Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жұмекен жолы (соңы)...

16.10.2017 7375

Жұмекен жолы (соңы)

Жұмекен жолы (соңы) - adebiportal.kz

(«Тамырым менің тереңде» атты кітаптан)

(Басы)

Жұмекен романдарын жазуды Мәскеуде оқып жүрген кезінде бастаған болатын. Әлбетте, поэзияда зор табысқа жетіп, досы түгіл, дұшпандарын да мойындатқан жыр тұлпарының прозаға бет бұруы әлдекімдердің айтқанындай «оның ақындық шабытының тоқырауынан» емес-тін. Шындығында да өлең сөз қанша жарқын, жинақы өтімді болғанымен, онымен өмірдің ұсақ-түйек күйбең тіршілігін тәпіштеп суреттеу мүмкін емес. Сондықтан да әлем әдебиетіндегі мықты ақындардың көбісі прозаға бет бұрған. Францияда - Виктор Гюго, Америкада - Эдгар По, Ресейде - Пушкин мен Лермонтовтар поэзияда ғана емес, прозада да толайым табысқа қол жеткізген. Орыс поэзиясының пайғамбары Пушкин бір сөзінде «Көңілім прозаға қарай ауып бара жатыр» деген екен. Яғни, ақындардың прозаға бет бұруы, қайта олардың шығармашылығының кемелдене бастағандығын көрсетеді. Өйткені, проза кез-келген адамға жалынан сипата бермейтін- күрделі жанр. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жұмекен Нәжімеденов талантының ерекшелігі сол, ол поэзияда ғана емес, прозада да өзін теңізде жүзген балықтай еркін сезінген талант. Кемтарлығын жұртқа білдірмеу үшін неше түрлі образды сөздер ойлап табатын Сақау образын қалай шебер сомдаған романда. Өнер танитын адам болса бұл образ сахнаға сұранып тұр ғой, шіркін. «Ақ шағыл» мен «Кішкентай» романдарындағы Әжімгерей мен Сисметтің образдарын түгел романның желісімен пьесаға ол өзі бастап жартылай түсіріп те кеткен көрінеді.

«Даңқ пен дақпырт» романында ол өнер адамдарының ауыр жолын, басқаша сөзбен айтқанда өзі өмір сүрген дәуірдің шындығын сипаттады. Романда өнер адамдары арасындағы психологиялық шиеленістер мен мүдде қайшылықтары, бақталастық сөз болады. Жұмекеннің романдары туралы пікір жазғандардың ішінде Баламер Сахариев пен Бақыт Есқуатовтан басқалары автордың айтқысы келген идеясын түсінбегендіктен әділ сын айта алмады. Біз осыған орай ұзақтау болғанына қарамастан «Даңқ пен дақпырт» романы туралы тілшілер түсініктеме сұрағанда берген Жұмекеннің жауабын жариялағанды артық көрмедік.

«Әдебиет өз азығын өмірден, болмыстан алады, содан табады, бірақ ...

Әдебиет өз азығын өмірден, болмыстан алады, содан табады, бірақ, пісіп-түскен дайын күйінде емес, бұрыш-қыры, олқы-ортасы мол, ешқандай жүйе-жүлгеге түспеген шикізат күйінде алады. Қанша бай болғанымен, көркем туынды үшін дап-дайын сюжет-оқиға, не бір характерді өмірдің өзі де бере бермейді. Қандай материалды болмасын автор өз елегінен өткізіп қана қоймай, өз идеясы, өз мақсатына қарай бұрып, белгілі бір жүйеге, бағытқа салғанда барып әдебиетке айналады. (Бұл қағида – сыншы-әдебиетшілердің бәріне дерлік ұнайды, өйткені, атамзаманнан бар, әлдеқашан аксиомаға айналып кеткен қағида). Әйткенмен өңдеу-сырлаудың, бұру-бағыттаудың шегі бар екенін де әркім мойындайды. Ал, осы өңдеу-сырлау, бұру-бағыттау деген не? Бұған бір сөзбен жауап беру қиын, дегенмен, біздің ойымызша, әйтеуір өтірік айту емес. Өтірікті үлде мен бүлдеге қанша орап, алаөкпе сөздермен қанша қыздырып, қызылдандырғаныңмен, бәрібір, өтірік. Өзің өмір сүріп отырған ортадан, өзіңнің бүгініңнен өтіріктің көмегінсіз көркем шығарма тудырудың қиындығы – көпке мәлім. Күні бүгін тәуір аталып жүрген шығармалар, түгел дерлік, өткен өміріміз, тарихқа айналып үлгірген тақырыптарға жазылғаны мәлім. Біздің қай тақырыпқа болмасын, шығарма түзгенде сондай туындылардан басқа үлгі, өнеге тұтар ештеңеміз жоқ. Болса – ол өмірдің, болмыстың өзі ғана.

Жолымбол да, Идаят та кітаптан, кітаптың әсерінен туып, кітапқа кірген кейіпкерлер емес, сол болмыс-тұрмыстың тікелей өзінен шыққан жандар. Демек, бұлардың іс-қимыл, ой-түйсіктері де бүгінгі уақытқа, айнала-ортаға барынша жақын; автордың көздеген мақсаты да осы жақындық. Сөз саптауынан қарағанда, мұны рецензент те жоққа шығармайтын тәрізді. Сөйте тұра ол «характерлер сомдалмады» деген жайдақ кінәні кез келген сөйлеміне тықпалай береді. Сомдау – ірілеу, көрнекілендіру деген сөз ғой, әйтепесе, сыншы «Даңқ пен дақпыртқа» өткен ғасырлардағы рыцарьлық романдар өлшемін ұсынып отырмағанына сенем. Енді осы арада жалпы характер деген ұғым туралы бірер сөз: біз анық ес білген, (қырқыншы жылдардың аяғына таман) соғыстан кейінгі жылдар адамдары бір түрлі қызық еді. Біреу әпер-бақан ұр да жық, басқарма, бригадир, не сыздауықтай тырсылдаған өкіл-төре, т.б. аңғал, аңқау, арамза, өсекші, қу-жылпос. Тұрмыс қарабайыр, оқу-білім аз болған сайын адам рухын тану, мінездің ой-қырын ашу жеңілге түседі. Қазіргі, сырт қарағанда көз сүрінтер белгісі жоқ жып-жылтыр, сыпайы, мәдениетті замандастардың мінез-құлықтары бүтіндей іштеріне түсіп кеткен тәрізді. (Жарқыновтың сыртқа теуіп тұрған мінез-құлқы көрінбейді ғой). Кімнің не жан екенін бірден тап басып, тани қою өте қиын. Ол үшін ұзақ-ұзақ байқау, зерттеу қажет. Шығарма табиғатына бұ да әсер етпей қоймайды. Бір сөзбен, орта, тіршіліктің күрделілене түсуі оны бейнелеу өнеріне де жаңа мәнер, тәсіл, құрал іздетуі – заңды құбылыс. Мен қара сөзбен жазылған кітаптарымда (әсіресе «Даңқ пен дақпыртта») осы, өзімше, адам санасына әсер еткен дәуір, уақыт белгісін тек өз құралыммен көрсетуге тырыстым. Атап айтқанда, бұ кітапта ашық айқас жоқ, бірінен-бірі туындап, иір-қиыр дамып жатқан оқиға-сюжет жоқ. Есесіне, деталь бар. Деталь көп. Оқиға-сюжет ойлап таба алмағандықтан, не бұрынғы, классикалық романдардың моделін білмегендіктен емес, қайта солардан, мүмкіндігінше қашқандықтан, көп жүкті детальға арқалатуға ниеттеніп ем. Кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашуда да, мен үшін, детальдің ролі үлкен. Ұзақ-ұзақ монолог-баяндаулардан гөрі (әдетте, көп оқушы оқиға мен монологты қуып оқиды) деталь тілі қысқа, ұтымды көрінеді. Өкінішке орай, маған біткен сыншы ондай «ұсақ-түйекке» көңіл аудармайтын боп шықты. Идаят пен Зібайра хақында рецензент: «Екеуінің қалай, неліктен (үйленген жұрт неліктен үйленеді?) үйленуі жайлы автор оқушыға толық мағлұмат бермегендіктен олардың ажырасу процесттері толғандырмайды» (6-бет) деген пікір айтады. Қалай үйленгенінің мәні шамалы, ал, ол екеудің қалай танысқаны кітапта көрсетілген. Идаят темекі алуға киоскіге келеді. «...асфальтқа сыңғырай түскен темір ақшаның үнін құлағы шалып, жерге аяғының астына үңілген: бес тиындық қара бақыр анадай жерде дөңгелеп барады екен» (24-бет). Бұл Зібайраның кошелегінен түскен тиын. Идаят «Орел түсті» деп соны алып береді, екеуі осылай танысады. Бес тиындық қара бақыр! Бұл жанғалы тұрған махаббаттың құны емес пе еді! Осыдан кейін ол екеуінің айрылысуына автордың да жаны ашыған жоқ. Жылап қалып жатқан бала болса – бір сәрі. Семья тұтастығын сақтауға тырыспаған Идаятқа нақ мына тұста кінә арту – әділеттік емес. Сонсоң «Зібайраның арман-мақсаты» деп бастап, рецензент авторға тағы бір ұрсып алады. Оның айқын арман-мақсаты болса, күйеуінен айырылса да, оқуынан айырылмайды ғой. Әйелдік мүддесі жоқ кісіден азаматтық мүдде күту – тағы да бос дәме. Идаяттың рухани дүниесіне тиген залалдың басы сол – Зібайра, ол әлі қоғамдық, әлеуметтік сипат-салмақ алып үлгірмеген тип, сондықтан оны «арғы жағаға (титтей бір ауылдың шеңберіне) итеріп салуды» автор жөн санады; Иә, Зібайра тағдырына жаны аши отыра, ондай адамды, қатары күн сайын көбейіп жатқан адал, түзік жастардың ортасында, бір халықтың тәлім-тәрбиесін жүргізіп отырған ортада – астанада ұстауды қолайсыз есептеді.

Енді Кемел мәселесі. Идаятты «жарға жықты» деу Кемел бейнесіне жабылған жала. Кемел, автордың ойынша, ең таза жігіт, әрі өткір, алғыр жан. Консерваторияға адасып түскенін өзі де мойындайды. Жалпы ол өз бойында бір нәрсеге татитын қабілет бар екеніне сенбейді. Бұған Идаяттың: «сенде жазушылық икем бар» деген сөзіне қайырған сайқымазақ жауаптары куә. Рас, ол өнерді қанша сүйгенімен, өнердің адамы емес. Ал, алдына кімді әкеліп қойсаң да «раз и, два и» деп оқыта беретін доцент-мұғалімге автор ептеген антипатия білдіріп алса – айыпты-ақ болсын! Шынында өнерге, өнер адамдарына тәрбие-тәлім беріп, рас мағынасындағы жақсы, жаңа музыка (мейлі, ән-ақ болсын) тудыруға қолайлы атмосфера жасайтын азаматтар сол доцент пен Жарқынов – олардың тірлігі кітапта суреттелгендегідей, осыдан келіп, өнердің рахатын кім, бейнетін кім көріп жүр? деген сұрақ өзінен-өзі тумай ма? Идаяттарға жасалған қамқорлық жүз сом ақшамен бітті ме? Романдағы жап-жас адамдарға тоғышарлық пиғыл (обывательское настроение) қайдан дарыған? Ақырында, кітаптың өнбойына созылатын пікірлер қайшылығы, түсініктер төбелесін, көзқарастар тартысын сезіне тұра жұрт ашық айтысқа шықпай, (Кемел мен Идаяттың талас-тартысын айтпағанда) құр бір-бірінен теріс айналумен тына беретіні несі? Жай бетжыртыспау, «сен тимесең мен тимеймін, бадырақ көздің» кері ме? Әлде тоқмейілділік пе? Неге бұлай? Бұ сын-ды, тағы басқа көп сұрақтарға автор өз шығармасында жауап бере алмаса, не бермесе – оқушының өзі ойланар, әйтеуір, көптеген сұрақтың қойылғаны рас ...

Идаят, саналы болсын, санасыз түрде болсын, өзін қоршаған орта, біраз құрбы-құрдастар арасынан біраз жайды сезінеді, өзінің әлсіздігін, үлкен өмірге – тартыс, күреске түсуге дайындығы жоқтығы тағы белгілі... Ол соңында ішкілікке салынады. Творчестволық шабытты шақтары, әләулай болса да, бірте-бірте сирей береді, сирей береді. Финалда үміт ұшқыны қайтадан жылтырайды: қатты опық жеп, қайтадан адам болуға бел буады. Бірақ, түзелуге (жас адам ғой) күші жеткен күннің өзінде, жұрттың аузына ілігетін әндерді енді қайтып жаза ала ма, әлде, біреуді ағалап, біреуді жағалап, күн көріс қуып кете ме – белгісіз. Трагедиялық бейне емес пе?!

Сыншы «Даңқ пен дақпырт» авторының «музыкадан хабары бар» кісі екенін жоққа шығармайды. Мен де сыншымның «әдебиеттен хабардар» жан екенін мойындаймын. Бірақ, кітап талдауда негізгі мәселелерді дұрыс түсінбеген. Сол, негізгі (рецензияның қалған тұстарындағы сындар сын көтермейді, өйткені, бұл кітаптың міндетінен тым алыс жатыр) есептелген тұстарға, аздап та болса тоқтап, «өз позициямды» білдіруге тырыстым. Менің кітабымды осы, авторлық – ойлаған мақсат, көздеген идея – тұрғысынан ұғынып, кеңес берер дос болса – рақметтен бөтен айтарым жоқ.»

«Журнал қызметкері маған өз шығармам төңірегінде бірер ауыз пікір айтуымды ұсынғанда, жасыратыны жоқ, ілкіде қатты тосырқап таң боп қалып ем, себебі, бұндай жай дағдыға сіңбеген, этика шеңберіне сиымсыз, әрі, «өз бағаңды өзіңнен кім сұрайды?» деп Абай шенеген ерсі қылыққа ұрынып қалу қаупі дер «іштен шыққан жыланның ирелеңдеуінің әдемілігінен» де емес, ең басты қолайсыздық, қай-қай автор болмасын, «мінсіз» (бұның өзі – шартты түсіндік) туынды беріп тастадым деп ойламайды, сөйте тұра, сын атаулының бәрін бас шұлғи бермейтін ептеген «өзімшілдігі» болмай тағы тұрмайды. Осыған өз кітабыңды, кімнен де болса жақсы білетінің туралы көңліңе нық орнаған сеніміңді қоссаң – пікір айту, әсіресе, жазып, жариялау – қияметтің қияметі; бұл жұмыстың, ашып айтқанда, абырой әпермейтін тағы бір сипаты – сырт қараған адам: автор қанша дәлелді сөйлесе де, өз шығармасына өзі әділ сөз айтты деп илана қоюы – екі талай. Осының бәріне түйсіне отырып, редакцияның ұсынғанынан бас тартуға, сөйтіп, осы жолдарды жазбай, авторлық этиканы сақтап қалуға болатын еді. Бірақ, «Даңқ пен дақпыртқа» жазылған жоғарыдағы рецензиямен танысқаннан кейін бұл мәселенің (жазу, жазбау мәселесі) тек қана бір автордың, не бір кітаптың мәселесі емес, рецензия авторы келтірген қағидаларда жалпы әдеби, принциптік жағдайлар бар екені сезілді. Гәп бір автор шығармасының жақсы, не жаман аталуында емес, көркем шығармаға деген жалпы көз қарас, таным, талғам, түсінік (немесе түсінбеушілік) төңірегінде болғандықтан... осымен, жалпылама, сыпайыгершілік сөзі тәмам болсын.

Әрине, белгілі бір шығарма туралы не айтам десе, авторға қандай талап-тілектер артам десе – әр оқушының, рецензенттің, сыншының өз еркі. Ал, қай тұрғыдан, нендей мақсат биігінен қарауда, пікір айтудың да өзінше өлшемі, жөн-жосығы болуға тиіс, немесе, автор өз шығармасына арқау етіп отырған болмысты, объектіні жандырақ, тірірек қып көрсету үшін қандай әдіс-тәсілді таңдады, өзіне өзі қойған талабы қайсы, сол дегеніне жете алды ма, жоқ па – тек осы тұрғы, осы талғаммен келгенде ғана сыншы мен шығарма адаспай табысады, тек сонда ғана екеуі бір тілде сөйлей алады.
Әйтпесе, «ол сорок деді, мен қырық дедім, сөйтіп, келісе алмадықтың» кері келмей қоймайтыны даусыз. Алдымен, осы жолдарды жазуға басты себеп болып рецензияға тоқталмас бұрын, соңғы жылдары баспасөз беттерінен жиі көрініп, әсіресе, менің кітаптарыма қатысты көбірек айтылып жүрген «жаман кейіпкерлер», «ұсақ кейіпкерлер» хақында бірер сөз айта кеткен жөн сияқты. Кейіпкерлерің «ұсақ», не «жаман» деп, кітап бетінде әрекет етіп жүрген әдеби бейнелер басындағы барлық кемшілікті мін, тіпті, кінә ғып авторға жабу – түбірімен қате әдіс. Жаманның – жаман, ұсақтың – ұсақ екенін көрсету де – өнер ғой. Ешбір елдің әдебиеті «жаман», «ұсақ» аталған кейіпкерлерді жоққа шығарған емес. Рас, жаманның жамандығын, ұсақтың ұсақтығын көрсетіп бере алмадың деп кінә артса – авторға бас шұлғудан басқа ештеңе қалмас еді.

Сонымен... «Даңқ пен дақпырттан» рецензент тапқан мін-кемшіліктердің басты-бастыларына авторлық, оқушылық (кітап шығып кеткеннен кейін автор да оқушы қатарына енеді екен) тұрғыдан, қысқаша болса да, жауап беруге тура келді. Рецензенттің (сірә, жас әдебиетшілердің бірі болса керек) шығарма талдау тәсіліндегі негізгі жаңсақтықтарының бірі Идаят пен Жарқынов арасынан тартыс іздеп әлекке қалуы дер ек. Өйткені, қоғамдық ара салмақ қатынасы (общественное положение) деген бар ғой. Екі адам тартысу үшін бір-бірімен дәрежелес, тіпті, тым құрыса, жақын, жете-қабыл жатуы керек. Идаят – ән шығарып, ауызға ілінгені болмаса, әлі бала, студент те, Жарқынов – консерваторияға басшылық ететін мекеменің басшысы, талай-талай жиындардың президиумы жатырқамайтын дәрежеге жеткен кісі. Бұл екеуінің ортасына тартыс тамызығын тастап, шала бықсыту – өмір, болмыс шындығын белден басу, сайып келгенде, уақыттан қолдау таппай, әлдеқашан ескіріп, қалып қойған жалған тартысшылдыққа, баяғы бір схемаға ұрындырар еді. Кітаптың алғашқы беттерінен екі адамның төбесі қылт етіп, аман-саулары жараспай қалса – аржағынан қып-қызыл шатақ, дау-дамай күтіп қара тер болу – үйреншікті жай екені рас, бірақ, бұған да сын көзбен қарау ләзім. Қысқасы, енді ойлап көрейікші, қандай рухта болмасын, өзінше жазылып біткен шығармада әйтеуір біреулердің тартысып, сілкілесіп жатуын шарт қып қабылдаған күннің өзінде әлгі екеудің – Идаят пен Жарқыновтың – арасынан қандай тартыс шығуы мүмкін? Шыға қалса оны тартыс атауға келер ме еді? Оның үстіне, жастарын, тәлім-тәрбие, білік-парасатты ысырып қойғанда, арадағы алшақтықты екеуі де сезіп отырған жоқ па? Әйткен жағдайда бұлардікі не қыжыл деген сұрақ тууы – заңды да. Екеуінің арасында әйтеуір бір кикілжіңнің бар екені рас. Ол кикілжің, біріншіден, сол, ара алшақтығының өзінен туындайды, себебі, Жарқынов жеке басының мән-маңызын, ірілігін ешқашан есінен шығармайды. Бәлкім, Идаятқа солай көрінетін шығар. Өйтуі де кәдік, әйткенмен, міне, өкшесінен ерген «талапкер-мелодисті» көрген сайын айтатын сөзі, аман-сауы: «Қалай, бауырым, ән көп пе?» Тыңдап көріңізші, пәлендей өрескел ештеңесі аңғарылмағанымен, биіктен естілгені сезіліп тұрған секілді ғой? Қалай болғанда да, Идаятқа ағасының осынысы-ақ ұнамайды. Бұ сын-ды, ұсақ-түйек қарым-қатынастың өзінен мән, не жанашырлық, жақындық, не салқындық астар іздеп, алдындағылардың бетіне жалтақтау – өнер жолына жаңа қадам басқан жастың көбіне дерлік ортақ, түсінікті жай. Ал, Жарқынов болса – кез келген әуесқой мелодистің көкірегіндегі әлгіндей қуысқа назар салып, ойлап жатуға уақыты жоқ. Ойласа бір-ақ жерде (әншінің үйінде қонақта болғаннан кейін) ойлайды, әлсіздікпен ойлайды. Мұнысы жанашырлық та, симфония болашағын қайсыбір түсініктерден қорғау да емес, жай, пендешілік қана. Содан кейін оның Идаят туралы көзқарасы өзгере бастады және дұрыс өзгереді: Идаяттың жанбай жатып сөне бастағаны рас еді. Өнердің жас кадрін сақтап қалу үшін, басшы-азамат не істеді? Ештеңе де. Сөйтіп, сыншы-рецензент «Жарқынов деген кім?» деген сұрақ қояды да, ол сұрағына жауап таба алмаған соң шығарманы баса-көктеп кінәлай жөнелді. Осы арадан келіп, өзі іш тартып, неге екені белгісіз, ақтағысы келіп отырған Жолымболды да жете танымағанын аңғарып алады. Мысалы: «себебі ол дарынсыз жан. Оның туындыларында жұлын жоқ». Демек, сезімнен де, түйсіктен де ада деген сөз. Творчествосында «жұлын болмау» мен креслоға иелік ету – екеуі екі басқа. Жаман композитор қызмет бабында абыройға ие бола алмайды деу – солақай түсінік. Жарқыновта «сезім де, түйсік те кем» дегенді Идаят та ойлаған емес. Мұндай түйінді рецензия авторы басқа жақтан әкелмесе, кітапта ондай қорытынды тудырарлық негіз жоқ. Жарқынов – өнерді емес, өнердегі өзін сүйетін, өнер атымен өрге шыққаннан басқа жамандығы жоқ; ел аузына қалай ілінгені – кітапта дәлелденген, кабинетінде отырып телефон арқылы үш-ақ мәрте сөйлескенде ашылып біткен басы бүтін жан... Бұдан әрі рецензент өз сөзіне өзі есеп беруді мүлде ұмыт етеді: «Бас қаһарманның іс-әрекеті, қоршаған ортамен қарым-қатынасы алдыңғы планға шығады да, автор позициясы сол қаһарман қарекетінің тасасында бүркеулі күйінде қалып қояды» (Машинкаға басылған қолжазбаның 2-ші беті). «Автор шындықты қаз-қалпында бейнелегісі келсе, ешқайсына (кейіпкерлердің шығар) бұрмай, екеуін жекпе-жек қалдырғанда абзал болар еді» (3-ші бет.); «автордың қаһарман әрекетіне тым салқынқандылықпен қарап, олардың дұрыс-бұрыстығына емеурін білдірмеуінде» (5-ші бет.). Осы келтірілген кішкене-кішкене үзінділердің екеуінде авторға «позициясы айқын емес», біреуінде айқын, сондықтан шығармаң ақсап жатыр деген айып тағылады. Мейлі, «дәрігердің қатесін мола жасырады» демекші, біз сыншылардың аз-мұз жаңсақ тұстарын жатырқамауға үйренген жұртпыз ғой, мәселе мұнда ғана емес, осындай мөлтек-рецензиялардың шығарма авторына ешқандай ой сала алмайтындығы, не тым солақай кетіп, көздемеген бағытына итермелейтіні, не шала-шарпы түсінгенінің өзін жөндеп айтып бере алмайтындығы-ақ қынжылтады.»

Өкінішке қарай, уақыт тапшылығына байланысты Жұмекеннің әдеби ортада қандай адам болғаны, кімдердің оған қиянат жасағаны, т.с.с. шығармашылық өміріне қатысты көп нәрсені зерттеуге емін-еркін бола алмадық. Әрине, ол жөнінде бізден гөрі ұлы ақынмен мұңдас, сырлас, тағдырлас болған замандастарынан артық ешкім білмейді де. Жұмекен өмірден өткеннен бергі отыз жылдан астам уақыттың ішінде ол туралы біраз естелік жазылды. Келешекте солардың бәрін зерттеп, іріктеп, бұл еңбегімізді толықтырмақ ойымыз бар. Сондықтан да бұл жолы біз ұлы ақынның кісілік келбетін таныту үшін оның ең жақын досы болған, оған екі дүниеде адал қызмет еткен әдебиетіміздің классигі Әбіш Кекілайұлының және соңынан ерген інісі, рухани ізбасары талантты ақынымыз Темірхан Медетбекұлының осыдан біраз уақыт бұрын жазған Жұмекен жайындағы естеліктерімен шектелгіміз келіп отыр.

Әбіш Кекілбайұлы, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«...Жатақханада кітап оқып жатыр ем. Дудыраған шашы желкесіне түскен тәмпіш мұрын бала жігіт кіріп, қара көзілдірігінің мүйіз сабын ерніне қыстырып, сығырая қарады. Жұлып алғандай қылып: «Е, Кекілбаев, сен де осындай екенсің ғой», – деп бір мырс етті. Лекцияға бармай қалғандарды тексеріп жүрген студенттер комитетінің қара таяқтарының бірі екен деп, аузымды енді аша беріп едім: «Жә, сыртқа шығып, сыра ішіп қайтпаймыз ба?» – деп жымиды. Ғайып перен көріп тұрғандай, аңырдым да қалдым. Ол қасыма келіп: «Жұмекен Нәжімеденов», – деп қолын ұсынды. Орнымнан атып тұрдым.
Содан бір автобусқа отырдық. Ұзақ жүріп, ипподром тұсынан өте бере түстік. Ию-қию кішкене көшелердің арасымен бірде төбеге шығып, бірде төбеден түсіп, орғып-қарғып келеміз. Ақыры жеттік-ау… Қаққан қоңырауымызға бір арсалаңдаған ашаң қара жігіт шықты. Қуақы Жұмекен оны да бірдеңе деп күлдірді. Қауқылдаған дауысымызды естіп, ырсия күліп, бір қара торы, бір ақ сары келіншек шықты. Ақсары келіншекті бір жерде көргендеймін. Кейін барып есіме түсті. Біз мектеп бітірген 1957 жылы Мәскеуде дүниежүзілік жастар фестивалі өтті. Соның қарсаңында облыстық фестиваль өтті. Мұнай зауытының клубы. Біздің ауданымыз әзірлік жасап жатқан. Бір топ жас үйіріле қарап тұрды. Қақ ортасында ұзын бойлы, сәукеле киіп үлбіреген әдеміше ақсары қыз болды. Алдында олар әзірленіп жатқанда біз де барып тыңдағанбыз. Әлгі қыздың тамылжытып ән салғанын естігенбіз. Жұмекеннің үйіндегі – сол «нарындық әнші қыз» Нәсіп Мұстахова болып шықты. Науқастанып жатқан атасы: «Жалғызымның соңына қара ергенін көремін» деп, мектептерін бітірмей жатып екеуінің басын қосыпты.
Енді, міне, ажал алдында қарт ата айтқан аманатты орындамақ болып, ел асып, жер асып, ай сайын пәтер ауыстырып, онда да біреудің үстеріне кіріп, бақтарын сынап жүр екен. Екі-үш атадан бері «жалғыздан туған жалғыз» боп өрбіп, «жапан түздің желін аңсап жан қызды ап, арман, үміт – бізді айдында қалғызған, біз флотпыз жекелерден құралған, желкендерден – жалғыз, жалғыз, жалғыздан. Желкен – жалғыз, аспан – жалғыз, сен – жалғыз; жалғыз болсақ – туа сала болғанбыз; не бір тұман, не бір дауыл, не түнде, меңіреуліктер мұхитының бетінде қыр көрсетіп өтейік бұл жалғанға – жалт еткендер ұқсаңдаршы жанғанға; – желкен бе, деп таңдансын жұрт, жалау ма, жалау болып, алаулашы, алаула!», – дейтін ақын көбеюді де көп көксейді. Жұмекен әр пәтер ауыстырған сайын бір шілдехана жасалады. Үріп ауызға салғандай ақ сүйрік балапандарға Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида деп үзілдіріп ат қойып жатамыз. Арпа ішінде бір бидай болып жалғыз ұлы туғандағы Жұмекеннің қуанғанын айтсаңыз. Әдеттегі бірімізге байқатып, бірімізге байқатпай, «шаптан шағатын» мірдің оғындай мысқылын да ұмытқан. Езуіне ие бола алмай, әрқайсымызға көзін сығырайта бір қарап, тісі ақсиып күле береді. Тек ат қойылғанда ғана баяғы қалпына түсіп, Мағжан деген есімнен басқаға көнбей, табандап тұрып алды.
Оның мырс-мырс жымиып отырып-ақ өз дегенінен басқаға аттап баспайтын қайсарлығына да Ақжонасты барып көргеннен соң түсінгендей болдым. Жұмекеннің бойындағы көп қасиет сол баяғы Нәжімеден атасынан дарығандай. Жұрт жүгіргенге жүгіре бермейтін сабырлы. Жұрт жүгінгенге жүгіне қоймайтын сырбаз. Адамдармен де таңдап-таңдап табысатын талғампаз. Айтқанынан айнып қалмайтын табанды. Басқалар айта қоймаған таңсық ой мен басқалар істей қоймаған таңсық іске мейілінше құмар. Аяқ астынан қайдағыны қайдан қиыстыра қоятын тапқыр. Өлеңдері баяғы Ашақ-Мәшідегі төңкерулі қазанның астынан жалт ете қалатын жалғыз іздей таңқалмасына қоймастай тосын естіледі.
Жұрт алдына келіп, алғаш өлең оқығаны әлі есімде. Ол кезде Жазушылар одағының поэзия секциясы әр апта сайын «Ақындар сәрсенбілігін» өткізеді. Тайлы-таяғымыз қалмай жиналамыз. Есік жақта май дәметкен мысықтың баласындай жылмиып-жылмиып өлеңді енді бастап жүрген жастар отырады. Әуелі әйдік ақындар жазып жатқан жада кітаптарынан жыр оқиды. Сосын кезек жастарға тиеді. Бірде консерваторияда оқып жүрген ашаң қара жігітке сөз берілді. «Жатыр жақпар… Қарағайды аралайды жел ескен; жапырақтар, жапырақтар сыбыр-сыбыр кеңескен; тау сулары таусылмайды, сылқып тұрып ағады; қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады; айдалада ақ боз мінген Алатау бір ақ батыр; айналада тал қайыңдар, тал қайыңдар сапта тұр; қызыл гүлдер «үзілдім дер», баяула жел, баяула, қызыл гүлдер, қызыл гүлдер ұйқыда ма, ояу ма; бар табиғат – бір тіршілік, бір тіршілік баяғы; тартады ұрлап тамырдан нәр шіркін шыбық-таяғы; тастың өзі нұр шашады, бүгін-дағы, кеше де, біздің мынау Алматыда, күн жайлаған көшеде; тас балқытқан талма түсте – балқимыз біз күнге ұсап, қызуынан алма пісті – айқасқанда мың құшақ; трамваймен жүре алмаймын, жаяулаймын – көп қызық, көп қызықты қапияда алмайықшы өткізіп! Жұлдыз көрмей күндіз көрдім, күндіз көрем, әрине, түнде көрсем үндемес ем, түсім ғой деп бәрі де… жүз толқындар бірін-бірі тұншықтырып ағады, қыз толқындар бірін-бірі шымшып күліп барады. Міне, біздің Алматы осы, алма төсі бұлтиып, алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп; жүрші, жаным, қыдырайық, неғыласың жалғыз қап, Алатаудың ақ қарынан әперейін балмұздақ».
Мінбедегі тәмпіш мұрын жігіт өлең оқып емес, зікір салып тұрғандай, жұрт соған жаппай елітіп, тіл мен жақтан айырылып қалғандай. Ілгергі жақта шашы дудырап, құлағы селтиіп, үздіге тыңдаған Әбу ақын: «Айналайын-ай!» деп, айқайлап жіберді. Біздің қасымызда мейіл қандырар иіс аңдыған жас бөлтіріктей ұзын мұрнын әуелете көтеріп, көзін ұясынан шығара адырайтып, ернін шүйіріп, еміне құлақ тосқан Қадыр Мырзалиев ләм-мим деместен тізесімен тіземді түртіп-түртіп қойды. Жастардың жаңа жинағын құрастырып жүрген Мұзафар Әлімбаев мінбеден түсіп келе жатқан бейтаныс жігітті сәл бөгеп: «Қарағым, басқа да жазғандарыңды қосып бізге әкеліп берші», – деді. Кейін, расында да, сол жинақтың нағыз інжу-маржаны Жұмекеннің топтамасы болды.
Жұмекен ақын жыр әлеміне, міне, осылай аттап еді. Өлең де, музыка да инемен құдық қазғандай ғой. Инемен екі құдықты қатар қазып шығудың қиыны, айтпаса да, түсінікті. Оның үстіне ерте үйленіп, ерте балалы-шағалы болған Жұмекенге күнкөрісті де ерте ойлауға тура келді. Консерваториядағы оқуын тастап, кітап баспасына қызметке шығуға мәжбүр болды. Әйтпесе, әдебиетте қандай саңлақтық таныта алса, өнерде де сондай таныта алар еді. Ол кезде сахна мен эфирде көп орындала бермейтін, тұсында цензура бағын байлап тастаған небір «күй сұлтандарына» алғаш рет біздің құлағымызды Жұмекен үйретіп еді. Ұялып отырғандай, басын бір қырын бұрып, домбыраға да, тыңдармандарға да көз қиығын салмай, небір әдемі әуезді сіркіреп жауған сәуірдің жаңбырындай төгілте жөнелтеді. Тартқан сайын тал бойыңды ерітіп бара жатқан сіңімді саздан жұрт балбырай түсетін. Ал күйшінің өзі бүкіл болмыстың қақ төріне шығып алған жер тәңірдің өзіндей барған сайын состиып, айбаттана түсетін. Егер біреу-міреу абайсыз күліп не сөйлеп қойса, күй сол арада үзілетін. Жұмекен қыздың баласындай ыздиған сыпайы қалпын бұзбай, бір жымиып қойып, домбырасын құндағына салып, орнына апарып, сүйеп қояр еді. Темір қақпақты қорапшасынан темекі суырып, езуіне қыстырып, былайғылардың әжің-күжіңін тыңдаған болып, танауының астынан будақтаған көк түтінге бетін көлегейлеп, үнсіз-түнсіз отырар еді. Қанша жалынып-жалпайсаң да, домбырасын қайта қолына алмайтын.
Сахнаға шығуды суқаны сүймейді. Самсаған көптің алдында күй тартып, өлең оқуды әбестік санайтын. «Осылар түсінеді-ау» дейтін көйлектің ішкі бауындай етене топтарға ғана өлең оқитын! Онда да ұзақ жалынтып барып оқитын, әрлі-берлі ойқастай қарап, саусағын кезеп, қабағын түйіп немесе ыржалақтап күліп, жұртқа жағынып не сес көрсетіп, әлекке түсетін елтең-селтеңі жоқ еді. Жұрттан да сабырмен тыңдайтын сыпайылықтан басқа ештеңе дәметпейтін. Олар тарапынан сәл енжарлық байқалса, оқып тұрған өлеңін аяқтап, жаңасын бастамай, орнына қарай аяңдайтын.
Біреулер мұның бәрін сыпайылығынан, тіпті ұялшақтығынан немесе мінезінің бұйығылығынан көріп жүрді. Сол қаңқуға кейбір өлеңдерінде тіпті өзі де қосылып қоятындай. Ал мен бұған қосыла алмаймын. Оның мінезінде де, өлеңдерінде де өзіне жарасымды әлдебір ожарлық оты ылғи маздап тұратын. Қарапайымдылықтың өзі қайсарлықпен сақталатынын ұқпайтын адамдар аңдамасыңа қоймайтын арсы-күрсілікке бас ұрып, таңдай қата болып жатады. Ал Жұмекен жұрттың көзіне түсу үшін не жер тәңірімсініп, не ашық-тесік жүріп, сайқымазақтыққа салынатын «богемалық әуейілікке» әуес емес-ті. Бірде қала сыртында пәтер жалдап қатар тұрдық. Үйде Жұмекен отырған-ды. Үстіне тағы бір танысым келе қалды. Үйреншікті мінезіне басып, асып-тасып сөйлей жөнелді. Талайларды жыртық теріге алғысыз қып тастады. Жұмекен үн-түнсіз құлақ тіккен. Анау айтқаны ұнап отыр десе керек, одан сайын дәліре түседі. Мақтана-мақтана құмарынан шыққан сабазды автобусына шығарып салдық. Қайтып келе жатып, шылымын сорғыштап, басын шайқаумен болды. «Осындай да адам болады екен ғой», деп анаған, «Қасыңа қайдағыны қайдан жолатасың?» деп маған ызаланып келе жатқаны еді. Тағы бірде тап әлгіндей масайраған біреу елге маза бермеген соң, басқамызды шығарып жіберіп, өзі бірге қалып қойды. Ертеңіне әлгі сабаз жүнделген тайлақтай жұп-жуас. Дастарқан басында Жұмекеннің қасындағы орынды нұсқасақ: «Құрысын, ол дүлейдің саусағын көрмейсің бе, сояудай ғой», – деп зыр-зыр қашады.
Соған қарағанда, Жұмекен қой ауызынан шөп алмайтын бозымбайлардың сойынан емес сияқты. Әсіресе, қит етсе, «біз ақынбыз, жазушымыз, біздің қасымызда өзгелерің кім болыпсыңдар», деп бөсетін снобизмді жек көретін. Ал өнерді еріккеннің ермегі санап, онымен айналысатындарды менсінбей, есіркеп не кекетіп отыратындарды әлгілерден де бетер жек көретін. Күй тартып, өлең оқығандағы әлгі бір кіділігі де содан өрбитін. Өнердегі етекбастылыққа аза бойы қаза болатын. Шын өнерпаздың өзгелерге құлдық ұрғанды жақтырмайтыны кім-кімге де түсінікті. Ал өзгелерге құл болуды жақтырмайтындардың да өзгелердің елбең қағып тұруын талап етпеуі тиіс екенін сол өнер адамдарының өздері түсіне бермейтін. Жұмекен – бұл екі қағиданың екеуін де жіті қадағалайтын, суреткер қауымда да сирек кездесетін рухани бекзаттардың бірі еді. Ол ақын ретінде оқырманын, музыкант ретінде тыңдарманын өзінен жоғары не кем тұр деп есептемейтін. Ол өлеңін жоғары тұрған тақсырға қошемет-қолпаш, төмен тұрған пақырға өсиет, көлденең көк атты мен жалпақ жамағатқа айтыла салған жарамазан не уағыз деп ұқпай, дәл өзімдей ойланып-толғанып жүрген бейтаныс бастастарға ақтарыла айтылар жүрекжарды сұхбат деп ұғатын. Егер оқырман не тыңдаушысы оған селқостық көрсетсе, оның не айтып, не қойып отырғандығында еш шаруасы жоқ ақпа құлақ, не айдаладағы атыкелді біреу болғаны. Ондайға өнер шығындап не әлек?! Сырыңды шашып не әуре?!
Бұл – өзін бұлдаған астамшылық емес, өнерді бұлдаған жауапкершілік. Қарабайыр кірпияздық емес, рухани тәкәппарлық. Тоғышар ортада құрысқан-тырысқан мінез көрсетіп жатпай, өзімен өзі болып кететін Жұмекен әдеби ортада, әсіресе, оның талантты тобында қадірлі еді. Сол тұстағы патриархтардың бірі Әбділда Тәжібаев бір баяндамасында ол жайында тебірене айтты. Екінші бір патриарх Әбу Сәрсенбаев баласындай Жұмекенді әкесіндей қадір тұтты. Тек құрдастары ғана емес, Ғафу Қайырбековтей талантты ағалары тек қабірінің басында ғана емес, көзі тірісінде қасында жүріп-ақ біздің «Жұмаш – ұлы ақын» деген лебізінен бір танған емес. Жастарға белгіленген сыйлықты Әнуар, Олжас, Қадыр, Еркеғали, Ғазизалармен бірге алғашқылардың бірі болып алды. Баспада кіші қызметте көп жүріп қалды деп, жастар газетіне бөлім басшылығына шақырылды. Жастар түгілі жасамыстар абайлап жуысатын азу тісі балғадай Тахауи Ахтановпен шахмат ойнап: «Саған шықты ақ жағы, қапы қалсаң да ойнап қал, күшті менің логикам, өйткені, атам қой баққан; немересі қойшының қомағайлау келеді, жей тұрайын пешкіңді, пешкі деген бойдақ мал… «құрбандығың» дәмді екен, талабым жоқ ал бөтен, тек бір жаман әдетім: тойып алсам – әндетем!.. «Г» жасайтын шабуыл тақтада емес, тек қана: атпен шебер ойнайтын достарыңды мақта, аға, бірақ ондай қуларды шақырмау жөн тақтаға!», деп қағыту кім көрінгеннен етекбастылық көріп жүрген бозымбайдың қолынан келе ме? Қалыңдығы бір елі бас басылымның бас редакторы қолжазбасын оқып: «Міне, нағыз прозаик! Осы заманның прозасы осындай болуы керек!» деп мақтап, бір романынан соң бір романын қуана жариялаған, қалғандарды «Қожайын-ай!» деп қызықтырған марғасқа қаламгерлердің ғана қолынан келетін шығар.
Бірақ бұдан Жұмекен бұл дүниеден ылғи осылай айдарынан жел есіп, шалқып өтті деген қорытынды шықпайды. Ондай жағдайда Жаратқанның өзіне ме, әлде соған еліктейтін әдебиет шонжарларының біріне ме, әйтеуір «пенделерге сырт қарап, былайғы ұсақ, біреу болдың бір өзің құдайға ұсап, айға ұсатып жіберді жұрт та сені, жамбасына көрпе емес, бұлт төседі, билік бітсе – құдай да қырт деседі, – бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы өсегі; барыңды алып қашатын, барымтаның заманы емес, ал-есір, қағын-қағын!; бір жат көрсең – тояды бір қарын тағы; бір жымисаң – жынды да жарылқанды; жәдігөйден басқаның жанбай бағы, тамырында талайдың қан қайнады… адам болсаң – адамды жай адамша ұқ, көнбіс болсаң – кетті деп анық тойып, тұяғына есектің салып қойып, аспан жақтан қарама аяғансып. Пендең – емен, қартайса – құлайды емен, мен қартайсам құдайсыз, былай да өлем; бұққан сайын бұрайсың бұттан алып, мұнша ұялшақ болар ма құдай деген! Жұбатпа, дос, жүргем жоқ мен еңіреп, қартайдым тек түбі сен береді деп… Бір періштем бар еді: қайда, қайда? О да қуып кетті ме майда пайда?! Әйелге ұқсап өкпе айту – жұмысы ердің; осы да ерлік; тек алда білісер күн; сені де аяп арқаңнан қағармын бір, сенімен де, құдірет, бір ішермін!» дейтін дәрежеге дейін налып-назырқар ма еді.
Бұл, әрине, сонау 1983 жылдың күзінде: «Инфаркт өтті, орнында зақым қалды, жарылғанның заманы-ай, атылғанның; атом бомба жарылса, о да бәлкім инфаргі шығар-ау атомдардың; қашан шаншып, білмейсің, тыз етерін, ажалыңның не жаз, не күз екенін болжау қиын, бомбылар қоймасындай көкірегімді күні-түн күзетемін», – деп, ауруханада ажал аузында жатып жазылған өлең. Әрине, сол инфаркке тек талай жылғы еңбегін күлпаршалаған редакторлық өктемдік, өмір бақи ауру шешесі, әйелі, балалары, өзіне бір жаңа баспана бұйырмай қойғанына налығандық, тарлан басымен тайлақ арасына қосақталғанына намыстанғандық еш әсер етпеді деп айта алмаймыз. Алайда, әлгіндей енжарлық көрсеткен әріптес замандасының бетінің ұятын бес төктіретін ызалы өлең аштан өліп, көштен қалғандықтан емес, адамның бәсін бес тиын қылған сол кезде қаңтардай қақап тұрған тоталитарлық астамшылдыққа атылған оқ еді. Ол тек төзіп-төзіп келіп, өмір мен өлім межесіне жеткен соң, бұл болмаса, күл болсын деп, алғаш рет атылып отырған жоқ еді.
Біз Жұмекеннің тұңғыш өлеңінің өзі-ақ сол кезде қай қауақ басты да қапысыз жайлап алған тоталитарлық сана мен тұрпайы әлеуметшілдіктің көбесін сөге келгенін жоғарыда айттық. «Балауса» атты тұңғыш кітабы шыққанда әдебиетімізге қосылған соны құбылыс ретінде атағандарды сол кездегі сын күпінің битіндей талап, маңдайы жарқырап тұрған жаңа талантты жәй әшейін көптің бірі ретінде көрсетуге тырысқан-ды. Енді, міне, сол автордың 1996-1997 жылдары жарық көрген үш том жырларын сараптап көріңізші. Әлгі айтылған антитоталитаристік бағыт ең алғашқы кітабынан, көз жұмғанда үстелінде қалған жарияланбаған жырларынан құрастырылған, өзі көре алмай кеткен соңғы кітабына дейін желісін үзбей жалғасып жатқанын байқайсыз. 1961 жылы шыққан «Балаусаны» бүгін ақтарыңызшы: қайсысынан балғындық пен олпы-солпы қарабайырлықты таба алар екенсіз?! Ал сол кезде шыққан басқа кітаптарға көз салыңыз: Жұмекенге тән атымен сонылық, атымен тосындықпен қоса, пайымдық тұтастық, қапысыз көркемдік, суреткерлік даралық қаншалықты көзге ұрып тұрар екен?! Тұңғыш кітабының өзінде бір фальш жоқ. «Анау келген кім болды екен, біліп келші, кім екен? Батырлық па? Өз төрімде күтіп алам, түнетем. Байлық болса, қулау болар, тура қара көзіне, кімде болса да, алдамасын, алданбасын өзі де; қайғы болса, артында оның қуанышы бар шығар, бірі кірлеп, бірі жуып, кеудем менің аршылар; бақыт болса, денем әлсіз көтере алмай (өз ойым), арман болса өмірбақи арқалайын, төзейін… арманым боп арнап келсе – барым әзір, көңіл қош, түсір жылдам атын байла, қырауын қақ, тонын шеш; шындық болса, кілем төсе, дастарханым жаямын, жалғандық па – тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын!»
Ж. Нәжімеденовтың ақындық, азаматтық кредосы. Содан бері жарық көрген шығармасында, әлгі тұрғыдан, «аяғын сүртіп шықпаған» бірде-бір шумақ жоқ»».

Темірхан Медетбек, ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«..Менi Жұмекен ағамен, Алматыға оқуға келген кезiмде, қолымнан жетектегендей боп ертiп апарып, рухани әкемдей болған Әбу Сәрсенбаев таныстырған едi.

Ол кезде Жұкең Қадыр Мырзалиев ағамызбен бiрге Жазушылар Одағының бiр бөлмесiнде қарама-қарсы отырады екен. Екеуiнiң де, әсiресе, бiз сияқты әдебиетке ендi ғана бет қойған жастар үшiн, атақтары жер жарып, айдарларынан жел есiп тұрған кездерi. Өлеңдерi газет беттерiнде топ-топ боп жарияланып жатады. Бiз оларды құныға, жата-жастана оқимыз...

Шынын айту керек, ол алғашқы кездесуде Жұмекен аға өзiме де, өлеңдерiме де соншалықты ықылас та, ылтипат та бiлдiре қойған жоқ. Әбекеңнiң қолқалауымен менiң сол жерде оқып берген бiрер өлеңiмдi үнсiз тыңдап отырды да, қабағын кере көтерiп не ұнатқаны, не ұнатпағаны белгiсiз үнмен «и-ия» деп, сiрiңке қорабын бiр сылдыр еткiзiп шай­қап, папиросын аузына қыстырып бөлмеден шығып кеттi...

Мен содан оқуға түсiп орнығып алғанша, тек бiр рет бас сұққаным болмаса, қайтып ол бөлмеге кiргем жоқ. Жұмекен аға маған ықылассыздау болғаннан кейiн, ол кiсiге деген пейiлiм суып қалмаса да, ортайып қалғандай едi...

Ол тұста, жиналыс, бас қосулар көп пе, жоқ әлде Жазушылар одағының үйiне кiрiп шықтым деудiң өзi бiр мәртебе ме, әйтеуiр, сол жаққа жиi барып тұратынбыз. Бiр күнi Жұкеңдi коридордың бойынан кездестiре қалғаным. «Ассалаумағалейкум» деген сәлемiмдi сондай бiр ықыласпен қабылдап, менi ежелден етене бiлетiн жандай, жай-күйiмдi, оқуымды ден қойып сұрастыра бастады. Жақын бiр ниеттес, сүйектес бiр ағаммен кездескендей менiң де iшiм жылып сала бердi. Сол жолы «әй, бала, сен ауылдан келдiң ғой, айранды сағынып жүрген шығарсың» деп бұрынғы балалар мен жасөспiрiмдер театрының жанындағы буфетке ертiп апарып айран алып бергенi есiмде. Сол күнi, ол кезде дәстүрге айнала бастаған сыра, немесе арақ-шарап iшiп емес, қазақ үшiн қасиеттi дәм ақ iшiп тарқасып ек. Бүгiнде қарап отырсам, сол ақ дәм Жұмекен ағам екеумiздiң арамыздағы ұзақ жылдарға созылған ақ-адал көңiлдiң дәмiндей болған екен-ау...

Содан бастап Жұмекен ағаға жиi барып тұратын болдым. Өлеңдерiмдi көрсетем, немесе әдебиет туралы, соның iшiнде поэзия туралы пiкiрлерiн тыңдаймын. Ол кезде бiз үшiн бәрi таңсық, бәрi тосын.

Бiр жылдан кейiн, яғни алпыс бесiншi жылы ол кiсi «Лениншiл жастың» әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiлiгi қызметiне ауысты. Бұрын ол орында жұмыс iстеген Әбiш Кекiлбаев ағамыз бiздiң алдымыздағы тегеурiндi, талантты жастардың шығармаларын, олардың қоғамдық мәртебесiн көтеру мақсатында болса керек, тура Қазақстан комсомолының Орталық комитетiнiң үйiнде талқылатып жүретiн. Сол үрдiс Жұмекен ағаның тұсында, ұзаққа созылмаса да, бiршама жалғасын тапқан-ды. Бiр күнi редакцияға өлеңдерiмдi апарып жүретiн маған Жұмекен ағам «сенiң өлеңдерiңдi талқыласақ қайтедi» дегенi. Мен бұл тосын ұсыныстан абдырап қалдым. Абдырамай қайтейiн, өлеңдерiм әр-жер, әр-жерде жарияланып жүргенмен, ол кезде есiмiм қалың жұртшылық түгiлi, әдеби қауымның ортасында соншалықты белгiлi бола қоймаған. Оның үстiне, әлi бар болғаны ҚазПИ-дiң екiншi курс студентiмiн ғой. Жүзiмнен соны байқаған Жұкең «абдырап-саспай-ақ қой, жас таланттарды көтеруiмiз керек. Тек алдымен бас редактормен келiсiп алайын» дедi. Бас редакторы Шерхан аға. Шер-ағаңның түсi суық, сұсты көрiнгенмен жастарға деген пейiлi дарқан кең ғой, бiрден мақұлдапты.

Талқылауға бiрқатар белдi адамдар жиналыпты. Жанымды өсiретiн, өлең алдындағы, жалпы әдебиет алдындағы жауапкершiлiгiмдi арттыратын жақсы-жақсы салиқалы пiкiрлер айтылды. Көп ұзамай газеттiң жарты бетiне жуығын алып тұрған өлеңдерiм жарияланды. Бұл – әлi буыны бекiп, сүйегi қатпаған мен үшiн үлкен мәртебе едi...

Жұмекен ағамен қарым-қатынастарымыз бұрынғыдан да жақындаса түстi. Ол жақындық бара-бара рухани туыстыққа, яғни рухани аға-iнiлiкке ұласып кеттi. Ендi үйiне де барып тұратын болдым. Ол кез менiң желбастау кезiм ғой, содан ба көрiнбей кетсем, «әй, балабас, қайда құрып кеттiң» деп ренжiп қалатын...

Ол кiсiнi көп жұрт бүгiнде үндемейтiн едi, тұйық едi деп еске алады. Мен ол сөздердi негiзсiз деп айта алмаймын. Рас, абыр-дабыры көп, немесе сыралғы емес ортада Жұкең, өзiмен өзi боп, томаға-тұйық отыратын. Өңмеңдеп, өңешiн созып орынды-орынсыз кiрiсе кету де, айтылып жатқан әңгiмеге киiлге кету де ол кiсiге жат едi. Сондай-ақ бiреудiң көзiне көлгiрсу де, бiреуге көпшiк қоя сөйлеу де ол кiсiнiң әдетiнде жоқ болатын. Ал егер сондай бiр жағымсыз, жұғымсыз қылықтарды көре қалса, онда ол басын әнтек шайқап, қалың қою қара шашын артқа серпiп жiберiп «ужас» деп түсi тұнжырап бұзылып кететiн-дi. Қабағы керiле көтерiлiп, маңдайы жиырылып барып, қайта жазылатын. Қолындағы сiрiңке қорабының iшiнен бiртiндеп шырпы суырып, оны бас бармағы мен сұқ саусағының арасына салып бытырлатып сындырып, отырған жерiн пырдай етiп шашып тастаушы едi...

Ал, шындығына келсек, Жұкең өзiнiң сырлас достарының ортасында тiптi де тұйық емес едi. Ондай жерлерде барынша емен-жарқын еркiн отыратын, әзiл соңынан әзiл, қалжың соңынан қалжың айтылатын. Папиросын бұрқ-бұрқ сорып, соның қалың түтiнiне басын еңкейте сұғып жiберiп тұншыға ұзақ күлетiн. Солай бола тұра ол кiсi, желкеуде әлдекiмдер сияқты «мен ананы бiтiрдiм, мен мынаны бiтiрдiм» деген желөкпе әңгiмелерге де, «мен анау тақырыпты жазбақпын, мен мынау тақырыпты жазбақпын» деген қашпаған қашардың уызынан дәметкен қысыр сөздерге де бармайтын. Ол кiсiнiң бойында жалбыраған жалбақайлық, құркеуде бөспелiк дегендер қалай болмаса, кекiрейiп кердеңдеп тұру, аспандап қарау сияқты астамшылық та сондай жоқ едi.

Бiр күнi, ұмытпасам «Қазақ әдебиетiнiң» бетiнде болу керек, бiр iнiсiнiң Жұкеңнiң кезектi кiтабын жерден ап-жерге салған, автор түгiлi, өлеңге жанашыр кез-келген көлденең көк аттылының да жанын жаралайтындай өте бiр жағымсыз мақаласы шықты. Ол мақаланың қысастықпен әдейi ұйымдастырылғаны оның өн бойынан баттиып көрiнiп тұр едi. Зәрлi, былғаныш мақала. Әдейi жамандау үшiн, жала жабу үшiн жазылған мақала. Ол кез Жұкеңнiң есiмi жиi-жиi айтылып жүрген кез болатын. Соны көтере алмаған, көре алмаған бiреулер әлгi мақаланы әдейi ұйымдастырған болу керек. Сол мақаламен Жұмекен Нәжiмеденовтың бетiн қайтарып, тауанын шағып тастамақ болған. Мiне, осы мақала Жұкеңнiң жанына қатты батты. Мен Жұкеңе «қарсы мақала жазсам қайтедi» дедiм. «Жоқ, – дедi Жұкең, – жазбай-ақ қой. Бiрiншiден, сен жазғанмен, ол мақаланы дәл қазiр еш жер баспайды. Екiншiден, алда-жалда баса қойғанда да оған қарсы тағы мақала жазылады... Сөйтiп жалғаса бередi. Уақыт кетедi, жүйке тозады... Жұмыс бiр жақта қалады. Ал олардың iздегенi де сол. Оларға тек жұмыспен жауап беру керек» дедi. «Сонда бұл мақаланы ұйымдастырып жүргендер кiмдер» деп ем, «кiмдер екенiн бiлем, бiрақ оның саған қажетi жоқ» деп бетiмдi қайтарып тастады...

Бiраз уақыт өткеннен кейiн Жұкең маған бiр топ өлеңдерiн оқып бердi. Кiлең бiр бестi айғырдың қылынан шымыр есiлген шылбырдай шиыршық атып тұрған берiк, бiрақ айқай-сүреңсiз, қуатты өлеңдер екен. Ол өлеңдердiң бiразы көп ұзамай жарық көрдi де. Сонан кейiн-ақ Жұмекен Нәжiмеденов поэзиясы туралы сыңаржақ пiкiрлер, мүлде жоқ боп кетпесе де, едәуiр толас тапты. Қандай жала, қандай бәледен де, ең алдымен өзiңнiң адал төгiлген маңдай терiң ғана арашалап алатынын сонда түсiндiм...

Кейiннен мен Маңғыстауға, ол кiсi Мәскеуге оқуға аттанды да бiрер жыл бiр-бiрiмiзден көз жазып қалдық. Бiрашама уақыт өткiзiп, мен Маңғыстаудан Алматыға демалуға келсем, ол кiсi де демалыста жүр екен. Шұрқырай кездестiк. Өзi бiр керемет көңiлдi екен. Жолма-жол аудармалармен танысқан орыс ақыны Юрий Кузнецов қатты риза боп өлеңдерiн аударуға сөз берiптi. Мен де қуанып қалдым. Өйткенi мен өз басым Кузнецовты орыстың ең iрi ақыны деп бағалайтынмын. (Бүгiнде марқұм боп кеткен оны, Кожинов, Распутин, Белов сияқты орыстың нағыз зиялылары орыс ұлтының ұлы ақыны деп атап жүр). Бiрақ ол сәттi басталған iстiң неге жалғасын таппай қалғанын қазiр бiлмеймiн...

Жә, айта берсек әңгiме көп. Ол кiсiнiң жүрiс-тұрысы да, сөйлеген сөз мәнерi де, қабаржыған сәттерi мен қуанышқа кенелген тұстары да, бәрi-бәрi көз алдымда...

Ол кiсi отырғанда да, жүрiп бара жатқанда да, анда-санда шашын артқа қарай серпiп тастап, басын сәл еңкейiңкiреп ұстаушы едi. Бейнебiр тереңге үңiлiп отырғандай, немесе тереңге үңiлiп бара жатқандай...»

Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов 1983 жылдың 22 қарашасында дүние салды. Ол жүрек талмасынан кетті. Ең алғаш рет инфаркт алғанда ол ауруханада екі ай жатты. Көретін күнінің аз қалғанын жүрегі сезді ме, кім білсін, ауруханада жатқанда ол күнделік жүргізіп көңілін қажаған біраз ойларын қағаз бетіне түсіріп кетіпті. Дүние жалғаннан өтер алдындағы Жұмекеннің қандай көңіл-күйде болғанын көрсету үшін ауруханада жатқанда жазған күнделігінің кейбір тұстарын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Июль. 29

20 күні реанимацияға түсіп едім. Содан бүгін 29-ында балконға шығып, күннің көзін көргенімде көзіме жас келді ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайран, тіршілік.

Июль, 31

40-42 градус. Балконға шалқытып тұрып су шашып ем, - 20 минуттан кейін кеуіп кетті. Бу көтерілер деп күтіп ек – о да көрінбеді. Қызған тас та менің бір досым сықылды кепкіш-ау, сірә, қанша ақша алса да, ол үш күннен соң еріні кезеріп, қурап шыға келеді ғой. Тым құрыса, буын байқатсайшы!

Август, 1

Таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән-ақ қой, шіркін. Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері – ән өнерінің Колумбысы ғой.

Үйірі қысырақтың Мақпал қара,

Қара шашыңды күндіз жу да түнде тара.

Алыстан ат терлетіп келгенімде

Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.

Қалай, ә! Осындай құдіретті Ырымбайка сезіне ме? Ішіне қатсын? Ол әлгіндей әндерді ешкім түсінбейді, бағаламайды деп ойлайды. Әрине, орындай да алмас еді. Оған ән емес, қол – шапалақ керек. Қолды көп шапалақтайтын, әрі арзан дуылдайтын қоғамның ең тәжірибесіз, біліксіз, талғамсыз тобы – жастар, олар да есейер-ау, бірақ, өнер адамының өз есі кірмей-ақ барады. Успех! Какой тебе успех? Самообман!

Август, 2

Әйтеуір біреу жүйкеңе тиеді. Әдейі істейді. Сені ызалана алғандарына да мәз болатындар бар десе – сенбеуші ем. Рас екен. Ия, адам өз басына түспей нені түсінуші еді. Соның бәрі, меніңше, жақсылыққа тым көп сенуден, тым көп жүк артудан ба деймін. Әйтпесе, көзің көріп тұрған жамандықа неғып сенбейсің?...

Август, 7

..Түскі астан кейін де ұйықтармын-ақ деп ем, болмады: екі қара шыбын емешемді құртып бітті. Тұмсығымнан бастап, кірпігіме шейін қонып шықты. Бірер газетті қатты шиыршықтап алып, ұрып та өлтірмек болдым. Дегенмен, өзіңнің адам болар – болмасың әлі белгісіз бола тұрып, шыбын да болса тірі мақұлыққа қазауаттық ойлаған ұят секілді көрінді. Әрі..Менің екі бірдей сыншым болып еді. Олар да осы екі шыбын сын-ды мазамды алған болатын. Ол екеуі де тірі жүр ғой, мына екеуі де тірі жүре берсін деген ой келді. Жалқау кісінің Гуманист келетіні рас... Кейде қорқақ кісі де Гумманист.

Август,11

...Түнде теледидардан ядролық қарудың қауіптілігі туралы дискуссия болды. Сөйлеушілердің бәрі шешен екен. Әттең іс жүзінде – тіл емес, қол шешен болса ғой – сол айтылғандар іске асып жатса... Пайдасыз жиналыстың көптігі содан. Сөйлеп кетсе – бәрі дұрыс айта алады, бірақ сөз жүзінде. Біздің Жазушылар Одағының жиналыстары да сондай ғой: ақылды сөз көп, ақылды іс жоқ. Барлық қасірет – қоғамның көзіне түсу, көріну т.б. Абай айтады ғой: «..десін, десін деп жүріп, демесінді ұмытып кетеді».

Ат-шапаннан кем көрме,

Біреу атын қойса қу дейді.

Мұны Абай айтады. Күні бүгін Абайдан актуальды ақынды көргем жоқ. Дәл түседі-ау, дәл түседі....

Неге біздің поэзия орталық аренаға шықпайды? Абай аударылған жоқ, Махамбет аударылған жоқ, Қасым аударылған жоқ. Аударылғандар; С.Сейтхазин, М.Айтхожина, Ж.Молдағалиев (ең мықтысы), Қ.Жұмағалиев, Ө.Күмісбаев, Т.Әбдірахманова, К.Салықов, Ә.Жәмішев, Е.Әукебаев т.б. Алдағы жылдары Жазушылар Одағының Басқармасы А.Шамкенов, Г.Сейілжанова, Қ.Баянбаев, Ә.Райымбековтерді аударту үшін Москвадан ақындар шақыртып, жанталасып жатыр дегенді естідік. Евг Евтушенко сықылды біреу мұрындық бола қалса, кім біледі, жоғарыда аталғандардың ішінен де біреулер мықты болуы әбден мүмкін....О, соры қайнаған қазақ жыры! Сенің бағың ешқашан ашылмас. Қазақ өлеңін аудармақ болған орыс ақынының көзіне тек қана ақша елестейтін шығар. Өйткені, қазақ өлеңіне жоғарыда аударылған ақындардың деңгейімен қараған кісіге ақшадан басқа не керек?...

Бүгін 19 август.

Осы жұма мен үшін өте ауыр болды. Өткен сенбі күні Қоныс қайтыс болыпты. Сейсенбі күні жерлегенге ұқсайды. Оны жұрт менен жасырып келген екен, Керей келіп айтып қойды. Өмір деген сол – бәріміз де бір күні бұрқ ете қаламыз ғой, дегенмен өмірдің өзі секілді, өлім де: бақытты, бақытсыз болып бөлінеді деседі. Кім біледі, бізге (маған) қайсысының дайын тұрғанын..

Қалай дегенмен, қайткен күнде де асықпаса болмайтын секілді. Өз қоқсығыңды өзің жинап, өзің реттеп кеткенге не жетсін! Соларды жинақтап, бәрінің басын қосып – бір жарық көрсетсем... ар жағында ғұмыр болып жатса – тек олжа деп қана санар едім...»

1983 жылдың 22 қарашасынан кейін Жұмекен Нәжімеденовтың екінші өмірі басталды. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда ұлы ақынның артында қалған бес баласының бәрі де ер жетіп, өмірдегі өз жолдарын тапты. Үлкен қызы Әйкен – 1958 жылы туған, мамандығы математик, одан кейін Қарлығаш –1962 жылғы, мамандығы –экономист, ұлы – Мағжан 1965 жылғы, мамандығы инженер, Тоғжан –1968 жылы туған, мамандығы – архитектор-құрылысшы, кенжесі Саида –1970 жылы туған, мамандығы – әдебиетші, аудармашы.

Жұмекен дүние салғаннан бері ширек ғасырдан астам уақыт зымырап өте шықты. Еліміз тәуелсіздік алды. Әттең, азаттық туының көк аспанда желбіреуін аңсап, бостандық тақырыбын жырларына арқау еткен ұлы ақын сол күнді көре алмай, арманда кетті. Бұрын «менің елім, менің жерім» деп мақтану қай-қайсымыздың да айта алмай жүрген ұлы арманымыз болса, бүгінгі таңда біздің бәріміз де сол сөздерді әнмен шырқап, қазақтың кең байтақ даласын тербететін болдық.

Совет заманында жазылған қаншама туындылар уақыт сынына төтеп бере алмай, ескіріп, күресінге лақтырылды. Ал, Жұмекен шығармаларына деген халықтың махаббаты жылдар өткен сайын бұрынғыдан да бетер арта түсіп, тамырын тереңге жіберген ақын поэзиясы Темірқазық жұлдызына қарай биіктеп барады...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар