Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Жылқы аттас фамилия...

26.04.2022 3922

Жылқы аттас фамилия 12+

Жылқы аттас фамилия - adebiportal.kz

Антон Чеховтың «Жылқыаттас фамилия», «Зар», «Қорғансыз жан» әңгімелерінің желісі бойынша жазылды.

Кейіпкерлер:

  1. Генерал – Алеша Бульдеев
  2. Әйелі – Ольга Васильевна
  3. Генералдың көмекшісі
  4. Приказчик – Иван Евсеич
  5. Дәрігер
  6. Аула сыпырушы
  7. Арбакеш
  8. Арызшы әйел (Шукина)

Аула сыпырушы сыпырғысымен, әндетіп сахнаға кіреді. Бір кезде сахнаның артынан генералдың айқайлаған дауысы естіледі. Аула сыпырушы түрі бүзылып, әрі аяған кейіпте басын шайқап.

Аула сыпырушы. Отставкадағы генерал-майор Бульдеевтің тісі қатты ауырып жатқанына міне бірнеше күн өтті. Аузын арақпен, коньякпен шайқап, ауырған тісінің түбіне темекі, апиын, скипидар, керосин басты, ұртына йод жақты. Құлағын спирт шыланған мақтамен тығындап алды. Қысқасын айтқанда жасамағаны жоқ.

Арбакеш. /арбасын қинала сүйреп сахнаға келеді/ Қайткенмен осылардың ешқайсысының да көмегі болған жоқ. Бір күні біздің басымыздан мынандай қызық өтті. Құрметтім арбаны итерісіп жібермес па екенсіз.

/екеуі сахнадан шығып кетіп бара жатып/

Аула сыпырушы. Сол кездегі сенің істегеніңді генерал білгенде әй әй не болар еді.

Арбакеш. Не болады, уақытынан кешіктіріп тапқандарына мен кінәлі емес шығармын. Ары кетсе он дүре соғар не істей алады дейсің.

Аула сыпырушы. Әй осы сенің батылдығыңа таңқаламын.

Арбакеш. /күліп/ Несі бар өмір өзі үйретіп жатыр емес пе а?

/Екеуі мәз болып сахнадан шығып кетеді. Сахнаның мына бетінен толық келген, қолында таяғы бар генерал және сыптай келген сап сары әйелі, қасында бойы ұзын, шашы ортасынан бөлінген, қолында аппақ қолғабы мен орамалы бар көмекшісі шықты/

Генерал. Ой Олечка, Олечка қиналып барам.

Әйелі. Шыдашы енді Алеша, басылады, біз барлық амалын жасадық қой. Мүмкін дәрігер шақырармыз. Ол келіп тез ақ жұлып кетеді, қайта жаның рахаттанып қалады. Ауырса бір ауырады да қояды. Солай етеміз бе?

Генерал. Жоқ Олечка дәрігерді атай көрме. Менің ол қанішерлерден қалай қорқатынымды білесің ғой.

Генералдың көмекшісі: Олар адам жегіш қанішер болса сенің кім болғаның /ақырын сөйлеп/

Әйелі. Енді қайтсек екен а. /шыдамсызданып қолындағы желпуішін бір өзіне, бір генералға қарай желпіп/

Генерал. Маза берер емес Олечка, басыма дейін қақсатып барады. Әй әкелші андағыңды. /генерал үстел үстінде тұрған шарапты нұсқап. Көмекшісі шарапты стаканға құйып берді. Генерал өзімен әлек болып жатқанда көмекшісі бұрышқа барып кішкенесін өзі ұрттады да, қайтып келіп генералға құйып, содан қолындағы стакандағы шарапты генералға беріп, буталканы қолындағы ұзын орамалының астына жасырып ұстап алды/

Генералдың көмекшісі: Мінекейіңіз тақсыр ием! /бір ықылық атып алды да аузын басып/

Генерал. Бер қане. /бір ұрттап алды да, әйелін құшақтап, әйелі оның басынан сипап/. Ой Олечка, Олечка /Көмекшісі шығып кетеді/.

Әйелі. Ой құрметтім қайтсек екен а. Жүрші қане, бөлмеңе барайық.

/Олар енді кетіп бара жатқанда келесі беттен генералдың көмекшісі екі қолын аспанға көтеріп жүгіріп келіп генералдың алдына құлайды/

Генералдың көмекшісі. Тақсыр ием таптым.

Генерал: Тіс па?

Генералдың көмекшісі: Сіздің ауруыңыздың емін таптым /ықылықтап алып/ Таптым. Сізге құрметті приказчик Иван Евсеич өз емін ала келіпті. Тыңдап көріңізші.

Генерал. Мұндай кезде кімнің де болса ақылын тыңдауға бармын шақыр.

Генералдың көмекшісі: /айқайлап/ – Алдияр тақсыр Иван Евсеичті шақырады. Алдияр тақсыр Иван Евсеичті шақырады. /Ивань Евсеич келеді. Үстіне костюм киген, шляпасы қолында/

Приказчик. Халіңіз қалай құрметтім? /генералға басын иді де, генералдың әйелінің қолынан сүйіп екі - үш секунд қарап тұрып қалды. Мұны байқаған генерал ашуланып/.

Генерал. Сен өзі мені емдеуге келдің бе әлде менің әйеліме қырындауға ма? Халімды қайтесің, оданда тез емдеудің жолын айт /зекіп қоя берді/

Приказчик. Алдияр тақсыр, бұдан он шақты жыл бұрын алым-салық жинаушылардың қатарында Яков Васильевич деген қызметкер жұмыс жасаушы еді. Ол бар ғой тісті үшкіріп емдегенде алдына жан салмайтын. Терезеге бұрылып алып күбірлеп сүф-сүф деп үшкірсе болды, пышақ кескендей тыйыла кететін. Сондай бір кереметі бар кісі...

Генерал. Қазір қайда ол? Созбақтамай тез айтсаңшы. Оой, ой.

Приказчик. Алым-салық жинаушылар қатарынан шығарып жібергеннен кейін Саратовтағы қайын енесінің қолында тұрады. Ендігі күн көріс кәсібі - тіс емдеу. Біреу-міреудің тісі ауыра қалса, тура соған барады, емдейді. Барады емдейді. Саратовтағы тұратындарды өз үйінде қабылдайды да, басқа қалалардың тұрғындарына емдеу жолын жеделхатпен жолдайды. Алдияр тақсыр, хал-ахуалым осылай болып тұр, құдайдың құлы Алексейдің тісі ауырып қалды, емдеуіңізді өтінемін деп телеграмма жазыңызшы. Емдеген ақысын почтамен - ақ жібере саласыз.

Генерал. Өй сандырақ. Алдамшыда тәйірі. Ақшаның соры ондайлар. Қазір екінің бірі алаяқ.

Приказчик. Сөйтсе де байқап көріңізші, алдияр тақсыр. Араққа үйірлеу, әйелінен өзге, бір ұрысқақтау неміс әйелмен тұрады, бірақ аруағы бар мырза деуге болады өзін. Бір - екі рет сүф – сүф десе болғаны аттай боласыз. Айтыңызшы ханым. Бір рет көрсін.

Әйелі. Жазып жіберсейші, Алеша. Үшкірту дегенде сенбейтінің - ай осы сенің. Сен түгіл мен де үшкіртіп көрдім ғой. Бір рет байқап көрші. Сенбесең бар ғой... /кідіріп қалып/ тіпті болмаса жеделхат жібере салсаң нең кетеді? Қолың сынып қалмайды ғой одан. Қане Алеша. /жалынышты дауыспен басынан сипап/

Генерал. Солай ойлайсың ба қымбаттым?

Генералдың көмекшісі. Алдияр тақсыр, менде үшкіртіп көргенмін ештеңесі жоқ. Ысүф десе болды. /қисалаңдап приказчикке қарай сүф-сүф деп. Приказчик мұрнын жауып/

Приказчик. Иә, иә дәл солай ештеңесі жоқ. /жақтырмай/

Әйелі. Құрметтім байқап көрші.

Генерал. Ал жарайды. Мұндайда алым - салық жинаушы былай тұрсын, сайтанға да жеделхат жіберерсің... Ойй, шыдай алар емеспін. Кәне, қайда тұрушы еді әлгі алым-салық жинаушың? Қалай жазу керек оған?

/Генералдың көмекшісі бір майысып, бір тоқтап үстелдің үстіндегі қағаз бен қаламға әзер жетті де/

Генералдың көмекшісі. Мінекейіңіз алдияр тақсыр. Қалам мен қағаз, хат жазыңыз.( қағаз бен қаламды берудің орнына қолына тығып ұстап тұрған бөтелкені тарс еткізіп үстелге қойып қалады) Ой, Аллам сақтай көр, кешірім сұраймын, кешірім сұраймын алдияр тақсыр. Мен байқамай әдейі... көрмей нетіп...

/Генерал оқты көздерімен қадап. Қалғандарыда кілт тоқтап қалады./

Генерал: Сенімен сосын сөйлесемін.

Генералдың көмекшісі: (кетіп бара жатып күбірлеп) сөйлесеміз сөйлесеміз. Сөйлей алмай қалшы осы сен, әй бір қызық болар еді.

/Генерал үстелге жақын отырды да, қолына қаламды алды./

Приказчик. Алдияр тақсыр, оны бар ғой Саратовта иттің итақайына дейін біледі. /қуанып екі қолын бір біріне қосып/ Саратов қаласы деп жазыңыз, алдияр тақсыр, содан кейін... мәртебелі мырза... ааа иә Яков Васильичке... Құрметті Яков Васильичке... Васильичке (ойланып қалды)

Генерал. Сосын. Ары қарай?

Приказчик. Васильичке... Яков Васильичке... Фамилиясы, фамилиясын ұмытып тұрғанымды қарашы. Васильичке... Сайтанның... Фамилиясы қалай еді соның? Әлгінде осында келе жатқанда ғана есімде еді... Сәл тұра тұрыңызшы... /одан сайын тыпыршып, төбесіне қарап ернін күбірлетті. Бульдеев пен әйелі сабырсыздана күтіп отыр/

Әйелі. Кәне, енді қашан? Ойлансаңшы тезірек.

Приказчик. Қазір... Васильичке...Васильичке...Ұмытыппын алдияр тақсыр. /қолын бір сілтеп/ Қарапайым - ақ фамилия еді... Жылқы аттас секілді ма еді... Бикебаев па еді? Жоқ... Айғырбаев тәрізді ме еді? Жоқ, Айғырбаев та емес. Фамилиясының жылқы аттас екені есімде, дәл қайсысы екені ойымнан шығып кеткенін қараңызшы...

Әйелі. Құлыншақов болар?

Приказчик. Жоқ, олай емес. Тоқтай тұрыңызшы... Биебеков... Байталбаев... Көктөбетов...Көкшолақов...Құттөбетов

Генерал. Мынауың жылқы аттас емес, ит аттас болып кетті ғой. Алабаев емес пе ей?

Приказчик. Жоқ, ол емес... Жылқыбаев... Атбағаров... Бұлардың бірі де емес.

Генерал. Енді не деп жазамын? Ойлансаңшы жөндеп. /генерал ашулана бастады/

Приказщик. Ұмытып тұрмын алдияр тақсыр. /қысылып көзінің қиығымен қарап/

Генералдың көмекшісі. Қазір, Жылқыбеков. Байталбеков... Түпкіатов шығар.

Приказчик. Ол да емес. Шеткіатов... Жоқ, ол да емес. Ұмытыппын.

/Генерал жыламсырап, қызарып ашуланып/

Генерал. Сайтан алғыр - ау, ұмытатының бар, ақыл айтып не ақың бар еді? Жоғал әрмен.

/Генерал Иван Евсеичті жағасынан алып, жерге қарай итеріп жіберді. Приказчик орнынан тұрып, аяғын ептеп басып сахнаның бұрышына барып гүбірлеп тұр. Генерал жағын қолымен басып, бөлмені кезіп жүр/

Генерал. Жаратқан - ай! Тәңірім - ай! Жарық дүниені көруден қалдым-ау.

Приказчик. Құнантаев... Құнаншығаров... Құнанбеков... Жоқ олай емес. Жылқышин... Жылқыайдаров... Тайбағаров... Биекенов...

/Осы сәтте оны генерал қайта шақырады/

Генерал. Есіңе түсті ме?

Приказчик. Жоқ, түспей тұр, тақсыр.

Әйелі. Мүмкін, Атбеков болар? Жылқыбаев шығар?

Генералдың қызметшісі. Таптым, Үйірбаев емес пе?

Приказчик. Жоқ, олай емес.

Генералдың қызметшісі. Атжегеров, Жүгенбаев.

/Барлығы приказчикке сұраулы көзбен қарап. Ал приказчик жоқ дегендей басын шайқап/

Генерал. Ой, Олечка не могу терпеть. Шыдатпай жатыр. Ой мама не могу.

Генералдың қызметшісі. Мынауың қай планетадан келген өзі, жылқыаттас, ит аттас бәрін түгендеп шықтық қой

Генерал. /ашуланып/ Әй қызметші мұнда кел. Елді көтер. Сол әлгі жылқы аттас фамилияны тапқан адамға 10 сом сыйақы беретінімді айт.

/Бұл кезде генерал әйелімен сахнадан шығып кетеді. Сахнаға халық жиналып жатыр. Дабыл қағылды. Генералдың көмекшісі ортаға шығып./

Генералдың қызметшісі. Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар. Генералдың жарлығын тыңдаңыздар. Генералдан жарлық. Құрметті усадьба тұрғындары. Генералымыздың басында болып жатқан жағдайға байланысты. Кімде кім Саратовтағы алым салықшы Яков Васильичтің фамилиясын табатын болса алдияр тақсыр сол адамға 10 /қалтасынан 10 сомды жәймен сығалатып шығарып кішкене ойланды да/ 5 сом береді. Барлықтарыңыздан атсалысуларыңыз сұралады. Назарларыңызға рахмет!

Арызшы әйел. /айқайлап/ Ертұрманов емес пе?

Аула сыпырушы. Адайбеков болар?

Арызшы әйел. Мәртебелім, Құлынбаев болар.

Приказчик. Жоқ ханым олай емес.

Арызшы әйел. /арызшы әйел генералдың алдынан шығып алып/ аманбысыз құрметтім. Бүгін қандай жайнап кеткенсіз ди да түх шіркін.

Генералдың көмекшісі. Аманбыз Шукина ханым. Тек сіздің мына мақтауыңыз сәл менің көңіл-күйімді түсіріп тұрғаны болмаса.

Арызшы әйел. Қойыңызшы құрметтім барлық мақтау сіздерге лайықты ғой.

Генералдың көмекшісі. Әй қусыз, Шукина ханым қусыз. Еркекке қалай жағудың жолын осы сізден артық адам білмейтін шығар а сірә. Иә не мәселе. Сонша мақтауыңыздың астында бір сыр жатқан шығар.

Арызшы әйел. /майысып/ Оныңыз не мәртебелім. /қолындағы қағаздарды көрсетіп/ Тек, міне мына қараңызшы мынау құжаттар...

Генералдың көмекшісі. /арызшы әйелдің қолын итеріп/ Ханым, ел мынадай генералдың мәселесін шешіп күйіп жатқанда өз басыңыздың қамын ойлағаныңыз қалай? /приказчикке қарай айқайлап/ Әй Тайлақбаев шығар?

Аула сыпырушы. Құлыншақов болар?

Приказчик. Жоқ олай да емес.

Арызшы әйел. Приказчик Ноқтабеков шығар а? Недеген табылмайтын фамилия ол, бүкіл елді жұмысынан қалдырып, елдің қолын байлап отырған.

Желдікбеков емес пе осы? Сәйгүліков шығар?

/Приказчик арбаға сүйкеніп тұрған арбакешке айқайлап/

Приказчик. Әй, сен тым болмаса жылқының қасында жүрсің ғой тапшы Құдай ақыңа айналып қана кетейін.

Арбакеш. Құрметтім ау мен арбакеш болып ат ерттегенім болмаса басқа жағынан хабарым жоқ.

Приказчик. Қалай білмейсің?

Арбакеш: Мен жәй қарапайым арбакешпін ғой құрметтім.

Приказчик. Әй осы саған ақша керек емес пе? Бақандай бес сом деді емес пе.

Арызшы әйел. /естіп қалып приказчиктің жанына жүгіріп келіп/ Тайлақбаев емес пе құрметтім.

Приказчик. Жоқ ханым, ол емес.

Арызшы әйел. Биебеков шығар?

Приказчик. Жоқ, ол да емес.

Арбакеш. Ақша кімге керек болмасын мырзам. Тек осы жақында ғана балам өліп соған көңілім болмай... енді міне...

/Приказчик арбакештің сөзін тыңдамай бұрылып кетеді. Халық шулап приказчиктің артынан жүр. Осы кезде Генералдың қызметшісі приказчиктің аяғының астына созыла жатып алып.

Генералдың қызметшісі. /ықылықтап алып, қолын көтеріп/ Эврика, Жылқыайдаров.

/Бүкіл халық тынышталып приказчиктің аузына қарап қалады/

Приказчик. /басын шайқап/ Жоқ ол да емес.

/халық бастары салбырап бірі даурығып бұл фамилия табылмайды десіп улап-шулап шығып кетеді/

Генералдың қызметшісі. Аттың жеті атасын түгендеп шыққан сияқтымыз, жылқының қай ата - бабасынан тараған мына сорлы емші. Құрсын, өз тірлігіммен айналысайын.

Генерал. /жыламсыраған дауыспен келіп/ Азбанов емес пе?

Приказчик. Жоқ, Азбанов емес, алдияр тақсыр. /Иван Евсеич кінәлі адамша күрсінді/

Генералдың көмешісі. /генерал үмітті көздерімен қарап қалды/. Фамилиясы, мүмкін, жылқы аттас емес, басқаша болар?

Приказчик. Алдияр тақсыр, құдай ақыңа жылқы аттас... Мұны, тіпті, анық білемін.

Генерал. Өзің нағыз ұмытшақ екенсің, құрғыр... Сол фамилия өмірімдегі ең қымбат нәрсе болып тұр маған, әбден сорлап болдым. Олечка шақыршы әлгі дәрігерді. Жұла берсін, бұдан әріге төзер шамам жоқ...

Приказчик. Алдияр тақсыр аз маз күте тұрмас па екенсіз мен тағы іздеп келсем. Тысқа шықсам бәлкім есіме түсер...

Генерал: Қайда барсаң онда бар,бұдан әріге төзер шамам жоқ.

Генералдың көмекшісі. Алдияр тақсыр дәрігерді шақырады, алдияр тақсыр дәрігерді шақырады.

Әйелі: Шыдашы қымбаттым /генералдың басын қайта - қайта сыйпап.

Дәрігер аяғын сылт басып сарайға келді./

Дәрігер. Армысыз құрметтім!

Генерал. Бар бол. Тездетші қане. Ауыртпай жұлшы.

Дәрігер. Мына кісіде біреуден қорқады екен ғой /мысқылдап күліп.

Дәрігер генералдың тісін қарауға кірісті. Құралдарын дайындап/.

Дәрігер. Қане алдияр тақсыр аузыңызды ашыңыз.

Дәрігер генералдың аузын ашып тісіне ұзақ үңілді. Қасында қисалаңдап тұрған генералдың көмекшісі генералдың аузына қайта – қайта үңіліп. Аузын сипап.

Генералдың көмекшісі: Генералдың аузында алтын бар ма екен врач? Қазба байлық іздегендей біраз үңілдіңіз ғой а? /ықылықтап. Дәрігер қызметшіге бір қарады да, жымиып қайта генералдың аузына үңілді. Ал қызметші дәрігердің оқты көздерінен сескенгендей кері қарай шегініп/. Болды болды врач мырза бір ауыз сөзіңіз. Мен кеттім. /қисайып кете барды/

Дәрігер. Ай, ай, ай алдияр тақсыр жағдай қиын.

Генерал. Не болды тағы сен де бір затыңды ұмыттың ба?

Дәрігер. Жоқ алдияр тақсыр, мына тісті емдемесе болмайды. Кем дегенде үш тәулік уақыт алады.

Әйелі. Алдияр тақсырдың бұйрығын орындамауға қалай батылыңыз барады. Тез жұлыңыз!

Дәрігер. Ханым, түсініңіз әр науқасытың өмірі үшін мен басыммен жауаптымын.

Генералдың көмекшісі. Соны айтамын ханым, тісті қайдам бас қатты керек болады ау. Оның үстіне дәрігер емес па бассыз басқалардың тісін қалай жұлмақ.

Генерал. /Генерал айқайлап/ Әй садағаң кеткір жұлсаң жұл, жұлмасаң кет көзіме көрінбей. /дәрігер өзін кінәлі сезініп басын төмен салып шығып кетеді/. Ой Олечка жаным шығып барады. Мыналар мені ажалымнан үш күн бұрын өлтіретін шығар.

Әйелі: Шыдашы қымбаттым бір амалын табамыз. Дереу приказчикті шақырыңдар. Әлгі құрып қалғыр жылқыаттас фамилияны қалай табудың жолын қарастыруды бұйырамын.

/Генерал мен әйелі шығып кетеді. Аула сыпырушы музыкамен ауласын сыпырып келе жатыр. Алдынан жұпыны киінген арбакеш көңілсіз алдынан шығады/

Арбакеш. Армысыз. Алдияр тақсырға бір өтінішпен келіп едім тыңдар жан бар ма екен.

Аула сыпырушы. Қазір алдияр тақсырды тыңдайтын адам керек. Сені қабылдауы екі талай шығар.

Арбакеш. Білесіз бе бір жұма бұрын балам қайтыс болды. Өмір деген қызық ә.

Аула сыпырушы. Иә, иә соны айтам.

Арбакеш. тыңдап тұрсыз ба?

Аула сырыпушы. Иә, иә, иә. Соны айтам.

Арбакеш. Ұлым өлді, ал мен әлі тірі жүрмін. Өмір деген ғаламат қой ә айтыңызшы, ажал да кірер есіктен жаңылады екен. Маған туралап келудің орнына, әнеки менің ұлыма туралап келді.

/Бұл кезде аула сыпырушы қалтасынан бір нәрсе іздегендей өз – өзін айналып тұр еді/

Аула сыпырушы. Ойй жаман болыпты.

Арбакеш. Сол, шырағым сағат қанша болды екен.

Арбакеш. Сегіз болды.

Аула сыпырушы: Ойбууй тамағымның асты күйді. Темекі шегемін де кіремін деген адамын ғой, әні қараш мына пәленің зиян екенінің тағы бір дәлелі.

Арбакеш. Мен негізі...

Аула сыпырушы. Сен айта бер, айта бер. Даусыңды қаттырақ шығарып айқайлап айт менің құлағымның мүкісі бар айқайламасаң естімеймін. (Сахнаның артынан айқайлап)

Арбакеш. Осы аптада менің әлгі...

Аула сыпырушы. /Аула сыпырушы қолындағы үлкен ағаш қасығымен, табағымен арбакештің қасына жүгіріп келіп/ Сен өзі бүгіндікке тамақ ішкенсің бе? Мә асап асап алшы. /Арбакештің аузына бір екі қасық тамақты асыра салып/ Ал енді даусыңды қаттырақ шығарып айт.

Арбакеш. (жыламсырап) Осы аптада менің әлгі... нетіп...

/Осы кезде генералдың көмекшісі кіріп келеді/

Генералдың көмекшісі. Алдияр тақсыр құтқарушысын шақырады, алдияр тақсыр құтқарушысын шақырады.

Арбакеш. Аманбысыз мырза. Алдияр тақсырға бір бұйымтаймен келіп едім. Ол кісінің жай – күйі болмай тұрғанын бүкіл усадьба біледі, дегенмен өзіңізден еді бір көмек болса. Қанша дегенмен генералдың оң қолысыз, елдің қамын жеушілердің бірі болғандықтан өзіңізден қиыла сұраймын құрметтім.

Генералдың көмекшісі. Әрине, әрине. Елдің қамын менен басқа кім ойлайды. Генералдың жатысы анау, әйеліне ел керек пе керек емес. Оған әшекей, вино, ұзын қылып екі метрі жерде сүйретіліп жүретін көйлек болса болды. Ал мен... мен генералдың да елдің де бас көзімін. Айт не шаруа?

Арбакеш. Мырза жақында менің балам өліп еді...

Аула сыпырушы. Сен әлі міңгірлеп тұрсың ба ей а.

Арбакеш қорқып артқа қарай шегініп қалып еді аула сыпырушы алдындағы генералдың көмекшісін ұрып жібере жаздайын деп көзі шарасынан шығардай болып өзін әзер тоқтатты.

Аула сыпырушы. (абдырап): Ааа - аманбысыз асыл тектім.

Генералдың көмекшісі. Аман емеспін, менің есімім Павел Иваныч, генерал тақсырдың оң қолы, елдің қамын жеуші генерал тақсырдың басы, көзі, аяғы қолы, мұрны. Хм Аман дейді ғо маған. Менің есімім Павел Иваныч. (ықылық атып, қолымен бірдеме айтайын дегендей алдындағыны нұсқап, тамағын ұстап)

Генералдың көмекшісі. Су бар ма?

Арбакеш. Мен негізі сөзімді әлі аяқтамап едім...

Аула сыпырушы. Әрине мырзам, әрине былай қарай жүріңіз.

/Аула сыпырушы қолындағы қасығын арбакешке қарай көтеріп, екінші қолының бас бармағын мойнына тақап/

Генералдың көмекшісі. Менің есімім Павел Иваныч, Павел Иваныч.

/Аула сыпырушы генералдың көмекшісін шығарып салып арбакештің жанына келе жатып/

Аула сыпырушы. Ыый үнің өшкір, ішіп алса ғана аты есіне түседі осы құрғырдың. (Арбакешке бұрылып) әй садағаң кетейін айналайын айтшы не керек саған. Гүбірлеп мұрныңның астынан сөйлемей тақ тақ, міне міне деп айтшы құдай үшін.

Арбакеш. /жыламсырап/ Менің шырақ ұлым өлді. Соған енді жай күйім болмай алдияр тақсырдан...

Приказщик. Шын айтам алдияр тақсыр, жылқыға қатысы бар тек ақымақ басым ұмытып тұрғанымды қараңызшы.

Генерал. Ойй Олечка мына құрғыр қақсатып қояр емес.

Әйелі. Не істей аламыз енді Алеша, тісті жұл деген дәрігерің анау, ем ала келген приказщиктің түрі мынау, халқыңның арасынан бір емшінің тегі табылмаса не істе дейсің маған.

/Арбакеш генералдың артынан өтіп приказщиктің жанына кеп/

Арбакеш. Құрметті мырзам сізге айтарым бар еді. Аз маз бірер минут уақытыңызды қимас па екенсіз.

Приказщик. Тіске қатысы болса айта бер басқасына уақытым жоқ. Өлім мен өмірдің ортасында тұрмын.

Арбакеш. Тіс болғанда, тіс емес. Бірақ екінші айтқан нәрселерге ұқсас.

Приказщик. Әй, айтшы енді шыдамымды тауыспай.

Арбакеш. Әрине, әрине асыл тектім. Осы жақын арада бар ғой бір жеті бұрын, ұлым қайтыс болған...

/Приказщик тыңдаған секілді болғанымен ойының бәрі әлгі Яков Васильичтің фамилиясын іздеумен тұр/

Приказщик. Иә, иә сонымен.

Арбакеш. Сонымен, сол енді қолында бар қаражат баламның жерлеуіне кетіп...

Приказщик. Ау, не дедіңіз.

Арбакеш. /өз ашуына тұншығып/ осы бір жеті бұрын балам өмірден өткен еді.

Приказщик. Мен өлтірдім бе не? Сен жаңадан бері не міңгірлеп тұрсың өзі менің қасымда. Фамилияны таптың ба?

Арбакеш. Жоқ құрметтім.

Приказчик. /ашуланып/ Енді не тұрсың кет көзіме көрінбе.

/Осы кезде аула сыпырушы келіп/

Аула сыпырушы. айып етпеңіз құрметтім, бұл адасып жүр, адасып кіріп кетіпті.

Приказщик. Адам өзі миы атала болып жүрсе, қайдағы бір балам өлді дейді ғой маған келіп.

/Аула сыпырушы арбакешті сүйреп әкеліп бара жатқанда арбакеш генералдың аяғына жабысып алады/

Арбакеш. Құлың болайын тақсыр ием, бір жеті бұрын балам өлген еді соны жерлеймін деп бүлік ақшам кетті, енді...

Генерал. Ойй Ольечка, не істеймін а, мен бас десем мыналар құлақ дейді.

Аула сыпырушы. Кешірім өтінемін алдияр тақсыр бұл пақырды өзімде әлі түсіне алмай тұрмын. Бірдеңе бірдеңе деп күбірлейді де ақырын айтпайды. Бірдеңе бірдеңе дейді де ақырын айтпайды.

Арбакеш. /айқайлап/ Әәәй құрып қалғыр, құрып қалғырлар айтуға мұрша берсеңдерші енді.

/Бәрі таңырқап тоқтап қалады/

Алдияр тақсыр осы бір жеті бұрын балам өліп еді, бір апта ауруханада жатып байғұс баламның ажалы менен бұрын келіпті. Енді барғой, қолымдағы жылқы да басқа біреудің малы соны енді аздап азықтандыру үшін қаражат көзі болмай өзіңізден көмек сұрап келіп отыр едім. Бір бейшара пенденің ақырғы сөзіне құлақ аса көріңіз. Уфф айттым ау. Мен барғой...

Аула сыпырушы. Тоқташы тоқташы, сенің әйелің бар ма?

Арбакеш. /Ентігін басып/ барына бар ғой, бірақ балам өліп жатқанда ендігі менің әйелім сыз қара жер емес пе.

Аула сыпырушы. /сыбырлап/ Ей, қара сыз. Әйелің бар екен енді не мәселе саған сорлы - ау бала деген құдайдың сыйы. Әр бала несібесімен дейді ғой, енді не миды қатырып тұрсың. Басыңның кететінімен шаруаға бар ма?

Генерал. /булығып/ Оттап тұрмысың сен. Мына сайтанның көзін құрт, қазір мен жарылып өлетін болсам мен қаным екеуіңнің мойныңда.

Аула сыпырушы. Кешірім өтінемін алдияр тақсыр, енді қайталанбайды.

Генерал. /жыламсырап/ садағаң кетейін приказщик түсірші есіңе әлгі құрып қалғыр фамилияны.

Приказщик. Олай демеңіз алдияр тақсыр. Мен қазір бар ғой іздеп таппасам приказчик болмай кетейін. /абдырап/ Мына бұйра шашым мен мұртым бар ғой тап-тақыр болып түсіп қалсын.

/Генералдың көмекшісі бұл кезде сахнаның жанында басын шайқап тұрып/

Генералдың көмекшісі. Ол кезде түрің Ленин атамыздан аумай қалатын шығар өзің онсызда быжып кеткен сарысың, ай болмайды ау болмайды.

Генерал. Ой жаным ай, жаным шығып кетер ма қайтер екен Ольечка. Болмайды дәрігер шақыр, жұлса жұла берсін.

Әйелі. Рас айтасың ба Алеша. Қорықпайсың ғой иә.

Генерал. Бұлай өмір бойы азапталғанша бір рет өліп тірілгенім артық.

Генералдың көмекшісі. Алдияр тақсыр дәрігерді шақырады. Алдияр тақсыр дәрігерді шақырады.

Дәрігер. Мұнда құлағы естімейтін адамдар тұра ма?

/Дәрігер келіп генералдың әйелімен амандасып тыныш қана заттарын шығарып өз ісіне кірісе бастайды. Генералдың аузына үңіліп тұрды да/

Дәрігер. Былай ғой құрметтім. Әлгі ауру тісіңізді жұлу үшін мына алтын тісіңізді жұлуым керек болады.

Генерал. Ол саған не істеді? (шошынып)

Дәрігер. Қазір тізіңізді жұлып жатып сізге бір нәрсе болып қалса ақысын кім төлейді?

Генерал. Басым керек деп жүр ең, қазір маған бірдеңе болса сені өзіммен бірге көрге ала кетем ұқтың ба? /дәрігердің жағасынан алып/

Дәрігер. Ұқтым, ұқтым Алдияр тақсыр мен жәй, жәй қалжыңдап.

Генералдың көмекшісі. Тапқан екенсің қалжыңдасатын уақытты.

/Бәрі генералдың көмекшісіне қарап қалады/

Генерал. Мені өлсін деп тіле. Осыдан тірі қалсам ісім сенімен болады.

/Генералдың көмекшісі дәрігердің артына қарай жүріп сыбырлап/

Генералдың көмекшісі. Әумин.

/Дәрігер сескеніп тісті жұлуға заттарын дайындап жатқанда үй қызметшілері дәрігерді айналшықтап жүреді. Дәрігер тіс жұлуға кірісіп генералдың аузына үңілі бергенде әйелі де, аула сыпырушы да қоса қарап жатыр.

Дәрігер. - 1,2,3.

/Генерал айқайлап, дәрігердің қолындағы құралы ұшып екеуі екі жаққа талып қалады/

Әйелі. Су – су Алешенька, бәрің не тамашалап тұрсыңдар су әкеліңдер.

Аула сыпырушы стаканмен су алып келе бергенде, генерал айқайлап оянып кетеді.

Генерал. Аай, ой Ольечка бітті ме? Бітті ме? Қарашы, қарашы қанап жатқан жоқ па? /әйеліне қарап аузын ашып/

Әйелі. Қане, қане. /аузына үңіліп/ Ойй, міне айттым ғой. Тез бітті де қалды жүре ғой бөлмеңе барып аздап демалайық. Сонша жаның қиналып еді міне бір ақ сәтте бітті де қалды.

/Генерал әйелімен сахнадан шығып кетеді ал генералдың көмекшісі жерде жатқан дәрігерге жаңалы бері қарап тұрып тұрып, қолындағы ақ орамалдың астындағы бөтелкедегі шарапты алып бір ұрттады да, жерде жатқан дәрігердің бетіне бүркіп қалды/

Генералдың көмекшісі. Тұр – ей орныңа барып жат. Әкесінің үйінде жатқандай жатыр ғой. Кет. Мыналардың барлығы бетімен кеткен қайдасыңдар еей. Қайдасыңдаар...

Генералдың көмекшісі енді кетіп бара жатқанда алдынан арызшы әйел жүгіріп шығып қалады.

Генералдың көмекшісі. О Шукина ханым.

Арызшы әйел. Амансыз ба құрметтім.

Аулы сыпырушы. /ентігіп/ Сіз, сіз... қалай тез жүгіресіз. Уф өкпем. Өкпем өшіп қалды ғой. Мәртебелім кешіріңізші болмайды десемде үстімнен аттап-пұттап өтіп кетті мына кісі. Көріп тұрсыз ғой әзер жеттім.

Генералдың көмекшісі. /күліп/Байқадым байқадым, басымды шайқадым Шукина ханым. /аула сыпырушыға қарап/ Сіз бара беріңіз Шукина ханымның мәселесін өзім шешемін.

Аула сыпырушы. Жақсы мырза. /кетіп бара жатып/ недеген қақбас қатын. Әйел адам сонша қатты жүгірмес болар.

Генералдың көмекшісі. Иә Шукина ханым. Ашылып кетіпсіз.

Арызшы әйел. Ілтипатыңызға рахмет. Сіздей құрметті мырзадан әдемі болып кетіпсің деген сөз есту мен үшін үлкен мәртебе.

Генералдың қызметшісі. Жоқ - ей оны айтпаймын. Анау көйлегіңіздің алдын айтамын, жабыңыз ашылып кетіпті деймін.

Арызшы әйел./ тез – тез көйлегін қымтап/ Мырза.

Генералдың кһмекшісі. Не керек еді сізге? Алдыңыздағы адамды мыжып өтіп жүгіріп кетердей не шаруа.

Арызшы әйел. /Арызшы әйел баяу үнмен/. Мәртебелі мырза, назар аударсаңыз екен, менің күйеуім коллеждік асессор Шукин, бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз, емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты, мәртебелі мырза, ал оның айлығын алғалы барсам, олар, назар аударсаңыз екен, ал оның айлығынан жиырма төрт сом отыз алты тиын ұстап қалды! Мәртебелі мырза назар аударсаңыз екен.

/Генералдың көмекшісібұл кезде өзінің шаруаларымен парақтарды ақтарып отырады./

Генералдың көмекшісі. Иә, иә айта беріңіз.

Арызшы әйел. Не үшін деймін? Ол жолдастық кассадан ақша алған, оған басқа чиновниктер кепіл болған дейді. Қалай болғаны бұл? Ол менің ризалығымсыз ақша алатын ба еді?

Генералдың көмекшісі. Иә, иә.

Арызшы әйел. /жыламсырап/ Бұл болмайтын іс, мәртебелі мырзам. Өзім бейшара жанмын, пәтер жалдап қан жан сақтаймын... Әлсіз, қорғансызбын... Жұрттың бәрі ренжітеді мені, ешкімнен жақсы сөз естімеймін...

/Арызшы әйел көзін орамалымен сүртіп/

Арызшы әйел. /дауысын көтере сөйлеп/ Мырза назар аударсаңыз екен. Тыңдап тұрмысыз менің күйеуім Шукин мырза бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты, мәртебелі мырза енді мен қайтем әрі оның жалақысынан / зарлы дауыспен жалғап/

Генералдың көмекшісі. Тоқтаңызшы. Не мәселемен жүрсіз жаңадан бері ызыңдап жатсыз, ызыңдап жатсыз.

Арызшы әйел. Менің жолдасым Шукин мырза бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты. Содан енді...

/генералдың көмекшісі оның арызын алып оқып алып ішек сілесі қата күліп/

Генералдың көмекшісі. Кешіріңіз, кешіріңіз... Айта беріңіз

Арызшы әйел. /стаканға су құйып беріп жатып/ Бәрі дұрыс па мәртебелім. Мінекей тартып жіберіңіз. Әп бәрекелді. Енді жақсылап тыңдаңызшы. Менің жолдасым Шукин мырза бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты. Ау ол ауырып жатқан жоқпа, ал ауырып жатқан адамды себепсізден себепсіз отставкаға шығарғаны несі. Оның бала шағасы отбасы бар деп неге ойламайды екен. Тыңдап тұрсыз ба мырза?

Генералдың көмекшісі. /Күлкісін тиып, аузын сүртіп/ Кешіріңіз мұныңыз қалай? Дәнеңе де түсініп тұрғаным жоқ.

Арызшы әйел. /одан сайын шатынап/ Қалай сіз ештеңе түсінбейсіз міне қараңызшы отырыңыз мен сізге бәрін басынан бастап айтып берейін. Менің күйеуім аса мәртебелі Шукин мырза бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты. Ау ол ауырып жатқан жоқпа, ал олар ауырып жатқан адамды отставкаға шығарып онымен қоймай айлығынан, назар аударсаңыз екен, бақандай жиырма төрт сом отыз алты тиын ұстап қалды! Бұл не деген бассыздық а құрметтім.

Генералдың көмекшісі. Ханым сіз жаңсақ келген болсаңыз керек. Менің түсінуімше сіздің еріңіз соғыс – медицина ведомствосында қызмет істеген, ал біздің мекемеміз жеке меншіктегі коммерциялық мекеме. Ал сізге еріңіз істеген ведомстваға бару керек.

Арызшы әйел. Онсызда бес жерге барып шықтым, әкем – ау арызымды да алмайды.

Генералдың көмекшісі. Біз ешнәрсе істей алмаймыз Шукина ханым.

Арызшы әйел. Мәртебелі мырза сенбесеңіз міне, ерімнің аурулығына дәрігердің куәлігі бар! Міне соған көз салсаңыз екен! /жалбарынған дауыспен сөйлеп/

Генералдың көмекшіс. /ашуланып/ Бәрі орынды мен сізге сенемін, бірақ бұл бізге тиісті жұмыс емес деймін. Ерсі, тіпті жұрт күлерлік. Қайда баруыңыз керегін еріңіздің білмегені қалай?

Арызшы әйел. Ол ештеңені білмейді, мәртебелі мырза «Сенің ісің емес кет әрі» дегенді тауып алды, бар болғаны сол. Ал кімнің ісі, масыл болып мойнымда отырған жоқ па менің. Менің!

Генералдың көмекшісі. Ханым сіз шатасып отырсыз. Сіздің еріңіз соғыс – медицина ведомствосында қызмет істеген, ал біздің мекемеміз жеке меншіктегі коммерциялық мекеме. Түсінесіз бе?

Арызшы әйел. /Арызшы әйел оның сөзін тыңдап мақұлдаған кіс ше бас изеп қойды/ Солай, солай түсінемін құрметтім, ондай болса мәртебелі мырза маған тым болмаса 15 сом болса да берсін деп бұйырсаңыз екен! Бірақ түгел берілмесе де көнемін.

Генералдың көмекшісі. / генералдың көмекшісі шалқая беріп бір күрсініп қойды да, қатты айқайлап алдындағы столдағы құжаттар тұрған орындықтан атып тұрып/

Әәй, Ханым! Уһ! Ұқтыра алмадым сізге! Келіңіз мұнда отырыңызшы. /Өзінің орындығына отырғызып/ Түсінсеңізші, міне мынаны қараңызшы мынау айырылысу туралы арызбен дәріханаға бару, не алтын – күміске таңба соғатын дүкенге бару ерсі ғой солай ма?

Арызшы әйел. Мәртебелім сізде бәрі дұрыс па айырылысу туралы арызды дәріханаға алып барғаны несі. Әлде сіз...

Генералдың көмекшісі. /сөзін жалғап/ Міне, міне сол секілді бізге мынадай арызбен келу сондай ерсі ғой. Сізге кем төлеген болса біздің қандай жазығымыз бар?

Арызшы әйел. /жылап қоя берді/ Мәртебелі мырза, өмір бойы құдайдан тілеуіңізді тілеп өтейін, есіркеңіз мен секілді жетімді. Мен бір қорғансыз...

Генералдың көмекшісі./ашуланып/ Иә, иә оны айттыңыз ғой сіз бір қорғансыз, әлсіз жансыз. Діңкеңіз құрып өлердей болып жүрсіз, әрі пәтершілеріңізбен соттасып, әрі еріңіздің дауын шешіп, ораза ұстап, аяғыңызды әзер басып тұрсыз. Мен сізді түсінем Шукина ханым, бірақ сізде мені түсініңізші мен сізге көмектесе алмаймын.

Арызшы әйел. Бірақ менің күйеуім Шукин мырза... Ол бес ай бойы аурырып...

Генералдың көмекшісі. Айып етпеңіз, мен сізбен сөйлесе алмаймын. /галстугын босатып кетіп бара жатқанда арызшы әйелге қарап қолын бір сілтеп/ Ей кім бар. /аула сыпырушы генералдың көмекшісінің алдынан жүгіріп шығады/

Генералдың көмекшісі./ аула сыпырушының жағасынан алып/ Өзің ішке кіргіздің, енді бар да Шукина ханымға оған көмектесе алмайтынымызды түсіндір. Менің енді шамам жоқ.

Аула сыпырушы. Әрине, әрине. Сізде не мәселе ханым. Маған айтсаңыз болды мен жазып аламын да сосын генералдың көмекшісіне берем, генералдың көмекшісі генералға береді. Генерал мәселеңізді шешеді... Шығар...

Арызшы әйел. /арызшы әйел аулы сыпырушының қолтығынан қысып ұстап алып, зуылдап сөйлеп/ |Шығар емес міндетті түрде шешіп беруін талап етемін. Былай ғой жақсылап тыңдаңызшы. Мен бір қорғансыз әлсіз жанмын, мен бір дертті әйелмін. Сырт қарағанда денсаулығым мықты сияқты көрінетін шығармын, ал анықтап қарасаңыздар, тұла бойымда бірде – бір сау тамыр – тарамысым жоқ. Аяғымды әзер басып тұрмын, асқа да зауқым шаппайтын болды... Бүгін кофе ішкен болып едім, тіпті де сүйсінгенім жоқ білесіз бе мен сондай /жыламсырай бастап еді/

Аула сыпырушы. Сонда сіз осыны айтпаққа келдіңіз бе? Бұндай шағыммен екінің бірі келе берсе не болмақ. Құдай – ау бұл деген...

Арызшы әйел. /аула сыпырушының сөзін бөліп/ Жоқ былай ғой, менің жолдасым Шукин мырза бес ай бойы ауырып, сөйтіп, айып ете көрмеңіз емделіп үйде жатқанында оны себепсізден – себепсіз отставкаға шығарыпты. Ау ол ауырып жатқан жоқпа, ал ауырып жатқан адамды себепсізден себепсіз отставкаға шығарғандары қалай. Оның бала шағасы отбасы бар деп неге ойламайды екен. Сонымен қосып, мәртебелі мырза, оның айлығын алғалы барсам, олар, назар аударсаңыз екен, оның айлығынан бақандай жиырма төрт сом отыз алты тиын ұстап қалыпты! Мәртебелі мырза назар аударсаңыз екен.

Аула сыпырушы. Шукина ханым сіз қателесіп тұрсыз бізде мұнда жекеменшік мекеме, ал сізге басқа орталыққа бару керек.

Арызшы әйел. Қалай мен басқа орынға баруым керек. Тыңдаңызшы ол Шукин ғой. Оның айлығынан жиырма төрт сом отыз алты тиын ұстап қалу деген...

Аула сыпырушы. Түсінемін ғой, бірақ... /Аула сыпырушы оған ведомстволардың жайын, қағаздарды жолдаудың тәртібін түсіндірумен болып жатты. Көп ұзамай ол да қажып, екі құлағын жауып отырып қалады. Ал Шукина оған әлі сөйлеп жатыр. Осы кезде генералдың көмекшісі орнына қайта келгенде арызшы әйел оған қайта жабысып/

Генералдың көмекшісі. /көзі қарауытып/ Сайтан, сіз әлі осында ма едіңіз. /Бар демін сарқа бір күрсінді де, әлі құрып орындыққа отыра кетті/

Генералдың көмекшісі.. /Солғын дауыспен/ Қанша керек еді сізге?

Арызшы әйел. Жиырма төрт сом, отыз алты тиын мәртебелім.

Генералдың көмекшісі.. / Генералдың көмекшісі. қалтасынан әмиянын алып, одан бес сомдық билетті Шукинаға ұсынды да/ Алыңыз да жөнеліңіз.

Арызшы әйел. /Арызшы әйел ақшаны қойнына салып алды да қылымси жымиып/ Мәртебелі мырза, ендеше ерімнің қайта жұмысқа тұруына болмас па екен?

Генералдың көмекшісі./Генералдың көмекшісі өзін жайсыз сезініп сахнадан шығып бара жатыр/ Мен кетемін... аурумын... жүрегім қатты қағып тұр.

Арызшы әйел. /Оның қасында бірге шығып бара жатып/ Қазір күте тұрыңыз. / Генералдың көмекшісіне көрсеткен қағаздарын жұмыс орынан алып, қайта жүгіріп келіп/ Менің күйеуім жұмыс істегенде, ол бар ғой еш шаршамайды таң қаласыз.

Аула сыпырушы. Аула сыпырушы екі қолын құлағынан алып бір күрсініп.

Таңқаларлық жексұрын қатын екен. Сөзім жоқ. Уфф.

Міне бірі тісімен, бірі баласының өлімімен қоса өмірін реттеп әлек, бірі міне ақша үшін жер жаһанды кезіп әркімнің миын ашытып жүр. Әртүрлі өмір, әртүрлі тағдыр.

Приказчик. /приказчик басы салбырап сахнаға шығады/Құрып қалғыр Яков Васильич. Қайдан ғана есіме түсе қалдың екен. Ақыл айтып нем бар еді.

Аула сыпырушы. Оу құрметтім салыңыз суға кетіпті ғой. Бір фамилияға бола сонша әуреленгеніңіз қалай?

Приказчик. Бәрі тақалғанда қырсыққанын айтам да. Сол күнде айтылып жүрген фамилия аяқ астынан санамнан жоғалып кеткеніне әлі таңмын.

Арбакеш. /Арбасын сүйреп аула сыпырушының жанына келіп/ Есен – саумысыз құрметім.

Аула сыпырушы. Сен қайдан шықтың.

Арбакеш. Осында. Міне қараңызшы, жылқыма беретін сұлым болмай арбаны өзім арқалап жүрмін. Айып етпесеңіз сізден аз – маз сұлы табылмас па екен. Ақысына бір күні барар жеріңізге тегін-ақ апарармын.

Приказчик. /приказчик жалт қарап/ Не дедіңіз?

Арбакеш. /қорқып/ Аз – маз сұлы табылмас па екен деп... Мен...

Приказчик. /қуанышы қойнына сыймай/ Сұлы, сұлы, сұлы дейсіз бе? Иә, иә, иә Сұлыбаев. Таптым. Сұлыбаев. /арбакешті көтеріп алып айналдырып, екі бетінен кезек кезек сүйіп/ Рахмет, рахмет сізге.

Арбакеш. Менің фамилиямды неге қайталап жатырсыз құрметтім.

Приказчик. /таңқалып/ Не?

Арбакеш. Сұлыбаев менің фамилиям ғой.

Приказчик. /таңқалып/ Ей сен Яков Васильич... Сұлыбаев...

Арбакеш. Иә.

Аула сыпырушы. Мәә...

Прказчик. Сені бүкіл усадьба іздеп жатқанымен хабарың бар ма?

Арбакеш. Не үшін.

Аула сыпырушы. Генералдың тісін емдеу үшін.

Арбакеш. Ее мен тіс емдемей кеткелі қай заман. Мені қазір елдің бәрі тек арбакеш деп көреді. Тіс емдегенімді бірі білсе, бірі білмес. Қой мен кеттім.

Аулы сыпырушы. Әй тоқта мені де ала кет. /таңқалып, сахнадан кетіп бара жатып/ Сен шыныменде қызық – қызық адам екенсің – ей. Қалай тып –тыныш жүруге болады жұрттар сені итпен іздеп жүр.

Прказчик. /таңданып тұрып қалып/ Алдияр тақсыр, алдияр тақсыр таптым /деп жүгіре бергенде алдынан генерал мен әйелі, артында генералдың көмекшісі сахнаға шығып келе жатады.

Приказчик. /ішек сілесі қата күліп/ Алдияр тақсыр мен таптым, таптым.

Генерал. Нені?

Приказчик. Тісіңізді емдейтін әлгі Яков Васильич Сұлыбаев... Сол Сұлыбаев бар ғой мына өзіміздің... Күнде көріп жүрген...

Генералдың көмекшісі./генерал мен әйелінің ортасынан басын шығарып/ Генералдың тісін жұлғанынан хабарыңыз жоқ – ау сірә.

Приказчик. Қалай? Қалай алдияр тақсыр?

Генерал. /мысқылдап күліп/ Солай...Сұлыбаев де. Сұлыбаев... Ол Сұлыбаевың маған енді түкке де керегі жоқ. Тфу мә саған. /айқайлап күліп, бас бармағын екі сусағының ортасынан шығарып приказчиктің мұрнына тақады да күліп кете барды/

Генералдың көмекшісі. Обал – ақ, обал – ақ.

Приказчик таңданып не істерін білмей басын сипап сахнадан шығып кетеді.

СОҢЫ

Автор: Антон Чехов

Сахналық нұсқа: Жансая Бауыржанқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар