Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Арнайы жобалар
«Ұлт болмысы» әдеби байқауы
“Алаш зиялыларының имамы” атанған Ғұмар ҚАРАШ

№114. “Алаш зиялыларының имамы” атанған Ғұмар ҚАРАШ


Көрнекті діндар ақын, ойшыл-философ, халқын өнер мен ғылым үйренуге үндеген ағартушы, мұсылмандық жолын жақсы білген, араб, парсы, түрік, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген ғұлама-ахун Ғұмар Қараштың есімі кейінгі ұрпаққа жақсы таныс емес. Оның “Алаш зиялыларының имамы” атанғанын біреу білсе, біреу білмес. 

 

Діни білімді жастайынан бойына сіңірген

 

Ғұмар Қараш 1875 жылы Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы Құрқұдық мекенінде дүниеге келген. Ғұмар бес ағайынды екен. Әкесі Қараш үш баласына да атақты сахабалардың есімін беріп, ұлдарын Оспан (Осман ибн Аффан), Сыдық (Әбу Бәкір Сыддық), Ғұмар (Омар ибн Хаттаб) атапты. Одан өзге Арыстанбек атты ағасы, Рақила есімді әпкесі болған. Әкеден жеті жасында жетім қалған Ғұмарды ауқатты ағайындары Жанша атты молдадан қара тануға береді. Одан кейін мешітке имамдық еткен сол кездегі указной молда, өзінің аттасы Ғұмар Жазықұлының шәкірті болады. Жастайынан зерек, білімге құмар жас ары қарай оқуын Қашғари молданың мектебінде жалғастырады. Ғұмар Қараш өмірін зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов одан арғы өмірін былай деп жазады: “Екі молдадан алған біліміне қанағат қылмаған зерек Ғұмар одан әрі Ысмағұл Қашғари молданың мектебінде білім толықтырады. Ақыры Борсыға таяу Жалпақтал қыстағында “мешіт ашып, молда болады” деген иршат (куәлік) алады да, өз ауылы Қарақұдыққа молда болып келеді. 1900 жылдары қазіргі Қазталов ауданына қарасты Қараоба жеріндегі Тіленшісай мекенінде қостаңбалы ноғайқазақтар арасындағы жанында медресесі бар мешітке ауысып, жәдидше бала оқытуды ұйымдастырады”.

Ғұмар Қараш жай ғана оқып қоймай, дін ілімінің тереңіне бойлай түседі. Тақуалыққа ұмтылып, сопы болмаққа талпынған әрекеті туралы өзінің “Өрнек” атты жазбасында: “Жасырақ уақытымда мен де кәдімгі софылардай-ақ, софыша ғана бір мүрид едім. Шариғат ғылымынан жақсы хабарым бар, өзімше ойлағанда ғылым мен софылықты бірдей жиған бір кәміл адам болмақ едім. Ас-су ішпей, қатып-семіп, тілімді таңдайға жабыстырып, сол емшек астындағы екі елі шамасындағы “қалып” деп аталынған бір орынға қарай ышқынып, көңілімнен “Алла”, “Алла” деген сөздерді айтып, жүргенде аяғымның ұшына қарап қана жүруші едім. Ол уақыттары көбірек түсімде биғаз бір халде, өңімде де көп ғажайыптарды көрдім. Көрген сайын риазатымды арттырдым – мұқамнан мұқамға көштім. Ақырында сол шекке жеттім: барша тәнім зікір айтқандай болып, өзіме сезілетін еді. Күн санап ләззәтім, зауқым артты: бүтін дүниядан баз кештім. Ас жоқ, су жоқ. Ұйқы жоқ, күлкі жоқ. Ойлаймын: бұ бос дүниеге алданып не қылам? Ел-жұрт, ақыл-қиялымды тастайын да, халық-ғаламнан хизләт етіп, дүнияның бір шетіндегі бір ғазиздің қабіріне барып, ғибадатқа мәшһүл болайын, сөйтіп, рухани ләззаттармен қанағаттанып ғұмыр кешейін деп, бұл ой көңіліме бек-берік орналасты. Ұйқымнан тұрдым да, ұстазым хазіреттен қайтуға қарар бердім. Келдім, һәм ұстазымнан бұлайша рұқсат сұрадым: “көп жыл хұзырыңызда тұрдым. Шариф нафастарымыздан хисапсыз пайдалар көрдім. Физалар хасыл еттім, енді маған рұқсат беріңіз, хайыр дұғаларыңыздан дарих қылмаңыз”. Ұстазым бек қатты әсерленді де, бір қағазға жазып, бұлайша жауап берді: “бек бахил һәм дұғашымен сіздей ғазиз мүрид уа шәкіртлерім халдері, жер шетінде жүрселер де, сахар уақытында оях шақтарымызда күн секілді әшкере, көз алдымызда көрініп тұрады. Бұны мақтанып айтпаймын… зікір етемін”. Ұстазымның бұл сөздері маған қатты әсер етті”, - деп сипаттайды. Зерттеушілер мұндағы хазірет сол уақыттары Орынбор мүфтилігінің өкілі, кезінде ахун болған Ғұбайдолла Ғалікеев болуы мүмкін екенін айтады.

Кейін үлкен ғалымға айналған Ғұмар Қараштың ілім іздеуі осы медреселермен де тоқтап қалған жоқ. Оның ары қарай да білімін жалғастырғаны жөнінде таласты пікір көп. Біреулер Уфадағы медресені бітірген десе, енді біреулер Ыстамбұлдан оқып келгенін айтады. Уфада оқығаны жөнінде нақты дерек татар ғалымы Галимжан Гыйльманов жинақтап шығарған башқұрт ақыны Шәехзадә Бабичтің таңдамалы өлеңдер жинағында бар. Онда: “Гомәр Қараш Уфадағы “Галия” мәдрәсәсен тәмамлаган”, - деп жазылған. Осыны негізге ала отырып, мүмкіндігінің аздығына қарамастан Ғұмар Қараштың “болдым, толдым” деп шектеліп қалмай, ілім көкжиегін кеңейте түскенін көреміз.

 

Үйренгенін қазаққа үйретуге ұмтылған – Ғұмар

 

Ислам діні үйренген біліміңді халыққа жаюға, ел ішіне таратуға үндейді. “Шәкіртке үйретіп, алған біліміңнің ақысын бер” дейді. Дініміздегі ең жақсы амалдардың бірі ретінде бір сағат өмірің қалса, оның жарты сағатында өзің үйреніп, қалғанын біреуге үйреткенің құптарлық іс саналады. Міне, Ғұмар да Ислам дініндегі осы амалды басшылыққа алып, оқуын аяқтағаннан кейін елге келіп, бала оқытумен айналыса бастайды. Қараңғы қазақ балаларының көкірегіне білім нұрын сеуіп, жарыққа шығармаққа ұмтылады. Өз шәкірттеріне тек діни білім ғана емес, заманауи пәндерді де оқытуға тырысты. Бұл туралы ғалымның туысы әрі шәкірті болып келетін Хакім Әжікеев: “Ғұмар жадид оқуды ол күнде медресе деп аталатын өз мектебіне енгізіп, фән сабақтарын жүргізіп, әсіресе, орыс тілі, табиғат, жаратылыс пәндеріне өте-мөте көңіл бөледі екен. Баста татар мұғалімдерін ұстап, орыс тілінде содан оқытып, кейін орыс мұғалімін де ұстаған кезі болды. “Бұл пәндер дінде жоқ, дін бұзатын фәндер” деуші молдаларды “Құранда Құдайдың өзі “құл сиру феларзи фаңзуру”, бұл “Жер дүниені кезіңдер, ондағы әрбір жаратылыстың таңғажайып нәрселеріне ой жүгіртіп қараңдар” деген емес пе? Ал енді солай болса, бір адам қанша жиһанкез болса да дүниенің бір бұрышын айнала алмайды. Жағырафия ғылымын жақсы білгендер дүниені кезіп айналып шыққандай болады да, жаратылыс ғылымын білгендер әр ықлимде жаратылыстың түрліше құбылыс жағдайларының өзгеше болатын себептерін үйде отырып-ақ көріп, біліп отырады” деуші еді”, - деп жазады.  

Ғұмар Қараш тек діни білімнің білгірі болып қоймай, орыс тілін үйреніп, орысша кітаптарды да оқи бастады. Оны Жәңгір ханның немересі, белгілі ақын, Омбы кадет корпусын бітірген Шәңгерей Бөкеевтен үйренді. Нұғыман Манаевтың жазуынша, Шәңгерей: “Омарды дұрыс бағытқа салу керек, одан көп нәрсені күтуге болатын жас” деп, оны орысша оқытумен қатар, орыс жазушыларымен де таныстырған. Ғұмар Қараш орыстың классик жазушысы Лев Толстойды пір тұтқан әрі Гогольдің “Өлі жандарын” сүйіп оқығаны сондай, кейіпкерлерінің сөздеріне дейін жатқа білген деседі. 

 

Өзі молда Ғұмар Қараш өзге молдалардың қудалауына неге ұшырады?

 

Өзі ғана меңгеріп қоймай, шәкірттеріне де орыс тілі, география, биология секілді пәндерді үйрете бастады. Ал айналасындағы молдаларға мұндай жаңашылдық жақпады. Олар Ғұмардың үстінен түрлі арыз жаудыртты. Журналист Мақсат Тәж-Мұрат өзінің “Ғұмар Қараш” атты кітабында: “Ғұмар баста молда болды. Сол кездегі ескі молда, ишандар Садыр хәлпе, Тәте молда Ғұмаров, Бәйет Жұмалиев дегендер Ғұмармен араз болысты. Сыртынан ауыздары барғанша Ғұмарды жамандаса да, қарсы келген молдалар Ғұмарға ештеңе айта алмайтын еді. Молдаш деген кісінің жетісінде сол елдегі атақты молдалармен қатар Ғұмар да шақырылды. Молдалардың аттанарында әкесінің педиясына арнаған ат пен түйені үй сыртына байлап, үйге кірген Молдаш баласы Әріпке айтқанын өз құлағыммен есіттім. Ол былай: “Е, Шәріп, үй сыртына ат, түйе байланып қалыпты. Бұл қалай, біз құдалыққа келген жоқ едік қой. Бұл қомағай молдаларға, соның бірі өзім, үлестірсең, олар алады да кетеді, бірақ одан әкеңе тиер түк пайда жоқ. Тек атақ. Одан да бұл малды бір мектеп пайдасына берген болсаң, қандай игілікті іс істеген болып, оқи алмай жүрген жетімдерге беріп, мектепке тартқан болсаң қандай сауап, ұлтқа қандай пайда болған болар еді”, - деді Ғұмар. Сонда басқа молдалар теріс қарап, жағаларын ұстап, “әй, кәпір” десті. Хакім Әжікеевтің жазуынша, “Ғұмар қазақ ел болам десе хақиқи дін құралданбасын, өнер-ғылым үйренсін, мәдениетті елдердің білімінен үлгі алсын деген бір жаңалық пікірмен “Ойға келген пікірлерім” деген қара сөзбен татар тілінде кітапша жазып шығарды. Бұл кітапша ишан-молдаларға, діншілдерге жасыл соққандай әсер етті”, - деп жазды. Қазақ баласын оқытса да, өлім-жітім болса да молданың алдына тәуір деген малын салып жібереді. “Құдаймен арадағы дәнекеріміз ғой” деп ештеңесін аямайды. Ел ішінде сондай құрмет-беделге ие боп жүрген молдалар, әрине Ғұмар Қарашқа қарсы болады? Көлденең біреу килігіп, табысынан, абырой-беделінен қағып жатса, неге ренжімесін? Ғұмар Қараштың да солар секілді өмір сүруіне болар еді, бірақ ол қу құлқынның қамын емес, ұлтының қамын, оның болашағын ойлады. Дәл сол сәтте қазағына бәрінен бұрын сауат ашу керек екенін түсініп, өз білгенін үйретуге барын салды, мәдениетті елдердің мәдениетін үйренуге үндеді. Мектеп ашты, кітап жазды, газет шығаруға атсалысты.      

 

Ғұмар Қараштың дінге, ұлтқа сіңірген еңбегі

 

Ғұмар Қараш 1909 жылдары Орынбор дін басқармасының жергілікті жердегі өкілі – ахун қызметін атқарған. Діни лауазымына қарамастан ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтап,  “Көксілдер”, “Шайыр” атты қос хрестоматия бастырып шығарған. 1911-1913 жылдар аралығында Оралда жарық көрген “Қазақстан” газетін шығаруға атсалысып, “Газет деген не зат?”, “Газет не үшін керек?” атты ағартушылық мақалаларынан бастап, газеттің негізгі жүгін көтеріп тұрды. Оның сол уақыттары жарық көрген кітаптарынан да, қарапайым мақалаларынан да діни пайымының тереңдігін, шариғат іліміне жетіктігін, өзгеше ой иесі екенін байқап, бағамдауға болады. Мысалы,   “Ойға келген пікірлерім” атты пәлсапалық ой-толғамдарында: “Бір тәңірден басқа бар нәрсе өліп, өзгеріп тұрмақ та. Сол себептен адамзаттың және оның түйсік-сезімі де ылғи да бір халден екінші халге өзгеріп тұрады”, - деп жазса, 1911 жылы “Шора” журналының 17-санында жарық көрген “Игілік және жақсылық” атты толғамында Ғұмар Қараш сопыларға араша түсіп: “Құрметті Ләтіп әпенді, сіздің маған жазған хатыңызда: “Бұл заманда сопылар көбейді, бірақ олардың қарапайым халыққа ғибраты шамалы, керісінше, сопылар мен мүридтер көбейген жерде ұрлық, қиянат, жалқаулық, құмар ойнау, ішімдікке берілу сияқты пасық істер көбейе түсетіні неліктен?” деп сұрапсыз. Әпенді мырза, пасықтықтың түп-тамыры ғылым-білім, оқу-ағарту істерінің пайда болуымен байланысты емес, сопылардың надандығының зиянды әсерінен. Надан сопылар сөзінің халыққа ғибраты жоқ. Шын сопылардың уағыз, насихаттары халыққа пайда келтіретіндігіне күмән жоқ”, - деп жауап беріп, рухани жақсылық пен материалдық жақсылықтың аражігін ажыратып береді.

Ғұмар Қараш өлеңдері де, ғылыми мақалалары да ұлтты сүюге, оған қызмет етуге бағытталды. “Отан және ұлт реформасы” мақаласында ол: “Отанға, ұлтқа қызмет ету жоғары мансапты яки бай адамдарға ғана міндетті емес. Ниеті, ықыласы дұрыс болса, жәй, орташа адамдар да Отанға қызмет ете алады. Әр кісінің өзіне тиісті борышы бар. Әркім шамасы жеткенше қолынан келген істі атқарса болады. Жәй адамдар өз міндеттерін адал атқарса, ол күрделі, ұлы істердің бітуіне үлкен септігін тигізген болар еді”, - деп, барлық адамның ұлтына қызмет етуін міндеттейді. Сонымен қатар, ұлтына өз заманында ұлтына ең керекті нәрсенің не екенін айқындап беріп, қазір де шешімін таппаған білім-ғылым, ана тіліміздегі кітап тапшылығы мәселесін көтеріп: “Қазіргі уақытта кітаптардың аздығынан білім ала алмай, істеріміз дамымай, ұлттық тәлім-тәрбиеміз тығырыққа тірелуде. Демек, қазіргі заманның байлары мен мырзалары мешіт, медресе имамдары ғылым менен ағартуды дамыту үшін өздерінің қаражаттарын аямай жұмсайтын болсын. Әсіресе, мұғалімдер бұл іске қатты кірісіп, ғылым кітаптарын ана тілімізге аудару және кітаптар сатып алып бастыру, баспаларды көбейту, газет-журнал шығару істеріне атсалысуы керек. Ал қазір, бұдан артық маңызды іс жоқ”, - дейді. Енді бірде Келешек дегеніміз үміт, сенім екеніне дау жоқ. Әр адам, әр ұлт, әр халық өз келешегіне қожа болуы үшін ең алдымен өздеріне сенуі керек”, - деп болашаққа үміт артады, сенім білдіреді әрі өзгелерді де сенуге шақырады.

Ғұмар Қараштың діни сауаттылығының нәтижесі ғой, ол дінге байланысты көптеген талас-тартыстарға өз жазбаларымен нүкте қойып отырған. Мысалы, “Адамдар дінді сақтай ма, яки дін адамдарды сақтай ма?” атты жазбасында: “Ешқандай адам дінсіз өмір сүре алмайды. Жақсы болсын, жаман болсын әркімнің өз діні болады. Біздің халқымыз ақиқат дінді ұстаса, біз надан, жалқау боп қараңғылықта қалмаған болар едік, ұрлық, қиянат, арақ ішу, карта ойнау сияқты халықты бұзатын қылықтардан ада болар едік. Демек, шын дінді тұтсақ, әлем алдында масқара болмаймыз. Ақиқат дін жолымен жүріп тапқан киім-кешек, тамақ, үй-жай сияқты игіліктеріміз адал болады да, өзге жолмен тапқан нәрселеріміз арам болады. Қайдағы бір ескі ырым-сырымдарға сыйынып дін жасау лайықсыз. Қайталап айтамын, ақиқат дін еш адамның желеп-жебеуіне мұқтаж емес, ал діннің өзі адамдарды дұрыс сақтай алады, дұрыс жолға бағыштайды деп дәлелденген шындық. Құранда осылай айтылған”, - деп, халқын ақиқат дінді ұстауға шақырса, тағы бірде: “Бір адам қаншалықты ғалым болса да барлық нәрсені біле бермейді. Ол өзін және өзіне қатысты жайларды ғана біледі. Ол өзін тани білсе, сонда ғана Жаратушысын да тани алмақ. Адамның хақын жеу, қылмыс жасаудың бәрі де адамның өзін-өзі билемеуінен туады”, - деп Жаратушысын тануға шақырады.

Ғ.Қараш қаламынан тәрбие тақырыбы да тыс қалмайды. Ол өзінің қыз тәрбиесіне қатысты ойын “Заманымыздың бір оқымыстысы: “Кісіні әрбір осалдығынан ұяты ғана тияды. Кісі өлтірмек, шіркеу бұзбақ, ойнас қылмақ және басқа әртүрлі жаман істерді істеу жеңіл, ол әркімнің қолынан келеді. Егер бұл істерге ұяты ара тұрмаса” деген еді. Бұл - өте бір дұрыс сөз. Демек, осы жоғарыда айтылып өткен қағидаларды тұта алмағандықтан ислам халқы, әсіресе, Россиядағы түркі халықтары өзінің қатын, қыздарын мықты ұстайды. Бірақ, мықты ұстаған сайын бұзақылық өсіп бара жатыр. Оларды ақыл-ұят арқылы ғана ұстауға болар”, - деп жеткізеді.

        

Алаш зиялыларымен бір тудың астында

 

Ғұмар Қараш Қазан төңкерісіне дейін де Алаш зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болып, пікір алмасып, “Қазақ” газетіне мақалалар жариялап тұрды. Ал ғалым Қабиболла Сыдиықовтың жазуынша, Қазан төңкерісі қарсаңында Уфа қаласында болып, онда діни орталықтың жоқ-жітік, кемтар, жетім балаларға жәрдем беру бөлімінде қызмет еткен. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ол “Алаш” партиясының құрамына толықтай кіріп, оның болашағынан зор үміт күтіп, 1918 жылы “Тұрымтай” жинағына кірген “Көреміз бе?” атты өлеңін жариялайды:

Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз қанды қазақ жұрты,

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?

 

Өз жеріне шыққан кенді өзі алғанын,

Әдемілеп айқыш-ұйқыш жол салғанын,

Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

 

“Алаш” атты орда құрып шалқығанын,

Бақ-дәулеті туып-өсіп балқығанын,

Әрбір істе қазақ иісі аңқығанын,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе?

Ақынның бұл өлеңінен үкілеген үлкен үмітін, асыл арманын байқауға болады. Оның Алаш зиялылары қатарында жүріп жазған “Неден қорқам?”, “Көреміз бе?”, “Келер ме екен?”, “Күн туды”, “Алаш азаматтарына” деген секілді өлеңдерінен ұлтшылдық сарынымен қатар, халық тағдырын ойлаған перзенттік тебіренісін байқаймыз. Ғұмар 1917 жылы мамырда Ордада өткен Бөкей қазақтарының жалпы съезіне қатысады. Делегаттар ақынды Мәскеуде болатын Ресей мұсылмандары съезіне өкіл етіп жібереді. Сол жылдың желтоқсанында Орынборда өткен жалпы қазақ съезіне шақырылып, онда баяндама жасайды. Ақыры, Кеңес үкіметінің жеңіс бермейтінін байқаған Ғұмар “Алаш” үкіметі жаппай мойындатылып жатқан 1918 жылы діни мансабын тастап елге кетіп, Ордадағы педтехникумда сабақ бере бастайды. Жаңа кезеңді жақтауға мәжбүр болады. Ғұмар Қараш өзге Алаш зиялылары секілді жаппай репрессиялау кезеңіне дейін өмір сүрмеді, қапияда жау қолынан мерт болды. Көзі тірі тұрса, оның да “Халық жауы” болып, атылып кететіні сөзсіз еді. Өйткені, оның өзін қараламаса да, Кеңес үкіметі артында қалған сөзін, өлеңдерін, кітаптарын репрессиялады. Оны 1930-жылдары молда-ақын, Алашорданың жыршысы деп атады. Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол, тайғақ кешу” кітабында “Қарашұлы Омар “Алаш” ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты “Терме” еді. Кітапшасында Әлекеңді (Әлихан Бөкейхан) мақтайды”, - дейді. Ал 1932 жылы “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” атты мақаласында Сәбит Мұқанов Ғұмардың жазғандарына біршама оң талдау жасай келіп, кітабы туралы: “Өрнек” қазақтың жаңа байларының сойылын соққан шығармашылардың қаламынан прогресс есебінде шыққан бірінші дін кітабы еді. Бұдан кейін дін мәселесіне кітап жазған ұлтшылдардың бәрі осы “Өрнекте” қозғалған мәселелерді тереңдетті”, - деп сынады. “Алашорданың” аты аталса қалтыраған қоғам солай сөйлеуге мәжбүр етті. Ал Ғұмардың есімі Сәбең айтқан “Алашорда партиясының молдасы” деген атпен мәңгілік жазылып қалды.   

 

Ғұмар Қарашты кім өлтірді?

 

Деректерде Ғұмар Қараш 1921 жылы 12 сәуірде Құнаншапқан деген жерде қашқын әскерилердің қолынан мерт болды делінеді. Ал енді бір пікірлер Кеңес үкіметіне теріс пиғылы үшін қызылдардың арнайы жандайшаптары өлтірген болуы мүмкін дейді. Ал ақынның немересі Надежда Қарашева: “Ғұмар атамыздың қалай өлгенін, қай жерде кім өлтіргенін мен анық білмеймін. Атамның үлкен баласы Басыр ағамнан сұрағанымда былай деп жауап бергені есімде: “Атаңды бандылар далада келе жатқанында шапқылап, қылышпен кескілеп өлтіріпті. Аты ауылға бос қайтқан соң, ауылдастары ақынның бір пәлеге ұшырағанын түсініп, ауыл болып іздеп шыққан. Сөйтіп көп кешікпей “Құнаншапқан” деген жерден дене қалдықтарын тапқан”. Басыр ағамның осы сөзіне сенемін”. Зерттеушілердің әртүрлі пікірін оқыдым, меніңше, дұрыстыққа жақыны – ағамның айтуы”, - деп жауап беріпті сұрағандарға. Ғалымның баласынан қалған тағы бір дерек оның қызылдар қолынан қайтыс болғанын қуаттайды. Басқалай айтуға Кеңес үкіметінен қорыққан жұрт кінәні ақтарға аудара салған деседі. Біздіңше де, осы нұсқа дұрыс секілді. Өзі молда, өзі ұлт мүддесін ойлаған қайраткер әрі алашшыл Ғұмар Қараштың Кеңес үкіметі саясатымен мақсат-мүддесінің үйлеспейтіні бесенеден белгілі еді. Солай ұлтына қызмет жолында:   

Алдын-артын мейілінше байқап алып,

Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,

Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,

Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

 

Жас буынға жаңа таза білім беріп,

Надандықты терең қазып, жерге көміп,

Қазақ-тағы өз күнін өзі көріп,

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?

 

Оқу жұрты даярланып жеткендігін,

Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,

Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,

Тірлікте көзімізбен көреміз бе? – деп, асқақ арманын арқалаған күйі қаза тапты. Ұлтының “өз ел алдына ел болғанын”, озық елдер мәдениетін үйренгенін өзі көре алмағанмен ұрпақтары көріп отыр...

 

Пікір қалдыру:
Captcha