Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жұмекен Нәжімеденов. Қайғысызға, қанша оқысын, жат...

28.11.2023 10916

Жұмекен Нәжімеденов. Қайғысызға, қанша оқысын, жатталма

Жұмекен Нәжімеденов. Қайғысызға, қанша оқысын, жатталма - adebiportal.kz

***

Қоңыр дәптер,
ойларымды жаныма батқан кілең,
саған айтам, өзгелер мақтанды дер.
Адаммын ғой, мен сейф емеспін деп
сенен өзге айтпайын мен ешкімге.

Қоңыр айдын, қазымды қомсынсаң ал
ойларымның аққуы қонсын саған.
Аққуымның, ырғалшы, түртіп төсін,
бірақ біреу оқ атып үркітпесін.

Қарекетім, тірлігім күндізгі ұсақ
түнде жыр боп жансыншы жұлдыз құсап.
Жұлдызымның жанарын жерге төнер,
қоңыр айдын, тербей бер, тербете бер.

Түскен шақта алыс бір кеш бұлдырап,
қоңыр айдын, мен сені кештім жылап.
Төңкерілген үстіңе аспанымды
сенен өзге көрмесін ешкім бірақ.

***

Бір күй шертем деп едім – шерте алмадым,
енді маған ақылдың бер тарланын.
Күй алғалы көп болды көңілімді,
жүрегімді көп болды өрт алғалы.

Бір сөз айтам деп едім – айта алмадым,
бұзау болды тұлпармен қайтарғаным.
Жауырына ер батқан кербестідей
Қайқаңдадым, әйтеуір, қайқаңдадым.

Түбі шертем деп келем күйімді мен,
образбен ойымды киіндірем,
Кеуде шіркін табыттан табылғанша,
табылғанша жинағым үйіндіден.

***

Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді,
бір тазартып алайын көңілімді.
Жалаңаштап жанымды көрейінші
Жетпей жатқан жерімді, не мінімді;
төкші, төкші, домбыра, қоңыр үнді.

Жалаңаштап көрейін бәрін, бәрін,
қанша менің, байқайын, халім барын.
Өңменімді өзімнің тексермеп ем
өлеңімнің мінінен арылғалы,
көрейінші тәптіштеп бәрін, бәрін.

Болды ма екен көкірек қойма-мекен
қарау пиғыл, қаралау ойға бөтен.
Көрейінші саралап: менің ішім
кім-кімдерге жамандық ойлады екен,
болды ма екен көр-жерге қойма-мекен.

Төкші, төкші, домбыра, қоңыр үңді,
Жеңісімді, көрейін не мінімді.
Қандай, қандай дыбыстар шығар екен –
бір балқытып көрейін көңілімді.

Бәрін, бәрін өзімнен бастайыншы,
бата берші, Адалдық, ас қайыршы.
Арам болса жүректі тасқа ұрайын,
жарылсын ол бір тамшы жастай ыршып,
сүйтіп бәрін өзімнен бастайыншы!

***

Қоңыр жырым бар еді, кешкіғұрым
мәз боп оқыр ақын ем ескі жырын –
қолға алып ем, көк аспан бетіндегі
іріп кетті қоңыр бұлт секілденіп.

Бала қазым бар еді көлде момын,
көрмегенім жақсы еді, келмегенім:
бұғып жатқан бір жауыз мылтық атты –
қоңыр қаздың мамығын бұрқыратты.

Бұдан артық жаныңа батырар кім,
сәл шыдай тұр, мен де бір қатырармын:
Қоңыр қаздың мамығын жастық етіп,
қоңыр-қоңыр ой ойлап жатып алдым…

***

Көкейінің бір сырын кім бүкпеген,
бүгіп жүрмін бір сырды күндікке мен.
Мың парағым ашылып жатса дағы,
бір парағым жанымда жүр бүктеген.

Көлеңкелеу, көбіксіз жыр жырладым,
кейде ауырлау қиысып жүрді ырғағым.
Ашылмай жүр әлі де бір бұлағым,
шешілмей жүр сондықтан бір жұмбағым.

Құпиясындай құпиям шың астының,
көрсем дейсің соны да бір аштырып.
Момындығым бүркейді мінімді көп,
жалынымды жасырды жуастығым.

Ойларымның көрсетсем биіктігін
оқымас ең сен мені сүйіп бүгін.
Шыңым емес, бұлттарым қызық саған,
қызықтырған сені осы тұйықтығым…

***

Бұл таудың шыңдарының бәрі мықты,
мықтылық бәрін бірдей кәрі ғыпты.
Шоқалдар шың болудан әлі үмітті
шыдамай қызғанышқа жарылып тұр.

Тірлікте тартыс аздай басқа тіпті,
тамырға да тартысты бастатыпты.
Өлісіп өсіпті анау шырша, қайың,
тістесіп бір-бірімен тас қатыпты.

Онсыз да қызғыш отын үрлеп күнде
әз-әзіл самал есіп тұрды екпіндеп.
Төбелер түймедей боп семіп қапты
алыстағы асқарды күндеп-күндеп.

Өтердей жалғыз досым қыл үстімен,
кенеттен... ала алмадым тынысты мен:
бір сойқан болар деймін шың-аралық
сай жақтан келіп қалды жымысқы жол…

***

Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге,
танысқанмын дәрінің бәрімен де.
Дала деген докторға көрінейін,
емделейін одан да барып елге.

Ұсақ-түйек ауруға шыдап денем,
шыдамыммен талайға ұнап келем.
Дала деген докторға көрінейін,
профессор емдесін шұбат деген.

Мені емдейді, емдесін өлең мейлі,
ауыл барсам асау қан төмендейді.
Мені емдейді шырылы боз торғайдың,
қурайлардың ызыңы мені емдейді.

Елде ғана айығам, арыла алам,
сырқауымнан еш дәрі дарымаған.
Маған дәрі бір жұтым құм самалы,
құдық суы бір қауға дәрі маған.

Уколыңды қоя тұр жаңа мына,
ылай салма қан тамыр-каналыма.
Қошалағым дайындап қойды уколын –
ақтікеннің шөңгесін табаныма.

Жұмсамаңдар, достарым, дәрігерге,
елге жетер қуат бар әлі менде.
Дала деген тәуіпке көрінейін,
емделейін тағы да барып елге.

***

Түрленбеші, түрленбе, түрленбе, өлең,
жұрт мақтамас түрленіп жүргенменен.
Бір сонеттің үш жолы секілденіп,
отырмыз ғой үш жыршы бір бөлмеде.

Үшеуміз де жазған соң сылқым жыр көп,
бірімізді-біріміз түрту міндет.
Секілдіміз үшеуміз үш қара шың
бір-бірінің жататын бұлтын күндеп.

Үшеуміз де ұлы ақын, ұлы кеуде –
ұнамайды ешкімнің жыры кейде.
Тірі Пушкин біріміз, ал біріміз
тірі Данте, біріміз тірі Гейне.

Әзілдейді жұрт бізді: «үш ұлы ақын...»
ұлы десе несі бар қысылатын?!
Екшеп айтар еріңнен, жанымызға
ойнаса да мақтаған кісі жақын.

Бірімізді біріміз, ей, бөсіңіз:
мақтаймыз-ау жата ғап кейде осы біз.
Сондай кезде есіктен енген адам,
тірі классиктермен сөйлесіңіз!

Іштен үш ем туғандай, іштен егіз,
айтылмаған қалмайды ештеңеміз.
Үш бөлеміз әлемнің даналығын,
«жартыны да» тең етіп үш бөлеміз.

Содан кейін... үш парақ аламыз да
ұлылар боп қараймыз даламызға.
Үш қара шың бола ғап түйілеміз
ұлы деген бір сөзге бола мұздап.

Қиялдайды, бас байғұс қиялдайды,
төбе жайлы, су жайлы, қияқ жайлы.
...Ұлы ақындар жазса да өлең бірақ
жаман болып тууға ұялмайды!

***

Сөз еттің-ау Пушкинді тағы маған,
өзге жұрттың дейсің ғой бәрі надан.
Талант күші – табыну болса шын-ақ,
бір кісідей мен де осы табына алам.

Болса ақынға табыну құрмет тегі, –
бір кісідей табындым, дірдектедім.
Түсінсеңші, ойбай-ау, түсінсеңші
Мен Пушкин болмайын деп жүр деп пе едің?

Толстойдан бір цитат суырасың,
Лермонтовтан бір цитат суырасың.
цитатыңның шығып тұр әзір буы,
не істейсің сол цитаттар суығасын?!

Цитат тапсаң, не себеп, мені ұрасың,
Пушкин-таудан кесек ап мені ұрасың.
Лермонтовтың кетпесін әруағы атып
Толстойдың қалмасын томы басып!

Күлегешке ұнаймын зар илесем,
қайғылының жанына және үйлесем.
Бірақ Пушкин емеспім бәріңе аян,
Белинский емессің, әрине, сен.

Қуқылдана, соғасың құшырлана, –
сәбисің-ау, жарған ба тісің жаңа.
Ұлы ақындар, сеніңше, өлген сын-ды
тірі ақынды мұқату үшін ғана.

Мезгілім аз қайтпаған, жасымаған,
ал түңілген кездерім басым одан.
Мазалама Пушкинді,
менің үшін
жетіп жатыр өзімнің Қасым ағам.

***

Білем: бұл саған айтар сыр емесін,
қоймайды айт деп бірақ жүрек осы.
Аң қусам – қуар болдым ақсағанын,
қыз қусам – қуар болдым күлегешін.

Қалжыңнан қашу үшін күн ілгері
аға деп атайды қыз бүгін мені.
Шаппады қосқан атым құдай атып,
түйіліп түскен құсым түк ілмеді.

Жүйріктің аяғы жоқ – жүгірмедім,
көңілі ғана қалды – түңілмедім.
Қазықта қалдым бүгін, елеңдетті
алыста шапқан аттың дүбірлері.

Баяғы жыр ауруы алды меңдеп,
жатырмын жырды баптап, жанды үнемдеп.
Басымнан ұшып "бағы" жігіттіктің,
"беделі" ағалықтың қалды менде…

***

Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар,
алғаш рет сілтенген ақ сойылдар!
Алғашқы қол, жат қалтаны ақтарған,
алғашқы адам барымтаға аттанған,
сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар!

Алғаш рет бір жалт еткен көк алмас,
сенің салған ізің мәңгі жоғалмас.
Лағнат саған, қылыш алғаш бас кескен,
лағнат саған, аңға тиген, оқ, алғаш!

Жауыздықты үздік талай қауыз ғып,
жауыздықты бұздық талай ауыз ғып.
Жауыздарда бас болмайды, мойын бар –
қырқамын деп қызықпай-ақ қойыңдар!

Алғашқы оқ дарымаса тағы аңға,
қатер-қауіп болмас еді адамға.
Балағыңда кетпес еді тісі иттің,
жаудың қолы кетпес еді жағаңда.

Айып етпе, Алғашқылар, күнде өстіп
мазаңды алса маған біткен білместік.
Сендер тартқан көкпарды әлі тартамыз,
барымтаның біз де атына мінгестік.

Сендер, сендер ақталмай-ақ қойыңдар,
алғаш рет сілтенген ақ сойылдар!
Алғашқы адам, барымтаға аттанған,
алғашқы адам, арыз жазып мақтанған,
сендер де енді ақталмай-ақ қойыңдар!

***

Көп болды ғой мен кеткелі,
өткен күн,
өткен күнге көп болды ғой деп болдым.
Қошалақты қыстайтұғын қара шал,
саған сәлем бермегелі көп болды.

Туған ауыл мен кеткелі көп болды,
сағынышым шөлдеткелі көп болды.
Иір-иір бармағынан шалдардың
ет асамай кеткеніме көп болды.

Көп болды ғой...
секілденіп леп белгі
Қырға шығып тұрмағалы көп болды.
Қызды ауылдың қызығына кешқұрым
ат байламай кеткеніме көп болды.

...Енді барсам құрдастармен белдесіп,
жүгірер ем жалаң аяқ шөл кешіп.
Содан кейін... көлеңкеге отырып
табанымның алар едім шөңгесін…

***

Бір бүйірде қызса деп ем өлеңім,
бір ұйқыны бұзса деп ем өлеңім.
Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім,
ақымақты ойландырсам деп едім.

Қарсы біткен түк сықылды мақпалға,
ажарыңды бұздым жанға батқанда,
ей, өлеңім,
қараулардан алыс бол,
қайғысызға, қанша оқысын, жатталма!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар