Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

26.07.2016 4316

ЖҰМАТАЙ

ЖҰМАТАЙ - adebiportal.kz

Жұматай Жақыпбаев

Жұматай Жақыпбаев! Бір шоғыр ақындар тобының бірегейі, телегейі еді! Төрт құбыланы түгел жырлады. Шабыт әлемінің сөзін сүзді, жырын түзді! Замана ноқтасына алтын басын тоспаған ол өзінің балғын шақтан бақытына балап, бар ғұмырын арнаған өлең өлкесіне жанын пида етер қалыпта үнемі үздігіп күн кешті. Өз ертегісінің арналы арқауынан ауытқуды қаперіне де алған жоқ.


Арқалы ақын аға сәйгүлік-жырдың тізгіні қолына тиісімен бірден жалына жармасты. Көкке шапшыса бірге көте­ріл­ді, ентігін басса, қара жерге тік тұра табанын тіреді. Бәрібір байыз таппады. Сөйтсе де, тізгінді күштеп қақпады. Өзін де, өлең образына айналған Кенежиренін де баптаған үстіне баптай берді. Бәрібір көңілі тояттамады. Осы күні көбіміздің аузымызда жүрген әйгілі айшықты жыр жолдары да сол шақта туса керек:


Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем.

Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?


Қаны қара қазандай қаншалықты сақыр-сұқыр қайнаса да, өлеңнен өзге ешбір дүниені көз алдына елестете алмайтындығын бек білді және бұған имандай ұйыды. Намысқа суарылған наркескендей күй кешіп жүріп, өзімен өзі алысты. Алыстағыны да, жақындағыны да жанына медет тұтпады. Ақындық ақперен қиялының қанаты­нан түспеді. Поэзия патшалығын іздеді. Нөкерле­рін қамдап, өз қағандығын құрып алған кезі де сол тұс. Өлеңінің жұпары өмірінің жұмағына айналды. Көзі жұмылғанша сол қиял пат­шалығынан арылмады, өзге дүние атаулыны көрсе де көргісі келмеді, білсе де білгісі келген жоқ! Бар құпия дәп осы арада.


Адамзаттың арғы-бергі тарихында тура осы жол­мен жүрген таланттылар аз кез­деспеген. Керек десеңіз, көздеген осындай мұраты үшін жалғанның жары­ғы­мен де қош­тасқан. Өз пәлсапасы өзінде!


Кебенекпен жүргенді керексізге жорыма,

Айтқаныңды қосайын ақыл-естің қорына.

Майданнан соң иесін әзер тапқан ордендей,

Ақындарға абырой оралады соңыра.


Әулие дерсің! Айтқаны келді. Оның куәсі – тірілер, бүгінгі біздер. Бүгінгі біздер дейміз-ау, кешегі ағалары да оның қадіріне жеткен. Жастарды әрдайым қамқорлығына алып жүретін Тұманбай Молдағалиев: “Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!” – десе, мұңайғанда маңдайынан сипай біл­ген Олжас Сүлейменов: “Жуматай – ис­­тинный и даже редкий поэт!” – деп үл­кен баға берген. Өзара сырлас, көп ретте тағдырлас та болған Асқар Сүлей­менов: “Оның өлеңдері табиғи бітімі, концеп­циялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжа­сы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді”, – деп таңданысын жасыра алмаған.


Рухани игіліктің аспаннан өздігінен жауа бермейтіндігі белгілі. Жұматайдың қазақ поэзиясындағы ерекше құбылыс екендігі әлдеқашан айтылған. Кейде біздің сол құбылыстың түп-төркінін басқа жақтан іздейтіндігіміз бар. Оның бар сиқыры Жұматайдың көрсем, білсем, ұқсам деп түнді-түнге, таңды-таңға жалғаған бозторғайдай тынымсыз шырылдаған жүрегінде!


Қалмаймын деп мынау өмір көшінен,

Жастай зерек, ғажайып күй кешіп ем.

Жан адамнан жасқанбай

Һәм жасымай,

Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем!


Оқымаған кітабы, тауыспаған ілімі жоқ Жұматай әлемдік ақыл-ойдың толғақты жолын көктей шолып қана қоймады, жан-дүниесімен ұғына білді. Сөйтіп, ол танымның сезімдік, түйсіктік және логикалық сатыларын бастан кешіріп барып, өзінің толымды философиялық тоқтамына қазық қақты.


Күледі ел маған. “Күледі жақсы соң күлген”,

Еркек боп тусам, ерітсем дедім тоңды үнмен.

Әдебиет деген әлемге қажет шаруаның

Археологы да, геологы да болдым мен.

Шартараптарға шашатын кейін даңқы нұр,

(Шарапатың мені де келіп шарпығыр).

Киімі алтын кісіні емес, сені іздеп,

Сені іздеп жүрмін, сері мінезді Алтын ұл! – деген үзеңгі үзердей те­біре­нісіне бұдан кейін қалай қосылмассыз!


Оның ақын ретіндегі феноменін де осы өрістен іздеуіміз керек. Жүрегінің байтақ терезесіне барынша мол кеңістікті ақ-қарасы, бар-жоғымен қатар түсіре білуінде. Соны миының мың градустық пешінде бабына келтіре балқытып, маржанын тере алғандығында. Сезім сергектігі интонация­ның нәзік пернелеріне дем беріп, екінің бірінің назарына іліге қоймас шуақтарға малынды, қайсыбір мың жыл міз қақпай тұрған тас қақпалар алынды. Тектілік тегеуріні, жаратылыстың жанартауы деп, асылы осыны айтсақ керек. Және бір үлгіге зер салыңыз:


Қашаған құсап құйғытқан қия жермен де,

Таптатты ма екен табынан жинай келгенде.

Асыққан малшы атынан түспей терген бе?

Тоғайдай қалың таңқурай жатыр тапталып,

Тұғылда мынау тұяқтар басып, қатталып.

Жапырақ ашсаң – жаутаңдай қарап дірілмен,

Алқызыл жақұт ауызға жұмсақ білінген.

Сәулеңнен ішкен сілекейше ішке жүгірген,

Қор қызының бұтаққа шыққан ерніндей,

Тұғылда тұрып таңқурай жұтып көрдің бе, ей?!


Жұматай өлеңге тақырып табудан ешбір таршылық көрмеген. Қай тақырыптың қолтығынан алса да жолы ашылып, сапары жалғасып кете барған. Ана тақырыбына өлең шығармаған ақын болмайтын да шығар. Әйтсе де, Жұматайдың мейірбан да көпшіл, құрметті де текті анасын жыр шумақтары мейлінше мөлдірете көз алдыңызға әкеледі. Ешқашан жүздеспесең де бала кезден маңдайыңнан өбіп жүргендей сезінесің өзіңді. Шіркін, дейсің, адамзаттың бәрі аналарын ақындардай қадірлеп, құрметке бөлеп, көкке көтерсе ғой!


“Мұң-қайғы мойытпады әсте мені”,

Дейтұғын ұлың да бір қас төре еді.

Әкем жоқ, сен аурусың, соны ойласам,

Көзіме екі тарам жас келеді.


Ол өзі тіршілік еткен заман мен уақыт­тың қамшы салдырмас тамыршысы бола білді. Ардың сөзін, ақиқаттың өзін айтты. Та­қы­рыптарының саналуан болып келетін­дігі де сондықтан. Табанын тілгілеген тау-тас, бояуы ой тұнығына шомылдырған мың бір гүл, қатпарлы қоғам, ел-жұрт, санаңа сәуле ұялатар кәрі тарих және сол сияқты жалғасып кете барар арналардың қай-қай­сы­сының да Жұматай үшін өгейлігі жоқ. Әр өлеңнен өзін көрді, қабырғалы қазағын аңғарды. Табиғатты бүкіл жаратылысымен ұғын­ды. Қызылды-жасылды гүлдерді жа­нын­дай жақсы көрді, сан түрлі құстардың көп дауысты үнінің сиқырына елтіді, көк ба­лау­са шалғынның жұпар иісі кеудесін кернеді.


Жүйткітіп жирен атпен күліп өткен,

Таниды мені таудың гүлі көктен, – десе, сөзсіз сенесіз.

Осылайша оның тақырып таңдай білу­дегі даралығы даналыққа бастады. Өз дәуірінің кең ты­ныс­ты ақынына айна­л­дырды.


Қай тақырыпқа қалам сілтесе де құлай берілді, жаңа туған айдай керілді. Бірде өзегін өрт шала күр­сінді, енді бірде сәл нәр­­седен шатта­нып, қы­рандай сіл­кінді. “Өлең шір­кін – өсек­ші жұрт­қа жаяр...” – деп айтарын тұм­ша­ла­ма­ды. Құпия сақ­та­мады. Эстети­ка­лық және фило­со­фиялық кре­до­сынан танбады. Сол себепті де, оқыр­­мандары оның поэзиясынан өлең жасаушыны емес, замананы қашаушыны, жақсылықты қадап-қадап атаушыны көреді. Мұны ақынның бір бақыты деп ұққайсыз.


Ақындар кеткен заман ба, өлеңші келіп,

Осынша сұп-сұр боламыз неден шіреніп?

Қадамын жұрттың баққандар қай жерден шыққан,

Біз, қазақ, ақын халықпыз демеуші ме едік?..


Адуын ақын өлеңдерін әлдене өзегін өртегенде ғана жазды. Сия кеппестен ала­қайлап басылымдарға ала жүгірмеді. Сөз қадірін өз қадірім деп ұғынды. Бал тамған тіліміздің бақшасарайында басқаларға қара­ғанда көп кідірді. Көңіл төріне көп кесте то­қыды. Айдын шалқар тіл теңізінің ешкімнің түсіне де кірмеген тұңғиық тереңдеріне бойлады. Тіл жауһарынан алқа тақты. Оған төмендегі бояулы мол шумақты айтайық.


Сумақтай зарлап, көмейіне зілді үн кеп,

Ұлардай шулап, барысша зілді гүрілдеп,

Қаһарлы өзен жаман мінезін сездірсе,

Қалтырап шетен, қайың да тұрар дірілдеп.


Поэзиядан өзге дүниелердің бәрін екінші кезекке ысырған ол өлеңді жалғыз ғана жан­серігіне балады. Сонымен ғана жүздесті, со­ны­мен ғана келешегіне із кесті. Бойына да­мыл таптырмаған да, ойына қанат қақ­тырған да сол еді! Сарыжұрты – Сарноқай төрінен ақсұңқар баласын Алатаудың асқарына самғатып ұшырған да сол еді! Өзегін өртеген бар ой-арманы, көкейтесті мақсат-мүддесі, бүкіл поэтикалық кредосы қа­сиетті өлең патшалығының шалқуына ба­ғытталды. Және бір ұғарымыз, Жұматай кез келген талантты ақынның халық байлығы, ел қазынасы екендігін терең сезінді. Аз жазса да саз жазды. Басқаға ілесіп, текке арамтер болмай, тек өз соқпағымен алға тартты. Әр кезекті өлеңін бұ жалғанда соңғы шумақтарын төгіп отырғандай жанына әбден жанып барып шығарды. Се­ріппелі садақтың қылдан ескен арын­ды адырнасындай қуатты, омыраулы ойларын кірпіш қалағандай құтты орнына қондыра білді. Сондықтан да, “Поэзия” атты өлеңіндегі:


Сен барсың, бар болса егер жерде күнгей,

Күнгейдің гүлдерінің еңбегіндей.

Барсың сен!

Сенем саған филиппиндік

Хиллерге арулардың сенгеніндей.

Күн кешкен сөзін ұғар елсіз де Абай,

Сол арай – шөлсіз де арай,

Көлсіз де арай.

Ақындар құрып кетсін... Бірақ әлем

Білмеймін күн кешеді Сенсіз қалай?! – деген тоқтамына құлай берілесіз.

Сағындым сені, ағатай, түсімде көрдім,

Қызғалдақтардың қаптаған ішінде көрдім.

Кететініңді, өмірден өтетініңді,

Білмеймін, бұрын қалайша түсінбегенмін.


Бұл жүректі шымырлатар шұғыла шу­мақ­тарға қандай да бір түсініктеме беру­дің өзі артық. Сол кезде ғой ақын Несіп­бек Айтовтың: “Жұматай, нояның түгілі қояның болайын, тек жан­да­рың­да жүрейінші” дейтіні. Қаншама жастар Жұ­мекеңе еліктеп ақын­­дық жол­ды бойтұмар қалады. Маралтай ақын баласының есімін Жұматай деп атаса, өзін өмірде бірде бір рет көрмесе де, қазақ жерінің түк­пір-түкпірінде оған арнап тебірене өлең жазғандар қан­шама?! Жұмекеңнің жыр жинақ­тарының мыңдаған оқыр­­­ман­­дар­дың қойнынан таста­­май­тын сыр­лас кітаптарына айнал­ғандығы қ-а-а-шан!


Жұматай Жақыпбаев не де­ген сан қырлы талант десеңізші! Ақын, күйші, суретші, әнші, ма­тематик, философ, композитор, аудармашы, боксшы, термеші, жыршы, суырыпсалма ақын, тарихшы... Құдай-ау, мұның бәрі бір басына қалай ғана сыйып тұрған!


Тарихшы демекші, ол тарихты білуді өз ұлтыңды сүю деп ұқты ең алдымен. Көне замандардан жеткен қатпар-қатпар ғибратты әңгіме-шежірелерді көнекөз­деріңізден де, тіпті қайсыбір кәсіби тарихшыларыңыздан да артық білетін.


Ақын шығармалары күрделі. Соны да соқталы тұстары басым. Бірақ, бұл оның кемшілігі емес, артықшылығы. Осы ретте Ахмет Байтұрсыновтың мына бір ойлары көкейімізге оралады: “... Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екендігі рас. Бірақ, ол ауырлық Абайдың айта алмағандығынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік.”


Ғажап! Өзгелерден ерек туған ақынның бір артықшылығы, бір бақыты да осындай күрделі ойларында шығар!


Алаштың ардақты перзенті, арлы ақыны Жұматай Жақыпбаев шабыт аймалаған бір шағында былай деп еді ғой:


Арттыра берсін білгеннің қадірін өлең,

Әлкей айтса жанының әміріменен.

Богдыхан қызын беретін

Үйсіндер кеше

Елге таң ірі ұланын Тәңірі деген!

Дәл осылай деген-ақ шығар! Өз басым қылаудай да күмән келтір­меймін!




Әміре ӘРІН


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар