Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Зұқай Шәрбақынұлы: Биік ұста рухыңды...

25.10.2016 3511

Зұқай Шәрбақынұлы: Биік ұста рухыңды

Зұқай Шәрбақынұлы: Биік ұста рухыңды - adebiportal.kz



Foto_papam001.jpg

Жұлым-жұлым

көк бұлты қаптауын-ай,

Қазақты

қапас түннен сақта, Құдай!

Құдайы бір,

Құран шын, Пайғамбар хақ,

«Болысады»

депті ғой «аққа Құдай».

Жеткен кез бұл

қазекем «Ел болам» деп,

«Шаршы әлеммен

терезем тең болам» деп.

Тәуелсіздік –

тұғырым, тиянағым,

Ойламаймын

өзгеден кем болам деп.

Отаным бар,

жерім бар, көлім де бар,

Әділдіктің

тұғыры – елім де бар.

Отыз елдің

ортасын ойып алар,

Өркеніме

бүгінгі сенім де бар.

Сондықтан-ау

күн керек аспаныма,

Шуақ шашып,

тұратын асқарыма.

Өр рухын

түсірмей қуат бергін,

Көк байрағын

көтерген жастарыма!


Табиғатпен үндесу


Табиғат-анам,

Жоқтаушыңның да бірімін,

Түнімен сыбыр,

Желтораңғының бүрімін.

Ғаламның сырын

Қосатын болсам жырыма,

Байтаққа тарап

Жететін сынды бұл үнім.

Табиғат-анам,

Қорғаушыңмын мен сенің,

Сен бердің маған

Жанашырлықтың өлшемін.

Зейінім, зердем,

Алпыс екі жүйеммен,

Турасын айтсам

Мен де – өзіңнің бөлшегің.

Табиғат-анам,

Аялаушың ем жасымнан,

Сақтаймын сені

Күресіп келем ғасырдан.

Балқарағай мен

Шыршалы орман – көз жауы,

Қайыңдар билеп

Мойныма келіп асылған.

Расым, міне,

Бүлдірушің де мен сенің,

Бар адам солай

Жүктемей отыр ел сенім.

Денеңе сенің

Түсірер болсам бір сызат,

Пенделікпенен

Түскені деп біл еңсенің.

Жамамасақ та

Жаһанның шұрқ тесігін,

Кішілік етпей

Келеді мендей еш ұлың.

Пенденің бәрі –

Алдыңда сенің күнәһар,

Барлығы үшін

Сұраймын үлкен кешірім!

Ішетін суым,

Жұтатын ауам сенен деп,

Зиынмен ұқса

Адамдар, әмсе, кемел деп.

Адамның сенсіз

Қараң ғой күні түсінем,

Жатырсың бәрін

Арасанменен сен емдеп.


Ақын болсаң...


Жыр жазбаймын әлдекімге еліктеп,

Ақындықты ойламаймын желік деп.

Пешенеңе шабыт болса еншілі,

Ерте ме, кеш ораласың сеніп бек.


Ақын болсаң сырласасың тау-таспен,

Ауырасың шабыт атты науқаспен.

Өлең қусаң бұрылмайсың сөз қуып,

Төреге де жүгінбейсің дауласпен.


Ақын болсаң үнін тыңдап бұлбұлдың,

Сыбызғыдай сазын ұғып жыңғылдың.

Қуанбасқа қуанышпен лепіріп,

Қанығасың шын сырына бұл күннің.


Ақын болсаң орман кезіп, бал жинап,

Аралайсың нудың ішін жан қинап.

Шарласаң да поэзия әлемін,

Байымайсың әлмисақтан мал жинап.


Ақын болсаң қиялға еріп жүзесің,

Өзен судан сөз лағылын сүзесің.

Бұл өнердің бір шарты сол өмірде –

Жылайтынға жыламайсың, күлесің.


Ақын болсаң отқа күймей шыдайсың,

(Көп жағдайда сұлуларға ұнайсың.)

Дауыл ұлып тебіренген сәттерде,

Күлетінге күле алмайсың, жылайсың.


Ақын болсаң қиялдарға ересің,

Өзгеге емес, өзіңе өзің – төресің.

Жан-жүрегің ақ парақтай боп тұрып,

Басқалардың көрмегенін көресің.


Сырлы әлемнің сыбырын да тыңдайсың,

Біреулердей кең керіліп тынбайсың.

Рухыңды аспандатып өлеңмен,

Арды аялап, намысыңды шыңдайсың.


Ақындықтың жолы күдір ежелден,

Тайсалмай ол өлімге де кезенген.

Махаббаттың жалынына өртеніп,

Үздігеді көз айырмай гөзелден.


Ұнайды оған қанжығалы қансонар,

Көңілі шалқып әуелете ән салар.

От пен судан бұқпайтынның куәсі,

Ащы суға ара тұра тамсанар.


Шыдас берсең осылардың бәріне,

Назар да сал шабытыңа, әліңе.

Сонда ғана нағыз ақын боласың,

Жүрегің мен ақау түспес тәніңе.


Ақындықтың машақаты көп тегі,

Түндерің бар жұлдыз санар көктегі.

Аузыңды ашсаң көмекейің көрініп,

Шағынбайсың өзгелерге өкпелі.


Елжіреумен жаның ашып жаранға,

Арманың сол жетсе жырың ғаламға.

Аллам өзі ақындықты сондықтан,

Бөлген сынды аз шоғырлы адамға!


Шапиығы шаңқанбоз шабытымның


Шапиығы

шаңқанбоз шабытымның,

Сен келгенде

тасқындай ағытылдым.

Кемер соққан

толқындай тулап ойым,

Шамын жаққан

адаспас бағытымның.

Қарағайдай

шыңда өсіп тасты жарған,

Шақыратын

от алау жастық арман.

Санам, әсте,

сансырап көрген емес,

Кездерім бар

қырандай қасқыр алған.

Шабыт – бозым

мүдірмес пырағымдай,

Төгілемін

сенімен жыр ағындай.

Жалт-жұлт етіп,

көзімнен жалын ұшып,

Жетелейтін

бақытқа шырағымдай.

Арқауындай

терменің шабытыма,

Дес бере көр,

нұрлы күн, бағытыма.

Бақсылардай

жын буған ойнап кетем,

Нөсер жырдың

шүмегі ағытыла.

Сонан бәлкім,

шабытқа табынғаным,

Жуық жүрсе

жын соққан жаным – жалын.

Серігім де,

сергітер желігім де,

Сенсің, өлең,

жарымдай сағынғаным!


Бір тамшы су


Бір тамшы су!..

Қадіріңді кім білген?

Тұма бұлақ

шүмегінде күн күлген.

«Сұрауы бар»

деуші еді ғой «судың да»,

Құдіретіңді,

бүгін ғана білдім мен.

«Су мол деуші ем

мұхит, шалқар теңізде,

Көл мен өзен,

бұлақ, бастау егізде.

Әлем қалай

тарығады судан?» деп

Ойламай-ақ

ұғыныңдар негізде.

...Апта болды

су татқам жоқ кеберсіп.

Басымдағы

қалды айналмай тегершік.

Ерінімнің

түлеп түсті терісі,

Бұл тірлікте

қалмай жатыр сенер түк.

Отадан соң

тәртіп солай мұндағы,

Жел айдайтын

із секілді құмдағы.

Жатқан жерім

алакөлеңкелеу де,

Шуақ шашып

көрінбейді күн дағы.

Ойлап мені

кімнің көңілі иеді,

Дәрігерлердің

айтқан сөзі киелі.

Көрші палат

шай ұрттаса сораптап,

Соның үні

миыма кеп тиеді.

Рух, арым

су көксеумен езілген,

Айырылуға

таяғанда төзімнен.

Апта өткенде

отыз грамм су берді,

Мөлдір тамшы

құлап түсті көзімнен!

Серги бердім

мұнан кейін сал-салдан,

Өтіп кетті

сәттерім де тамсанған.

Түрегелдім

бір жүз грамм судан соң,

Өз-өзімнен

айыққандай шаршаудан.

Жайшылықта

бәрің білгір сүлейсің,

Суға қарап

қарғыс сөздер сілейсің.

Су өмірдің –

тірегі деп ұғыңдар,

Сусыз қандай

тіршілікті тілейсің?!

Нәрін ұстар

тірлік пенен сезімнің,

«Су ұрттамай»

десең жалған «көз ілдім».

Күнмен қатар

суды ғана қастерлеп,

Аялап өт

шырағындай көзіңнің!

Ұқтыра алмай

сөзімді де тыңдатып,

Кетпесем де

бос қиялға тым батып.

О ағайын,

тірлік нәрі – су екен,

Шөл қандырып

жүру деген шын бақыт!

Нағыз бақыт –

сумен ғана шым бақыт!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар