Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№32. Хат (Өлеңдер топтамасы)


 

Тұмарымнан аңқытқам таудың бағын,

Ой - санамнан саулады сал күнгі әнім.

Жанарыма құяды жылдар легін,

Заман кешкен кешегі зарлы ырғағым!

 

Мұң бұлтының сұсымен күресті ме ел,

Түрлі тыныс ішінде түн ескірер.

Көзім жұмсам, май шамды киіз үйде,

Күйреп жатқан қайғының үні естілер.

 

Сәт тәлімі жоғалды, әлде, есімнен,

Мия сынды қурар ма мән кесірден?!

Жазмыш үшін жабырқап жата қалсам,

Аппақ күйдің сазы ұшты әр кешімнен.

 

Тал мойнына телміртіп ағаш қамын,

Таң жөтелсе, Тәңірге жақ ашпадым.

Өзімді іздеп жоғалтқан жоқпын, сірә,

Жарық нұрға бөленген жан аспанын!

 

Шолақ қылып соқпағын сөздің де ұзын,

Сағыныштан арылттым көздің күзін.

...Айға қарап таныдым тағдырымды,

Тас төбемнен жарқырап өз жұлдызым.

 

Ақылымның айтқанын құптады айбын,

Бойымдағы шынымды шыққа жайдым!

Мен оқыған кезеңнің шегі қайда,

Шер - шеменнің түріне тік қараймын!

 

Арайына шақырып риясыз өң,

Жаһан барған асудан жиі асып ем.

...Ғұмыр жазып жатырмыз келешекке,

Дүрсілдеген жүректің сиясымен!

 

Таңба

(Жаһанша Досмұxамедовке)

 

Дүр даланың деміккен Дерт-Ғасырын,

Санаңда сарқылдатқан Серт пе, асылым?!

...Жігер жанған сұлбаңды өрт шалғанда,

Долы күннің шеменін шертті ашуың.

 

Бұлқыныстан қатулы бұлт қабағы,

Сөйлейді үнсіз қоғамның құртқан әні.

Жарқылды аңсап... жарыққа талпынған сәт,

Боз далада боздаумен жұрт барады...

 

Маңдайына жазмышы жаққан күйе,

Үміті шорт үзілген шақтарға ие!

Самалдай саулады ма қариядан,

Кейуана қайғысына батқан кие...

 

Жұлма-жұлма жүрекке сор таңылып,

Келбеті кедір-бұдыр жол тарылып...

Аш қасқырдай аңдамай Ай жарықта,

Орға түсіп кеткендей ордаң ұлып...

 

...Содан бері кеуде-шер, жүз-қапалы,

Көкірегім малтиды сызға тағы.

Оралдың бетіндегі мұң-қасірет,

Мұзы еріген Жайықты мұздатады!

 

Жыласа шатыр-шұтыр демін қоса үн,

Салмағын артар ма екен сенімге осы ұл?!

- Еңгезердей орысты шекесінен

Бір ұрып құлатқан кім?!

- Сенің досың!*

 

Өткеннің сыр аңқыған аңыздары-от,

Көктемнің күлгін нұры тамызда жоқ!

Бағымды бейқам күнге байлап кетті,

Қаныңды ағыл-тегіл ағызған оқ!

 

* Жалау Мыңбайұлы Голощекинді құлақ шекесінен бір ұрып құлатқан қазақ.

 

 

Көкірек

 

              Екі қазақ сөйлесіп тұр далада,

              қарай қалсам,

              тас боп қата қалады.

                                      Ерлан Жүніс

 

Сес көрместен сескендің бе найзадан,

Шошытты ма шаң боратып шапқан ат?!

Паң дидарым долыланған қай заман,

Маң даланың жанарынан бақ қарап,

 

Маңғазданып жүргенімде қаушып ең,

Сөну білмес жұлдыз берген ғасырым!

Күңіренген қобызымның даусымен,

Жан жағымда жүгіргеннен жасырын,

 

Тас қараңғы түн ішінде ойланам!

Шапанымда шарқ ұрады сапарым.

...Балбалын да бақытынан қоймаған,

Мен осылай жазығымда жатамын!

 

Шұбатылған жолдарда бар сорлы дәм,

Қаусап қалған қадамындай қарт аңның.

Айызымды қандырғанда домбырам,

Тағдырымның жалғанынан жалтардым!

 

Сәттер сайрап сары белдерден сый оймақ,

Шексіз іздің жүрегінде келеді үн.

Көңілімнің аспанында күй ойнап,

Баяғыдан бас бұқпаған мен едім!

 

Менменсіген жылдар құшақ жайғасын,

Кеуде соққан өр мінезге сай қалқам.

...Сен көресің көкірегімнің айнасын,

Айды шауып түсіргенде айбалтам!

 

 

Балтәтті

 

 

Сәтін санап сарғайған ғұмырының,

Жұмып алған жұмсақ па жұдырығы?!

Заман деген зағиптың қолындағы,

Мен жылдардың жұлынған жұлынымын!

 

Көп қабаржып қартайған қабыланша,

Қырдан өрге қарғыған шағып аңсап...

Қалқи қалса жанарда бұлт бояуы,

Жүрегінде гулеген зары болса,

 

Құдайынан қорыққан Жас еді ғой,

Шаттығынан сор ұққан Жас еді ғой.

Гүл тергенде кез туып күрт елі өлмек,

Қайғысына жолыққан Жас еді ғой!

 

Күркіл күзбен қалқадай бірге ұзатқан,

Кеудесінен аспандай жұлдызы аққан,

Қимасынан ажырап ойда жоқта,

Күйсіз кезде зорыққан Жас еді ғой!

 

Ғасыр түбін іздеумен таң да аршылып,

Жымиғанда жел-келбет жан жаншылып,

Сертін іліп сезімнің сері өмірге,

Қанатына қастықтың қанжар сұғып,

 

Құсасынан жөтелген Жас еді ғой,

Кері кетуге еті өлген Жас еді ғой.

Аймалап ап таққасын Айына алқа,

Күннің көзін көтерген Жас еді ғой!

 

Сорлы айдаушы жүзімнен айбат таныр,

Қасқа басын қазыққа байлатпады ұл.

Қу сүйектен қайнаған сорпаны іштім,

Бағзы кезгі Балтәттім қай жақта жүр?!

 

 

Кез

 

 

Жүзін көрсетпей жалғанда бақыт,

БаҺадүр жүрек арманға батып...

Асырды есесін ардан да уақыт,

Тамған қан қарға қалғанда қатып!

 

Жұдырықтары- ай, тастан да қатты,

Жасқанып кімің бас сауғалапты?!

Жанымдағы ызам жастан борапты,

Азынар даусым аспаннан ақты.

 

Қыстың сондағы шерін емем бе,

Қиналысы өршіп серігі өлерде.

Жұрт есіне енді ері келер ме,

«Желтоқсанымның желі» дегенде?!

 

Заманның сіңіп жанға тұманы,

Запыран төкті зарлы атырабы.

Кекке кептелген қолы аппақ,

Қала қызыл қан сораптап,

Қадам жасасам жол аттап,

Көрініс кейбір тонап бақ,

Алда тұрады,

Көшеде қалған Алматыдағы.

 

Өрі уатылып өлкенің кеше,

Зарға малшынды көркемің неше?

Аспанға қастық көмкерілмесе,

Намыс бар ыдыс төңкерілмесе,

 

Жүре ме қазақ сын ұшын құшып?

...Бүгін жанымның жыры шыңда ұшып,

Ыңыранамын ырысымды ішіп.

Мәңгілігімнің қылышын қысып!

 

Ұлы армандарға ұласар мекен,

Деген еді ғой «Қыра сал» бөтен.

Қаны әкелді құт. Сыр ашам да өтем.

Қуанайын ба?!

Жыласам ба екен?!

 

Жағасын ұстап ащы күлердің,

Абадан болған жасты білермін!

Кетпейді өксігі асқынып елдің.

Ендігі күннің Қасқыры менмін!

 

 

Жас

 

 

Жатқан жоқ қарқынымды дала аңдамай,

Куә емес қуатыма қалам қалай?!

Күнінен еркіндіктің қолымды үзіп,

Бүгіп ем қос тіземді заманда қай?

 

Жаңғыртып кеудемдегі  атырапты үн,

Кезінде көзін жаудың шатынаттым.

Ардақтың, Алаш, сенің Абылай боп,

Қалмақтың қабырғасын қақыраттым.

 

Шебері ем қалт- құлт етіп, қайқаңдаудың,

Сөзімді тіліп тұрып айта алғанмын.

Қағына жанжалдасса, Төле болып,

Дауына кесім айтып, қайтарғанмын.

 

«Елім» деп тақылдаған таңдай дарда,

Соғылған соны көріп маңдай жарға.

Жаншып кеп жанды ауыртса уақыт сызы,

Мәншүк боп ызаландым қан майданда.

 

Сүйекке ауыр- ауыр шерім бойлап,

Өзгелер таптап жатқан жерімді ойлап,

Арманның атын мінген Қайрат болып,

Салғанмын желтоқсанның желінде ойнақ.

 

Намысты тастағанда еппен сөгіп,

Қалғанмын жазығымда кектен шөгіп.

...Денені келем бүгін шыңға сүйреп,

Себебі, Мағжан ақын кеткен сеніп.

 

Бұлтынан зұлматтардың тазарды көк,

Көкейім көп ойларды жазар күреп.

...Келгенде бұл заманға ұсақталмас,

Кеудемде соғып тұрған Қазақ- Жүрек!

 

 

Семсер

 

 

Жалын шайыр деп аталмадым мен,

Жанып- піссем де жырға жүз.

...Жарқылдап бір кез жапанда жүрген,

Жұлқына сөйлеп түрлі абыз.

 

Марғасқалар - ау, жайың үстем бе,

Мінін жасырар кім кімнен?

Майқы билерім майын ішкенде,

Мың жүрек мұңы сілкінген.

 

Қадірлілердің жігі жұмсақтан,

Қақырап қалса, мұң қылмақ.

Қазтуған баба жілігін шаққан,

Қазақтың тілі тым қымбат.

 

Арға орамды ойды матасып алған,

Алдаспан ғой деп ел сенді.

Асан қайғының қапасы болған,

Асыл сөзім- ай, сен шерлі.

 

Демеймін мұңнан бұғатын ұлмын,

Долданып өпті арқамды ой.

Даналарымнан мұра тілімнің,

Даладай орны дархан ғой.

 

Жарқыл жанармен жұлқындың, Абай,

Жанынан жұрттың шер сордың.

Жүр сенің, тілім, құлқың құламай,

Жүзінде лыпып Семсердің.

 

Сананы маза қиын қармап ап,

Сергелдеңде тұр сезімім.

Семсер боп шайыр - құйылған болат,

Салымы жүзі сөзінің.

 

Өмірден өткен Ұлы көпке игі,

Өзегім- өксік, еңсең- мұң.

Өткірлігінің құны кетпейді,

Өйткені, мен де Семсермін!

 

                           2017

 

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha