Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жұматай Жақыпбаевтың ақындық әлемінің жұмбағы...

30.01.2016 7548

Жұматай Жақыпбаевтың ақындық әлемінің жұмбағы

Жұматай Жақыпбаевтың ақындық әлемінің жұмбағы - adebiportal.kz

 

Жұматай Жақыпбаев

«Ақын боламын, сенің атағыңды әлемге шығарамын, Ләйлә!» Сүйген жүректің сертіндей болған бұл сөздерді Жұматай айнаға қарап тұрып айтқан екен. Жұматайдың кім екендігін, Ләйләнің кім екендігін айтып жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, Жұматайдың Ләйләсін естімеген адам елде жоқ шығар. Алайда, осы бір аңызға айналған махаббат иелерінің өмірде, бар болғаны, үш-ақ мәрте кездескенін біреу біліп, біреу білмес. Мақала барысында Жұматай ақынның өмірлік музасы – Ләйләға арналған өлеңдерін қарастырамыз. Неміс қаламгері И.Бехер лирик ақынды “өзін-өзі бейнелеуші адам. Оның өзі – өз лирикасының кейіпкері” [1.388б.] – дейді. Жұматай ақын да өзінің лирикасында ішкі жан дүниесін бейнелеп, өзі лирикалық кейіпкер ретінде танылады.


 

Ж.Жақыпбаевтың өміріне қатысты деректерді көбіне ақынның жұбайы З.Елғодинованың естеліктерінен аламыз. Солардың бірінде:»Тағдыр оларды қоспайды, сөйтіп ақынның мұңы қалыңдай береді. Ақыры Жұматайдың лирикалық кейіпкері оның әлеуметтік астарлы өлеңдеріне көшеді. Енді ақын, заман, қоғам туралы жырларында да сүйген қызы Ләйләнің образын алады. Өмірдегі барлық қуанышына да, қайғы-қасіретіне де Ләйләні ойша ортақтастырып отырады» [2.38б.] – дейді ақын жары, белгілі қаламгер З.Елғондинова өзінің естелігінде. Демек ақын өміріне қатысты деректер, оның шығармашылық әрекетінің іздерін, бірінші кезекте, Ләйләға арналған, немесе Ләйлә бейнесі сомдалған өлеңдерден іздеген дұрыс.


 

Жұматай Ләйләні жырлауымен, әдебиет тарихында Лаура бейнесін қалдырған итальян ақыны Ф.Петраркаға ұқсайды. Бір бейнені мұнша беріле, үздіксіз, өле-өлгенше жырлау әлем әдебиетінде сирек кездесетін құбылыс болғандықтан да, Жұматайдың Ләйләсі бірден Лаура бейнесін көзге елестетеді. Бұл сырттай ғана ұқсастық емес, ақын және оның сүйіктісінің бір-біріне қатысты тағдыры және оларды бейнелеуі жағынан да ол екеуі туыстасып отырады.


 

Петрарка мен Лаураның өмірлік байланысы жөнінде оның өмірін зерттеушілер мынадай пікір айтады: “1327 жылы 6 сәуірде әулие Клара шіркеуінде Петрарка әлем мәдениеті тарихына Лаура деген атпен кірген әйелді кездестіреді. Шамасы, біз оның кім болғанын ешқашан анықтай алмасақ керек. Бірақ Лаураның өмірде болғанына және шындығында Петрарканың оны сүйгендігене күмәнданудың қажеті жоқ. Бұл махаббат оның бүкіл өміріне серік болды [3.49б.].


 

Енді Жұматай мен Ләйләнің өмірлік байланысы жөнінде ақын жары З.Елғондинованың естелігіне үңілейік: “Жұматай Ләйләмен 1961-62 жылдары Талдықорған қаласында би кешінде ең бірінші рет кездеседі. Талдықорған қаласындағы мал дәрігерлік техникумның жатақханасында би кеші өтіп жатады. Жұматай екі қолын қалтасына салып билеп жатқан жастарға қарап тұрады. Кенет есік ашылып бір топ қыздар мен жігіттер сау етіп кіреді.


 

Ортасындағы жүзі аса нұрлы қыз Жұматайға көз тоқтатып биге шақырады. Ол кезде бокспен айналысып, “жергілікті чемпион” атанып жүрген Жұматай биге шығуды ерсі көреді. Жігіттің өзіне көз тоқтатып қарамай, ілтипатына ілтипатпен жауап бермегеніне намыстанған қыз мойнындағы алқызыл шарфын жұлып алып, Жұматайдың аяғына лақтырып жібереді.


 

– Егер ол менікі болмаса, мен өмір сүрмеймін, – деп орысша сөйлеп, есіктен шыға жөнеледі. Сонда барып есін жиған Жұматай селк ете қалады.


 

Бұл ерте көктем кезі болса керек. Сол күннен бастап Ләйлә Жұматайдың сыртынан бағып, оқ бойы жерден ғана бас изеп амандасып жүреді. Кейін Жұматай Алматыға келіп, КазГУ-дің филфагына оқуға түседі. Жұматай өте сұлу болған. Оған өте көп қыздар ғашық болады.


 

Ләйлә Жұматайды Алматыға да іздеп келеді. Ол келгенде Жұматай бір топ қыздардың жанында тұрады. Ләйлә бата алмайды, алыстан көзімен амандасып өте шығады. Үшінші рет жазда, жазғы демалыс кезінде Жұматайды ауылына іздеп келеді. Онда Жұматайдың шашын алдырып тастап, ат жаратып жүрген кезі екен. Ләйлә Мәскеуде оқып жүрсе керек. Жұматайдың немере інісінен сәлем айтып, келе жатқанын білдіріп, күтіп алсын дейді. Бірақ Жұматай шашын алдырып тастаған кейпінен ұялып, Ләйләны өтіп бара жатқанда тек терезеден ғана көреді. Бар-жоғы үш рет көрген қызға ақын өмір бойы ғашық болады.


 

Петрарка шығармашылығын зерттеген Н.И.Девятайкина мынадай ой айтады: “Ақын Лаураны табиғат аясында көрген сәттерін бақытты кез ретінде жиі бейнелейді. Лаура табиғатпен келісімді байланыста болғаны, оның ең көркем бөлігіне айналғаны сонша-лықты, шөптер, төбелер, шыңдар, жұлдыздар онымен мақтанады және онымен бақытты, донна олардың орта-сында болғанда, оның демі “төбешіктерге, талдарға, шалғынға жан бітіреді” масайраған, шат-шадыман шөптер” оның жүрер жолына төселеді, басқан ізін махаббатпен сақтайды [4.93б.].


 

Жұматайдағы төмендегі шумақтар да Ләйләні табиғатпен астастырып жіберіп тұр:


 

Ешкімге сенен бұрылмай,

Мен сенің нәзік өңіңнен.

Алтынның құйттай нұрындай

Ғажайып бір нәр көріп ем [5.248б.]


 

немесе


 

Жұтқызбаған жұпарын жалбыз едің

Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің,

Кербез күшпен келдің де билеп алдың,

Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін [5.250б.].


 

немесе


 

Алдымнан менің жасыл тау, қызыл таң күлген,

Өспірім күнім, тәуелсіз, тентек шағымда.

Қаратал жақта бетпе-бет келіп қалдым мен

Биқасап киген бетінде мең бар сағымға [5.251б.]


 

немесе


 

Көк сиқырын бүгін бір сәт аймағым

Көрсеткен соң, ұмыттым да қайғы әнін

Кемпірқосақ тұрған тұсты нұсқадым:

“Анау тұрған әпкесі, деп Ләйләнің” [5. 252б.]


 

Италияның ұлы ақыны Петрарка Лаураны өмір бойы сүйген, өмір бойы жырлаған екен. Лаура оған күндіз көшеде келе жатқан кезінде үш рет көзіне елестеген. Ең соңғы рет ол Лаураның табытта жатқанын көрген. Кейін Лаураның дүниеден өткенін естіген соң, көзі ашық көшеде келе жатып, Лаураның табытын көрген күні – Лаураның өлген күні екенін анықтаған.


 

Сол сияқты Жұматай да өмір бойы өзінің идеясына адал болды. Өмір бойы Ләйләні сүйді, Ләйләны жырлады” [6.58б.].


 

Жұматай өмірінде Ләйләға қатысты таңғажайып оқиғалар аз болмаған сияқты. Мәселен, “Айтамын жанның басқа әнін...” деп басталатын өлеңіндегі Ләйләға арнап жазылған өлеңнің отқа тасталған сәтінде “Ләйлә” деген сөздің жанбай қалуының өмірде болған оқиға екенін ақын жары растайды [7.58б.].


 

Жүректен өшпей қалғандай,

Отқа да жанбай қойды атың [5. 259б.], – деп ой түйеді ақын бұл оқиғадан.


 

Ақын мен сүйіктісінің өмірлік байланысы осыншалықты ұқсас болғандықтан оның шығармадағы көрінісі де солай болуы тиіс. “Петрарка өзінің махаббатының өмірде болғандығын баса көрсетті, өйткені Лаура шындығында өмірде болған”, – дейді Р.И.Хлодовский [3.157б.]. Ал Жұматайдың Ләйләға арнаған өлеңдерінде жоғарыдағы З.Елғондинованың естелігінде айтылған өмір шындығының іздері сайрап жатыр және ақын оның өмірде болғандығын айқын көрсеткісі келген ниеті сезіліп отырады. Тек бір айырмашылығы – Петрарканың Лаураға арнаған “Өлең кітабында” (“Книга песен”) “ешқандай оқиға, ешқандай фабула” [3.157б.] болмаса, Жұматай өлеңдері түрлі өмірлік оқиғалардың көрінісі, соның нәтижесі ретінде жазылған.


 

Барлығын саралай келе Ж.Жақыпбаевтың махаббат лирикасынан қазақ поэзиясына тән басты мынандай белгілерді табуға болады:

- Ақын өлеңдерін қабылдау кезіндегі әсерлілік факторлары автордың жеке басына тән психологиялық-дүниетанымдық көзқарасынан, эстетикалық талғамынан туындаған;


 

- Ж.Жақыпбаев өлеңдерінің эстетикалық қуатын арттырушы негізгі факторлардың бірі – оның өлеңдеріндегі философиялық бастаулар;


 

- Белгілі бір өмірлік тұлғаны махаббат лирикасының объектісі етіп алып, оны идеал дәрежесінде жырлау тұрғысынан Ж.Жақыпбаев өлеңдері әрі батыстық, әрі шығыстық поэзиямен туыстасады;


 

- Ж.Жақыпбаев лирикасындағы көркемдік тәсілдер батыстық поэзия өрнектерімен сабақтасса, әуезділік, өлең өлшемі, ырғақ тұрғысынан шығыстық поэзиямен көбірек байланысады;


 

- Ақын туындыларындағы тақырыптық және эмоциялық көпқырлылық – оның суреткерлік шеберлігінің көрінісі;


 

- Ақын өмірбаянына тән аңыздық сипат оның лирикасына деген оқырман ынтасын туғызушы басты фактордың бірі;


 

Белгілі ақын, аудармашы Әуезхан Қодардың тілімен қорытындыласақ: «...мен ол кісінің өлеңдерін алғашқы оқығанымда французша жазылған ба деп қалдым. Өйткені Бодлер, Верлен, Ремболардың декаденттік исі аңқып тұрды. Енді бір оқысам, өмір ләззаты мен махаббат ізетін дәріптейтін шығыс шайыры жазғандай болды. Енді бір қарасам, тегеурінді жыраулық рухы костюмін жарып жіберердей, психогенетикада зерттеле қоймаған тұңғиықтарға жетеледі. Ал егер де әзілсіз айтатын болсақ, мен Жұматайды қазақ поэзиясына тың да соны формалық жетістіктер енгізген, ойнақы интеллектуалдық әкелген советтік дәуірдің провинциализмінен, кең құлаш эпостық дүниетанымын биік мәдениетімен жеңе білген, идиллиядан трагедиялық деңгейге дейін көтерілген лирик – ақын деп түсінемін. Ең ғажабы, ол лирик болғанда, жырау – лирик. Оның ең нәзік сезімдері – жыраулық дәстүрдің айнымас қасиеті елсүйгіштік сезімінен туындайды. [8.65б.]» Жұматай – осы қасиетімен дара.


 

ЖҰМАТАЙДЫҢ АҚЫНДЫҚ ӘЛЕМІНІҢ ЖҰМБАҒЫН ШЕШУ ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ...


 


 

 

 

Падаланған әдебиеттер тізімі


 

1. Бехер И. Любовь моя поэзия. М., 1965.

2. З.Елғондинова «Менің ертегім» Алматы – 2005ж.

3. Хлодовский Р.И. Франческо Петрарка. Поэзия гуманизма. Новосибирск, 1975.

4. Девятайкина Н.И. Мировозрение Петрарки. Этические взгляды. М., 1988.

5. Жақыпбаев Ж. Көктемгі хаттар. А., 1992.

6. Бонецкая Н.К. “Образ автора” как эстетическая катего-рия //Контекст, 1985. Литературно-теоретические иссле-дования. М., 1986.

7. Қазақ елі, 1995, 5 қазан, №15.

8. Ә.Қодар. «Дәуір биігіндегі жаңашыл ақын». Руханият – 2005 ж.


 


 

 

 

 

 

 

Ақмарал Смаилова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар