Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Жүсіпбек Қорғасбек: Жазушыларымыз ұлттың жанынан а...

06.02.2019 6987

Жүсіпбек Қорғасбек: Жазушыларымыз ұлттың жанынан алыстап барады

Жүсіпбек Қорғасбек: Жазушыларымыз ұлттың жанынан алыстап барады - adebiportal.kz

– Сөз – адам жанының айнасы. Сөздің құдіреті арқылы адамның мәртебесін көкке көтеріп ұлықтауға немесе керісінше абыройын дәл сондай деңгейде түсіруге болады. Қаламгер мен оқырман арасындағы байланыс – осы қасиетті құбылыс арқылы жалғанатыны һәм дамитыны шындық. Сіз үшін жазушы деген кім?

Сөз деген әңгімені дұрыс бастадың. Көз бен сөз – тіліміз пайда болған кезде әдейі ұйқастырылып қойылған секілді. Көзбен көресің, сөзбен жеткізесің. Сөз – жазушының негізгі қаруы. Әдебиет – қазақтың жанымен бірге жаралған деп ойлаймын. Бізге сонау Сыпыра жыраудан бері қарай жырауларымыздың шығарған ауызша жырларын, мақал-мәтелдерін, қанатты сөздерін жеткізген халықтың өзі. Қазіргі таңдағы жазушының міндеті – сол дәстүрді жалғастыру. Бүгін журналистика мен әдебиет араласып кеткен жайы бар. Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын журналистер алып жатыр. Мәселен, Светлана Алексиевич деген журналист бар. Сол әдебиеттің есебінен Мемлекеттік сыйлықты алды. Егер бұлардың міндеттері бір-біріне ұқсамайтын болса, олар өмірі араласып кетпейтін еді. Журналистің де, жазушының да міндеттері бір, ол – адамның жанын, тәнін, тұрмысын, өмірін қорғау, арашалау. Осы тұрғыдан қарағанда біз – автоматты түрде ұлттың қорғаушыларына айналамыз. Бүгінгі күні белгілі бір жағдайларға байланысты біреу түсініп, біреу түсінбей, әдебиет керек немесе керек емес деген пікірлер туып жатқан шығар. Бірақ соған бола жазушы қаламын тастамау керек. Тәңірдің берген таланты болса, оның ойы жүзеге асуы қажет. Егер қаламгерлер жазбай кететін болса, бізде бос кеңістік пайда болады. Ол кеңістікті толтыруға ұмтылатындар жетіп артылады. Шетелдің мәдениетінен әкеледі, басқа күштер қосылады. Сөйтіп, бос кеңістікті құр дабырамен толтырады. Бірақ ол қазақтың жаны емес. Сонда біздің ұлт өзгеріп кетуі мүмкін. Жеке дара ұлт болып тұрып, өзгеріп кету деген өте қауіпті құбылыс. Оны тереңдетіп айта беруге болады. Мен қазақтың арасында Абайдың жаны – қазақтың жаны деп есептеймін.

Кітаптың тілі басқа, ол – менің тілім. Киноның тілі басқа, ол – Болат Қалымбетовтың тілі

– Күзде «Қасқыр адам» шығармаңыздың негізінде «Талан» фильмі түсірілді. Фильм жоғары сапада түсірілгені байқалып тұр. Бұдан бұрын тағы бір шығармаңыздың желісі бойынша «Жансебіл» киносы да көрерменге жол тартып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген еді. Қос фильмнің көрерменге ұсынар негізгі идеясы қандай?

«Талан» – авторлық фильм. Жанры сондай. Біреу түсініп, біреу түсінбей жатыр. Қазір авторлық фильм әлемде үстемдік құрып тұр деп айтуға болады. Екіншіден, бұл фильмнің атын «Талан» деп өзім қойдым. Сол секілді алғашқы киномыз «Жансебілді» де өзім қойған едім. Біраз аудармашылар «Жансебіл» деген атауды орысшаға аудара алған жоқ. Сөйтті де, орысшада «Жансебіл» күйінде қалды. Екінші «Талан» деген кино туралы айтатын болсақ, «талан» сөзі – тағдыр деген мағына береді. Бірақ бұл жерде сөздің мағынасын сәл тереңдетіп, тағдырдың тамыры десек те болады. «Таланды» да орысшаға аудара алмады. Байқасаңыз, екі сөз аз-маз болсын орыс тіліне енді. «Жансебіл» – орыс тұрмақ қазақтың өзі ұмытып кеткен сөз. Бұл фильмнен бұрын ешкім «жансебіл» деп айтпайтын еді. Бұл образды сөз болып ойымызға қонды. Жансебілді қазақ түгел біліп болды да, орыс тілділердің арасына да жансебіл болып кетті. Әрине, кітаптың тілі басқа, ол – менің тілім. Киноның тілі басқа, ол – Болат Қалымбетовтың тілі. Киноны менің көзқарасымдағыдай түсірсе, онда ол басқаша болуы мүмкін. Болат режиссер болғаннан кейін өзінің ойымен түсіріп отыр. Алтынбек Қоразбаев: «Тәуелсіздік алған кездегі ең жақсы киномыз – «Жансебіл», – деп айтқаны есімде. Мен мұны мақтан үшін айтып отырған жоқпын. Тек мән-жайды түсінсін деп тұрмын. Қуандық Шамахайұлы: «Тәуелсіздік алған тұтса түсірілген «Жансебіл» киносы – осы күнге дейінгі қазақ киноларының ішіндегі ұлттың жанына жақын, әрі көркем дүние ретінде тұщынып тұрып көруге болатын кино», – деді. Бұл өте батыл пікір деп есептеймін. Сол секілді «Егемен Қазақстан» газетінде журналист Айгүл Аханбайқызы фильм туралы жазған мақаланың тақырыбын «Тұманды сейілткен талан» деп қойыпты. Қарасаңыз, екі киноға берілген баға бірдей. Кәсіби адамдардың пікірі халықтың көңілінен шықты. Халықтың көкірегіндегі оянып келе жатқан сәулені түсінгісі келмейтін де адамдар бар. Қазір «код» деген сөзді модаға айналдыра бастадық қой?! Сол секілді бұл фильмнің астарында көптеген кодтар бар. Біз бұғанға дейін өткен заман туралы талай кино түсірдік. Хандар дәуірі, көшпенділер тағы басқа... Сол кинолардан кітап оқып отырған адам көрмейсіз. Себебі біздің өзіміз «ата-бабаларымыз кітап оқыған» деген сөзді айтқымыз келмейді. Ал сонда бабаларымыз таудай қазынаны, ұлттық әдебиетті қайдан шығарды? Адам таңғалатын нәрсе. «Талан» фильмінде Таласбек деген кейіпкердің шешесі, кәрі кемпір көзәйнегін тартып алып, көне кітаптарды ақтарып оқып отырады. Тіпті, алтын-күмістің үстіне қойып оқиды. Міне, осының өзінде астар бар. Киноны көрген адамдар көңілдері босап, үнсіз жылап отырды. Демек, олардың жан дүниесі қозғалды. Ал енді біздің бірлі-жарым жазушыларымыз бұл фильмді қабылдаған жоқ. «Фильм ұзақтау» деген сыңайлы пікірлер айтылды. Мен сонда киноны бір-екі жазушы сынағаннан емес, жалпы сондай пікір айтқанына жүрегім суып кетті. Шындығына келгенде, біздің кәсіби адамдарымыз, жазушыларымыз ұлттың жанынан алыстап барады. Олар алыстап кеткеннен кейін сол бос қалған вакуумды бүгінгі күні кім көрінген өзінің өмірбаянын, махаббатын жазып, кітаптарының тұсаукесерін өткізіп, ғаламторда насихатын күшейтіп, «міне, ендігі әдебиетіміз осы» деп оқырмандарға ұсынып отыр. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын. Оның кімдер екенін өздеріңіз де білесіздер. Негізінде ол шын талант иесі емес. Бірақ бос қалған кеңістікті көрді де, соған басын сұғып кіріп алды. Біздің кейбір жазушыларымыз бен кинорежиссерлеріміз халықтың жанынан алыстап кеткені сонша, оның көкірегіндегі ойларды, жанып келе жатқан сәулені көрмей, әлі күнге дейін басқа әлемде «қалықтап» жүр. Міне, соның кесірінен әдебиет пен халықтың арасындағы байланыс үзіліп кетті. Бұл адамның жанын ауыртатын нәрсе. Кітапты кім үшін жазасыз? Халық үшін жазасыз. Киноны кім үшін түсіресіз? Халық үшін түсіресіз. Демек, бұған халық қуану керек, жылау керек, халық содан ой түю керек. Бұдан кәсіби адамдардың жылауы немесе қуануы шарт емес. Бірақ біз халықтың жанынан алыстап кетпеуіміз керек. Яғни осы бағытта кино түсіріп, кітаптар шығара бастауымыз қажет. Ол енді саусақпен санарлық адамның қолынан келмейді. Сондықтан да жазушыларымызда, әдебиет пен кинода осындай бетбұрыстар болса екен деп ойлаймын.

Түбінде бір қаһармандық кейіпкер жазылатын секілді

– Шығармадағы немесе кинодағы ұлттық болысымызды танытатын кейіпкерлердің тағдыры біз үшін өте маңызды. XX ғасырда жазылған Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасындағы Қожа, Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» шығармасындағы Ғазизаның және көптеген кейіпкерлердің образы, мінезі мен іс-әрекеттері біздің санамызда әлі күнге дейін сайрап тұр. Тәуелсіздік алғаннан кейін, неге екені белгісіз, жаңа туындыдағы кейіпкерлердің көбі санамызда қалмай, жадымызда жатталмай жатыр. Неліктен?

Біз халықтың образын таба алмай жатырмыз. Жалғыз қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде көптеген өзгерістер болып жатыр. Нобель сыйлығын қандай адамдар алып жатқанын білесіз. Бұл бір ғана саясаттан туған түйткіл емес. Телеграфтық стиль пайда болды. Модернизм мен постмодернизм деген түрлі «измдер» бүкіл әлемді шолып бара жатыр. Мұның ықпалы, әлбетте, қазақ әдебиетіне де тиеді. Сен айтқан кейіпкерлердің санада жатталмай жатуының түрлі себептері бар. Оны айтып тауыса алмаймыз. Бірақ айта кететін бір мәселе бар. Қазіргі таңда біз барлау жасап жүрген адамдар сияқтымыз. Мен жазушыларды осылай елестетемін. Бірақ түбінде бір қаһармандық кейіпкер жазылатын секілді. Оны кім жазатынын мен білмеймін. Сондай бір шығарма, кітап жазылатын болса, біздің әдебиетіміз қайтадан дүр етіп көтерілер еді. Өкініштісі, жетекке алып кететін сондай шығарма жазылмай жатыр. Сапалы туындыны оқырман қалай күтсе, біз де солай күтеміз.

Қара тастан нәр алған Кнут Гамсунның жазып отырғаны – біздің тағдырымыз

– Қазақ әдебиетін әлемдік деңдейде насихаттау үшін не істеу керек?

Нобель сыйлығы қазақ ақын-жазушылары арасында көп сөз болып жатыр. Мырзан Кенжебай, Амангелді Кеңшілікұлы бастап, сыншы-журналистеріміз осы тақырыпта көлемді мақалалар жазып жүр. Кейбіреулер Нобель айналасында саясаттың ықпалы бар деп есептейді. Менде де сондай ой бар. Дегенмен, осы уақытқа дейін Нобель сыйлығы әлем әдебиетінің деңгейін көтеруге өзінің үлесін қосып келді. Соңғы уақыттағы шығармаларды айтпағанда, Жапондардың үш қаламгері Нобель сыйлығын алды. Латын Америкасы, Скандинавия, Қытай, Египет, Түркия елдерінің қаламгерлері осы сыйлықты иеленді. Бұл сыйлық бүкіл әлемді белгілі бір деңгейде қамтып отыр десек, қателеспейміз. Қазақ әдебиетінде аталған мәселе бекер әңгіме болып отырған жоқ. Түптің түбінде осы сыйлық немесе осы сыйлыққа тақылеттес бір сыйлық қазақ әдебиетіне бұйыратын секілді. Әрине, оған лайық шығармалар жоқ емес. Біреулер Кнут Гамсун, Кобо Абэнің шығармаларынан қарағанда біздің жазушылар әлдеқайда жақсы жазады деп жатыр. Бірақ саясаттың ықпалы жоғары десеңіз де, Нобель сыйлығы берілер кезде бүкіл әлемнің назары сол жаққа ауады. Бүкіл әлемді қаратып қойып, түгелдей өтірік айту мүмкін емес. Сондықтан да бұл мәселеге байыппен қарау керек. Мәселен, мен Кнут Гамсунның «Аштығын» қайталап оқи бергім келеді. Бұл шығарманың сюжеті өте қызықты. Қаламгер өзінің шығармаларын баспаханаларға қайта-қайта жалықпай өткізе береді. Бірақ ешқандай баспахана оның туындысын жарияламайды. Жарияламағаннан кейін қаламақы берілмейді. Ал ол басқа кәсіп істегісі келмейді. Содан азып-тозып, қарны аш күйде көше кезіп жүреді. Бір күні қарны қатты ашып кеткені сонша, жердегі бір тасты алады да, сорып-сорып сол тастан нәр алады. Міне, жазушының тағдыры, жазушының өмірі осындай деп есептеймін. Қара тастан нәр алған Кнут Гамсунның жазып отырғаны – біздің тағдырымыз. Бұл тікелей аштық деуге болмайды. Мейілінше рухани нәр алып, ұлттық әдебиетке еңбек етуіміз керек. Біз өткен бабаларымыздың тамаша образдарын ұмытып барамыз. Сөйтеміз де, өзімізше жаңа образ жасағымыз келеді. Қалыптасқан ұлттық іргетасымыз тұрған кезде, жаңа образға ұмтылу – әбестік. Дегенмен, алдағы уақытта, жоғарыда айтқандай, бүкіл әлем мойындайтын классикалық шығармамыз жазылады деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар