Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Жұлдызы жанған Жұмабике...

26.08.2017 6942

Жұлдызы жанған Жұмабике

Жұлдызы жанған Жұмабике - adebiportal.kz

Жігерлі жылдардың... Жалынды жылдардың – «Уақыт» керуенімен ұзаған сайын көмескілене беретіні неткен өкініш?! «Тіршілік» шіркіннің де мән-мағынасы – өткен күн мен бүгінгі күн тастары таразыға қатарласа түскенде, қай басының басым түсетінімен ой салып тұрғандай екен де?!.

«Гәккулете» айдында жүзген аққудай сахна төріне қалқи шығатын Қазақстанның халық артисі Жұмабике Серікбаеваның туғанына 100 жыл толып отыр. Шығармашылық еңбек жолын Алматы музыкалық драма театры, Қазіргі Абай атындағы опера және балет театрында бастаған Ж.Серікбаева, Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қарғалы ауылында, 1917 жылы, қарапайым отбасында дүниеге келеді.

Өмірде ештеңе кездейсоқ болмаса керек. Біздер «кездейсоқ» деп, күмәнмен қарайтын сәттеріміз – тағдыр тасын басып кетері анық.

Қазақ даласында «театр» сөзі естіле бастаған 1934 жылы қаңтар айында Жұмат Шанин бастаған Күләш Бәйсейтова, Құрманбек Жандарбеков сынды тарландар басқарған артистер тобы, Қарағандыға гастрольдік сапарға келеді. Буыны қатпаған жас театрдың тарландары, ауыл-елді аралап қойылым қоюмен қатар, ел ішіндегі өнерлі жастарды іріктей жүреді. Сондай бір кездесу, әсем үні мен сымбатты көркімен көз тартқан Жұмабикенің қасиетті театр сахнасына жолдама береді.

Жас Жұмабикенің әншілік өнерімен қоса актрисалық талантын байқаған театр басшылығы, дарынды жастар қатарында 1935 жылы Ленинградқа оқуға жіберіледі. Ол жайлы әйгілі актриса Әмина Өмірзақова; «...Алматыда мектепте оқып жүрген шағымда, 1935 жылы Лениенградтан актерлік оқуға студенттер қабылдайтын топ келді. Қасымда менен екі-үш жас үлкен Бикеш (Жұмабике) дейтін қыз бар еді. – Әмина, екеуміз барып емтихан тапсырсақ қайтеді?,-деді. Актердің қандай болатынында шаруам жоқ, Бикешпен ілесіп алдым» деп естелік жазған екен.

Осылайша, өнерге деген ынтазарлығы басым жас актриса, В.В.Меркурьев, И.В.Мейерхольд сынды театр тарландарынан тәлім алып жүрген кезде, Шымкент қаласындағы театрдың тұңғыш режиссері, өзімен бірге оқуға барған Халел Шаженовпен сонда жүріп отау құрады. Ол жайында Әмина Өмірзақова апамыз; «... Пойыз бірінші Алмаыға жеткенде аңырап жылап қоя бердім. Халел Шаженов деген жетекшіміз бар еді. Ол мені бауырына басып отырып, көз жасымды сүртіп, қанаттандырып қояды. Туған ағамдай болып отырған оның Бикешке қырындай бастағанын байқап, қызғанышым оянды. Олар тұрса тұрамын, отырса отырамын. Шығып кетсе артынан еріп шығамын. Сөйтіп, мазасын алғаныммен қоймай, түнде Бикештің қасына жатып алдым Бұл менің балалығымның соңғы бір сәттері сияқты» деп жазған болатын. Өнер жолын оқып жүріп, екі жас жүрек жұптасып, ұлдары Мэлс пен Марат дүниеге келеді.

Нева бойындағы көне шаһардағы оқуын аяқтаған Хадиша Бөкеева, Қали Дүйсеков, Ғанижамал Хайрулина, Райысхан Бәйкеновтермен қатар жас отбасылы Жұмабике мен Халел, 1938 жылы, Шымкентке оралады. Биік өнердің жарық жұлдыздарының бірі сонау жылдары бүгінде Ж.Шанин атын иеленіп отырған академиялық қазақ драма театры сахнасында «Жұмабике, Бикеш Серікбаева» есімімен жанады.

Ең алғаш сомдаған ролі – М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» қазақ қыздарының махаббат жолында құрбан болған қасыретін жырлайтын Еңлік бейнесі болатын. Сахнадағы оқиғаны шынайылықпен қабылдайтын көрермен көкейінен оң бағасын алған жас актрисаның шығармашылқы жолы, кіл бас кейіпкерлер аллеясына айналады. «Айман-Шолпандағы» - Шолпан, «Ақан сері-Ақтоқтыдағы» - Ақтоқты, «Қыз Жібектегі» - Қыз Жібек, «Қарақыпшақ Қобландыдағы» - Құртқа, «Қарагөздегі» - Қарагөз, т.с.с. қилы тағдырлы арулар галареясын өнержолында шайқап төгіп алмастан көрерменіне жеткізген Жұмабике Серікбаеваның ел марапатына ерте ілігуі заңды құбылыс еді.

Шымқалада ашылған драма театрына актрисалыққа қабылданған сәттен – зейнеткерлік жасқа дейін талмай, табан тірей тер төккен Қазақстанның халық артисі Ж.Серікбаеваның тағдыр жолы, өз алдына қомақты тарих. Әрине, өнер жолын таңдаған тарлардардың көбісінің дерлік өмір жолы – өнержолының қиындығымен бірде шарықтаса, бірде құлдырап отырғаны таныс жайт. Десе де, бүгінде Ж.Шанин атын иеленген академиялық қазақ драма театрының алтын қоржынындағы қойылымдар, Ж.Серікбаеваның атымен бірге аталары сөзсіз.

Тағдыр соқпағы жарқырай басталып келе жатып, тарықтыра қасырет торына түсірері неткен өкініш?! 1942 жылы, аяулы жары, театрдың тұңғыш кәсіби режиссері Халел Шаженов отан соғысына аттанғанда, Жұмабике апамыздың қолында қос бірдей ұлы қалады. Басына түскен ауыртпалықпен арпалыса жүріп, сахнасын тастамау – ерлікпен тең кез еді. Тәртібі қатал, талабы зор кеңес заманында, жұмысқа некетті қарау – халық жауымен тең тұста, жас әйелдің қос бірдей салмақты қабақ шытпай арқалуына тапқан жігеріне қалай тәнті болмасқа?! Мұрағатын зерттеп отырып, жұбайы Халел Шаженовтің ролін жазған дәптерінің соңғы бетіне жазған мына өтінішін тапқанда, көнерген күндер көлбең ете, көкейді мұңға толтырды.

«Соғыс жылдары кімнің басынан бұл зобалаң өтпеді?!» деу заңдылық. Әйтсе де, сахнада Қыз Жібек боп, аққудайын қалқып шығу үшін қаншалық қажыр керек?! Бәлкім, жарына деген сағынышын Жібектің жоқтауымен бірге айтып, ішкі шерін шығарып алатын да болар?!

Қанды өзекті қырғын соғыс жүріп атқан кезде, өнер майталмандары аянбастан рухани майданда күресіп жатты. Ж.Серікбаеваның талмай еткен еңбегін бағалап, СССР Жоғарғы Советі Президумының Указымен Құрмет грамотасы мен медальдер тапсырылды.

1947 жылы Ж.Серікбаева апамызға Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген артисі атағы берілді. Соғыста қаза тапқан жарын жоқтаған жаралы жүрекке, қазақ театрында танымал бола бастаған режиссер Әубәкір Ордабаев дәрумен бола білді. Өнер мен өмір жолында бір-бірін тапқан қос майталман, тізерлесе қазақ театр өнеріне маңдай терін аянбастан төге білді.

1958 жылы Алматыда өткен екінші театр көктемінде Ж.Серікбаева Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Әр роль – жүрегіңді жарып шыққан сезім нәрестесі. Өзі сомдаған рольдері жайлы Бикеш апай бір естелігінде; «Көптеген рольдердің ішінде жүрегіме ең жақыны Бейімбеттің «Шұғасы» мен Әуезовтың «Қарагөзі» - деген екен.

«Қарагөз» жайлы тағы бір үзік сыр – М.Әуезовтың премьерадан соңғы талқылауда айтқан; «...Шымкент театрына Бикеш сіңірген еңбек аз емес қой. Бірге жасасып, ауыр-жеңілін бірге арқалап келеді. Менің бұл пьесам, уыз махаббат пен ақындық шабыттың қатар шарықтауын көрсетуді көздейді. Осы өзекті идеяны алға апару салмағы Бикешке тапсырылған. Сәукелесін көтере алмай майысып тұрған Қаракөз – Бикеш соншалықты нәзік, көздері жәудырап, еліктің лағындай елеңдеп тұратын үрейлі сәттері – қорғансыздар күнін елестетеді.» - деген пікірі, актриса тарихына алтын әріппен жазылды десе болғандай.

Айжан Жұмабекова, (ҚР Мәдениет қайраткері) – Шанин театрына келуіме себепкер болған Бикеш апам, баурына тартып, қамқоршым, жанашырым, өнердегі анам ретінде жақсылықтарын аямады. М.Әуезовтің «Қарагөзін» кезек ойнадық. Қарагөзге дайындық жасап жүргенде, өзінің ақылын айтып; «Мен, осы Қарагөзді ойнағанда қатты науқастанып, жүйкесі жұқарғандар ауруханасына түсіп қалғанмын. Жассың. Абай бол. Ішкі бақылауды мықты ұста. Ұқыптылықпен ойна. Қатты беріліп кетпе» дейтін. «Ай тұтылған түнде» Жұмабике апай - Таңқабикені, мен - келіні Шафақты ойнадым. Сонда, мені дайындықтан тыс уақытта шақырып, жеке пысықтап, шегіне жетуге қолұшын берді. Халықтан жылы сөз көп естісем, осы Жұмабике апайдың арқасында. Театр сыншысы А.Кадиров, Шафақ ролім жайлы жылы пікірін, газеттерге ерекше ризалықпен жазды. Шафақ ролінің арқасында республикаға атым шығып, энциклопедияға ендім. Бикеш апай, өзінің 60 жасқа толған тойында, Қаргөздің сәукелесін беріп тұрып; «Айжан, ендігі жерде Қарагөзді сен алып жүр. Мен, қойдым» деп, қолыма тапсырды. Өзі 60 жасқа толған мерейтойында Қарагөзді құлпырып, жайнап ойнағанда, Қазақстанның еңбек сіңірген актрисасы Құпия Рахымбердиева екеуміз кулисадан қарап тұрып; «Шалдар апамызға Қарагөзді қой деп жатыр. Ойбай-ау, мына кісі тотыдайын жайнап, құлпырып кетті ғой?! - деп, таң қалатынбыз.

Сапар Өтемісұлы, (Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Парасат орденінің иегері) Бала күнімізде Бикеш апай бастаған театр, Бостандық ауданына келетін. Бикеш апайдың үлбіреген Қыз Жібегін ойнағанын 12-13 жасымда көрдім. Қанша рет ойнаса, сонша рет қалмай көретінмін. Төлегенге есім кеткені сонша, қойылым кезінде «Төлегенді өлтіртпеймін» деп, Бекежанды ойнап жатқан актердің алдына тұрып алғаным бар. 1959 жылы Бикеш апай «театрға кел» деп шақырды. Қарашада келдім. Кешегі 1963 жылға дейін бірге талай гастрольдерге шықтық. Айша Абдулина екеуі концерттік бағдарламаларға қосып, сахнаға шығаратын. «Қарагөзде» мен – Наршаны, Бикеш апай - Қарагөзді, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуда» мен – Қарабайды, ол – Баянды ойнады. Жасы 55-терде болатын. Сахнаға шыққандай шоқтай жайнап, жастарыңды жолда қалдыратын. Біреу ауырып қалса, түнімен сол адамның соңында жүретін адамгершілігі өте керемет еді. Тіптен, дәрігерлер бізге; «Өздеріңнің Серікбаеваларың бар ғой, емдейтін?!» деп күлетін. Рольге деген адалдығы өз алдына. Соңғы күшін аямастан еңбектенді. «Қарагөздің» премьерасына атақты М.Әуезовтің өзі келіп; «Қаргөз сендей-ақ болған шығар. Нағыз Қарагөз - сен. Бір-ақ нәрсе, жындыны ойнама. Ол Сырыммен кездескенде ең биік бақыттан есінен ауып кетті»- деді. Нағыз ана еді. Мейірімі бәрімізге жететін.

Раушан Салова, («Ерен еңбегі үшін» меделінің иегері) - 1972 жылы театрға келгенімде, осы театрдың күллі бас кейіпкерлерін ойнап жүрген кезі екен. Қарагөзді ойнап жүрген кезінде, соншалық беріліп ойнағаннан көзі соқыр боп қалып, ұзақ уақыт емделді. Типтік рольдерді ойнамаған екен. Жасы егделенген жылдары типтік рольдерді ойнағанда, басқаша қырынан тамсана көрдік. «Кезінде неге осындай рольдерге көбірек салмағанбыз?» дегенді талай естідім. Әсіресе, бір рөлінде; «Ессізқалғырдың шляпасы» деп, шляпасын лақтырып жібергенде, анадай жерге ұшып барып, ілгішке дөп іліне қалғанда, зал толы көрермен ду күліп, қол шапалақтайтын.

1985 жылы Жезқазғанның Ақсу-Аюлы деген жеріне алғаш, ылғи картежник әйелдерді ойнайтын «Оңжамбас» деген қойылыммен гастрольге шықтық. Сол кезде, Жұмабике апай, өмір бақи картақұмар болған жандай, комедияны қатырып ойнайтын. Жолсапарда ауыра қалсақ, ана ретінде дәрімізді беріп, ыстық шәй мен асымызды аузымызға тосудан, қамқорлық жасаудан танбайтын. Үйретуден жалықпайтын ғажап жан еді.

Мәжит Ілиясқаров, (ҚР Еңбек сіңірген қайраткері)С.Шәймерденовтің «Марғау үні» драмасында Бикеш апай қазақ қойшысының әйелі Айған ролінде, мен - қырғыз аққалпатың ролін ойнадым. Мені әшкерелейді. Батыл, өжет мінезді қазақ әйелінің ішкі жан-дүниесін әдемі келтірді. Т.Нұрмағанбетовтің «Бақалар шулаған түн» қойылымында мен Төлен деген карьеристі ойнаймын. Бикеш апай аяғымды құшып жалбарынғанда, жан-тәнімен көзінен жасы сорғалап, еңірегенде, итеріп жіберуге қимай қалатынмын. Амал жоқ, теуіп кеп жіберемін. Сол кезде, аңыраған Бикеш апайдың түрін көргенде, ішім опырылып қалғандай күйге түсетінмін. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пьесасының премьерасына Ғабеңнің өзі келді. Қыз Жібек болып Бикеш апай шыға келгенде, отырғандар таң-тамаша қалатын. Шолпысының салмағын көтере алмай, қыпша белі солқылап кетіп бара жатқанын көріп, Ғ.Мүсірепов; «Көптен көрмеген Жібегімді көрдім ғой?! Күләш Бәйсеитованы есіме түсірдің» деген болатын.

Жанкешті еңбегі елеусіз қалмай, Ж.Серікбаеваға 1971 жылы Қазақ ССР-нің халық артисі атағы берілді. Сирек берілетін «Ана даңқы» медалінің иегері Ж.Серікбаева апамызды сахна төрінде серіктес болған замандастары әлі күнге жылы, ыстық, шексіз сағыныш лебізімен еске алуда.

Сая Қасымбек, драматург

Ж.Шанин театрының әдебиет бөлім меңгерушісі

В.В.Меркурьевпен бірге

Баян – Қазақстанның халық артисі Жұмабике Серікбаева, сол жақта Жантық – Лесбек Жұмабеков, Қозы Көрпеш – Өзбекстан Республикасының еңбек сіңген артисі Мұхтар Өтебаев, Қодар – Қазақстанның еңбек сіңген артисі Сейт Досмағанбетов

М.Әуезов «Еңлік-Кебек». оң жақтан:Есен – Сейіт Досмағанбетов, Еңлік – Ж.Серікбаева

1939-40 жылдардағы театр ұжымы. Жерде отырғандар: оң жақтан- Қойлыбай Қарсақбаев, 3-ші Жұмабике Серікбаева. 1-қатар: 2-ші Фаузия Шериязданова, Гүлжамал Батырғалиева, Сапар Тәжиев. 2-қатар: 3-ші Дәукенова Ақбөпе, Лев Осипович Берещук (директор), Хадиша Бөкеева, 10-шы Садықбеков. Тұрғандар: 3-ші Сыздықов К. Әбен Мұхамедьяров, 6-шы Қали Дүйсеков, Әкіш Шанин, Райысхан Байкенов, 10-шы Халел Шаженов (бас режиссер). 5-қатар: И.Ақбұйымов

Сол жақтан: Театрдың тұңғыш кәсіби режиссері - Халел Аюбайұлы Шәженов, тұңғыш директоры- Лев Осипович Берещук, Тәкен Мәдіходжаев

Ж.Шанин театрының негізін қалаушы, тұңғыш кәсіби режиссер Халел Шаженов – соғыста қаза тапқан

Жұмабике Серікбаева жары Халел Шаженов пен ұлы Мэлс


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар