Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жұлдызай Ысқақ: Қанатына мәңгілік көктем ілген......

23.08.2017 8632

Жұлдызай Ысқақ: Қанатына мәңгілік көктем ілген...

Жұлдызай Ысқақ: Қанатына мәңгілік көктем ілген... - adebiportal.kz

«Поэзия – адам сезімінің айнасы. Ол адамзатты поэзияға ғана тән белгісіз жұмбақ күшпен сезімнің сан алуан түрлі рақатына бөлейді. Жақсы көру, сүйсіну, қуану, мұңға бату – осының бәрі тұтас алғанда адам жанының табиғи нәрі, рақат сәттері. Өйткені мұңның да, қуаныштың да өзіндік ләззаты бар. Бір сөзбен айтқанда, сезінуге, сезім шалқарлығына тәрбиелейді, адам жүрегінің кез келген қарабайыр құбылысқа үн қоса бермейтін нәзік қылына жан бітіреді. Поэзияның жұмбақ та керемет күші, міне, осында...» Бұл біздің сөз емес, қазақтың, қазақ поэзиясының біртуары – Фариза Оңғарсынованың сөзі. Ендеше, ақын апамыздың соңынан еріп, қолына қалам ұстаған тағы бір жастың өлеңдерін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік үнімен ерекшеленіп жүрген жас ақындарымыздың бірі Жұлдызай Ысқақтың поэзиясы шынайылығымен дараланып тұрады. Дархан даланың бір уыс топырағынан бастап, ғаламның әр жұлдызына махаббатпен үңілетін ақын жүрегінен шыққан сөздер жасандылықтан ада, шумақтарында жақұт тастардай өз орнымен жарқырап тұр.

Ақын поэзиясының бір ерекшелігі – туған өлке, табиғат құбылыстары жайындағы өлеңдерінің сондай қанық бояумен суреттелуінде. Бүгінгі қыздар поэзиясының негізі – махаббат лирикасы болса, Жұлдызайды даралайтын – эпикалық өлеідері. «Жидебай», «Күшікбай асуы», «Каспий-өлең», «Теңізге сәлем», «Күздің соңы», «Күзгі элегия» сынды өлеңдері сөзіміздің дәлелеті бола алады.

Мәселен, «Жидебай» өлеңінде бірнеше әдемі теңеулерді ұшырастырасыз:

Дариядай көрінер,

дана ақынның,

Қаламының сиясы тамған өңір, –

деп ұлы ақын ғұмыр кешкен өлкенің киесін үш-ақ тармаққа сыйдарып тұрса:

Құшағына басады сол атырап,

Зере менен Ұлжандай мейірленіп, –

деген тармақтардан ананың ыстық құшағын сезінгендей боласыз.

Тұмса табиғаттың тамашасына көңіл көзімен қарайтын ақынның:

Қара ағаш күрсінеді кәрі шалдай,
Қарайлап жаңа туған Сүмбілеге... –

деген тармақтарын оқығаныңызда көз алдыңызға қоңыр тіршілік кешкен қарияның кейпі келе қалады.

Жұлдызайдың ішкі сезімі өлеңдерінде антоним, синоним, омоним сөздер арқылы келісті кестеленіп берілген. Мәселен:

Көзімде тұнған мұңыма көз тастап ұзақ,

Өзімді өзім аядым айна алдындағы.

***

Алыс жүріп сағынбау да тым ауыр,

Жақын жүріп, алыстау да қиын ғой.

***

Пері-Өмірге кетпесінші жем болып,

Періштедей жүрегі.

Ауыспалы мағынада қолданылған:

Жалыққанда тас-тірлік, тас жүйеден,

Толқыныңа талайлар бас сүйеген...

Бір тамшысын теңіздің ала келші,

Кетпей тұрған шағымда шөлге айналып...

Ақын өлеңдерінде «тамшы елес», «толқын тұлпар» деген эпитеттер тек өзіне ғана тән. «Айдың бетін сипаған шағалалары» оқырманды да теңіздің толқынымен қауыштырғандай болады.

Ал берілген өлеңдер арасынан ұшырасқан:

Сескеніп күз көркінен
қанаттылар,
Алысқа барады ұшып тобырымен, –

тармақтарындағы «қанаттылар» деген синекдоха өлеңге өзгеше реңк беріп тұрғандай.

Өлең арнасында өз ізденісі бар Жұлдызайдың өлеңдерінің осал тұстары да жоқ емес, әрине. Ақынның өлеңдерінің осал тұстарының бірі – сөздерді, тіркестерді бір өлеңде бірнеше шумақта қайталап қолдануы. Мәселен,

Дариядай көрінер,

дана ақынның,

Қаламының сиясы тамған өңір.

Дария боп алдан жыр төгіледі,

Тебірентпей қоймайды сені, мені.

«Жыр айдыны» осы деп, алыстан-ақ,

Қос желкенді ақ кеме көрінеді,

деп қатар келетін қос шумақты алайық. Абайдың тұнық поэзиясы мен туған өлкесін ерекше үйлесімділікте жарастырған алғашқы шумақты келесі шумақта тағы да дария, көріну сөздері арқылы бағасын түсіріп алып тұр.

Сондай-ақ, өлеңдерде Көк, Күн, күлкі, келбет, көрік, көп, бұл, тағы, біз сынды сөздердің көп қолданыс тапқанын байқаймыз.

Көктегі Күннің кеміп күлкісі де,

***

Құс жолына біз енді көп телміріп,
Бұл шақтан да өтерміз көппен күліп.

***

Күн-көздері күлімдесін әрдайым,

Шуақ шашып жер-көкке!

***

Жаз күніндей жадырасын жаны әр күн,

Мұңаймасын сәбилер!

***

Көкжиекпен астасқан көк келбетің,

Келбетіңмен көңілді көп тербедің!

Көркіңе елтіп, сүңгідім тұңғиыққа,

Толқыныңа жармасып, Көкке өрледім!

Төмендегі шумақтардан да сондай олқылықтарды кездестіреміз:

Мен теңізді сағындым...

Жүрмін аңсап,

Бір рет көріп, күн кештім бір жыл алшақ.

Жүрмін оған жырақтан жолдап сәлем,

Ал ол болса тұр екен кімді қарсы ап?!

***

Жақсы болып көрінгенмен бәрі ойша,

Айырылдық арамызда бардан біз.

Алаңсыз ем,

Қапияда қалайша

Арамызды алыстатып алғанбыз?! Бірақ, бір айта кететін дүние

Жұлдызайдың біз кемшілік іздеуге тырысып отырған шумақтарын екінші жағынан қарасаңыз өлеңге сыймайтын ой болмайтындығына көзің жете түседі, сүйсінесің.

Жұлдызайдың поээзиясын тұтастай қарағанда адамға алабөтен күй кештіретін, қоғамдағы болып жатқан әртүрлі жағдайларға ақын ретінде өз үнін қосып отыратыны көңіл қуантады. Біздің мақсатымыз жас ақынға баға беру емес, жазып жүргенін оқырманға ұсыну ғана.

Жас ақынның өлеңдеріне шолуды Фариза апамыздың поэзия туралы пікірімен бастаған едік. Қорытындыны да апамыздың ақын туралы асқақ ойымен аяқтасақ дейміз: «Ақын үшін ең бастысы – уақыт пен адамдар туралы шанайы суреткерлікпен шындықты жазу, сонда біз өмір проблемаларын жан-жақты ашып, адам жанына, кейіпкердің рухани өміріне терең бойлай аламыз. Сол арқылы қалың оқырманды өмірдің терең иірімдеріне әкетеміз. Талант құдіреті де, көркем сөздің бар қадір-қасиеті де, міне, осында емес пе?!».

ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖАНҒАЙ, ЖҰЛДЫЗАЙ!

Мен Жұлдызайды ылғи да ән сандуғашы Гүлмира Саринаның қасынан көрем. Соңғы кездері көкірегінен небір ән сүмбілдерін өзі де туындата бастаған Гүлмира Жұлдызайдың бірнеше өлеңіне сәтті әндер жазды. «Абай салған әуелет сол бір әнді», «Фариза-ғұмыр» солардың қатарында. Талғамды сазгер мен толғамды сөзгер діл пернесін телғабыс басқанда ғана көптің көңіл жұбанышына айналар дүние өмірге келмек. Осынау әпкелі-сіңлілі екі қарындасымның өнерінен осы жарасымды көрем...

Менің алдымда Жұлдызайдың бір топ жаңа жырлары жатыр. Бұл дүниелерде қазіргі жастар поэзиясына хас әлеміштер: жасанды жылтырақ, жалған жылаңқылық, күштеп жасалған «күрделілік» атымен жоқ. Дүбірлі дүниеге һалал сезіммен, тап-таза қазақ көзімен қарау бар. Құдды, сонау 50-60-жылдар жастарының арманшыл лебі сезілердей...

Өлеңдерге көз жүгіртейікші:

Күздің соңы...
Салқындау сездім сызат,
Тіршілікті тұратын кез бұл сынап.
Сарыарқаның қар жатыр әр төсінде,
Самайына түскендей мезгілсіз ақ.

...Менің жүдеу жанымдай жапырақтар,
Боялды сағыныштың түр-түсіне.

Бұл шөкім мысалдардағы сурет-образдар қанша ақынның бояулар палитрасына малынып, қауырсын қаламының ұшымен жағылып, ақ қағазға кестеленбеді дейсің. Қызығы, сол таныс сурет-бейнелер Жұлдызайдың қаламынан өзгелеу өңмен қайта туғанда сағынып жүрген Ескі Елесіңмен ойда жоқ жерден ұшырасып қалғандай, кеудеңнің осал тұсы шым ете қалғанына не дерсің?.. Әрине, бұл менің қабылдауым.

Абай мен Шәкәрімнің ізі қалған, тәні сіңген құт-топырақ Шыңғыстауды сағынбайтын қазақ бар десе, бұл «жаңалық», мысалы, мен үшін түсініксіз. Сол қастерлі өлкеге деген Жұлдызайдың да өліп-өшкен құрметіне тәнті болдым. Боямасыз сезім, саудасыз махаббат деп қабылдадым. Қазақтың киелі шегарасын әскеріміздің қалай қорғап тұрғаны өздеріне мәлім, асылы, жат көздердің сұғынан, жат пиғылдардың оғынан мәләикпішім ұл-қыздарының Ақ Жүрегі күзетіп тұр десем, шындықтан шет қона қояр ма екем?!.

Ақынның тағы бір жан сүйіндірген қасиеті, қазақ даласының қай қиырын да өз туған өлкесіндей өгейсіремей сүйіп, өлердей сағынатыны дер едім. Мысалы, оның Каспий теңізіне деген алапат құштарлығына сүйсінбеуің мүмкін емес!

...Ақын сәлем айтты де, толқын тұрса,

Ару сәлем айтты де, Аққу көрсең!

Меніңше, келістіріп айтқан!..

Оның өлеңдеріндегі кейбір олақтау пішілген орамдарды осындай әсем айшықтар мен бәкиза сезімі қазысылау жасап білдірмей жіберетіндей...

Дегенмен осынау ағалық жол-ашар тілек үстінде жырдың кертағысына құрық тастаған қарындасыма: қарапайым жазам деп, қарабайырлыққа ұрынып қалмағай, публицистикалық қасаңдықтан қашқай, тұғыр тартар жүкті тұлпарға артып, тұралатып алмағай, өлең өрімін әлі де ширата түскей дегім келеді.

Жұлдызың жоғарырақ жанғай, Жұлдызай!

Ізгі тілекпен, Светқали НҰРЖАН.

04.08.2017 ж. Маңғыстау уәлаяты.

ЖҰЛДЫЗАЙ ЫСҚАҚ

ЖИДЕБАЙ

Кейігенде, кезігіп шаққа мұңды,
Керек етпей жат қала, жат қауымды.
Жидебайға жетсем деп желдей ұшып,
Жиі іздеймін Абайды, Шәһкәрімді.

Сол мекенді сарылып, сағынсам көп,
Құмартамын көруге, жаным шөлдеп.
Жиі аңсаймын сол жердің төрін кезген,
Құдіреттің нұрына малынсам деп.

Сыбағасын ұсынар жырдан маған,
Қарт Жидебай тарихқа тұнған далам!
Адамда арман жоқ шығар сол өңірдің,
Топырағында күнде ойнап, күнде аунаған.

Сыр шертіліп аңыздан жолда небір,
Көз алдыңа келер бар ондағы өмір.
Дариядай көрінер,
дана ақынның,
Қаламының сиясы тамған өңір.

Дария боп алдан жыр төгіледі,
Тебірентпей қоймайды сені, мені.
«Жыр айдыны» осы деп, алыстан-ақ,
Қос желкенді ақ кеме көрінеді.

Құлағыма әуезді жиі үн келіп.
Алып-ұшам, Абайдың үйін көріп.
Құшағына басады сол атырап,
Зере менен Ұлжандай мейірленіп.

Теңіз болған қаламның сиясы бар,
Тұғыр болған қыранның ұясы бар!
Қос жанарым жиі іздеп қос желкенді,
Жидебайға жүрегім жиі асығар!


КҮШІКБАЙ АСУЫ

Кім келіп, кім өтпеген бұл асудан?!
Кім ішіп дәм татпаған мына судан?!
Бұл жердің бұлағы – бал, тұрағы – аңыз,
Бағасы білініп-ақ тұр осыдан.

Көріп пе ең сен де, достым, Күшікбайды?
Емдеп пе ең бал суынан ішіп бойды?
Бұл мекен көркіменен көз тойдырып,
Жаныңды киесімен ұшықтайды.

Тарихта болған өңір құны басым,
Тарқатсам, қасиетін ұғынасың.
Күшікбай атын алып тұр бұл Асу,
Батырдың төріне іліп дулығасын.

Қысқы күн барсаң, борап қары жолдан,
Қарсы алар жанның айтып бағын ауған.
Жел соқса – жылағаны,
бұл асуда,
Қорғансыз Ғазизаның зары қалған...

Жусанның жұпарымен өпкен лебі,
Келбеті керім өңір көктемдегі.
Дәм татып бұлағынан,
Бұл – Абайдың,
Ән салып талай мәрте өткен белі.

Сан жылғы сағынышты құшып бойда,
Нәр жиып бал суынан ішіп бойға.
Арман жоқ –
Топырағына тағзым етіп,
Мен тағы барып-қайтсам Күшікбайға...


КҮЗДІҢ СОҢЫ


Қанатына мәңгілік көктем ілген,
Жыл құсы да жырақтап кетті өңірден.
Гүл ғұмыры солды ғой көз алдымда,
Күннің нұры сейіліп Көкте күлген.

Күздің соңы...
Салқындау сездім сызат,
Тіршілікті тұратын кез бұл сынап.
Сарыарқаның қар жатыр әр төсінде,
Самайына түскендей мезгілсіз ақ.

Есіл бойын есерсоқ өпкен дүлей,
Қатал қыстан сескендім жеткенде үрей.
Келбетінде сәні жоқ жазғы бақтың,
Көңілімде әуен жоқ көктемгідей.

Күзгі күйге жүргенде алаңдап іш,
Ауыл да алыс жанымнан, анам да алыс.
Күрең мұңды көркіме жалғыз менің,
Көктен жауған күнәсіз қар алданыш.

Күздің кезі,
Күз бе еді тұрса мұңсыз?!
Бақша құссыз жылайды, қырқа гүлсіз.
Ауып түскен тылсымнан жер бетіне,
Тапталып жатыр тағы ұлпа мінсіз.

Күздің соңы...
Жанымды бағар кім бар?!
Көңіліме қуаныш, ән артыңдар!
Күрең мұңды көркіме,
болып тұр тек,
Көктен жауған алданыш ақ алтындар...


КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Мұңы – мол,
Демі-суық,
Өңі – күрең,
Күз жетсе, құс жолына көп үңілем...
Сескеніп күз көркінен
қанаттылар,
Алысқа барады ұшып тобырымен.

Мына Аспан, мына Дала мұңлы неге?!
Кейпіне аянышты тұр гүл ене.
Қара ағаш күрсінеді кәрі шалдай,
Қарайлап жаңа туған Сүмбілеге...

Толтырып Бақ та мұңлы ән қойынға,
Көңілсіз Күз кеп салған көнді ойынға.
Малынды жаңбыр-жасқа Аспан асты,
Дірілдеп жапырақтар тал бойында.

Бұл күздің құлазытты жанымды әні,
Бір түйір тамшыдаймын жауындағы...
Қамықтым, қиналатын қыс таяса,
Ағайын еске түсіп ауылдағы...

Көктегі Күннің кеміп күлкісі де,
Жылуын дарыта алмай тұр кісіге.
Менің жүдеу жанымдай – жапырақтар,
Боялды сағыныштың түр-түсіне.

Құс жолына біз енді көп телміріп,
Бұл шақтан да өтерміз көппен күліп.
Ғұмыр кешіп өтеді жүрегімде,
Сол баяғы солмаған Көктемгі-үміт.


КАСПИЙ-ӨЛЕҢ

Көңлім- еді ғой, дертім қалың,
Ұмыттырды-ау
көргеннен көркің бәрін!
Жігерлендім,
жаныма күш бітіріп,
Аспанды ұрған асаулау
толқындарың.

Көз алдымда тамшы-елес Күнге сіңіп,
Толқын-тұлпар
бір құлап, бірде есіріп,
Бір ғажайып күй кештім,
тулағандай,
Алып айдын төсінде жыр көсіліп.

Жалыққанда тас-тірлік, тас жүйеден,
Толқыныңа талайлар бас сүйеген...
Тұнығына бойлатқан тереңдіктің,
Қасиетіңнен айналдым, Каспий-өлең!!!

Каспий-өлең! Каспий-жыр! Каспий-ғұмыр!
Жағаңа кеп, жанарым жас тыйды бір.
Толқыныңа ілесіп,
бір туламай,
Қалай тұрам үн-түнсіз, кешпей дүбір!

Жете алмастан сән біткен жағаңа алуан,
Алыстағы көңілім саған ауған!
Міне, бүгін төріңе келді-ау алып,
Қанатына қондырып шағала-арман!

Көкжиекпен астасқан көк келбетің,
Келбетіңмен көңілді көп тербедің!
КөркіңЕ елтіп, сүңгідім тұңғиыққа,
Толқыныңа жармасып, Көкке өрледім!

... Бұлай өткен бұрынғы ай, күнім қай?!
Толғанбағам теңіз-жыр жайлы мұндай!
Тәңір маған күш берсін!
Тағдыр кешсем,
Каспийдің айдынындай....


ТЕҢІЗГЕ СӘЛЕМ



Әпке, менен Каспийге сәлем деші,
Теңізге ауған қыз едім әуелде есі.
Сағыныш жайында оған салшы бір ән,
Сезімімді қос-тағы әуенге осы.

Шыға алмастан Есілден, ескі ұядан,
Жете алмадым, болмады еш күй оған.
Бір хабарын жеткізші қалай да, Әпке,
Теңіз түгел, тұр ма екен Каспий аман?!

Мен теңізді сағындым...
Жүрмін аңсап,
Бір рет көріп, күн кештім бір жыл алшақ.
Жүрмін оған жырақтан жолдап сәлем,
Ал ол болса тұр екен кімді қарсы ап?!

Мен теңізді айып па жақсы көрсем?!
Теңесетін онымен жоқ бір өлшем.
Ақын сәлем айтты де, толқын тұрса,
Ару сәлем айтты де, Аққу көрсең!

Сәлем айт та Каспийге, жыр-ән арна,
Сағынышқа біздегі құмар ол да!
Біздің жақта теңіз жоқ, білесің ғой,
Жұбануға баратын жылағанда.

Теңізге бар, мен жүрген жағаға бар,
Дертіміздің дауасын табады олар.
Сәлем айтшы, шарқ ұрса,
қанатымен
Айдын бетін сипаған шағалалар.

Жүрегіме сағыныш, шер байланып,
Жүре берсем, өмірім өңбейді анық.
Бір тамшысын теңіздің ала келші,
Кетпей тұрған шағымда шөлге айналып...


* * *

Кеудемді керген кешегі кең тыныс қайда,
Дүрлігіп жүрмін, дүниенің дерті құшпай да.
Жапан далада жападан жалғыз қалардай,
Үрейленемін, басылмай қорқыныш бойда.

Мына өмір қалпын амалсыз мінезім бағып,
Жанардан жас боп жасырын мұң езілді ағып.
Бүтін үмітті үгітіп жүрмін,
кетердей
Бүкіл ғаламның ішінде бір өзім қалып.

Аспанда жалғыз қалықтар Ай болдым-дағы,
Жұлдыздар бағын жымдасқан ойға алдым тағы.
Көзімде тұнған мұңыма көз тастап ұзақ,
Өзімді өзім аядым айна алдындағы.

Үрейді құшып, білмеймін, үркідім неден,
Жүректің мынау жамайын жыртығын немен?!
Көзімді ілмеймін кей түні, күзетіп ойды,
Өзіңді іздейді, ілініп кірпігімде өлең...

Жүргенмен тыңдап тұрлаусыз тағдыр жайлы ән біз,
Тосыннан тартқан сыйына әрбір қайранбыз.
Тағдырды мынау тым қатал демес те едім,
Жанымнан мәңгі табылсаң, қалдырмай жалғыз...



КҮН МЕН АЙ



Ақшам кезі. Кеңістік жарық әрі,
Қала іші де жақпаған шамын әлі.
Бірер сәтте түн ауып, күнтізбенің
Тағы да бір парағы жабылады.

Көкжиектің қисайып бір төсіне,
Күн еңкейіп барады күркесіне.
Сұлу кешке сүйсініп, тез жетсем деп,
Сығалайды алыстан Түн тесіле.

Тамыз кеші оранған тылсымға тым,
Көше бойы малынып тұр сырға тың.
Жыбырлаған тіршілік тыным тауып,
Сыңғырлатып келеді Түн сырғасын.

Тылсым сырды отырмын сан аулап мен,
Көкжиекті қып-қызыл алау ма өпкен?
Сұлу кешке бергендей көрік, бірде
Сұлбасы Айдың көрінді сонау көктен.

Ай Аспанда тұр сазды әуен құшып,
Үлгермеген Күн толық төмен түсіп.
Күн мен Айдың көре сап кезіккенін,
Көкіректі кетті бір өлең қысып.

Құпия бар осынау сыйда қандай?!
Бір-бірінен көздерін сүйді ала алмай.
Ай мұңайып қарады Күн бетіне,
Күн қызарып барады, қимағандай.

Шам мезгілі. Ай көкте, Күн төменде,
Зар болардай қоштасты бір көрерге.
Есімді әрең жидым мен Ай мен Күннің
Махаббатын Түн келіп бүркегенде.

Күн мен Айды осылай бөлді кеп Түн,
Тұнды көзге сол сәтте-ақ мөлдіреп мұң.
Қоштасудың қиынын Түн еске сап,
Тырнап кетті жарасын жан-жүректің...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар