Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жұматайға арналған жырлар...

30.01.2016 5015

Жұматайға арналған жырлар

Жұматайға арналған жырлар - adebiportal.kz

Жұматай Жақыпбаев

Гүлнәр САЛЫҚБАЙ


Жұматай Жақыпбаевқа


1


Қаңтарылды ай,
Қалды жұтап жер мүлде,
Қаңырадық, қаралы әуен жамылып.
Жерден көкке жұлдыз ұшты,
Көрдің бе?
Бақа біткен аузын ашты аңырып.
Жоқтайды әлі жердің беті, өлі де,
Оның сәби сезіміне ашығып.
Ақын қайтты аспандағы еліне,
Асықпайтын жүрісімен асығып.
Бақыт жайлы басталмай ән шынайы.
Бақшалардың басылмай тұр солығы.
Жылылықтың, сұлулықтың құдайы –
Енді ешқашан толмайтұғын орыны.
…Қала.
Қара.
Көмір жолдар өкпелі,
Мұң шақпайсың ешбір жанға ұғар деп.
Жұлдыздарға қарай берем көктегі,
Жұмағамның жолдастары шығар деп…


2


Ғарыш жақтан бұйырмады маған дәм,
«Қағанатың» қалды қирап төменде.
Сіздей ақын тумайды енді адамнан
Сіздей Аға болмайды енді өлеңде…
Алматыда «нояндарың» адасып,
Ал адамдар арман қуып жүр әлі.
Бір құдырет қолын бұлғап, жаны ашып,
Сізге қарай тартады да тұрады.
Жоғарыдан жымиясыз -
Жайлы өңді…
Ләйлә өмірді, жирен атты сүйесіз.
Сіз бен біздей жақсы аға-іні қайда енді,
Ақындардың патшалығы – иесіз…



Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ


Жұматай Жақыпбаевқа


«Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде…»
Шаршады айтып нәзік, тілсіз арманын,
Кещелерден көңілінің қалғанын.
Көктемеде көк төбеде көрінер
Қызғалдақтың талғамындай талғамың.
Момын мұңың мұра болды маған да,
Жиырма жаста – жалындайтын шамамда.
Бір аруды білдім мен де Ләйләм деп…
…Ғарыш жаққа, аға, мен де барам ба?..
Онда барсам, оранып ап ақ нұрмен,
Шырайлы өлең оқыр ек-ау шат түрмен.
…Жырыңды оқып нәзіктеніп, бойымнан
Баға жетпес бір қазына таптым мен.
Сен жұлдыздан бір жымиыс төгер күн
Мейірімге байыр, сірә, көбі елдің!
Арзанға мәз, ақымақтау мына әлем
Садағасы саған біткен өлеңнің.
Көп кещені кешіріммен мүсіркеп,
Ерем саған, сәулеңді, аға, түсір тек.
Саған тарттым: қыжыл сақтар қырт емен,
Мәңгі тырнап өтетұғын ішін кек.
Айтып жатыр нәзік, тілсіз арманын,
Кещелерден көңілінің қалғанын.
Көктемеде көк төбеде көрінер
Қызғалдақтың талғамындай талғамым…



Әділ БОТПАНОВ

Реквием емес

(Жұматай Жақыпбаевтың аруағына)


Ертеректе,
Тәңірінен бір үзік мұң ұрлап алып ол деген,
Дауасы жоқ дәруіштер салып кеткен жолменен,
Аулақ қашып атаққұмар елден тым,
Үнсіздіктің құшағына енген-тін.
Сонан кейін,
Тіршілікті талақ етіп жары сор да, жары бақ.
Қаламсабын қара түнге малып ап,
Кещелерге кектенем деп несіне,
Өлең жазды ай-арудың төсіне.
Сөйтіп жүріп,
Әлде жасқа, әлде нұрға толды-дағы кірпігі,
Жұлдыздарға жыр оқуға кетіп қалды бір күні.
Қағанаты қалып қойды иесіз,
Қара өлеңі қалып қойды киесіз.
Ал біз болсақ,
Ойдым-ойдым ой қатпары толған мұң,
Ойбайы да ойлы болған сол жанның,
Құлпытасын қайта-қайта аймалап,
Үлкен мұңын ұрлап кеттік майдалап,
Бетсізбіз ғой..


Тұрсын ЖҰМАШ


Қайран аға


(Жұматай Жақыпбаевқа)


Ғұмыр бойы шаршап күткен таңы атпай,
Өкініші алды-артына қаратпай…
Ғарыш жаққа кетіп қалды Жұматай,
Көпшіл еді, міншіл орта жаратпай.
Өлеңшінің қайғысы кем, басы аман,
Жұматайлар ұнамайды аса оған…
Бір әдемі Ақын ұшып барады,
Ақын да бір періште ғой, Жасаған.
Бүгінінен қызық еді-ау ертеңі,
Жетімсіреп Зайда бір күй шертеді,
Ғарыш жақтан күлімсіреп тұр ақын,
Бізге жұмбақ, аруларға ертегі.
Көзімде жас, көңілімде нала-мұң,
Кереметі жарқ етті ғой даланың.
Түнде ғажап түс көрдім мен, түсімде
Алатауға қарай кетіп барамын…



Есенқұл ЖАҚЫПБЕКОВ


Жақыпбаев Жұматайдың тұсында


“…Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана…”

Ж. Жақыпбаев

Өзін жоқсың, ал Жұм-Аға, не істейміз?
Шарап деген шарап еді-ау, Сіз барда.
Ару деген аты дардай көп қой қыз,
Ләйлә деген шен тағатын қыз бар ма?
Сенуші едік қалтаға емес, дарынға,
Ғашық едік бәріміз бір аруға,
Жақыпбаев Жұматайдың барында.
Келуші едік, сен отырсаң үндемей,
«Қаламгердің» ат ақырдай барында.
Жүргендей боп жәннаттың гүл бағында,
Сенің ғана жүруші едік маңында.
Балдай шарап…
Сұлу қыздар…
Көл, һауыз…
Өзімізді сезінуші ек сонда біз,
Отырғандай Омар Һайям жанында.
Мынау бөтен,
Мынау жас деп жасқамай,
Өзі де өлең жазатұғын патшадай,
Сен отырдың поэзия тағында.
Патша тұрмақ, бақытты еді әттең-ай,
Мына мендей зыр жүгірген жас малай,
Жақыпбаев Жұматайдың шағында.
Енді міне…
«Аға» деген айдармен,
Төрде отырып қазы-қарта кертеміз.
Соқыр қойдай жайылған көп қойлармен,
Тоқ боп жүру тозақ екен сенсеңіз.
Көп қойлармен көкке тойып,
Қырды асып,
Көппен бірге бір соқыр қой жүргендей.
Сізді көрдім дегенім де бір бақыт,
Дүниеден өткенімше дым көрмей.
Ертегі айтқан Шаһризадай мың бір түн,
Ләйләңа да қосылар ма ең, кім білсін,
Соған әттең… сәл-пәл қалдың үлгермей.
Бұл заманның іше алмайсың сырасын,
Шомылғым да келмейді онша ғұсылға.
Ұзынағаштың ең шетінде тұратын,
Бұл өмірде болды, кетті бір ақын,
Жақыпбаев Жұматайдың тұсында…





Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар