Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Арнайы жобалар
БАЛАПАНЫМ, АУЗЫҢДЫ АШ...

БАЛАПАНЫМ, АУЗЫҢДЫ АШ...


Рейтинг: 2.545

1963 жылы 5 қарашада ҚХР-дағы Шыңжаң өлкесі, Бұратала облысы, Жың ауданына қарасты Қызылүй деген жерде туылған. Ақын.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

«Ақ Жалын» атты тұңғыш жыр жинағы 1988 жылы Қытай Халық Республикасының «Шыңжаң жастар-өрендер» баспасынан шыққан. «Жұлдызды түн» атты кітабы еліміздегі «Құсжолы» баспасынан (2002), «Жетінші аспан» атты жыр кітабы «Елорда» баспасынан (2002), «Жарық» атты кітабы «Сөздік-Словарь» баспасынан (2014), «Шырағым-ай» атты кітабы «Жалын» баспасынан (2016) жарық көрді. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты кітабын төте жазудан қазақшаға түсіріп, шығарғандардың бірі.

Құл-Керім ЕЛЕМЕС

 

 

Бисмилләһир Рахманир Рахим

 

АСПАН ӘЛЕЙЛЕРІ

 

АСПАН

 

Аспан түбі көкпеңбек

Беті ақшыл мұнарлы.

Жұлдыз сонау көктен кеп

Сығалауы тым әрлі.

 

Ай да сонда – бал нұры,

Күн де сонда – жарықтық.

Бірі күндізді, ал бірі

Түнді тұрар жарық қып.

 

 

КҮН 

 

Нұр дидарлы беті бар

Көк түбінде тұрады.

Қыздыратын оты бар

Түу алыстан ұрады.

 

Күнсіз шөпте көктемес

Аспан оның тұрағы.

Күнсіз еңбек еткен еш

Күн әлемнің шырағы.

 

 

АЙ

 

Күннен алар жарықты,

Бірақ, күндіз көрінбес.

Түн мұхитын жарық қып

Жүзуден еш ерінбес.

 

Көкте жүзген қалайы

секілді ақ табақ-ты,

Жұлдыздардың талайы

Қоршап алып қарап тұр.

 

 

САРЫ ЖҰЛДЫЗ

 

Түн келгенін растап

Бірінші боп туады.

Орыны да тұрақты-ақ

Дәл төбеде тұрады.

 

Бірінші боп туған ол

Ең соңынан батады.

Оның сырын білген ел

«Саржұлдыз» деп атады.

 

 

ШОЛПАН

 

Таң қылая туады,

Зухра оның бір аты.

Қараңғыны қуады,

Сөйту оның мұраты.

 

Жұлдыздан шоң, жарықтау,

Айдан нұры аз, һәм кіші.    

Шолпанменен жарықтау

Таң алдының мәнді ісі.

 

Лезде Күнге жол беріп

Орындалып мұраты,

Таңғы самал желге еріп

Жоқ болады қыр асып.

 

 

ҮРКЕР

 

Топтан бөлек тұрғасын,

Тұла бойын нұр кернеп.

Көріп бөлек тұлғасын

Атаған жұрт «Үркер» деп.

 

Үркер таңғы бесте нөл

Түскенде ауып жамбасқа,

Мал қамы үшін көшкен ел

Тұратұғын таңғы асқа.

 

 

ЕСЕКҚЫРҒАН

 

Ішке сақтап есебін,

Жұрттан бөлек қашқан бай,

Қырып апты есегін,

Жол таба алмай ешқандай...

 

Бұл бір аңыз үлгі ізгі.

Еске ап сол бір апатты –

Сонда көрген жұлдызды,

«Есекқырған» атапты.

 

 

ТЕМІРҚАЗЫҚ

 

Тұрмайды өзі нұрланбай.

Жанған қалпы ақшамда,

Жарқыраған бірләндай,

Жарқырайды ақ таңға.

 

Тауда, мейлі жазықта,

Адастырса тағы түн,

Қарап Темірқазыққа,

Жұрт түзейді бағытын.

 

 

ҚҰСЖОЛЫ

 

Аспан бетін шаңдатып,

Бәйге шауып өткендей.

Не, кеменің таңға асық,

Ізі қалып кеткендей.

 

Аспан оның тұрағы,

Түнді бөліп екіге,

Шеті тиіп тұрады ,

Жердің екі шетіне.

 

Зер салмаған ұқпайды,

Қалам алып қолына:

Құсжолы анық ұқсайды,

Самолеттің жолына.

 

 

ЖЕТІҚАРАҚШЫ

 

Денесінен жарқырап,

Жеті шырақ жанады.

Әдемі әсем әр шырақ,

Көзі еді оның манағы.

 

Жеті көзбен көктен кеп,

Қарағаны ғажап-ай.

Босағадан еппен кеп,

Сығалаған баладай.

 

 

 

КӨКТЕМ ДӘПТЕРІ

 

КӨКТЕМ КЕЛЕР...

 

Келер көктем жер үстімен,

Кейде жердің астымен.

Келген жылы жер үстінен,

Сияқтанып лас кілем –

 

Қардың еріп беті ғана,

Асты мұз боп жабысып,

Кетпей ұзақ жатып алар,

Дой батпақтап бақ іші.

 

Ал, астымен келген жылы

Қардың еріп бауыры,

Тез әкетер елден жұлып,

Күннің Қыстай ауырын.

 

 

БҮРШІК

 

Әр пұтақтың буынынан

Тұмсықтанып балапан,

Ағаш көктер жылуынан

Күн жәйғанда алақан.

 

Бір суық пен бір ыстықтың

Арасынан кіл көктеп,

Келе жатар ырыс-құтты

Дүниеге жыл беттеп.

 

 

АЛҒАШҚЫ КӨК

 

Бетін ақ қар көгендеп

Тұрса дағы тастай қып,

Алғашқы көк тебендеп

Мұзда көктей бастайды.

 

Алғашқы көк осындай

Нәзік, бірақ тым мықты.

Тесіп шығар тосылмай

Қар, мұз және шымдықты.

 

 

КӨКТЕМ

 

Гүл ашады қауашақ,

Көктем келсе жер көктеп.

Іңгаламақ балаша-ақ

Сәби дүние жөргекте.

 

Гүл ашады қауашақ,

Ағаш бүрлеп, жер көктеп.

Дүниені болашақ,

Жібергенде тербеп кеп.

 

Көктем әуенге ұласқан,

Қозы, лағы маңырап –

Төлдер оның гүлі ашқан

Төрт түліктен жамырап.

 

 

АЛҒАШҚЫ ЖАУЫН

 

Тұманданып дала, шың

Бұлт көшіп нарға ұқсап,

Қар ма екен деп қаласың

Басталуын қарға ұқсап.

 

Түйіршіктеп әуелі,

Соңы нөсерге ауады.

Сөйтіп, жасын әуені

Жарқылдатып жауады.

 

 

ТАМШЫЛАР

 

Көздерінен баланың                  

Үзілгендей тамшылар, 

Еске салған даланың

Ескі әуені – ән шығар.

 

Бырс-тырс етіп там-үйдің

Жиегінен құлайды.

Жылағаны сәбидің

Сияқтанып жылайды.

 

 

КӨПКӨЖЕ

 

Келеді деп қаншалық,

Алты ай қыста аңсадық.

Келді, міне, әз Наурыз,

Өлі жерге жан салып. 

 

Жеті түрлі дән салып,

Жеті әуенмен ән салып,

Жетті, міне, ішер кез

Көпкөжені тамсанып.

 

 

НАУРЫЗ

 

Ертіп алып айларды,

Наурыз Күнді айналды.

 

* * *

Наурыз келді – әз келді,

Наурызға еріп жаз келді!

 

* * *

Наурыз өпті келіп нұр боп елді,

Былтырғы Наурызбек бірге келді.

 

 

 

 

КӨБЕЛЕКТЕН ГҮЛ АУМАЙ, ГҮЛДЕН АУМАЙ КӨБЕЛЕК

        

 

АЛАҚАН

 

Талдың басы көгеріп

Жапырағы жәйқалды.

Қауыз жарған көк өрік

Самал соқса шайқалды.

 

Жердің шөбі қылтиған

Шалғынданды біртіндеп.

Күн астында нұр құйған

Сағым көшті іркілдеп.                  

 

Аспан жерге ұласып

Жер аспанға таяды.             

Қауашағын гүл ашып

Көкке алақан жаяды.

 

 

ДАУЫС

 

Қар астынан тебендеп

Шыққан көкпен көктем кеп,

Қозы ойнайды көгенде

Дүние кіл көкпеңбек.

 

Нажағайдың дауысы –

Гүркіретіп көктен кеп,

Құс үнімен бау іші

Жаңғырады бектен-бек.

 

 

КӨБЕЛЕК ПЕН ГҮЛ

 

Дала шешіп қар – тонын,

Жасыл шапан киінді.

Жаюға өмір өркенін

Салды әр тірлік түйінді.

 

Ағаштар мен шөп біткен

Жәйнап жаңа түрге енді.

Көңлінде жоқ шек тіптен

Дүние өңі кірген-ді.

 

Көбелектен гүл аумай,

Гүлден аумай көбелек,

Тозаң ұшып қылаудай,

Жаңбыр жауды себелеп.

 

 

ДІРІЛ

 

Ешкі төлдеп, қой төлдеп,

Қозы, лақ маңырар.

Енелері «кел-кел» деп,

Ертелі-кеш жамырар.

 

Құлын, бұзау ойнақтап,

Бота енесін емер-ді.

Қорқытып һәм тайғақтап,

Басып қалып кемерді.

        

 

ҚҰС ХАҒАНЫ

 

Аузын ашып ағүрпік

Балапандар шиқылдар.

Тағы қонып, тағы үркіп

Құстар сазда қиқулар.

 

Бірі шоқып, бірі іліп,

Бірі орып қияқты,

Құс хағаны құрылып

Той боп жатқан сияқты.

 

 

БАЛА – КӨКТЕМ, АНА – КӨКТЕМ

 

Қаз-қаз басып, қаз басып

Тісі шыққан бөбектей,         

Көктем – бала жазға асық

Келеді әне өбектей.

 

Қозы, бұзау, бота, лақ

Балпаңдаған балапан...

Жатқан көктем боталап –

Жәйған ана ол алақан.

 

 

 

 

ЖАУЫН ДӘПТЕРІ

 

 

 ЖАУЫН

 

Басы қармен басталып,

Соңы жауынға ұласар.

Сол жауынмен расталып,

Жауқазындар гүл ашар.

 

Ағаш бүрлеп, нәрленіп,

Тіріледі жәндіктер.

Көк өскінмен әрленіп,

Қара жерге жан бітер.

 

 

АҚ ЖАУЫН

 

Алаланбай теп-тегіс,

Көк жүзін бұлт басыпты.

Беру үшін шөпке күш,

Жауын жерге асықты.

 

Жел соғып, күн гүркіреп,

Жарқылдамай нажағай,

Апта жауар сіркіреп,

Ақ жауынның ғажап-ай.

 

 

НӨСЕР

 

Ағашты, үйді жығардай,

Нажағайы жарқылдап,

Сұсынан жұрт ығардай,

Дауыл үріп арсылдап,

 

Сатырлата ұрады,

Ұйтқып жауын ой салып.

Көз алдыңда тұрады,

Тура теңіз шайқалып.

 

 

ӨТКІНШІ

 

Қазір шәйдай ашық күн,

Лезде құйып кетеді.

Жетіп кеп бұлт қашық тым,                

Шелектеп бір өтеді.

 

Жерді суға толтырып,

Құйған жауын басылып,

Шұқырларға көл тұрып,

Кетер демде ашылып.

 

 

СЕБЕЗГІ

І       

Көрінбестей көзге өзі,

Бетке тиер дып-дымық.

Жауындардан өзге өзі,

Түсі ауадай тұп-тұнық.

 

Жылт-жылт етіп ұшады,

Кемпірқосақ түрленіп.

Жерді келіп құшады,

Қызыл-жасыл түрге еніп.

 

ІІ

Көрінбестей көзге өзі,

Бетке тиер жұмысақ.

Жауындардан өзге өзі,

Түсі ауадай күміс ақ.

 

Жылт-жылт етіп үшады,

Кемпірқосақ реңденіп.

Жерді келіп құшады,

Қызыл-жасыл, күреңденіп.

 

 

БҰРШАҚ

 

Пытыраның оғындай,

Жерге атылған аспаннан,

Бұршақ жауса,

Қағынбай,

Дұрысы жоқ қашқаннан.

 

Бұршақ деген – мұз жауар,

Жауын түрі ол бөлек.

Жауса бұршақ,

Із қалар...

Зиян салар елге ерек.

 

 

КҮМІС ЖАУЫН

 

Өткіншінің артынан,

Күнге ашылған шағылып,    

Жанбай күміс қалпынан,

Жауар жерге ағылып.

 

Ту алыстан, көк жақтан,

Жерге қарай қиғаштап,

Керемет ол кеп жатқан,

Ұқсайтуғын күйге асқақ...

 

 

КЕМПІРҚОСАҚ

 

І

Жауын жауып басыла,

Көкжиекке асыла,

 

Аспан, жерді доғалап,

Қызыл, жасыл, көкала

 

Кемпірқосақ керіліп,

Көк жүзіне өріліп,

 

Шыға келер иіліп,

Атлас көйлек киініп.

 

ІІ

Ойнап жүр ек аулада,

Лезде бұлттап тау-дала,

 

Хақ ісінің ғажап-ай,

Жарқ-жұрқ етіп нажағай,

 

Әсері тым бөлекше,

Жаңбыр құйды шелектеп.

 

Сосын лезде ол басылды,

Күн де шайдай ашылды.

 

Аспанға ашық жылымық,

Кемпірқосақ ілініп,

 

Қарсы алдымыз бек сырлы,

Қызыл-жасыл боп тұрды.

 

 

ЖАЗ ДӘПТЕРІ

 

 

ЖАЗ – ЖІГІТ

 

Көктем – сәби кешегі,

Жаз – жігіт боп есейді.

Тіршілікті, есебі,

Қолына алып көсейді.

 

Буындары қатайған,

Тұла бойы нұр тіпті. 

Ожауды алып апайдан,

Қайнатады іркітті.

 

 

ЖЕР – КІЛЕМ

 

Тотыдайын түрленіп,

Жер кілемнен аумады.

Қызыл-жасыл түрге еніп,

Аспаннан нұр саулады.

 

Шөп те, гүл де жетіліп,

Кірді толық өңіне.

Буындары бекіліп,

Жаздың ыстық деміне.

 

 

ГҮЛГЕ ОРАНДЫ БЕЛДЕРІМ

 

Құрт-құмысқа жыбырлап,

Бақа-шаян жанданды.

Тәй-тәй басып, қыбырлап,

Тамағына қамданды.

 

Басып құстар балапан,

Түлік ертті төлдерін.

Дала жәйіп алақан,

Гүлге оранды белдерім.

 

 

АПТАПТАҒЫ ТӨЛДЕР

 

Құлдыраса құлыншақ,

Тік көтеріп құйрықты,

Бұзаулар да ұрыншақ,

Оқыралап құйғытты.

 

Тік мүйізді лақтар,

Жапырайып құлағы,

Жарға барып тұрақтар,

Астында аққан бұлағы.

 

 

ҚОЗЫ ҚУЫП ЕНЕСІН

 

Қозы қуып енесін

Жеткен жерде емеді.

Ал енесі, денесін

Қанша түртсе көнеді.

 

Тізерлей қап, құйрығын

Жыбыр-жыбыр еткізіп,

Қозылық жүр бұйрығын,

Анасына өткізіп.

 

 

ЖАЗҒЫ ОРМАН

 

Түскен шаштай селдіреп

Қалған қара орманның,

Жапырағы желбіреп,

Өзі болды қорғанның.

 

Басына бас түйісіп,

(Қолдай қара бекіген)

Тұрғанда орман ұйысып,

Жел өтпейді өтінен.

 

 

ЖАУҚАЗЫН

 

Жердің жүзі алғызыл,

Шашыраған бояудай.

Тіршіліктің жалғызы –

Жер ұйқылы-ояудай.

 

Көкке бұрып мұң жүзін,

Келтіргендей тау сазын.

Санатқандай Күнге ізін,

Дала толы жауқазын.

 

 

ЖАҒАЛАУ

 

Өзен-көлдер жып-жылы,

Шомылуға шақ сондай.

Бір-біріне құп жыры,

Жағалауға бақ қонды-ай.

 

Балаларға балықтар,

Балықтарға балалар

Ұқсап, жүзіп, қалықтар,

Құсқа ұқсайды және олар.

 

Таңмен тұрып бозала,

Шұрқырасып, шуласып,

Су шашысып өзара,

Жағада ойнар құм басып.

 

 

 

ЖӘЙЛАУ ДӘПТЕРІ

 

 

БИЕБАУ

 

Түні тым қысқа болады,

Күндізі ұзақ жәйлаудың.

Қызығы есте қалады,

Жәйлауда бие байлаудың.

 

Биені асау құрықтап,

Желіге тізген құлынын.

Қымызын ішіп ұрттап,

«Ащы екен» деді, құлыным.

 

 

ҚҰРУЛАП ҚОЙЫП

 

Желіде құлын байлауда,

Асауды солай үйретпек.

Енесі көнбей айдауға,

Алады тұрып изектеп.

 

Құрулап қойып, сауыншы,

Көнбейтіндерін күнделеп,

Алады сауып, жауын шын

Тұрса да жауып тым да ерек.

 

 

САБА ПІСУ

 

Ақ сүтке толған сабаны,

Пісуден қиын жұмыс жоқ.

Еткенге еңбек бағалы,

Қоясың: «қымыз, – міні, – іш» - деп.

 

Есте қау үшін ішкеннің,

Пісуің керек мың кемі.

Сабаны ең көп піскеннің,

Тай болады ылғи мінгені.

 

 

ІШУ ҮШІН ІРКІТТІ

 

Жәйлаудың тәтті тағамы,

Ауасы жұпар бір тіпті.

Ашыла түсер қадамы,

Ішкеннің қанып іркітті.

 

Ол үшін күтіп ұзауын,

Жәйіп кеп жерге күнде отты,

Сиырды,

Бөліп бұзауын,

Саууға адам міндетті.

 

 

КЕЗҚҰЙРЫҚ ҰҚСАЙДЫ АТАҒА

 

Жәйлаудың сәні құмайлар,

Зеңгірде жүрер айланып.

Бозторғайдың да ұнайды әр,

Қалғаны көкте байланып.

 

Тұғыры анау ең биік,

Орнатқан тақтай жотаға,

Отырған таста қонжиып,

Кезқұйрық ұқсайды атаға.

 

 

ЛАҚ ҚЫП ТАРТЫП ТЕРІНІ

 

Қалмауы үшін айрылып,

Тізгінде қолдар қарысып,

Жабағы, бірі тай мініп,

Ойнайды ұлдар жарысып.

 

Лақ қып тартып теріні,

Көргенін істеп ауылдан.

Аптапта кеуіп еріні,

Шыққандай шаңнан, дауылдан.

 

 

ШАБАМЫЗ ОЙНАП ЖАЛЫҚПАЙ

 

Арнасын тосып бұлақтың,

Шымменен қалап топ бала.

Түбінен келер құлақтың,

Сүңгиміз суға оқтала.

 

Шығамыз шоршып қайтадан,

Қармаққа түскен балықтай.

Боп қалмау үшін майтабан,

Шабамыз ойнап жалықпай!

 

 

         КҮЗЕТ

 

Қораның барып шетіне,

Төсегін атам салады.

Аспанды жауып бетіне,

Күзетед қойды, даланы...

 

Асылған мені мойнына,

Иіскеп мауқын басып бір,

Жатқызады да қойнына,

Салады өзі айғай асып қыр...

 

 

ЖӘЙЛАУДЫҢ ҚЫСҚА ТАҢЫН-АЙ

 

Жәйлаудың қысқа таңын-ай,

Кеш кірді болды ататын.

Сәулелеп үйдің маңын Ай,

Ұйқысы қанбай бататын.

 

Аяқты демде сулайтын,

Шық тұра қалып шөптерге,

Уақыттың, шіркін, зулайтын,

Шолпаны туса бөктерде.

 

Қылтиып жердің шетінен,

Құлағы Күннің көрінсе,

Мал өрген таудың бетіне,

Тарайтын шуақ өрімше.

 

 

 

КҮЗ ДӘПТЕРІ

 

 

КҮЗ УАҒЫ

 

Күн мен түні теңелген,

Шөптер кеуіп, көнерген.

 

Ағаш бүрсіз арбайған,

Жапырағы сарғайған.

 

Күз уағы бір қызық,

Жүретуғын нұр жүзіп.

 

 

КҮЗДІК АЛМА

 

Күздік алма қызарған,

Сайға қарай құзардан,

 

Домалайтын әрі ұшып,

Бір-бірімен жарысып.

 

Сөйтіп қабақ ісетін,

Суға келіп түсетін.

 

Сумен төмен ағатын,

Таусып бала тағатын.

 

Аққан сумен алманы,

Ебін тауып алғалы,

 

Өзен бойын сағалап,

Шабатынбыз жағалап.

 

Су оны алып кететін,

Шама қайда жететін.

 

Тек ирімде айланып,

Қаушы ед кейі байналып.

 

Соны ап мәз боп жейтінбіз.

...«Күздік алма» дейтінбіз.

 

 

КҮЗ ӨСІРДІ

 

Күз сарғайтты көк шөпті,

Күз қозыны тоқты етті.

 

Күз білмейтін ұзауды ,

Тайынша етті бұзауды.

 

Күз баладай тұлымды,

Жабағы етті құлынды.

 

Күз анадай опалы,

Тайлақ етті ботаны.

 

 

САРЫ ҚАУЫН

 

Іңкәр етіп қауымды –

Ала жаздай жерді емген,

«Әуф» деп сары қауынды,

Алдым әрең жерден мен.

 

Жер мен өзін жалғаған,

Жіп-жіңішке піліктен,

Сары қауынға нарлаған,

Қарап тұрмын күліп мен...

 

 

КҮЗ – АТА

 

Жазды өзінен ұзата,

Келіп қалды күз – ата.

Бәрін сап-сары еттің деп,

Қуанбадық біз аса.

 

Жапырақта сарғайды,

Атырап та сарғайды.

Сары жабағыға оранып,

Топырақ та сарғайды.

 

 

КҮЗГІ БҰЛТ

 

Аспанда бұлт ауады,

Көрсетпей Күн, таң нұрын.

Тауға қарын жауады,

Ойға құйып жаңбырын.

 

Суығы ұқсап қысқа нақ,

Мұз да қатар ептеп тек.

Қол шатырын ұстап ап,

Бала барар мектепке.

 

 

КҮЗ – ЖАПЫРАҚ

 

Сап-сары атырап,

Ашардай аранды.

Сарала жапырақ,

Тонына оранды.

 

Қыр – көңілде арман көп,

«Қыс бар» деп жиды есін.

Тонының дал-дал боп,

Қаларын білгесін.

 

 

 

ҚЫС ДӘПТЕРІ

 

 

ҚЫС – СЫЙЛЫҚ

 

Мінеки, қыс келді де,

Бүрді қара жер төсін.

«Тоңбасын» деп тағы өзі,

Жапты әппақ көрпесін.

 

Ақ көрпенің үстінде,

Әппақ қардан жасалған,

Бала жүред киінген,

Шаңғы тепкен неше алуан.

 

Бірі шыңнан құлдаса,

Таудың қуып аң-құсын.

Бірі шыңға өрлейді,

Мәз боп сүйреп шаңғысын.

 

Бірі жатса алысып,

Бірі тұрар бүрсүйіп...

Міне, осындай балаға,

Қыс та Хақтың бір сыйы!

 

 

ҚЫС КЕЛДІ

 

Қыс келді, күз өтіп,

Суықты күзетіп

Киіндік малақай,

Жылы тон, біз етік.

Қалмауға бет үсіп,

Аяқтан сыз өтіп.

 

 

ҚАР ҮСТІНДЕ

 

Мұздан үй қашаймыз,

Қар қала жасаймыз.

Жұмбазбен атысып,

Қаласақ асаймыз.

 

Алысып-жұлысып,

Шуласып, күлісіп,

Мұз үстінде ойнаймыз,

Бір тоңып, бір ысып.

 

Аунаймыз, қунаймыз,

Сырғанап, зулаймыз.

Жығылып-сүрініп,

Киімді сулаймыз.

 

Бетіміз албырап,

Денеміз балбырап,

Кеште үйге қайтамыз,

Екі иық салбырап.

 

 

ШАНАШЫЛАР

 

Бетке қарай топ бала,

Шанамызды арқалап,

Шығып, төмен оқтала,

Зырқыраймыз тарқала-ақ.

 

Оқтай зымқап ағамыз,

Қарды көкке ұшырып.                  

Мұздан моншақ тағамыз,

Бетті суыққа үсіріп.

 

Артымызда жолақ қап,

Сайға түсіп әп-сәтте-ақ,

Қайта өрлейміз далақтап,

Көзімізді жас қаптап.

 

 

 

ҚАР ГҮЛІ – ЖЕР ГҮЛІ

 

Білмейтін ісін бұлдауды,

Аспаннан әппақ гүл жауды.

 

Аспаннің гүлі – қар әппақ,

Жауғанда өзің қарап бақ.

 

Жауа да жауа ымыртта,

Жерді әппақ етер жұмыртқа.

 

Қыстағы жауған қар гүлі,

Көктемгі болар Жер гүлі.

 

 

НЕ?

 

– Жаңбыр деген не?

– Бұлт боп келген сан қырдан,

Жұртты ызғармен тоңдырған,

Қар ол жазғы ыстықпен,

Айланған бу – жаңбырға.

 

– Қар деген не?

– Дейтін емес «мәңгі» бол,

Теңеу де артық мақтарға.

Жазда жауар жаңбыр ол,

Қыста айналған ақ қарға.

 

 

ТАУЫҚ

 

Қара, сары, ағы бар,

Баста қызыл дағы бар.

Былай еркін жүргенмен,

Иесіне бағынар.

 

Қыт-қыт, қыт-қыт, қыт-қыттап,

Бірін-бірі құттықтап,

Шашқан жемді місе етпей,

Жүретұғын шұқ-шықтап.

 

Ептеп қардан жеп қойып,

«Ғо-қо-қо-қоқ» деп қойып,

Бір аяқты көтеріп,

Шуақтайтын боп тойып...

 

Пайдасы бар саған мың,

Еті бірі тағамның.

Әтеші елді оятқан,

Тауық құсы адамның.

 

 

СУЫҚ ТОРҒАЙ

 

Денесі ме, денесі

Сенің жұдырығыңдай.

Өзі құстың көнесі,

Суыққа да мығым қай.

 

Шиқ-шиқ етіп сөйлесіп,

Пыр-пыр етіп ұшады.

Кіп-кішкентай бейнесі,

Тура Ермектің ұшағы.

 

Тұмсығы бар біздиген,

Тістеуік бір епті, ерек.

Нәзік құс бір іздиген,

Басқа құстан бөп-бөлек.

 

Бізбен бірге жүреді,

Жылы жаққа ұшпайды.

Бізбенен бір жүрегі,

Бізбен бірге қыстайды.

 

 

ЖАБАҒЫ МЕН ТАЙЫНША

 

Жабағым тұр дірілдеп,

Тайыншам жүр бүрсектеп.

Қара дауыл күрілдеп,

Қар жауғалы бір сөтке.

 

Жабағымды жабулап,

Тайыншамды қамайын.

Тоныңды, ата, жабуға

Берші, ішігіңді, ағайым!

 

 

 

ТҰМАУ – КҮШІК

 

Қақағанда суық та,

Құтырады тұмау да.

Қарсы тұрып суыққа,

Жол берме әсте тұмауға.

 

Ол үшін де, киімді

Жылы киін, ал, бірақ,

Дұрыс істет миыңды,

Жүрме терлеп, балбырап.

 

Тұмау болса суықта,

Терлегенді табады.

Соған келіп жуықтап,

Күшік болып қабады.

 

 

АҚ ГҮЛ

 

Мүмкін бе қарау таңданбай,

Сана-сезіммен ауып бір.

Желіннен ақ сүт тамғандай,

Қара бұлт ақ гүл жауып тұр.

 

Ақ гүл ме, ақ гүл қар әппақ,

Ақ шекер, жо-жоқ алтын ақ.

Күн шықса ертең қарап бақ,

Көзінде күннің балқымақ.

 

Көзіне Күннің шағылып,

Жылтылдар жүз мың жылтырақ.

Көре алмай көзің жабылып,

Жанарың талсын жылтырап.

 

 

ҚЫСТЫҢ КӨРКІ ӘППАҚ БАР

 

ҚАР

 

Қар жауып тұр әппақ,

Хақ Аллаһты мақтап.

Жапалақтап,

Қапалақтап.

 

 

ҚЫРБАҚ ҚАР

 

Шашқан ұнның тозаңы,

Қара жолға түскендей.

Қыстың алғашқы өз әні –

Қырбақ қар да түскен бе, ей!

 

Жолдың беті ақ ұнтақ,

Ар жағы, әне, қаракөк.

Ақ ұнтақта қағынсақ,

Із қалатын бала көп...

 

 

КӨБІК ҚАР

 

Сүттің әппақ томпайған,

Көбігіндей көпіршіп,

Пұтақтарда жантайған,

Көбік қар мен отыр шық.

 

Қойтастардың үстінде,

Аққу сынды мүлгіген,

Ұлпа қарда, қыс күнде

Шаңғышылар жүрді кем.

 

 

ҚАР

 

Жатқан жерді қап-қара,

Қымтайды әппақ көрпемен.

Өзі ұқсайды мақтаға,

Өзі сондай зерші ерен.

 

Жауған кезде санақсыз,

Гүл боп, гүлдеп жауады.

Тауыса алмайсыз санап сіз,

Тек, ой, санаң ауады.

 

 

БҰРҚАСЫН

 

Қара түнек, былайша,

Араласып боран, қар,

Жемге түскен құмайша,

Сырт қалғанды арандар.

 

Қара дауыл тұрғанда,

Үні сырнай секілді,

Желдетіп кеп ұрғанда,

Мұз етеді бетіңді.

 

 

ҚАСАТ ҚАР

 

Жап-жас қарды қыс кәрі,

Қыстай бүріп қысады.

Шаңғышы оның құштары,

Құс боп үстінде ұшады.

 

Шаңғышылар мақтаған,

Үстінде өнер жасап көп,

Қыс пен шаңғы таптаған,

Қарды атаймыз «Қасат» деп.

 

 

ЖАБАҒЫ – ҚАР

 

Қам-қайғысыз талайдан,

Пұтақтарда сұлаған,

Күндегі сәл арайдан,

Жерге қарай құлаған.

 

Құлағаннан қалған қар,

Пұтақтарда таудай-ды.

Соққан желмен жалбаңдар,

Жабағыдан аумайды.

 

 

ҚАР – КӨРПЕ

 

Бар тірліктің тынысы –

Жерді қорғар үсіктен,

Жоқ басқа оның жұмысы,

Аумайді әппақ ішіктен.

 

Сондай берік достыққа,

Досын қасқа сатпайды.

Қалса да өзі бостықта,

Жерді үсіктен сақтайды.

 

 

ҚАМҚОР АҒАШ

 

Қардың беті қатты суық,

Асты оның жылы алайда.

Жапырағын апты сылып,

Ағаш байқұс жыламай ма?

 

Жо-жоқ, ағаш жапырағын,

Тастамайды тоңбау үшін.

Тастайды жердің топырағын, 

Қатырмауын қамдау үшін.

 

 

ЖЫЛЫ БҰЛАҚ

 

Сай табанда жылы ағын,

Буы көкке бұрқырап,

Ағып жатыр бұлағың,

Суы жәймен сырқырап.

 

Айнала сай әппақ қар,

Бұлақ қана қап-қара.

Қара бұлақ тақпақтар,

Қысқа сырын ақтара.

 

 

 

ТЕҢЕУЛЕР ДӘПТЕРІ

 

 

КҮН – ШЫРАҚ

 

Күннің жүзі табақтан,

Нұры аумайды шырақтан.

Шығып әнеу қабақтан,

Жарық шашар жырақтан.

 

Жер дегенің – үлкен үй,

Бәрі сонда тұрады.

Үлкен үйдің білтелі,

Күн жағатын шырағы.

 

Ол шыққанда күндіз боп,

Түн болады батқанда.

Жүреді екен кімді іздеп,

Шығады ылғи ақ таңда.

 

* * *

Күн – дүние шырағы,

Аспан оның тұрағы.

Қоршаған көп жұлдыздың,

Ортасында ол тұрады.

 

 

СУ МЕН АУА

 

Су ауаға ұқсаса,

Ауа судан аумайды.

Ауада адам мықты аса,

Судан балық аулайды.

 

Адам суға түссе егер,

Тарылады тынысы.

Балық судан шықса егер,

Бітті дей бер жұмысы...

 

Ауада артар бағаң мың,

Ауада адам самғайды.

Су ішпесе адамның,

Шөлі тағы қанбайды.

 

 

БҰЛТ ПЕН МАҚТА

 

Көкте жүзген бұлт пен,

Қырмандағы мақтаның,

Білесің бе ұқсасын?

(Болмайды ғой Хақта мін!)

Осыны есте сақтағын.

 

Бұлттан жауын жауады,

Мақта – киім кисеңіз...

Неге солай, жауабын

Айт, ботақан, білсеңіз?

 

 

ҚАР, ҰН, ШЕКЕР

 

Шекер шашып қойғандай,

Күн нұрымен шағылса,

Көз көркіне тойғандай,

Жылт-жылт етер ақ ұлпа.

 

Қар да әппақ, ұн да әппақ,

Қар ұнға, ұн қарға ұқсайды.

Қарлы дала сымбатты-ақ,

Қаңтарыңа ықпайды.

 

Түрі ұқсас болғанмен,

Ұн, шекер, ақ ұлпаның,

Ойлағанға толғаммен,

Заты бөлек, біл, жаным!

 

 

АЙДЫҢ ТОЛЫП, СОЛУЫ

 

Ай ұқсасы Күн – қыздың,

Аспан оның тұрағы.

Қоршаған көп жұлдыздың,

Ортасында ол тұрады.

 

Он бес күнде дүркіндеп,

Дөңгеленіп толады.

Тағы он бес күн біртіндеп,

Кетіледі, солады.

 

Ай толғанда сүттей ақ,

Түн сәулеге толады.

Солса жарық күтпей-ақ,

Ұйықтай берсе болады.

 

 

КҮН МЕН АЙ

 

Күннің жүзі дөңгелек,

Ай бетінен аумайды.

Күнмен бірге дөңгелеп,

Жер күнде бір аунайды.

 

Күн күндізді, Ай түнді,

Нұр сәулелеп тұрады.

Күн күндіздің, Ай түннің,

Жағып қойған шырағы.

 

 

ЖЕР МЕН ЖҮРЕК

 

Жер, ғарыштан қараса,

Ұқсайды анық Нүрекке*.

Сондай ғажап тамаша,

Соғады екен жүрекше.

 

Зырлаған Жер – Нүректің,

Су болғасын көбісі,

Толқығаны жүректің,

Сияқты екен соғысы.

 

 

АСПАННАН ӘППАҚ ҰН ЖАУДЫ

 

Аспаннан әппақ ұн жауды,

Жер болды әппақ жұмыртқа.

Аспанның әнін тыңдауды,

Қойғандай жүктеп ымыртқа.

 

Ымыртты тұрды ол ағартып,

Ауаны шаңдап, түтектеп.

Бұл кештің кетті бағы артып,

Сырты оның жым-жырт, іші өкпек...

 

 

МҰЗ – АЙНА

 

Қара суға қақ қатты,

Қақ дегенім – мұз еді.

Бетін бассаң қап-қатты,

Астын балық жүзеді.

 

Төсеп судың үстіне,

Қойған айна ол дерегі.

Төніп қарап үстінен,

Аспан бетін көреді.

 

Бала біткен қатса мұз,

Теуіп онда сырғанақ,

Қалдырады арттан із,

Құстай ұшып сырғанап.

 

 

ТАҢ МЕН ЫМЫРТ

 

Таң қылаңы мен ымырттың,

Аумайды қызыл шапағы.

Күн дәл сол кезде бұлттың,

Жүзіне нұрын шашады.

 

Мезгілі сол бір уақыттың,

Көзіндей кісі қызарған.

Сәулесін Күннің уатып тым,

Тұрғандай шашып құзардан.

 

 

 

ТҮС ДӘПТЕРІ

 

 

ДҮНИЕ ТҮСКЕ ТОЛЫП ТҰР

 

Қараудан жанар талмас қай,

Көру жоқ әрін толық бір.

Суретші сыза алмастай,

Дүние түске толып тұр.

 

Есептеп үлгіре алмайсың,

Ат қойып шығу тағы жоқ.

Деп іштей түстің болжайсың:

«Қарасыынан да ағы көп».

 

 

АҚ

 

Түстерде ерек ақ түс тым,

Ол түс – түстің төресі.

Басқа түсті ақ түстің

Күшіменен көресің.

 

Қағаз да әппақ, қар да әппақ.

Күн нұры да ақ тіптен.

Көңіл де әппақ, ар да әппақ.

Артық түс жоқ ақ түстен.

 

 

САРЫ

 

І

Сары десе санаға,

Жеміс түрі түседі.

Күзде бақтар сары ала

Болып бәрі піседі.

 

Қымбат түстің бірі бұл,

Алтын ба, алтын тек сары.

Мақтар жақсы кергенді,

«Сары алтындай» деп бәрі.

 

ІІ

Пысқан егін түрінде,

Күнбағыстың гүлінде,

 

Банан, лимон өңінде,

Балараның белінде,

 

Алтынның бар бойында,

Адамның тек ойында...

 

 

ҚАРА

 

Түн ұқсаса көмірге,

Көмір түнге ұқсайды.

Қара түссіз өмірде,

Ақ түсті ешкім ұқпайды.

 

Көрінер тау алыстан

Мұнартып һәм қара боп.

Халықты да данышпан,

Атаймыз біз «қара» деп.

 

 

КӨК

 

Аспан тоны көк тысты,

Мұхит та оған ұқсайды.

Туымызда көк түсті,

Көк түсті әркім құптайды.

 

Ол түс ұнайд Дабырға,

Жүретұғын бақырып.

Өйткені ол түс –

Сабырға

Тұратын түс шақырып.

 

 

ЖАСЫЛ

 

Жазың шымқай жасыл-ды,

Олсыз жаздың сәні жоқ.

Жасылда бар асылды,

Білем жаздың мәні деп.

 

Жасыл жанға жағымды,

Жүрекке де ұнамды.

Олсыз қара, ағыңды,

Тану бізге күмәнді.

 

 

КҮЛГІН

 

Ұқсайтын түс бұл өзі,

Газдың жанған отына.

Не құбылған мінезі –                             

Ұқсайды әйбәт тотыға.

 

Ұшқынындай алаудың,

Мерекеде жағатын.

Көрген кезде-ақ Қалаудың,

Тауысады тағатын.

 

 

ҚОҢЫР

 

Бауыр менен бүйректің,

Суда жүзген үйректің,

Түсі де осы қоңыр түс,

Түс емес бұл сирек тым.

 

Шоколат пен кофенің,

Аюдың да жөкенің,

Қане, біле жүріңдер,

Түсі қоңыр екенін.

 

 

ҚЫЗЫЛ

 

Қызарып таң атады,

Жүзіне қан жаққандай.

Қызарып һәм батады,

Қызыл шәлі жапқандай.              

 

Қызыл түсі ұяттың,

Қызыл жанған түрі оттың.

Аққан өмір сияқты,

Қызыл қаны жүректің.

 

* * *

Сансыз түстер жымдасқан,

Ғалам қандай сүйкімді.

Бір-бірімен ымдасқан,

Құдды ырғақты күй сынды.

 

Ауыр да емес, жеңіл де

Әсері айқын беретін.

Табыңдаршы, көңіл ме,

түсті көз бе көретін?

 

 

 

АҒАШ ДӘПТЕРІ

 

 

ҚАРАҒАЙ

 

Басын буған, қарасаң,

Бабамыздың қосындай.

Не сап түзген орасан,

Жасақтаған қосындай!

 

Топ-топ болып тұрады,

Тау бөктерлеп түзіліп.

Найза ұстаған қырағы,

Түмендерше тізіліп.

 

Жазы, қысы түсте бір,

Жап-жасыл боп нулайды.

Ішіндегі аң, құс небір,

Өз тілінде шулайды.

 

Одан не үй қашайды ер,

Үйде үй одан өтпейді.

Жас қалпы мың жасай бер,

Жап-жасыл қып беткейді.

 

 

ТЕРЕК

 

Мысалы, Жер атаның

Қауға сынды сақалы.

Туу үстінде жотаның,

Шыңға тұрад тақалып.

 

Ертелі-кеш соқса жел,

Кетері бар сатырлап.

Соққан ұқсап топқа қол,

Алақаны шатырлап.

 

Басы пұтақ саялы,

Түбі тамыр, нән діңі.

Жапырағын жаяды,

Ағаш өзі мәңгі ірі.

 

 

ТАЛ

 

Тал бір ағаш қайысқақ,

Қайысқанмен сынбайтын.

Болғанымен майысқақ,

Дауылдарға қыңбайтын.

 

Тоғай барып кесіп ап,

Шарбақ қора тоқушы ек.

Ал, шыбығын осып ап,

Ат қып мініп кетуші ек.

 

Түбіменен алсаң да,

Қалдырмай бір көшетін,

Тіпті қырып салсаң да,

Таусылмай тез өсетін.

 

Ағаш өзі ғажап та,

Көп қажетке дәл кеген.

Содан сөз бар қазақта:

«Таусылмайды тал» деген.

 

Босаға, уық, кереге,

Бесік... бұйым алуан көп,  

Қасық, бұрау, өре де,

Жасалады талдан тек.

 

 

ҚАЙЫҢ

 

Пұтағының үштары

қызыл,

Сосын діңі әппақ.

Ағаштағы күшті әрі

Төзгіші өзі сынаққа.

 

Іші шыбар үйік ең,

Кептіргенін тас дерсің.

Шоқпар жасар үйіктен,

Жаудың сылыр бас терісін.

 

Ер, ыңыршақ, астауың,                        

Шабылатын қайыңнан.

Хабарлы бол, жас қауым,

Кешегі өткен жайыңнан.

 

Шөміш, ожау, ақ төсек,

Құрық, сырық, шаңырақ...

Бәрін содан ап кесек,

Қазір бәрі таңырақ...       

Қалды сайда ол қаңырап...

 

 

ШЕТЕН

 

Тарлан таудың құз-қия,

Теріскейінде өседі.

Мықтылығы ізгі, иә,

Беріштейін деседі.

 

Түрі қызыл тобылғы

өңдес,

Бірақ басқа одан.

Жаны ерек себіл-ді,

Қаймығардай тас та одан.

 

Кепкені ерек балтаны,

Майыстырып тастайды.

Қаттылықта (қалқаны),

Одан ағаш астайды.

 

«Жәй тартатын ағаш» деп,

Жұрт шын одан қорқатын.

Рас, одан, ағаш жоқ

Басқа Ажағай тартатын.

 

 

ЫРҒАЙ

 

Биік емес бойы аса,

Жуан да емес діңі әрі.

Күңгейдегі аласа,

Тобылғының сыңары.

 

Түрі түстес мойылмен,

Түп-түп болып өседі.

Қазақ оны сойыл мен

Сабау үшін кеседі.

 

 

ТОБЫЛҒЫ

 

Ағаш өзі тырбиған,

Өңі-түрі алқызыл.

Күннен ылғи нұр жиған,

Күңгей беттің жалғызы.

 

Түзулігі шүбәлі,

Сидам жері пұтақсыз,

Төрт-ақ тұтам шығады,

Алғын содан пұтап, сіз.

 

Ол қамшыға, дырауға,

Сап болады, біліңіз.

Тап келгенде дырауға,

Дірілдейді ұлыңыз...

 

----------------------------------------------------------------------------------------

* Нүрек – балалар қыста мұз үстінде қамшымен үйіріп (дөңгелетіп) ойнайтын ойын.

 

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha