Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Жүсіп Орынбай. Ескі қалам...

30.07.2018 4842

Жүсіп Орынбай. Ескі қалам

Жүсіп Орынбай. Ескі қалам - adebiportal.kz

Бұл шағын эсседе қазақстандық дипломат Жүсіп Орынбайдың әкесі туралы ой-толғауы жазылған. Уақыт тығыздығына қарай назар аударып, көңіл бөлмейтін өмірдің кейбір үзік-үзік сәттері қысқа да нұсқа күйінде оқырман қауымға ұсынылып отыр.

Кезекті еңбек демалысымның бірінде туған ауылым Қарасазға бара жатып, жолай әкем бірнеше жыл бойы еңбек жолын арнаған Кегенге соқтым. Балалық шақтың жарқын кезеңі өткен Кегенде әкемнің жан досы, бауыры Шеризат ағаның үйіне кірмей өту – әкемнің көңілін қалдырғанмен бірдей еді. Досымхан тәтенің ақ көңіл, мол дастарханынан дәм тата отырып, спортта да, өнерде де, шығармашылық жолда да орнын таба білген Шеризат ағаның жазғандарын ақтарып, өткен кеткен сәттер санада сол баяғы қалпында жаңғыра түсті.

Түннің бір уағы болса да керемет сәтті ұйқыға қимай ұзақ отырдық. Ағамның жалғыз ұлы, қысқа ғұмырында жарқырап өткен Дәукеннің (Дәуіржан) біраз қылықтарын еске түсірдік.

Бір кезде Шеризат аға «сенің әкең берген сый» ғой деп, бояуы өшкен, жаза-жаза ұшы да мұқала бастаған ескі қаламды шығарды. Он жылдан аса иесіне қалтқысыз қызмет еткен сол қалам жадымнан енді ешқашан шыға қоймайды.

Алайда мені толғантқан нәрсе басқа еді. Қазақ – әрқашан сыйлауды, сыйды мағынасына сай ұсына білген халық. Әкемнің әр жерге сапарға барған сайын Шеризат ағаға қалам таситынына, балалық па, басқа ма түсінбей қараушы едім. Жазады, тастайды, тіпті болмаса сынады да қалады, сол да сөз болып па дегендей, пендешілік қой баяғы.

Қолданғанына он жылдан асса да сол бір қаламға зат емес, жан дүниесінің бөлшегі ретінде қарап отырған әкем орнындағы жақынымның бейнесі осы өмірдегі кей нәрселердің маңызына бойлай бермейтіндігімді көрсеткендей еді.

Ойыма сөмкемде жүрген америкалық досыма арнайы алдыртқан қаламым сап ете түсті. Шетелдік досымның көзі ретінде, бір жағы қызмет бабы дегендей жанымнан тастамайтынмын. Жалт еткен көрініс әп-сәтте сол қаламға лайық адам алдымда отыр-ау, мен ол деңгейге әлі жеткем жоқ-ау деген ой ұшқындай берді. Қарсыласқанына қарамастан ағамның алдына тастадым.

Қуану үшін көп нәрсенің қажеті жоқ екен, сыйлық қабылданғанына төбем көкке жеткендей қуандым.

Түйіндер болсам, шын мәнісінде уақытша мына өмірде қадір мен қасиетке жететін, адалдық пен сыйластықтан асқан ештеңе жоқ екенін түсініп, Қарасазға аттанып кеттім.

Жүсіп ОРЫНБАЙ,

дипломат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар