Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Z-ұрпақ және көркемдік таным...

08.10.2021 5464

Z-ұрпақ және көркемдік таным 12+

Z-ұрпақ және көркемдік таным - adebiportal.kz

Мәдениет ежелден коммуникацияның өнімі болып саналады. Сонымен қабат мәдениетті іске асыратын да, дамытып, жетілдіретін де – коммуникация. Олар осындай тығыз қатынастағы бір-бірін толықтырып отыратын ұғымдар. Ал, олардың нәтижесінен туатын өркениет ол жеке адамның және адам жасаған қоғамның табиғатымен, түп болмысымен тікелей байланысты. Сондықтан адамдар арасында, ұрпақтар арасында, заманалар арасында, мәдениеттер арасында ұқсамаған деңгейде өзара қарым-қатынастармен қатар қайшылықтар өмір сүріп отыратыны заңды құбылыс. Сол қайшылықтардың тізбегінен адамзаттық даму тенденциясы негізінде жаңа мәдениеттің, жаңа өркениеттің пайда болуына өз әсерін тигізбей қоймайды. Сол себепті адам баласы үшін мәдениеттің қалыптасуы мен дамуы шексіздікке бет алған феномен болып табылады. Әр мәдениет өзімен бірге жаңа ұрпағын ала келеді. Әр жаңа ұрпақ тек қана биологиялық құбылыс емес, жаңа дүниетанымның иесі. Олай болса, біздің бүгінгі әңгімеміз жаңа ұрпақ, жаңа буын, соның ішінде ғылыми тілде z-ұрпақ деп аталатын қауым туралы болмақ.

Буын, ұрпақ, қазақы таныммен айтқанда құрдас, замандас. Олар әрине, белгілі бір жақын уақыт межесінде дүниеге келіп, белгілі бір қоршаған ортадан ортақ нәр алып, танымдық тұрғыдан бір-біріне өте жақын, тілегі, арманы, тағдыры бір-біріне аса жуық бір буын ұрпақтың тобы. Z-ұрпақ деп отырғанымыз да осындай ұстанымдары мен көзқарастары аса жақын жаңа ұрпақ, жаңа буын атауы. «Елу жылда ел жаңа» деген аталы сөз бар. Қазіргі уақыт жылдамдығымен қарағанда осы ұғымның өзін басқаша сараптап көруге тура келетіндей. Деректерге сүйенсек радио алғаш пайда болған жылдары 50 милион адамға 50 жылдың ішінде тараған деседі. Ал теледидар 13 жылда жалпы адам баласының қолданысына кең қанат жайған. 2004 жылы ғана пайда болған Facebook әлеуметтік желісі 1 жылда иісі адамзатқа тарап үлгірсе, Instagram желісі не бары 3 айда жалпыласыпты. Осы уақыт ырғағымен қарағанда бүгінгі заманның иесі жаңа өспірімдер туралы толыққанды, тұрақты пікір білдіру де қиын. Өйткен, олардың даму, өзгеру жылдамдығы көзілестірмейді.

Z-ұрпақ – ХХІ ғасырдың ұрпағы. Осы ғасырдың жемісі. 15-20 жас аралығындағы жасөспірімдер. Өткен жылғы санақтарға сүйенсек, жер бетіндегі z-ұрпақтың саны 2,6 милиардқа жеткен. Бүгінгі әлемдік қауымдастықта бұл ең үлкен ғаламдық күш болып саналады. Сондықтан барлық саладағы өндірушілер осы ұрпақтың көңілінен шығатын өнім дайындауға тырысуда. Z-ұрпақ ұғымының пайда болуына ғалымдар тобынан тыс осы маркетологтардың ықпалы айрықша болғаны сөзсіз. Өйткені олар үнемі жаңа буынның талғамын, сұранысын зерттеп, солардың дүниетанымына сай өнім шығаруды ойластырып отырады. Осы тұрғыдан келгенде z-ұрпақ бизнес саласында кеңінен жалпыласқан таным деп айтуға болады.

Z-ұрпақтың өзіне ғана тән ерекшеліктері бар дедік, еңбастысы олар межелі бір уақыттың ішінде туады. Сондықтан да сол уақыт ішінде болған тарихи, саяси уақиғалардың, экономикалық, әлеуметтік әртүрлі мәселелердің ықпалына ұшырайды. Ондай ірілі-ұсақты уақиғалар болмыс иесінің қалыптасуына міндетті түрде өз әсерін тигізбей қоймайды. Осының нәтижесінде z-ұрпақтың бастан кешкендері, дүниетанымы, алдарына қойған мақсаттары мен міндеті барынша ұқсас келеді. Міне, осындай құндылықтары мен ұстанымдарының жақындығына қарай, қоғамдық формацияда z-ұрпақ өркениеті бірте-бірте бой көтеріп келеді. Олардың ең басты қасиеті – еркіндік, ашықтық, азат ойлылық. Олар өзгеге емес, өздеріне ұнаған нәрсені жасайды. Бірақ оларды өзімшіл деп есептеуге келмейді. Олар бәрін өзіміен тең санайды және өзін өзгеден төмен қою комплексы жоқ. Жасқаншақтықтан, сенімсіздіктен ада. Сондықтан да оларды бір идеологиямен басқара алмайсыз. Хараридың жазуынша осы ғасырдың ортасына барғанда жүйеге бағынышсыз, жүйеге керексіз адамдар қауымдастығы пайда болатын сыңайлы. Ондай қоғам осы z-ұрпақтың тәрбиесін көрген адамдар тобы болуы әбден мүмкін. Z-ұрпақ негізінен вертуальды әлемде өмір сүреді. Қашықтықтан жұмыс істеуге бейім. Ескі, дәстүрлі білім жүйесінен қашады. Көптеген z-ұрпақ мектеп бітіре сала жоғарғы оқу орынына бірден түсе кетпейді. Өзінің шығын бизнесі болғанын, сол негізде өзіне лайықты тәуелсіз кеңістік болғанын қалайды. Алдағы өмірінде барынша азат болудың жайын ойластырады. Ойындағы жоба-жоспары орындалып, шамалы жетістікке жете бастаған соң, ЖОО-ға түсіп оқу жағын қарастырады. Жұмыста, бір орында, бір кеңседе байланып отырғанды ұната бермейді. Үнемі қозғалыста, шығармашылық ізденісте болады. Жаңалықты тез қабылдап, жаңа дүние жаратуға бейім тұрады.

Біз тілге тиек етіп отырған z-ұрпақ бүгінгі өркениеттің жасампаздығынан туған уақыт нәтижесі екені анық. Дегенмен, бұл буын да кешелілердің жалғасы, ертеңгілердің басы. Қалай болмасын қоршаған ортаның, ата-анасы мен мектептің ықпалында болары сөзсіз. Оның үстіне жас мөлшерлері әлі өтпелі, қалыптасу кезеңінде. Сондықтан олар қазірше тұтынушы ұрпаққа жатады. Олар заманауи музыканы, әсіресе BTS, Ninety one, Ariana Grande, Мархаба Сәби, Мақпал Жұмабай, Молданазар сынды жаңа форматтағы әншілерді тыңдайды, соларға еліктейді. Олар үшін табысқа жеткен кәсіпкерлер, өнер жұлдыздары, жаңа дүние ойлап тапқан заманауи ғалымдар ғана құндылық болып саналады. Көбіне YouTube, TikTok каналдарында отырады. Сол желілер арқылы өзін жетілдіруге тырысады. Теледидар мен газет журналдар қарау соншалық қызық емес. Олар көбіне заманауи әдебиеттің оқырмандары болып келеді. Оларға детектив, фантастика, фэнтези, инстаәңгіме сияқты жанрлар мен лирикалық сарындағы бүгінгі жастар махаббатын көрсететін кітаптар көбірек ұнайды. Көлемі қалың, ойы күрделі романдарды сирек оқуы мүмкін. Олар ондай романдардың желісін, негізгі уақиғасы мен идеясын экрандалған нұсқасынан қарап алуды жөн санайды. Айта берсек бұл буынның талғамы мен талабы хақында таласты пікір көп-ақ.

Әдебиет, өнер хақында айтар болсақ, бұл буын әзірше анау айтарлықтай қомақты рухани өнім бере қойған жоқ. Проза мен поэзия, публицистика саласына дендеп араласып, өзінің талантын дәлелдеп үлгірген бір шоғыр жас талаптың бар екені анық. Олар өнерді жаңаша талдауға, жаңаша жазуға, тіпті алдыңғы буын қабылдай алмайтын манерде жазуға талаптанып жүр. Олар өнер де, өлең де тым демократ. Еркін. Өз ішкі әлемдеріндегі қайшылықты өзгеше форма мен мазмұнда береді. Сол үшін оларды оқу аса қызық та. Кей дүниелері математикалық күрделікке дейін көтеріледі де, ойлануға, қиялыңды жұмсап жұмбақ шешуге итермелейді. Бұл жерде мен өнер деңгейіне көтерілген санаулы туындыларды айтып отырмын. Осы екі мыңыншы жылдары туып, өнерге келген үркердей топтың басында Ақжан Аманжол, Дәурен Тілеухан, Әлихан Жақсылық сынды тамаша таланттар өсіп келе жатыр. Осы буынның және осы буындағы оқырманның дені поэзияға, соның ішінде ақ өлеңге, еркін өлеңге тым әуес. Олар өздерінің ішкі жан азаттығын еркін форматтағы өлең үлгісі арқылы беруді жөн санайды. Айталық, Ақжан Аманжолдың «Уақыт» атты өлеңін бірге оқып көрелік.

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,
оның
ескі суреттерді өртеп жібергісі келді.

Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны
бүкіл әлемді жылыта алар еді.

Бірақ,
ол
шылым тұтатты.

Ол қолындағы соңғы шырпыны
Күнге ұқсатқысы келді.

Бірақ,
шырпы сөніп қалды.

Міне, осындай еркін, өжет, ойлы, кірпияз өлеңдер бүгінгі поэзиямыздың бағы дер едік. Иә, бұл біздің танымымыздағы бұрынғы, ежелгі, дәстүрлі уақыт ұғымы. Бірақ, жас ақынның қаламынан өзгеше түс, басқаша бояу, жаңаша нәр алып басқа әлемнен оянған уақыт сияқты елес береді. Өлеңде жалғыз-ақ деталь бар. Ол кейіпкер қолындағы жалғыз шырпы. Уақыт пен өмір құндылығын, адам өкініші мен тағдырын жалғыз шырпының бойына сіңдіре білуі оқырман сүйінерлік құбылыс, ақын жанының шеберлігі деген осы. Z-ұрпақ деп аталатын осы буынның әдебиетте, өнерде, кезкелген салада бағындыратын жолы, алар белесі әлі алда деп ойлаймыз. Ең өкініштісі біздің бүгінгі әдеби өміріміз осы буынның талғамына, осы буынның сұранысына сай толыққанды әдеби шығарма ұсына алмай отыр. Бұл бүгінгі әдебиеттің үлкен бір кемшілігі. Оның әртүрлі себептері бар, ең бастысы қаламгерлердің уақыт талабына ілесе алмауы болса керек-ті.

Қалай болмасын, тұтас адамзаттың, оның ішінде отанымыздың болашағы осы z-ұрпақтың қолында. Оларға үлкен миссия жүктелген. Z және альфа ұрпақтары адмазаттың құтқарушысы деп те әспеттеледі. Бұл буын алда болатын үлкен өзгерістерге, жаһандық бұрылыс кезеңдеріне бейімделіп қана қоймай соны ретке келтіретін күшке ие. Бүгінгі аға буын ұрпақтар мен ортадағы Y-ұрпақтары осы жаңа буынды түсінуге, қолдауға міндетті. Өйткені, ұрпақ сабақтастығы қашанда маңызды орында. Шындап келгенде бүгінгі адам немесе кешегі адам деген ұғым жоқ. Адам қашанда біреу. Оларды тұтастыратын осы сабақтастық. Ұрпақ сүйегі үзілмесін деп тілейік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар