Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жүрек түбіндегі шам...

27.03.2021 5974

Жүрек түбіндегі шам 12+

Жүрек түбіндегі шам - adebiportal.kz

Түркістан жастарымен, бүгінгі әдеби ортасымен жүздесіп емен-жарқын сұхбаттасқан едік. Алды республикаға таныла бастаған «Ақынхананың» жігіттері ағынан жарылды. Жырдың құсы жүректеріне ұя салған олардың рухы биік. Көне қаланың күбіріне құлақ түреді. Әрқайсы өзінше жырлайды.

Сол еркін әңгімеден еншілеген сырды оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.

- Әңгімені түркілердің төрі болған Түркістан өлкесінен бастасақ. Өңірдің бүгінгі әдеби-мәдени келбеті қандай?

Еламан Төлеутай: Қазіргі қазақ әдебиетінде провинциалық әдебиет дамып келеді. Бұрындары әдебиеттің қайнаған қазаны Алматыда еді. Ығайлар мен сыйғайлардың Алматысы. Қазір де солай екендігіне дау жоқ. Бірақ, қазіргі қазақ әдебиеті Алматының аясынан асып, шеңберінен шықты. Әр облыс-қаланың бұрқырап жатқан қасиетті қара қазаны бар. Өңір-өңірдегі қаламы қарымды қаламгерлер мен жас таланттар қазақ әдебиетінің өздеріне тиесілі жүгін абыроймен көтеріп келеді. Болашақта провинциалық әдебиеттің де шеңберінен шығып, тұтас қазақ, тұтас түркі әдебиеті кеңістігіне көтерілеміз. Ол үшін өңірлік әдебиет өзінің динамикалық даму процесінің әр сатысынан, кезең-кезеңінен кезек-кезегімен өту керек.

Біздің Түркістан топырағындағы әдебиет сол даму процесінің қалыптасу кезеңінен өтіп, қақ ортасында тұрған әдебиет болып елестейді көз алдыма. Дамудың қақ ортасы ең қауіпті кезең. Қарыштап дамуы да бір-ақ сәт, құлдырап құлауы да бір-ақ сәт. Біздің буынның міндеті дамытса хәл-қадерінше дамыту, ал, дамыта алмаса, құлдыратып алмау. Бұл бір қыл көпірдің үстімен жүргендей құбылыс.

Түркістандағы әдебиет өзі бір қызық әдебиет. Қызық дейтін себебім, қазіргі Түркістан әдебиеті эмигранттар жасап жатқан әдебиет. (Ішкі эмигранттар, әрине). Түркістанда қазір қалам ұстап жүрген қыз-жігіттердің берісі еліміздің әр өңірінен, арысы шекараның арғы бетінен келген азаматтар. Бізді Түркістанда тоғыстырған бірінші тағдыр, екінші Түркістанның киесі, үшінші Құлбек Ергөбек. Біздің алдымыздағы буын да солай болған. Олардың ішінде Түркістаннан қайта көшкендер де, тағдырын Түркістанға байлағандары да бар. Ал, қазіргі жан-жақтан жиналған студент ақындар ертең Түркістанда қала ма, жоқ па, оны мен білмеймін. Оларды қалдыру үшін үлкен қолдау көрсету керек. Бірақ, Түркістан - топырағына табаны тиген адамның жүрегінде мәңгілік қалатын қала. Түркістандағы ақындардың шығармашылығында бұл қала үлкен мектеп, тұтас кезең болып қалады.

Түркістанның әдеби келбеті деген сұраққа жауап беру үшін Түркістандық ақындар Түркістанға не берді, Түркістаннан не алды деген сұраққа жауап берсек. Түркістан ақындарына жан тыныштығын берді. Түркістан рухани терапияның қаласы. Ығы-жығы болып жатқан үлкен мегаполис емес. Облыс орталығы болып, түндегі қала тынысына аздаған шу қосылғаны болмаса, түнделетіп кесенеге барып, ондағы құстар үнін қиялыңызға музыкалық сүйемел етіп, ауырлығы да, жеңілдігі де білінбейтін жып-жылы ойларға шомдыратын қала бұл. Ақынға одан артық не керек?! Түркістан ақындарға жата-жастантып кітап оқытқызды. Түркістанда кітап оқымау күнә. Осындай тыныш қалада жатып алып кітап оқу да бір ғанибет. Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» кітабын кесененің алдында отырып жаздым деген бір сөзін оқып едім. Біз де кесененің алдындағы жалғыз теректің түбінде отырып кітап оқыдық, өлең де жаздық.

Ал Түркістанға не бердік? Түркістан Түркістан болғалы бері оған жан-тәнімен қызмет еткен адамдардың еңбегінің қасында біздің еңбек көзге көрінбес. Бірақ, біз Түркістанға арнап өлең жаздық. Жүрген жерімізде «Түркістанның ақындарымыз!» дедік.

Міне, Түркістанның әдеби келбеті осындай: бабалар рухымен тілдесіп, көгілдір күмбезге көз тастап, ойға шома кесенені арлы-берлі кезіп жүрген бір топ ақындар мен олар үшін құстарына ән салғызып, бұлттарына жауын жауғызып, үнсіз күрсініп тұрған қарт Түркістан.

Арқалық Әмәлият: Оңтүстік Қазақстан ежелден мәдениет пен әдебиеттің ошағы. Оның үстіне Түркістан облыс болған екі жылдан бері жас мамандар көптеп жұмысқа араласып, мәдениет пен әдебиетке орасан-зор үлестер қосуда. Жақсы шаралар, әдеби байқаулар, игі бастамалар көптеп атқарылып жатыр. Осының бәрі жастарға көптеп қолдау да бола білді. Түркістан облысы Жазушылар Одағы филиалының төрағасы Әлібек Шегебай ағамыз да игі бастамалардың басы-қасында болып, қолдау білдіріп келеді. Алда бұдан да жақсы зор табыстар мен игі бастамалар көптен болады деп сенеміз.

Дәурен Тілеухан: Түркістан он ай көрмесе сонда тұратын адамның өзі де танымай қалатындай үздіксіз әрі үлкен даму үстінде. Шаһардың әдеби-мәдени дамуы да қарқынды десем артық емес шығар. Оның үстіне руханиятқа арналған үлкен ғимараттар қаланың құрылысын ғана толықтырмайтыны айтпаса да түсінікті. Бірнеше мәдениет біріккен қадым қаланың, жаңа қаланың дидары көз қуантады. Түркістанда әдебиетке көңіл бөлінуін де жақсы бағалаймын. Жалпы, мен бұл қаланың өнерге деген ықыласы ерекше екенін сеземін.

Рысгүл Досжанова: Алғаш Түркістанға келген жылы әдеби орта таппай қиналдым. Сол жылы бізді 1 курста қарсы алған ұстазымыз Сапарбек Ергөбек “Орта қалыптастыруды өздерің бастаңдар. Өз күштеріңді пайдаланыңдар. Біліммен жарысыңдар” дейтін. Жоқ нәрсені сырттан іздеуді емес, өз ішімізден қалыптастыруды біз сол жылдары түсіндік. Алғаш 3 студенттен басталған әдеби орта 4 жылда кеңейіп, шын достар мен шынайы тағдырларды бір арнаға тоғыстырды. Түркістан - тарих жазылатын қала. Бәлкім, қазір біздің де тарихымыз жазылып жатқан болар.

Мейір Оразғалиев: Уақытқа дауа жоқ. Уақыттың келері бар, кетері бар. Бәрі өтірік, бәрі ақиқат. Сол уақыттың күре жолында, құла жонында кісінеген жылқының, жарты әлемді жанарына сыйдырған жылқының осқырғанын еститіні естір, естімегені емексіп тұрады. Түркістан десек, мәдениетте, сонсоң әдебиетте әлем-тапырақ әңгімелер, әлеміш-күлеміш картиналар бізге жетті, анығында бүгінгі күннің, бүгінгі ырғақтың ырғағында. Сағат Әшімбаевтың бір күнделігінде, Өтежан Нұрғалиев айтты дейтін мына бір сөйлемге "Тарих-тарихшылардың келісіп алған өтірігі" күлкім келеді, ойда жоқ жықпылда бас алдыртамын. Тарихтан әрі толғаған, тарихтан бері толғаған қосбасар күйлер, қоңыр сарын кеудеңдегі жанды, кеудеге ырық бермес ышқынған жанды орағыта түседі. Ыңыранып оянып кеткен дәруіштің хәлі. Өлімге беттеген ажалдың соңғы қорылы. Түркістан түс көріп жатыр.

Азамат Алибек: Түркістан - жер бетіндегі Меккеден соң ең қадірлі мекен десем қателеспеген болар едім, дәуірлер мен кезеңдердің анасы һәм күллі түркі халықтарының рухани астанасы, сан мың ғасырлар мен асылдардың мұрасын келешекке табыстап, сүйегін құшағында әлдилеп жатқан құтты өлке, бағзы дәуір мен болашақтың тарихи көпірі, Мағжан ақын жырлаған екі дүниенің есігі, тамырына нәр сіңген көркем шаһар. Осы өлкеде өсіп-өнген ұл ретінде, дархан даланың перзенті ретінде арқалаған жүгімнің ауыр екенін жан-болмысыммен сезінемін. Түркістандағы орын алып жатқан өзгерістердің игілігін көру болашақ ұрпақтың еншісінде.

Тілеубек Батыс: Тарихы тым арыдан бастау алатын, мыңжылдық өркениеттердің тоғысы, қазақ хандығының тарихи кезеңдерінің куәсі саналатын Түркістан шаһарының бүкіл орта Азияға, түркі халықтарына ортақ мәдени ошақ болғаны баршаға аян.

Ғасырлардың сан тарау шимайында өз келбетін өзгеріссіз сақтап келе жатқан Тұран шәрінің бүгінгі түр-тұрпаты да Абылайдың ақ туындай биік, Сүгір күйлеріндей сұлу, қарт Қаратаудай асқақ.

Ал, әдеби келбетіне келер болсақ, Түркістанның бүгінгі әдебиет майданы қазіргі қалада жүріп жатқан құрылыс жұмыстарынан еш аумайды. Зәулім ғимараттары көз жауын алатындай сәулетті, салынып жатқандары әлі толық нәтижесін көрсетпеген, төменгі деңгейі әлі қалыптасып үлгермеген. Әдеби бет-бейнесі де дәл солай.

- Аға буын мен жастар арасындағы шығармашылық байланыс қаншалықты? Сіз жүрген әдеби ортаның артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып өтсеңіз?

Еламан Төлеутай: Аға буын мен бала буын бір-біріне көп жақындамай-ақ қойса деймін мен. Ағалар үйретерін үйретіп, жастарға еркіндік берсе, жастар да оларды сыртынан сыйласа деймін. Жастармен жағаласып, қадірін қашырған ағалар, үлкендермен алысып, сүйкімі кеткен жастар көп. Әдеби субардинация сақталу керек бәрібір. Ал, жастарға шын жанашыр болып, жазғанына сынын да мақтауын да тура айтып, батасын беретін ардақты ағалардың жөні бір басқа. Біздің жүрген әдеби ортаның кемшілігі елге аты шыққан аға буын ақындардың аздығы, артықшылығы да елге аты шыққан аға буын ақындардың аздығы деп ойлаймын.

Біз Құлбек Ергөбектің «Түркі тілдес халықтар кітапханасы» атты керемет кітапханасынан тәрбие алған ақындармыз. Біздің арамыздағы шығармашылық байланыс сол кітапхана.

Арқалық Әмәлият: Түркістан облысында аға буын мен жастар деп көп бөлінбейді. Бәрі әдебиет деген терінің бір пұшпағын илеген жандар болғасын да, әлеуметтік желілерде де, шынайы өмірде де өте жақсы қарым-қатынаста. Шығармашылық байқауларда ғана аға буын болған қазылар алқасы жастарға шығармашылығы жөнінде ашық пікір айтады. Байқауды да әділетті түрде үздігін үздік деп, жетпегенін жетпеді деп, талдап-сараптап айтып отырып жүлделі орындарды табыстайды. Ал, өз шығармашылық ортамызға келсек, артықшылығымыз да, соған орай аздап кемшілігіміз де бар. Артықшылығымыз – басқа облыстарға қарағанда Түркістан обылысында оқырман мен шығармашылық ортаны түсінетін, қолдайтын орталар да, адамдар да көп. Сосын, кітап оқу, әдебиетке бейімділік, өнерге бейімділік бізде көп. Әдебиеттегі жастардың шоғыры да күн санап көбейіп келеді. Жан-жақтан, шартараптан келіп, Түркістанда басын қосып жатқан әрбір жас буын әдебиет үшін адал еңбек етуде. Ал, кемшілігіміз, жақынғы жылдардан бері әдеби форум өткізе алмай келе жатқанымыз. Бұрын Түркі халықтарының ақын-жазушыларының форумдары көптеп өтетін. Оның өзі әдеби ортаға үлкен әсер ететін еді. Алда сондай форумдар, республикалық, халықаралық әдеби бас қосу, жиындар көптеп өткізілсе деген арманымыз бар...

Дәурен Тілеухан: Кемшілік сол – жаңағы айтқан шығамашылық байланыс әлсіз. Бұл негізі өзіміздің кінәміз деп ойлаймын. Әдебиеттің болашағына жақсы қадамдар жасау үшін алдымен тұтастық болса деп ойлаймын. Түркістандағы жастарда(ішінде өзім де бармын!) сергектіктен гөрі, самарқаулық басым. Мүмкін, пікір қайшылықтары кедергі келтіретін шығар, бірақ бәрібір әдебиет ортақ қазына ғой... Ал мұндағы мен білетін әдеби ортаның артықшылығы – жастар шоғыры. Өзге қалалардағыдай аға буынға жалтақтап қалған жастар мұнда жоқ. Мүмкін, шығармашылық байланыстың әлсіздігінің бір пайдасы осы шығар. Мұндағы әрбір жас ақын ешкімнің етегінен ұстамай өз әлінше ізденіп жатыр.

Рысгүл Досжанова: Әдетте, әдебиеттегі қаламгерлер арасында әдеби орта керек емес, өскің келсе саяқ жүру керек деген пікірді көп айтады. Мен осыны көп ойлаймын. Қай ортада жүрсе де, қандай жерде жүрсең де “өз ішіңде жалғызсың”. Бізге бұл орта неге керек болды деп те ойлаймын. Бәлкім біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып келгеннен болар. Солай біз бір-бірімізге әдебиет арқылы аналық махаббат, әкелік қорған, ағалық мейірім көрдік.

Мейір Оразғалиев: Зады, творчества деген өнер атаулының тұп-тұқиянын жайлап, тамыр тартады. Әуезов көрген, Әуезов көрмеген шала Шекспирлер мен толмаған Толстойлар заманның қыратында, дәуірдің қыртысында ойып тұрып ен-таңбасын салады.

Өнерге, таза өнерге таза мінез керек. Ол мінездің жатырдан түлегені басқа, өз жатырыңнан бас көтерері басқа әңгіме.

Аға буынның, ағалық ұғымның мысы мен десі, алмағы мен салмағы қорғасынның қорытылғанындай дүние. Қияс жазылған, төте жазылған шығармаңның сын тезінен өтері де, өтпесі де өткір талқының еншісінде.

Дидар Амантай Әбіш ағасы жайындағы естелігінде: "Әбіш Кекілбай менің жазушы болып қалыптасуыма қатты әсер еткен кітаби ұстаздарымның бірі еді. Сырттай аға дос санаған Әбекең оны білмей өтті. Мен де ешқашан айтқан жоқпын" - дейтіні бар.

Оны кейде былай өзгертемін: "Құлбек Ергөбек менің әдебиетке келуіме әсер еткен кітаби ұстаздарымның бірі, hәм бірегейі. Сырттай аға-дос санаған Құлекең оны білмей өтеді. Мен де оны ешқашан айтпаймын".

Пендәуи емес, тұнық творчества хақында Ғабит Мүсірепов «Авгейдің ат қорасынан бастайық» дейді. Солай.

Тілеубек Батыс: Әдетте, аға буындар мен жастардың арасына алтынкөпір болатын олардың шығармалары. Соңғы кездері үлкендердің жастарды көп білмеуі олардың оқымағандығынан емес, әдебиетке дендеп кірген жастар толқынының көптігінен деп ойлаймын.

Ал, әдеби ортаның маңыздылығын әлем әдебиетіне бармай-ақ, аңыздағы Жұматай қағанатының, Әмірхан нояндарының жасындай жарқылдап құбылыс боп келуі дәлелдеп береді.

Бүгінгі таңда солардың ізін басқан сан түрлі бағыттарға барып, жақсы жұмыс жасап жүрген Алматыдағы "Солақайлар клубы" жастарға үлгі ретінде атап өтуге әбден лайықты.

Азамат Алибек: Түркістан облыс атанғалы барлық салаға ерекше назар аударылып жатқанына шын қуаныштымыз. Түркістан қаласын жаңарта отырып, шежірелі түркі руханиятын әлемге танытанатынымыз анық.

Аға буын мен жастар арасындағы шығармашылық байланыс жібі ешқашан үзілмейді. Әлеуметтік желіде де, өмірде де шынайы тілеулес екендігін көріп марқайып жүреміз. Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілер арасындағы рухани байланыс, сыйластық пен ықылас дәстүрлі шара. Мұнда да әдеби ортаның қалыптасып жатқанының куәсі біздерміз. Әрі соның басы-қасында жүрген ағалар мен замандастарыма ерекше алғысымды айтқым келеді.

Алда талай бабалар рухын тірілтетін, Саттарлар мен Қаныбектерді сөйлететін тамаша дәстүрлі шаралар болатынына, руханият туын көкке көтеретін игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болуын тілеймін.

- Әдебиет әлемінде сіз тұратын тарихи өлке тағдыры қаншалықты жазылды деп есептейсіз?

Еламан Төлеутай: Түркістан туралы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі туралы Төлеген мен Жұмекенннің керемет өлеңі бар.

«Бір кезде қанды соғыстан,

Қаралы болған Түркістан.

Садақтан самсап оқ ұшқан,

Жаралы болған Түркістан», деп келетін Төлеген Айбергеновтың өлеңі Түркістанның тарихи келбетін бейнелесе,

«Мұндай өнер күтіп пе екем мен тегі,

Шын құдірет жығылмайтын секілді.

Әрбір тасы ғажайып бір ертегі,

Бірақ саған да ұғылмайтын секілді», деп толғайтын Жұмекен Нәжімеденовтың өлеңі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ұлы жұмбағын шешуге ұмтылады. Ақын Ұларбек Дәлейұлы да «Түркістанның бейғам көшелерімен» деп Түркістанда жүрген шағында шаһар көшелерін суреттеп, өлеңнен ескерткіш қойып кетті. Мұндай өлеңдер көп әрине. Біздің түркістандық ақындар да Түркістанға арнап бірнеше өлең жазды. Түркістанның тарихи келбетімен қоса шаһардың шеріне, кесененің күрсінісіне бойлап, сұлу да ауыр өлеңдерді әкелді дүниеге. Енді Түркістанның терең тарихына сүңгіп үлкен поэмалар жазылса деймін.

Арқалық Әмәлият: Түркістан тақырыбы – мәңгі өлмес тақырып. Оны бұдан бұрын да шамасы жеткен ақын жазушылардың бәрі өз әлінше жырлады, жазды. Ал, қазіргі жас буын, Түркістандағы әдеби орта Түркістанды басқаша жырлағысы келеді һәм жырлап та жатыр. Бірақ, осы процесті көп оқырман дұрыс қабылдай алмайды. Тіпті кейбір аға буындар да жастардың Түркістан туралы өлеңіне сыни көзбен қарайды. Олардың ойынша Түркістан гүлдеп көркейіп келе жатқан, өсіп-өніп келе жатқан форматта жырлануы керек. Осы жерде біз мынаны ескерейікші, Түркістанның бүгіні мен ертеңін ойлайтындар жетіп жатыр. Гүлденіп көркейуіне де өкімет тарапынан қолдау білдіріліп жатыр. Ал, Түркістанның өткен тарихы мен кешегі киесі ше? Менің ойымша біз осы мәселеге селқос қарап бара жатырмыз. Жаңа қаланың астында біздің асыл тарихымыз, мәдени жәдігеріміз, тіпті бабаларымыздың алтын басы қалып бара жатқан жоқ па?! Түркістанның жас буын шығармашыл ортасын осы мәселе көптеп ойландырады. Осы мәселені жастар өзінің шығармашылығы арқылы, әдеби жаңалықтар арқылы білдіргісі, жария еткісі келеді. Бірақ, осы мәселе көптен тойтарысқа ұшырап келеді. Бүгінгі жас буын да ертеңгі әдебиетіміздің өкілі әрі одан кейінгі әдебиетіміздің мұрагерлері. Болашақ ұрпаққа осы киелі шаһарымызды киесін бұзбай, бұрмаламай жеткізу үшін осы Түркістанның шығармашыл жас буын ортасына да қолдаулар мен қолпаштаулар көптеп керек. Ертең бүгінгі Түркістанның тарихын жазатын осы жастар. Сол үшін де осы мәселеге мән берілсе екен дейміз. Ал, Түркістан тақырыбы бұған дейін де жырланды, жазылды, әрі бұдан кейін де жазылып жырлана бермек!

Дәурен Тілеухан: Бұған баға беру қиын. Меніңше, бұл қаланың тағдыры жайлы әңгімелер әлі талай ғасырдың тақырыбына арқау болады. Жазылды, жазылып жатыр, жазыла береді.

Рысгүл Досжанова: Түркістан гауһар тас сияқты. Қырланған сайын бағалы, қымбат. Айтқым келгені, тарихы зерделеніп, зерттелгені сияқты жарқырай береді. Түркістандық болып жыр жазу бөлек сезім шығар, алайда басқа қаладан келіп жыр жазған ақындардың жыры тіптен бөлек. Кесене мен үшін жұмбақ әлем. Себебі, кесене менің алдымда мың құбылады. Бір күндік көрінісі бір күнге ұқсаған емес. Әр барған сайын әртүрлі. Бірде мұңайып тұрғандай, бірде жылап. Кейде, тым асқақ, паң.

Мейір Оразғалиев: Өлкенің тағдырын, топырағын иіскеген, топырағын жастанған Тұранның тағдырын өлкетанушылар, болмаса тарихшылар ғана жазады деген жалаң сөз емес. Ғылыми дәйек пен ғылыми репетицияның жүгін кейде бір сөйлем, бір өлеңнің тағдыры көтеріп кетері тағы бар. Өз тағдырың мен өзің кешкен, өзің көрген шаhардың тағдырын қара қазанда қайнату жадыңды күйретіп, сезіміңді сілкиді. Күйреген жадтың күйіс қайтарғаны бүйіріңнен бүйір шығарады. Шығыстан еңсе тіктеген шырақшы күннің, Батысқа құлдаған алқызыл күннің ендігіндегі Түркістан есінеуік күйдің ыңылына кернейшідей кернейлетеді.

Азамат Алибек: Түркістан жайлы жырлар, аңыздар, дастандар, әпсана мен мифтер, әңгімелер, әдеби һәм мәдени мұралардың мол қазыналы қоры бар. Бағзыдағы бабам мен болашақ ұрпақ арасындағы виртуалды есік іспеттес көне шәрдің тарихы мен тағдыры жайлы жазылар әдеби-танымдық дүниелер, ондағы археологиялық қазбалар жайлы ғылыми жаңалықтардың саны күн сайын артып келеді. Жаңа қаланың қазіргі кескін келбеті де көңіл қуантады. Ескілік пен жаңашылдықты үйлестіруге мемлекет тарапынан үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Өзіндік атмосферасы қалыптасқан, поэтикалық эйфориясы бар, эстетикалық көркемдігі ерекше рухты қала. Түркістан тақырыбы - өміршең тақырып. Әлі де талай жырланады, әлі да талай дүниелер жазылады деп сеніммен айта аламын.

Тілеубек Батыс: Жұмыр жердің көзмоншағы, әлем жауһарына айналған, махаббат қаласы атайтын Парижды әлемнің астанасы дейді ақындар. Ол жайлы жазылған шығармалардың есепсіз екеніне ешкім шүбә келтірмейді. Сол секілді бүкіл түркі халықтарының рухани астанасы, 1500 жылдық ғұмырнамасы бар Түркістан хақында туындаған дүниелер тарих парақтарында алтын әріппен жазылғаны сөзсіз, әлі де жазыла бермек!

– Әдетте, ақын-жазушылардың көбі бала кезінен өлең жазған. Онысы және аудандық, облыстық басылымдарға жарияланған. Сіз өлеңді қай кезден жаздыңыз? «Ақынсың» деп ақ батасын бергендер кім еді?

Еламан Төлеутай: Мені ақын қылып дүниеге әкелген Балқаштың солтүстік бетіндегі ауылым Ақжал болса, ақындыққа тәрбиелеген Екібастұз шаһары, ақындық қуатымды шындаған Түркістан шәрі. Ең алғашқы өлеңім Екібастұздағы «Отарқа» газеті. Мен алғашқы өлеңімді он үш жасымда, әкем дүние салған түні жаздым. Менің әкем отыз сегіз жасында дүние салды. Әкем қайтқан күні көзімнен бір тамшы жас тамбай, түнде ауылдың шетіне барып, ботадай боздап, ағыл-тегіл жылап, өлең жазғаным есімде. Адам баласы жақынынан айырылғанда еңіреп жылап алмаса, сол кермек жас пен ащы өксік жүрегінде мәңгілік қалып кетеді екен. Мені ақын қылған да сол өксік деп ойлаймын. Осы күнге дейін «әке» деген аяулы сөзді айта қалсам, иегім дірілдеп кетеді...

Мен есімін ұмытпайтын, дүниеден ерте қайтқанына өзегім өртене өкінетін тағы бір адам болса, ол марқұм Алмагүл Жүгінісова. Екібастұзда жүрген шағымда мені өлеңге тәрбиелеген, әлемдегі небір ұлы ақындармен таныстырған ұстазым Алмагүл апай. Туған жерге деген перзенттік парыз деген бар. Менің аядай Ақжалдың, қасиетті Екібастұздың, киелі Түркістанның алдында мәңгілік борыш-парызым бар.

Арқалық Әмәлият: Мен 2016 жылы Шымкент шәріне оқуға түстім. Маған сол Шымкенттің әдеби ортасы қатты әсер етті. Оған дейін де шөпті де шөңгені де өлең етіп жазып жүрдік қой, бірақ, сол Шымкенттің ортасын көрген соң, ізденіп, ойланып тізгін тарта бастадым. Сол үшін де мен алғашқы өлеңдерімді сол 18 жасымда Шымкент шәрінде бастап жаздым деп есептеймін. Шымкентте «ШАМ» атты обылыстық жас ақындар ұйымы құрылды сол жылы. Биыл бес жылдығы. Сол орта мені көптеп алға жетеледі, қолдады, газет-журнал сияқты басылымдарға да өлеңдерімді бастырып, менің поэзиядағы жолымды ашты деп айта аламын. «Ақынсың» деген сөзді Бақытжан Алдияр ағамыздан, Нармахан Бегалы, Мархабат Байғұт, Әлібек Шегебай ағаларымыздан естіп марқайдық. Әрі әлі күнге сол ағаларымыздың сол бір ауыз сөзінің мүддесінен шығу үшін әдебиетте тынбай еңбектенуге, шығармашылық жаратуға ұмтылып, талпынып келеміз!

Дәурен Тілеухан: Мектеп қабырғасынан бастап аудандық, облыстық мүшәйраларға қатысып жүрдім. Бірақ нағыз өлеңді мен 16 жасымда жаздым деп ойлаймын. Мен өлең өлкесіне құлдыраңдаған құлыншақ боп келгенде ең бірінші жалпақ жұртқа жар салып, сүйіншілеген аяулы адам Гүлімай Әбішқызы(Гүл–апа) болатын. Кейін маңайымдағы аға ақындар да ізгі тілегін айтып, сапарыма сәттілік тіледі. 17 жасымда алғашқы поэтикалық мюзикл кешім өтті. Соны ұйымдастырып, елге есімімді әйгілеген де Гүлімай Әбішқызы, Индира Кереева, Гүлжайнар Қалдина, Есенбек Жұмағалиев секілді жанашыр ақын аға–апаларым еді. Сол кеште қазақтың үлкен ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы тұсауымды кесіп, Поэзия әлеміне жолымды ашып берген еді. Ал Түркістанға, оңтүстік жұртына таныстырған ақын ағам Бақытжан Алдияр болатын. Осы бір аяулы сәттер үшін, алдыға басқан әр қадамым үшін осы адамдарға айрықша алғыс білдіремін!

Рысгүл Досжанова: Мені “ақынсың” деп арқамнан қағып, алысқа аттандырған Семей болатын. Семейде туып, Семейде өстім. Мені өсіріп, маған сенген де сол қала. Бұлай деуімнің себебі, осы өлеңім арқылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің грантын жеңіп алған болатынмын. Содан бері әдебиетте қаншалықты өскенімді бір білсе, қара Ертіс білер...

Өлеңдегі ұстаздарым Серік Молдабеков пен Дәмеш Омарбаева. Осы кісілердің баптап, еркелетіп өсірген қызымын. Алғаш 6 сыныпта Абай оқулары дейтін байқауға бардым “Ақын” боп. Сол күні маған Дәмеш апам 6 деген балл қойған. Сол күні алған баға шығар мені ақын еткен. Кіп-кішкентай балада қандай намыс болды екен деп күлкім келеді. Менің осы кісіден үйренерім көп, осы кісіге шәкірт болуым керек деп іздеп барғанмын. 2 жылдан кейін маған 9 қойып, есемді қайтарғандай қуанғаным есімде.

Мейір Оразғалиев: Бұйра шашы желбіреп өлген Пушкин отыздан кейін прозаға беттей бастайды екенсің дейді.

"Өлең жазу қиын да емес қызық та,

Жас отыздан асқан соң"

Осы секілді тәмсілдер ақындардан арагідік ұшырасып, ұштасып жатады. «Ақын үшін көп жазу міндет емес, ақын үшін ғұмыр бойы жазу міндет емес» - дейді Әмірхан Балқыбек.

Қай кезден, қай кезеңнен жазып бастағаның емес, қай кезеңге дейін жазатының қызық секілді көрінеді. Он бесінде бастап, он тоғызында қауырсын қаламын тастап кеткен Рембоның тағдырына не дейсіз, не дейміз?!.

Артур секілді он бестің көктемінде шимай жазуды бастағанмен, он тоғыздың қара күзінде ақық өлеңді тастап кету тағдыр жазымышына жазылмаған жазулар екен. "Мен де жиырмаға келдім" деймін Балқыбектің немересіне. Мен де жиырмаға келдім...

Азамат Алибек: Еліміздің қайсыбір қаласынан келген ақындар мен жазушылар, өнер майталмандары қонақ боп келетін, бейресми форум өткізетін "Ақынхана" деген жайлы орда бар. Сол жігіттердің барлығы да рухани аристократтар. Барша замандастарыммен жүрегіміз бен тілегімізді табыстырған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетіне, ұстаздарымызға, кітапханашы апайларға, барлығына риясыз ризашылығымды білдіргім келеді. Әрбір жас үшін өз замандасының пікірі, бағасы биік деп ойлаймын. Менің алғаш қалам ұстауыма себепші мектептегі жанашыр ұстазым Тасболатова Гүлмира апай еді. Қалалық, облыстық мүшәйраларда топ бастап, газеттерге жариялануына, өзіндік жолымды табуыма да үлкен жігер берген асыл адамға алғысым шексіз. Әлі есімде, мектеп кезінде Түркістандық Батырхан Сәрсенхан "Шабыт" фестивалінің жеңімпазы болыпты деген жаңалыққа балаң көңіліммен қалай қуанғанымды көрсеңіз. Батырхан ағаны универге түскен соң ғана көрдік, әңгімесін тыңдадық, сұхбаттастық. Сонан кейінгі қуанышым Дәурен Тілеуханның біздің универге түскенін білгенім, оны асыға күткенім. Қолдау мен мәртебеге, шығармашылық өсуге жетелеген, сол жолда үміт сыйлаған барша аяулы адамдарға мың рақмет. Сол жылдары жазылған біршама шимайларымды өртедім, жоғалттым, әйтеуір балаң өлеңдеріммен қоштастым. Мектеп бітіріп, универге түскенімде қазіргі әдеби ортам мені жылы қарсы алды. Қазір оларды қала ғана емес облыс, тіпті республика таниды. Замандастарыммен мақтанамын. Ортаның әсерінен болу керек, өлең өлкесіне қайта оралдым. Мені алғаш "Ақынсың" деген де осы орта.

Содан әлі де жазмышымызға жазылғанды жаза алмай келемін. Жазармын, бәлкім...

Тілеубек Батыс: «Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең» - деп Дана Абай айтқандай өмір өлеңмен өрілген болса мен өлеңді туғанымда жазған шығармын, мүмкін, әлі жазбадым…

«Сен ақынсың демесе де мені ешкім» (Мұқаң) әйтеуір айналамдағы достарымның, жақындарымның құрмет-қошеметі менің көңілімді тоғайтуға жетерлік.

- Түркістанның жұртқа жұмбақ, сізге мәлім сыры қандай?

Еламан Төлеутай: Кесененің құстары ақындарды таниды. Ақындар барса, бөлек нотада, тәніңді жерде қалдырып, рухыңды күмбездің үстінен үш айналдырып, аппақ әлемге алып кететін ғажайып ән салады. Кесененің өзі де Әбіштің мұнарасындай әр барған сайын, көңіл-күйіңді суреттейтін түрлі-түрлі кейіпке енеді. Кесенеге түнде барған керемет. Ғанибет күй. Ғажайып тыныштық. Бір күні түнде барғанымда бойымды белгісіз үрей билеп, денем қалтырап, алды артыма қарамай кесенеден қашып шықтым. Неге ондай күй кешкінім жұмбақ. Бәлкім, сол күні жасаған күнәмнан болар бәрі....

Арқалық Әмәлият: Түркістан киелі шаһар. Бұнда бағзы бабалардың рухы бар. Жаныңыз шөлдегенде, жүрегіңіз жабыққанда Кесенеге барсаңыз кәдімгідей тынысыңыз ашылып, дем аласыз. Мен осы шәрге келген қонақтарға, әрі осы қаланың тұрғындарына бір нәрсе айтқым келеді. Сіз осы Түркістанның киесін сезінгіңіз келсе жарым түнде жалғыз өзіңіз Кесенеден бастап қаладағы бүкіл мазарларды аралап шығыңыз. Сол кезде сіз осы менің айтқан сөзіме сенетін боласыз, әрі Түрксітанның жұмбағын да, сырын да, киесін де сезінетін боласыз!

Дәурен Тілеухан: Өте көп. Соның бірі – мен тұрған жатақхана мен Ақан сері көшесі. Жауынды күндерде, тымық түндерде, ымыртта немесе таңда осы көше бойында немесе осы жатақхананың орындығында отырып талай жастық жырларын жаздым. Талай рет көңілдің күрсінісін жан адамға жеткізе алмай жалғыз жүруді қаладым. Міне, дәл сол сәттерде осы мекендер менің қорғаушым, панамдай болды.

Мейір Оразғалиев: Шәр туралы, Түркістан туралы аңыздар осыған дейін де айтылған, осыдан кейін де айтылады. Күлтөбеде күркіреген баhадүрлердің бабалық рухы көкейде күмбірлейді. Қар жауған түннің аңызақ желінде арқаңды аязға қарытып, ағыл да тегіл сансыз қардың сұлбасына боялған бояуларға із түседі. Кесененің сұлық өңі - қабарған қабағымен қатулы қағандардың кісәпір кісінің дертіне шалдыққан бағзылар өркениетінен оқылады. Низамидың жеті аруының алыстан талықсып жеткен құсни әуені секілді, кесененің үнсіздігін үнсіз тыңдаймын. Ұйқыны сүйетін қаланы, мен де сүйемін! Сіз де сүйіңіз...

Азамат Алибек: Түркістан қасиетті өлке. Жұмбағы да, сырлары да барша ұлы далаға ортақ мәңгілік мұра. Түркістанның әрбір уыс топырағында жасырылған мөлтек сыр бар. Әрбір тасында асқақ рух бар. Бұл қаланың тамырында тағдыры, кесенесінде тарихы сыр шертеді. Аспанында да бөлек сиқыр бар. Қырлары да, қорымдары да, бұлттары да ақын. Барлығыңызды көне шаһардың қадірлі қонағы болуға, өркениет жауһарларын тамашалауға, Түркістанға тағзым етуге шақырамын. Киелі шаһарға қош келдіңіздер!

Тілеубек Батыс: Түркістанда хан да, қала да, халық та, бәрі өзгереді…

Қуанышыңда да, жұбанышыңда да теріс айналмайтын, кешкі іңірде, таңғы алакеуімде шаттанған немесе жабыққан көңіліңді еш бүкпесіз құстардың әсем үнімен күтіп алатын, бар мұңыңды тас құшағына сидырып, міз бақпай қасқайып тұрып қарсы алатын қаланың күре тамыры-алып Кесене.

Ол менікі емес, ол жиырма хан, жүз алпыс сұлтандікі емес, ол осы қала тұрғындарынікі, ол басына сүйеніш, жанына дауа іздеген бейуаз ғаріптікі.

Түркістанның бар асылы да, қазынасы да, киесі де, иесі де сол – Кесене.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар