Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
«Жонатан Ливингстон есімді шағала» немесе ой азатт...

04.09.2017 6664

«Жонатан Ливингстон есімді шағала» немесе ой азаттығы

«Жонатан Ливингстон есімді шағала» немесе ой азаттығы - adebiportal.kz

...Ричард Бах - Әлемдік музыка әуенінің падишаһы Бахпен қандас. Оның көптеген шығармалары текті оқырмандарға әлдеқашан жеткен. Құдыретті. Біз қазақ оқырмандарына, жастарға осы бір еңбекті оқыса деп дәмеленеміз. Уақыт, кеңістік туралы аңызға негізделген ғажайып туынды. Шынында да ғажайып.

Ричард Бах

Американдық аса талантты жазушы Ричард Бахтың «Жонатан Ливингстон есімді шағала» атты аңызға негізделген бір шығармасы бар. Тосын әрі шебер сомдалған дүние. Таңғажайып шешімдері мығым, өзгеше өрім. Ең бастысы – уақыт кеңістігі аясындағы пәлсафалық түйіндер. Қарапайым шағалалар теңіз жағалауын торауылдап, күнұзын шабақ аулаумен күнелтеді. Олардың мақсаты - асқазан машақаты яғни тамақ табу еді. Алайда, Жонатан Ливингстон есімді шағала тек биікке самғауды армандайды. Басқа шағалаларға ол осы қылығымен ұнай қоймаған. Жонатанның достары ұшу дегенді тамақ табудың жолы деп түсінген. Әуелгі кезекте ұшу жылдамдығы тәжірибе жүзінде көрсетіледі. Жылдамдық туралы ең күрделі ойлар шығарманың өзегі. Шексіз кеңістіктегі биікке шырқау сәтіндегі кедергілер, ешкімді аяй қоймайтын қарсы алдынан соққан дүлей дауылға қарсы көтерілудің мехнаты баяндалады. Жанды мақұлықтың жаңа мақсатқа жету алдындағы жанкештілігі, жалығуы, қиналуы үйреншікті өмірдің табиғи заңдылығынан безінуінің зары айшықталады. Басқа бір кеңістіктің, бөгде танымның әкеніне бағынбау, әуелі күреспеудің соңы – жеңіліс екендігін Жонатан арқылы көрсетеді. Шағалалардың қараңғы түнде ұшпайтыны Жонатанды іштей қызықтырып, ынтықтыра түседі. Табиғи керенаулықтан керемет жылдамдықпен кеңістіктен жүзіп өту жолындағы арпалыс сөз болады. Жылдамдық – күш, жылдамдық – бақыт, жылдамдық – ең ғажайып сұлулық. Бұл да шығарманың өзегіндегі философиялық шешім. Жонатан шағалалардың ешбірінің жасай алмаған рекордтық өлшемі сағатына 214 миллдік қарқынмен көк тәңірін бағындырады. Қиялы шексіздігінің іске асқан шағы да осы түйінде тұр. Олай жасау – Жонатан дәуірінің басталуы деп жазылады шығармада.

Мінеки, Жонатан күллі шағалалар дәуірінде өз дегеніменен зау биікке самғай алатын тұңғыш қосқанаттыға айналды. Автор дәл осы сәт; «...Дүниенің қараңғы қапасынан құтылып, ең жоғарғы қарқынның кемеліне жету...» деп түйіндейді. Ол сәт сайын ертеңгі бақытты күтеді. «Ертең деген ең теңдессіз болашақ» дейді кейіпкер шағала. «Мың сан жылдар бойы шабақ аулаумен жағалауды ғана күзеткен оның бостан болған сәті...» дейді тағы да. Жаңалық ашу, еркіндікке жетудің сәті. Өкінішке орай басқа тоғышар шағалалардың бірде бірі оны құптамайды.

Теңіз әлеміндегі тұман, жаттанды сылбыр жауын бәрі-бәрі өзгермейді. Бұл өмірде өзге ештеңе болмағандай және болмайтындай. Жонатан қысқа ғұмырды – әсіре жалығу, үрей, қызғаныш атты үш кереметтің аясында мойындайды. Тәңір, кеңістік – ең қарқынды кемелдік. Тәңірге жақындау, кемелдікке жету, яки бір секундтің мың бөлігінің біріне тең жаңа уақыт табу. Сол үшін қиял жылдамдығындай қарқынмен межеге жетудің мақсаты – Жонатан өмірі. Оған тас төбесінде егіз күні бар, жарқыраған кеңістік керек еді. Уақыттан ары өтіп, басқа уақыттың жолына түсу мақсаты болатын. Егер осылай жасай алса ғана өткен шақ пен келер шақты ырқына көндіретіндігін межелейді. Мүмкін мынау дүниедегі табиғи бітіміңді матаудан босату, ақиқат пен хаһилықты бағындыру жолындағы Жонатан сапары жалғасады. «...Қаншалықты биікке көтеріле алсаң, соншалықты алысты көре аласың...». Бұл Жонатанның мәңгілік қағидаты. Жабайы шағалалар күнделікті у-шу шулап, жағалаудағы май шабақтарға таласып жатқанда, ол ғарыш кеңістігінде сан мың шақырымдық зау биікте қалықтап жүреді. Қарапайым үйірдегі рефлекстік қимылынан тәңір төріндегі ең саф іліми қимылдың кәусарынан тұтынудың мақсаты да осы еді. Жонатан Ливингстон атты шағала сол биікке самғап барады. Жазушы осы сәтті; «...Шексіз азаттыққа деген сәруар қиялдың орындалған шағы...» деп аяқтайды.

Сұраған Рахметұлы, ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Чайка по имени Джонатан Ливингстон. (АУДИОКНИГА)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар