Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№118. БАБАЙ-БҮРКІТ


(әңгіме)

Жетісуда тұрғанда Отыншының

жақсы атағы естілуші еді.

Әлихан Бөкейхан

 

Қамалға шаптың, қанға боялдың,

қаза таптың, бірақ арманда кеттің,

Алаштың көргенін көре алмадым деме,

сендей ұл туған ел ешкімнен кем болмас...

Міржақып Дулатов

 

1918 жылдың тамылжыған тамызы. Отыншының отряды Науалы - Мақаншы өңіріндегі Көктұма өзенінің жағасына бірер күн ат шалдырып, тынығып алмаққа аялдаған-ды. Соңғы бірнеше ай бойы Үржарда, Тарбағатайдың таулы аудандарында, Бақты маңында қызылдармен кескілескен майданға кіріп титықтаған аз әскердің шекараға жақындағалы бері қабағы ашылып, көңілдері жайлана бастаған. Енді, жігіттер біраз ес жиып алған соң, Қытай асып кетпек. Шәуешекке аман жетсе, мынау қайғы-қасіреттің бәрін су шайып кетердей, өмірдің тап-таза парағы ашылып, тек шуақты күндер құшақ жая қарсы алардай күйге түскен.

Отыншы ескі әдетімен күмбез - көкке көзін сатты. Күннің сәулесіне жанары қарығып, Бабай - бүркітін іздеді. Аспанда қалықтай ұшқан қыранын тапқаны сол еді, жан жолдасы Әсеттің әні көмейіне құйыла кеткені.

«Мақпал - ау, Мақпал,

Мақпал - ау, Мақпал,

Ой-ой көкем, үрия-ау»...

Нарын болыстығында қалған әйелі Нұржәмиланың ажары көз алдына көлбеңдеп тұра қалды. Ән әуелеген сайын Мақпалы – Нұржәмила, Нұржәмиласы – Мақпалға айналып бара жатты... Оның дидарын бір мәрте көруді енді Құдай-Тағала нәсіп ете ме, етпей ме, белгісіз. Жанарынан бір тамшы жас ыршып түсті. Ұлдары Мұхамедқасым мен Ғалымжанды, қызы Бибі - Фатиманы қиып тастап, қолына қару ұстап кеткелі Отыншы талай рет ажалмен бетпе-бет келді. Сол құлындарының келешегі үшін қолына қару алып еді, атқа қонып еді, өзі сынды жігіттерден әскер сайлап, қырғынға түскен қазақ ауылдарын қорғауға белді бекем буып еді, қызылмен де, ақпен де шайқасып, шыбын жанын шүберекке түйіп еді. Ақыры не болды? Шегіне-шегіне Қытайдың шекарасына жетіп тұйықталды.  

Тағы да Әсеттің әні құлағына талып естіліп, сол әуенге ілесе Отыншы ыңылдап ән сала бастады.

«Сәйфіл-Мәлік, Жамалдай

Бейнетіңе көнсем-ай

Қозы Көрпеш Баяндай

Бір молада өлсем-ай!

Сағындырған, еркем-ай!»...

Шекара асып кетсе, қашан қайтары, жарымен қашан табысары беймәлім. Үш құлынының маңдайынан бір иіскер күн туса болды, Отыншы бұл өмірмен қош айтысып кете баруға бейіл.

«Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп асқақтаған кешегі мыңнан аса әскерден отызға жуық қана жігіт қалды. Мұнан асқан өкініш бола ма? Ұраны ұлы болғанымен, қайраты кеміген әскерді жер бетінен мәңгілікке жойып алмау үшін ғана Отыншы өзінде барын тәрк етіп, әйелі мен көзінің қарашығындай балаларын да қиып тастап, Көктұманың жағасында жат елге өтіп кетуге тас-түйін қамданып жатқан жоқ па?

Отыншы аспанға көз қадап еді, жеті қат көктің астында қалқып жүретін Бабай-бүркіт ізім-ғайым жоғалыпты. Жатқан жерінен атып тұрып: «Қайда, Бабай-бүркітім қайда?» деп жанұшыра айғай салды.

Командирдің тосыннан ышқына шыққан даусынан үркіп, сарбаздар қаруларын дереу қолға ала қойып еді, Отыншы күліп жіберді.

– Жігіттер, қай-қайдағы еске түсіп кетті. Алаң болмаңдар...

 

***

 

Отыншы шалқалай көкке қарап, телміріп жатып, бағана ғана көзден таса кеткен Бабай-бүркітін қайта тапты. Жоқ, жоғалмапты, қантүбіті. Әне, қанатын кеңге жайып қалықтап жүр, өз тірнегі.

«Шіркін, мен де мұзды балақ бүркіт болып туғанымда ғой... Кісі аяғы баспайтын, кісі болғанда да кәпірдің табаны тимейтін құз-жартасқа ұя салып алып, еркіндікте шалқып өмір сүрер едім. Көз жетпес биікте қалықтап ұшып, жер бетінде қиянат бола қалса, оқтай зулап кеп түйіп түсер едім. Тәңір-Ие қыран етіп жаратпаған соң, алқара көкке телміргеннен не пайда?»... Көк түбіт қыранды былай қойып, Отыншыда қазір жасыл-жонды шымшықтық қауқар қалды ма?

Отыншы Ақсуаттың жағасында жоғалтып алған бал шақтарына оралғысы келіп, көзін тарс жұмды. Бала кезі көз алдынан тізбектеліп керуендей сырғи жөнелді.

Арпалысқа толы ат жалындағы жылдар бірінен кейін бірі зулап, құйындатып өте шығыпты-ау. Әкесі Әлжан байдың Ақсуатқа түскен үйір-үйір жылқысына қарап: «Мынаның бәрі менікі ме?» дейтін көңілі шалқып. «Атырау мен Алтайдың арасындағы мұқым мал, мұқым жұрт сенікі» дейтін әкесі ауыр бір күрсініп.

Әкесінің сөзіне шабыттанған Отыншы көкте қалықтап жүрген Бабай-бүркітінің қанатына қиялымен мініп алып, Атырауға қарай алып ұшатын. Әкесі айтқан Атырау Отыншы үшін жердің түгесілер шегі сияқты көрінетін.

Отыншы өзіне ғана тиесілі Бабай-бүркіттің бар екенін өте ерте, ес білгеннен-ақ білді. Түсінде өте сұсты қара-қоңыр, жанары шатынап тұратын, қоңқы тұмсық, аяғында сояудай төрт тырнағы бар құс қасына кеп қонатын да, бұл шошып оянатын. Шошып оянатын да, «Бабай, бабай көрдім» деп жылап қоя беретін. Күнде осы түс. Күнде үрей. Анасы жатарда қорықтық қайнатып берсе де, молданы әкеліп құран оқытса да, бақсыға зікір салғызса да, Отыншы әлгі үрейден арыла алмады. Ол тырнақтай бала да болса, ешкімнен қорықпайтынын, тек осы бабай ғана түнде түсіне еніп, үрейін ұшыратынын сезе бастады. Түнде қасына түнейтін бабай-құс, күндіз қайда жүреді екен деп аспанға қарайтын. Аспанға қараған кезде төбесінде төне қалықтап ұшып жүрген қыранды көруші еді. Шешесіне: «Әне, бабай... Сол ғой, түнде менің қасыма түнейтін» деп жылап жіберді бір күні. «Ол бабай емес, бүркіт шығар, қарғам. Қарама ол жаққа», – деді анасы көкке көзін тігіп. Оның жанарына ештеңе ілінбеді. Әкесіне айтты, ол да ешқандай құс көрмедім деді. Достарына айтты, олар да қалықтаған қыран жоқ екеніне сендірді.

Отыншы орыс-қазақ балаларына арналған ерлер училищесіне оқуға түскеннен кейін Ақсуаттағы Бабай-бүркіті өзімен бірге ере келгенін, әлі де төбесінде шыр айнала ұшып жүргенін көріп қатты қуанды. Тоғыз жасар бала мұнан кейін ол құс жайлы ешкімге тіс жармау керектігін, айтса мұны ел «жынқақты» санауы мүмкін екенін іштей түйсінді.

Көзін шарадай аша қойғаны сол еді, көкте Бабай-бүркіт жоқ. Бұл жолы да «Қайда, Бабай-бүркітім, қайда?» деп атып тұрып, айғай салмақ еді, демі булығып шықпай қалды да, сылқ түсіп жата кетті.

 

 ***

 

Соңғы күндері Бабай-бүркіттің бірде жоғалып, бірде табылып жатқанынан Отыншы үрейленейін деді. Қырық бес жылдық ғұмырында қай кезде қараса да қақ төбесінде қалықтап жүретін қыран-құстың көзіне көрінбей қалуы жақсылықтың сыпаты емес. Осы шөкімдей әскерін аман-есен арғы бетке алып өтсе ғой, Құдайдың басқа жазғанын көре жатар еді. Одан кейін, аспандағы қыран тұрмақ, жердегі өзі жоқ болып кетсе де, арманы жоқ. Арманы жоқ болатыны, еркек болып туды. Еркекше өмір сүрді. Омбыда адвокат болып жүріп, шырылдаған алаш баласының құқын қорғады. Өскемен өңірінде ұстаздық етіп, мектеп ашып, қаншама шәкірттің көзін ашты. 1905 жылғы «Қанды жексенбі» уақиғасынан кейін біржола күрескерлік жолға түсіп, «Дала уәлаяты» газетінен бастап, бар басылым атаулыға ойын жазып, темір-шеңгелді билікке қаламмен майдан ашты. Патша үкіметі көзге шыққан сүйелдей болған Отыншыны жер де аударды, түрмеге де қамады.

Сол Отыншы Уақытша үкімет ел тізгінін уысында ұстап тұрғанда айналдырған екі-үш айдың ішінде артынан мың бес жүз қол ерткен әскербасына айналып шыға келмеді ме? Уақытша үкімет тарап, Отыншының әскері қарусыздандырылған соң, Алашорданың әскерін құрмақ үшін Жетісу жерін шиырлап шапқыламады ма? Баяғы мың бес жүзді қайта құрай алмағанымен, шапқан қылышы қақ бөлер, атқан оғы дөп тиер кіл мықтыны аз уақытта үйіріп әкетіп, айбаттана бастамады ма?

Отыншының әскері – қылышпен шыбықты тігінен ұрса қақ бөлетін, көлденеңінен ұрса, шыбық тіп-тік күйінде жерге топ ете түсетін. Отыншының әскері – «омыртқа үзетін». Қызылдардың көп әскерін он бөліп, өздері «омыртқа үзу» деп атайтын соғыс әдісімен тас-талқан еткенде бұрын мұндайды көрмеген жау кірерге тесік таппай есеңгіреп қалушы еді.

Отыншының әскері – жауына Хан-Кененің сарбаздарындай тосыннан қойып кеткенде әскердің қайдан келіп, қайда кеткенін біле алмай, қызылдар қан-қақсап қалатын.

Сөйткен Отыншы... Енді қара! Көктұманың жағасында бірлі-жарым пулеметке арқа сүйеп, аз ғана әскермен Қытай аспақшы. Шәуешекке аяқ іліндірсе, ондағы Найман, Керей баласын атқа қондырмақ. Алтайды ен жайлаған бар қазақ осы жолы бір тудың астынан табылмаса, ертең бәрі кеш боларын ұқтырмақ. Найман, Керей атқа қонса, қиыр жайлаған Қызай да қарап қалмасы анық. Қызай сапқа қосылды деген соң, Қарқарадағы қырғынды ұмыта қоймаған Албан жұрты кек қайтармаққа үдере түрегелмей ме? Қызыл көздерден қашып, Шәуешек пен Құлжаға тығылған татар байлары қару жағынан қол ұшын созса, ертең-ақ жер қайысар қалың қол большевиктерге қарай лап қоймай ма?

Осының алдында ғана Ахмет бастаған Алашорда азаматтарының жолын ашып, әскерге көмек сұрауға Шәуешекке аттандырып жіберген Отыншы еді ғой. Түтін саны он бес мыңнан асқан Абақ-Керей осал ел емес. Сол елдегі Таңғыт Еңсеұлы секілді алаш оғландарының көмек қолын Қызылдар үзіп тастады. Әйтпегенде, Отыншы қазір шайқас даласына қарай Алаш әскерін бастап қырғынға түскен елді қорғауға барын салар-ақ еді. Кіші Қаскелеңде де, Үлкен Қаскелеңде де, Тастақта да қазақтарды большевиктердің қырғынына түсірмес еді. Әйел-еркегіне, жас-кәрісіне қарамай, кескілеп тастаған қалың өліктің бірін де көрмес еді, алаш баласы. Үржарда мың қазақты қырып салған уақиға да туылмас еді.

Енді, Отыншы өзі бармақ Шәуешекке! Кеше ғана Ахмет, Міржақыптармен Қытайға сапарлап, ән шырқап қайтқан досы Әсеттің табаны тиген жерде Отыншы Алаш ұранын әуелетпек.

«Алаш деген ел үшін

Сарыарқаның жері үшін,

Бостандық берген ер үшін,

Төгілсін біздің қанымыз!

Аялмасын жанымыз!»...

Сұлтанмахмұттың әнін ыңылдап айтып жатып, Отыншының көзі ілініп кетті.

 

***

 

«Қызылдар таяп қалды. Қызылдар таяп қалды» деген қарауыл жігіттің жаманат айғайы тынығып жатқан әскердің ту-талақайын шығарды. Біреулері мылтығын оқтап, енді біреулері аттарға қарай құстай ұшты. Отыншы дереу пулеметші жігіттерге бұйрық түсіріп, келер жауды күтіп алу үшін шеп құра бастады.

Қарауылға Отыншы түтіге қарап: «Көп пе, қызыл иттер?» деп саңқ ете түсті. «Көп, өте көп» деді үрейлі дауыс. «Ендеше, шеп құрып, диірменге қарай шегіне берейік. Бізге бекініс керек!».

– Ол, диірмен емес, шіркеу ғой.

– Болса, не болыпты?

– Кәпірден қашып, кәпірдің шіркеуіне тығылғанымыз қалай?

– Жап, ауызды. Бұйрықты орында...

Көктұманың жағасындағы бұрын диірмен болған шіркеуге әскер жақындай бергенде қызылдар тарс-тұрс атысты бастап кеп жіберді. Оқтың зуылынан құлақ тұнып, айнала көк-ала түтін болып кетті.

Отыншы көкке көз салып еді, Бабай-бүркіт қанатын жиі қағып, жанын қоярға жер таппай, шыр көбелек айналып ұшып жүр екен. Отыншы, Отыншы болғалы Бабай-бүркіттің қанат қаққанын тұңғыш көрді. Тұңғыш көрді де, бір сойқанның болатынын іші сезіп, жүрегі шым ете түсті.

Алғашқы бұрқ-бұрқ атыста Отыншының сарбаздарынан екі адам шейіт кетті. Қызылдар жақтан бес-алтауы мұрттай ұшты. Пулемет те дайын болып, сақылдап қоя беріп еді, топтаса келген қызылдар қоғадай жапырылып, сең соққандай есеңгіреп қалды. Атқа мініп үлгерген жігіттер де қызылдарды тұс-тұстан ата бастады. Осы орайды пайдаланып, Отыншы пулеметтерін де, әскерін де шіркеудің ішіне кіргізіп үлгерді.

Отыншы бағанағыдай емес, енді бекініп жатып, кем оқ шығындамай дөп атуға мүмкіндік туғанына қуана бергені сол еді, шіркеудің қамыс шатыры лап етіп тұтана кеткені. Шарт-шұрт етіп, бірер минутта-ақ бүкіл шіркеу отқа оранды. Қолқаны қапқан жалыннан сыртқа ытқып шыққан үш-төрт-жігітті қызылдар бораған оқпен қарсы алды.

Отыншы алқара көкке көз тікті: Бабай-бүркіті зулай ұшып, сорғалап өзіне қарай төніп қалыпты. Басқадан қайыр болмасын сезіп, қыранға қарай қолын соза қойды. Сол-ақ екен, қыран-құсы құрыш шеңгелімен Отыншыны бүріп ұстады да, көкке көтере жөнелді. Бір қараса, денесі шіркеудің ішінде отқа күйіп жатыр екен. Ал өзі болса, Бабай-бүркітке айналып кеткенін ұқты. Ұқты да баяғы «Дала уәлаяты» газетіне жазған мақалалары, сол мақалалардың астына «Бабай-бүркіт» деп бүркеншік есім қоятыны есіне түсті.

Отыншы, тек Отыншы емес, Алаш баласының қандай биікте ұша алатынын әйгілеу үшін отты күнді бетке алып, қанатын қағып-қағып жіберді.

 

7-8 наурыз, 2018 жыл.

Пікір қалдыру:
Captcha