Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Жұматай Жақыпбаев. Жаным бар мені шығарар шырқау б...

16.09.2020 4242

Жұматай Жақыпбаев. Жаным бар мені шығарар шырқау биікке 12+

Жұматай Жақыпбаев. Жаным бар мені шығарар шырқау биікке - adebiportal.kz

АҚЫН ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ

(30.01.1945-16.09.1990 жж)

Биыл қазақтың қайталанбас дара тұлғасы, классик ақыны, өмірден аққан жұлдыздай ерте озған ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ 75 жасқа толды.

МАМЫРЫМ МЕНІҢ...

Бозамық көкке бозторғай құсты ілдірген,

Мал өріс қырға масаты тыстап үлгірген,

Мамырым менің, жер бетін түгел көгерткен,

Үйренем сенің үлгіңнен!

Тыңдарға әні, түрі бар таңдай қағарға,

Аспаннан түсіп Алакөлдегі аралға,

Аққуларыңның алды-арты келіп болды ма,

Ат-көліктері аман ба?

Көделі жазық, жусаны қалың бозы бар,

Қазақтың жері көгерген сайын созылар.

Көктеулеріңе бетеге шығып көкқасқа,

Толды ма тойған қозылар?

Албырап жүзі, ақсиған тісі пәк күліп,

Бойжеткен қыздар біреуін көрсе аптығып,

Сабағы жұмсақ сарғалдақ сайдан терді ме,

Арқаға бұрым лақтырып?

Мейірімге толып мейрамдап жүрген кезімде,

Қаратал құсап тасиды қара сөзім де.

Қызыл гүл тауда, қызыл күн сенде, мамырым,

Қызықтың бәрі өзіңде.

Жұпары молым, жұлдызы көбім, жарығым,

Аспандататын адамның алуан дарынын,

Жер бетін түгел көгерткен, жөні бөлегім,

Мамырым менің, мамырым...

КӨКТЕМГЕ ХАТ…

Сеңсеңі жасыл, көрпеші гүлді беткей, шың,

Көп болды көлбеп көзімнен бір сәт кетпейсің.

Көкекке мініп, италақазды жетекке ап,

Көктемім менің, көмекке маған жеткейсің.

Қарайған шақта қар жабу жапқан құба бел,

Тоң болып жатқан топырақтардан тұра көр.

Көктемім менің, жеті қат жердің астынан

Ит жуа болып, бәйшешек болып шыға кел!

Сақалын көкке боясын аппақ серкелер,

Отарын көкке жаятын болсың ертең ел.

Темірден қашып тентіреп кеткен цыгандай,

Қаңғып та кеткен құстардың бәрін ерте кел.

Мамырың келіп, мамыражай күн орнасын,

Көбелек боп кетсін еңсемді басқан қорғасын.

Бәйімбет атам бақшасына жетіп мыңсайрам,

Бақытты жерде бәйіт пен дастан толғасын.

Жараған кезде жарысар тұлпар іздеген,

Жирен атыма ат күші бітсін жүздеген.

Ақ таңда тұрып аттанып тауға кетейін,

Қасыңнан сенің қалмаймын дейтін қызбенен.

Көп күтіп сені, көз сүзе берем далаға,

Ұқсап та жүрмін әпкесін күткен балаға.

Көктемім менің, көкекке мініп жеткейсің,

Мен дейтін болсаң календарьға да қарама.

2

Жасылдан желек жамылтып талға қыз мүсін,

Түлетіп бәрін, түгендеп берген түз құсын.

Көктемім менің, мейірімділермен мақсаттас,

Елжірей сүйген елімдей менің ізгісің.

Қаршадай кезден қайралып біткен бар қырым,

Өткір де болсам, өте ме саған жарлығым?!

Құлаққа құйып, жадыңа, жаным, тоқып ал,

Өзіңе айтар өтінішімнің барлығын.

Мамырың келсе, маңырап қозы жарысқан,

Майсалы белден құс екеш құс та сақ ұшқан.

Жер аяғы кеңіген күні жалпақ ел,

Шапқыншы тосып, шабуыл күткен алыстан.

«Еркек тоқты құрбандық» дейтін шақтарда,

Дауылпаз тартып, қарауыл дабыл қаққанда,

Алты арыс елден шашақты найза оздырып,

Алдымен солар аруақтап жауға шапқан да.

Қырылған елден қауласа ұлдар алсындай,

Түтігіп түрі, тұлпары қатып қаншырдай,

Қол бастауын қоймаған ерлер солар ғой,

Қан тұмсық жебе қадалып жатса шаншудай.

Даладан тауға көшіріп барлық ұрысты,

Даңққа бөлеп алдаспан ауыр қылышты,

Қанқұйлы жаудан босатқан ерлер солар ғой,

Ақжайықтан Алтайға жетер ұлысты.

Көктемім менің, бүгінгі түрім қалай деп, –

Қызыл тәжденсе қылтиып шыққан талай көк,

Қабанбай менен Бөгенбай батыр басына,

Мен қоймай жүрген бір құшақ гүлді қадай кет.

ОЙСАЗДА

1

Алакөлең аршалы таудың қабағы,

Аспанмен жөңкіп сұр бауыр аппақ жабағы,

Бұйра шыңдардың бетімен қара көлеңке

Сорғышқа құйған сияша жылжып барады.

Жарыса көкпен жабағы жөңкіп не түрлі,

Жердегі жарық жердегі нұрды кетірді.

Көлеңке түскен көркем беткейлер алыстан,

Қара түр басқан көкжасыл киіз секілді.

Жарау атпенен жақыннан қусаң жетпейсің,

Көлеңке зулап, қарайып әні кетті ой, шың.

Күн түсіп тұрған жер ғана алтын алаңдай,

Жарықты аңсап, жаурасаң солай беттейсің.

Қабағым менің – аршалы таудың қабағы,

Наланың бұлты бір соқпай қалай қалады.

Азайып кетпей, ашылар деймін қайтадан

Күн түсіп тұрған басымның алтын алаңы.

2

Жез тастар жатқан желегі қалың көк белге,

Екі үйір жылқы еміне сүңгіп кеткенде,

Балқаштан бері жолаушы шыққан кеме- бұлт,

Трюмін ашып, төбеден бұршақ төккенде.

Сулығым киіп, белдеуде тұрған қара атпен,

Желе шоқытып, тайғанақ жасыл қабақпен

Автоклубты іздеп ауылыңа келіп тұрғанда,

Жүзіңді бұрып, «жігіт-ау» деп бір қарап па ең?!

Жүздеген тұлпар жұлқына төмен шапқанда,

Тұяғын аттың табанда тастар қаққанда,

Қара аттың мойны астына келе жығылып,

Сонда да болса көкпарды бермей жатқанда,

Шылбырын ұстап қара аттың жұлқа үріккен,

Домалап тұрып, додада жаяу жүріп мен,

Көзбенен сені іздеген кезде қас керіп,

Қабақта тұрып көзіңе мені іліп пе ең?!

Ат емес, енді автоны тіреп белдеуге,

Жілігім толып, жігіт боп, жын боп өр кеуде,

Ат жетер жерден ақ көңіл нөкер жиып ап,

Аулыңа сенің алшаңдай басып келгенде,

Қас кере күліп, қырындай бұрып бетіңді,

Қиылып тұрсың қылықпен әсем не түрлі.

Кеш көрдің мені. Өлетін науқас сауығып

кеткенде келген кесірлі тәуіп секілді.

3

Құзардың ерні – ұяның ұшар жиегі,

Қыранға тамақ қисынсыз жерден тиеді.

Қызылдар еді қидасын кәрі жіліктің,

Ал қызыл еттен де ада боп шықты сүйегі.

Ешкімнің мұнда естілмек емес ентігі,

Етегі қорым еңлікті құздың ең тігі

Ер жүрек құстың ұясы еді, етекте

Ат көпір сүйек – арқар мен елік жемтігі.

Бала құс таңнан талтаңдай басып тұрғалы,

Төсеніш бүріп, тасқа да батып тырнағы,

Төбеден қарап төменде жүзген ақ бұлтқа,

Шарасы мұнар шатқалдың шуын тыңдады.

Күлімдеп шығып, қыздырып батар отты күн,

Шыжғырып жатса шыршалы шыңның шоқтығын,

Қылтылдап мойны, күн бойы көріп байқады,

Қыранға қазір қыдыртар жердің жоқтығын.

Күн батқан кезде құбылаға сіңіп асыл нұр,

Қара көк мамық қанатқа тықты басын бұл.

Оралмай әке, ораза ашпай талайдан,

Қанатын қағып, құса ғып бітті тас үңгір.

Ақиық жетім, аңқыған шақта қыр гүлі,

Шыдамы бітіп, шер буған кезде бір күні,

Саңғырық тамбас сар тастан құйрық көтеріп,

Сабамай қанат, санасыз төмен ырғыды.

Қуыстан шығып төбесін таспен бүркеген,

Құлдырай құлап, шыңырауға кетті бір терең.

Құзардың жүзі аспанға қоңыр суша ақты,

Қанатын жазбай құлаған шақта бұл төмен.

Шоқыдан сонау шоқиып шыққан шынарға,

Тоқтамай келіп, топшысын, байғұс, ұрарда.

Қалбаңдап жүріп, қанатын тездеп қаққыштап,

Қаттырақ ағып, айналды тастан қыранға.

Қанаты мұны, қаттырақ қақса – қолдады,

Ақиық жолы әуемен тартты ол-дағы.

Тауықша қыран талтаңдар ма еді, кім білсін,

Туғалы басқа жүретін жолы болмады.

4

Айлағы бұлттың Арқадан бері асығар,

Баурайы – арша, балағы – пішен, басы – қар.

Бейқам даланың биіктеп кеткен жалғасы –

Мәуелі таудың міні жоқ жұрттан жасырар.

Қалқа боп тұрған қалбасы сонау қалаға,

Фон болған таулар фон болып қана қала ма?!

Жазира жолы тауларға қарай тартады,

Таулардан бұлақ егіліп, жылап далаға.

Жығылып үйлер, шешіліп желі, көген де,

Маусымда құмға масаның бұлты шөгерде,

Бабамыз көшкен жаны үшін жазда биікке,

Бабамыз көшкен малы үшін күзде төменге.

Биікте бәрі – бүгінім және көнем де,

Өмір де, ой да, намыс та, күй де, өлең де.

Жаным бар мені шығарар шырқау биікке,

Малым жоқ бірақ түсірер мені төменге.

***

Шақылдақ зытып, көз таса болған заматта,

Қыналы қойтас қисайған жасыл қабақта,

Аршаны кешіп, аршыңдап келе жатқанмын,

Шыбынсыз жазда шырмалып гүлдер балаққа.

Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен,

Ала аяқ атты алқына басып іздегем.

Кестелі өңір. Келісті, көркем төккені-ай,

Табиғат ісмер сиқыры күшті бізбенен!

Атымыз қашқан, аяңдап жүрер жай бар ма,

Түскемін талай түптері сынап сайларға.

Алдымнан шелек сылдыры шыққан, сылаңдап,

Сылтыңдай басып, су іліп жаттың қайнарда.

Қос шелек беті үйіріліп барып тынғасын,

Құбақан құлын мүшеңді бері бұрғасың.

Кекілді түртіп, ал қара шашты жөндеп сап,

Ендігі күнім не болар деп те тұрғасың.

Көркіңе тоймай, көгілдір қудай құлпырған,

Қолымнан жүген, шылымым түсіп ұртымнан,

Қара алмас көзден «қарағым» дегенді оқып қап,

Алтайы көрген шөгелдей төте ұмтылғам.

Жүректі басып, тоқтатып екі өкпемді,

Мейірімімді сол сәт жаңбырша саған төккем-ді.

Ғашық жандардың әдеті ғой деп көктемгі,

Сарғалдақ сонда қып-қызыл болып кеткен-ді.

***

Желкілдек дөңге, жайқалған гүлге ондағы,

Жылтылдап оты, киіз үй келіп қонғалы.

Шалғынды бес күн ақ көлшік отар жөргек қып,

Қотанның түсі қоңырқай тартты қордалы.

Кең төсі – салқы, артынан алды қысқарақ,

Кенежиренді тірсектен арқан ұстап ап,

Шіркейді қуып жібектей жеңіл құйрықпен,

Беткейде жатыр бетеге шөпке тіс қадап.

Сәйгүлігімнің сүйкімді барлық қылығы,

Сауыры, саны, қидасын кәрі жілігі.

Жабуын қағып, ерін де қойдым дайындап,

Алтынша шайып астауға сары сұлыны.

Қияға қаптап, құлдилап сазды ойына,

Ата-бабамның арғымағы да, қойы да

Тіс қадап жеген биіктің шөбі – бетеге,

Бақ болып дары бәйгі аттың бапты бойына.

ТОЙ. САРЫЖАЙЛАУ

«...Той қылған көпке інінің ерлігі дұрыс,

Көмектеп, көптеп көрсетер елдігін де ұлыс.

Риясыз думан өткізу ендігі бір іс»,–

Осыны ойлап сақалы, белдігі күміс –

Жол жорға мініп,келеді жазулы хаттар –

Тәкаппар, шешен, бөрідей азулы қарттар

баяғы...

Атшабар бала, оны да ел келісіп апты,

Зар күйі осы, бұл тойға келісі бапты.

Құндыз түктеніп, құлпырмай терісі қапты, –

Шапқан ат жетпес, екпінді, желісі қатты.

Кекілін түйген, қаншырдай, жанары жайнап,

Шеки де басып кермеге барады бәйге ат

баяғы...

«...Атасы өстіп той қылса, күйлері келсе,

Көкпар да берсе күніге, үй болып елше»,–

Арманы жалғыз –арманға үйленіп өлсе...

Бастарын гүлше шайқайтын сүйгенін көрсе,

Ультра күлгін сәуледен жарылып кеткен

Беттерін басып, қыздар жүр сағынып көптен

баяғы...

(Киношы бейғам мұндағы – шыңдағы жайдан,

Қырғыздар құсап тау даңқын кім, кәні, жайған?!)

Атағы шығар көкпарда – ұлдары жайраң,

Алты ауыл бүгін шалғынға сырмағын жайған.

Мәскеудей тасып, қанжайлау Арбатша қайнап,

Аңғарға атты ел сыйғызды қалмақша байлап

баяғы...

«Сөреге тарттап!» кісіден айдала қайнап,

Қалады қазір бұзылмай шайда да қаймақ.

Қаптайды дүсір, желкілдеп айнала –байрақ,

Аршалы жаққа тобымен айдалар бәйгі ат.

Күй болар еді келісті –аттың кеткені,

Сарыжайлауға жетпей тұр Тәттімбет қолы

баяғы...

КЕНЕЖИРЕН

Алдынан сөре, артынан қиқу таялса,

Бұзау тіс қамшы бұтынан шақса шаянша,

Құлажирен ат құйқылжып шығып баянша,

Құла бір дөңнен құлдырар еді қоянша.

Арқасы қозса, ылди ма, өр ме, елемей,

Зымырар еді сындарлы сырлы жебедей,

Ауаны тесіп аспанда ұшқан кемедей,

Немесе безіп түрмеден шыққан немедей.

Зырқырар еді, сүрінем деп те қорықпай,

Тоқтатар оны кедергілер де жолықпай.

Сөрені бетке ап, үш күндік жерден зорықпай,

Құйындар еді құланын көрген қодықтай.

Ән болып біткен Құлагер әлгі күліктей

Бәйгеден келсе, кернейшілер де ілікпей,

Алшаңдар еді ала аяқтары бірікпей,

Қылықты қыздың қасынан келген жігіттей...

БАТЫРДЫҢ СӨЗІ

Қара аспаныңнан қайғының бұлтын ығыстыр,

Қазақтың кегі түп-түгел қайтар ұрыс бұл.

Қатын-ай, әпер, қара сандықта – кіреуке,

Адал бақанда алты алашқа адал қылыш тұр.

Жау шапса алдан, жауырыншы жөнді бал ашып,

Жебесі төстен көрмеген еді адасып, –

Адырнасында алпыс бақсының күйі бар,

Серпіні қатты сірі немені де ала шық!

Алатау кімге? – Алдаспан айтар төрелік,

Ноянның артын найзамен ашып көрелік.

Тазқара құстың тамағы биыл таусылмас,

Тапталып атқа талқаны біткен көп өлік.

Құдайға шүкір, қу мойын жирен бапты екен,

Құланы да ұстат, қунақ көрінеді, ап кетем.

Қоналқылық жерге қос ат мінгізіп қойғаны-ай,

Шешем жарықтық несіне дәу қып тапты екен?!

КЕНЕЖИРЕНДІ ШОРА САТЫП

ЖІБЕРГЕНДЕ

Жирен тұлпар – іштен туа қасқа бас,

Молда мінсе, дұғасынан тастамас.

Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,

Бес моторлы самолетке баспа-бас.

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,

Шыбынға да тигізбейтін кесірін.

Жабағыдай жатағандау болғасын,

Кенежирен қойып едім есімін.

Шоңайнаның мөрін жалға басып ап,

Бақша кірсе, қумайтын ел тасын ап.

Қорықшы да қамамай-ақ жүретін,

Өзін өзі беделімен асырап.

Митыңдатып мінгенім бе енді есек?!

Бүйтер болсақ, бұл өмірге келмес ек.

Жұбымызды неге жаздың, бауырым,

Екеуміз де бәйгемізде теңдес ек.

Жер бетімен жирен жұлдыз ағарда,

Жұрт жаутаңдап иесіне қарар ма?

Сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай,

Енді мені есті жігіт санар ма?

Құбыладан қайтқан атты тосарда,

Қуаныштан көңіл енді босар ма?

Аламанға ат қосқанда жігіттер,

Жиренім жоқ, қара итті енді қосам ба?

Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,

Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?

Жұрт ағасын айырбастай бастаса,

Шөке, сені өткізер ем алдымен.

КӨҢІЛІМ МЕНІҢ, КӨҢІЛІМ

(Сүгір күйінің әсері)

Жандарға дос та, дұшпан да болған,

Құмар да болған, құштар да болған.

Көзімнен бұлбұл ұшқанда арман,

Иттен де қалған, құстан да қалған,

Көңілім менің, көңілім!

Кетсем де кейде күйіктен қаңғып,

Үміткер едің биіктен барлық.

Жақсылық айтар адамға құрбан,

Жомарт та қылған, сараң да қылған,

Көңілім менің, көңілім!

Құлазып барып қайта гүлдеген,

Жайыңды сенің айта білмеп ем.

Күндердің қолы қалай құтқарған,

Қаршадай кезден талай дық қалған,

Көңілім менің, көңілім!

ЖЕТІ ПЕРІ

(Курстастарға)

Жыланшық шөбі хиппидің шашынан қалың,

Күзеп бітірдік көл жақтың жасыл аңғарын.

Есмағамбет шал тіркеуші жеті қызды да,

Арқадан қағып, сипады басынан бәрін.

Жұмыстан қайтқан қыздардың қоңыр әні көп,

Күлдірлейді-ау бір құлынның қоңырауы боп,

Су құмар жетеу толқынды «Аһпішулетіп»,

Ернін көгертіп, күміске шомылады кеп.

Судан шықса олар ақ көлдің арнасы кеміп,

Қайтадан кірсе, толқындар жар басын өбіп,

Сиыр айдаған ақсақ шал жерге түкіреді,

Сұлу қыздардың шыт қаптан алмасын көріп.

Шалпылдатады, ақ көлді тасырлатады,

Су да шашады, құм айдап, тасын да атады.

Жынды боташа құтырған жеті періге,

Бригадирліктен биліксіз басым қатады.

Мен бір жақтан қап алтын ап келетіндей,

Қаумажалайды, қауышқанымды бақ көретіндей.

Әрқайсысы да ойда жоқ оңаша қалсаң,

Ойлана қалады гроссмейстрге шах беретіндей.

Ертеңгі трико кешкісін ала сәтен боп,

Жүз құбылғанда жетеуін тамаша етем көп.

Біреу ұрысса, бәрі кеп маған тығылады,

Ақымақтықты асқақтық сабаса екен деп.

Жеті перінің айтатын әні көп еді,

Бәрі де айтады, әйтпесе, бәрі «көреді».

Неше жыл өткен соң жан-жақтан «Басекелеген»,

Жеті сол дауыс құлаққа әлі келеді.

Қиқулап өтсе қаздардың азаны аспанда,

Қараша келіп, қонаққа қазан асқанда,

Жеті пері қыз жүр ме екен «Басекемайлап»,

Жастарын сүртіп, жарлары жаза басқанда?

Мас етер өмір, көркімен мас етер аймақ,

Жылыстап, жылжып, көрікті ұрлап, жас өтер айлап.

«Басекемайлап» күліңдер қайда жүрсеңдер де,

Жеті періште, жылама «Басекемайлап».


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар