Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Зира Наурызбаева: «Батудың» Аmazon-дағы жолын «Тал...

23.12.2021 4194

Зира Наурызбаева: «Батудың» Аmazon-дағы жолын «Талтүс» ашып берді 12+

Зира Наурызбаева: «Батудың» Аmazon-дағы жолын «Талтүс» ашып берді - adebiportal.kz

Белгілі мәдениеттанушы, мифолог Зира Наурызбаева мен жазушы Лиля Калаустың Бату мен оның достары туралы фэнтези жанрындағы бірнеше циклды туындысы көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Қарапайым мектеп оқушыларының қазақи мифтер әлеміне жасаған саяхаты әйгілі Аmazon-ның балалар әдебиеті бөлімін басқаратын редакторларға да тартымды көрінгенге ұқсайды. Бұған дейін аталған шығарманың үш кітабы орыс тілінде, бірінші кітабы қазақ тілінде жарық көрген болатын. Енді Amazon Publishing пен шығармашыл жұп 2022 жылы циклдың бірінші кітабын ағылшын тілінде басып шығару туралы келісімшартқа қол қойып отыр.

ҚазАқпарат тілшісі осы идеяның авторы Зира Наурызбаевадан АҚШ-тың әдеби нарығына қалай жол ашқандарын сұрап көрді.

- Зира ханым, қазақ балаларының сүйікті кейіпкеріне айнала бастаған бала Батуды енді ағылшын тілінде кітап оқитын әлем балаларының бәрі танитын мүмкіндік туып отыр екен, құтты болсын! Америкалықтарға қалай шығып жүрсіз?

- Бұл нарыққа жол ашып берген жолдасым Таласбек марқұмның «Талтүсі» десем дұрыс болатын шығар. Түсінікті болу үшін әріден бастайын.

Бельгияда тұратын Зәуре Батаева дейтін қазақтың қайсар қызы бар. Қазақ жазушыларының, әсіресе жаңа шыққан есімдердің қысқа әңгімелерін кейде өзі, кейде Шэлли Файруазер-Вега деген маманға аудартып, журналдарға, баспаларға ұсынып, шығарып отырады. Менің 2-3 әңгімемді сол Шелли аударып, Америкада жарияланған екен. «Талтүстің» Индиана университетінің баспасынан шыққан ағылшынша нұсқасын да Шэлли ханым аударған. Университет жанында постсоциалистік елдердің мәдениетін зерттейтін институт бар. Соның Қазақтану орталығы арқылы баспаға дайындалды. Аударма шығыны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы өтелді. Қалған баспа шығындарын Индиана университеті көтеріп, өздері таратты. Бізге құқық иесі ретінде сатылымнан түскен пайызын төледі. Америкалықтардың бір жақсы жері әлеуметтік желі мен кітап сатылатын сайттарда оқыған дүниелері туралы ойын ортаға салып отырады. Тимати Уолч деген ақын «Қазақ әдебиетін сүйіп кеткілеріңіз келсе, «Талтүстен» бастаңыз» деген мағынада пікір қалдырды.

Кейбір орыс тілді жазушылар тезірек танылып, табысқа жету үшін шығармаларын батыс аудиториясына бағыттап жазады. Ол өзін ақтайтын тәсіл деуге болады. Ал біздің «Бату» таза қазақ балаларға арналған дүние. Соған қарамастан, бір күні Шеллиден кеңес сұрап едік, «әбден өткізуге болады, кірісу керек» деп кеңес берді. Сөйтіп бір тарауы мен синопсисін аудартып, ақшасын өз қалтамыздан төледік. Шарт бұрынғыша болды. Баспалар ұсынысты қабылдап жатса, Шелли де түскен табыстан агент ретінде пайызын алып отырады. Арада 2-3 жыл өтті. Шелли түрлі агенттіктерге, баспаларға жіберіп отырды. Біреулер екінші тарауын сұраған екен, оны өз еркімен тегін аударып, жіберді. Биыл жазда Шелли екінші, үшін кітаптың синопсисін сұратты. Сең қозғалғанын сездік. Күзде хабарласып: «Жақсы хабар бар. Құдай қаласа, жақында нақты мәлімет береміз» деп қуантты. Бір күні электронды поштама Аmazon Publishing деген баспадан хат келіп тұр. Олар эпистолярлық жанрға ерекше мән береді ғой. Жазғанын оқысаң, көңіліңді өсіріп тастайды.

«Сіздің таңғажайып кітабыңызда асқан қызығушылықпен оқып жатырмыз. Алған әсерімізді айтып жеткізе алмаймыз. Мұндай шығарманы Американың және бүкіл әлемнің оқырмандарына ұсыну біз үшін үлкен мәртебе» деп тұрып жазған. Қуаныштан төбеміз көкке жеткендей болдық. Аmazon Publishing баспасының балаларға арналған бөлімін басқаратын Mерилин Бригхем дейтін редакторына ұнаған екен. Бұған дейін Америка көлемінде бестселлерге айналған бірнеше кітапқа, жалпы саны 150 кітапқа редакторлық еткен, өзі де кітап жазатын мықты маман көрінеді. Жалпы әлемдік нарықта әдеби редактордың маңызы зор. Бізде редактор техникалық маман сияқты ғой. Олар үшін қолжазба шикізат. Одан қандай өнім шығатыны редакторға байланысты. Сол Mерилин Бригхем шығарманың Қазақстандағы аудиторияға арнап жазылғанын байқапты. «Сәл-пәл адаптация жасасақ, қарсы емессіздер ме» деп сұрады. Біз келісім бердік.

Екі айдай Мерилинмен хат жазысып жүрдік. Заңгерлік мәселелері, қаражат дүниесі бар дегендей. Соның бәрін әбден пісіріп, өткен сәрсенбінің сәтті күнінде біз Аmazon Publishing-тің порталында қол қойдық. Жұма күні олар қол қойды. Бірінші кітап – «Алтын тостаған» 2022 жылдың аяғына дейін ағылшын тілінде басылып шығады деген сөз. Олар оны Аmazon платформасында, басқа да дүкендерде сатылымға шығарады. Оның өзінде қатты мұқабамен, жұмсақ мұқабамен, электронды түрде, аудиокітап форматында бірнеше нұсқамен бірден шығарады. Бұл жерде мынаны түсініп алуыңыз керек деп ойлаймын. Аmazon сауда платформасында белгілі бір тіркелу рәсімдерінен өтсеңіз, сіз де электронды кітабыңызды немесе комикстеріңізді сатылымға шығара аласыз. Ал біздің дүниені сол Аmazon-ның баспасы өздері шығармақшы. Аmazon Forward Kids дейтін балаларға арналған бөлімі бар. Солар өздері ағылшын тіліне Шеллиге аудартып, өздері сатады. Келісімшартта басқа тілдерде қызығушылық болса, ол бойынша да өздері келіссөз жүргізіп, аударуға рұқсат беретіні көрсетілген. Яғни ол жағына авторлар бас қатырмайды. Бізге түскен табыстан пайызын беріп отырады.

- Келісімшартта таралым саны көрсетілген бе?

- Олар нарыққа қарап бағдар ұстайды ғой. Жоспарлы экономикадағыдай емес. Әуелі бірнеше данасын шығарады. Сұраныс көбейген кезде тағы шығарып отырады. Қатып қалған таралым деген түсінік жоқ. Келісімшартта тіпті арадағы әріптестік мерзімін өмір бойы деп көрсетуге болады екен. Бірақ заңгер тым болмаса 10 жыл деп шектеу қойған дұрыс деді. Ертең сұраныс қатты өсіп жатса, пайыздық шарттарды өзгертуді талап ете аласыз деп түсіндірді.

-Сонда «Батуды» тарату құқығы қазір Аmazon Publishing-тің құзырына өтті ме?

- Орысша және қазақшасынан басқа тілдерге аударушы, таратушы дистрибьютері біз болайық деді. Яғни орысшасы мен қазақшасын өзіміз таратамыз.

- Қазақшасы түсінікті, орысшасынан неге бас тартып отыр?

- Бізде де сондай сұрақ болған. Лиля Калаус Ресейдің нарығын ішінен біледі. Орыс тілінің таралу аймағының да өзіндік ерекшеліктері бар, ұңғыл-шұңғылы көп. Сол нарықтағы баспалар кейде тіпті атақты авторлардың өзін алдап, еңбегін қанап жататын көрінеді. Қысқасы, көлеңкелі тұсы әлі деп көп. Сондықтан Ресейде тарату құқығын да Аmazon-ға бергіміз келген. Олар да бас тартты.

«Егер орыс тілінде шығару құқығын біз алсақ, Қазақстанда да біз шығаратын боламыз. Сізге қазақ тілінде тарату құқығы ғана қалады. Бұл сізге тиімсіз», - деп түсіндірді.

-Аmazon Publishing бұған дейін сіздерден басқа қазақ авторларымен жұмыс істеп көріп пе? Оны біле алдыңыздар ма?

- Жалпы қазақ жазушыларының Батыстың қаржысына кітабы шыққан алғашқы адам Таласбек (Таласбек Әсемқұлов- авт.) қой. Ал біздің кітап Аmazon Publishing-тін қаражатында шығарылып отырған бірінші туынды болмақ. Былайша айтқанда біз оларға ақша төлеп жатқан жоқпыз, олар бізге ақша төлеп жатыр. «Талтүстің» ағылшыншасы шыққанда да Индиана университетінің баспасы аванс төлеген болатын. Көп емес, дегенмен ырымға жақсы.

Бұл жерде қазақ тақырыбына жазатын жазушыларды айтып отырмын. Өйткені қазақ мәдениетіне байланысы жоқ, бірден Ресейге иә Батысқа арнап жазатын жастар бар. Алғашқы демеушіміз Ерболат Досаевтың әйелі болды

- Кейіпкердің аты неге Бату деп сұрайтындар көп шығар?

- 16 жыл бұрын ұлымыз Жансүгір дүниеге келетін кезде Гарри Поттер қатты дүмпу туғызып жатқан болатын. Үйде соның кітабы, дискісі толып тұратын. Жансүгірдің өзі ес білмесе де, киносынан бас алмайтын. Қайда барса, соның дискісін құшақтап жүреді. Елдің баласы ойыншықпен ойнаса, бұл ойыншықты тастай салып Гарри Поттердің дискісімен ойнайды. Көршінің бәрі оны Гарри Поттер деп атап кеткен. Шыны керек, өзіміз де жата-жастанып оқыдық. Өйткені Жоан Роулиңнің мифологияны қалай пайдаланғаны қызық болды. Көне мифтер мен алхимияны шебер пайдаланған ғой. Дәл сондай қызықты қазақ мифологиясын өзгені қойып, өз балаларыма тыңдата алмай қойдым. Батудың хикаялары осындай қажеттіліктен туындаған болатын. Лиля құрбыма хабарласып, ұсыныс айттым. Оған дейін ересек адамларға арнап әзіл-сықақ түріндегі шығармалар, постмодернистік романдар жазып жүрген. Оның жазушылық шеберлігі мен менің мифологиядағы білімімді біріктірдік. 3-4 айдың ішінде бірінші кітапты жазып, «Жалғасы бар» деп аяқтадық. Көп қиналған жоқпыз. Өйткені талай жылдан бері пісіп тұрған идеялар бар еді. Ал екінші, үшінші кітапқа келгенде қиналдық. Алдыңғы кітаппен байланысын бүлдіріп алмау керек еді. Бірінші кітапта көмескі қалған тұстарына сәуле түсіріп, әр эпизодты дамытып отыру қажет дегендей.

Бату деп қойғанымыздың басты себебі дыбысталып, жазылуында. Транскрипциясы қарапайым. Төрт қаріптік сөз ғой. «Талтүсті» шет тілдерге аударған кезде шетелдіктер жиі хабарласатын. «Айғыз» бен «Аягөзді», «Байбура» мен «Байбөріні» бір сөз бе деп сұраған болатын. Транскрипция жағына сол үшін қатты мән бердік.

Екінші жағынан кейіпкер есімінің тарихи тамыры болғанын қаладық. Бұл балалардың қабылдауына да өте қолайлы болды. Өзің айтқандай, неге Бату деп сұрап жатқандар бар. Таласбектің шәкірті Ербол Алшынбаймен ақылдасқан болатынмын. Ол құптаған соң бұл мәселеге қайта оралған жоқпыз.

- «Батудың» қазақ тілінде неше кітабы шықты?

- Қазір орыс тілінде үш кітабы, қазақ тілінде бір кітабы бар. Орысшадан қазақшаға Таласбектің ең талантты шәкіртерінің бірі Айнаш Садық аударды. 2017 жыл болуы керек, желтоқсан айында «Қазақ энциклопедиясы» хабарласа қалды. Бір аптаның ішінде дайындап өткізіңіздер деді. Қазақшасы дайын тұрған қайта. Аударма ақысын төлемесе де, Лиля екеуімізге 100 мың теңгеден қаламақы берген болды.

Ал орысша бірінші кітаптың демеушісі мені өзі Facebook-тен тауып алды. Бір күні мэссенджерге бір келіншек жазды. Сайттағы электронды нұсқасын ұнатыпты. Сол шығарып бергісі келітінін айтты.

-Оның аты-жөнін біле аламыз ба? Қазақстан азаматы ма?

-Иә. Гүлнәр Досаева деген орыстілді қазақ екен. Қазіргі Ұлттық банк төрағасының әйелі. Бірінші кітабынан кейін жалғасын сұрайтындар көбейді. Тіпті бір күні стамотологым немересі жалғасын күтіп жүргенін айтты. Содан екіншісін жаза бастадық. Мәтін дайын болғанымен, шығаруға келгенде тағы тоқтап қалдық. Ақыры Facebook-те жалғасы дайын болып қалғанын, бірақ кітап шығу үшін әуелі демеуші табу керектігін түсіндіріп, жазба қалдырдым. ERG дейді ғой, «Еуразиялық топтың» Фәтима Қосаева деген менеджері бар. Сол хабарласып, қаржыландыру туралы ұсыныс айтты. Екінші кітап солардың қаржысына шықты. Үшінші кітаптың сюжетін зауыттағы саяхатқа құрдық. Кейіпкерлер демеушілердің иелігіндегі бір зауытта жүріп шытырман оқиғаға тап болады. Есесіне оларға PR, бізге қаражат келді. Жалпы осы туынды арқылы балалар Қазақстанның бірнеше өңіріне ойша саяхат жасайды. Бірінші кітапта ядролық полигон болған Дегелең жаққа барса, екінші кітапта Қызылорда облысындағы Барсакелмес арқылы жерасты әлеміне сапар шегеді.

Үшінші кітапта негізгі оқиға Айдала жұлдыздар елінде болса, біраз оқиға Қостанай өңіріндегі Сарыбай карьерінде өрбиді. Үшінші кітапты жазған кезде демеушіміз жеті ай қаламақы төлеп отырды. Бұл да кітапты уақытында аяқтауға үлкен көмек болды. Жалпы жобамыз орта жолда қалайын деп тұрғанда демеу болған, ойымызды іске асыруға көмектескен ERG ұжымына ерекше алғыс айтамыз.

- Қазақшасына демеуші табылмай тұр ма сонда?

- Белгісіз. Бір қызығы, Қырғызстанда жасы 70-тен асқан ардагер аудармашы қырғыз тілінде азғантай тиражбен шығарды. Немересінің аты Бату екен. Соған арнап өзі аударып, өзі басып шығарып жүр. Енді екіншісін шығармақшы. Ол кісі тіпті бізден автор ретінде рұқсат та сұраған жоқ. Оған бола ренжіген біз жоқ. Ал қазақша қалған екі кітабы қашан шығатыны белгісіз. Біз әуелі шетелде мойындалған дүниені ғана бағалайтын болып алдық қой. Қазақшасының бағы енді жанса да кеш емес...

- Қазақ тілді оқырмандарға Лиля Калаустың аты белгісіз болуы мүмкін. Екінші автор туралы аз-кем айта кетсеңіз...

-Лиля Калаус та Қазақстанның азаматы. Осында туған. Аталары кезінде Эстониядан жер аударылған екен. Ал шешесі кәмпескеленіп, әуелде Өзбекстанға жер аударылған қырым татарларының баласы, бізге жиен. Кейін заман тынышталған кезде Қазақстанға көшіп келген екен. Жолдасы да осында жер аударылған, кәмпескеленген орыстың тұқымы.

- Батудың хикалялары осы үш кітаппен біте ме?

- Демеуші табылса, қолдау болса, жалғасын шығаруға дайынбыз. Оқырмандар тарапынан да сұраныс бар.

- Алғашқы кітапты 3 айда жазып тастадық деп отырсыз. Батудың үш кітабына қанша уақыт арнадыңыздар жалпы?

- Балалар әдебиетіне арнап жазған дүниелерімізді жұртқа жеткізу қамымен 8 жылдай жүгірдік. Қолжазба күйінде де, комикстің сценариі түрінде де баспаларға ұсынып көрдік. Айтқандарын бұлжытпай орындаймыз. Одан да түк шықпады. «Самұрық Қазынада» жұмыс істейтін Жәрдем Құрманғазиев деген азамат көмекке келіп, 8 жылда мәдениет саласында неше министр ауысса, солардың бәрінің алдына апарып көрді. Сондағы жауаптарының ішінде есімде қалғаны «Еуразия университетіне өзіңізді жұмысқа орналастырайық» деген ұсыныстары қалыпты. Мен жұмыс сұрап емес, жобаға қолдау сұрап келгенімді айтып күлдім. Арасында Nur Otan, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жазушылар одағы өткізген әдеби байқауларға да қатысып көрдік. Жеке демеушілердің қолдауымен өткізілетін «Дарабоз» балалар әдебиетінің байқауына да қатыстық. Лиля екеуіміз «Батуды», Таласбек «Бекторының қазынасын» жіберген. Одан да ұшып кеттік. 3-4 жыл бұрын «Рух» деген байқау шықты. Соның басы-қасында жүрген жастар хабарласты. Алдыңғылардан көңіліміздің қалғаны бар, бас тарттым. Бірақ конкурстың әділ өтетініне кепілдік беріп, ант-су ішкен соң «Күндес» деген шығармамды «Повесть» аталымы бойынша жібердім. Соның негізінде кинороман да жазғанмын. Ағаңның «Талтүс» романындағы оқиғалардың жалғасы деп түсінсең болады. Таластың өзі шапқан қызыл домбырасы болды. Сол домбыраның мистикаға жақын оқиғасы осы әңгімеге арқау болған.

- Ол қандай оқиға еді?

- Біз үйленердің алдында Таласбек өз қолымен бір қызыл домбыра шапты. Басында керемет сөйлеп жүрді. Бітпей жатып Бекболат Тілеуханнан бастап құда түсушілер көп болды. 1 000 долларға дейін ақша ұсынды. Ол кезде Алматыда 3-5 мың долларға пәтер алуға болатын. Баспана азабы арқасына батып кеткен Таласбек сатқысы келді. Бірақ мен қарсы болдым. Мифология бойынша саз өнері дарыған адамның төл аспабы рух әлеміндегі жары ден есептеледі. Ол кезде жатақхананың тар бөлмесінде тұрамыз. Бір күні жұмыстан келіп, киім ауыстырайын десем, біреу тесіліп қарап тұрғандай күйге тап болдым. Ары қарап, бері қарап, күдікті ештеңе таппадым. Ақыры көзім домбыраға түсіп, жуынатын бөлмеге барып киім ауыстыруға тура келді. Одан кейін де сол күйден арыла алмадым. Үнемі ту сыртымнан біреу қарап тұрғандай сезім кетпей қойды. «Жынданып бара жатқан жоқпын ба» деп өз-өзіме ашуланып қоям. Бар тапқан амалым қабырғада ілулі тұрған домбыраның бетін қабырғаға қаратып қойдым. Таласбек үйге келгенде әлгіні бірден байқап, қатты ренжіді. Сөйтсем, күйші қайтыс болғанда ғана домбырасын теріс қаратып іледі екен. Кешірім сұрап, себебін түсіндіріп едім, жымиып қана: «Түнде Қойбас Ана келіп, қызыл домбыраға жан бітірген ғой. Нағыз күйшілердің домбырасында жан болады. Қойбас Ана батасын беріп кетті. Енді қызыл домбыра екеуің бір-біріңе біртіндеп үйренісіп кетесіңдер. Жаңағыдай сезімдеріңе алаңдамай-ақ қой» деді. Аңыз бойынша Қойбас Ана – Қорқыттың қарындасы. Қорқыт Ата – қобыздың пірі болса, Қойбас Ана – домбыраның киесі. Оны алғаш рет Таласбектен сол кезде естідім. Қорқыттың аты қалғанымен, бүгінде Қойбас Ана ұмытылған. Қойбас дейтіні, басында қойдікіндей мүйіз болған деседі. Кейін Қойбас Ана образын Талас марқұм «Біржан сал» фильмінің сценариіне пайдаланды.

Сөйткен қызыл домбыраның кейін үні өзгере бастады. Ол кезде Таласбек үй аламыз деп жанталасып жүрген. Күні-түні аудармамен отырады. Бір бетті 200 теңгеге аударады. Көзі нашар көретіндіктен, еңкейіп отырып істейтін. Тым көп отырып қалса, қабырғам бауырымды қажап жүр дейтін болды. Денсаулығын сол кезде құртыңқырап алды негізі. Күйшінің күтімі болмағаны домбыраға да әсер етсе керек. Бірде күмбірлеп сөйлеп кетеді де, бірде шешілмей қояды. Таласбек ренжіп жүрді. Күтім жасаса, даусы шығады, күтімсіз қалса тағы құмығып қалады.

- Күтім деп нені айтып отырсыз?

- Пернелерін ауыстырып байлайды, бойына шаң қондырмай мәпелейді, көбірек тартып, сырласады деген сияқты дүниелер ғой. Таласбек домбырасын лактамайтын. Совет заманында ағаш аспаптарға Үндістаннан арнайы лак алдырған екен. Ол ағашқа сіңіп, одан шыққан үнмен бірге тербеліп тұратын созылмалы қасиеті бар дейтін. Ал қазіргі лактар тербелмек түгілі, ағашты құрсап тастайды деп отыратын.

Бір күні Таласбекті концертке шақырды. Бармасына қоймаған соң көршіміз Сұлтан Ыбыраевтың домбырасын сұрап әкеліпті. Өз домбыраң бар емес пе десем: «Оған сенім жоқ боп тұр емес пе? Сахнада сөйлемей қоюы мүмкін» деп кәдімгідей кейіді. Дәл сол күні түн ортасында Таласбектің Күлзипа деген дәрігер сыныптасы телефон соғып: «Айтқали кластасымыз ауылдан келіпті. Түн ортасынан ауды дегеніме қарамай, сенің мекенжайыңды сұрап алып, таксимен кетті» дегенді айтты. Кенже ұлының тойына дайындықпен келген екен. Қасында екі баласы бар. Айтқали мен Талас бір-бірін көрмегеніне 35 жыл болыпты. Ол ауылға барған сайын Айтқали жылқы бағып тауда жүрген. Сонымен бастары Алматыда қосылып отыр. Таласқа күй тартқызып, ән айтқызды. Қызыл домбыра да шешілгендей болды. Қолқа салған күйлеріне қарап Айтқалидың жөн білетін адам екенін аңғарып отырмын. Ақыры сол Айтқали қызыл домбыраға құда түсті. Қызы ауылда айтысқа қатысып жүр екен. Соған «Таласбектің домбырасын әкеп берем» деп уәде етіпті. Таласбек сөзге келместен ұстатып қоя берді. Кеткен соң, мәнісін сұрасам, Айтқали мектеп бітірмей жатып балалы болған екен. Студент кезінде Таласбек жаз бойы ауылда құрылыста жұмыс істеп, ақшасын шешесіне беріп кететін болған. Ол кісі әлгі ақшаны ай сайын бөліп-бөліп, өзіне жіберіп отырады. Өйткені стипендия да, жатақхана да бұйырмаған ғой Таласқа. Сол әдетімен жаз бойы тапқан ақшасын шешесіне беріп, автобуспен Алматыға қайтып бара жатқанда жайлаудан түспейтін Айтқали атымен автобустың алдын бөгеп қызық шығарыпты. Кірген бойда Таласбекті құшақтап, жаз бойы көрісудің сәті түспегенін айтып, қойнына түйіншек салып, асығыс шығып кетеді. Қалаға келген соң түйіншекті ашып қараса, ішінде 300 сом ақша болған. Ол көп ақша еді. Бірден шешесіне хабарласып, үйде қалған ақшадан 300 сом алып Айтқалидың үйіне апарып беруін өтінеді. Айтқалидың 4 баласы бар екен. Соған қарамай, Таласбектің бұл шешіміне ренжіпті. «Біз елдің ішінде, малдың ортасындамыз. Ол жат қалада жүр емес пе» деп алмай қойыпты. «Өмірімде өз ағаларым бір сом ұстатып көрмеген мен Айтқалидың бұл ісіне қатты таңғалдым» деп отыратын. Сөйткен кластасының қолқасын орындамағанда қайтсін?! Мені таңғалдырғаны ол емес. Үйге бөтен домбыра кірген күні-ақ 35 жыл кездеспеген кластасының жетіп келіп, қызыл домбыраны ауылға алып кетуі шынымен мистикаға жақын еді. Кейін Айтқали жасы ұлғайған соң балалары Семейге көшіріп алады. Бірақ онда көп тұрақтамай жылқылы ауылына қайтып кеткен. Осылай көшіп-қонып жүргенде Семейдегі үйге ұры түсіп, домбыра қолды болған. Қызыл домбыраны Таласбек қайтқан соң алдырсақ деген ниетіміз де осылай аяқсыз қалды. Соңғы рет өз қолымен шауып, жансерігі еткен сол қызыл домбыра болатын. Шығарманың атын неге «Күндес» деп қойғанымды енді түсінген шығарсың...

- «Күндестің» киносценариіне қызығушылық танытқан режисерлер болды ма?

- Марқұм Батырхан Шүкеновтің Бауыржан Шүкенов дейтін ағасы бар. Алматыдағы кеңес заманынан келе жатқан «Арман» кинотеатрларын басқарады. Сол кісі осы туындыға қатты қызығып, Мәскеуден оқыған қызына ұсынған екен. Түсіне алмапты. Бірақ ол кісі қызы түбінде бір сол жобаны қолға алатынына сеніп жүр.

- Әңгімеңізге рахмет. Сол сенімдеріңіздің ақталуына тілектеспіз!

Қазақпарат


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар