Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№126. Киіктің көз жасы


(әңгіме)

 

Тынысы тарылып, демі бітіп бара жатқандай сезінген. Әлде кім мұны қылқындырған немесе тұгшықтырған секілді. Сірә шошып оянған болуы керек. Жүрегі аттай тулап жатыр екен.  Қаталап шөлдеген. Кеберсіген еріндерін жалап, терең бір демалған. Ақырын көзін ашып, төңірекке қарағысы келген. Оң көзінінің түбінен суырған шаншу миымен қоса солқылдатып әкетіп барады. Дірілденген әлсіз саусақтарымен бетін, көзінің айналасын сипап  көрген. Қатты соққыдан домбығып кеткен бет-ауызы өзінікі емес сияқты.  Оң көзі тарс жұмылған. Осы көзім ағып кеткен шығар- деп ойлады. Қырылмаған  сақал – мұрты  тікенектей болып саусақтарына тиеді. Қою, қара кірпіктерінің арасынан өлеусіреген жарық сығалады. Оның өзі сонау алыстан талып, үздік –создық жететін сияқты. Мұның көкірегіндегі үміт сәулесі сияқты бұл да күн санап әлсіреп бара жатқандай. Суық камераның  бұрыш –бұрышы үрей шақырады.  Түс көрген сияқты еді. Соны есіне түсіре алмай, темір есіктің түйекөз тесігінен қиғаштай түсіп тұрған бозамық сәулеге ұзақ қарап жатты. Әй, өмір - ай деген,  тотыдай түрлеген  сайран өмірдің тоз-тозы осылай шығады екен –ау? Өткеннің бәрі бір көрген түс сияқты. Бұл ол ғұмырды кешпеген сияқты. Мұның рухы баяғыда көкке ұшып, құр сүлдері ғана ит азапты бастан кешіріп жатыр –ау осы.  Туадан осы қапаста, қараңғылықта запа шегіп жатқандай. Ұзақ. Тым ұзаққа созылып кеткендей. Осы бір қорқынышты түс секілді азаптың ақыры тез болса екен деп тілеп жатты.  Басы қара қазандай. Құдды миына қорғасын құйып қойғандай. Ойланайын, есіме түсірейін дейді. Бірақ миының орнында бос кеңістік қана қалған тәрізді. Сана тереңінен ой аулағысы келеді. Түпсіз, терең көр құдықтай аранын ашқан қорқау санасыздық жылт еткен ойдың бәрін әп –сәтте жұтып қояды. Бұл тағыда ессіз, ойсыз қалады.  Ойын тапқысы келеді. Өзін іздейді. Бұл мұнда жоқ. Қайран ойы қаңғырып қайда кетті екен? Мұның ойлары сондай сұлу, керім,  барқадар еді ғой. Осыған дейін біршама ғұмыр кешті ғой,  сонда мұның көрген – білгені қайда? Тәтті, қимас шақтары ше? Бәрі – бәрі қайда қашып кеткен? Сана –түйсігі ауасыз қара кеңістікті кезіп, шарық ұрып, бірде теңіздің дауылына ұрынғандай дедектеп қашса, енді бірде мейірімсіз, мылқау жартасқа барып соғылып, күлпаршасы шығады. Еденге шашылған маржандай жан –жаққа бытырай қашқан  бейберекетсіз ойларын жинай алмай әуре. Сана түкпірінен жылт еткен бір сәуле іздейді. Соған талпынады. Шымшытырық  бір дүниенің ортасында қалған. Қарақошқыл қапатыстың әнеу бір түкірінен үзіліп түсіп тұрған жетім сәуледен беріректе бейне  ақ бөкендер жосып бара жатқандай көрінген. Әлдебір зұлматтан жанұшыра қашып, белгісіз бағытқа жосып бара жатқан киіктердің топаны мұнша көп болар ма?!  Мұның өзі де солардың артынан дедектеп еріп келе жатқан сияқты. Бір сәтте олар ізім­-ғайым жоқ болған. Қараңғы түкпірден қарқылдаған жексұрын дарақы күлкі естілді. Ол барған айын жақындап келе жатқан тәрізді. Міне айқын көрінді. Бұл ­­– анау жезмұрт  жендет қой! Қолында ақ бөкеннің кесілген басы. Бауыздарынан қан сорғалап тұр.

­– Міне, қара! - Жендет, кесілген басты мұның алдына әкеп тастады. Бұл еңкейіп қараған. Киіктің алақандай көздері аспанға қарап төңкеріліп жатыр екен. Мөп-мөлдір. Мұздай. Суық. Тесіле қарап тұрып, көзін тайдыра бергені сол еді, әлгі бас тіл қатқандай болған. Астафыралла! Жоқ, бұл киіктің басы емес, Мағжанның басы екен. Жұмабаевтың! Мөлдіреп қарап жатқан  көз Мағжандікі екен дейді. Мұңылы. Салқын. Сөйлеп тұрған сол Мағжан...

- Сәкен-ау, бізді қойшы, сенің не жазығың бар еді, өз қолыңмен орнатқан үкіметің емес пе еді?!.. – Мағжан жазғырып тұрған жоқ. Жаны ашып айтып тұр. О, тоба! Бұл да бірдеңе деп айтқысы келген. Бірақ тілі жоқ. Онда ары тағыда сүйкімсіз күлкі көміп кетті. Талықсу сияқты бірдеңе. Есін жиып, шашылып қалған санасын жимаққа талынады. Сөйтіп жатып тағыда түпсіз терең теңізге батып кетеді де, әлде бір адамдардың сұлбасын көргендей болады. Бірақ нақты кім екенін білмей қатты қиналады. Ақыры ұзақ бір қиналыстан соң, көрген тағы бір түсінің бір ұшынан ұстаған сыңайлы болған.  Иә-иә, бұл тапты.  Құдай –ау, балаша қуанып кеткен. Бұл көрген түсін тапты. Жоқ, мұның санасы сөнбепті.  Ойы орнында екен. Ап –анық. Өңіндегідей. Мұның көргені атақты Иманжүсіп еді –ау!  Есікпен төрдей бурыл атқа мінген ол үстіндегі жейдесін шешіп беріп жатты.  Иман аға, алмаймын, оны өзіңіз киіңіз! – деп шыр –пыр болғанына қарамай ақ атыластан тіккізген жейдесін беріп жатқан. Бұл, - Арысым –ай, әулием-ай! – деп, ақ жейдені қолына ұстап, көкірегіне басқан. Құшырланып иіскеген.  О, құданың құдыреті әлгі жейдеден дала жусанының иісі бұрқырайды. Осы иісті соншалықты сағынып қалыпты. Иіскеп жатыр, иіскеп жатыр. Кеңсірігін жарып өтіп, қолқа тамырын кеулеген жусан иісі айналаны тегіс аңқытып жібергендей.  Кенеттен жусанның жұпары  жоқ болып,  қанның күлімсі иісі сасып кеткендей болды. Жемтіктің иісі. Қолқаны қабады.  Енді қараса ақ жейденің өңіріндегі  ноқаттай қара дақтан шыққан қап–қара қан тегіс жайылып барады екен.  Иә  бұл осыдан шошып оянған. Есіне түсті. Осыдан он жыл бұрынғы бір оқиға да көңілінде көлбеп сала берген.

 

Сыр бойы жайқалып тұрған.  Қыркүйек айының әдемі күндерінің бірі болатын.  Қызылордадан Шиеліге келген. Әдейілеп келген. Қалаға шақыртуға дәті бармаған. Сәлем беріп, өзі баруды жөн санаған. Өлкелік комитеттің машинасын сұрап мініп,  баптап пісірілген марқа қозының еті мен екі торсық бал қымызды ала келген.  Күн жексенбі. Армансыз бір отырып, шүйіркелесуді мақсат тұтқан.  Иманжүсіп те хабардар болып отырған екен. Алып теректің көлеңесіне ақ боз үй тіктіріпті.  Айналасында абыр –дүбір адам байқалмайды. Бұлар машинадан түсіп,  алаңқайға қарай жүргенде  киіз үйдің есігінен  екі аршын бойымен екі бүктетіліп шығып келе жатқан Иманжүсіпті көрген.  Көрген де қалт тұрып қалған. Көкірегін ащы өксік буып, көзіне жас келгендей болған. Болмысынан тектіліктің буы бұрқырап тұр.  Шынар ағашындай шып –шымыр, тіп –тік, өндірдей бойшаң қапсағай адамның осы жүрісінде сес бар еді. Дөңестеу қыр мұрыны мен сәл шүңірейген отты көздері тау қыранын елестететін еді. Дөңгелете қойған қою, қырма сақалы бурылданып ашаң жүзіне жарасып –ақ тұр.  – Армысыз, асыл ағам!  - деп,  құшағын аша ұмытылғаны сол еді, тегеуірінді, қарулы қолдары қапсыра  өзіне тартып, кең кеудесіне басын сүйеп тұрғанын  сонда ғана білді. – Барсысың, сұңқар текті бауырым! – деп еміреніп, маңдайынан иіскеп тұр екен. Көзіне іркілген жасты көрсетпеуге тырысқан.  Алып ағасының апай төсінен даланың иісі аңқып  сала берген.  Осы иісті ұмытқалы қашан.  Мұның осылай тұра бергісі бар.  Уақыт бір сәтке тоқтап қалғандай.  Киіз үйдің алдандағы алаңқайда құшақ айқастырып тұрған қазақтың қос арысын шопыр жігіт қана көрген.  Ет пен қымызды Иманжүсіптің бәйбішесіне табыстаған  өлкелік комитеттің шопыры  кешке келуге уәде етіп кеткен.   Киіз үй. Оңаша.  Әредік ас мәзірімен кіріп – шығып жүрген  жас келіннен басқа тірі адам бұл үйге бас сұққан жоқ.   Арыстандай жалын күдірейтіп, айбар шақырып отырған үй иесі тік жағалы аппақ жейдесімен желең күйде.  Малдас құрған.  Иманжүсіптің  басы керегенің  екінші көгіне сәл жетпей отыр.    Еуропалық үлгіде киінген қонағының да үстінде ақ бәтес жейде. Шатырдай.  Аса ұқыптылықпен тіккізген болса керек, өңір жиегіне  алтын жіппен болар – болмас  су жүгіртіп, кестелетіпті.    Әдемі күлгенде шиырып тастаған қара мұртының астынан жарқ еткен әппақ тістері де, ұшы сүйірленіп біткен сұлу қыр мұрыны да,  аялы тұнық қоңыр көздері де, кең маңдайынан төбеге, екі шекеге қарай  әсем таралып, бұйра бұлттай бұрқырап жатқан қайратты қара шаштары да  дегдарлық пен серіліктің үлгісін ап –анық көрсетіп тұрғандай. Шарадағы салқын бал қымыздан ақырын ұртап қойып, жас бағланның  уыз етін қарбытпай, баппен  ғана жеп отырған  екеуінің бірі сөйлесе келесісі тұшына тыңдап, бас изесіп қана қояды.   Сырт қарағанға сырбаз отырыс.  Әңгіменің  үйірін біраз қаптатып алған соң, қонақ інісінің қолқасымен Иман ағасы қолына домбырасын алған.  Қонақтың ең үлкен өтініші осы болатын.  - Ән салатын жастан кеттік, шырағым.  Тегіндегі бір әуестік демесең ән де қартайды, мен де қартаймақ халдемін. Сенің көңілің үшін деген болмаса – деп сөз аяғын жұта сөйлеп, сағағы ұзын  қоңыр домбырасының күйін келтірген.   Қызыл көрген қырандай қомданып алып, сіңірлі тарамыс саусақтарымен  екі ішекті осып –осып жіберіп, әулете ән бастаған.  Жұтынып қалғанда тоқпақтай бөбежігі жылп етіп төмен түсіп,  бұғағының астына түйнектеліп қайта тұра қалған. Жоқ қартаймапты. Дауыс зор екен.  Ыза мен кекке, амалсыздық пен  қайсарлыққа құрылған екпінді, зарлы ән нөсердей төкпелеп кетті.  Ән айтқан сайын дауысы да, өзі де зорайып, биіктеп бара жатқандай. Әннің соңғы шумағына келгенде сәл бәсеңсіп, өксік аралас үн шығарды. Ол шумақ мынау еді.

Қыран едім, қор болдым топқа түсіп,

Аспаныма шығармын бір күн ұшып.

Бар қатыны қыпшақтың ұл тапса да,

Брі де бола алмайды Иманжүсіп!..

Атақты Тұрғанбай датқаның немересі, аты шулы  Иманжүсіп ті ертеректе Ақмолада бір көргені бар еді. Қазақ – орыстың арасында неше түрлі аңыз әңгімеге арқау болып,  дүрілдеп тұрған осы бір қасқыр мінезді қайсар адамның атынан ат үркетін.  Ереймен –Аршалы алаптарында Имекеңнің жосып өткен жолдары шиырлап келіп, ежелгі ата қонысы сыр бойы Шиеліден бір – ақ шыққан.

– Арқада қыс жақсы болса арқар ауып несі бар. Кешегі патша заманында  бөрідей жортып едім, енді міне  апаннан шықпайтын маймақ аюдай өз табанымды өзім жалап, өз майымды өзім қорек қылып жатқаным жоқ па?!  Сендерге қайдам, осы мизамыңның да сұрқы маған ұнамай барады. Енді кездесеміз бе, жоқ па, оны бір құдай біледі – деп терең күрсініп әңгімесін бір түйіп қойған.  Ианжүсіппен армансыз дидарласып, іштегі шерді Арқаның арынды әнімен ширықтырып, сары даланың саф ауасымен демалып қайтқандай болып еді.  Қайран,  Иман аға, сен де сұм заманның қанды тырнағына ілігіп, қапыда шейіт кеттің!  Менің жатысым мынау. Жалған –ай!  Бір сәт үстіне  ақ жейде киіп, желбегей шапан жамылған  тұрқы екі аршын Иманжүсіп елестеген. Осы сәтте темір есік сарт етіп ашылып, ар жағынан жезмұрт көрінген. – Уголовник, Сейфуллин! Встать!

Ілбіп орнынан әрең тұрған Сәкен  шамалы уақыттан соң НКВД жендетерінің қолынан атылатынын әлі білген жоқ еді. Тек көз алдында  ақ селеулі, боз жусанды Сарыарқада жосылып бара жатқан  бейуаз, момын, ботагөз  киіктер, мен мынау жарық дүниеге  еш күнәсіз қалыпта қарап қалған мөлдір көз бен бір тамшы жас  ғана үзіліп бара жатқан еді...

 

Пікір қалдыру:
Captcha