Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Арнайы жобалар
Амангелді Кеңшілікұлы

Амангелді Кеңшілікұлы


Рейтинг: 3.799

1968 жылы 21 тамызда Алматы қаласында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1992 жылы «Арыс» қорында, 1997 жылы «Санат» баспасында, Қазақ телерадиосы корпорациясында, 1999 жылдан Алматы қалалық мәдениет және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, Қазақстан Мемлекеттік Орталық музейінің аударма бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен. «Жұлдыз», «Парасат», «Таңшолпан» журналдарында, «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан», «Өркен», «Алтын орда», «Қазақ әдебиеті» сияқты газеттерде әдебиет, саясат, әлеуметтік мәселелер туралы мақалалары, эсселері жарық көрген. 1999 жылғы әдебиет пен өнер саласындағы ҚР Президенті стипендиясының иегері. 2002 жылы әдебиет саласындағы «Сорос – Қазақстан» қорының грантын жеңіп алды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2005). Шығармалары: Ақ жауын. Әдеби сындар. Астана, «Елорда», 2001; Қарлығаш-дәурен. Әдеби-сын, публицистика, эсселер. А., «Қаламгер Тен», 2003.


 

Тұрақсыз әлемнің суреткері

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының кімнің қанжығасына байлануы ықтимал екенін талқылап, бағы жанып, сөз өнерінің аспанында жұлдызы жарқырайтын жаңа есімнің кім болатынын тағатсызданып, төзімі таусыла күтетін оқырманның үкілеген үміті үнемі ақтала бермейді. Жиырмасыншы  ғасырдың басынан бері, әлемдегі ең мәртебелі марапаттың құрметіне бөленген ақын-жазушылар тізімін ойша шолып шықсаңыз,  барлық уақытта оның әділетті берілмей жүргеніне көзіңіз жете түседі.

 Миллиондаған халықтың жүрегін елжіретіп, рухани алқабының шөлін қандырған сыршыл суреткер ғана емес, сонымен бірге, әр жазған сөзінен ізгіліктің нұры төгілген адамзаттық ақыл-ойдың да алыбы Толстойдың одан шет қалуы қисынға келмейтін,  ақылға симайтын, түсініксіз жағдай.  Швед Академиясының беделі мен абыройын қызғыштай қорғайтын сарапшылар, мұның себебін, ұлы жазушының оны алуға аса бейіл таныта қоймаған іс-әрекетімен байланыстырады. Ия, Толстойдың атағы дардай, қаржысы қомақты марапатты алудан бас тартып, мәлімдеме жасағаны рас. Алайда, ол, 1906 жылы, яғни, Артур Сюлли-Прюдом, Теодор Моммзен, Бьернстъерне Бернсон, Фредерик Мистраль, Хосе Эчегерай, Генрик Сенкевич, Джозуэ Кардуччилер Нобель сыйлығымен марапатталғаннан кейін болған оқиға екенін ұмытпаған жөн. Есімдері аталған қаламгердің қай-қайсының да, Толстой талантымен таласа алмайтыны, ешкімге құпия емес. Соған қарамастан,  Швед Академиясы, олардың шығармашылығын өте жоғары бағалап, ерекше ілтифат танытып, зор құрмет көрсетті. 

          Жалғыз Толстой ғана емес, көркем туындыларымен адамзатты мойындатып, аузын ашқызып, көзін жұмғызған таңғажайып таланттар Антон Чехов, Шервуд Андерсен, Бертольт Брехт, Поль Валери, Томас Вулф, Федерика Гарсиа Лорка, Джеймс Джойс, Эмиль Золя, Генрик Ибсен, Франц Кафка, Джозеф Конрад, Маргарет Митчел, Хорхе Луис Борхес, Роберт Музил, Марсел Пруст, Райнер Мария Рилке, Мұхтар Әуезов, Гийом Апполинер, Грэм Грин, Теодор Драйзер, Дэвид Лоуренс, Уистен Оден, Джордж Оруэлл, Андрей Платонов, Торнтон Уайдлер, Расул Ғамзатов, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Френсис Скотт Фицжеральд, Марк Твен, Герберт Уэллс, Роберт Фрост, Давид Кугультинов,  Олдос Хаксли, Шыңғыс Айтматов, Томас Гарди,  Василь Быков, Валентин Распутиндер де түрлі себептермен атағы дардай сыйлықтан қағыс қалды. Ұзақ жылдар бойы, негізінен, Еуропа мен Америкада туып-өскен  ақын-жазушылардың ғана атақты марапатпен құрметтеліп келуі, лайықтыларды іріктейтін Швед Академиясында, бір үлкен шикіліктің бар екеніне қатысты оқырман көңіліндегі күдікті күшейтіп жіберді.  (Айталық, бүгінге күнге дейін 113 ақын-жазушыға осы сыйлық табыс етілгенімен,   Жапония, Қытай, Үндістан, Иран елдерінен алғандардың саны, онға да жетпейді. Есесіне, Скандинавия елдерінің 14 қаламгері, оның иегері атанды).

         Адамзат баласы ХХІ ғасырға қарыштап қадам басқанымен, жүз жыл бұрын пайда болған күдіктің тұманы, әлі күнге сейіле қойған жоқ. Әсіресе, соңғы 15-20 жылдың ішінде, аталған сыйлықтың нағыз шығармашылық адамына емес, саяси мақсатпен берілетіні жиі тілге тиек етіліп, әдебиетші қауымның  қатал сынына ұшырауда.

        2001 жылы Швед Академиясы  атағы жер жаратын сыйлықты, ислам дініне қатты шүйлігіп жүрген, нәсілі үнді Видьядхар Сураджпрасад Найполға табыс етіп, төбемізден  жай түсіргендей болды. Кариб Аралынан шыққан ақындардың бірі, Нобель сыйлығының иегері Дерек Уолкет, кезінде  Найпольдың ислам туралы айтқан пікірлерін сынға алып, оны нәсілшілдіктің отын жағып жүрген қаламгерлердің қатарына қосқаны мәлім.  Соған қарамастан, Швед Академиясының өздері құрмет көрсетіп, сыйлықпен марапаттаған, беделді ақындарының бірі Дерек Уолкеттің пікіріне көңіл бөліп, құлақ аспағандары қайран қалдырады.

Видьядхар Сураджпрасад Найполдың ислам дініне қарсы ызғарлы  айыптауларын қарша боратуды, осыдан 30 жыл бұрын бастағаны аян. 1981 жылы жарық көрген  “Діндарлардың арасында” (“Среди верующих”) деген  еңбегінде, ол, исламды, Иран мен Пәкістанды, Индонезия мен Малайзияны ауруға ұшыратқан, індетке теңеді. Қыза-қыза келе ол аздай, сайтан сезіміне ерік беріп, “дамымай жатқан және артта қалған ислам қоғамы, адамзат баласының жаңа талаптарына жауап бере алмайды”, - деп, миллиондаған мұсылмандардың сеніміне топырақ та шашты.

       2006 жылы түрік жазушысы Орхан Памуктың атақты сыйлыққа қол жеткізуін де жұрттың көбісі, үлкен саясаттағы қитұрқы ойын ретінде қабылдады. Әділіне жүгінсек, расында да,  жазған туындыларынан гөрі, саясатқа білек сыбанып, белсене араласып кетуі, оның басының дауға шатылып, атын айдай әлемге танымал еткені  дүйім жұртқа жақсы белгілі. Ол өз еліндегі биліктің армяндар мен күрдтерге жасаған геноцидын ашық сынаған - бірден-бір түрік қаламгері. Швейцариялық «Tages Anzeiger» басылымында жарық көрген сұхбатында жазушы: “Бұл жерде отыз мыңнан астам күрдтер мен миллиондаған армяндар өлтірілді, бірақ менен басқа ешкімнің де оны айтуға батылы жетпейді”, -  деп Түркия билігі мен үкіметінің наразылығын туғызған, мәлімдеме жасады.  Бұрын-соң көзге  ілінбей жүрген қаламгерге, аты шулы мәлімдемеден соң, әлемнің назары ауды.

        Ойын батыл айтудан қаймықпаған қаламгердің, баспасөз бетінде білдірген ащы пікіріне қатты наразы болған ресми билік, оны сотқа берді.  Ыстамбулдың қалалық соты, 2005 жылдың аяғында, Түркияның қылмыстық кодексі бойынша, Орхан Памуктың 6 айдан 36 айға дейін қамауға алынып, жауапқа тартылуын талап еткен шағым-арызды қарады. 2006 жылдың шілде айында сот  “түркі ұлтына моральдық зиян келтірді”, деген сыңайдағы айып тағылған жазушыны, ақтап алды. 

       Жазушының жеке пікіріне қатысты туған жанжалды Еуропа одағы мұқият қадағалап, оның  үстінен жүргізілген сот процесінің, адам құқы жөніндегі Еуропа конвенциясының шарттарын бұзу болып саналатынын, Түркия үкіметіне ашулы кейіпте, қадап тұрып, қатаң ескертті.  2006 жылдың  желтоқсанында, Орхан Памукке есімдері төрткіл дүниеге танымал Жозе Сарамаго, Габриэль Гарсиа Маркес, Гюнтер Грасс сынды Нобель сыйлығын алған, әлемге әйгілі қаламгерлер қауымы да қызу қолдау көрсетті. Қысқаша қайырғанда, бұрын-соңды танымалдығы шамалы қаламгердің атағы, азғантай уақыт ішінде, айдай әлемге жайылды. Түрік қоғамының наразылығын туғызып, өрттей қаулаған дау-дамайдың ақыры, Швед Академиясының, «туған қаласының мұңлы жанын іздеуде, мәдениеттердің қақтығысы мен шиеленісі барысында, жаңа симводар тапқаны үшін», деген желеумен,  Орхан Памукқа Нобель сыйлығын беруімен аяқталды.

          Танымал жазушы Захар Прилепин, осыдан бес-алты жыл бұрын берген сұхбатында, «Ресейдің сүңгуір қайықтары, Еуропаның маңайында жүзе бастаған күндері, Швед Академиясы орыс әдебиетінің бар екенін, тағы бір есіне алатын болады», деп,  сәуегейлік жасаған-тұғын. Прилепиннің жорамалы, айна-қатесіз дәл келіп,  2015 жылғы  әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы, Ресейдің ұстанған бағыты мен саясатын дүркін-дүркін сынға алып жүрген, деректі проза жанрының майталманы, орыс тілді кәсіби журналист Светлана Алексиевичтің қанжығасына байланды.  
          Екі жыл бұрынғы орын алған оқиға, мені түрлі ойдың қамсауында  қалдырды. Әлбетте, бір жағынан, дәл бүгінгідей уақытта, сарапшылар өте орынды шешім қабылдаған сыңайлы. Неге десеңіз, қабағынан қар жауған, зорлықшыл биліктің қаһарынан қаймықпай, парасатты сөзді қорықпай айта алатын Алексиевич секілді қаламгерлер, бүгінгі таңда жоқтың қасы. Дей тұрсақ та, мен оның қаламынан туған дүниелерді, көркем прозаның үлкен талаптарына толық жауап беретін, өнер туындысына жатқыза алмаймын. Дәл сол жолғы Швед Академиясы таңдауының, саяси шешім болғанына, менің еш күмәнім жоқ.

       Айталық, Светлана Алексиевичтің саясаттағы батылдығына тәнті болып, Атымтай жомарттық танытқан Швед Академиясының, осыдан он жыл бұрын белорус жазушысы Василь Быковқа не себептен оны беруге сараңдық жасағандары, маған мүлде түсініксіз. Шындығын айтатын болсақ, Василь Быков, суреткерлік шеберлігі тұрғысынан да, қаламгерлік қабілет-қарымы мен ойының тереңдігі жағынан да Светлана Алексиевичтен әлдеқайда жоғары тұрған - ұлы қаламгер. Суреткердің таланты мойындалып, оған КСРО аумағындағы ең үлкен марапат - Лениндік сыйлық берілгенімен, ымыраға көнбеген Быковтың прозасы солақай сыншылардың қаһарына ілігіп, жазушыға, «советтік ауызбіршілікке нұқсан келтірді», деген мағынадағы жала да жабылды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында мемлекеттік басылымдарда, қаламгерге қарсы шабуылдар үдей түсіп,  оның жаңа туындыларын жарыққа шығаруға қатаң тиым салынды. Орын алған келеңсіз  жағдай, Быковтың өміріне де, денсаулығына да залалды әсерін тигізіп, қатты қысымға ұшыраған қаламгер  Отанын тастап, елінен кетуге мәжбүр болды. Бірнеше жыл бойы шет елде өмір сүрді.  2002 жылдан бастап Василь Быков, тұрғылықты өмір сүру үшін Чехияға көшті. Қаламгердің шет  елге қоныс аударуына, чехиялық президенттің канцеляриясы қамқорлық көрсетіп,  Вацлав Гавелдің өзі тікелей атсалысты. Денсаулығы жылдан-жылға нашарлап, ауыр ота жасатқан ол  өмірінің соңында еліне оралып, ауруханада дүние салды. Міне, осындай таза жүректі, таланты таудай жазушыны Швед Академиясының назардан тыс қалдырып, елемей қойғаны, менің ойымша - нағыз әділетсіздік. Әділіне жүгінсек, бұл сыйлықты алуға лайық бірден-бір суреткер  – тап осы Василь Быков емес пе еді.

         Ресей мемлекетінің 2010 жылы аса көрнекті жазушы Валентин Распутинге, осы сыйлықты әперу үшін үлкен әрекет жасағанын жақсы білеміз. Өкінішке қарай, орыс халқының ірі суреткері, оны алуға мүмкіндігі зор қаламгерлердің ондығына да ене алмады.

       Швед Академиясындағы сарапшылардың шығарып жатқан шешімдеріне көңілі суып қалған оқырман, биылғы жылы да әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының, лайықты жазушысын таба алатынына аса қатты сене қойған  жоқ-тын. Әйткенмен, атағы дардай марапатты ұлты жапон, Ұлыбритания елінің қаламгері Кадзуо Исигуроға беру туралы шешім шығарылуы,  жұрт күтпеген, жағымды жаңалық болды. Шығармалары оқырмандарға етене таныс жазушының, күні бүгінге дейін 8 романы жарық көрді. Өз басым Кадзуо Исигуроның шығармашылығымен біраз уақыттан бері таныс және оның  «Жер құшқан дәу», «Жібермеші мені», «Тұрақсыз әлемнің суретшісі», «Өткен күндердің өтеуі», «Біз жетім болғанымызда» романдарына көңілім толған оқырман ретінде, Швед Академиясының шығарған шешіміне, дән ризамын. Неге дейсіз ғой? Ең басты себебі, бұл жолы сыйлықты саясатқа түк қатысы жоқ, таза шығармашылықпен ғана айналысып жүрген, өзін-өзі қатты жарнамалауға да аса құлықты емес, романдары халық жүрегіне жол тапқан, көтерген тақырыбы оқырманды бейжай қалдырмайтын, нағыз жазушы иеленді. 

     Талантымен талайларды тәнті еткен Кадзуо Исигуро, кейбір жазушылардай, әдебиетке интеллектуалдық ойын ретінде  ғана қарамайды, адамзат баласының бәрін толғандырып отырған бүгінгі күннің өзекті тақырыбын көтеріп, адам жанының тереңінде жасырынған жұмбақтарды іздейді.  Суреткердің «Өткен күндердің өтеуі», «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романдарында, қазіргі уақытпен кіндігі байланған мәңгілік тақырыптар қозғалып, ар-ұят, абырой т.с.с. ізгілікті ұғымдардың терең сыры мен құпиясы оқиға барысында ашылып, оқырман күтпеген, мүлде жаңаша көзқарас тұрғысынан сараланады. Қаламгер қаламынан туған шығармаларда болып жатқан оқиғаларды біріктіріп тұрған, көңіліңді арбап алатын жібектей нәзік лиризм мен құйындай үйіріп әкететін психологизм бар. Өмірді өнер сиқырымен әдемі ұштастыра білген жазушы кейіпкерлері, өзін тану және түсіну үшін, жеке басының, өз отбасының және туған халқының өткен тарихын біліп қана қоймай, оған баға беріп, сана сүзгісінен өткізуге тырысады. Өмір тезінен өтіп, кешегі іс-әрекетінің түйінді мәселелерін таразы басына қойған адамдардың тағдырын суреттеу арқылы ол жұрт  күтпеген, тосын сауалдарды өмір айдынына алып шығып, оқырманды ойландырып тастайды. Ойландырып қана қоймай, көптеген адами құндылықтарды сана сүзгісінен өткізіп, оқырманның басқаша қырынан оған үңілуіне мүмкіндік береді.

 Бала күнінде туған елінен тамыры ажырап кеткеніне қарамастан, Кадзуо Исгуроның жапон жазушылары Кавабата мен Танидзакидің мектебінен тағылым алып, оны әлем әдебиетінің озық үрдістерімен ұштастырған қаламгер екені, баяндау стилінен, ойлау ерекшелігінен, суреттеу шеберлігінен, жазу мәдениетінен тайға таңба басқандай көрініп тұр. Міне осы ретте 1986 жылы ағылшын тілінде жарық көрген,  ең алғашқы Нобель сыйлығын иеленген жапон классигі Ясунари Кавабатының таңдамалы туындыларының алғысөзін Кадзуо Исигуроның жазуы, көп дүниеге көзімізді аша түседі. Өз мақаласында Исигуро ұлты жапон қаламгерінің көркемдік жазу мәнерінің ерекшелігін ағылшын тілді оқырманға түсіндіріп беруге ғана тырыспай, үнемі өзін толғандырып жүрген бүгінгі заман мәдениетіндегі жазушының алатын орны туралы ойларын ортаға салады. Ясунари Кавабатының «Қарлы өлке» және «Мың қанатты тырна» кітаптарына жазған алғысөзі арқылы Исигуро оқырманға көркем туындының қыры мен сырына терең талдау жасай алатын кәсіби сыншы ретінде де  кеңінен танылды. Шағын ғана үш бет зерттеуінде ол  оқырманға қиын болып көрінген мәтіндерді жаңғақша шағып, оңай түсінудің жолдарын үйретеді. Әдебиет зерттеушілері Исигуроның алғашқы шығармаларына жапон әдеби дәстүрінің қатты ықпалы болғанын айтады. Оқырманды бөгде мәдениеттің сырына үңілдіру үшін Исигуро өзінің тырнақалды туындыларында, жапондық мәселені тақырыптық деңгейде ғана көтеріп қоймай, оны ақындық шабытпен төгілтіп жазады.  Жапондардың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілік әрекеттерінің сан құбылған бояулары мен сан қырлы детальдарын ұлттық ой-сананың өресімен өзектес суреттей отырып, әлемді толғандыратын сауалдарға ен сала білген Кадзуо Исигуроның ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасы мен ерекшелігі, әсіресе,  оның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романынан айқын байқалады. 

      Исигуроның жазушылық табиғатының маған қатты ұнаған тағы бір қыры, ол өз алдына кейіпкерлерінің іс-әрекетіне баға бергісі келетін мақсат қоймайды, оқырманның өз бетінше ойланып, қандай да бір қорытынды жасауына толық еркіндік береді. Енді азды-кем су жаңа Нобель сыйлығы лауреатының өмірі мен шығармашылығына да тоқталып, білетін дерегімізді баяндап, оқырманмен ой бөлісе отырайық.

                                                    ***

      Алпыстың асқарынан асқан Кадзуо Исигуро 1954 жылы Жапонияның Нагасаки қаласында мұхиттанушы Сидзуо Исигуроның шаңырағында дүниеге келген. 1960 жылы болашақ жазушының әкесін Ұлыбританиядағы Суррей графтығының, әкімшілік орталығында орналасқан, Мұхиттану ұлттық институтына  жұмысқа шақырып, отбасы,  Гилфорд қаласына қоныс аударады.  Бала Кадзуо ол жақта, Стафтондағы бірінші дәрежелі мектепке оқуға түсіп, кейіннен білімін Суррей Граматикалық мектебінде жалғастырады.  Мектепті тәмәмдағаннан кейін, бір жыл академиялық демалыс алып, АҚШ пен Канадаға саяхаттауға шығады. Музыкант болуды армандаған жігіт, клубтарда ойын  көрсетеді, әндерінің қысқа нұсқаларын продюссерлерге жолдағанымен, еш нәтиже шықпайды. 1974 жылы Кент университетіне түсіп, 1978 жылы, ағылшын тілі мен философиясының бакалавры дәрежесін иеленеді. 1980 жылы, Шығыс Англия университетінің магистры атанады. Оннан астам романның авторы, атақты қаламгер, Малькольм Брэдберидің, Шығыс Англия университетінде семинар жүргізгенін, ал, Кадзуоның тәлімгері, әйгілі жазушы Анджела Картер болғанын айта кеткіміз келеді.

        1983 жылы ол Ұлыбритания елінің азаматтығын алды. Сонымен бірге Исигуроның атақты джаз әншісі Стейси Кентпен бірнеше альбомды бірігіп жазғанын да жұрт жақсы біледі. 1986 жылы ол отбасын құрып, Ларне Макдаугалға үйленді. Бүгінгі таңда атақты қаламгер жұбайымен және қызымен бірге Лондонда тұрады.

        Әдебиет жолындағы алғашқы қадамын Исигуро 1981 жылы бастады. Содан бергі уақытта 8 роман, кино мен телевидениеге арнап бірнеше сценарий жазды. 1993 жылы қаламгердің «Өткен күндердің өтеуі»  романының негізінде көркем фильм де түсірілді. Айтпақшы, осы туындысы үшін оған, Букер сыйлығы да берілді. Сол уақыттағы бірқатар сыншылар, Исигуроны аузының суы құрып мақтап, жапондықтың, ХХ ғасырдағы нағыз ағылшын романын жазып шыққанын, айрықша атап өтті. Букер комитеті мүшелерінің бірауыздан өз дауыстарын Кадузо Исигуроға беруі тарихта болмаған оқиға көрінеді.

         Бұрын-соңды да шығармалары жақсы оқылатын жазушы кітаптарына деген сұраныстың, Нобель сыйлығын алғаннан соң айтарлықтай арта түскені айтпаса да түсінікті әңгіме. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, лауреаттың есімі жариялана салысымен Жапонияда оқырмандар Кадзуо Исигуроның кітаптарын түк қалдырмай сатып әкетіп, «HayakawaPublishing» баспасы жазушының 8 романын 950 мың данамен басып шығарыпты. Таяуда, олардың осы туындыларды, тағы да 200 мың данамен жарыққа шығаруды жоспарлап қойған  сыңайы байқалады. Қазір,  ұлты жапон жазушысының туындыларына, әлемнің барлық елдеріндегі кітап дүкендерінен сұраныс көптеп түсуде. Жапонияда 19 қазанда жарық көруі жоспарланған «Жер құшқан дәу» романының тиражын, оқырман сұранысын ескеріп, жоспарлағаннан әлдеқайда көбейтіп басып шығаруға, шешім қабылданды.

       - Мен бұған қатты таң қалып отырмын, бірақ өте бақыттымын, - деп қуанышын жасыра алмай, мәлімдеме жасапты, «HayakawaPublishing» баспасының президенті Хироши Хаякава. Әрине, атағы дүрілдеп тұрған жазушы кітаптарын басып шығару құқын иеленген,  баспа басшысы Хаякава бақытты болмағанда, кім бақытты болсын.

      Дүние жүзіне танылған қаламгердің кітаптарына кіндік қаны тамған елінде ғана емес, бүкіл әлемде сұраныстың қатты арта түскені байқалады. Мысалы, Америкадағы «Amazon» интернет-қызметінің ең көп сұранысқа ие кітаптар бөлімінде, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреатының есімі жариялана салысымен, бір сағаттан соң Исигуро романдарына деген қызығушылық күрт өсіп кеткен. 

      Кадзуо Исигуроға Нобель сыйлығы берілгенде, бірін-бірі құттықтаған жапондықтардың қуанышында шек болған жоқ. Елдің премьер-министрі Синдзо Абэ қатты толқып, көңіл кесесіне симаған сезімін жасыра алмай,  «Жазушымен бірге осы оқиғаны атап өткім келеді» деп, ағынан ақтарылды.

        Қалай болған күнде де Швед Академиясының осындай шешім қабылдауы оқырман күтпеген елеулі оқиға болғанын айта кетуді парыз санаймын. Көзі қарақты оқырмандар, біраз жылдан бері Нобель сыйлығын иеленіп қалуы ықтимал фавориттердің ондығына енгенімен, біресе түрік жазушысы Орхан Памук,  біресе белорус қаламгері Светлана Алексиевич жолын орап кетіп жүрген Харуки Муракамидің биылғы жылы міндетті түрде бағы жанып, лауреаттардың қатарында жұлдызы жарқырайтынына нық сенімді болған еді. «Новая газета» басылымы келтірген мәліметке жүгінсек, соңғы сәтке дейін Харуки Муракамидің сыйлықты алып кету мүмкіндігі өте жоғары болыпты. Ең қызығы, наразылық білдірмек түгіл, Исигуроның жеңісін Харуки Мураками мен оның жақтастары да тойлап, дұрыс шешім шығарған Швед Академиясына ризашылық сезімдерін білдіріп жатыр екен.

      Шығармашылық шеберлігімен жұртты тәнті еткен жазушы қуанышына, сыныққа сылтау іздеуге жандары құмар, орыстың танымал сыншыларына дейін ортақтасуын, өз басым Исигуро талантының мойындалуы ретінде қабылдаймын. 

      Ресейдің  танымал әдебиет шолушысы Анна Наринская бір сөзінде Кадзуо романдарының тереңдігін Достоевский шығармаларымен салыстырыпты. «Мен де бұл шешімге қатты ризамын. Маған Исигуро бүгінгі заманғы әдеби формасының мінсіздігімен, өте ақылды, салмақты әңгімеге шақыратын шебер жазушы болып көрінеді.  Кітаптарын ашқаныңда, ол саған бұрыннан білетін, таныс жазушың сияқты болып көрінгенімен, оқу барысында, бұл ойыңның алдамшы сезім екеніне көзің жетеді. Міне ол «Өткен күндердің өтеуін» Вудхустың, ал, «Жібермеші мені» романын Брэдбери секілді жазғандай болып көрінеді, ал, шындығында Исигуро олардан гөрі адамның нәзік жанын терең түсінетін суреткер», - дейді, тағы да бір орыстың әдебиет сыншысы, Елизавета Биргер.

        Зады, Кадзуо Исигуроның шығармашылығын ағылшын постмодернизмнің (метаәдебиет) контексінде қараған абзал. Әлемге әйгілі суреткердің оқиғаларды баяндау мәнері, адам санасының өрісінде болып жатқан құбылыстарға баса назар аудару шеберлігі, ұстамды стилі осындай қорытынды жасап, оның романдарын ағылшындардың Генри Джеймс, Эдвард Морган Форстер, Вирджиния Вульф т.с.с. аса танымал модернист жазушыларының шығармаларымен бір қатарға қойып, салыстыруға итермелейді. Дегенмен, тілге байланысты түрлі эксперименттерден саналы түрде бас тартып, әдеби «ойын» тәсілдерін қолдануда да аса үлкен сақтық танытуы,  жазушы туындыларының барлық уақытта да постмодернизм заңдылығымен үйлесе бермейтінін аңғартады. Көбінесе, метаәдебиет (ағылшынша metafiction) деп аталатын ағылшын постмодернизмінің тәсілдері мен стратегиясының сипаттары жазушы романдарынан кеңінен көрініс тапқан. Атап айтсақ, оның шығармашылығында постмодерннің эстетикалық бағдарламасындағы басымдыққа ие ойындық бастау да, ХХ ғасырдың соңғы жиырма жылында ағылшын прозасында жиі кездесетін тарихты реставрациялау да, атақты жанрлардың тәсілін қолдануды қарастыратын жанрлық эклектизм да (түрлі идеяларды дәйексіз пайдалану. Астын сызған біз А.К.) жақсы пайдаланылады.  Дей тұрсақ та Исигуроны таза ағылшын постмодернист жазушыларының қатарына жатқызу қиын. 

         Сыншы Брайан Шеффердің айтуынша, Кадзуо Исигуро шығармашылығы шартты түрде екі кезеңге бөлінеді. Қаламгердің алғашқы уақыттағы  шығармаларын - реалистік, ал, кейінгі, кезеңдегі жазған дүниелерін - деконструктивтік туындыларға жатқызған ләзім.  Бірінші кезеңдегі туындыларында тарихи және географиялық факторлар, романның ішкі табиғатын айқындайды: атап айтсақ олар, - соғыстан кейінгі Жапония мен бүгінгі Англияның өмірі баяндалған – «Төбелердің көмескі көрінісі» романы; өткен күннің құндылықтарын қайта қарап, соғысқа дейінгі миллитаристік Жапония және бүгінгі таңдағы Жапонияны суреттеген   - «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романы, соғысқа дейінгі Суэцк дағдарысы кезіндегі Англияның  құндылықтарын қайта бағалаған, бүгінгі Англия сипатталған  - «Өткен күндердің өтеуі» романы.

        Қаламгердің кейінгі жылдары жазған туындыларында ойындық бастау үстем болып келеді. Оның шығармаларында қандай да бір нақты тарихи немесе географиялық жағдайға байланып қалу шарт болып табылмайды, әңгіме айтушының сезім толғанысы қалыпты жанрлық құрылымдарды қайта өзгерту  арқылы беріледі. Егер де ең алғашқы жазған реалистік романдарында автор, кейіпкерлерін белгілі бір кеңістік-мерзімдік шарттарға сыйғызып, мазмұнды ойнатса, кейінгі, шығармаларында керісінше форманы ойнатуға аса қатты көңіл бөледі. Дей тұрсақ та, жазушының барлық романдарынан оның модернизмнің эстетикасына көңілі тартып тұратын, Генри Джеймс, Форд Мэдокс Форд, Эдвард Морган Форстер, Джеймс Джойс пен Вирджиния Вульфтың туындарымен туыстығы сезілмей қалмайды. Орайы келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, ағылшын әдебиетінің континенталды Еуропа әдебиетінен көптеген айырмашылығы бар екенін айта кеткіміз келеді. Ағылшын әдебиеті постмодернизмді модернизмге қарсы оппозицияға қоймайды. Бүгінгі заманғы ағылшын жазушылары постмодернизмнің негізгі теоретиктерінің бірі Жан-Франсуа Лиотардың постмодернизмді  модернизмнен кейін тұратын немесе оған қарсы қойылатын емес, қайта соның ішінде өмір сүретін құбылыс деп есептейтін көзқарасын қолдайды. Осылайша бүгінгі заманғы ағылшын прозасының өкілі болып табылатын Кадзуо Исигуроны ойындық бастауға тым әуес емес, ұстамды мәндегі постмодернизм бағытындағы қаламгерлердің қатарына батыл қоса аламыз.  Басқаша сөзбен айтқанда, шығармашылықтағы түрлі ойындық айла-амалдар ол үшін басты  мақсат емес, оның бәрі де жазушы туындыларында романның көтерген мәселесін көрсету үшін қажетті композициялық және негізі бар құрылымдық элементтер ретінде көрініс табады. Бір сөзінде Исигуро түрлі ойындық концепцияларды таныту үшін ғана жазылған кітаптарды оқуға аса бейіл емес екенін тілге тиек етіпті: «Әдеби эксперименттер мені тек, белгілі бір эмоционалды ортаны зерттеу мақсатында ғана қызықтырады. Мен өз туындыларымда белгілі мөлшерде эксперименттік болып табылатын элементтерді жасырып қалуға тырысамын», дейді атақты жазушы. Кадзуо Исигуроның бұл айтқан сөздері, ұстамды бағыттағы ағылшын постмодернизмінің өкілі, 1996 жылы «Соңғы тапсырма» романы үшін Букер сыйлығын иеленген жазушы Грэма Свифттің көзқарасымен қатты үндеседі. Ол былай деген болатын: «.. Әдебиеттің сезімдік жағы мен үшін өте маңызды. Мен жазған мәтіндерімнің оқырмандарға әсер етіп, одан бір үлкен тәжірибе алғанын қалаймын. Әдебиет ақиқаттың кіндігін кесе алмаған күнде де,  аяушылық пен жанашырлыққа баулуы тиіс».

          Постмодернизмнің эстетикасын білмей жатып, оған қатты еліктеп, проза мен поэзияға ойын ретінде ғана қарайтын ақындар мен жазушылардың қазақ әдебиетінде пайда бола бастағанын, осы жерде айта кетуге тура келеді. Бірақ олардың көбісі Батыс өркениетінің әдебиетке ойын ретінде ғана қарайтын постмодернизмнің концепцияларынан не себептен жалығып, бас тарта бастағанын біле бермейтін сыңайлы. 1989-2000 жылдар аралығында дүниеге келген ағылшындардың постмодернистік романдарын зерттеген ресейлік ғалым, филология ғылымдарының докторы Ольга Анатольевна Джумайло бір мақаласында, бүгінгі таңдағы ағылшын әдебиетінің «ойындық концепциялардан» жалығып, бірте-бірте адамның нақты өмірдегі шынайы сезіміне ден қоя бастағанын атап өтіпті.

         Ойындық тәсілдерді бірінші планға шығарғысы  келмегендіктен, Кадзуо Исигуроның шығармашылығында модернистік екпін басым.  Қаламгер романдарында жаңашыл әдіс пен тәсілдерді жетілдіре түскенімен, суреткерлік жанары тіл мен баяндауға қатысты экспериментке қадалып қалмаған, ол өз туындыларында адам жанының терең қабаттарына бойлайды. Бас кейіпкердің ішкі әлемін аша түсуге қатты ден қойып, қарапайым оқырманның жанына жақын тақырыптардың топырағын қазады.

           Исигуроның шығармашылық шеберханасынан шыққан бас кейіпкерлерінің бәрі де бүгінін ойлай жүріп те, өткен күндеріне қайтып оралып отырады. Жазушы өз кейіпкерлерін сыртынан ғана бақылап қоймайды, ол, үшін адам жанының тереңдігі әлдеқайда маңыздырақ. Сондықтан да ол ХХ ғасырдың басындағы модернист жазушылардай сюжет пен хронологияға аса қатты мән бермейді.  Исигуроның прозасында адамның ішкі әлеміне қатты үңілу басым болғандықтан,  сюжеттік құрылым жанама қызмет қана атқарады.

         Дәл осындай тәсілді, өзінің шығармашылығы арқылы «ХХ ғасырдағы панорамалық реализм мен модернистік көркем жаңалықтарды» әдемі үйлестіре алған, Америка әдебиетінің мэтрі Уильям Фолкнер  «Айғай мен ащу» романында өте шебер қолданған болатын. Аталған романның төрт бөлімінде бір оқиғадан алған әсер, төрт түрлі тұрғыдан баяндалады.  Үш бөлімнің әрқайсысы ағаларының біреуінің атынан айтылып, соңғы бөлімде үшінші жақтан баяндалып, оқиғаға қатысты бейтарап тұрғыдағы көзқарасты  беру әрекеті  байқалады. «Айғай мен ашу» романындағы ағайындылардың әр қайсысының әңгімесінің негізінде, олардың қарындастары Кэддидің моралдық құлдырауына байланысты жан күйзелісі жатыр. Исигуроның туындыларында да осыған ұқсас дүниелер байқалғанымен, романдарының кейіпкерлері өзгенің емес, жеке басының күнәсі туралы әңгімелеу үшін, баяғыда болған өміріндегі оқиғаларды есіне түсіріп, жан жарасын емдеуге ұмтылады.

          Исигуроның әңгімелеу тәсіліне,  әдебиеттану ғылымындағы «сарапшыл әңгімеші» деген түсінік көбірек  жақын. Бұл тәсіл бойынша, шығармадағы әңгімелеуші, саналы түрде өткен өміріндегі өз тарапынан ақтап алғысы келетін оқиғаларды ғана қозғап, айтқысы келмейтін дүниелерге әдейі тоқтамайды.  Міне, осылайша ол оқырманмен ойнап, оны адастыра түседі; бір жағынан әңгіме айтушы кейіпкер ашылғысы келіп тұрғандай болып көрінгенмен, іс жүзінде оқырманға абайсызда айтылып қалған сөздерге, басқа кейіпкерлердің әңгімесіне назар аударып, өткен өміріне байланысты іс-әрекеттерінің шындығын өз бетінше топшылап, қорытынды жасауына тура келеді.

      Исигуро туындыларының  негізгі тақырыбы – өзін-өзі алдау, ол, барлық романдарында осы күрмеуі күрделі мәселеге түрлі қырынан үңіліп, оның себебі мен салдарын зерттеп, тартқызатын тауқыметі мен зарарын көрсетуге ұмтылады. «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» мен «Өткен күндердің өтеуі» романдарында ол бұл тақырыпқа тереңірек үңіліп,  жан-жақты ашуға тырысқан.

Ар ісінің азабы

         Сәби күнінде кіндік қаны тамған топырағынан тамыры үзіліп, Ұлыбританияға қоныс аударып, бөгде елде ес жиып, етек жапқанына қарамастан Кадузо Исигуроны жапондардың өткен күндердің жүрегін жаралап  кеткен зобалаңынан арылғысы келген жан айқайы көбірек алаңдатады.  «Гардиан» газетіне берген сұхбатында атақты қаламгер,  барлық адам баласына түсінікті халықаралық романдар жазу шығармашылық мұраты болып табылатынын тілге тиек еткенімен,  бәрібір сыршыл суреткердің өз ұлтын ойлап қамығып, қабырғасы қайысатыны, әсіресе, алғашқы дүниелерінен тайға таңба басқандай көрініп тұр.  Дей тұрсақ та ол бір  сұхбатында  өз прозасын  жапон әдебиетінің контексінде қарайтын сыншылар пікірімен үзілді-кесілді келіспейтінін ашық айтыпты. Соған қарамастан,    ұлттық тегі мен жапон мәдениетінің  қаламгердің жазу стилі мен оқиғаны баяндау мәнеріне тигізген ықпалы байқалмай қалмайды. 

       Жүз жерден ағылшын болып көрінуге тырысқанымен, Исигуроның әдеби мұрасын көңіліне тоқи отырып оқып, көтерген тақырыбын, толғандырған мәселелерін, суреткерлік шеберлігін ой сүзгісінен өткізіп, ақыл таразысына салып зерттеген сыншыға, оның өзге елде өмір сүріп жатқан эмигрант екенін анықтау аса қатты қиындық туғызбайды.  Жазушы-эмигрант болғандықтан, бөтен елдің жерін  басып, ауасымен тыныстап жүрген қаламгерлердің бәріне тән, сананың архетиптік көрінісі ретіндегі -  үй мифолегемасы Исигуро шығармашылығында маңызды орын алады.

         Қаламгер романдарында сюжеттік, семантикалық, образдық деңгейлердің бәрінде де қара шаңырақтың атқаратын елеулі қызметі бар, көп жағдайда үй  мифолегемасы  көз алдыңа Жапонияны елестетеді.   Үйдің образы от басы, ошақ қасының қорғаушысы ретіндегі Ананың архетиптік бейнесі арқылы жеткізілетін  шығармалардан айырмашылығы, Исигуроның ұлттық рухтағы жапондық  шедеврлерінде дәстүрлі өмірдің жақтаушылары болып ер азаматтар суреттеледі. Қан кешкізген соғыс, жақын адамдарыңның қазасы, сананың дағдарысқа ұшырап, қоғамдағы құндылықтардың өзгеруі  сияқты жағдайлар тұрмыстағы қалыпты  тәртіпті бұзып, еркектер әйелдер істеуге тиіс көп міндеттерді өз мойындарына жүктеп алды. Міне, осылайша қоғамдық өмірде қайрат танытып, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмаған азаматтар, күйкі тірліктің жәрмеңкесінде үй мен тұрмыс мәселесіне жіпсіз байланды. 

       Кадзуо Исигуро  прозасында  үйдің атқаратын сакральдық қызметі де зор мәнге ие;  жазушы кейіпкерлері өмір сүретін тұрақтарда, күнделікті тұрмысқа  арналмаған жабық бөлмелер жиі кездеседі. Мысал ретінде, Мацуо Оно әкенің сан-алуан ғибадаттық сипаты бар «қабылдауға арналған бөлмесін» айтуға әбден болады; біріншіден, оған,  белгілі бір жасқа келгенге дейін ешкімге кіруге рұқсат жоқ, екіншіден, онда, ақша санау мен есеп кітаптарын жүргізу жұмыстары жасалады; үшіншіден, оның орталығында, отбасындағы дәстүрлі істі жалғастыруға арналған, салттық құрбандық шалу – Ононың кенептері отқа жағылады.

       Жазушы оқырманды шығармасының көркемдік әлеміне үй арқылы енгізгендей көңіл-күйдің сезіміне  бөлейді.  Оқиға  саудагерлердің ерекше «бедел аукционын» өткізіп, сол жерде суретшінің кәсіби жетістіктерінің жоғары бағаланып, соның арқасында сән-салтанаты мол жекежай сатып алуынан өрбиді. Қуаныштың соңы қайғының боранына  ұласып, соғыс басталып кетіп, суретші байғұс  әйелі мен ұлынан айырылды.  Тағдыр тауқыметін тарта жүріп, өмірдің шытырман шырғалаңында бас кейіпкер тұрақтаған үйлер,   суретшінің өзін-өзі іздеген жылдарындағы ақыл-ойы кемелденген  кезеңдерінің - симолдық белгісі;  қара шаңырақты тастап кетуі баланың ер жетіп, есейіп, рухани толысуының, атап айтсақ, саудагер әкесімен ат құйрығын кесісіп, кәсіби қызметіне бет бұрған шағындағы таңдаған  - жолының сипаты.  Кейіпкер өмірінің келесі кезеңі – еуропа саудагерлеріне арналған «экзотикалық» жапон картиналарын дайындайтын  шеберханадағы жұмысы,  бояулар шашыраған, шағын бөлме арқылы таныстырылады. Ононың жалпы жұрттың сұранысын қанағаттандыруға арналған арзанқой картиналарды салудан бас тартып, шын өнерге бет бұрған кезеңі де жаңа баспанаға  көшкен өмірімен байланысты болып келеді.   

        Қала сыртындағы жекежайға көшкеннен кейін жас суретшілер онда,  түнгі әлемнің қас-қағым сәттік рахатына батады; оларға қойылған жалғыз шарт – ұстаздарына деген адалдық пен шығармашылық нұсқауларын қалтқысыз орындау. Бірақ дүниеге деген өз көзқарасы бар, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан өнер адамына осындай қарапайым шартты мүлтіксіз орындау да оңай іс болмай шықты. Ақыр соңында, ұстазының жұмыс істеу тәсілінен бас тартуы Ононың тағы да үйден қуылып, тек өзінің ақылы мен өнеріне  ғана кәміл сенуге болатын тәуелсіз шығармашылық жолда таңдауына мәжбүр етті. Бұл жол табысты болып, суретшінің таланты мойындалып, соның материалдық көрінісі  оқырман зердесіне  суретші сатып алған сән-салтанаты мол жекежай арқылы жеткізіледі. Міне, осылайша Исигуро романының мифопоэтикасын зерттей отырып,  біз үй мифологемасының түрлі мағынасы бар екенін ұғып,  оның тек материалдық қана емес, сонымен бірге, адамның рухани толысып жетілуінің де символдық белгісі болып табылатынына  көзіміз жете бастайды.  

      Зады кез-келген талантты қаламгер өз ұлтының басынан кешкен зобалаңын суреттей келіп, сол арқылы, адамзат баласының бәріне тән ортақ трагедиялардың сырына үңіліп, залалы мен зауалын көркем прозаның тәсілдері арқылы зерттеп-зерделеуге тырысады. Немістің ғажайып  жазушысы Томас Манның «ұлтының тағдырына жаны күйген жазушы ғана, әлемді толғандыратын ұлы дүниелер туғыза  алады», дегені осындайда ойыңа оралады. 

        Бүгінде жұрттың бәрі қайталай бергеннен мәтел болып кеткен «Әдебиет –ардың ісі» дегенді, тек сөз өнерімен ғана байланыстырып айту, менің ойымша дұрыс емес. Алланың жазуымен жарық әлемнің есігінен аттаған кез-келген ұлы өнердің дүниеге келіп, кіндігі кесілген шақтағы, алғашқы емгені  Ардың ақ сүті екенін ұмытуға болмайды. Тағдыр тәлкегімен адасып,  сұрқия саясаттың құрбаны болған шығармашылық адамдарының бәрі де Өнер-Ананың ақ сүтін ақтай алмай, жаны қиналып, түптің-түбінде Ар азабының қасіретін тартады.

           Жалған саясатқа шырмалған шығармашылық тұлғаның қандай моральдық азып-тозу мен рухани күйзеліске ұшырап, санасының қалай дағдарып, сең соққандай сергелдеңді басынан кешетінін Исигуро «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында өнердің тілімен түсіндіруге тырысады. Аталған шығармада Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапониядағы ахуал сипатталып, елдегі болып жатқан жағдайлар баяндалады. Дүниені дүрліктірген оқиғалармен бірге қоғамдық сана да өзгеріп, кешегі құндылықтарға мүлде басқаша көзбен қарайтын жаңа ұрпақ келді, өмірге.

        Ия, жапон халқы соғыста жеңіліп қалды, енді елге америкалықтар үстемдігін жүргізіп, жастар жаңа жолды іздеп, сенімді түрде демократияны орнатуда. Халық имандай сеніп, пір тұтқан бұрынғы идеалдардың күлі көкке ұшып, кешегі ел мақтаған батырлардың бәрі шын мәнісінде  жұртты ақиқаттың ақ жолынан адастырған сатқындар болып шықты. Қара халықты айтпағанда, олардан тіпті, туған-туысқандарына шейін теріс айналды. Кітаптың бас кейіпкері, кезінде даңқы дүрілдеген ұлы суретші Мацуо Оно да жаңа режимнің құрбаны болған  - пенде баласы.  Тұрақсыз заманның түрлі қиындықтарын көріп, тар жол, тайғақ кешулерінен аман өткен  суретшінің бүгінгі жағдайы жаман емес. Екінші қызын тұрмысқа берудің қамын қарастырып жүріп, ол  өзінің тағдыры мен елінің өткен өмірі туралы, көңілсіз сезімнің сағымына шомылады.  Кеңселердің жанында орнатылған сәкіде отырған суретші неге соншама қамығып, қайғыра береді?   Құрметке лайықты және қамсыз кәріктен артық, оған не керек?

     Кейіпкердің ішкі монологымен танысқанда ғана, күмән пышағы жүрегін жаралап, күні- түні тыныштық бермей қойған бейбақтың жанын жегідей жеген қасіретінің шын себебінің құпиясы ашыла түседі.  Әлі он екіде бір гүлі де ашылмаған, еш жазығы жоқ ұрпақтың  құрбан болып кеткені үшін, ол өзін қылмыскер санайды. Саяси идеологияның шылауына шырмалып қалған  ол  кезінде түрлі плакаттар салып, отаншылдыққа үндеп, өрімдей жастарды соғысқа баруға шақырып, өлім отына айдап салды. Суретшіге сеніп, қан майданға аттанған жүрегі жалындаған жастардың талайы  қаза тапты.

        Жапон мәдениетінің тірегі шатқаяқтап, ұлттық дәстүрінің іргесі сөгіле бастағаны үшін де Мацуо өзін кінәлайды.  Айналадағы өмір өзгеріп жатыр, ол енді қисық өскен ағаштай болып кетіп бара жатқан қоғамды түзей  алмайды.  Адал жүрегі иланып,  ұлы армандарға жетелеген кешегі әдемі идеалдар быт-шыты шығып қирады.  Ашық айтпағанымен, халық күні кеше ғана құрмет көрсетіп, төрге шығарған Мацуо Она сияқты идеологияның жалынды жаршыларын енді иттің етінен жек көреді. Себебі, Жапония жеңіліп қалды. Ал, өз ұлтының ұлы жеңіске жететіне сендірген суретшінің ұлы саналып келген өнер туындылары күресінге лақтырылды. Тіпті, суретшінің енді ғана есін танып келе жатқан кішкентай немересіне шейін атасынан «Ата, сіздің кезінде ұлы суретші болғаныңыз рас па?», деп сұрайды.

    Аласапыран уақыттың дауылымен келген демократиялық өзгерістердің  кесірінен, жапон халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениетінің алтын діңгегіне қалай балта шабылып, жаңа буынның  халықтық тамырынан қалай ажырап бара жатқанын да Кадзуо Исигуро асқан шеберлікпен жеткізген. Батыс өркениетіне елірген жастар америкалықтардың музыкасын тыңдап,  киноларын тамашалайды. Заманының даңқты суретшісі болған Мацуо Ононың жалғандағы жалғыз немересі Итиро да Жапонияның ұлттық батырлары туралы естігісі де, білгісі де келмей, ковбойлар жөнінде түсірілген америкалық фильмдерді қызыға көріп, бар жан-тәнімен соларға еліктейді.  Жүрегі езіліп, жаны күйзелгенімен ол енді құрдымға кетіп бара жатқан дүниені өзгертуге дәрменсіз. Сайқал саясаттың құрбаны болып, абырой-беделінің бәрінен айырылған адамның сөзін кім тыңдап, кім керек қылады дейсің? Кім?

           Басқаларын айтпағанда,  суретші белінен туған перзенттерін де жаңа заманның жаман ықпалынан қорғап қала алмады. Егде тартқан әкесімен дөрекі сөйлескен екі қызының мінез-құлқына қарап, бөгде мәдениеттің жапон ұлтының сана-сезіміне қандай зиянды залалын тигізіп жатқанын пайымдайсың. Үлкен қызы тіпті баласының атасымен араласуын шектеп тастағысы  келеді.  Атағы дүрілдеп тұрған шағында қыздары әкесін жақсы көріп, мақтан етіп, құрмет көрсетіп, қадір тұтатын. Енді елдегі саяси ахуал өзгергеннен кейін, абырой- беделін жоғалтқан ол дос-жарандары түгіл, туған қыздарынан да жүрегін елжірететін жылы сөз ести алмай қапаланады.  Суретшінің кезінде жұрт тамсанып, аяғын жерге тигізбей, көкке көтере мақтаған картиналары енді үйде тығулы тұр. Қоғамға керегі болмай қалған Мацуо Оно өткен өмірін еске алып, қайта-қайта мұңлы ойдың мұнарына бата береді. Шығарма авторының бір адамның тағдыры арқылы тұтас бір халықтың басынан кешкен трагедиясын ой-санаңды үйіріп әкететін терең психологизммен соншалықты шынайы, соншалықты нанымды етіп суреттеп берген шеберлігі, шынында да таң қалдырады. Көлемі шағын ғана роман арқылы Кадзуо Исигуро көп жағдайда жазушы творчествосында бір арнаға тоғыспай жататын инттелектуалдық сараптама, әлеуметтік және психологиялық талдауларды, шығарманың көркемдігіне селкеу түсірмей, жігін білдірмей жымдастырып жібереді. Сөз өнерінің табиғатын аша түсетін  «ішкі монолог», «сана ағымы», «композиция еркіндігі» т.б. әдеби тәсілдердің бәрін шебер меңгерген Исигуроның романы жапон ұлтының рухани ұлылығының айқын айғағы екені дау туғызбайды. Жазушы құм арасынан алтын іздегендей аса зор қырағылықпен адамзатқа ортақ ақиқаттарды халықтың тарихынан, ұлттық болмыстан іздейді.

       Моральдық дағдарысқа ұшырап, әлеуметтік тірліктің тығырығына тірелген  Мацуо Оно өмір бойы картиналарын жазып, бар жан-тәнімен елге пайдасын келтіруді ғана ойлап, уақыт ағымынан қалып қоймауға тырысты. Нәтижесінде сонау бір ертегіде мысқалдап айтылатын шалдың күйін кешіп, сынған астауын құшақтап, ешкімге керегі болмай қалды. Күні кеше ғана халық мақтаған туындыларыңды енді жұртқа көрсетуге ұялудан артық қандай қасірет болуы мүмкін, өнер адамы үшін? Айтыңызшы, қандай?

        Тұтас бір дәуірдің картинасын көз алдыңа елестететін Исигигуроның таңғажайып туындысын оқи отырып, жазушының жанын жегідей жеп,  мазасын алған ұстара сауалдардың, Қазақстандағы болып жатқан жағдайларға да қатысы бар екеніне көзім  жете түскендей әсердің сиқырына арбалғанымды жасыра алмаймын. Діні мен салты бөлек болғанына қарамастан, отаршылдық езгісінде жаншылған  екі ұлтты да толғандыратын мәселелердің, егіз қозыдай ұқсастығына көзім жете түсті.  

        Жапонияда да өткен күндердегі халықтың көрген зорлық-зомбылығы үшін ресми түрде ешкім де айыпталған жоқ. Философиялық, психологиялық, тіпті, қарапайым адамгершілік тұрғысынан кешегі дәуірдің жаралы жанын түсінуге тырысқан терең талдаулар жасалмағандықтан, біздің халық та Кадзуо Исигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романының кейіпкерлеріндей, өткен тарихындағы қанды оқиғаларды қалай бағаларын білмей, абдырап қалды. Расында да  Алаш арыстарын ұстап бергендердің бәрін опасыздарға, ал, советтік идеологияны жырлаған ақын-жазушылардың бәрін сатқындарға жатқызуға бола ма? Әлде, ол мәжбүрсіздіктен болған жағдай ма? Жеке басыңды ғана емес, ұлы идеал үшін, сенімен бірге құрып кетуі мүмкін, бала-шағаңның, туған-туысқандарыңның, дос-жарандарыңның да тағдырын тәлкекке ұшырататын қатерге тігуге қақың бар ма?  Біз бір сәтке болса да, солардың орнына өзімізді қойып көрейікші.  Мүмкін, олардың бәрі де адамның өмірі қылкөпірдің үстінде тұрған аласапыран дәуірдегі дүрбелеңнің құрбандары ғана шығар. Ал, советтік идеалдардың халықты ұшпаққа жеткізе алатынына бар жан-тәнімен сенгендерді, қалай айыптаймыз? Сенімі үшін адамды жазғыру, қаншалықты орынды?  Өнер адамының шығармашылығын   саяси көзқарасына қарап бағалауға бола ма?  Медреседе білім алып, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді Шығыс шайырларының дастандарымен, кейін әлем әдебиетінің қайнар бұлағынан да қанып ішкен,  Жұмабай қажының немересі Мағжан мен жеті жасында жетім қалып, жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи алмаған, сауаты шамалы Сәбиттерді салыстырудың қисыны бар ма?

           Кадзуо Исигуроның 2007 жылы «Эксмо» баспасынан жарық көрген «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романын оқып болып, соңғы бетін жапқаныма міне екі сағаттай уақыт өтті. Сағат тілі түнгі екіден асып кетсе де, сең соққандай сергелдеңге салып, жанымның тыныштығын бұзған шығармадан алған әсерімнен арыла алмай, ұйқым қашты.  Неге екенін білмеймін, күні кеше ғана дүниеден өткен ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы есіме түсіп, көңілсіз ойлардың уытты тырнағы жүрегімді тырнады.  Халқына адал қызмет етіп,  адам баласына қылдай да қиянат жасамаған жазушы  өмірінің соңында надан тобырдың талауына абайсызда қалай түсіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Анау бір үлкен кісінің алдында дәрменсіздік танытып, жасап қойған пендешілігін, біз оған өлгенше кешіре алмадық. Айтпаған сөзіміз, атпаған оғымыз қалмады. Енді міне суреткер дүние салғаннан  кейін бәріміз жапатармағай мақтап, оны әулиеге теңеп жатырмыз.  Дегенмен,  жұрттың бәрі оған тасадан тас атқанда, жазушының шарапатын көріп,  жылы сөзін естіп, батасын алғандар неге үндей алмай, тілін тістеп қалды?  Неге?   Біз неге ылғи да өнер адамдарының жандарын темірден жаратылғандай көреміз, неге біз үнемі олардың пенде баласының бәріне де тән осалдығын кешіре алмаймыз? Неге?

      Билік  барлық уақытта да талантты тұлғалардың бойына симай тасыған қабілетін өз  мүддесіне қызмет еткізу үшін пайдалануға тырысады. Тәуелсіздік алғаннан кейін де дарынды суреткерлердің билікке тәуелділіктен құтыла алғаны шамалы.

       Нағыз суретшілер өнерден гөрі, саясатқа қызмет еткен  уақытта халықтың жаны ластанып, жүрегін кір басады. Ізгілікке шақыратын ұлы идеалдар күйреп, рухани кеңістік қаңырап қалады. Шындық пен өтіріктің шекарасы жойылады. Рухани тазарудың мөлдір айдынына алып шығуға тиіс шындық, керісінше халықты батпаққа белшесінен батырады.

        Әй, бірақ, мына біздің қоғамда әділет пен шындық бар ма өзі? Шындық үшін жанымыз шырылдап жатқандай болғанымен, мүмкін, біздің шындық деп жүргеніміздің бәрі де, тым қатты асқынып кеткен ішкі меніміз бен ауру санамыздың көрінісі ғана шығар.

        «Хайуан сияқты өмір сүріп жатырмын» деп ар  азабын тартқан кемеңгер Толстой мен «Жүрегіме қарасам, инедейін таза емес» деп өз мініне жиіркене қарай алатын,  әулие Абайлардай шын суреткерлер қалды ма мына тұрақсыз әлемде.  Біздің бостандық деп таныған идеалдарымыздың астарында шын мәнісінде ұлттық нигилизм мен құлдық психология жатқан жоқ па, осы? Тәуелсіздік алғанымызға жиырма бес жылдан асса да оппозициямыз бәрін жоққа шығаратын нигилизмнен, ал, билік басындағылар ләппай тақсырлап, бәрін құр өтірік мақтай беретін құлдық мінезден қашан арылады?  Құлдық санадан арыла алмаған мына біз, өткен тарихтан тағылым алудың орнына, неліктен сол қателіктерімізді қайталай беруге құмбылмыз?  Неліктен шын мағынасындағы талантты ақындарымыз биліктің құлақ кесті құлына айналып барады? Құдай үшін, айтыңызшы, неліктен?

        Құлдық болмысымызға қарамастан, өткен ғасырдың басындағы өліарада халық үшін адасып, неше түрлі қорлықты көрген Сәкендерді «Советстанды» жазғаны үшін кешіре алмай, ар үкімін шығарып, күресінге лақтырып тастауға жанталасып жатырмыз.  Ал, сол Сәкендердің рухының қалай қорланғанын, намысының қалай тапталғанын, ар-ұятының қалай аяққа басылғанын ойланып көруге, неге ақылымыз жетпейді? Неге? Әрі-беріден соң оларды жазғыра алатындай біз кімбіз? Шынымен де біздің бәріміз сүттен ақ, судан таза періштелерміз бе? Күні кешегі «Шаңырақ» оқиғасында халықтың емес, әкімнің сөзін сөйлеп, ұлтын сатып кеткен ақындардың Сәкендерді кінәлауға қандай моральдық қақысы бар?   Тұрақсыз әлемнің суреткеріне өмір сүру қай заманда, қандай қоғамда оңай болып еді.

         Әсіресе, дәл бүгінгідей білімді және талантты адамдардың ешкімге керегі болмай қалып, мына қоғамда алаяқтар мен екіжүзділер, өтірікшілер мен жағымпаздар үшін даңғыл жол ашылғанда нағыз суреткерге өмір сүру қиындаған үстіне қиындап барады.  Күні кеше ғана аянышты жағдайда өлген,  білімі телегей теңіздей, талантты ақын Әмірхан Балқыбектің қайғылы қазасын ойласам, мына жалғаннан түңіліп кете жаздаймын. Тышқанның мұрнын да қаната алмайтын адал жігітті, өнерге берілген тазалығы, тобырдың ортасынан шыққан «көсемдердің» алдында басын игісі келмеген мінезі үшін бәріміз жақтырмадық. Ақыры, ақынның аяныщты өлімімен аяқталды....

      «Мәңгілік бүгін» (Борхес) тақырыбының топырағын терең қазып, оқиғаны баяндап берумен ғана шектеліп қоймай, сенің сырласыңа да айнала алатын Исигуроның таланты бағаланып, Нобель сыйлығын алғанына мен шын жүректен қуаныштымын. Жазушының әр туындысын оқыған сайын өзім үшін бір үлкен жаңалық ашқандай боламын. Ол суреттеген адамдардың жанын кемірген сауалдар сені де толғандырмай қоймайды. Психологизмнің құйыны үйіріп әкететін Кадзуоның жазу мәнерінде  байсалдылық бар.  Жұрттың бәрі де оны еуропалық жазушы ретінде танып жатқанына қарамастан, қаламгер шығармаларынан жапондарға тән сабырлылық пен тереңдік бәрібір қатты байқалып тұрады. Әсіресе, жапон классигі Дзюнатира Танидзакидің «Ұсақ қар» романынының Исигуро шығармашылығына ықпалы болғаны қатты байқалады.

     Қаламгердің шығармашылық құдіреті туғызған туындыларының ішіндегі менің ең жақсы көретін шығармам «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында жазушының келешектегі жүретін жолының бағытын айқындап берген тамаша жолдар бар. «Такэда шеберханасынан алған тәжірибем мені соқыр сенімге беріліп,  тобырдың соңынан еріп кетпей, еліктіріп жатқан бағыттардың қаншалықты дұрыс екенін ақыл таразысының сүзгісінен өткізуге  үйретті», - дейді шығарманың бас кейіпкері, суретші Мацуо Оне.

       “Тұрақсыз әлемнің суретшісі”  романы ХХ ғасырдағы жапон прозасының ең озық канондарын сақтай отырып жазылған шедевр: сәл еркіндеу стиль, мүлде байқалмайтын сюжеттер, суреттеудегі нақтылық, терең психологизм мен оқырманға өз ойын таңғысы келмейтін автордың бейнесін  шығарманы оқу барысында түрлі қырынан тани түсесің. Соған қарамастан кітапты оқи отырып нақты уақыттың,  яғни, соғысқа дейінгі және соғыстан кейінгі Жапонияның рухын айқын сезесің.

         Орта ғасырлық жапон әдебиетінде  – дзуйхицу деген жанр бар. Жапон тілінен аударғанда ол «қылқаламның ұшында» деген мағынаны білдіреді. Атап айтқанда, мұндай жанрмен өткен күндердің естеліктері, күн барысында болған оқиғалар, автордың эстетикалық пайымдаулары баяндалады.  Шығарма авторының бұл туындысын тыныш прозаға әбден жатқыза аламыз. Тыныш прозаны оқығаныңда жаның демалғандай әсер аласың.  Онда қалыпты тұрмыстың тыныштығында адам жанының тереңдігі танылып, құпиялары зерттеліп  жатады. Бүгінгі таңдағы Батыстың ғажайып суреткерлері  Джонатан Коу, Фэнни Флег, Кадзуа Исигуролар мен қазақ әдебиетінің классигі  Тынымбай Нұрмағамбетовтер тыныш проза жазудың - теңдессіз шеберлері. Суреткерлік тәсілмен қас-қағым сәттің көрінісін мәңгілікке айналдыра алудан асқан қандай шеберлік болуы мүмкін. 

    Кадзуо Исигуроның «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романында бас кейіпкердің замандастарына,  аға буынның қателігі үшін сұм соғыстың зардабын тартып жатқан  жас ұрпақ қарсы қойылады. Айтпақшы, Нобель сыйлығын иеленген, жапон прозасының көзі тірі классигі Кэндзабуро Оэнің «Кеш туған ұрпақ» романында да тағдыры ұрланған ұрпақтың тақырыбы сөз болмаушы ма еді.  Ол туындыда да соғыстың тауқыметін тартып, жандары жараланған жастар, әкелерінің жіберген қателігі үшін зардап шегіп, бұйдасын үзіп кете алмаған інгендей, америкалықтардың жетегінде  кетуші еді ғой.

        «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романы ХХ ғасырдың барлық күйзелісін басынан кешіп, саяси тұрақсыздықта қателесіп,  бірақ жасаған күнәсін мойындай білуге батылы жеткен талантты суретшінің - шындығы. Шығарманың бас кейіпкері, жесір қалған суретші Мацуон Ононың бір қызы тіпті өзінің тұрмысқа шыға алмай қалуын, әкесінің өткен өмірде жасаған күнәсі үшін жіберген Құдайдың жазасындай көреді.  Кеш болса да Мацуо Оно өзі және қыздары үшін өткен өмірінде жасаған күнәларын мойындауға дайын.

         Жазушы  Исигуроның жас ұрпақ жазғырып жатқан егде тартқан өнер адамының жан әлеміне еніп, жібектей нәзік сезімі мен қайғысын суреттеп берген шеберлігіне еріксіз сүйсінесің.  Бас кейіпкер бүгінгі және өткен өмірін әңгімелей келіп, бұрын-соңды айтылмай келген ақиқаттың пердесін ашады. Сөйлеген сөздерінен суретшінің ақымақ адам емес екені тайға таңба басқандай көрініп тұр, алайда саяси үгіт-насихаттың қуатты машинасы іске қосылғанда өнер адамдарының көбісі парасатын сақтап қала алмай, «жарқын болашаққа» сеніп, саясаттың құрбаны болып жатады. Әсіресе, жүрегіңде жастық оты жалындап, алдыңда даңғыл жол ашылғандай болып көрінгенде, бүгінгі заманның батыры болуға ұмтылып, алып-ұшқан көбелек көңілдің соңынан ілесіп кетпей, сабыр сақтап,  өзіңді ұстап қалу  қиын. Өте қиын.  Суретші Мацуо Оно да игілікті істер үшін әрекет етіп жатқанына имандай сеніп, тұрақсыз әлемнің дауылы соққанда ұстамдылық таныта алмай қалды. Халыққа адал қызмет етуді армандаған суретші, керісінше жұрттың қарғысына ұшырады. Күні кеше ғана талантына табынып, өнеріне еліктеп, оны пір тұтқан шәкірттеріне дейін, енді одан ат-тонын ала қашады.   Ұстазға осыдан артық қандай жаза болуы мүмкін. Айтыңызшы, қандай? Дегенмен,  адам рухының мықтылығы өткен тарихыңан бас тартуда емес, қайта соны мойындай алатын батылдығында жатқанын халықтың түсіне алмайтыны - өзекті өртейтін өкініш. 

         Ақиқатында сайқал саясаттың құрбаны болған өнер адамдарының көбісі, жалған идеологияға сеніп, қандай ұлы қылмыс жасап жатқандарын өздері де білген жоқ. Өліарада адасқан суреткердің нәзік жанын түсініп, кешіре білгеннен гөрі, одан бас тартып, айыптаған әлдеқайда жеңіл. Суреткердің өнерінен бас тартып, айыптау үшін қатігездіктен басқа ештеңенің керегі жоқ. Ал, өнер адамының жанын түсініп, кешіре білу үшін сезімнің тереңдігі, ақылдың парасаты қажет.

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha