Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№121. XXV ғасыр


"Сарғайып атып сәскеде сөнген боздақтар, араға ғасыр салып өздері аңсаған азат елдің ұрпақтары келіп, Мәскеу төрінде "Мен қазақпын!" деп масаттана жыр оқитынын білді ме екен?"

Б.С

 

Қазақтығымды, азаттығымды мақтан қып мәңгі жүрмекпін,

Жүрек тұсымды қанша езгенімен кешегі өткен дүрмек күн!

Қасқыр болсам да, қыран болсам да болмысым менің бәз қалпы,

Күн болсам дағы, кім болсам дағы қазақ боп өмір сүрмекпін!

 

Қазақтай дарқан көк аспан ылғи заңғар тауларды өбеді!

Керек десеңіз, көктегі Күн де қазақша нұрын төгеді!

Арсыздық үшін адамзат қылған қызарып барып күн сайын,

Қазағым сынды ұяттан ғана өледі!

 

О, тоба,шіркін, бұлттар да мынау дәл қазақ сынды көшеді,

Гүлді де қара қазақ қызындай әдемі болып өседі!

Жұлдыз бен айдан өрнектеп Аллам төбеме түнгі түнерген,

Текеметімдей оюлы аспан төседі!

 

Құйып, басылып себезгі жаңбыр ерініп аздап тұрғандай,

Назар салсаңыз, болмысын оның жаратқан қазақ қылғандай.

Кеудесі толған сезім,сағыныш  Көктем мен Күз де қарасаң,

Дәл қазақ сынды-Жырмаңдай!

 

Қара жер мынау қазақтай құдды көсегесінен көгерген,

"Қазақ" деп қоям ғарышты шарлап тағы Жер тапсам егер мен!

Үш жүзім сынды тұтастық жасап, мемлекеттерді ескермей,

Жиырма бесінші ғасырда елді планеталарға бөлер ме ем.

 

Үш ғаламшарға дала заңдарын орнатып қойсам тым асқақ,

Ізгілік туын жамылып ғалам алшаңдап жүріп қыр аспақ!

Планеталарға басшы қылар ем тірілтіп Әлиxанымды!

Адамзат түгел дамуы үшін құлаштап!

 

Қажет болмайды ол кезде бізге шекара сызып, қоршап та!

Жемқорлықсыз-ақ өмір сүреміз сан жетпес адам болсақ та!

Мақтанып тұрып, шаттанып күліп құс жолын кезіп мына мен,

Жұбанның жырын оқитын едім сол шақта!!!

 

Әлиxан сөзсіз еститін еді, еститін еді қуанып,

Алаштың өзге боздақтары да қасында оның жүр, анық!

Бекзат болмысты Ұлтым оянса, көктегі Күнім сөнгенше,

Мәңгілік ел боп қадам басар ек, сірә,нық!

Әзірге мынау руxаниятым қайыршыланған қоғамда,

Жиырма бесінші ғасырмен жүрмін жұбанып!

Еx...

 

07.03.2018

 

Қазақизм

 

Жаратқан!

Сен мені жазғырма!

Ұлтымды сүйемін тым қатты!

Қазақ боп туылмай қалғандар-

Сорлы!-деп жүрегім тіл қатты..

 

Сен мені жазғырма, Тәңірім!

Сезімім кең жайған тамырын!

Ғаламды ұлттарға, тілдерге бөлу де-

Өзіңнің әмірің!

 

Саған да,

Маған да,

Ғаламға!

Ізгілік керек бұл заманда!

Ендеше, қазақы салт-сана,ғұрыпты,

Баламау керекпіз шаманға!

 

Тек қана қазақша киесі байқалар,

Сөздер бар қастерлеп қайталар!

"Ұлтым" мен "Отаным", "Пәк сезім" сөздері,

Аузымда қазақша жайқалар!

 

Тек Қазақ сүйетін тұлпар бар,

Қаршыға,

Қырандар,

Сұңқарлар.

Алаш деп, Ұлтым деп, Ғұрпым деп

Қазақы жүректен жыр парлар!

 

Тек Қазақ сүйетін ауыл бар,

Нажағай,

Нөсерлер,

Жауындар.

Дәл Қазақ секілді тым асқар

Тауым бар!

 

Тек Қазақ сүйетін таным бар,

Тыңдаңдар, мырзалар, xанымдар!

Руxаният жойылмас!

Өйткені,,

Қазақы қаным бар!!!

 

09.03.2018

 

Түсімде

 

(Үш бәйтерегім)

 

Көзімді жұмсам түс көрем,

Түсімде жазам күшті өлең.

үшеуге шерді тарқатып,

Кеңейді сонсоң ішкі өрем.

 

Мағыналы да, мәнді де,

Төртеу боп айттық әңгіме.

Қамыққан олар бұл жұртқа

Ұйықтап кеткен мәңгіге.

 

Түсімде олар сыр айтты,

Сырлары жанды мұңайтты.

Қазақ деп туған үшеуді

Алашқа жау деп кім айтты?

 

Бір жылы туып, бірге өлген,

Жүрек етінен жыр бөлген,

Сексен жыл толды үш бұлақ,

Бөлініп кетті бір көлден.

 

 Түсімде бақпен кездесіп,

Оянсам жүрмін тез кешіп.

Темір боп кеткен жүректі

Тербетіп жатыр жез бесік.

 

"Мәңгілік Муза"

 

О, муза!

Ғаламға,

Адамға,

Сен мені шын ғашық жан еттің,

ал енді осынау қапастан,

Өзіңді таба алмай әлекпін.

 

Арқасын сүйеген айға нық,

Бір жігіт бұлтта отыр жайланып.

Жанары жұмылған...Шамасы

Жып-жылы, жұп-жұмсақ, ай-мамық!

 

Сол түні адам жоқ адасқан,

Жап-жарық күйге енген қара аспан.

Ай жастап, жұлдызды жамылып,

Жас жігіт ән салды жарасқан!

 

Әуенге өзгеше сыр ілген

Жаһанның құлағы түрілген.

Тірілер аңсады тамұқты,

Өлгендер қайтадан тірілген...

 

Сол түні уақыт та тез өткен,

Жұлдыздар жыр оқып кезекпен,

Сезімтал қауымды қуантып,

Сезімсіз жандарды мезі еткен.

 

Ғаламшар билеп жүр айналып,

Жып-жылы, жұп-жұмсақ, ай-мамық!

Мәңгілік музамды тапқандай,

Мен дағы көз ілдім жайланып...

 

..."Ән салған дауысы ғажап қой"

...Басталды тағы бір азапты ой..)

Ғашық боп қалдым ба үніне?!

Ондай үн ғаламда аз-ақ қой...

Еһ..

22.02.2018

 

Бұл қыздар

 

Құран оқып жүремін гүлдерге мен,

Өмір сүріп көкбелде үлгермеген.

Қоштаса алмай көңілді күндерменен,

Жаңбырлы түндерменен.

Үзілді..

Үзген оны кімдер дегем?

 

Тап келіпті бір қыздың талғамына,

Қызмет жасап жігіттің арманына,

Қайсы дұрыс?

Табиғат -сұлулықсыз?

Әлде...Жігіт қызсыз боп қалғаны ма?

 

Гүлдердің тағдырлары қызық еді,

Бір сәттік ләззәт үшін үзіледі.

Қыздарды гүлге теңеу-зор қателік!

Қызық үшін солатын қызыл реңі!

..................................................................

Бұл қыздар- жалын сынды от ұрлаған!

Бұл қыздар- жыр секілді оқылмаған!...

03.03.2018

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha