Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Зигмунд Фрейд. Достоевский және әке өлтіру...

30.10.2019 8373

Зигмунд Фрейд. Достоевский және әке өлтіру 16+

Зигмунд Фрейд. Достоевский және әке өлтіру - adebiportal.kz

Достоевскийдің төрт қырын анықтауға болады: жазушы, невротик, ойшыл-этик және күнәһар-қылмыскер. Бізді тығырыққа тірейтіні – «осы қырларын қалай ажырата аламыз?» - деген сұрақ.

Әрине, Достоевскийдің жазушылығына күмән келтіре алмаймыз. Оның орны – Шекспирдің жанында. «Ағайынды Карамазовтар» – осыған дейін жазылған романдардың ішіндегі ең ұлысы. Ал, «Ұлы Инквизитор туралы аңыз» әлемдік әдебиеттің ең үлкен жетістігі десек болар және ол туралы асыра сілтеу мүмкін емес. Себебі, лайықтысы осы. Бірақ, жазушы шығармашылығы алдында писхоанализ дәрменсіз екенін мойындайды.

Достоевский моролист ретінде әлсіз. Біз оны күнәға бату арқылы адамгершілікке жеткен адамдар санатына жатқызамыз. Бірақ бір нәрсені естен шығарып алатын секілдіміз. Адамгершілігі бар адам ішкі жан дүниесіндегі азғыруды сезінеді, бірақ оған мойынұсынбайды емес пе? Бірде күнә жасап, бірде оған өкініп, содан кейін өзіне жоғарғы моральды мақсат қойғандарды – өмірді өзіне тым ыңғайлы етіп жасап алды деп айыптауға болады. Ол адамгершіліктің басты қағидасы саналатын азғырудан бас тартуды орындамайды, ал адамгершілік қағидалары адамзаттың мүддесін айқындайтыны сөзсіз. Осымен де ол варварларға ұқсайды. Көш дәуіріндегі варварлар адамдарды өлтіріп, кейін сонысына өкінетін болған. Ал бұл өз кезегінде жаңа қан төгудің алдындағы арылу іспетті еді. Иван Грозный да осылай істеген: өз арыңмен келісімге келу – орыс еліне сай ұғым. Достоевскийдің ішкі моральдық таласының нәтижесі де айтарлықтай абыройлы емес. Ішкі талаптарымен келісімге келу үшін жасаған күресінің соңы құлдыраумен, рухани көшбасшыға, патшаға мойынұсыну және христиан Құдайына ғибадат етумен аяқталды. Ал бұл нәтижеге оныкінен төмен ақылға ие адамдар еш қиындықсыз келген. Ұлы тұлғаның әлсіз жері де, міне, осыда. Достоевский адамзатты бостандыққа алып шығушы мен үлкен ұстаз болу мүмкіндігін жіберіп алды және қапастағыларға қосылды; болашақ өнер оған көп қарыздар болмайды. Бәлкім осы үшін де оның сәтсіздігіне себеп болған невроз пайда болды. Адамдарды түсіну және оларға деген сүйіспенішілік күшінің арқасында жазушының алдында тағы бір – апостолдық – қызмет ету жолы ашылды.

Бізді Достоевскийді өзімізге ұнамсыз күнәһар немесе қылмыскер ретінде талдау күтіп тұр, бірақ бұл ұнамсыздықтың әсерінен қылмыскерді жалаң қарастыруға болмайды. Қылмысқа итермелейтін себепті анықтау көп уақытымызды ала қоймас; олардың екі түрлі сипаты бар; бірі өзін шексіз сүйетіндер, екіншісі деструктивті үрдіске душар болғандар; екі сипатқа да қылмыскердің махаббаттан ада болуы және адамдарға деген эмоционалды баға беру қатынасының жетіспеушілігі ортақ. Дәл осы жерде біз осы сипаттарға қарама-қайшы Достоевскийдің қасиеттерін санамалап шыға аламыз: оның адамзатқа деген сүйіспеншілігі; сәруар махаббаты мен кешірімділігі; ішкі кекшілдік оянып, жек көруге болатын жерде де сүюге ұмтылып, қол ұшын бере алуы (мысалы оның алғашқы әйелі мен оның көңілдесі). Әрине, осы жерде заңды сұрақ қоюға болады. Тізілген сипаттармен оны қалай қылмыскерлер қатарына жатқызуға болады? Жауап біреу-ақ – ол таңдаған сюжеттер, оның кейіпкерлерінің басым көпшілігі қылмыскер, зорлықшылар, адам өлтірушілер, эгоцентрлік мінез оның қылмыстық сипатының өз ішінде жатқанын көрсетеді-мыс; сол секілді оның жеке өміріндегі бірнеше факторлар: оның құмар ойынға бейімділігі, мүмкін әлі бойжетіп үлгермеген қызға сексуалды құмарлығы (Исповедь). Бұл қарама-қайшылық келесі жолмен шешіледі. Достоевский қылмыскер жасағанда мүмкін ішкі тартыстар оның өзіне қарай бағытталды (сыртқа емес, ішке қарай) және ол мазохизм мен өзін кінәлауда айқын көрініс алды. Дегенмен ол - қаныпезер. Оның бұл қасиеті шыдамсыздығынан, неврозға шалдығуынан, ашуланшақтығынан, тіпті өзі жақсы көретін адамдар тарапына да, оқырманға тіл қатуынан да көрінеді. Кішігірім көріністерде ол ашуын сыртқа шығаратын қанішер, ал маңызды дүниелерде ол сол күшті өзіне бағыттайды, яғни ол – мазохист және әлемді жүрегіне сыйдыра алатын жұмсақ әрі мейірімді адам.

Достаевскийдің күрделі тұлғасынан біз үш факторды анықтадық. Оның бірі сандық, екеуі сапалық факторлар. Жазушының аффективтілігі, оның садо-мазохизмге немесе қылмыскерлікке апарып соғуы тиіс болған ішкі күші мен ешқандай талдауға келмейтін шығармашылық дарыны. Осындай тандем оған неврозсыз-ақ өз дегенін істетуге болатын еді, себебі неврозға шалдықпаған жүз пайыздық мазохисттер бар емес пе? Күштердің тепе-теңдігіне байланысты – бастапқы үндеу мен оған қарсы өзін тежеу талабы (оған сублимация мүмкіндігін қосыңыз) Достоевскийді «импульсивті мінезділердің» қатарына қосуына болатын еді. Бірақ жағдай невроздың барымен күрделене түседі. Невроз – ол «Меннің» қалыптасып үлгермей, бірігіп кетуінің белгісі ғана.

Невроз қандай сипатта көрінеді? Достоевский өзін, басқалары да солай ойлаған, эпилептикпін деп санаған. Бұл ойға ол есінен танып қалуға дейін апарған ұстамалардың және көңіл-күйінің ала-құла өзгеріске түсіп, құрысып, тырысулардың салдарынан келген. Аталған тізім истероэпилепсия, яғни ауыр истерикаға жатқызуға болатын невроздың сипаттары болуы әбден мүмкін. Бірақ бұған сенімді болуға болмайды. Біріншіден, оның амнезиялық ұстамаларының, былайша айтқанда Достоевскийдің эпилепсиясының болған уақыты нақты әрі қажетті шамада емес, екіншіден эпилептоидтық ұстамалар мен сол кезде науқастың өзін қалай сезінгенін біле алмауымыз.

Екіншісінен бастасақ, эпилепсияның барлық дерлік потологиясын бастанаяқ қарап шығудан ештеңе шықпас еді. Бірақ бір нәрсені анықтай аламыз: қайта-қайта табыла беретін бір сипат бар; толық клиникалық ұғымға сиып-сыймауы да белгісіз - «қасиетті ауру» (morbus sacer). Бұл өте қорқынышты ауру, ешқандай сипатсыз талмаға ұшырау, ұстамалардың үстемеленуі, мінездің ашуланшақ және адамның қатігездікке бейім болуы, соңында рухани деңгейдің төмендеуіне апарып соғады. Біз осы мәселеге қай жағынан қарасақ та, бір белгісіздікке апарып тірейді. Бірден ұстайтын талмалар, өмірге қауіп төндіретіндей деңгейге жете алатын status epilepticus, кейде өзіне тән алапат күш ала алмай, қысқа абсанстық күйге дейін әлсіреп, тез қайтатын бас айналулар мен ауру адамның табиғатына келмейтін нәрселерді істеп, бейсананың тұсауында қалуы мүмкін. Қалай десек те кейде ол тек тәндік себептермен рухани деңгейде белең алуы да ғажап емес (қорқыныш); немесе кейін көңіл-күйдің толқуына тәуелді болады. Бұл аурудың соңы көбіне интеллектің төмендеуіне әкеліп соғады, бірақ бұл дерт ақыл мен санасының жұмысына кедергі келтірмеген кемі бір адамның болғаны бізге белгілі (Гельмгольц) (басқа да тіркелген оқиғалар сенімді емес немесе Достоевскийдің оқиғасы сияқты күмәнға толы). Эпилепсиямен ауыратын адамдардың жүзінен топастықтың, жетілмей қалған адамдардың сипатын, ашық көрініс беретін ақымақтық пен ми жүйесіндегі ақауларды байқауға болады; бұл әрине аурудың жалпы сипатын көрсете алмайды; дәл осындай эпилепсия рухани деңгейі жоғары адамдардан, кей жағдайларда тіпті нормалық деңгейден де жоғары, көп жағдайларда өздері толық қанды басқара алмайтын аффектілікті байқауға болады.

Осындай жағдайда «эпилепсияның» клиникалық әсерін анықтай алмайтынымызға таңғалуға болмас. Бұл сипаттардың біртектілігінде көрінетін нәрселер функционалды түсінуді талап етеді: бастапқы түрлерді қалыпты түрде босатудың механизмі, ауыр тіндік аурулар кезіндегі мидың зақымдануы немесе уытты аурулар, сондай-ақ жанның бақылауы мен жанның дағдарысқа ұшырау жұмысы. Бұны екі түрге бөлсек, біз бастапқы түрлерді босатуға арналған механизмнің өзіндік ерекшелігін байқаймыз. Бұл механизм жыныстық қатынасқа да жақын. Ежелгі дәрігерлердің өзі coitus-ті кішкентай эпилепсия деп атап, қатынас кезінде тітіркенуден эпилепсиялық босатудың жұмсаруы мен бейімделуін байқаған.

«Эпилепсиялық реакция», егер осының бәрін солай атауға келетін болса, психикалық тұрғыда шеше алмайтын тітіркену массасын автоматты түрде жоятын невроздың иелігіне өтеді. Нәтижесінде эпилептикалық ұстама истерияның сипатына айналып, қалыпты жыныстық қатынас кезіндегідей бейімделіп және өзгеріске ұшырайды. Осылай біз органикалық және аффектілі эпилепсияны бөліп аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біріншісімен ауыратын адам – ми ақауына ұшыраған, ал екіншісімен ауыратын адам – невротик. Біріншісінде ішкі жан дүние сыртқы әсерлердің кесірінен бұзылған, ал екіншісінде ішкі рухани әлемнің өзінің бұзылған бейнесі.

Достаевский осының екіншісіне душар болуы әбден мүмкін. Бірақ бұны дәлелдеу қолдан келмейді. Ол үшін оның өмірінен толық мағұлмат, талмалардың қай уақытта, қай уақыт аралығында болғаны, қандай әсердің кесірінен болғанын анықтау қажет. Бізде ондай дерек жоқ, болса да бір-біріне қарама-қайшы тұстары көп. Дегенмен Достаевскийдің ұстамасы бала кезінен басталуы мүмкін. Ол уақытта тек әлсіз сипаттармен көрініс тапқан. Он сегіз жасында өткерген ауыр соққы (әке өлімі) эпилепсияға айналған. Оның эпилепсиясы Сібірге қылмысын өтеуге кеткен уақытта жойылып кеткені нақты анықталса орынды болар еді, бірақ бұған қарсы деректер де бар. «Ағайынды Карамазовтардағы» әке өлтіру мен Достаевскийдің әкесінің тағдырының ұқсастығы оның биографтарының талай көзіне түссе керек және бұл «танымал заманауи психология ағымына» сілтеме бола алды. Ол ағым – психонализ. Психонализ ғана осы оқиғадан Достоевский жанының жарасын көре алады және бұл жара оның неврозының пайда болуына себеп болған оқиға екенін түсіндіріп бере алады. Егер мен бұның бәрін психоанализ тарапынан түсіндіретін болсам, бұл ғылымды таңсық көретін жандардың барлығына түсініксіз болып қаламын ба деп қорқамын.

Сонымен бізде оқиға бастау алатын бір ғана дерек бар. Достоевскийдің «эпилепсияға» ұшырағанға дейін бозбала шақтағы ұстамаларының мәні анық. Бұл талмаларда өлімнің кейіпі бар – өлімнен қорқу – ол летаргиялық ұйқымен сипат алған. Бала күнінен құрсауына түсірген дертке душар болған сәтте, досы Соловьевке айтқанындай, дәл қазір өліп кететіндей сезімде болған, анығында ол өлімге тән сезімді өткерген. Ағасы Андрей Федордың түнде өлім іспетті ұйқыдан қорқып, оянбаса тек бес күннен кейін жерлеуін өтініп хат жазып отырғанын айтады (Рулетка басындағы Достоевский, кіріспе. XL б).

Бізге осы ұстамалардың мағынасы мен себебі белгілі. Ол біреудің өлімі немесе тірі адамға өлім тілеу. Екіншісі көбірек келетін секілді. Бұл жерде ұстаманың жаза ретінде қолданылуы көрінеді. Біз біреуге өлім тіледік, кейін сол өліммен өзіміз өлдік. Психоаналитикалық ғылым баланың осы өзге адамы әкесі екенін анықтайды, нәтижесінде истериялық талма оның әкесіне өлім тілегені үшін берілген жаза ретінде қабылданады.

Әке өлтіру жеке адамның һәм бар адамзаттың басты қылмысының бірі екені анық. Бұл қылмыс - өзін кінәлі сезінудің басты нысаны. Талдау кезінде тек осы қылмысы үшін ғана оның жаны азапталғаны және жазалануға деген құштарлықтың қаншалықты деңгейде екені анықталған жоқ. Психологиялық жағдайы шиелініскен және түсіндіруді талап етеді. Баласының әкесіне деген қарым-қатынасы – амбивалентті. Әкесін қарсылас көріп, оны жолынан алып тастау мақсатындағы қатігездіктен бөлек, бала бойындағы сүйіспеншілік те өң алады. Екіұдай сезім бір-бірін ығыстыруға тырысты; ол әкесі секілді болғысы келді – себебі әкесі оның мақтан тұтарлық адамы еді; ол әкесінің орнын басқысы келді – сонықтан да оны жолынан алып тастауға бекінді. Бұның бәрі бізді тығырыққа тіреді. Егер өз әкесін жолынан алып тастауға бекінсе, әкесі тарапынан жазаның болатынын да білген. Ол әкесінің өзін піштіріп тастауынан қатты қорыққан. Өзінің еркектігін сақтап қалуы үшін ойындағы қылмыстан бас тартады. Дегенмен бейсаналық деңгейде қалып қойған ойы – оның өзін кінәлауының басты себебіне айналды. Біз қарапайым процесстерді, айталық, эдиптік комплекстердің қалыпты тағдырын түсіндіріп берген сияқтымыз. Алайда тағы бір маңызды толықтыруды енгізуіміз керек-ақ.

Егер балада конституциалық фактор, бізше бисексуалдық басым болса, жағдай тағы да шиеленісе түседі. Онда піштірілу арқылы еркектігін жоғалтып алу қауіпі алға шығады. Әйелге деген бейімділігі басым болып, әкесінің махаббаты ауған обьект ретінде шешесінің рөліне кіру тендециясы орнығады. Піштірілуден қорқудың өзі осы шиеліністің шешілуіне мүмкіндік бермейді. Бала әкесінің махаббатына бөлену үшін піштірілуді де қабылдау керектігін түсінеді. Әкесіне деген сүйіспеншілік пен оған деген қатігездік күреске түседі. Өшпенділіктен сыртқы қауіптен сақтану үшін бас тартады деген психологиялық айырмашылық қарастырылады. Ал сүйіспеншілік ішкі қауіппен қабылданады, бірақ оның да сыртқы қауіппен байланысы бар.

Әке алдындағы қорқыныш оның өшпенділігіне қолайсыз жағдай тудырады. Піштірілу – жаза ретінде де, сүйіспеншіліктің бағасы ретінде де қорқынышты. Әкеге деген жауыздықты ығыстыратын екі жағдайдың біреуінде сыртқы қауіптен қорқу, екіншісі әйелдік параметрлерді өз бойында көруден қорқу. Анық көрініс табатын бисексуалдық невроздың талаптарының бірі деуге болады. Бұл ауытқуды Достоевскийдің де бойынан көре аламыз, бірақ ол қажетті шамада ғана. Еркектермен достығында, махаббаттағы бақталастарымен қатынасында және оның жағдайды жақсы бағамдайтыны тек ығыстырылған гомосексуалдықпен түсіндіріледі. Бұған оның шығармаларындағы көптеген мысалдар дәлел бола алады.

Әкесі мен жазушының арасындағы өшпенділік пен сүйіспеншілікке деген піштірілудің әсері жайлы тәптіштеп жазу оқырманға сауатсыз әрі мүмкін еместей көрінетініне қынжыламын, бірақ ештеңе өзгерте алмаймын. Дегенмен психоанализдегі тәжірибеге сүйенсек, дәл осы жағдайды алға шығарып, кез-келген невроздың негізгі себебі екенін дәлелдеуге болады. Бұл тәжірибені жазушының «эпилепсиясына» қолданып көрейік. Бірақ біздің бейсаналық психикалық өміріміздің иелігінде болатын процесстер саналық көріністе өте ерсі бейнеленеді. Біз үшін таңсық дәйектердің бірі сол, соңында әкесімен ұқсастық «Менімізден» ойып тұрып орын алуы. Бұл ұқсастық «Меннің» тарапынан еш кедергіге тап болмай, оның ішінде «Меннің» басқа құрылымына қарсы тұратын ерекше инстанцияға айналады. Біз оны «Жоғарғы Мен» деп атаймыз және оған ең маңызды функцияны (ата-ана әсерінің мұрагері) қосақтаймыз.

Әкесі егер зорлықшы, қатігез адам болса, онда осы қатынасты біздің «Жоғарғы Меніміз» өзіне қабылдап алады және оның «Менге» қатынасы тағы пассивті болмақ. «Жоғарғы Мен» садистік, ал «Меніміз» мазохистік, яғни, әйелдік қасиеттердің сипаттары пассивті рөл алады. «Мен» өзінің жазалануына құмар болады және тағдырдың тәлкегіне беріледі, сонымен қатар «Жоғарғы Меннің» қаталдығынан өзін қанағаттандырады (өзін кінәлау).

Ар-ожданның қалыптасуы кезінде болатын қалыпты құбылыстар мұндағы әдеттен тыс дүниелерге ұқсас болуы керек. Бұлардың арасындағы шекараны анықтау әлі біздің қолдан келе қойған жоқ. Осы жерде әйелдік сипатпен ығыстырылған пассивті элементтердің және кездейсоқ дәйек ретінде қорқыныш ұялататын әкенің шын мәнісінде сонша зорлықшыл ма деген сауалдың рөлі басым екенін байқауға болады. Бұның Достоевскийге қатысы бар. Оның өзін кінәлі сезінуі мен мазохистік өмір салты айқын көрініс беретін әйелдік компоненттермен түсіндіреміз. Достоевскийді күшті бисексуалды бейімділік пен өзін қатал әкеге деген тәуелділіктен айрықша қорғай алу қабілетімен талдауға болады. Бисексуалдылықтың бұл сипаты оның бұрыннан белгілі компаненттеріне қосылады. «Өлім ұстамаларының» ерте симптомы ретінде «Жоғарғы-Менмен» жазаланған «Меннің» әкемен ұқсастығы деп қарауға келеді. Сен өзің әке болу үшін әкеңді өлтіргің келді. Енді әке ол – сен, бірақ ол өлген. Истериялық сипаттардың қарапайым механизмі. Ол аз десең, қазір сені әкеңнің өзі жегідей жеп өлтіріп жатыр. Ішіміздегі «Мен» үшін өлімнің сипаты еркектің фантазиясындағы қалауын қанағаттандыру және сол мезетте мазохистік жазалау, яғни, садистік қанағаттану болып табылады. «Мен» және «Жоғарғы-Мен» де әкенің рөлін атқарады. Қысқасы, әкенің жеке тұлғасы мен оның обьектісінің арасындағы қатынасы мазмұнын сақтап, «Мен» және «Жоғарғы-Мен» арасындағы қатынасқа ұласты. Бұл екінші сахнадағы жаңа қойылым іспетті. Эдиптік комплекстің осындай инфантильді құбылыстарына қажетті азық болмаса жоғалуы әбден мүмкін. Бірақ әкенің мінезі сол күйі қалды, тіпті жыл өткен сайын ауырлай түсті. Нәтижесінде Достоевскийдің әкеге деген өшпенділігі өрши түсті. Бұндай ығыстырылған тілектер бейсанада емес санада орындалса қауіп төндірері сөзсіз. Фантазия өмірге айналған сәтте қорғаныс реакциясы күшейе түседі. Достоевскийдің ұстамалары енді эпилептикалық өң ала бастады. Ұстамалар әкенің өліміндей өте қорқынышты сипатта сезілді. Осы мәнге қосымша тағы қандай мазмұнға ие болғанын табу мүмкін емес.

Ф.М. Достоевскийдің "Ағайынды Карамазовтар" романының қолжазбасы

Ұстама барысында оның жеңіс пен бостандықты місе тұтатын ұлы рақатқа бөленетінін атап өткіміз келеді. Осындай рақат пен өкініштің алма-кезек ауысуын әкесін өлтірген ағайындылардың табиғатынан және тотемдік ас ішу салтанатында қайталанғанын көре аламыз. Егер Достоевскийдің Сібірге айдалған кезде ұстамаларының болмағаны рас болса, бізге бұны өзіне жаза ретінде қолданғаны анық болар еді. Жазушыға басқа жаза қолданылған сәттен бастап, бастапқы жаза оған керек емес болатын. Бірақ бұны дәлелдеу мүмкін емес. Достоевскийдің саяси қылмыскер атануы әділ шешім емес және ол патша-әкейден әділетсіз шешім алғанын білуі тиіс болатын. Бірақ ол жазаны қабылдады және өзін екінші әкенің жазалауына жол берді. Көптеген қылмыскерлер жазалануды тілейді. Бұны олардың «Жоғарғы-Мені» талап етеді. Нәтижесінде олар өзін-өзі жазалаудан құтылады.

Истериялық эпилепсияның қиын әрі өзгеріске ұшырап отыратын сипаттамаларының мәнің білетіндер біздің Достоевскийдің талмалары жайлы толық анықтама жасауға ұмтылмайтынымызды түсінеді. Бізге оның бастапқы кейпі кейінгі қатпарларына дейін өзгеріссіз қалғанын білу жеткілікті. Достоевский өзінің әкесін өлтірмек болғаны үшін өзін жегідей жеуін ешқашан тоқтатпаған. Мойнындағы бұл ауыр жүк оның басқа екі бағытқа деген көзқарасын өзгертті. Біріншісі – мемлекеттік саяси көшбасшыға бағыну, екіншісі – христиан Құдайына. Біріншісінде, патшаға ол еріксіз мойынұсынды. Бұл жерде бағыныщтылық салтанат құрды. Дінге келгенде жазушыда таңдау мүмкіндігі болды. Өмірінің соңына дейін діндарлық пен құдайсыздықтың арасында ойланумен жүргені күмәнсіз. Оның жоғарғы интеллекті дін тарапынан ойландыратын дүниені қабылдауға қиын екенін аңғармауы мүмкін емес. Ол Христостың идеалдылығына сенім артып, күнәсінан айырылғысы келді. Ал дін мен жалпы адамзаттық нормаларға бағынуына тек әке алдындағы күнәсі ғана себеп болды. Оның жоғарғы деңгейлі интелекті де бұл жерде дәрменсіз еді. Бізді Достоевскийге тек психонализдік баға беріп, жалпыға ортақ көзқарасты елеусіз қалдырдық деп сөгуге болады. Бірақ әдебиетші оны тек «Ұлы Инквизитор туралы аңыз» тұрғысынан қарастырар еді ғой. Яғни, сіздің бізді ыждахаттылықпен қабылдамауыңыз заңды. Оның әсерін сәл жұмсарту үшін Достоевскийдің шешіміне невроздың әсерінен пайда болған ойлау ерекшелігінің әскері болғанын айта кетуіміз керек.

Софоклдың «Эдип патшасы», Шекспирдің «Гамлеті» және Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтары» секілді әлемдік әдебиет жауһарларының барлығында дерлік әке өлтіру көрініс табатыны жай ғана сәйкестік деп айта аламыз ба? Үшеуінде де қылмыстың себебі әйел үшін болған сексуалды талас екені айтылады. Бұл жерде іс-қимыл бас кейіпкердің өз қолымен жасалды. Грек драмасында болуы тиіс жұмсақтық кейіпкерді қылмыс жасауға итермелеген себеп оған тән емес кейіпте көрсетіліп, болған оқиғаның тағдырға тәуелділігі алға шығады. Кейіпкердің іс-қимылы өз қалауынан тыс жасалады және оған әйелдің әсері болмайды, бірақ бұл сәт есепке алынған, себебі ол әкесінің символы іспеттес құбыжықты өлтірген жағдайда патшайымға қол жеткізе алады. Қылмыс жасалғаны мойындалып, кінәсі анықталғаннан кейін тағылған айыптан қашып, оны тағдырдың әлегіне жаба салуға еш әрекет жасалмайды. Керісінше кінә мойындалады және барлық қылмыскерлер сияқты жазаға тартылады. Санаға салсақ бұл қате көрінуі әбден мүмкін, бірақ психология тұрғысынан өте дұрыш шешім қабылданғаны анық. Ағылшын драмасында ол жанама түрде бейнеленген. Ол жерде бас кейіпкердің орнына бұл ісін әке өлтіру деп санамайтын басқа кейіпкер орындайды. Сол себепті әйелдің сексуалдық таласында айыптаушы мотиві бүркемелеуді қажет етпейді. Біз кейіпкердің Эдиптік комплексінен басқа кейіпкердің әрекеті қандай әсер бере алғанын ғана, яғни шағылған бейне арқылы, көре аламыз. Ол бұл әрекеті үшін кек алуы тиіс еді, бірақ олай істемейді. Өзін кінәлі сезінуден кейін ол кек алуға дәрмені жетпейді. Кейіпкер кінәні тек өзіне ғана бағыттайды. Ол басқаларын өзінен кем жеккөрмейді. «Егер бәрі өз кінәсі үшін жауап беретін болса, жазадан кім құтылады?». Бұл бағытта орыс жазушысының романы бір қадам ілгері кетеді. Ол жерде де қылмысты басқа кейіпкер істейді, бірақ оның, әкесі өлген Дмитриймен байланысы бар болып шығады. Оның сексуалды бақталастығы бұл жерде анық айтылған. Сол байланысы бар бауырына Достаевский өзінің ауыруын берген, оны эпилепсиямен ауырады деп сипаттайды. Бұл жерде «Мендегі эпилептик, невротик – әке өлтіруші» деп ағынан жарылғандай.

Ал сотта психологияны келеке ететін мәлімдеме жасайды; таяқтың екі ұшы жайлы. Бұл жерде әдемі бүркеленген ойды теріс аударсаң болды Достоевский дүниетанымының терең мәнін көруге болады. Күлкі болған психология емес, сот процесі. Психологияда қылмысты нақ кімнің істегені қызық емес, психологияны осы қылмысты кім қалап, кім жақтағаны қызықтырады. Сондықтан да бұл жерде Алешадан бастап, ләззаттың артынан қуған, скепсис пен эпилептик қылмыскерге дейін ағайындылардың бәрі кінәлі. «Ағайынды Карамазовтарда» Достоевскийдің мінезіне тән бір көрініс бар. Ол жерде шал мен Дмитрий арасында әңгіме өрбіп, оның әке өлтіруге дайын екендігін түсініп, алдына тізерлеп жығылады. Достоевскийдің қылмыскерлерге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ. Қылмыскер ол үшін кінәні өз мойнына алған қаһарман іспетті. Ол қылмыскерді осыған лайықты деп шешті, орта ғасырларда эпилептиктер мен невроздарға да осындай мейірімді көзқарас болған. Енді өлтірудің қажеті жоқ, кейіпкер оның орнына адам өлтірді және ол оған ризашылығын білдіреді. Өмірінің соңында жазушы поэтикалық кешірім сұрады.

Ол дүниеден озғаннан кейін әйелінің күнделігінен Достоевскийдің Германияда ойынқұмарлыққа салынған кезіндегі бір дәйек көзге оттай басылды (Рулетка басындағы Достоевский). Ешқандай сипаттауға келмейтін патологиялық құмарлық орын алған. Невротиктердің көбінде кездесетін өзін кінәлау сезімі қарызға батумен орын алмастырған. Достоевский жеңіске жеткен кезде Ресейге қайта оралып, қарыз берушілердің түрмеге жабуынан құтыламын деп сылтауратқан. Ол ойынның өз кезегінде – ‘ le jeu pour le jeu1 –екенін білген. Қалтасы тесілгенше ойынын тоқтатпаған. Бұл оның тағы да өзін жазалауы еді. Достоевский әйелінің алдында неше мәрте ойнамауға немесе дәл сол күні ойын үстеліне отырмауға сөз беріп, уәдесінде тұрмаған. Құмарлыққа салынып, өзін де, әйелін де соқыр тиыны жоқ кедейге айналдырып, өзінің паталогиялық қанағаттануына жол ашты. Жұбайының алдында өзін төмен ұстап, осы қылығы үшін өзін жеккөруін сұрап, кәрі ойынқұмарға күйеуге шыққаны үшін өкінуін қалап, үстіндегі бар жүкті сілкіп тастағаннан кейін келесі күні ойынға қайта оралған. Жазушының жас әйелі бұл қайталана беретін өмір салтына үйреніп кетеді және осы жерден тек жазушылықтың құтқарушы бола алатынына кәміл сенген. Себебі оның шығармашылығы бар мүлігінен айырылған сәтте ғана алға жылжыды. Оның нақ себебін түсінбегені анық. Өзіне таққан кінәсі өз қолымен істеген жазамен қанағаттанған уақытта ғана ол жетістікке бір-екі қадам жасауға мүмкіндік алды.

Стефан Цвейг

Одан едәуір жас жазушының әңгімесін оқыған кезде бала кездегі уайымның ойынқұмарлықта көрініс табатынын аңғару қиын емес. Достоевскийге очерктерінің бірін арнаған («Үш шебер») Стефан Цвейгтің «Әйел өміріндегі 24 сағат» атты новелласы бар. Бұл кішігірім шедевр әйелдің жауапкершілігі аз екенін және күтпеген сезімдердің қандай заңбұзушылыққа әкелетінін ғана бейнелейтінін сияқты көрінуі мүмкін. Новелланы психоанализдік сараптауға салсақ, мүлде басқа жалпы адамзаттық, нақтырақ айтсақ жалпы еркектік қырын ашуға болады және ол айқын көрініс табады. Бұл новеллада жасы егде тарқан ақсүйек әйел осыдан жиырма жыл бұрын басынан өткен оқиғасын баяндайды.

Ерте жесір қалған, оған енді еш тәуелді болмаған екі баланың анасы үміті үзілген күйі қырық екі жас шамасында мақсатсыз саяхатқа шығып, Монакодағы казинолардың біріне жолы түседі. Өзіне анайы көрінген жерде ойыншының уайымы мен жан-дүниесін көрсетіп отырған екі қолға назары ауады. Ол әдемі бозбаланың қолдары еді (автор ешқандай сілтемесіз оны әйелдің үлкен баласымен құрдас деп келтіреді). Бар дүниесінен айырылған бала саябақта еш қызығы қалмаған өмірімен қоштасуға бел буады. Әйелдің кенеттен пайда болған сүйіспеншілігі оның артынан еріп, оны құтқару үшін барын салуға итермелейді. Бозбала оны монаколық жеңілтек әйелдердің бірі деп қабылдап, одан құтылуға асығады. Бірақ әйел өз дегенінен қайтпай, қонақ үйдегі баланың бөлмесінде қалып, бір төсекті бөлісуіне тура келеді. Қолдан жасалған махаббат түнінен кейін бозбаланың енді қайтып ойын залына бармаймын деген уәдесін алып, қайтар жолына ақша беріп, жолға шығар алдында вокзалда кездесетініне сөз береді. Бірақ оның сүйіспеншілігі оянып, бозбаламен бірге саяхатқа аттануға бел буады. Әртүрлі кедергілердің кесірінен әйел жолынан қалып, кездесуге келмеген бозбаланы іздеуге шығады. Ойын залынан тағы сол таныс қолдарды көреді. Дереу қасына барып, уәдесін еске салған әйел, ойынның қызығына батқан бозбаладан ауыр сөз естіп, бала оның ақшасын бетіне лақтырады. Дүйім жұрттың алдында күлкіге қалған әйел қаладан кетеді. Кейінірек сол баланың өзіне қол жұмсағанын естиді.

Бұл бір деммен оқылатын шығарма оқырманға керемет әсер етері сөзсіз. Бірақ психоанализ бұл әңгіме бозбаланың жыныстық жетілуіне инстиктивті ұмытылысы негізінде пайда болды деп түсіндіреді. Баланы өзін автоэротикалық қанағаттандырудан және оның салдарынан сақтау үшін анасының өзі оны жыныстық өмірге әкелуі тиіс. Осыған ұқсас көркем шығармалардың барлығы осы нәрседен бастау алады. Онанизм дерті кейіннен ойынқұмарлық дертіне апарып соғады. Әңгімедегі ойыншының қолын бейнелейтін сәттер оның бұл энергиядан ауытқуын куәландырады. Асылында құмар ойын бала кездегі онанизмге деген құмарлықтың кесірінен туады. Бұл бала күнгі әдетті тек «ойын» сөзімен ғана сипаттай аламыз.

Азғыруға қарсы тұру, қасиеттілер және ешқашан орындалмайтын уәделер, өзімізді құртып жатқанымызды (өзіне қол жұмсау) айтатын ләззат пен кірбің шалған ар өзгеріссіз қалған. Цвейгтің новелласында әңгіме баланың емес, ананың атынан баяндалады. Егер анасы онанизмнің қауіпін білген болса, мені одан қорғап қалып, өз денесін аймалататын еді деп ойлау лайықтырақ еді. Цвейгтің бұл әңгімесінде ана мен қыздың танысуы да сол қиялдың бір бөлігін құрайды. Бұл қол жетпейтінге оңай қол жеткізе алатын әңгіменің қайғылы аяқталуымен расталды. Жазушы көркемдікпен көмкерген әңгімеде психоанализдік дүниенің жасырылғанын айта кетуіміз керек. Әйелдің сүйіспеншілігі тек кездейсоқ және жұмбақ импульстарға тәуелді екеніне уәж айтуға болады ғой. Талдау сол уақытқа дейін махаббаттан бас тартып келген әйелдің бұл әрекетіне нақты себеп тауып бере алады. Қайтыс болған күйеуіне деген құрметтің арқасында ол күйеуінің сезімін еске салатын барлық нәрседен алшақ жүреді. Бірақ баласына бейсаналық түрде ауысқан махаббатынан ол қашып құтыла алмайды және осы әлсіз жерінде ұсталады. Егер ойынқұмарлық ононизмге деген қажеттіліктен туса, Достоевксийдің өмірінде де үлкен рөл алғаны бізді таңғалдырмас еді. Бізге ауыр невроздағы автоэротикалық қанағаттандырудың ерте және қалыптасу кезеңі үлкен себеп болмаған кезі кездеспеді және ол қажеттілікті тұншықтыру әрекеті мен әке алдындағы қорқыныштың жұртқа белгілі болғаны сонша, оны тек атап өтуден де жоғарғы дүниеге лайық деп есептейміз.

1 - Ойын үшін ойын

Аударған: Абзал Сүлеймен

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар