Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

25.09.2017 6510

Жүрек сөзі – 6

Жүрек сөзі – 6 - adebiportal.kz

(Күнделік жалғасы)

2012 жылдың 24 сәуірі

Оралхан ағамды ойлағанымда...

Арқада биылғы қыс тым ұзаққа созылды. Алайда райынан қайтқан соң, күн тез жылып кетті. Әрі қарай, өліара маусымның қалай ойнақтап, ауа-райының қалай құбыларын бір Алла біледі.

Күн мезгілінің ұзарғандығынан ба, әлде дүниенің жаңарғандығынан ба білмеймін, көктем шыға салысымен мазам кетіп, ұйқым қашады. Кейде неше түрлі ойлар көңілімді түртпектеп, түні бойы көз ілмей, дөңбекшіп шығамын. Қырықтан асқан соң, әр нәрсені ойлап мазасы кететін болса керек, адамның.

Оралхан мен Кеңшілік

Сағат тілі түнгі он екіден асып барады. Ертең Астанадағы ұлттық кітапханада жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығына арналған жиналыс өтеді. Оны басқару маған тапсырылған. Соған дайындалып жатырмын. Ұйқым келмейді. Жиналыста айтатын сөзімді күнібұрын әзірлеп қойып, негізгі шаруаның бәрі біткенімен, естелік өмірдің құйыны соғып өтіп, тынышымды алды.

Алтыншы қабаттың терезесінен көшеге қараймын. Қала қалың ұйқының құшағына батып барады. Арлы-берлі зырылдаған көліктер де толастай бастады...

Тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақ әдебиеті» газетінде «Тоқыраудың тоңын жібітсек» деп аталатын мақалам жарық көрді. Ол жылдары газетке, әсіресе, «Қазақ әдебиеті» секілді іргелі басылымға бір дүниең шықса, сол күннің негізгі қаһарманы – сен болатынсың. Қуанышым қойныма сыймай, жүрегім дүрсілдеп, құстай ұшып газет редакциясына жеттім.

Жазушылар одағының ғимаратына қарай аяңдап бара жатқан Оралхан ағамды анадайдан байқадым. Қуып жетіп «Ассалаумағалейкум» деп амандасып, сәлем бердім. Ол мені бірден таныды. Екеуміз үшінші қабатқа көтерілдік. Кабинетіне кірдік. Орнына жайғасып алған соң, ол бұрқыратып темекісін шекті.

- Әкеңнен аумай қалған екенсің. Мақалаң жақсы. Сауатты жазылған. Бірақ ең негізгі гәп онда ғана емес. Өнерде сезімнен асқан құдірет жоқ. Баяғыда Батыстың бір жазушысы (дәл кімді айтқаны есімде қалмапты) бір романында удай мас болған офицердің аузына, енді он жылдан соң біз Жапонияға атом бомбасын тастаймыз деген сөзді салады. Тура он жылдан соң АҚШ Хирисима мен Нагасакиге атом бомбасын тастады. Сенің жазғандарыңда үлкен сезім және ақындық шабыт бар. Екі қасиет те сенің бойыңа әкеңнен жұққан болуы керек, – деді терезе жаққа қараған ол, менімен емес, бөгде бір адаммен сөйлесіп отырғандай кейіп танытып. - Сезімталдық жазушының бойындағы көріпкелдік қасиетті ұйқысынан оятады. Осыны ұмытпа.

- Дұрыс айтасыз, аға. Мен де солай ойлаймын. Ғасырымыздың басындағы төңкеріс те дәл Достоевский айтқан күйдегідей қалыпта жүзеге асты емес пе? Ұлы жазушы төңкерістің қандай қасірет әкелетінін «Албастылар» романында көріпкелдікпен айтқан болатын,- дедім мен де, өзімше білгішсініп.

Екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол маған дән риза сезіммен қарап, мақаламдағы көтерген мәселеме байланысты ойын білдіріп, тағы да біраз мақтады. Сосын темекісін құшырлана сорып, үнсіз қалды. Мақаламды шын көңілімен мақтады ма, әлде әкем дүние салғаннан кейін жетімсіреп жүрген көңілімді жұбатқысы келді ме.. ол жағын білмеймін.

Бірақ жазушы Оралхан Бөкейдің аузынан мұндай мақтауды естіген соң, жүрегім қуаныштан жарыла жаздап, бақыттан басым айналғандай болды. Өйткені Оралхан Бөкей менің бала күнімнен бергі рухани сырласыма айналған, сол уақыттағы ең сүйікті жазушым еді.

Сегізінші сыныпта «Жүздесу» атты авторлық жинақтан «Терісаққан» деген әңгімесін оқып шығып, ол маған қатты әсер еткен. Әрине, мен ол жылдары әлі бала болғандықтан әңгіме арқылы айтқысы келген Оралхан ағамның ойының астарының тереңдігін түсінген жоқпын. Мен тек әңгімені оқып шыққан соң, аузымның суы құрып, жазушының суреткерлік шеберлігіне ғана таңғалғанмын. Шалқар шабытпен жырланған жазушының шығармасын көзім сүрінбей, бір демде оқып шыққанмын.

Кейін есейген соң қайта оқығанымда ғана жазушының әңгімесінде қазақ халқының үлкен трагедиясы жатқанын түсіндім. Теріс аққан өзенді суреттей отырып, теріс ағып бара жатқан қазақтың өмірін жырлаған еді, Оралхан ағам. Әңгіме «Ағарыс Есілге құяды. Есіл қайда құяды. Ей қазақтар, Ағарыстан айырылдың», деп аяқталады. Шындығында жазушының әңгімесінде ұлттығынан айрылып бара жатқан ұлтымыздың қасіреті жырланған-тұғын.

Сол күні Оралхан ағам маған «Ұйқым келмейді» деп аталатын жаңадан шыққан прозалық жинағына қолтаңбасын қалдырып, сыйға тартты. «Айналайын, Амангелді! Әкең туған інімдей болған досым еді. Сені көрген сайын Кеңшілік тіріліп келгендей қуанамын. Әкеңнің қазақ үшін жасаған жұмысын, әрі қарай өзің жалғастырарсың. Ағаң Оралхан».

10 мамыр 2012 жыл

Төлен ағамның шығармашылығы туралы «Парасат майданы» деп аталатын мақаламды бастап қойдым. Бірақ араға бір жұмыстар килігіп кетіп, жалғастыра алмай қалдым. Алдағы сенбіде бәрін тастап, үйден шықпай, тағы да әуреге түсіп, ақ парақты шимайламақшымын.

Жазушының шығармаларымен мен бала күнімнен бері жақсы таныспын. Мектеп қабырғасында жүргенде «Айтылмаған ақиқат» деп аталатын прозалық жинағын оқып шығып, ол мені қатты толғандырған еді .

Содан бері мен жазушының қаламынан шыққан дүниелерінің бірде-біреуін назарымнан тыс қалдырмай, оқып келемін. Оқып келемін...

Төлен өте аз жазса да саз жазатын таланттардың санатынан. Оның бар жазғаны әрі кетсе үш том ғана болатын шығар. Бірақ жазушының бір кішкентай әңгімесінің өзінде роман-эпопеяға жүк боларлықтай салмақ пен үлкен идея жатады.

Жазушының ең алғашқы туындыларының бірі «Оң қол» әңгімесін алайықшы. Дәл осы шығармадағы тұлғаның екіге бөлінуі туралы кейіннен әдебиетімізде қаншама әңгіме, повесть, романдар жазылды. Бірақ солардың ешқайсысы да Төлен бойлаған тереңдіктерге жете алған жоқ.

Төкеңнің шығармашылығы қандай таза болса, рухы да сондай. Жағымпаздықты, біреуді өтірік мақтағанды жаны жек көреді. Даңғойқұмарлыққа құмар емес. Қарапайым. Ар-ұяттына кір жұғатын пендешілік шаруаға аттап баспайды.

Өткен жылы «Өркениет» журналынан «Тұғыр мен ғұмыр» повесін оқып шықтым. Биыл жазушы жетпіске толды. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан жұртты байқамадым. Жетпіс жылдығы аталмай қалса да Төлен ағамның ондай шаруаға бас қатырмайтынын жақсы білемін. Жазушының шығармашылығы туралы жазғым келіп жүрген шаруамды ойдағыдай аяқтай алсам, мен үшін үлкен табыс, талантқа көрсеткен бір кішкентай құрметім болар еді.

2012 жылдың 24 мамыры

Казаковтың әлемі

Юрий Казаковтың прозасын мен не үшін жақсы көремін? Екі күн бойы орыс классигінің «Түн» деп аталатын әңгімелер жинағын көзім талғанша оқып, самырсын, бал қарағайлары сыңсыған орманның ауасымен тыныстағандай бір әдемі күйді басымнан кештім. Сөз өнеріндегі түрлі ағымдардың ешқайсысына да еліктемеген Казаков дәстүрлі орыс әдебиетіндегі лирикалық прозаның шамшырағын қайта жаққан ұлы суреткер. Ол орыс әдебиетінің теңізіне құмда адасқан жылғадай болып емес, ұлттық табиғатының тұнығы лайланбаған, тазалығын кір шалмаған ғажайып ағын болып қосылды. Казаковтан кейін орыстың талай мықты жазушыларының шығармаларын оқығың келмей қалады. Елу бес жыл ғана өмір сүрген жазушының берген бар қазынасы бір-ақ томға сыйып кетеді.

Жылына бір әңгімеден артық жазбаған Казаковтың қаламынан туған шығармаларынан басы артық оқиға түгіл, бір артық детальды, тіпті керек болса болмашы бір артық сөзді де таппайсың.

Казаковтың прозасынан, Тургеневтен соң ешкім қайталай алмаған табиғат жаратқан әлемнің сиқырлы музыкасы естіледі. Бунинде ғана кездесетін суреткерлік пен лиризм қайта тірілгендей болады. Не деген ғажайып әлем еді, Казаковтың прозасы!

Казаков қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен тер» трилогиясын орын тіліне аударды. Романды орыс оқырмандары жылы қабылдады. Казаковтың жазушылық шеберлігінің арқасында романның орыс тіліне керемет аударылғаны соншама, түпнұсқадан бір кем емес. Ол тек романды аударумен ғана айналысқан жоқ, Әбекеңе ақыл-кеңес беріп, келіспеген тұстарын қайта жазғызып отырды. Өз ісіне аса зор жауапкершілікпен қараған шебердің, шығарманы аударғанда ұсақ-түйек детальдарға дейін мұқият зерттегені байқалады.

«Қан мен терді» орыс тіліне тәржімалау барысында мынандай бір оқиға болады. Таңғы асын ішіп алғаннан кейін Әбекең мен Юрий Казаков біраз әңгімелескен соң, бір-бірімен қоштасып, жұмыс істеу үшін үйді-үйлеріне тарасады. Сүт пісірім уақыт өткен соң Казаков түрі өрт сөндіргендей болып Әбдіжәмілді іздеп, қайтып келеді. Не болғанын білмей аңтарылып, сасып қалған Әбекеңе мән бермеген Казаков:

- Білесің, бе мен сенің жазған дүниеңнен бір үлкен қателік таптым. Сен пештің мұржасынан қою түтін шығып жатыр деп жазыпсыз. Ал қыстың қара суығында шығатын түтін сұйық және ақшыл болады, - дейді кекештеніп.

2012 жылдың 29 мамыры

Ресми құжаттарда көрсетілген дерекке сүйенсек, қайта-қайта айналып соққан ашаршылықтың зардабынан 1,5 тіпті 2 миллионға жуық қазақ қырылған екен. Алайда бұл әлі де нақтылай түсуді қажет ететін дерек көзі көрінеді. Бейресми дерек қазақтардын одан да әлдеқайда көп қырылғанын айтады.

Сол жылдары «Правда» газетінде Сафаров есімді қызыл комиссар «1 миллион қазақ қырылды» деп көрсетсе, ұлт жазушысы, ашаршылық жөніндегі комиссия мүшесі болған М.Әуезовтің қазақтың тұңғыш құрылтайында (1921 ж) сөйлеген сөзінде: «Соңғы жылдары ашаршылықтың салдарынан 1 млн. 700 мың қазақ қырылды, оның 700 мыңы балалар» деп ашына айтқаны қағаз бетінде хатталып қалыпты.

1920-1923 жылы жұтшылық кезеңінде жүргізілген санақтың нәтижелеріне орай жазбаларында сол экспедицияны басқарған профессор С.П.Швецов «1921 жылғы ашаршылықта қазақ халқы 30 пайызға азайды» деген дерек келтіреді. Оның көрсетуінше, кейбір елді мекендердегі халық тіпті 100 пайыз қырылып қалған.

Ұлтымыздың ірі қайраткері М.Шоқай «Қазақ жеріндегі аштық» деген еңбегінде жергілікті ұлттың ауыр жағдайға шыдамай, В.И.Ленинге хат жазғанын айтады. Сол хатта халықтың ашқұрсақ, аш-жалаңаш болып, аштан қырылып бара жатқанын ашып көрсетеді. «Кеңестік жүйе қазақ ұлтына жаны ашымады, олар тек алуды ғана біледі, ал халыққа жағдай жасауды ойына да алған жоқ» деп күйіне жазыпты М.Шоқай.

Түркістан Республикасы Кеңестері Орталық атқару комитетінің РСФСР-дағы өкілетті өкілі У.Шакиров 1919 жылы жазда И.Сталиннің орынбасары С.Пестковскийге былай деп жазыпты: «Түркістанның қазіргі үкіметі өзінің қыр халықтарына қарсы жасаған қылмыстық іс-әрекетінің нәтижесінде оларды толық қайыршылыққа ұшыратты және бұрын-соңды естіп білмеген 60 пайыздық қырылуға жеткізді…».

1917 жылы кеңес өкіметі жеңіп, қазақ даласында жұт, ашаршылық, қиыншылық, тапшылық басталды. Ол 1921-22 жылға дейін созылды. Ал, содан соң, 1928 жылы елде кәмпеске науқаны басталды. Байлардың мал-мүлкін тартып алу ісі мемлекеттік саясаттың бір бөлшегіне айналып, жоқшылықтан тұралаған халық онан сайын қиналды.

1928 жылы Қазақстанда жалпы есеп бойынша 40 миллион бас мал болса, 1933 жылы оның 4 миллионы ғана қалған.

Мемлекеттік ресми деректерге сүйенер болсақ (жоспарлау комитетінің мәліметі) 1930 жылы 122 мың адам туған жерін тастап қашса, бұл цифр 1931 жылы 1 миллионнан асып түскен. Бұл тіркелген ресми дерек. Ал, қаншама отбасы тіркеуден тыс бой жасырды? Қаншасы шетелдерде қалып қойды? Бұл әлі де анықтай түсуді қажет ететін жағдаят.

1928 жылдары өз елін тастап қашпаған қазақ 1931-1932 жылдардағы ашаршылыққа тағы да ұрынды. Бұл нәубет тағы да екі миллионнан астам адамды жалмады.

Есептеп байқасақ, осы жұт пен ашаршылықтың салдары бас-аяғы он бес жыл аралығында 4 млн.-ға жуық адамды еркінен тыс көрге тығыпты.

Алайда біз өзіміз айтуға арланып, бірімізден біріміз жасырып жүрген шындықты шетелдік зерттеуші-ғалымдар баяғыда-ақ жазып қалдырыпты. Р.Монвест деген ғалым сол 1931-32 жылдардағы ашаршылықта 1 миллион адам өлді десе, М.Олкотт-1,5 миллион адам қыршынынан қиылғанын жазады. Бұл деректер әртүрлі жинақтарға енген, оқырманға жеткен мағлұмат екенін де айта кеткіміз келеді. Тағы бір зерттеуші-тарихшы Дж. Беккер қазақтардың 1931-32 жылғы көрген азабы мен қорлығы өмірі естен кетпейтінін, тіпті бұл нағыз демографиялық апат екенін де ашына жеткізген.

Бұл ғана емес, қазақ халқын аузын айдаһардай ашқан тағы бір нәубет күтіп тұрды.

Ол – 1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін оқиғасы. Міне, осы науқан кезінде тағы да қазақ халқының 2 млн.-ға жуық адамы келмес сапарға аттанды.

2012 жылдың 30 мамыры

«Айқын» газетінен тарихшы Талас Омарбековтың сұхбатын оқып шықтым. Айтқан ойларының көбісі көңіліме қонды. Газет тілшісіне берген сұхбатында тарихшы Мәскеудің Орталық экономика мұрағатынан алып келген құжатты алға тартып, жантүршігерлік мынандай дерек келтіреді:

«1930 жылы 1 маусымда Қазақстанда ауылдың халқы 5 миллион 873 мың болса, оның 4 миллион 800 мыңы – қазақтар. .. 5 миллион 873 мың адамнан 1933 жылы 2 миллион 493 мың 50 ғана қалған. 3 миллион 3795 000 адам жоқ. Мұның бір миллионға жуығы босқындар».

Сұмдық-ай! Сондай қазақтың алпыс пайызы құрып кеткен. Осыдан артық ұлтқа жасалған қандай геноцид болуы мүмкін.

2012 жылдың 11 маусымы

Қара сөзімізде көпсөзділік басым. Біле тұрсақ та, үстелге отырғанымызда бәріміз де, қысқа жазудың хас шебері Чеховтың «кратость - сестра таланта» деген қағидасын ұмытып кете береміз. Шындығында есімізден шығып кеткендіктен емес, «іштен шыққан шұбар жылан» болғандықтан, көзге көрініп тұрса да, шығармаларымыздағы басы-артық дүниені сылып алып тастауды обалсынамыз. Ал, нағыз суреткер жазған дүниесінің құлақкүйі келіспей тұрса, оны қайта-қайта өңдеу мен жөндеуден жалықпауы, көңілінен шықпаса, тіпті, бәрін қайтадан басынан бастап жазып шығудан ерінбеуі тиіс.

Басқа жазушыларды сөз қылмағанда, әдебиетіміздің асқар алыбы Әуезовтың қаламынан туған шығармаларында да басы артық оқиғалар, сөздер, суреттер ұшырасып қалады. «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Күшікбай кезеңін сипаттайтын жерлердің қаншалықты қажеті бар еді. Әсіресе, «Абай жолы» эпопеясының үшінші және төртінші томында сюжет пен оқиғаны қолдан созған жасандылық қатты көзге ұрып тұр. Мұхаң осы романын төрттеуге созбай-ақ, ықшамдап екеуге түсіргенде, қазіргі күйдегісінен әлдеқайда мықты дүние болып шығар ма еді. Кім, білсін? Төрт том оқырман үшін тым ауыр салмақ.

Ұлы жазушыларда болатын мұндай кемшіліктерді айтудан қорқудың қажеті жоқ. Оны айтқаннан ол таулардың асқары шөгіп қалмайды. Қайта сол арқылы біз шығармашылық шеберліктің не екенін тереңірек тани түсетін боламыз. Айталық Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының екі томын оқып шығып, «Ура! Ура!» деп айғайлап, қуаныштан қолын шапалақтаған Гюстав Флобер, үшінші томына келгенде іші пысып, кітапты тастай салыпты. Расында да орыстың ұлы жазушысының жұрттың бәрінің аузының суы құрып мақтап жүрген романының соңғы екі томында оқырманды жалықтырып, тіпті, ішін пыстырып жіберетін басы артық дүниелер көп. Өте көп. Әсіресе, төртінші томдағы Толстойдың фәлсапа соғып кететін ең соңғы тарауының түкке керегі жоқ. Достоевскийдің шығармаларына қатты шүйліккен Владимир Набоковтың, ұлы жазушының оқиға құрай алмайтынына байланысты айтқан сындарымен де келіспеске амалың кем.

Бір күні Англияның екі үлкен жазушысы Соммерсет Моэм мен Бернард Шоу кездесіп, халықтың әдебиет туралы талғамы мен танымын талқылап сыр шертіседі. Әңгіме арасында Бернард Шоу ағылшындардың мәдениетінің немістермен салыстырғанда анағұрлым төмен екенін айтып, Англияда көрермен бармайтын пьесаларының Германияда ылғи да «аншлагпен» өтіп жататынын мысалға келтіреді.

Шындығында Бернард Шоу қатты қателеседі. Бұл жердегі мәселе ол ойлағандай, бір халықтың мәдениетінің басқа бір елдікінен төмен болып тұрғанында емес. Оның сыры мүлде басқада. Бернард Шоу өз еліндегі режиссерлердан жазған дүниесінің барлығының да сахнада еш өзгеріссіз қойылғанын талап етті. Ал, жазушының туындыларын сахналаған неміс режиссерлары болса, оның пьесасындағы басы артық дүниені сылып алып тастады. Сондықтан да көпсөзділіктен арылған ол қойылымдар көрермен көңілінен шықты.

Қазақ топырағында көпсөзділіктен бойын аулақ ұстаған –Би-ағаң (Майлин) ғой. Ол қысқа жазудың - нағыз хас шебері. Бейімбеттің жазу стильі мен оқиғаны беру формасынан талай дүниені үйренуге болады. Жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген жазушылардың ішінде заманның шындығын дәл Бейімбеттен артық суреттей алған қаламгерді мен білмеймін. Ол советтік дәуірде өмір сүре отырып, сол заманды аяусыз әжуалады.

Әуезовтың жазу мәнерінде суреткерлік басым. Бірақ Бейімбеттің қаламынан шыққан шығармалардағыдай санаңда бірден жатталып қалатын характерлер аз. Адамдардың тағдыры ашылатын өз заманының шындығы тапшы. Ол суреткерлікпен кейде тіпті тым қатты әуестеніп кететін сияқты болып көрінеді маған. Ол –эпик, бірақ реалист жазушы емес. Өз заманының қатал шындығын Бейімбеттен артық суреттей алған жазушы болған емес, әдебиетімізде.

2012 жылдың 4 қазаны

Уақыт тауып соңғы екі айда Хорхе Луис Борхестің төрт томдығын, Шекспирдің «Генрих VІІ», «Юлий Цезарь», «Антоний мен Клеопатра» «Ричард» драмалық шығармаларын, Томас Манның «Буденброктар», Джейн Остеннің «Гордость и предубеждения», Эрих Мария Ремарктың «Үш дос», «Оралу» романдарын оқып шықтым. Қазақ жазушысы Төлен Әбдікұлының шығармашылығы туралы «Парасат майданы» атты мақаламды аяқтадым. . «Парасат майданы» соңғы екі айдағы, жо, жоқ осы жылдағы бітірген ең үлкен шаруам болды.

Зады, өнердегі үлкен суреткерлердің барлығының да шығармашылық табиғатының күретамыры болып табылатын, індетіп өтетін өмірлік тақырыбы болады. Шекспирдің ақындық жанары пенделік болмыстағы екіжүзділікке қатты қадалды. Бальзак ақша құдіретінің күйретуші күшке айналып, адамдық табиғатымыздың тұнығын қалай лайлайтынын жырлады. Толстой пенде баласының болмысындағы жалғандыққа қарсы соғыс ашып, өмір-бойы сонымен күресіп өтті. Чехов адамның бүкіл үмітін қиратып, ауызға алуға да тұрмайтын «өлі жандардан» мәңгі өлмейтін шығармашылық жасады. Жазушының жаны жыртысқа түсетін парасат майданында жүрген қатыгез талант Төлен Әбдікұлы болса, жылы сәуледен гөрі, қайғының бораны қаттырақ соғатын шығармалары арқылы, түптің түбінде адамзатты көрге тығатын зұлымдықпен өмір бойы айқасып келеді.

Байқадыңыз ба, суреткерлік табиғаты Чеховқа қатты ұқсайтын Төленнің шығармашылығында шамадан тыс қатыгездік та бар. Егер Толстой мен Достоевскийдің өнерлері Маслова мен Раскольников сияқты, өмір сүруге еш үміті қалмаған адамдардың жанын түнектен суырып алып тірілтіп жіберсе, Чехов пен Әбдікұлының шығармаларында ізгілік үшін күресуге тиіс ғажайып сәуленің өзі сөніп, адамның ең соңғы үміті талқандалып, зұлымдықтың өртінде жанып жатады. «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде жазушы Әбдікұлының өнердегі қатыгездігі Чеховтан да асып түсіп, зұлымдықтың қатал табиғатын көрсету үшін ол, тіпті, тұтас бір тайпаның жанын құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды.

Асылы, жазушы Әбдікұлы, өнердің тіл, форма, стиль т.с.с формальдық жағына ғана назар аудармай, Алланың талантқа аманат етіп арқалатып қойған ұлы мақсатын әлимсақтан дұрыс түсініп, қасаң қағида мен ғұмыры шектеулі идеологияның шылауына шырмалып кетпеген қаламгер. Шерімізді тарқатып, қайғымызды жеңілдетіп, адамдық сүрлеуден адасып кетпеуді үйрететін оның ғажайып дастандарының барлығында да, пенделік мұратқа бағынбайтын, имандылық күнінің әсем шуағындай жарқыраған ізгілікті идея мен толғақты ой жатады.

Төлен шығармашылығынан жалған идеологияның тіршілігіне құндақталып, уақытша ғана қажеттіліктің қазанын қайнатып, пенделік мұратқа ғана қызмет етіп жатқан бірде-бір туындыны таба алмайсың. Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, романдарының ішкі табиғатында, қоғамның зұлымдығы туғызған әділетсіздікке қарсы шығып, ар-ұяттың сөзін биіктен сөйлеген азаматтық үн мен өмірдің жабайы шындығына бағынғысы келмей бүлік бастайтын, ой мұңын емген адамдық парасат жатады. Жазушы Әбдікұлы заман сұранысы туғызған сайқал шындықты емес, зұлымдық салтанат құрған замандағы, өмір топырағының астында көміліп қалған Құдайлық шындықты іздейтін суреткер.

Сондықтан да ол адамның рухын кемелдендіре түсетін парасат майданында толайым табысқа жетті. Оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне бөленген мұндай жеңіске ол, бойындағы таланты, жазу шеберлігі мен өнердегі ізденісінің арқасында ғана жеткен жоқ. Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда өмір сүрген суреткерді өнердің асқар биігіне көтерген екі қанаты болды – адал махаббат пен адамдық парасат.

Өнерді сүйген махаббатына адал болғандықтан, «Өліара» романындағы Асқардай барлық уақытта да ол адам болып қалудың жолын іздеп, даңғойқұмарлықтан, жағымпаздықтан, екіжүзділіктен, өтірік пен өсектен бойын аулақ ұстады. Шығармашылық өмірінің қос қанаты – адал махаббат пен адамдық парасат оны ылғи өнердің аспанындағы шексіздікке қарай ұмтылдырды.

Өнерге ұлы мақсат қуып келгенімен, армандаған биігіне жете алмай қанаты қырқылып қалатын қаншама таланттар бар. Және олардың барлығы шығармашылық қуатының аздығынан ғана сол биікке көтеріле алмай қалған жоқ. Өнерді сүйген махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтып алғандықтан олардың қанаты қырқылып, шығармашылығы өлді. Жүректері таза кезінде біраз биікке самғағанымен, уақытқа қызмет ете жүріп олар, парасат күнін тұмшалап тастаған бұлттардың арасында адасып кетті.

Жазушы шығармадағы терең ойды ізденіс пен кітаптан ғана емес, ең алдымен рухының тазалығы мен жанының тереңдігінен табады. Көп оқып, көз ізденгенімен, өмірдегі алаяқ, екіжүзді, даңғойқұмар, мақтаншақ, пысық, жағымпаз болып туған адамдардың неге кемел дүниелер туғыза алмайтынының себебін ойланып көрдіңіз бе? Өйткені Алланың алтын сарайындай жарқыраған ұлы Рухтардың қақпасы, шығармашылығы былғанбаған, адал махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтпаған адамдар үшін ғана ашылады.

Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Міне, сондықтан да шын талант әдебиетке, адамдық бастаудың қайнарын лайлайтын қоғамның зұлымдығынан өмірді тазарту үшін келеді. Жүрегі оттай жанып, өмірдің зұлымдығымен күресе алмаған жазушы еш уақытта да адам жанының суреткері бола алмайды.

Өнерге берілген адалдығы мен адамдық парасатының арқасында Төлен Әбдікұлы адам жанының суреткері бола білді. Оның қаламынан туған шығармаларында зұлымдыққа қарсы парасат майданын ашқан оттың жалыны лаулайды. Сол жалыннан қуат алған біздің рухымыз да оның жазған әр шығармасымен бірге кемелденіп, адамдық жолдан тайғанап кетпей, парасат майданында жазушымен бірге жеңіске жетіп келеді.

2012 жылдың 19 қазаны

Қостанайға Сырбай Мәуленовтің 90 жылдық мерейтойына барып келдім. Той орташа өтті. Бір өкініштісі Алматы мен Астанада тұратын ақын-жазушылардан Сырағаңның мерейтойына Серік Тұрғынбеков ағамыздан басқа ешкім бармады. Күні кеше ғана Сырағаңның соңынан еріп, оның шарапатын көрген ақындар қайда жүр?

Сырбай - қазақ әдебиетінің классигі. Ол қазақ поэзиясын түрлендіріп, сезімнің шұғыласына шомылдырып, оны жан-жақты байытып жіберген ақын. Қасымнан кейін ұлы поэзиядағы сезім найзағай еді ғой, ол. Тіпті, Сырағаңның қан майданда, жаңбырдай жауған жау оғының астында, қып-қызыл өрттің ортасында жүріп жазған жырларында күркіріген найзағайдың мінезінен гөрі, жүрегіңді елжіретіп, жаныңды жылытып жіберетін сезімнің шуағы мол. Аласұрып, өмірге ызаланып, тағдырдан өшін алғысы келетін кектен гөрі, өмірге еркелеп, сол тағдырдың аялы алақанын аңсаған мейірім басым.

2012 жылдың 7 желтоқсаны

Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Біздің ауылдың амазонкалары» атты әңгімелер жинағын сүйсініп оқыдым. Үлкен талант екеніне көзім жетіп, көңілім сенді. Осыдан біраз уақыт бұрын «Өркениет» журналынан «Атырау –Алматы поезды» деген әңгімесі көзіме шалынып, бүгінгі қатал да опасыз өмірдің реалистік шындығын соншалықты нанымды, әрі шебер суреттеген Рахымжанның жазушылық шеберлігіне көңілім толған еді. Сол күні Фариза апайдан телефонын сұрап алып, хабарласып, ризашылығымды білдіргенмін. Сөйтіп, Рахымжан ағама қайта-қайта хабарласып, соңынан қалмай жүріп, ақыры оның бір томдығын қолыма түсіргенмін.

Міне, сағаттың тілі түнгі 2-ден асты. Мына кітап мені ерекше бір сезім толқынының сергелдеңіне салып, ұйқымды қашырып, жанымның тыныштығын бұзды. Бұл кітап оқиғаны баяндап қана қоймай, саған мұңын шағып, жаныңмен сырласқандай болады. Кішкентай ғана ауылда өмір сүріп жатқан адамдардың тағдыры арқылы қазақтың қасіреті мен қайғысын танығандай боласың.

Ең бастысы шығарманың тілі өте көркем, құнарлы, әрі бай. Жазушы тілдің майын тамызып, оны ойнатқанда қырғауылдың қанатындай құлпыртып жібереді. Сөзбен сурет салғанда әңгімедегі сипатталатын кейіпкерлерді көзіңмен көргендей боласың, оқиғаның ішінде жүргендей әсер аласың. Ол күлдіріп отырып адамды жылатады. Суреткердің шығармаларында әдебиетіміздегі тек Бейімбет, Дулат, Тынымбай секілді ірі жазушыларымыздың табиғатында ғана кездесетін уытты сарказм бар. Адам өлтіретін юморы –сұмдық. Сойқан. «Американың ұлттық байлығы», «Мона Лиза», «Атырау –Алматы поезды» әңгімелері - соңғы жиырма жылдағы әдебиетіміздің зор табысы, бүгінгі өмірдің шындығын жеріне жеткізіп суреттеген - нағыз реалистік туындылар. Ол оқиға іздеп, өтірік пәлсапа соқпайды. Ол оқиғаны өмірден ойып алып, жаныңның тереңдігінде жатқан ойыңды оятып жібереді. Әңгімелері тез, әрі жеңіл оқылады. Өмір сияқты.

2012 жылдың 14 желтоқсаны

Орыс әдебиетінің күміс ғасырын (ХХ ғасырдың басындағы әдебиет) алтын ғасырынан да (ХІХ ғасырдағы әдебиет) жоғары қойғысы келетін сыншылар бар. Мен олардың пікірмен түбегейлі келіспеймін.

Толстой мен Чеховтың (алтын ғасыр әдебиетінің өкілдері) көзі тірі кезінде-ақ мүлде жаңашыл бағытта жазған, күміс ғасырдың өкілі саналатын Бунин, Куприн, Шмелевтай ірі прозаиктар мен Есенин, Белый, Бальмонт, Ахматова, Гумилев, Блок сынды талантты ақындар өнерге келді. Бірақ соған қарамастан ХХ ғасырдағы орыс әдебиеті қайта-қайта дағдарысқа малтығып, құлдыраудан көзін аша алған емес.

Сол уақытта өнердің есігін ашқан ақын-жазушылар әдебиеттің алтын дәуірінің тамаша дәстүрін әрі қарай жалғастырып әкете алмады. Форма, стиль тамаша жетілгенімен, шығарманың мазмұны төмендеп кетті. Дворяндардың озық ойлы ұлдары туғызған ХІХ ғасырдағы әдебиетте ұлтқа деген ұлы махаббаттың жалыны күшті болды, халықтың тартып отырған тауқыметі үшін олар қоғам мен ар-ұятының алдында өздерін кінәлы жандай, тіпті күнаһардай сезінді. Түнектен алып шығатын жолды іздеді. Халықтың сауатын ашуға, қорғауға, қарапайым адамдардың жанын түсінуге тырысты. Пушкин мен Гогольдан соң кішкентай адамдардың тағдырына үңіліп, сол арқылы заманның бет-бейнесін суреттеу үрдісі орыс әдебиетінде жаппай белең алды. ХХ ғасырдың басындағы өнердің есігін қаққан орыстың әдебиеті өмірдің тереңгі қабатында жатқан мұндай ендіктерге бойлай алмады, қаламгерлерді идеология мен биліккке мәжбүрлеп қызмет еткізу үрдісі басталып кетті.

Бунин мен Андреевтің тым салқындау болып көрінетін реалистік прозасы шебер жазылғанымен, олардың шығармаларынан Гоголь, Тургенев, Гончоров, Толстой мен Достоевскийдің (Чехов туралы әңгіме басқа) туындыларындағыдай үлкен жүректің лүпілін сезе алмайсың. Ия, тіл бар, әдемі форма бар, еліктіріп әкететін жақсы сюжет пен оқиғадан да құралақан емес. Дегенмен олардың әңгіме, повесть, романдарынан ХІХ ғасырда өмірге келген прозалық туындылардағыдай ұлтқа деген ұлы махаббаттың Құдайлық шуағы жарқырамайды.

Ақындардың ішінде жалғыз Блок қана біраз уақыт шатасқанымен, декаденстік ағымның орманында адасып кетпей, алтын бастауға қайтып оралып Пушкин мен Тютчевтердің ізбасары бола білді. Өмірінің соңында ғана орыстың ғажайып ақыны ұлтқа деген махаббат пен аяушылық сезімі жоқ жерде ұлы әдебиеттің болмайтынын түсінді. Александр Блоктың:

Опять, как в годы золотые,

Три стёртых треплются шлеи,

И вязнут спицы росписные

В расхлябанные колеи…

Россия, нищая Россия,

Мне и́збы серые твои,

Твои мне песни ветровы́е —

Как слёзы первые любви!

Тебя жалеть я не умею,

И крест свой бережно несу…

Какому хочешь чародею

Отдай разбойную красу!..

- деген мағынадағы өлерінің алдындағы жазған өлеңдері, сол ұлы әдебиетті туғызатын махаббаттың сырын түсінген соң барып қана ақынның жүрегінен туды. Оған дейін ол Достоевскийдің кейіпкерлеріндей адасу мен күнаға батудың оттай жанған тозағынан өтті. Бір айта кетерлігі күміс ғасырдың ақын-жазушыларының барлығы дерлік өздеріне тиесілі бір беймәлім рөлді ойнап жүрген әртістер болды. Алғашқыда керемет болып көрінгенімен сөзбен ойнап, жұртты адастырған олардың туындылары бірте-бірте оқырманды жалықтырып жіберді. Дегенмен сол уақыттың өліарасында әдебиетке келгендердің ішінде тұңғыш рет - Андрей Платонов пен Михаил Шолоховтың шығармаларынан орыс халқының шеккен қасіретіне жаны ауырған ұлы махаббат сезіле бастады.

Қолына билік тиген Кеңес үкіметі «ескі халықтың» көзін құртып, оның орнына «жаңа халықты» жасап шығару туралы «ұлы мақсат» қойды алдына. Шолоховтың «Тынық Доны» мен Платоновтың «Котлован» мен «Чевенгур» романдарының рухынан осы жалған идеологияға қарсы үлкен наразылық байқалады. «Тынық Донды» мен бала күнімде, мектепте жүргенде, «Чевенгур» мен «Котлованды» студент кезімде оқығанмын. Шолохов та, Платонов та маған қатты әсер етті. Әсіресе - Платонов.

«Чевенгур» романында жер бетінен жойылуға тиіс ескі халықты суреттей келіп Платонов оны аяп, қайта-қайта өксіп-өксіп жылағандай болады. Өйткені жазушының өзі де сол ескі халықтың өкілі – темір ұстасының ұлы еді. Өліп бара жатқан орыс әдебиетінің ұлы идеалдары ең алғаш рет Платонов шығармаларынан жарқырап көрінді. Мысалы, ұлы қаламгердің соғыс тақырыбына арнап жазған «Ержүрек адамдар» әңгімесінен біз тұңғыш рет «благословение», «высший смысл» деген тұрғыдағы Құдайлық сөздерді оқып, жүрегіміз елжірейді.

Айтпақшы, бір аяғымен әдебиеттің күміс, екіншісімен алтын ғасырының топырағын басып тұрған Михаил Булгаков туралы пікірімді білдіруді ұмытып бара жатыр екенмін ғой. Шынымды айтсам, Булгаковтың жазған шығармаларының «Белая гвардиясынан» басқалары маған қатты әсер еткен жоқ. Менің ойымша Булгаковты Гогольдің рухани ізбасары ретінде бағалап жүрген орыс сыншылары қатты қателеседі. Қоғамның жалған болмысын әшкерелеген Гогольдің сатирасында халықтың жанын түсінуге ұмтылған, оған аяушылық сезіммен қараған, келешегін ойлап күйзелген, батып бара жатқан батпақтан шығарып алуға тырысқан Құдайлық сәуле бар. Булгаковта мүлде басқаша.

Ұлы жазушының «Иттің жүрегі» повесінен оның қарапайым орыс халқын соншалықты жек көретін сезімі қылаң беріп қалады. Булгаков –зиялы қауымның жыршысы. Бірақ сол зиялы қауым өкілдерінің халықтың арасынан шыққанын ұмытуға болмайды ғой. Ендеше повесте тек профессор Пребраженскийді ғана халықтың күні мен парасаты етіп қана суреттеуі қаншалықты дұрыс? Халықты дәл осындай жағдайға жеткізген зиялы қауымның өзі емес пе?

Булгаков өз заманының шындығын жақсы суреттеген беллетрист, бірақ терең ойлы жазушы емес. «Шебер мен Маргарита» романында да Евангелияны әжуалап, бүкіл бір ұлттың дінін қорлап, мазақтайды. Романдағы Құдайға сайтанның қызметін атқаратып қойған ойы да көңілге қонбайды. Еш уақытта да Құдайдың сайтанға айналуы мүмкін емес. Егер Гогольдің шығармаларында аяушылық сезімі басым болса, Булгаковта керісінше өш алу поэзиясы үстемдік етеді. Оның туындыларындағы өшпенділіктің оты тек билікке ғана емес, қарапайым халыққа да қарсы бағытталған.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуымен әдебиетке бір үлкен толқын келді. Сол жылдары дүниеге келген Виталий Семиннің «Знак Ост», Феодор Абрамовтың «Ағалар мен апалар», Константин Воробьевтың «Мәскеу түбінде қаза тапқандар» туындылары өте тамаша жазылған. Бірақ осы дүниелердің ешқайсысын да тақырыптың тереңдігі жағынан Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігімен» салыстыра алмайсың.

Соғыстан соң әдебиетке келген Шукшин, Распутин, Белов, Астафьев, Тендряковтар да әлемдік ойды байытқан ұлы туындылар туғыза алмады. Бір сөзбен айтқанда ХХ ғасырда, салыстырмалы түрде алғанда Ресейде ұлы әдебиет болған жоқ. Керісінше ХІХ ғасырдағы орыс әдебиеті қатты ықпал еткен Батыс алдыға озып кетті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар