Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№27. Алаш рухы (толғау)


I

 

«Менің Рухым»

 

Менің Рухым:

Жыр мен Мұңға  бөленген,

Азаттық пен Ерлік жайлы өлеңдер...

Атқаны бар, ауғаны бар, асқаны,

Қайта оянып тарихыммен тастағы,

Армандаған Алаш туы астында

Жанын тігіп өлгендер–

Қайта оралып келгендер!

                                                                    

Менің Рухым:

Ақ самайлы көгөрім,

Алаш үшін не көрмедің, не көрдің!

От пен оққа беріспеген беренім,

Үш жүз жылға құлақкесті құл қылып,

Құлыптады демедім,

Қазақ етіп қойғаннан соң атымды,

Қайыс қалып қамытыммен келемін!

                                                                                         

Менің Рухым-

Таудан, нұрдан, еменнен,

Жанқиярлық қандай десе,

Менен көр!

Жанкештілік қандай десе,

Менен көр!

Жүз тіріліп, жүз өлсе де,

Өлмеген,

Өлермендік қандай десе,

Менен көр!

 

Рухым биік болса,

Биік  Мәртебем,

Рухыммен бірге өніп,

Өртенем,

Алаш  Рухы –

Биіктердің биігі

Жаратқанның биігінен сәл төмен!

 

2017 ж. Қазан.

 

 

II

«Бес арысқа атқан оқ...»

(Алаш арыстарының рухына!)

 

Жо-жоқ! Пана іздегем жоқ жат күннен,

Жат қанаттан ту сыртымнан керілген.

Сорыма орай бірге болған халқыммен,

Тағдырыммен бірге болған едім мен.

                                                    

                                   (А.Ахматова)         

 

Қанға біткен ұлтшылдығы –

қасқалдақ

қанын төгіп,  

зәрін шашқан

жалмаушың,                                                              

Шәкәрім мен Әлиханға  атқан оқ:

Көзделген оқ жүрегіне Алаштың!

 

Ұрпақ өзі арашалап, ақтар деп,

Аспан жаққа кеткен олар дұрысы,

Жүсіпбек пен Міржақыпты жапқан сот:

Сол ғасырдың сотталатын қылмысы!

 

Сүргіндерде–

жүректермен жазған шер,

Ұлттың сөзін айтты емес пе, бәрібір!

Түрмелерде–

қамалған ой, тозған ер,

Ұлттың көзін ашты емес пе, бәрібір!

Мағжаным  мен Сәкеніме қазған көр, 

Өлтіре алмай қалды емес пе, бәрібір!

 

Маңдайына жазылғаны олардың,

Ұлтқа атқан оққа төсеп жандарын, 

Айғақ болып қазақ кешкен қараңның,

Аршу еді соқыр ғасыр жанарын.

 

Олар көрген тергеу, жапа, зәбір, сот,

Жылнамам боп түсе берді тарихқа,

Қанды дақтар қараймайтын арым боп,

Шықты ақыры  тамұғынан жарыққа!

 

2017ж.Қазан.

 

               III

«37-нің жыры»

 

Өмір сүре білгені үшін

Ел үшін–

Өлгені үшін –                          

Бағаланар ерлікпіз,

Сот пен Соры тапқан кезде келісім,

Сөну емес, жану үшін келіппіз.

 

Қарсы соққан қанды дауыл бетіне,

Біздер айттық еритінін тоң, мұздың.

Біздер тұрдық–

Өр қазақтың өтінде,

Арқамызбен тіреп шыңын Өр Құздың.

 

Қанға батқан түрмелердің ласына,

Аналар мен балалардың жасына,

Жүзіп өткен ғасырда:

Тепкілер мен тергеулердің астында,

Аңдулар мен жерлеулердің басында

Өліп едік–

тірі қалу үшін һәм,

Алаш аты

Өлмеуі үшін расында!

 

2017 ж. Қазан.

 

                    ЛИРИКАЛАР

            

Тағдырым ол,

Тағдыр емес, тартыс кіл,

Тартыстырған таланыммен қарпыстым,

Арманым ол,

Арман емес жеңіс кіл,

Жеңілмеуді мақсат тұтқан ел үшін.

 

Көңілім ол-

Көңіл емес аппақ күн,

Аппақ күнге түннен қашып баратын,

Торғай көңіл оқтан үркіп ұшқанда,

Қанатым бар қорғалатар

Қанатым!

 

...Кел, қорғайын,

Қанатыма алайын,

Кел, қолдайын,

Қанатым бар қанатым!

 

2010 ж.

***

 

Аларымды аламын, бес бересім жоқ сенде,

Күннің көзі мен болам, күнде гүлдей беретін.

Екі Таудың  әйгілі қасқа жолын  өтсем де,

Жүрегім бар тап таза! Тек жақсыны көретін.

 

Жақсың бар ма көруге? Антың бар ма беруге?

Сатқындықпен жарылқап итермеңдер  қан дауға!

«Еркектері»  қыздарын ат бауыры ерінде,

Қамшылайтын қоғамнан қалдық аман.Тәуба Алла!

 

Ежелгінің кезінде біздей қыздар дауда озған,

Жаудың жанын шығарған демдерін де шығармай.

Билік айтып елінде ұрпақ сүйіп жамбоздан,

Жарқылдадық алмастай, құлын мүсін құландай!

 

Қайсар қылыш екенмін – қанмен емес Анттармен, 

Суарылған, Жалыны бет қаратпай Оттанып,

Ең бастауын алатын Көне Ғұн мен Сақтардан,

Батыр  қыздар жатпайды қынабында қақталып!  

 

Ұлы мақсат екенмін! Ұраны екем Ұлтымның!

Ұлы міндет көтерген  Әйел-Ана тағдыры.

Жан –Дауасыз,

Мазасыз өткен емес бір күнім,

Ал, өмірдің төбемнен құйып жатыр жаңбыры!   

 

2010 ж.

 

***

 

Сену оңай, көну қиын  бұл күнге,

Жылауға ұқсас болып шықты күлкім де,

Мағжаны бар маңғаз мінез халықтың,

Майдаланып жоғалуы мүмкін бе?

 

Азат Елге құлмінез ой лайық па?

Ұрғашы уақыт ерді антынан айнытпа!

Алаш атын қорлағанға қаймықпай,

Әлихан боп қарсы тұрсам айып па?

 

Тіл бітіріп мүлгіп тұрған терекке,

Құстар ұшып келсе кенет көмекке,

Міржақыпсыз қалды екен деп бұл заман,

Міржақып боп оятпауым керек пе?

 

2015 ж.

 

***        

      

Куәсімін-

Көп қаңғырған қазақтың,

Туасымын –

Ақынға лайық азаптың,

Көрмей,

Білмей кесірленген жоқпын мен,

Қиял қуған жасанды жыр жазбаппын.

Ақын атты азатқұмар болмысын,

Өзгерте алмас ешбір, майдан, соғысың,

Сіздер емес, біз қосамыз, сеніңіз,

Ғасырлар мен ғасырлардың тоғысын.

Уақыт осы:

Ақ па, қара? Анықта!

Діңкелеткен мың құбылған түрге еніп,

Бұлт астынан жарып шықшы жарыққа,

Тамырыма құйған улар жыр болып!

 

2010 ж.

 

***

 

 

Бәрі есімде:

Бақ пен Сордың

Сандалтып,

Арасында адастырған жолдар да...              

Құртам деген көп  сұмдықтың ішінен,

Алып шыққан арашашы қолдар да.

 

Бәрі есімде:

Ғашық қылған күндерім,

Естен тана  сүйгенім,

Һәм сол үшін,

Отқа түсіп жалаңаш,

Жүрегіммен күйгенім...

 

Мен ешкімді жеңе алмадым,

Мені де,

Жеңе алмады және  ешкім,

Ешқашан,

Бәрі есімде:

Құлшынғандар көмуге,

Ұсынғандар

Есімімді өлімге...

 

Һәм сонда да,

Өмірімнен бас тартпай,

Сүре бердім, сүремін!

 

2017 ж.

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha