Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Жұмекен Нәжімеденов. Өлеңге қатысты сөз...

30.01.2019 6743

Жұмекен Нәжімеденов. Өлеңге қатысты сөз

Жұмекен Нәжімеденов. Өлеңге қатысты сөз - adebiportal.kz

Талант па, талапкер ме? Мұны әп дегеннен айыра қою да қиын болар. Әйткенмен, теңіздің тамшысынан да, бәрібір теңіз иісі шығары хақ. Қайткен күнде де бұрын аты аз аталған автор шығармасына кім-кімнің де алдымен ұмтылары аян. Осындай халде жыл сайын баспалардан ондап-отыздап шығып жатқан жыр жинақтарының әрқайсысына бір жалтақтап, ақтара, аудара жүріп жаныңа жаңа бір азық іздейсің. Мұндайда адамның азға қанағат етері де заңды нәрсе. Бірақ жалғыз сәтке болса да көңілің сергіп, жаның жайлау табады. Өзгенің еңбегіне қанағат тұту, соған қызығу арқылы өзіңді-өзің қамшылайсың. Әрбір жаңа тіркес, ой, образ қиялды қозғап, ойды оятады. Оқушыға осылай әсер еткен жас, жаңа ақындарды қадағалап, қуып оқу аз. Ара-тұра болса да ақыл-кеңес айтып қою ләзім секілді.

Кешеден бері көкейін ойын тескендей,
Бес жауын өтті құйынға мінген бес көлдей,
Бесінде атты арқандап едім шалғынға,
Малшынып келдім гүл өскен дария кешкендей.

Қалған жоқ үйдің малмандай болмай бір түгі,

Тырсылдап шықты туырлықтың да жыртығы.
Дүрліге жөңкіп түнімен достың отары
Саңқылдап шықты қара ауыз ит пен мылтығы.
(«Суықтөбе»)

Жұматай Жақыпбаев

Бұл – Жұматай Жақыпбаевтың жыр-шумақтары. Осы үзіндіден-ақ автордың – ақын екені көрініп қалды. Осы тамшыдан-ақ теңіз иісі аңқып кетті. Әсіресе, «бес жауын өтті құйынға мінген бес көлдей» дегені әдемі-ақ. Тек «кешеден бері көкейін ойын тескендей» деген жолда бір кірбің бар. Әрине, түсінуге болады. Көкейін ойын тескен – жауын ғой? Неге екені белгісіз, осы жол оқушыға бір түрлі: басқа бір шумақтан (ұйқасы келіп тұрғанмен) келген жол сынды әсер етеді. Әлгі сынды бірер жол – мін-кемшілік саналып, дабырайтуға татымайды. Әрі қарай:

Итмұрын шауып, иектен тері тамшылап,
Қара ауыз иті құйрығын бұлғай қаңсылап.
Отынын теңдеп малшы да келген бұл суға,
Имиіп кеткен ит мініп ирек қамшылап.

Маңыраманы маңына қарай айдатып,

Жолаушылардың аттарын тасқа байлатып,
Сиқырлы қазан секілді жатыр бұл қайнар,
Алтын кебектей ақ сары құмды қайнатып.

Бұрқылдап жатыр, басына жастап шырқау қыр,

Бабаларымның бабасын көрген бір тал нұр.
Бел омыртқасы темір пенде де бас исін,
Әулие болсаң мөлдірлігіңе іңкәр қыл.
(«Көш жолы. Қайнар»).

Әдемі-ақ. Бірінші шумақта «и» дыбысынан басталатын алты сөз бар. Соның біреуінің орынын, не біреуін басқа сөзбен алмастырса – шумақ шашылып қалатын тәрізді. Дыбыс қуу ма? Мүмкін. Бірақ одан мазмұнға нұқсан келіп тұрған жоқ. Қайта шумақ әлгіндей тіркес-үйлесімдердің арқасында келісті көркемдік тапқан. Поэзияда дыбыстың атқарар қызметі де, әрине, шектен шықпаған жағдайда, зор дейтініміз сондықтан. Поэзияның ескі, бірақ ескірмейтін қағидасы. Бұқар мен Махамбет те сол қағиданы ұстанған. Жұматай да ұстанып отыр. Махамбет: «Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» дейді. Немене, мөңіреу үшін өгіз міндетті түрде ала болуы керек пе? Мұндайды аллитерация, ассонанс деген терминдермен мектеп оқулығы да әлдеқашан бекітіп қойған. Махамбет сынды төкпе жыршыларға «адырна мен ала өгіз» жарасып тұр. Ақынның өз заманының рухы сол. Ал бүгінгі отыз алты жасар Жұматайдың: «Маңыраманы маңына қарай айдатыбы» қалай естіледі? «...Сылдыраманың ар жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр» дегендегі маңырама ғой бұл?
Ала-көлең аршалы таудың қабағы,
Аспанмен жөңкіп сұр бауыр аппақ жабағы –
Бұйра шыңдардың етімен қара көлеңке
Сорғышқа құйған сияша жылжып барады.

(«Ойсазда»)

Соңғы жолы қандай жақсы! Мұнда нағыз суреткердің жіті жанары тұр. Көзге бірден шалынады. Суреткер демекші, Оспанхан Әубәкіровтың ертеректе жазылған мына бір шумағындағы бейне көз алдымыздан кетпейді:

Шіркін-ай,
Жеңешемнің кірпігі-ай:
Бояғаны соншама
Әрбір талы жанып біткен шырпыдай.

Өлеңдегі сайқымазақтық рухты былай қойғанда, косметика кабинетінен жаңа шыққан кербез келіншектің кірпігін бұдан артық қалай «мақтайсыз»...

Жұматайға оралайық:

Жандарға дос та, дұшпан да болған,

Құмар да болған, құштар да болған,
Көзімнен бұлбұл ұшқанда арман,
Иттен де қалған, құстан да қалған
Көңілім менің, көңілім.

Кетсем де кейде күйіктен қаңғып,

Үміткер едің биіктен барлық.
Жақсылық айтар адамға құрбан,
Жомарт та қылған, сараң да қылған
Көңілім менің, көңілім.

«Сүгір күйінің әсерінен» туды делінген осы шумақтарда не бар? Әсем сөздердің жақсы ақынның қолымен қаланған қаңқасы ғана. Иә, қып-қызыл қызыл сөз.

Шеберлік атаулының өлшемді керек етері рас. Ж. Жақыпбаев – шебер ақын. Әсіресе, сөздің дәмін, иісін жақсы сезеді, әр жолын ұқыпты құрастырады. Бірақ сөз астарға, мағынаға ие болғанда ғана – үлкен күш алады. Өлең – сөзден жасалғанымен, сөзден биік тұрады дейтініміздің мәні осы. Сөздің сыртқы ажарын, бояуын тап басып танып, таңдап алу да – оңай шаруа емес. Бірақ ылғи да бетінің қызылы бар сөздерді қуып теру түбі жасандылыққа апармай қоймайды. Көкірек дүмпуінен атылып шықса – ажарсыз сөз де құдірет. Стихиялық бастаудың көзін қолдан бітемеу керек.
Жұматайдың әр сөзі көненің көзі сықылды, көңілді елеңдетеді. Ақын – бармағының сиқыры бар ұста. Оның өлеңдерін оқығанда көз алдыңызға: он жетінші ғасырдағы қайыңның безінен жасалған қымыз-ожаудың түбіне жіңішке, болат бізбен әлденендей өрнектер салып отырған әккі шебер елестейді. Сол өрнекті жиырмасыншы ғасырдың, арзан да болса, тұрмыста бар ыдыстарының біріне салса – ол өнер өнер болудан қала ма? Әрине жоқ. Мұндай пікірді айтқызып отырған Жақыпбаевтың өзі.

Алдынан сөре, артынан қиқу таялса,

Бұзаутіс қамшы бұтынан шақса шаянша,
Құлажирен ат құйқылжып барып баянша
Құла бір дөңнен құйылар еді қоянша.
(«Құлажирен»).

Немесе:

Қолымда жүген, қой салған сүрлеу ізбенен
алаяқ атты алқына басып іздегем.
(Аты жоқ өлең).

Немесе:

Жирен тұлпар іштен туа қасқа бас,
Молда мінсе дұғасынан тастамас.
Бермейтін-ақ атым еді, қайтейін,
Бес моторлы самолетке баспа-бас...

Бес моторлы самолетіне рақмет! Әр қарай:

Таңда өзі ашып тақтай қақпа есігін,
Шыбынға да тигізбейтін кесірін.
Жабайы аттай (?) жатағандау болғасын
Кенежирен қойып едім есімін.
(«Кенежирен кеткенде»).

«Құлагерін» жоқтап, зарлаған Ақан сері сияқты емес пе?!

Жұматайдың қасына тағы бір талантты жас қосылды. Ол – Есенғали Раушанов.
Есенғали Раушанов
Есімде, бәрі есімде,
Көлдер де, самал желдер де,
«Бестөбе» жақтан бесінде
Келелі түйе келгенде...

Желінқап тартқан інгендер

Ботасын іздеп боздайтын.
Түтіндік салған түндерде
Түйекеш бір сыр қозғайтын...

Сары үлек гәптің басы еді,

Соңы да осы бар уақ,
Сары үлек – оның Әселі,
Сары үлек – қолдар аруақ.

Құтыртып әзіл-оспақты,

Салатын күй ғып ысқыра:
Қайыта барып қоспақты
Қайта алмай қалған тұсты да.
(«Бастау» жинағы).

Ақынның қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Тұма суы сықылды, мөп-мөлдір. Жас ақынның алғашқы кітаптың өзінде-ақ қалыптасып, буыны бекіп қалғаны байқалады. Иә, осылай сөйлеу, жас өнерпаз жөнінде сөз қозғалса буыны қатты, қатпады деп бағалау әдетке айналған, әйтпесе, жас ақын, қарт ақын деген ұғым жоқ, ақын ғана бар. Уақыт, жылдар – тұрмыстың, өмірдің ой-шұқырын танып білу үшін керек шығар, ал өлең ұйқастыру үшін сақалдың ақ болуы шарт емес. Есенғали тұрмысты да жақсы біліп, танып үлгіріпті.

Құла тай үзіп шылбырын,
Құдағи сасып жүгірді:
Құнан боп қапты-ау құрғырың,
Құданың аулы «бүлінді».

Бүлігін сосын өршітіп,

Құлатай үйірге ұмтылды,
Керзі етікпенен жер шұқып
Ер жетіп қалған ұл тұрды.

Қандай әсерлі, қандай нәзік! Әсіресе, Құла тайдың тентектігі туралы жырдың соңғы жағы сұлу қызға айналған тұста ақын арқалана түседі:

Қырғыздан келген қыл шылбыр,
Сырғызған жабу – ол дайын.
Жас дәурен, сен де жырсың бір,
Қай мақамменен толғайын?
Шағыр бураның шудасын
Ширатып алып бөстектен,
Шеребеменен жуғасын
Шежімдеп тұсау еспеп пе ең?!.

Тұманды сайға ап барып

Тұсауды құнан жоғалтты,
Іздеген болдық – таппадық,
Таптадық жасыл қолатты.
Тұңғиық көзді тұнық қыз
Отыр ғой, міне, өмір-ау.
Тұсауды іздеп жүріп біз
Тұсалып қалған едік-ау.

Рас, шынайы жыр. Кім-кімді де иландыра алады. Көркем сөздің күш-қуаты деген осы: парасат-білік пен шешімнің шеберлігі ой-қиялды қозғамай қоймайды. Өмірдің титтей ғана эпизоды, юмор да, мұң да бар, өлең өкініш формасында аяқталғанымен – кермек ештеңе жоқ. Е. Раушановтың «жылқы жануар» жөнінде тағы бір өлеңінен үзінді келтіре кету мақұл.

Күміс жалын құшайын

Күйкі-мұңнан арыла.
Зымырандай ұшайын
Зауал ауа тағы да.
Бедеу құмдар безеріп
Жата берсін жолымда.
Шаршатты ғой сөз еріп,
Шаң қалсыншы соңымда...
Ортақ емес бір көрме,
Қоспа кілең шобырға,
...Бөлек шаба білгенге
Бөлек болсын орын да.

Жылқы десе, әсіресе, сәйгүлік ат десе, құлағы елең қақпайтын қазақ жоқ. Тұрмыс қалпы солай, қан солай. Жақсы ат жайлы жыр әрқайсымыздың-ақ делебемізді қоздырады. Мына алынған үзінді де кісі сөгетін шумақтар емес. «Бөлек шаба білгенге бөлек болсын орын да» деген түйін өте орынды. Дұрыс талап. Өнерпаздың, өнердің талабы ежелден солай болған. Әттең, «зымыран» дегені не? Ескі жыр-хиссалардан «зымыран деген бір құс бар» дегенді естіген ек. Егер сол құс болса – ол біздің көрмеген құсымыз. Көрмеген құсымыздың қалай ұшатынын да білмейміз ғой.

Есенғали түйе тұрмысын жақсы біледі, соны жырға қосады.

Жабуын Ойсылқараның

Жазы кеп алмастырады...

Немесе:

Күркіреп бұлттар желер әрлі-берлі
Жараған жазғытұрым буралардай.
(Бура –қыста қаңтарда жаранады).

Немесе:

Інгеннің сан шудасы секілденіп,
Ұйысқан шалғыныма бір аунайтын, –

деп те;

Қара нардың қазығында
Қара бота айналады, –

деп те;

Түс түйе боп енеден туған ірі,
Желкілдейді желкеде шуда жүні,
Шайыры ағып, аузынан көбігі атып,
Жатқызбайды күні-түні буралығы, –

деп те айта алады ақын. Міне, сізге «Жылқы-нәмә», «Түйе-нәмә»!

Халқымыз малсақ халық. Аман-сауының өзінде: «мал-жан аман ба» деп, «малды» «жаннан» бұрын сұрайды. Мұның бәрін тұрмыс туғызған. Өзіміз әлі күнге пәтерлеріне ит ұстап, балаларымен бірдей асыраған қалалықтар тірлігін ерсі көреміз. Ал күні кеше малды, әсіресе, жас төлді екінің бірі үйінде ұстады. Бұл да тұрмысқа байланысты еді. Қазір ше? Қазір мал, тіпті, қазақтың тұрмысынан да алыстап барады. Төлін үйге алу былай қап, көп жер мал саумайтын халге ұшырады. Меншікті малдары бола тұра, көп әйел сиыр емес, консерві «сауады». Жылқы-түйелері бас білмейді, шетінен жабайы-тағы. Сатса пұл болатынын біліп алған жұрт малдарын асфальт жолдан аулағыраққа айдайды, бақпайды, бақтырады. Кей аудандарда соғымдарын аң құсатып атып ұстайды дегенді талайымыз естіп жүрміз. Тоқшылық та! Міне, біздің бүгінгі мал бағу, сауу... жем де сұрамайды. Иін – бүтін, қол – таза.
Теңіз ауданының Қызылоба деген ауылында май зауыты бар. Зауыт жусанды қоңыр төбенің басында. Арқа-батысы – бұрынғы көл табаны, сай. Сол сайдың түбі – әппақ. Бұл не дегенімізде, ауыл азаматтары: «Маслопромның сүті ғой» деп, теріс айналғандары бар. Сөйтсе, зауыт майын алып ап, сүтті жерге төгеді екен. Қолға, жемге үйренген бірер сиыр-сыбыр болмаса – көк сүтті мал ішпейді десті. Міне, сізге мәселе!
Біз сегіз - он жасымыздан еңбекке араластық. Еңбеккүнге айран жазатын. Майды ол кезде де айырып жүрді. Көк сүттен ұйытқан айранды ұжымшар басшыларының қағазымен бөлуші еді. Тостағанға құйып қолымызға ұстатқанда, абайламай, бірер ұрттамын төгіп алсақ, шешелеріміз: «көзің ағарғыр!» деп қарғайтын... Бүгінгі май зауыты жанында әлгіндей ысырапты көргенде: «көзің ағарғырды» кімге айтарыңды білмей күйеді екенсің! Біздің замандастарымыздың поэзияға: «Бала бола алмадық, өтсек екен әке боп», (Қ. Мырзалиев)– деген тілекпен келгені сондықтан. Біз балаларымыздың «бала да, әке де» бола алуын қалаймыз!
Жоғарыда келтірілген шумақтар жақсы ақындардың жақсы өлеңдерінен алынды. Кез келген таланттың әр тырнағы астынан кір іздеп кіржіңдейтін кіділігіміз жоқ. Жұматай мен Есенғалиға жылқы-түйені жырлама да демейміз. Жырла, бірақ қалай жырлау керек, қандай мән-мағына, қай түстен астар сала жырлау керек, қазіргі ауыл тұрмысы Сіздің жазғандарыңызды өтірікке шығарып қоймай ма? Әңгіме осында болып отыр. Әрбір топтамада, жыр жинағында, тіпті екі-үш жылқы, екі-үш түйе жүрсе – сөз басқа. Жұматай мен Есенғали секілді қабілетті ақындардың ат пен түйе бүкіл образдық жүйелеріне айналар болса, және сол жануарлар ұлттық түр-бояу ғана емес, бүгінгі ауылдың көрініс-сипаты ретінде, әрбір үш өлеңнің бірінде қайталана берсе – қынжылмай қалу қиын.

Бесінде атты арқандап едім шалғынға,–

немесе:

Қара нардың қазығында
Қара бота айналады,–

дегендердің қазіргі қазақ даласы үшін типтік жайлар емес екенін, әрі мұндай жолдардың тек сырттай ғана қызықтау, Сұлтанмахмұтша айтқанда: «біздерде мынандай бар, мынандай бар» тәріздес жәйттер екенін жігіттер түсінер деп ойлаймыз.

Ұлықбек Есдәулетов мал туралы былай жырлайды:
Ұранқай үйдей маяның
Іргесін үңгіп жепті мал,
Хайуанға берсең қалауын
Дүниені түгел жеп тынар.
(«Алтайдың алтын тамыры» кітабы).

Ұлықбек Есдәулет

Мұнда ешқандай арзан елігу, экзотика жоқ. Өмірдің өзі сынды қарапайым. Әрі қатал. Еліктеу, солықтаудан ада, әдемілікпен әсер етем деген арзан пиғылдан сау. Ащы-ақ, бірақ шындық. Расында, дүниенің бәрін қарынымен өлшейтін, тек қарынымен ғана түсінетін хайуандар аз ба? Ұлықбектің тақырып ауқымы да кең. Егер кеңдік дегенді географиялық картамен өлшесек, ол – Алтайдан Сантьягоға дейін созылады:

Есіл ер,
Біздің Чилиде
Адал болу оңай ма?
Қиын ба?
(«Чили азаматтарының сөзі»).

Міне, бұл сұрақ. Сұрақтың көкесі.

Сорлады отаншыл отты өмір
Отаны өзіне түрме боп.
(«Түрме»).

Адам – адам болғалы «өз Отаны өзіне түрме» болудан өткен қасірет, одан өткен бақытсыздық болған емес!

Жалғанда ақын болған азап екен,
Елтігіш ақын жаны мазалы екен.
Дүниеден тазалықпен өтсем дейсің,
Қарашы, дүние өзі таза ма екен?!
(«Виктор Хара. Азап әні»).

Сырты қарапайым көрінгенімен жанып тұрған сөздер.

Кейбір тұстарда арзандау әрі қалауын таппай қалған өлең, шумақтарды ақынның адалдығын, ашу-ызасының қоспа-сыздығын сыйлағандықтан кешіріп жібересің.
Алматы – Москва – Сантьяго...
Білемін, бұл маршрут ашылады!
Пабло, саған ұшады досың әлі.
Жібітер таңдайыңды сонда сенің
Қазақтың қымызы мен ашымалы.

Бәріміздің үмітіміз осы. Егер ақын аңсаған маршрут ашылып жатса – қазақтың қымызы мен ашымалы үшін ақынның мақтануына хақы бар.
Ұлықбек өлеңді өндіріп жазады. Қалайда ағаларына арнаған өлеңдерінің өзінен ақындық адал көңілдің сыры ашылады. Көңілшектік те жоқ емес. Осының бәрі жас жігіттің жақсы өсіп келе жатқанынан хабар береді.
Поэзия – ұшқыр жанр. Тез таралады, оқушыға етер әсері де тез. Сол тез әсер тез ұмытылмау, жойылмау үшін өмірдің ең бір қиын, ең бір күрделі проблемаларын көрсету жолында ақындар ат салысады. Поэтикалық шығарма ұшқыр болса, тез ұшса – жеңілдіктен ұшпайтыны өзінен өзі түсінікті. Өлеңнің шын сарапшысы – уақыт. Ақынды да уақыт тудырады. Сонда өлең де уақыттан тууы керек емес пе? «Жүректен тумаса – жүрекке жетпейді» деп Мырзалиев айтқандай, уақыттан тумаса — уақытқа жетпейді. Қазақ әдебиетінде аты мәлім ақындардың жақсы өлеңдеріндегі секілді, Ұлықбек өлеңдерінде әлгі айтылған мезгілдік (маусымдық емес), әлеуметтік сипат бар. Айдаладағы Чили халқы көрген әділетсіздікке төзе алмай күйіп-пісіп жүрген ақын бір түрлі жаныңа жақын сезіледі. Батпаққа батып қалған машинасын шығара алмай әлдекім жан-терге түсіп жатса, ал соның қасында еңгезердей біреу ештеңемен шаруасы жоқ, көбелек қанатының әдемілігін қызықтап, шөптен шөпке секіріп жүрсе қайсысының қылығын дұрыс деп түсінер едіңіз?! Әсемдікке құмарлық сыйлауға татитын-ақ сезім. Бірақ алдымен батпақтағы машинаны шығару керек. Жұматай мен Есенғалидың жақсы өлеңдерінің өзіне сын айтқанда, олардың таланттарын, не табиғаттарын кемсіткендік емес, қайта жоғары бағалағандықтан биік мақсаттарға шақыру, жақсы ақындарды өздерін өздері қызықтау, өз сөздеріне өздері тамсану қаупінен алдын-ала сақтандыру тұрғысынан айтамыз.
Поэзия – кәсіп емес, өнер. Ал өнерді оның танымынан бөліп қарауға болмайды. Өнер тану – күнделікті баспасөздің, кітап баспаларының редакцияларынан басталады. Жаңа жазылған жыр жинақтарының (топтама, цикл) алғашқы сарапшылары – сондай жерлерде отырған адамдар. Жинақтың жақсы шығуы (әрине, жақсы жазылған жинақтың) солардың білім-парасатына, талғам-таразысына байланысты. Өнерді сыйлайтын ешбір автор (бұл жерде ақын) әлі жарық көрмеген қолжазбасының кем-кетігін тап басып айтқанға ренжімейді, қайта алғысын айтады. Өз еңбегін жақсарта түсу жолында жан аямай еңбек етеді. Жақсы редактор – адал дос, жанашыр туыс, кейде тіпті ұстаз. Өнерге араласқан жылдардың ішінде осындай жақсылардың талайының алдынан өттік. Осы жылдар ішінде жұртшылық көңіліне татитын бір нәрсе шығарған болсақ, алғысын, жақсы атын алуға алдымен солар лайық! Әттең, ылғи олай бола бермейді. Кейде кітабыңызға қол қоятын адамдардың сізден не талап етіп отырғанын түсінбей дал боласыз. Ондайлар, әдетте, өзі білмейді, білгенге сенбейді. Жай көздің өзіне ап-анық, образ-ойы, идеясы тасқа таңба басқандай боп тұрған жолдарының өзіне сенбей әлек қылады. Әр сөзінің астынан әлеуметтік кір іздеп зықыңды алады. Жаңа, жаңалық деген ұғымдарды түсіндіру тіпті қиын. Әрбір ақын әрбір ойына лайық жаңа форма, образ, көркемдік құрал іздейтіні хақ. Ондайды көзі шалып қалса, «жұрттың экспериментін басып отыратын жағдайымыз жоқ» деп керги салады. Эксперимент – дәстүр топырағында ғана жасалады. Оның үстіне... Экспериментсіз творчество бола ма? Абайдан бұрын «Сегізаяқ» формасындағы жырды қай қазақ жазып еді? Қазір «Сегізаяқ» баяғыдан бар, ескі қазынамыздай әсер етеді. Ал ол ақынның эксперименті болатын. Бүгін эксперимент аталып, әлдекім-дердің көңіліне бірден ұялай қоймай жүрген шығармалардың күні ертең халықтық қазынаға айналмасына баспалардың қай редакторы кепілдік бере алады екен?
Мұндай түсініспеушілік жағдайлар ізденіп жазатын әр автордың (әсіресе жастардың) басында бар. Кейде әрбір жаңа ой, образыңа, сөздердің жаңа үйлесімдеріне (выражения деген мағынада) шұқшия берген соң, «жоқ, бұл талайдан айтылып жүрген жәйт, Абайда, Қасымда бар» деп, өз сөзіңді өзің ескіртіп, өз шығармаңды өзің өстіп, қолдан сорлы ғып өткізуге тура келеді. Ал шынында «талайдан айтылып жүрген» ой-образдарды қайталатпау керек қой?!
Творчестволық атмосфераны ешкім ешқайдан балондап тасымайды, сол творчество қызметкерлерінің, осы сөз болып отырған әдеби ортаның өзі жасайды. Сыншы қызметінің керек жері – міне, осы жер. Біраз ақын-жазу-шыларымыздың «сын жоқ» дегенді айта беру себебі санға емес, сапаға байланысты шығар. Әйтпесе... рецензия баршылық.
Сонымен біз қазіргі жас ақындардың ортасынан үш жігіттің өлеңдері төңірегінде өзімізше сөз еттік. Ал өлеңге қатысты сөздің бәрі – ақынға, ақындарға қатысты.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар