназ:

– Әкеміз ілім атты ізгілік еліне жол көрсет деп еді, сол аманат шаруаны орындауым керек! – деп маңдайынан сүйгенде, көзіне ып-ыстық моншақтар өзінен-өзі үйіріліп, төгіліп кеткені кеше ғана еді-ау!

Исфиджабтан аттап басып, аз-кем ұзай бергендегі көңіл аласапыранын қалай ұмытар? Алғаш рет сырт жерге бет бұрған кезі. Сол сәтте аңғарды, туған жерден ыстық, одан қымбат, одан асыл ештеңе жоқ екен бұл фәниде. Оны арада ұзақ уақыт өте, жылдар жылжыған соң, көңіл сүзгісінен өткізе келе, әбден-ақбағамдады. Бойын езілме сезім буып, жанарын жас жуып сала бергенде шын ұғынды, шынымен малтыға-тұншықты.

Әуелгі сауат ашу талабын Отырардағы әйгілі ғұлама атасы – Арыстан бабтан ілгектеді де, өзіне деген сенімін нықтап болып, табан тіреген соң, тағы да біле түспекке талпынған. Бұл жолы да Гауһар-Шаһназ қиялына қанат ілді. «Ұш!» деді. «Ұша бер биік шыңға қарай...»

Бұқара жолы бала шәкіртті осылайша өзіне қарай ынтықтыра тартып, өз жетегіне алып, дедектетіп ала жөнелген.

Топырақтан алыстаған сайын көңіл қобызы күңіренді: ойына ой қосылды; сезімі селдей болып, омырауын жуып кетті; көңіл толқыны жыр болып өрілді; хикметтер төгіліп кеткен-ді...

...Жеті жаста Арыстан баб келді бабам,

Хақ Мұстафа аманатын берді маған.

Сол сәтінде-ақ көңілім тауып баян,

Нәпсім өліп, Тәңірі жолына түстім мен де...– деп, сыр шашуын шашқан. Онымен де тоқтай алмады, тағы да жалғанып, жамырап берген.

...Кітап ашып, сүрәлардың мәнін сұрап,

Ұққанымша асықтым, әзер шыдап!

Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап,

Жаутаң қағып, көңілін бағып тұрдым мен де...

Ақ жауынның мөп-мөлдір тамшыларындай боп, әр сөзі мөлт-мөлт ете қалып, көкірек сарайынан лек-легімен ағылған.

...Бұрынғымнан күрт өзгеріп, бөгде болдым,

Алла түспес аузынан пенде болдым.

Әділ сөйлеп, адал жүрер жерде болдым,

Тазалықтың тұрағына ендім мен де...

...Алғыр шәкіртті алда Бұқара шаһары «кел, тезірек жет, білім теңізіне шомыл» деп, құшақ жая күтіп алып тұрған-ды.

* * *

...Сағыныш кернеген сартап көңілін оқта-текте сәлем жолдап қоятын Гауһар-Шаһназдың ыстық ықыласты тілек-ниеті аз кем болса сабасына қондыратын. «Осындай әпкем болғаны бір бақыт, ұлы бақыт» деп, қиял қозғаушы еді сондайда. Тіпті бір жолы Гауһар-Шаһназ айтып жіберіпті.

– Оқу аяқталысымен елге қайт, мұнда Баба ата асыға жол қарап жүр, айтары бар, – депті. Арыстан Баб бабасының теңіздей ақылы мен ғұламалығы жайлы жас кезінде талай рет көңіл тұщынтып, құлақ қандырған. Ақыл-парасатына сол кезде-ақ пейіл ырзалығын байқатқан. Тіпті дін жолына тізгін ұстап, бет бұруына ғұлама ата жол бастаушы болмады ма!

...Бұқарадағы Көгелташ медресесi, шiркiн-ай, бiлiмнiң терең де тұңғиық, мөлдір һәм кәусар бұлағы ма екен, санасына сәуле құйып, көңіл көзiн жарқыратып жіберген. Осында жүргенде алынбас қамал сынды араб тiлiн еркiн меңгерiп, тағы да тылсымы түйiн тiлдерге құрық тастады. Исламның исi шығатын кепиеттi кiтапты, қасиеттi Құранды түгел атқарып, түгел парақтап, ол аз десеңiз, тiптi жансарай жанарымен жаттап кеп берсін. Оған қоса аспан әлемi, табиғат тылсымы, жаратылыс құпиясы туралы қалың мұқабалы мың-сан кiтаптарға үңiлдi, iшкi сырына сығалады. Көкiрек сарайы, сосын-ақ, күннен-күнге кеңи түскендей болып ажарланған. Бiлген үстiне бiле түсуге, бiлiм тұңғиығына одан бетер бойлай беруге барынша ықыластанған едi бала шәкiрт.

Сосын қалай болды? Қалай жалғасты? Тіршілік тастағы білімі асып-таси түскен жас бозбаланы қай қиырға сүйрелеп әкетіп еді? Ә, иә, содан кейін Мербі қаласына ұстаз болып барған жоқ па! Онда біршама уақыт аялдап, жауқазындай жас жеткіншектерге бiлгенiн үйретiп, барынша санасына сіңіріп болып, кейiнiрек Бұқараға қайталап назар назар аудара, аңсар көңіл ырқына жығыла берген. Өзi оқыған медресеге ат басын тiреп, осындағы бiлмекке құмар, бiлуге ынтызар бозбалаларға дәрiс бермекке ықыластана, ынталана ұмтылған кездері, міне, кеше ғана емес пе!

Әттең... білімпаздық ұлы соқпақ пен пенделік ұзақ жолдың түйісер тұсы қайда? Соны дөп басып, еркін танып, ақылмен салмақтай білмегені қандай өкінішті! Қайда қараса да алдынан әйтеуір бір қара тас кезігеді де тұрады, қозғайын десе мізбақпайды-ау, сабазың...

Жә, жеке кездесіп, жеңінен тартатын әлдебір қисық мінез кісілерді қоя берші, ең қиыны – билік басындағы менмін деп асып-тасып сөйлейтіндердің қисая қалатын қылт әрекет-әдісін түсініп болмады. Олар біреу емес, екеу емес, үшеу емес... Көп-п...

«Ел билеушiлерге, қалталы көсемдерге һәм әр күнін, әр сағатын сән-салтанатпен өткеріп жатқан дәулеттiлерге қай iсiм жақпады?..»

Жатса да, тұрса да жанын жегiдей жеп, iшкi әлемiн бей-жай еткен түйткіл сауал – осы!

«Неге жақтырмайды менi!.. Несiн алыппын олардың?..»

Рас, Мербiде жүргенде де, Бұқарада болғанда да шәкiрттерiне айтатыны жалғыз ғана лебіз-ниет: «Адам адамнан артық болып, асқақтап кетпегені абзал. Артық дүние жиып, артық киiнiп, артық iшу – асылық! Ол түбі жақсы жолға бастамайды. Кісі пейілін бұзады. Сосын да Алла-Тағала оны қош көрмейді. Құптамайды!..» Осынысы ма?.. Осыны уағыздағаны ма?.. Оның қисық жерi қайсы екен?.. Өзi ме екен соны ойлап тапқан!.. Жо-жоқ, ол Алланың қалауы! Жаратушының ниетi!.. Соны түсiнбегендерi…

Ешкiмнiң ала жiбiн аттамаса да, ешбiреулерiнiң көңiлiне тиiп жатпаса да, Алланың адал құлы Бұқарада белгілі бір қиқар топтың қырына ілінді де, сәт сайын тосқауыл тоса берген. Анаусы да, мынаусы да тырнақ астынан кiр қаузап, сыныққа сылтау iздеп, бұған қоқан-лоққы көрсетуді кәдуілгі әдетке айналдырып жүрген. Дәулеттi топ бұны жөнсiз мазақ еттi, сыртынан ғайбаттап, келеке қылды. «ақымақ, қияли да қисық жан...» деп, «өзін-өзі өте жоғары бағалап, ұлылар тобына қосқысы келетін кеңкелес» деп, орынды-орынсыз өсек сөз өрбiтiп, артынан кесек-кесек келiспес, келеңсiз әңгiме шұбыртқан.

«...Осының бәрі де қайдан, неліктен шудаланып, тарқатыла береді? Неге менің әр ісім басқаларға бүйідей тиіп жатады?..»

Ой барлап қараса, қисайма қылаңсөз гу-гу етіп, қыр соңынан қалмастан, қайда барса да балаққа жабысқан биттей болып еріп жүретіні медреседегі әлгі бір қызыл бөрікті еркек – Өсертемірді тауып, ат байлайды. Оның несін алыпты, а? Бар жазығы – әнебір жолы Құран Кәрімді сәл бұзыңқырап, кей сүрелерін дұрыс айтпағанын ескерткені ме? Бар кінәсі – хадистерді дұрыс түсінбей, өзінше түсіндіріп-тарқатып айтатынын еске салғаны ма?.. Айтпаса – бұған күнә, ал айтса...

Үндемеуге де ерік-жігері жететін. Үнсіздік – ең қолайлы әрі жайлы әдіс! Әй, бірақ... дін жолы мұндайды құптамайды. Қателескеннің қателігіне жөндеу айтылмаса, ол бірте-бірте өзгелерге қатерлі уын жайып тынады.

Ұстазы Жүсіп Хамдани оңашада сөзге тартып:

– Ақиқат керек, бірақ әдеп алдыңғы кезекке шыққаны мақұл! – деген. Одан басқа дәнеңе демеді. Сондағы ойқазық қайсы? Қостағаны ма, жоқ қарсылығы ма?

Сезіміне біз сұғып алғандай, осы екі-үш ауыз сөз өмір сабағындай болып, сана алаңында көлбең-көлбең еткен.

Кешірімшіл көңілге ерік сыбағалап, әуелі өзінен бастамақ боп, Өсертемірге кезігіп, артық кетіп қалғанын білдірмекке ықыластана:

– Біздей пақырыңыз...– дей беріп еді, ол шыны мінезбен шатынады.

– Енді менің маңайыма жоламаңыз, өтінемін, – деді де, ала көзімен ата қарап, кердең басып, маңғаз жылыстаған.

Оған да қатты ренжіп, көңіл тұманына қамалмас па еді, қайтер еді, соның ізінше-ақ бір танысы:

– Сіз, Ахмет, жерлесіңіз Өсертемірге жылы қабақ орнына, тым қатқыл да қатал мінез көрсетесіз, ол жарамайды, – дегені. – Әркімнің өз деңгей – биігі бар...

Ләм демеді. Бұл да сол топырақтасының аузынан шыққан қисайма лепес. Өзі айтпаса, кім білер еді мұны! Қайдан естиді?..

Көп-п күндер бойы асау сезімді іште бұқтырып, сабырмен қайырмалап, қамап ұстап келіп еді. Сөйтсе де аракідік кеуде қамалын бұзып кетуге ұмтылып-ұмтылып қойып жатқан-ды.

Ақыры... шыдам да шың басына атыла шығып, ат байлапты.

Кеудеде даланың дауылындай ала құйын бірнеңе бұрқ еткен. «Сабыр, сабыр» деп күбірлеген. Болар емес. Кеудедегі ой-төңкеріс отқа айналып бара жатқандай. Лап-лап...

Содан… Ахметтi жай кезде келе бермейтiн көқала ашу құшағына тартып ала жөнелген. Тiптi ұстазы Жүсiп Хамаданидiң көңiл жұбатар көшелі сөздерi де осы жолы ойдағы долы дауылға тоқтау қалқаны бола алмады. О, тоба! Бұрын ол кiсiнiң, Хамадани мырзаның, айтқаны екi етпеушi едi, ал дәл бүгiн… Арынды ашуын қайда сыйғызарын, қайда қаусырмалап, байыз тапқызарын таба алмай, аңтарылған.

«...Бұл нендей ашу? Неге сабырыма әзәзіл араласты? Мұным қалай? Сабырсыз ер – сайтанның ойыншығы деуші ме еді! Осы мен... кімге ойыншық бола бастадым екен, а?..»

Ойтүтін бір мезет бықсық болып түтеді.

«...Қой, мен үшін тағы бір өмір сынағы тақап келіп қалды білем. Шығар жол қайсы осы тұйықтан? Қайтпек керек? Не етпек керек мұндайда?..»

Түтінді ой енді лап етіп, қайтадан отқа оранып ала жөнелді.

«...Жоқ, Ахмет, сен бұлай өмір сүруге тиіс емессің! Сен... Алланың құлы болсаң, сол Жаратқан ие алдындағы парызыңды орындап болғаныңша бір күн де, бір сәт те тыным көруге тиіс емессің-ң...»

Әрi ойланды, берi ойланды. Сөйтiп… өз ойының боданына байланып, көктүтiн ойды сейiлтпек боп, көңiлдi күптi еткен түйінді шешпек боп, тағы да үлкен жолға ақжайма жайды. Меккеге, қасиеттi Мекке шәһәрiне бағыт түземекке ғафу ниет сұрады. Ең болмаса қызыр қолдар, перiштелер әумиiн дер, алғы тiрлiгiме ақ жол ашылар деп, ой шырмауығына маталып, қайта-қайта сол сарынның iзiне ілгек салған.

«Уа, киелi топырақ! Бiр жаратқан иеме һәм бiр саған табындым деп басын тауға да, тасқа да ұрған бейкүнә пендең өзiңе сенiм артып, өзiңдi iздеп жолға шықпақшы. Кеудеңдi айқара ашып, шын ықыласыңмен қабыл ала көршi!» деп, iштей жалбарынып, ақ тілеу тіледі. Күндіз-түні ой-тұман көрпесіне оранды.

...Ақыры мұсылманға міндет мінәжат сапарының жолына тәуекел кемесін бағыттаған.

* * *

...Мекке деген сөз аузынан шыға салысымен, ойына парасат мұхитының падишахы Хазіреті Мұхаммед орныға қалады. Мына жарық әлемде алпыс үш жас жасап, «өзіме Жаратқан ие жүктелген міндетті шамам жеткенше өтеп болдым» деп, ана дүниеге аттанып жүре берген Алланың елшісі күндіз ойынан, түнде түсінен тәтті сезімдей болып үзілмеген. Өз басының рахатынан гөрі Адамзаттың бақытын көбірек ойлаған осынау көшелі кісіні мына ел ішіндегі кейбір пысықайлар неліктен түсініп-танымай жүр екен? Өз заманында да түсінгісі келмегендер болған екен, қазір де бар. Азая қойған жоқ. Бұл пенделерге не болған? Бұлары несі?..

Байлыққа қызыққан жоқ. Билікке де құмартпады. Қай кезде де қарапайым, көптің бірі болып тірлік жалғады. Сол қарапайымдылығымен былайғы жұрттың асыл жүрегінен алтын тақ бұйырды. Ең алдымен оның таза жүректі періште мінез кісі екенін жанындағы жары Хадиша-Ана түсінді, сосын да қолтықтан демеп, жақсылық жолына жетеледі. Содан кейін Әбу Бәкір Сыддық, сосын Омар ибн Әл-Хаттаб, Оспан ибн Әл-Аффан, Әзірет Әли ибн Әбутәліп...

Уай, дариға-ай, Алла-тағала өзінің өкілі Жәбірейіл арқылы Хазіреті пайғамбарымызға қасиетті Құран сүрелерін жолдамаса, оны тез түсініп-қабылдап алып, дереу пенделеріне жеткізуге ұмтылмаса, ал содан соң жоғарыда аты аталған жүрегі мен жаны әппақ қардай таза жандар қолдау көрсетпесе – сол замандағы қараңғылық, көрсоқырлық, дүниеқоңыздық, надандық қазір де жалғаса берер ме еді, қайтер еді! Жас қыздар тірілей қара жерге көміліп...

Алқымына өксік толқыны толып кетті де, өз қиялынан өзі теңселіп, жаны шырқыраған. Ауыр еді! Тым кермек ой тұла бойын тыпыршытты.

Көмейінен бүлк-бүлк етіп, жыр бұлағы жанартаудай бұрқырап атылып келе жатқан.

...Құдай жолын таңдаған, одан әсте танбаған,

Адал жанды пендеге сенеді екен, Мұхаммед.

Мен үмметпін дегенді, өзіне кәміл сенгенді,

Шафағат күні қайырымнан құр қалдырмас, Мұхаммед...

Осылайша төгіліп-төгіліп кеп берді жан-дүниесіндегі маржан-жырлар. Оны Ахмет өзі емес, әлдебір құдіретті күштің атымен баян қылғандай-ды.

...Тәңірінің сөзін білмеген, сүннатқа бас имеген,

Түзу жолдан тайғанға, ықылас қылмас, Мұхаммед...

Аз-кем қиял құдығына тұншығып тұрды да, бойын жинап алып, қайтадан әлгі ой жетегіне еріксіз керме керді.

Адамзат игілігі мен бақыты жолында ізгі әрекет еткен көшелі кісілер болмаса, мына жұрт осы күні нендей күйге ұшырар еді? Жүрекке иман кірмесе, онда адам өзінің көркем бейнесін сақтап қала ала ма? Пенденің санасына Әзәзәл араласпасын, ал араласса, онда қап-қараңғы түн-түнек албастыдай баса түспек.

...Абыз Ахмет Меккеге жол жүрер алдында көп күндер бойы Хазіреті Мұхаммедті, оның қасиет дарыған сенімді халифаларын еске ала беретін. Солардың табаны тиген топыраққа бара жатқанын ойлағанда, бойын белгісіз бір сезім буып, жүрегі аттай тулап, алқымына тас кесектей тұтыла қалып, тұншықтырып әкететін...

...Жоқ, қайтсе де Меккедей қасиетті меккеге сапар ізін салмай болмайтын сынды.

* * *

Сәті түскен бір күні шапағат жолына жиналды да, «иә, сәт!» деп ұзақ аттанысқа із тастаған. Оның жолаушылап кеткенін момақан мінез қалада біреу біліп, біреу білмей, мүлде хабарсыз болып қала берген.

Тек Өсертемір қала ішіндегі әлдекімдердің гу-гуінен естіп алып, өз тобы арасында мысқылдай сөйлеп:

– Ғұлама боп ораламын дей ме, көрерміз әлі ол жағын...– деп, кеудесіне мысқыл ойнатып, сөз сауған.

Бір танысы Өсертемірдің мысық тілеулі ниетін құп көрмей:

– Жаратқан иенің бес сауап ісінің бірін орындауға тәуекел кемесін салған екен, неліктен бейбас мінез байқатасыз? – деп еді, оған да жауабы тілінің ұшында кілкілдеді.

– Бес сауап іс – бәрімізге парыз. Бірақ оны ішкі бақай есеппен емес, адал, ақ ниетпен атқарып жатсақ, кәні...

...Неге екені белгісіз, Өсертемір екеуі бір топырақтан бола тұрып, бір-біріне өлердей қас. Жо-о-қ, Ахмет пе екен, бұған салса, онымен қоян-қолтық араласып, қолдап қана жүрер еді, қайтерсің! Бірақ ымыраға келіп, ортақ ойға топтасып, көшелі шаруаға көшуді тілеп тұрар ма! Қашан көрсе де қабағы қатулы, әлденеге өкпелі. Бір сөз айтсаң, он сөзге жүк болар жауабыңды құшақтап қайтасың. Сөйте тұра... кемеңгерліктен үміткер.

Кемеңгер кім? Ондай жан қандай болуы керек? Ақиқаттың ақыл таразысы айтады: кемеңгерліктің алтын үлгісі алыста емес, дәл жанында жүр. Ол – Жүсіп Хамдани! Бәрінің ұстазы...

Ұстаз оңашада айтар еді:

– Маған кім көрінген жалғызсың, дүние-мүлік жия алмадың деп мұқату сөзін нығырлап жатады, – дейді. – Асылы, бұл қате түсінік. Мен бүкіл ғұмырымды адамдардың бақыты жолына арнадым, арнап та келемін. Содан да... менде екі төсек, екі ыдыс, екі орын... ғана бар.

Сөзін қызық көріп, Ахмет осы тұста:

– Неге екеу? – дейтін.

– Өйткені, қонағым келе қалса, бір төсек пен бір ыдыс соған...

– Ал, екі қонақ қатар келсе ше?

– Олай болмайды. Мен әрдайым қонақты тек бір-бірден қабылдаймын. Үшінші кісі араласса, әңгіменің арқауы ажырап, маңыз-мәнісі кетеді.

Уәжге тоқтаған шәкірті әрі қарай сөз саумастан, тіл тізгінін тартып ала қоятын...

Ал, мына Исфиджабтық досы тіпті ұстазына да кей-кейде риза еместігін сездіріп қалып жататын. Е, ендеше оған не үшін ренжіп, қабақ қатуландырсын!..

Хамадани ұстаздың бір сөзі былай өріледі:

– Қабілеттілік кісіде не бар, не жоқ! Бар кісілер онысын бұлдап, мақтан ете бермейді. Ал, жоқтар – жоқ болғаны үшін қатты ызаланып, айналасына ащы уын жаюмен күн өткереді...

Сөз астарын сол сәтінде-ақ сана қазанында зерделеген. Қайталап сауал берген жоқ-ты.

Өсертемірмен әрбір кездесу сәтінде мейлінше ұстамды болып, құлақ естіп жататын қыжыртпа сөздеріне аса мән бермеуі де содан.

Аса көп шаршаған жоқ. Әрбір сәтінде сабырға жеңсік беріп қойып отырды.

«Сайтани сезімге еріп жүргені шығар, түбі ес жинар ол да...» деп, бұл жайынан әзірге күрмеу салып қоя тұрған-ды...

...Мекке!.. Жып-жылы қарсы алған Мекке! Алайда бойға жылылық нұрын сепкенмен, ойға жылылық құя алды ма? Ойқастаған асау ой тиянақталды ма? Күптiлiгi басым көңiлдi көншiттi ме? Ой-ормандағы бар түйткiл өз шешiмiн ширатты ма? Әй, қайдам!.. Әйтсе де, аузын қу шөппен сүртiп, қасиеттi жерге тiл тигiзуден аулақ. Өйтер жөнi жоқ. Қажылығы ше!.. Соны орындай алғанына тәуба деуi керек шығар. Иә-ә, қасиеттi қажылықтың барлық шартын, қажет шартын орындады-ақ. Шын ниетiмен… Сөйтiп, ақыр аяғында Қажы Ахмет аттанды. (Сол Қажы Ахмет аты келе – келе Қожа Ахмет болып өзгермеді ме екен, а?) Ал, көңiлдегi көлбеп жатып алған көктүтiн сейiлмей-ақ қойса, оны өзiнен көргенi дұрыс болар. Иә, өзiнен… Өз бойындағы ойжегiден…

Туған жерге қайтарда білімді пірәдарлардың ымыра-емеурінмен айтқанын тыңдап, соларға құлақ асып, ырым етiп, мойнына Меккенiң айтулы тас белгiсiн, қасиеттi бойтұмарын ілгектеген. Онысы – сегiз қырлы асыл қара тас едi. Бар бәле-жаладан ендігі құтқарушы һәм қорғаушысы – осы асыл тас, киелi тас секiлдендi өз көңiлiне. Сол белгi жатса да, тұрса да жансерiгiндей болып, жан сергiтерiндей болып, көп жылдар бойы мойынсерік болып, жүрегін жылытқан. Бiреулер оған күлiп қарады, ал ендi бiреулері таңданыс байқатты, тағы біреулері «бұған дауа жоқ екен» дегендей бас шайқап қойып, ауыр дем алды.

* * *

«Қу дүние құдайыңды да ұмыттырады!..»

Ахметтiң түсiнде де, өңiнде де, қайда жүрсе де күбiрлеп айтар бiр ауыз сөзi осы. Жер бетiндегi пенде бiткен өз қарақан басын ғана ойлайтын, өзiне ғана жағдай жасауды тiлейтiн дүниеқоңыздықтан, парақорлықтан қашса екен деп тiледi. Бiр-бiрiмен тең болып, бiрiне-бiрi астамсып сөйлемей, тек қана iлiм-бiлiмге бой ұрса екен деген тілеуді сыналады. Бiрақ оған көнiп жатқан пенде бар ма? Ахмет сонда да, сонда да… жұмыр басты пенде көрсеқызарлықтан, даңғойлықтан, өтiрiк пен өсектен бойын бiржола аулақ салып, бір қадам болса да одан аластаса екен деп арман ауылын жағалаған. Бiрiн-бiрi құрметтеп, сый көңiлмен тату-тәттi өмiр кешсе ғой деп жалбарына сұрады бiр жаратушыдан. Әйтсе де… онысы да өзгелерге күлкiлi секiлдi болып көрiнедi де тұрады. Ол, бiрақ, қайсыбiр қиындыққа тап келсе де, қандай ауыр да ащы сөз естiп жатса да, өз ойынан, өз пайымынан бiр елi де керi шегiнбедi. Тiптi бертiнде осы ойға түбегейлi табан тiреп, ендi соны, сол ойды шын уағыздаушыға айналды. Жыр болып өрiлген көңiлiнiң терең түкпiрiндегi сыр-хикметтердi жазуға бейіл-мінезді нығырлады. Сол хикметтерiнің алғашқы жолдарында ең әуелiм «төңiрегiм надан болды, менi түсiнбедi, айтқанымды ұқпады, сосын да бiлiмдiлiктен у iштiм» деп зар төкті. Оны естiр, оған көңiл аударар құйма құлақ табылды ма дешi әуелi!

Көңіл сарайынан жарық дүниеге жол тартқан парасатты хикметтер бiрде тау суындай болып тасқындап, арылдап-гүрiлдеп, ал ендi бiрде көз жасындай болып мөлт-мөлт етiп, тамып кетiп, төгiлiп кетiп жатты. Оның әрбiр жолы халықтың жүрегіне жетіп, ілтипатына бөленіп, көңiл дауасы болып, дереу-дереу сан тарапқа жақсының мінезіндей болып, тырмысып бара жатқан. Елдiң ықыласы ауғаны соншалық, шайырдың жыр боп өрiлген жан сырын – ауыздан ауызға iлiп-iлiп әкетiсiп, адамнан адамға, ауылдан-ауылға тасыды. Бұл дәулеттiлер мен ауқаттылардың арқасына аяздай батып, кеуделерiне тiкенектей қадалып, тыныш ұйқысын бұзды.

«Тәйiрi, мына жалаң аяқ Ахмет-ақ бiзге ақылгөйсіп, қалай жүріп-тұруға жөн сілтемек пе! Ол кiмнiң жыртысын жыртысқандай екен? Өз қара басына өзi май жаға алмай жүрiп, хикмет жазған не теңі десейші бейбақтың! Шайыр болған түрiңе!..»

Бұны да айтушы – солар. Сол топ! Дүниеге, шiрiк дүниеге көз тiккен, бар рахат, бар ләззат, бар бақыт – байлықта дескен орта!.. Солардың пәлсапасы!..

...Ол қасиетті мекенге жәй Ахмет боп қадам басып, қайтарда қажы атанып, Бұқара топырағына аса толқулы сезіммен оралғанда баяғы Өсертемір «досы» бұны «құдайдың үйiн» көрiп келген ақылгөй деп, данагөй деп, бiлгiш деп, тағы да келекелеп, қолтығына ши жүгiрттi. «Алла-Тағалаға анық керек кiсi болса, сол сапардан оралмас едi, сонда сүйегі қалар едi-ау, керек болмаған соң қаңғыған шарасыз иттей келген iзiмен кері қайтады да» деп табалап, бұның жаралы көңiлiне тұз сеуіп, жанын шырқыратты.

О, Алла десе, бұларға дауа жоқ шығар! Меккеге барса, бұрам-бұрам байлығын, уыс-уыс алтынын қайда шашарын бiлмеген басқалар секiлдi мансап пен атақ iздеп барған жоқ. Әдiлдiк iздедi. Шындық жолын қайтсем табам деп аласұрған көңiл аңсары ғана. Сол үшiн арыды, ашықты, тарықты, көрмегенiн көрдi. Естiмегенiн естiдi. Сонда да Ахметтiкi дұрыс емес те, Өсертемірдікі жөн болғаны ма?..

«Шiрiген жұмыртқа секілді болғаным ба? Иә, шiрiген жұмыртқамын. Бірақ, кім үшін? Кiмдер үшiн? Дүниенiң буына iсiнгендер үшiн бе?.. Әлбетте, солар үшiн мен сондаймын. Бiткен жанмын. Ал, өз арымның алдында ше? Жоқ. Өкiне алман. Мендiк мөлдір ой менiмен бiрге өледi. Мен барда, ол да бар. Өзiм тiрiде оны өгейсiте алмаймын…»

...Жансарай жауһарына қол созды.

* * *

Үзiк-үзiкойлар!

Ахметтiң санасын шырмап алған сан-тарау ой сiлемдерi! Берiлмеймiн десе де қиялап келіп, қыл шылбыр салар қиялы құрғыр сiлелетедi. Шарадай басын шақшадай етiп, шаршатады. Жiгерiн жасытады. Ең болмаса… өзiм туған жер – кiндiк қаным тамған топырақ бауырына басып, маңдайымнан аймалап-сипар деп үмiтпен дүбірлетіп жетпедi. Осы топыраққа жеткенше асығып едi. Сонау-у жер түбiндегi Бұқарадан керуенге iлесiп, жаяулап-жалпылап, топырағының иiсiн сағынған Исфиджабқа құр сүлдесiн сүйретiп маңдай тіреген түрi едi. Сөйтсе…

Туған топырақтың қабағы мүлде салыңқы. Елдiң сиқы тым жүдеу. Тiрлiгi самарқау. Ақ дегенi алғыс, қара дегені қарғыс болып, iсiп-кеуiп отырған тағы да – дәулеттiлер, шонжарлар. Солардың дегенi – деген, айтқаны – айтқан, сөйлегені – уәж!.. Мына дөңгеленген дүние неткен, неткен, неткен әдiлетсiз!.. Неткен, неткен, неткен алдамшы!.. Қайда барса да, кiммен тiрессе де – бар күрескенi әділдік жолы-ды. Ендi өз топырағына келсе, сол қисық күй, сол қалып, сол көрiнiс, сол ескі әдет тағы да алдынан, қарсы алдынан «мені қайтесің» деп кесе-көлденеңдеп қасқайды.

Ойында әрқилы сезiмдер шарпылысып, дегбiрдi алған соң, қолына қалам ұстады. Ой жиһазы – хикметтері тағы да ботадай боздап, төгіліп берген. Көңiлдiң көл-көсiр сыры болып, бейкүнә жандай безілдеді. Көкiрек сарайындағы көкала шер ендi жыр кестесiне өрiлдi. Тыңдаушысы – жүдеген, жадаған халқы! Демеушiсi де, дем берушiсi де солар!..

Өмiр – дөңгелек өз жолынан, өз бағытынан айныған емес. Әр кеудеде – бір арман! Сопылық жолға түскен осынау жұмыр жердiң жұмыр бас бір пендесi – шайыр Ахмет өз жырларымен әуре болса, былайғы ел өз саудасымен әуре. Ұлы Жiбек жолының бойымен ерсiлi-қарсылы ағылған саудагерлер… Олар керуен-керуен алтын, күмiс, жiбек, жүн, түбiт, сақтиян тасып, соны саудалап, басқалардың көзiн қызықтырумен болады. Дүние, шiркiн, кiмдi алдандырмаған, кiмдi тура жолдан тайдырмаған!.. Исфиджабтың халқы сондай алдамшы қызықты алдыңа тартар көздiң де, көңiлдiң де құрты – алуан түрлі асыл зат тасыған саудагерлер келсе, iстеп жатқан iсiн де, ұстап отырған құсын да – бәрiн тастап, сонда жүгiрiседi. Осындайда шайыр жалғызсырап, жетiмсiреп күңіренеді. Көкiрек сарайы иен далада қаңырап қалған иесiз диiрмендей азынап қоя бередi.

«Менiң бәйiт-өлеңiм бар халықтың көңіліне қонып, жүрегіне жол табар ма? Түсiнер ме менiң жан сырымды туған халқым? Ұғар ма перзентiнiң аңсар көңiлiн! Әлде… өмiр бойы олар менi, мен оларды түсiне алмай, шерменде болып өткенiмiз бе!..»

Осылай деп, ішіндегі аласапыран сезіммен арпалысып, жанын қоярға жер таппай жүрген кезінде... Бұқарадан баяғы «досы» Өсертемірдің елге оралғанын арадағы сөзжүйріктер құлағдар еткен. Әуелгі естіген сәтінде көңілі шалқып кетіп, ескі танысты тезірек көріп, онымен тіл қатысуға ықтиярланған. Алайда, көзтанысы бұны аса ыстық ниетпен күтпеген сыңайлы.

– Сен де осында ма едің! – деді алғаш жүздесу сәтінде.

– Енді қайда барушы едім! Туған жерім-м...

– Туған жерді іздейді екенсің-ау! Ал, мен ойлап едім... Ұлылық сырқатымен ауырып, ел-жер дегенді мүлде ұмытып кеткен шығар деп...

Ахметтің ішкі сарайы дермене жұтып жібергендей болып, ашытып ала жөнелген. Оның осы сөзі әсіресе жанына біз сұққандай қатты батты.

– Өсертемір-ау, кісі ұлылықты армандай ма? Ондай бағаны күні ертең соңында қалар халқы, елі бермес пе! Егер, әрине, сондай атқа ылайық болып жатсаң...

– Ал, сен... сен Бұқарада жүріп-ақ кемеңгерлер қатарына жазылып қоймап па едің? Тізімнің басында жүр деп естіп едім...

Тікен сөзін қадап алды да, бұдан әрі тілдесуге зауқы жоқ екенін сездіре, кілт бұрылып, желкесін көрсеткен.

Кездесу де осымен аяқталған-ды...

Дәл осы тұста өз көңілі де алабұртып, әні-міні деп, тағы бір сапарға әзірлену жағдайында болатын-ды. Арыстан баб бабасы бар ғұмырын өткерген өңір – Иассы топырағына қарай бүйрегі бұра түскен. Аңсары ауды да тұрды күні-түні.

Туған жерін – Испиджабты артқа қалдырып, енді Иассыға жол жүріп бара жатқан мезетінде, қайдан келе қалғаны түсініксіз, тағы да Өсертемір бой көрсетіп тұрып:

– Сағынуың да оп-оңай, сағынышыңның басылуы да оп-оңай екен-ау, сенің...– деп, тілінің тікенін байқата, қадап сөйлеген.

– Мені мақсат сапары жетелеп барады! – деді ашу-ызаға бәрібір ерік берместен. – Адамның арман-жолы өліп, көрге кіргенде ғана тұйықталады.

Қыңыр досы қайтадан жағын қайшылады.

– Халықтан үлкенсің бе? Айтшы, қане?

Жауап қатты.

– Көпке топырақтай төселіп қызмет қылсаң ғана – перзенттік парызыңды өтей аласың.

Еселей сөйлеп, әйтеуір бір жерден қылдай етіп, қатты ұстап, ойтығырыққа тіремек ниетін байқатқан.

– Сөздің салмағы бола ма?

– Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы, әрине, болған емес.

Тағы да екпіндете еселей түсті.

– Жүрек дірілін сезе аласың ба?

– Іші қулыққа толының, көкірегінде ар-ұяты жоқтың жүрегі, әрине, дірілдемейді.

Енді екінші жағына аунап түсіп, төте сұрақпен төпелеп жіберген.

– Сен, Ахмет, ең алдымен мұсылмансың ба, жоқ түріксің бе?

– Жасқанып-жалтарарым жоқ: мен ең алдымен түрікпін, содан соң – мұсылманмын...

– Еһе, – деді Өсертемір. – Әлі осы сөзің үшін мықтап таяқ та жерсің. Көрер құқайың алда екен. Мен айтты деме...

* * *

...Адамдардың, әсiресе дүние-мүлiк үшiн жанын жалдаған, сайтани сезімге бой алдырған адамдардың пиғыл-пейiлi бойын тiтiркендiрдi. Олармен қатар жүрiп тiрлiк кешуге, өмiр сүруге бойы жиренгендей. Көңiлiне күптi ой кептелдi. Ендiгi жерде өз бойындағы ең асылын – жансарай жауһарын кiрлетiп алатындай қорықты. Жансарай жанарын бітеп алардай үрейленді.

«Алтын – әшекеймен, сырлы-сақтиянмен, көз жауын алар жүн-жiбекпенен менiң кеудемдi кiрлете алмассыңдар. Менiң көкiрек сарайым – алтындай асыл, саф ауадай таза. Тазалық тұңғиығы! Өзiм соның ғана үнiне құлақ асамын. Менiң әмiршiм – өзiмнiң жансарайым...»

Оның жүрек соғысы осыны айтатын. Оның көкірек сарайы осылайша сыр төгіп тұратын. Қайта-қайта ойына мұраты мен мұңын арманына астар еткен кiршiксiз көңiл иесi – қасиетті Мұхаммед көз алдында тұрып алған. Бұл фәниден алпыс үш-ақ жас жасап, өте шыққан қайран пайғамбар!.. Адамшылықтың, тазалықтың, парасаттың пайғамбары…

«Осы бiз, пенделер, жаратқан иенi неге аспаннан, сонау көк тұңғиығынан iздеймiз?.. Алланы көре алмаймыз, сосын да ол туралы сезімді кеудеде әлдилеп ұстаймыз. Құдайға қолымыз жетпейдi, содан да оның құлымыз! Өмiр бойы құлшылық етумен бұл фәниден өте бермекшiмiз. Ал… Алла-Тағаланың көзiндей болған адам, пенделiктен бойын аулақ ұстаған, жер-жаһанға алла iлiмiн жайған, бар ғұмырын соған бағыштаған… Хазіреті Мұхаммед баба өмiрi бiзге неге сабақ емес? Оның шын пайғамбар екенiн мойындап, неге бас имеймiз, пенделер-ау!..»

«Пенде Мұхаммедтен пайғамбар Мұхаммедке адамдар арасында жер басып жүріп-ақ көтеріле алған кiсiге күдiк келтiруiмiз қалай осы?..»

«Алла атын басқамен алмастырып, дүниеге көз тұндырып, бiржола алжасып, бет ауған жаққа ылағып бара жатқан жоқпыз ба?..»

«Құмырсқа тiрлiкпен күн кешкен қайран пенделер-ау, ес жиып, еңсе көтерiп, шариғат үнiне құлақ асып, Хазіреті Мұхаммедтiң үмбетiмiз дер кезiң болар ма сенiң!..»

«Қайда, қайда бет алды Жаратқан иенің құлдары – адамзат көшi! ..»

Күнұзақ осылай деп күбiрлейдi. Қатты да айтпайды, iшiне де бүкпейдi. Қатты айтпайтыны – мына айналасындағы тiршiлiк иелерiнiң бұл ойды дұрыс түсiне алатынына күдiгi көптiгiнен; iшiне де бүкпейтiнi – сыртқа сыр етiп айтқысы келетiнi, өз сырын өзi ойда өлтiруге қорқатыны…

Көзiн ашса да, жұмса да – көлбендеген өз көңiлiне аса қымбат бiр бейне: ол қасиеттi Хазіреті Мұхаммед…

Тiптi соңғы кездерi сол кісіні жиi-жиi түсiнде де көретiн халге жеткен. Кәдiмгiдей, өңiндегiдей. Бiрге жүредi. Ой бөлiседi, сыр айтысады…

Ояна келсе… бәрi де елес. Тағы да бiтпейтiн қу тiрлiк… Мұхаммед өсиетi бiр жақта, жердегi қым-қуыт тiрлiк бiр жақта. Талас, тартыс!.. Дүние үшiн жанталас!..

«Түһ!» деп күйiндi ол. «Қайда барып бой тасаласам екен! Мына улы жыландай уы мен зәрiн бойға дарытпай қоймас жиiркенiштi тiрлiктен қайтсем құтылам?.. Қайтсем бойымды аулақ салам?… Уа, пайғамбарым, әруағыңмен жебешi менi! Сенен басқа сүйенерiм жоқ. Менiң пiрiм – бiр өзiң. Қайдасың?.. Қайдан iздеймiн сенiң рухыңды?.. Қайда ол? Қайда-а!..»

...Түнде түс көрсе болды, қайта-қайта кезінде Жауһар аталған көне қала – Иассы шаһары елес беріп, жолындағыны жапыра ығыстырып, кіріп келіп, көкірек сарайына орнығуға ұмтылып жатады. Өңiнде ненi ойласа, түсiнде соны тамашалап кететін. Сән-салатанатқа оранып, тотыдай таранып, сұңқардай сыланып, жасанып алған Иассы… Жан-жақтан ағылған халық… Деп-демде кiп-кешкене қала он есе, уа, тiптi жүз есе үлкейiп шыға келiптi. Айнала елдiң бар ықыласы осы жақта. Үлкенi де, кiшiсi де ат басын тiреуге асығулы. «Әзiрет сұлтанымыз осы» деседi бiр-бiрiне күбiрлесiп. «Қасиет тұтар мекеніміз де – осы!..» Тiптi кейбiреулерi Ахметтiң жан сырындай болған хикметтерiн толғана айтып, толқи айтып, жатқа соғуда…

Ояна келсе, түсi!.. Әдемi түс, әсерлi түс, «Қасиетiңнен айналайын, Иассы» деп ойлады. «Топырағың тек емес-ау сенiң!.. Ендiгi мекенiм өзiңсiң десем, кеудемнен керi тебермiсiң! Жоқ, мен сендiкпiн. Аңсарым да, арманым да сен! Бұдан былайғы көңiл дауасын да, ой дауасын да өзiңе телiгiм бар. Ендiгi бар мақсат-мүддемдi өзiңе жалғаймын. Перзентiңнiң ниетiн қабыл ала гөр, қасиеттi мекен!..»

Осылай деп күбірлеуі мұң, есіне тағы да ұлы ұстазы Жүсіп Хамадани сап еткен. Ол кісі бір жолы айтты:

– Шәкіртім, сен Исфиджабтан емессің бе?

– Солай, ұстаз.

– Ал, Отырар шаһары тым алыс па?

– Жоқ, жақын.

– Ендеше, тыңда. Сол Отырардан осыдан екі ғасыр бұрын аса дарынды, ұлы ғұлама шыққан. Есімі – Әбунасыр. Бірақ, ныспысына әл-Фараби ат-түрки деп жалғаған.

– Неге?

– Өйткені, арабтар мен парсылар көне Отырарды Фараб деп өзгеше ат берсе керек, – деп, ұстазы аз-кем мүдірді де:

– Ал, енді сен сол ғұлама баба еңбектерімен жете таныс болуың әбден қажет, өйтпейінше білімнің биік шыңына өрмелей алмайсың, – деді.

– Бабам жайлы жиі-жиі естіп қоюшы едім...–деп, Ахмет ұстаз алдында күмілжіген. – Әйтсе де тағылымды еңбектерін қай тілде жазғанын біле алмай далмын. Естуімше, біздің елден ерте аттанып кетіп, қайтып оралмаған.

– Туған жерге оралмады, ұмытып кетті деп асығыс баға беру дұрыс емес, есесіне туған топырақтың атақ-даңқын қалай шығарды деп бағалаған әлдеқайда салмақтырақ! – деді Хамадани. – Әбунасыр бүкіл Қыпшақ елінің мақтанышы. Ал, еңбектерін көбіне араб тілінде түзген деседі. Сен... ол тілді үздік білмеуші ме ең?

– Әрине, ұстаз! Алла-тағала Құран Кәрімді араб тілінде түсірген. Сосын да алдымен білуді парыз еттік. Десек те...

– Ә, шәкіртім, сенің көкейіңнің арғы түкпіріндегі кермек өкінішті сезіп те тұрмын. Түркінің дана ұлы неге түркі тілінде ұлағат сөзін айтпады демексің бе?

– Ол үшін емес...

– Ал, сен... сен солай ет! Қолыңды кім қағып, жолыңды кім жауып жатыр...

Сол күннен бастап, Ахмет ұлы бабасының асыл мұраларын іздеп, көзі шалып қалған жерде аса құрметпен қолына алып, үнемі оқып, ойына ой қоса түскен-ді. Философтың шегі мен шеті жоқ теңіз білімі өзінің тұңғиығына тартып бара жатқан.

...Күні кеше Иассы шаһарына бет түзеген сәтінде де көз алдында Әбунасыр баба бейнесі мұнарланып тұрып алған еді...

* * *

Кезекті намазын оқып болып, бет сипап, енді ғана жайнамазын жинамаққа ниет жасап жатыр еді, тыстан бір ер кісінің дөрекі үні дүңк етті.

– Сыртқа шық, сопы!

– Ау, бұл кім? Ішке кірмейсің бе! – деді Ахмет сыпайы үнмен.

– Шық тезірек, діндар! Қабылдап ал, мынаны...

– Ол не? Кім бұл? – деп, көңіл секеміне жол берген.

– Ой, жетесіз! Шығасың ба, жоқ па!..

Дөрекі дауыс одан бетер барқылдады. Үйден шықпасына қояр емес. Тыста екі кісі тұр екен. Екеуі де аузы-басын таңып алған. Өздерінің кім екенін танытпасқа жасаған талабы ма?

– Мына қымбат затты өзіңе арнайы жолдады! – Дәу қара осыны айтты да, қан жұққан кір дорбаны бұған қарай ытқырып жіберген.

– Кім? Кімнің сәлемдемесі?

– Оны ішін ашқанда біле жатарсың...

Екеуі аттарын бұра салып, шауып ала жөнелді. Арттарында шұбатылған, көз тұтатын қою шаң қалған.

– Ау, тоқтасаңдаршы! Өздерің кімсіңдер? – деп, Сопы абдырап тұрып қалды да, сосын есін жиып, дорбаға қарай қалт-құлт етіп, қадам жасаған.

«Бұл не? Бұны кім беріп жіберді екен! Сыртына қан жұғыпты-ау!..»

Ақырын дорбаның ауыз бауын ағытып жіберіп, ішіне назар тіктеген. Ішінде – бас! Кісінің басы!

– Астафыралла! Астафыралла-а!.. – деп, үрейлі үнмен жағасын ұстаған. Сосын екінші мәрте қарағанда әлгі бас өзінің жалғыз ұлы – Ибрагимдікі екенін бажайлап, тұла-бойы дірілдеп, әл-дәрмені құрып бара жатқан.

Жүрегі әп-сәтте шым-м ете түсті. Тағы, тағы да мұны жасытып, алған бағытынан тайдырмақ болғандары. Осылай істесек, өз ойынан айниды дегендері.

– Ей, пенделер-ай! – деп, аспанға қарап, қабағын түйіп, жаны шырқырап, қынжыла тіл қайырған. – Жастай жұлып, көктей солдырғандарың қалай? Жас жауқазынның сұрауы болмас па! Жастың обалы кімге?..

Осыны айтқанын біледі. Одан арғысы есінде жоқ. Көзінің алды деп-демде дөңгеленіп, қарауытып ала жөнелген.

– Абыз, көзіңізді ашыңыз! Есіңізді жиыңыз!.. – деген дауыстан ес жинаған. Төбесінен төне қарап тұрған – екі шәкірті.

– Ұстаз, сізді дәрісханада күтіп қалдық.

– Ә-ә, онда жүріңдер сонда.

Өзі бастап, екі шәкірт соңынан еріп, дәрісханаға кірген. Көптің алдына шығып, бет сипап, кезекті дәрісін бастай берген. Құран Кәрімнің түркіше аудармасын мақамдата айтып, тағы да әуездете ұзағынан жалғастырып жатқан. Араб тілін әлі толық танып-білмейтін елге түсіндірудің төте жолы осы болар деген көңіл тоқтамы. Бірақ, осынысы үшін кержақ кісілерге кәдімгідей-ақ жақпай жүр. Жолына тосқауыл қойғысы келетіндер мың-сан...

Даусы бірде жуандап, бірде жіңішкеріп, қалай және қайтіп сөйлеп жатқанын да аңғара алар емес. Бірақ, жаңыласпасы анық. Айтары – көңіл сарайында талайдан жатталып қалған өсиетнама... Түркіше төгіліп тұрған насихат сөз...

– Қандай мықты кісі! – деді шәкірттерінің бірі. – Туған баласынан айрылып отырса да, міз бағып, сыр білдірер емес.

– Жоқ, сен байқамапсың! Ұстаздың төбесін қарашы. Тақиясының астынан бу көтеріліп жатқан жоқ па! – деді екіншісі.

– Ол ненің буы?..

– Демек, ішкі сарайында аласапыран сезім от боп алаулап тұр. Ол соны баян етеді...

* * *

Сол оқиғадан соң көп күн, көп түн ой азабына түскен. Көзін ашса да-баласы жымия күліп тұрады, көзін жұмса да – сол бала бейне қиялынан кетпей, ой құрсауына алады.

«Балам-ау!» деп қиналды ұстаз. «Мен не істейін! Бұл құдайдан безген пенделерге қайтсем Хақ тағала жолын ұсына алам? Мына жер бетіндегі барша жамандық пен зұлымдық, өтірік пен өсек, ұрлық пен қорлық – барлығы да иманның жоқтығынан жорға атқа ырғып мініп жатыр. Көңіліне Әзәзіл ой кіріп алған кісі біреудің обалын да ұмытады. Сен, балапаным, алланың сүйген құлы болып мына фәниден өттің. Ана дүниеде көрер жарығың жаннатта болады, балапаным! Мен соған риясыз сенем-м...»

Өстіп, өз көңілін өзі жұбатып, сыбыр сөзін айтады. Жалғыз ұлды жер қойнына беріп, ендігі үміті-жалғыз қызына бар сенімін артады. Гауһарым аман болса екен деп, арман жібін көңіл жиегіне ілгектейді.

Аракідік өз қиялымен өзі сөйлесіп отырады да, жалғыз ұлының өліміне кінәлі жанды көз алдына елестетеді.

– Ол сенсің ғой, Қаһан! – дейді күйіне.

Сол сәтте Қаһанның тарғыл даусы естіледі құлағына.

– Иә, бұл менің ісім! Ал, маған не істей аласың?

– Мен сенімен айтыспаймын да тартыспаймын. Тек сұрарым – қауынды жастай, көктей жұлыпсың, соған өкінбейсіңдер ме?

– Сен ылғи піскен қауын жеп үйренгенсің ғой, ал енді кәмек қауынның да дәмін татып көр. Қалай болар екен!..

– Бұларың... бұларың тым қатігездік! Адамның адамға мұндай қатыгез, тасбауыр болуын Алла-Тағала еш қостамайды...

– Алла! Алла деймісің? Осы сен Алла атын жамылып алып, бүкіл шаһар жұртын ашса-алақанында, жұмса-жұдырығында ұстамақ болдың емес пе! Жоқ, біз оныңа көнбейміз. Көне алмаймыз...

– Мен билікке ұмтылған емеспін. Менің бар ойым – кісілердің жүрегіне иман нұрын құю еді.

– Өтірік! Өтірік атасың! Сен де билікке, лауазымға еш қарсы емессің. Оны мен баяғыда-ақ байқағам. Білем оны...

Ахмет Қаһанның мына сөзінен қатты тіксінді.

– Қайдан білесің? Екеуміз көп жыл таныс па едік?

– Таныс болмасақ, танитындар бар. Солармен сыр бөлісеміз. Соларды тыңдаймыз.

– Оларың кім? Аты-жөні бар ма?

– Бар.

– Ендеше, неге жасырып тұрсың? Айт!

– Мәселен, Өсертемір... Мұндай адам жайлы көп түсіндіріп жату керек емес болар.

– Е-е, – деді Ахмет. – Өсертемір ме? Ау, ол деген... ол дін мен байлықты былықтырып, шатастырып, матастырып алған бейбақ қой. Алты аласы, жеті бересім жоқ, десе де әділдік деген биік бәйтерек алдында неге арымызбен сөйлеп үйрене алмай-ақ келеміз осы...

Қаһан тағы да қиғаштады.

– Өсертемірге тым төменнен қарап, белден басып баға беретін сияқтысыз. Ол жарамайды. Өмірге бейімді де білімді ондай кісілер бұл аймақта саусақпен санарлық қана...

Іш ашуын тежей алмай, даусын көтере:

– Халқыңа қызмет ету білімнен емес, тәрбиеден! – деді. – Тәрбиесіз наданнан еш жақсылық күтуге болмас. Тәрбиесіздік – елдің соры...

– Тәрбие! Білім!.. Сөзіңде түк мағына жоқ. Құр ақыл... Құрғақ ақыл... Ха-ха-ха!..

Дауыс жоғала береді. Ахмет жан ұшыра орнынан ұшып тұрады да, ашуға булығады, сосын қайта сабырға кезек береді.

Ойына Әбунасыр бабасы орала кетеді.

Көп еңбектерін оқып болып, тайғақты тағдырымен танысып алған соң, бас иіп, тағзым жасаған. Ұлы десе ұлы! Әлем философиясының түпсіз тұңғиық ұстазы Аристотельді терең түсініп, талдап тұрып еңбек жазуы – ерлік емей немене! Бүкіл араб-парсы жұртын білім-парасатымен мойындатып алып, «Екінші ұстаз» деген атты мәңгі серік еткені ерлік емей немене!

Ол да күресті, арпалысты. Бірде жеңді, бірде жеңілді. Кейде сүрінді, сосын қайта тұрды. Мына жарық дүние ақылдылар үшін, сөз жоқ, ұлы азап! Ал, ақылсыздар...

Көз алдына бірде Өсертемір, енді бірде Қаһан елестеп өтіп, жанын қоярға жер таптырмаған...

Сондай қиналыс күндерінің бірінде түс көріпті. Түсінде Хазіреті Мұхаммед бұған тіл қатып:

– Ей, Алланың құлы! Сен неге болған іске сонша қапалысың! Алла-Тағала өзінің аманат жанын қайтарып алды. Бар болғаны сол. Ұлыңның жаны жаннаттан әлдеқашан орын тапты. Ал, өзің істейтін іс мына жарық дүниеде әлі көп, – деп құлағына сөз құйып жатқандай.

Ояна келе, Хазіреті Мұхаммедке салауат қылды. Ұлдары тұрақтамай, ең соңында сүйікті қызы Фатимадан ұрпақ таратқан Алланың елшісіне бас иіп тұрып, салауат сөзін сыбырлап айтты. Енді күндіз-түні жанын қинап, болған іске өкініш етпеуге серт жасады.

* * *

Ой толғанысынан бәрібір бас азат бола алмаған құдайдың құлы бiр күнде көңiл шешiмiн өз қолымен көгендеді. Сейхун мен Қаратаудың қақ ортасындағы кiшкене мекеннен – шағын шаһардан өзiнiң мәңгi орнын таппақ ниетке тәпсір етті. Ол – түсiнде жасанып тұратын Иассы. Сол жерден Қылуеттi – жер асты үйiн қаздырды. Ішкі ойы қашан iске асып, қашан орындалғанша, шаруа орайласып, біткенше, неге екені белгісіз, көңілінен тыншу кетті. Жанына әлдене маза беруді қойды.

Осы екі аралықта Иассыға Испиджабта бірге оқыған «досы» Өсертемір де қара көрсетіп қайтқанын сезіп қалып еді. Ол әркімдермен жолығып, сөйлесіп-сырласқан бола жүріп, Ахметтің нендей іс бітіріп жатқанынан хабардар болуға тырысып бағыпты. Мұны осындағы бір алғыр шәкірті баян қылды.

– Ұстаз, – деді шәкірт. – Өсертемір ағатай көп білетін, аса білімдар кісі ғой. Бірақ, неліктен сізді ұната бермейді?

– Оны қайдан білдің, шәкіртім?

– Сөз – емеуріннен! – деді алғыр шәкірт. – Сізге тілеулес кісі олай ой жентектемейді.

– Ә-ә, – деді ұлы ғұлама даусын соза түсіп. – Байқайсың ба, мына өмірде көп жағдайда адамдар бір-бірін көтермелеп, жақсы көруге ықылас байқата бермейді. Оның басты себебі неде? Ойландың ба?

– Ойландым. Бірақ жауабын әлі таба алар емеспін.

– Өйткені, адамдар мына тірліктің қызығы мен шыжығына шым батып кетеді де, не билікке, не байлыққа бас қояды. Бұның аяғы бір-бірімен бәсекелестікке, тіпті жауласуға дейін арқан создырады.

– Ұстаз, осы жағын ойламаппын! – деп шәкірт бас иді. – Сіз менің көзімді аштыңыз. Енді бұдан былай осы жайынан ойлана жүретін боламын...

Ахмет оның арқасынан қағып, алдағы тірлік-әрекетіне сәттілік тіледі...

Шәкіртімен әңгіме-дүкен құрған күннің кешінде ойламаған жерден Өсертемір Ахметтің тар лашығына бас сұққан.

– Келмесем де болар еді, – деді жартылай есік ашып тұрып. – Алайда, екеуміз де даңқты шаһар – Испинджабта туғанбыз, тегіміз де, қанымыз да жақын. Қия алмадым қате әрекетке...

Сөз сорабын аса түсіне алмай:

– Қандай қате іс? – деді. – Қай жерден қателесіп жүрмін, а?

Өсертемір желкесін қайта-қайта уқалап тұрып:

– Үш қателігің бар, – деді. – Оның біріншісі – қасиетті Құран Кәрімді арабша емес, түркішеге аударып, оқытып жүргенің. Екіншісі – хикметтеріңді де сол түркіше түзе бастағаның. Ал, үшіншісі... Оны айтпай-ақ қояйын, ішің біліп тұр.

Жерлесінің «қателік» деп бадырайтып бетке айтқан кемшілігіне жауабы да даяр-ды. Соны тізбеледі.

– Құран Кәрімді түрікшеге аударсам – өз халқыма «түсінікті болсыншы» деген ізгі қызметім. Ал, хикметтерімді түркіше жазсам – ол да өз халқыма деген ұлы махаббатым...

– Жарайды, солай делік. Ал, үшіншісі...

– Пайғамбар жасынан асып барамын. Сосын да жер астына Қылует етпек ойым бар екені рас. Жер жүзіндегі сопылар түгел солай етеді.

– Бәрі емес! – деді Өсертемір. – Олай етпейтіндер де өмір кешкен. Алайда, ол енді... өз шаруаң... Менікі – ескерту ғана...

Сосын бұрыла берді де, қайта тоқтап, бұған жаны ашығандай кейіп таныта:

– Алланың хақ жолынан ауытқи берме! – деді.

– Мен ауытқыған емеспін.

– Е, ендеше неге бүкіл Иассы жұрты сені ұнатпайды? Неге балаңның басын өткір қылышпен ойланбастан қағып тастады? Неге өзіңе қастандық жасауға аса құштар? Неге-е...

– Тоқтат, Өсертемір! – деп, дауыстап жіберді Ахмет. – Қанды жараның аузын тырнама. Онсыз да кеудем сыздап, жанымды қоярға жер таппай жүрген жанмын.

Сонда да аузын жаппаған.

– Жәй ғана айтар болсам – сенің Алла-тағала атынан жұмыр жерге түскен қасиетті кітапты басқа тілде оқып-үйретуің зор қателік. Осы кері ісің өзіңе аса қиын күнә боп жабысады деп баяғыда-ақ ескертіп едім, тыңдадың ба?

– Мен Қасиетті Құран Кәрімді ешқашан ешкімге бұрмалап үйреткем жоқ. Олай етуге арым да жібермейді. Бәріміз де Жаратқан иенің құлымыз...

Енді «сөзім бітті» дегендей, аузын ашып-жұмып алды да:

– Жер астындағы үйге көшіп аламын дегенің әрбірден соң дұрыс болар, сірә! – деген. – Әйтпесе мына өмірде бұдан былай тірі жүру саған аса қауіпті-і...

Қияс сөзін қисая айтып, теріс бұрылған...

...Күндердiң күнiнде сол жер асты үйiн – Қылуеттi (хильвет) әзiрлеушi жiгiттердiң бiрi бұның үйiнiң есiгiн қағып, ішке кiрiп келгенде қалай орнынан ұшып түрегелгенiн сезбеген.

– Қанi, қайтты!.. Не болды?.. – деп, дегбiрсiздендi.

– Бiттi, сопы аға! Бәрi де әзiр…

Тап осы мезетте сопы Ахметтiң буын-буыны дiрiлдеп, көмейiне әлдене тығылғандай, үнi шықпай бiраз уақыт тұтығып тұрып қалған-ды.

– Жарайды, жарайды! Сәлден соң өзiм барып көрермiн… – деп, қырылдап үн шығарып, жауап сөзiн айтқан.

Жiгiт бас иiп, шығып кеткен соң, көңiлi тағы да алақұйын болып, ой додасы омырауында ойнақ салып кете барған.

«Осымен… осымен бәрi де бiткенi ме? Мына жарық дүниенiң бар қызығы, бар әдемiлiгi, бар жақсылығы, бар ләззәтi… ендi мен үшiн баз. Жарық дүние тағы да мәнгі жасай бередi, бiрақ менсiз. Мен жоқпын. Жер астындамын. Қылуеттемiн. Онда…Хазіреті Мұхаммед пайғамбарымның әруағымен тiлдесем. Рухымен табысам… Мiне, осыны көңiлге медеу етермiн. Иә, медеуiм сол болмақшы! Өз қалауым! Өз дегенiм!..»

Орнынан тұрды. Үйдi ерсiлi-қарсылы кезiп, екі қолын артына ұстап, ұзақ жүрдi. Көз алдынан жер асты үйi – қылует кетер емес. «Оу, бұл не тұрыс, кел, келсеңшi тезiрек» деп өзiне шақыра, дыбыс беретiндей. «Қорқасың ба! Неден қорқасың? Жер астынан қорқудың қажеті жоқ, қайта жер үсті әлдеқайда қорқынышты!» деп қайрай түсетіндей.

«Жоқ, жо-жоқ! Бұл не өзi?.. Неге толқыдым! Өзiмнiң көңiл сарайымнан шыққан, өзiмнiң еркiме салынған, өз дегенiммен болғалы тұрған iс! Неге кiбiртiктеймiн? Мұныма жол болсын-н!..»

Абыз ендi өзiн-өзi қатайтып, бойын жинап алған. Сосын сырт киiмiн киюге ниеттеніп, күйбеңдей бастаған.

Сөйтсе де бойдағы жеңiл дiрiл біржола кетпей, әлі де денесінде қалт-құлт етіп тұрып алған-ды.

Бүгiн түнде қайтсе де Қылуетке түспек. Бұл – кесiмдi шешiм! Өз жүрегімен қалаған қадамы...

...Сөйтiп, ойға алған шаруасы бiтiсiмен, бiр түннiң iшiнде қарт шаһардан ұшты-күйлi жоғалып, көзден тасаланды. Былайғы халық сол күні оның қайда кеткенiн де бiлмедi. Можантопайлар «е, тағы да қиял соңына еріп, кеткен шығар қаңғырып» деп, мысқылдай, мазақтай, соңына сөз ілестірді.

Ертесіне-ақ бүкiл Исфиджаб, Тараз, Отырар, Бұзық, Шаш, Қарааспан, Бассаған, Ортасаған, Құлан өңiрiне сыпсың хабар жүгіре жөнелген. «Құл абыз Ахмет пайғамбар жасына жеткен соң бұл дүниенiң қызығын тәрк етiп, жер астына түсiптi. Пайғамбар жасынан артық жасамаймын, сол қасиеттi кiсiден қай жерiм артық дептi. Сөйтсе, ол үнi Хазіреті Мұхаммедтiң құлағына шалыныпты. Сосын Алланың әмiрiмен оған жер астының алтын қақпасы ашылыпты» дестi.

Осыдан кейiн… қара жер басып жүргенде ешкiмге керек болмаған ұлы ұстаз, философ-ғұлама қайран шайыр жұрттың бәрiнiң аузына iлiгiптi. Екiнiң бiрi шүйіркелесе қалса, оны сөз етiптi. «Тектен-тек табақ босатып жүрген кiсi емес екен, бiз оны арамызда, жанымызда жүргенде түсiнбеппiз де бiлмеппiз-ау» десiптi.

Өз бойын пенделiктен аулақ ұстағысы келген аңыз – адам қайтып жарық дүниеге біржола шықпай қойыпты. Шыққысы келмепті.

Ал, Өстемір болса:

-Е, енді қай бетімен жарық әлемге шығады!-деп мұқата мазақ сөзіп айтыпты.- Оған жер бетінде істейтін іс қалған жоқ енді...

* * *

...Ол жұмыр басты пенделердiң бойындағы атақ құмарлық, күңшiлдiк, екiжүздiлiк, надандық, кекшiлдiктен… бойтаса болғысы келді. Кiсiлiктiң атын кiрлетер ең үлкен кесел – дүниеқоңыздықты шын ниетiмен мансұқ етпекке талпынды. Оны, бiрақ, өз заманында ешкiм де ақыл ұясына қондыра алмаған.

Ал, сегiз қырлы асыл қара тас – қасиеттi бойтұмары оны әрдәйiм еске түсiретiн, мәңгi ұмыттырмайтын белгi ретiнде бiзге дейiн жетiптi. Бiздiң ұрпақ та сопы туралы сөз қозғап, әртүрлi ойға қозғау салыпты. Кейбiр дінді өз деңгейінде түсіне алмаған дүмбілездер мен дiнсiздер ғайбат сөз айтып, сопының өмiрiн сан-саққа жүгiртсе, тағы бiреулер «Ахметтiң өзi де сол қасиеттi белгiдей мұсылманшылығымыздың мызғымас бойтұмары болып қалып қойған екен-ау» деседi.

Халқы үшiн қайғырған сопы ғұлама – қайран абыз Ахмет бин Ибраһим бин Махмұд бин Афтихар Иасауи жер астында қанша жыл ғұмыр кештi екен, а? Оны қай көреген айтып бере алар?.. Айта алар ма?

Әй, қайдам-ау!..

* * *

Айтпақшы... өз заманында жүрісі де, тұрысы да, тіпті талпынған іс-әрекеті де замандас-серігі Өсертемірге мүлде ұнамай, үнемі соңынан май шам алып түсіп, келекелеп кінә артқан болса, арада екі ғасыр өткенде тағы бір тұлға – Әмір Темір сопы шайырдың атын асқақтата ұлықтап, парасат биігі деңгейінде бағалап, басына кісі қызығарлық алып Көк Кесенені зәулімдеді.

Сол керемет өнер туындысы – ғаламат Кесене біздің заманымызға дейін жетіп, әлі де ұрпақтарына ұлылықты паш етіп, айбарлана қарап тұр.

Кімдікі дұрыс?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Ахмет Яссауи, Түркістан
(0)

Пікірлер

Жасарал

22.06.2018 17:40
Ұнады! Ахмет Ясауиді шынымен де жақсы біле бермейді екенбіз. Осындай тағылымды әңгімелеп көптеп жазылса...

Мәдина

25.06.2018 23:04
Қай кезде де жақсы ниет, ізгі амалдарға қарсы әрекеттер көп болған ғой. Қасиетті Қожа Ахмет бейнесі сан ғасырлар бойы айтылып, талданатын рухани әлем. Мұнда автор адамзатқа тән асыл сезім-мұраттарды кереғар кейіпкерлермен салыстыра отыра ой айтады, әсерлі дүние
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар