Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№33. Қанатталды (Пьеса)


     ҚАТЫСУШЫЛАР:

 

Орынбек Беков – театр директоры, мәдениет және қоғам қайраткері

Рабиға Есімжанова – актриса, әнші, Орынбек Бекұлының ғашығы

Мұхтар Әуезов – жазушы-драматург, әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Темірбек Жүргенов – Оқу-ағарту комиссары

Әміре Қашаубаев

Қалибек Қуанышбаев

Елубай Өмірзақов

Жүсіпбек Елебеков

Қапан Бадыров  – артистер

Сәкен Сейфуллин

Ғабит Мүсірепов

Ілияс Жансүгіров – қаламгерлер

Михаил Насонов – режиссер

Қызыл режиссер

Қызыл артист

Қызыл қаламгер – жиынтық образдар

Ахмад Тоқтақынов – НКВД қызметкері

Тергеуші, сақшылар

 

 

БІРІНШІ КӨРІНІС

 

Алматы қаласы. Қазақ драма театры директоры Орынбек Бекұлы кабинетінде жападан жалғыз ой құшағында отыр. Оң қолымен шашын қайырғыштап, бетін сипап қояды.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ.  Қазақтың қасиетті өнер ордасының көсегесін қалай көгертуге болады? Абырой-беделін асырып, мәртебесін көтеруге қолдан келгеннің бәрін жасап бағармыз. Киелі сахна арқылы өскелең ұрпақтың бойына ізгілік дәнін сеуіп, ұлттық рухта тәрбиелей алсақ, мақсат-мұратымыздың орындалғаны болар еді-ау, шіркін!

Қазақ театрының жүрер жолы қандай болмақ? Ұлттық театр болғандықтан, бағыт-бағдары да соған сай болуы керек. Шынында да, театр – ұлттың өткені мен бүгінгі сүрлеу-соқпақтары арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, елі мен жерін сүйе білуге тәрбиелейтін үлкен өнер мектебі. Ұлттық сананы оятқымыз келсе, ең алдымен тарихи жадты жаңғыртқан жөн. Ендігі кезекте халқымыздың жүріп өткен күре тамырлы жолынан сыр шертетін тарихи туындыларды сахналау керек. «Қыз Жібек»,  «Айман – Шолпан», «Еңлік – Кебек» қойылымдары сәтті сахналанды, көрермен жылы қабылдады. Енді «Хан Кенені» өз деңгейінде шығара алсақ, алға қойған мақсатымызға бір табан болса да жақындай түсер едік-ау, шіркін!

 

Осы кезде Мұхтар Әуезов кіреді.

 

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Ассалаумағалейкум, Ореке!

ОРАНБЕК БЕКҰЛЫ (орнынан көтеріліп). Уағалейкумассалам, Мұха! Кел, отыр. (Орындық ұсынады). Не жаңалық?

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Айтарлықтай жаңалық та жоқ. Бәрі сол баяғыша. Жай шақырдыңыз ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жай шақыртпайтынымды білесің ғой!   Сенің «Хан Кенеңді» қойсақ деген ой-жосығымыз бар.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ (түрі өзгеріп). Ореке, ол қалай болар екен?! Мойнымда қоңырау бар екенін өзіңіз жақсы білесіз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, білемін. Бірақ, дәл қазір қазақ сахнасына Кенесары секілді ұлтқа ұстын болар ұлы тұлғаларды көбірек шығару қажет. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді сіңіріп, отаншылдыққа баулып, ұлтты тарих арқылы тәрбиелеуіміз керек. Кенесарының өмірі, тағдыр-талайы, отаршыларға қарсы күресі таптырмас үлгі-өнеге емес пе?!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Оған сөз бар ма, Ореке! Бірақ, менің абақтыдан қалай босап шыққанымды білесің ғой. Бекерден бекер өмірлік ұстанымдарым мен жүрегімді жарып шыққан шығармаларымнан бас тартатын ақымақ емеспін ғой! Шынын айтқанда, аман қалудың амалы еді. Зордың күшімен әрең құтылғанда, басыма тағы пәле болып жабысып жүрмей ме?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мұха, мен сені жақсы түсінемін, бірақ еш алаңдама, бәріне өзім жауап беремін. Темірбек Жүргеновтің өзі ыңғай білдіріп отыр. Сондықтан қорқатын дәнеңе де жоқ. Кенесары ханды бүкіл сән-салтанатымен қазақ сахнасына қалайда алып шығуымыз керек. Айтшы өзің, Хан Кенеден асқан кіміміз бар?! Бізге керегі оның мақсат-мұраты, арман-аңсары, отаршыларға қарсы табанды күресі. Жеке ел болып, дербес мемлекет атануға толық хұқылымыз. Ендеше тәуелсіздік жолындағы күресімізді бір сәтке де тоқтатпай, ұлы ханның қасиетті ісін одан әрі жалғастыра беруіміз керек.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Темкеңнің өзі ықыласты дейсіз бе? Бұл бір қуанышты жағдай екен! Иә, айтқаныңның бәрі орынды. Оны мен түсінбейді дейсің бе, Ореке! Қолымыздағы қалам отаршыларға атылар қару болуға жараса, қуанбасақ, өкіне қоймаспыз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, Мұха, осылай деріңе сеніп ем. Көп кешіктірмей дайындықты бастап кетуіміз керек. Айтшы өзің, «Айман – Шолпаның» мен «Еңлік – Кебегің» керемет қойылды, ә! Риза шығарсың!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Иә, сәтті қойылды, бек ризамын, достым! Көпшіліктің де көңілінен шыққан сияқты. Артистеріміз жарады, ана Мәскеуден арнайы алдырған режиссердің қолтаңбасы да қатты ұнады. Өз ісінің нағыз шебері екен.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Михаил Насоновты айтып тұрсың ғой, ә! Ой, ол мықты режиссер ғой. Арнайы шақыртқанымыз да сол. «Хан Кенені» де соған тапсырсақ қайтеді?

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Қарсылығым жоқ. Оны бір алып шықса, сол Михаил алып шығады. 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әй, ана бар ғой, Айман мен Еңлікті ойнаған жап-жас қызға қатты тәнті болдым-ей! Тума талант екен, ә!  Кескін-кейпі келісті-ақ... нұрлы жүзі, мөлдір көзі... өзіне сондай тартып тұрады екен... Бәрінен де бұрын сахнадағы өзін-өзі ұстауы, жүріс-тұрысы, өнері қандай, а? Жан-тәнімен беріліп ойнайды екен, образға кіріп кетеді екен, ә! (басын шайқап) Ғажап... Айтшы өзің, а, бұндай таланттар қазақта көп емес қой!..

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Иә, оны мен де байқадым!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай көркіне өнері сай өнерпазды байқамау мүмкін емес қой!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Өзі сондай сүйкімді екен. Қайдан тауып алғансың! Қазақ қыздарының арасынан да осындай сахна шеберлері өсіп келе жатқанына қалай қуанбассың!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, шынында да тал бойында бір мін жоқ, хас сұлудың нақ өзі! Дауысында адамның жан-дүниесін баурап алатын, сезім қылын шертетін сиқырлы саз бар. Әр сөзді жүрекке жеткізіп айтады.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Шынында да, нағыз өнер үшін жаралған жан екен! Сұлулығына көзің, өнеріне көңілің толатын осындай актрисалар керек. Театрдың көсегесін көгерткіңіз келсе, осындай талантты жастарды көбірек тартыңыз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Дұрыс айтасың, Мұха, ол жағын өзіңізбен кеңірек ойласармыз. Қарағандыдан Жүсіпбек Елебеков деген бір жігітті алып келдім, қасқаң ауылда қой бағып жүр. Дауысы керемет, әнді нақышына келтіріп орындайды. Тура тұла бойы тұнып тұрған өнер. Шығармашылық ұжымды түгел шақырдым. Өнерін тамашалап, әнін тыңдап көрейік. Егер көңілден шығып жатса, театрға қабылдаймыз. Әй, мен адам танысам, қамшы салдыра қоймас. Ауыл – өнер кеніші ғой, шіркін!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Пәлі, Ореке, бұныңызды қос қолдап қолдаймын. Ауылда бағы жанбай жүрген таланттар баршылық. Соларды іздестіріп, тауып, өнерінің өркен жаюына жағдай жасау, сіз бен біздің азаматтық парызымыз ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Дұрыс, айтасың, Мұха!

 

Осы кезде ішке Қапан Бадыров кіреді. Орынбек Бекұлы мен Мұхтар Әуезов орындарынан тұрып, құшақтасып амандасады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қал-жағдайың қалай, Қапан?

ҚАПАН БАДЫРОВ. Құдайға шүкір, Ореке! Тек ана иісшіл иттердің анда-санда мазаны алып жүргені болмаса.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Олар да қызық, қарапайым артист не бүлдіреді деп ойлайды екен! Алаңдамай, жұмысыңды істей бер, бір мәнісі болар.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Атаңа нәлет, түрмеде отырды деген жаман атымыз бар емес пе, жаның тыншу таппай кетеді екен!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Менің де әлгінде айтқаным осы еді. Жау айналдырмасын деңіз, айналдырса алмай қоймайды. Сақтық керек, Ореке! Заманның сұрынан қорқам.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Иә, бір уіл бар. Дауыл тұрмасын деп тілеңіз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ой, үрейге бой алдыра бермеңдерші, түге! Қара бұлтты қаптататындай ештеңе көріп тұрғамын жоқ.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Ореке, сен әрине, түрменің ащы дәмін татқан жоқсың. Ал Мұхаң екеуміз тар қапаста біраз бірге жаттық қой, білеміз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бірге жатқаны қалай?

ҚАПАН БАДЫРОВ. Ой, сен білмейді екенсің ғой, Ореке! Қызық болғанда, Мұхаңмен ең алғаш жүзбе-жүз 1930 жылы түрмеде кездестім. Үш қазақ, бір орыс 17-ші камерада жатыр екен. Қасымдағы Ақылбаев – Абай атамыздың немересі, Сапақов, Шегіров, Данияров... қойшы әйтеуір, жеті жігіт түрме бастығының орынбасары Мағазы Масаншыға барып, Мұхаңды ортамызға қосып алдық. Көңілі құлазып, "алаштың азғыны" атағынан көп теперіш көріп, қажып, қалжырап қалған шағы екен. Сонда да жүрегіміз жарыла қуандық. О, Алла, абақтының да өзіне тән қуанышы болады екен. Міне, содан бері сырластығымыз да, сыйластығымыз да үзілген жоқ. Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Дулатовтың шәкірті деп мені де тиісті орындарға сыбырлап жүрген өзімнің достарым еді. Мұха, есіңізде ме, түрмеде жатқанда  "өлең де оқыма, ана ағаларыңды білем демей жайыңа жүр, заман құтырып тұр" деп ақыл айтып едіңіз ғой!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Әрине, есімде. Ол күндерді қалай ұмытайын. Құдай қолдап, екеуміз де тар қапастан аман шықтық қой, әйтеуір. Әлі де айтарым сол, шайқап сөйлемей, байқап сөйлеңдер. Әсіресе, Орынбек сенің, тым артығырақ сілтеп жіберетінің бар. Ауызыңа ие болмасаң болмайды. Заман әлі құбылып тұр.

 

Осы кезде Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Михаил Насоновтар кіреді. Отырғандар орындарынан тұрып, қауқылдаса қауышады. Іле шала имене басып Жүсіпбек Елебеков кіреді. Ол басына жеңіл пұшпақ бөрік, үстіне жағыс мен жеңіне құндыз ұстаған ішік, аяғына саптама етік киіп алған.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жүсіпбек деген серіміз осы.

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Білеміз ғой, Жүсіпбекті!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Өте дарынды жігіт. Өнерін тамашалап, сынап көрсеңдер.  Қатарымызға қабылдасақ па деген ойымыз бар.

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Сынайтын несі бар, Жүсіпбектей әншіні төрткүл дүниені шарқ ұрып іздесеңдер де тапассыңдар!

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Шынында да театрымызға Жүсіпбектей табиғи таланттар керек-ақ!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Асатпай жатып құлдық ұрмаңдар, алдымен өнерін тамашалап көрейік, ұсыныс-тілектеріңді содан соң айтарсыңдар. Кәне, Жүсіпбек, қолыңнан не келетінін көрсет.

 

Ортаға имене басып шыққан Жүсіпбек домбырасын қағып-қағып жіберіп, Мәдидің «Қарқаралы» әнін шырқай жөнелді.

 

Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген арқадағы.

 

Немене, көрген қызық көрмегендей,

Жас дәурен жауар бұлттай өрлегендей.

Жігіттік көк семсердің жүзі емес пе,

Қайрап ап қалың жауға сермегендей.

 

Қонғаны ауылымның Талды-ау деймін,

Жағалай ел жайлауга барды-ау деймін.

Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер,

Артымда, Үшқарам-ай, қалды-ау деймін.

 

Басында Үшқараның балғын едім

Көкөрай сазға біткен шалғын едім.

Екінің бірі болсам арманым жоқ,

Бәпиден жалғыз туған Мәди едім.

 

Ішінде абақтының біз жатамыз,

Көңілді құмалақпен жұбатамыз.

Алыстан іздеп келген ағайынға,

Тесіктен алақандай тіл қатамыз.

 

Жүсіпбек домбырасын қағып-қағып жіберіп, әнді аяқтады. Ұйып тыңдай қалған театр қайраткерлері бір сілкініп қалды.

 

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Пәлі, мына жігіт ғажап әнші ғой! Осы уақытқа дейін көрінбей қайда жүрсің, әкем-ау!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай берген табиғи дарынын қор қылып қой соңында салпақтап жүр. Бұның орны сахна ғой! Жетелеп алып келгенім де сол.

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Міне, әнші! Әй, Орекем-ай, таланттың бағын ашар қасиетің бар-ау! Басшының бәрі сендей болса, еліміз гүлденіп кетер еді-ау!

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Айттым ғой,  табиғи дарын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кәне, Жүсіпбек бауырым, екі аяғың тең болсын, тағы бір ән шырқап жібер.

 

Жүсіпбек бәлсінген жоқ. Домбырасын қағып-қағып жіберді де, Мәдидің «Қаракесек» әніне басты.

 

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досым аз, дұшпаным көп қылған өсек.

Үстінде құс мамықтың жататын ем,

Бұл күнде қу қарағай болды-ау төсек.

 

Міндім де Қаракөкке жылыстадым,

Бардым да Қараөткелге жыл қыстадым.

Науқасым жанға батып жатқан кезде,

Болмады жан ашитын туысқаным.

 

Ән әуелеп барып үзілді.

 

ЖҰМАН ШАНИН. Ағайындар, ал енді не дейсіздер, меніңше Жүсіпбекке театр емес, театр Жүсіпбектей өнерпазға зәру.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Жақсы әнші, дауысы да ерек, театрға осыдан артық қандай өнерпаз керек.

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Құдай бәрін молынан берген екен, шіркін, тума талант, табиғи дарын. Дап-дайын артист емес пе!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Дауысың сондай керемет, ең бастысы әнді жүрекпен айтады екенсің. Әрине, аздап тәжірибе мен музыкалық білім-білік жеткіліксіздеу секілді.  Ондай аздаған кем-кетіктерді Әміренің өзі-ақ түзеп жібереді ғой! Әміре қайда өзі, соны шақыру керек еді. Нағыз әнші, сұңғыла сыншы сол ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Оны да шақыртқанбыз. Жоқ қой өзі! Қайда жүргенін бір Құдай біледі?!

ЖҰМАТ ШАНИН. Сері емес пе?! Серілік құрып, қызық қуып кеткен шығар!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ол ондай ақымақ емес, бірдеңеге ұшырап қалмаса жарар еді...

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Өй, оған не болар дейсің, жүрген шығар сол қызды ауылды аралап.

 ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қазір оның қызды ауылды жағалайтын жағдайы жоқ.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Е, не боп қалды оған?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кейін айтармын! Ал Жүсіпбекті театрға қабылдаймыз ба?

ЖҰМАТ ШАНИН. Әрине, қабылдау керек!

ДАУЫСТАР. Қабылдансын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ал, олай болса, Жүсіпбек, сен бүгіннен бастап біздің ұжымның бір мүшесісің. Тек Мұхтар ағаңның айтқанын үнемі есіңде ұста. Ең бастысы, әнді бұзбай айтуды үйрен. Қабілет-қарымың бар екенін көрдік, байқадық, соны шыңдай түсудің қам-қарекетін жаса. Тынбай ізден, жалықпай үйрен. Біз саған үлкен үміт артамыз. Ұятқа қалдырмайтыныңа сенеміз! Жұлдызың жарқырап жана берсін!

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Рахмет, Ореке! Бәріңізге де алғысым шексіз! Ниет-пейілдеріңізге көптен көп рахмет! Хал-қадірімше үміттеріңіздің үдесінен шығуға, сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Киелі өнер ордасында еңбек ету асыл арманым еді, іздегенімнің алдымнан табылғанына шексіз қуаныштымын.  Айтқандарыңызды ескеремін, ұятқа да қалдырмаспын, аянып та қалмаспын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ендеше, не дейміз, мына отырған ағаларыңның жолы жұғысты болсын, өнерің өрге жүзе берсін, бауырым!

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Рахмет, аға!

 

Жүсіпбекті бәрі құтықтайды.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Енді өзіміздің негізгі жұмысымызға көшейік. Ескертіп едім ғой, естеріңде шығар, Мұхаңның «Хан Кене» пьесасын сахналасақ па деген ойымыз бар. Театрымыздың репертуарын тарихи қойылымдармен толықтыру бүгінгі күннің басты талабы. Оның үстіне Кенесары ханның өнегелі өмірі мен азаттық жолындағы күресін құдіретті өнер арқылы жас ұрпаққа насихаттау да басты борышымыз екенін ұмытпайық. Ал бұған сіздер не дейсіздер?

ҚАПАН БАДЫРОВ. «Хан Кене» халқымыздың басынан кешкен қиын-қыстау кезеңді көз алдымызға көлденең тартар күрделі шығарма, сахнаға сұранып-ақ тұр. Кенесары хан – ұлтқа  ұстын, ұрпаққа үлгі болар ұлы тұлға. Сондықтан мен мұны қос қолдап қолдаймын! Мұхаңның алтын қолынан шыққан кез-келген өнер туындысы театрымыздың абыройын асқақтатып, мәртебесін көтереріне сенемін!

ЖҰМАТ ШАНИН. Бәрі дұрыс-ау, сіздерді жақсы түсінемін. Кенесары ханға да, Мұхаңа да көзқарасым дұрыс. Десек те, дәл қазір бұл тақырыпты алаулатып-жалаулатудың қажеті бар ма?! Неге екенін тәтпіштеп айтудың керегі жоқ шығар. Жақсылыққа ұмтыламыз деп, жамандық шақырып алып жүрмейік!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Шынында да, сау басымызға сақина тілеп алып жүрмейік. Керек болса, тарихи тақырыпқа басқа шығарма жазып берейін.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Хан Кенені сахнада тірілтер мезгіл жетті. Көлеңкелеріңнен қорқып, үрей шақыра бермеңдер!

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. «Хан кенені» қою парыз. Театрымыз кемелденіп келеді, артистеріміздің де әлеуеті жетеді. Қара да тұрыңдар, бұл еліміздің мәдени өміріндегі үлкен құбылыс, елеулі оқиға болады.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Кенесары ханды сахналамағанда, енді кімді сахналамақпыз?! Сәті түсіп тұрған сияқты. Әркім әр жаққа тартпай, білекті сыбана кірісіп кетейік.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, айтысып-тартысуды қойып, нақты іске көшейік. Мен бұл жайында Оқу-ағарту комиссары Темірбек Жүргеновпен де ақылдасып-кеңестім. Батасын берді. Енді неден қорқамыз?! «Хан Кенені» лайықты сахналай алсақ, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, алғыс арқалаймыз. Бізге керегі де осы емес пе?! Сондықтан «Хан Кенені» сахналауды тездетіп қолға алуымыз керек! Көрермен көзайымына айналатын қойылым боларына бек сенімдімін.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Ореке, кесімді сөзі айтар  өзіңіз. Сіз қалай айтсаңыз, солай болады ғой. Шынында да азаттық жолында әзіз басын құрбандыққа шалған Кенесарыдай ұлы тұлғамызды ұлықтау бүгінгі ұрпақтың басты парызы емес пе! «Аузы күйгеннің үріп ішетінін» өзіңіз жақсы білесіз, біз тек сақтық жағын ғана ескертіп отырмыз. Әйтпесе, Кенесары мен оның күресін сахнадан көрсетуге деген ізгі ниетіңізді қуана-қуана қоштаймыз!

ҚАПАН БАДЫРОВ. Менің де айтарым осы. Азаттық жолында арыстанша арпалысқан Кенесарыдай ұлы тұлғаны қалайда қазақ сахнасына алып шығуымыз керек. Бұл менің де асыл арманым!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бәсе, бәсе, қателеспеген екенмін. Ендеше, бүгіннен бастап іске кірісейік. Мен қойылымның режиссерлігіне Михаил Насоновты ұсынамын. Кеше Михаилмен оңаша сөйлескем бұл жайында. Ол қарсы емес.  (Насоноввқа қарап) Солай ма, Михаил?

МИХАИЛ    НАСОНОВ. Әрине. Қуана-қуана қоямын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ал бұған сіздер қалай қарайсыздар?

ЖҰМАТ ШАНИН. Оны дәл қазір одан басқа ешкім де алып шыға алмайды. 

ҚАПАН БАДЫРОВ. Бұл ұсынысты мен де қолдаймын, қай жағынан болсын тиімді. Нені меңзеп тұрғанымды өздеріңіз де түсініп отырған шығарсыздар.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Осындай айтқызбай түсінетін ерлерден айналып кетпейсің бе! Ал рөлдерге келетін болсақ, мен Кенесарыны Қалибекке, Наурызбайды Елубайға, Нысанбайды Әміреге беру жөнінде ұсыныс айтамын. Қалғанын Михаил мырзамен ақылдасып, жол-жөнекей шеше жатармыз. Спектаклдің жақсы шыққаны бәрімізге абырой, биік мәртебе. Сондықтан бұған бәріміз бір кісідей атсалысайық. Сонда халықтың көңілінен шығатын жақсы қойылым қоя аламыз.

ДАУЫСТАР. Әрине. Келістік. Аянып қалмаспыз! Батыр бабамыздың аруағы бір аунап тұратын болды-ау!

 

Бәрі шығып кетеді. Орынбек Бекұлы жападан жалғыз қалады. Қойын дәптеріне асығыс-үсігіс бірдеңелерді жазып жатыр. Кенет есікті тарс еткізіп ашып, майор шеніндегі әскери киім киінген ұзын бойлы, жалпақ бет НКВД қызметкері Ахмад Тоқтақынов кіріп келеді. Орынбек Бекұлы оған «рұқсатсыз неге кіресің» дегендей сұстия қарайды. Ол ырғала басып келіп, театр директорының алдыңғы жағында тұрған орындыққа қонжия кетеді. Бір мезет екеуі арбасқан жыландардай көздерімен атыса қалысады.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қалыңыз қалай, Орынбек мырза!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сен сұрағаннан жақсарып кетпес.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ.  Неге осы мені көрсеңіз жын көргендей жиырыла қаласыз? Ешқандай жамандық жасағаным жоқ қой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (қабағын түйіп). Не керек өзі саған?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (жымысқылана жымиып). Маған ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Енді кімге? Көзіңе тағы не елестеп отыр?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қашаубаев...

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қашаубаевта не ақыларың бар? Бейшараны өлтіріп тынатын шығарсыңдар.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Әл-әзір өле қоймас.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Соңына осыншалықты шырақ алып түсетіндей не жазып еді?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Оның не істеп жүргенін сіз білмейсіз ғой! Ол тек сахнада ғана емес, өмірде де әртіс. Керемет ойнайды.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әй, оның қолынан не келеді, ойлансаңдаршы, бір уақ? Әміре бірдеңе бүлдіре қояды дегенге өз басым сенбеймін!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сенбесеңіз, айтыңызшы, ол өзі қазір қайда жүр? Екі-үш күннен бері үйіне де келген жоқ!

ОРЫНБЕК БЕКОВ. Оны соңына түскен сендер білмесеңдер, мен қайдан білейін?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Неге іздемейсіз? Ол сіз басқарып отырған театрдың қызметкері ғой. Сіз оған ай сайын толық көлемде айлық жалақы төлейсіз, ал ол болса жұмысқа келмейді. Бұны қалай түсінуге болады? Біле-білсеңіз бұның өзі қып-қызыл қылмыс емес пе? Басыңызбен жауап беруге тура келеді.

ОРЫНБЕК БЕКОВ. Бұл құқық қорғау органы немесе мемлекеттік қызмет емес, киелі өнер ордасы. Бұнда артистерді күндіз-түні байлап ұстау міндетті емес, спектаклдерден қалмай, өзіне бекітіліп берілген рөлдерін ойнап жүрсе болғаны. Өнерпаздардың негізгі жұмысы да сол емес пе?!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сіз олай жауапкершіліктен жалтара алмайсыз. Біліп қойыңыз, театр да мемлекеттік мекеме, ендеше тәртіп пен талап бәрімізге бірдей. Одан да оның қайда жүргенін айтыңыз, болмаса, тауып беріңіз. Сіз білесіз!

ОРЫНБЕК БЕКОВ (жүні жығылып). Мен қайдан білемін?! Тек қатты шаршап жүргенін білемін. Оған тиіспесеңдерші, ол қылмыскер емес, жүрегі нәзік өнер адамы ғой. Қысастық жасай бермесеңдерші, ол оны көтере алмайды. Бір күні морт сынуы мүмкін.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Оны ақтамай-ақ қойыңыз... Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой, халықты қанды қырғынға ұшыратқан қанішер хан туралы қойылым қойғалы жатыр екенсіңдер. Бұны қалай түсінуге болады?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Оны кім айтты тағы?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Ел арасындамыз... естідік...

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ол қанішер хан емес, қазақ трихында өзіндік орны бар ұлы тұлға. Біз не қоямыз, өзіміз білеміз, шаруаң болмасын! Ұқтың ба?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Байқаңыз, хан-сұлтандарды дәріптейміз деп, шоқ басып алып жүрмеңіздер!

ОРЫНБЕК БЕКОВ. Болды, жетер! Сенімен салғыласып тұруға зауқым да, уақытым да жоқ.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (езу тартып). Қашаубаевтың қайда екенін айтпасаңыз, кетпеймін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (дауысын көтеріп). Кетесің бе, жоқ па!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Кетпесем, не істейсің!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (түтігіп). Атып тастаймын!

 

Орынбек Бекұлы наганын суырып алып, оның маңдайына тақайды.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (сұстанып). Кетесің бе, жоқ па? Жоқ әлде, осы жерде сеспей қатырайын ба? 

 

Театр директорынан бұндай оқыс қимыл күтпеген НКВД қызметкері Ахмад Тоқтақынов шошып кетеді.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сіз... сіз... бұл іс-әрекетіңізге әлі өкінетін боласыз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Егер, осы жерде итше бұралып өлгің келмесе, енді қайтып келуші болма! Ақырғы рет ескертемін, енді көзіме көрінсең, менен жақсылық күтпе!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (булығып). Ендеше бізден де жақсылық күтпеңіз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сенен ешқашан жақсылық күткен емеспін! Күтпеймін де...

АХМАД  ТОҚТАҚЫНОВ. Ашуыңыз бойыңызда тұр екен, тарқағанда келермін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ашуым сені көрсем қайта қозып кетеді. Сондықтан қайтып келуші болма!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Менің келуім маған емес, сізге керек! Ойланыңыз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ойланатын дәнеңе де жоқ. (наганын жоғары көтеріп) Енді келсең, табанда атып тастаймын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Ендеше, өз обалыңыз өзіңізге!

 

Ахмад Тоқтақынов алая бір қарайды да, шығып кетеді. Орынбек Бекұлы басын ұстап отырып қалады. Сәлден соң ішке Әміре Қашаубаев кіреді. Үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы өсіп кеткен. Жүзі тотыққан, бет-ауызы көгерген. Көзі жасаурап тұр.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (таңырқап). Әміре, не болған саған? 

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ (үрейленіп). Әбден, қажыдым! Аналар күн көрсетер емес. Қайда барсам да, басқан ізімді аңдып, көлеңкедей көлбеңдеп қыр соңымнан қалмайды.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, жаңа ғана сені іздеп келіп кетті.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Білем!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қайдан білесің?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Олар мені, мен оларды аңдитын болдым. Осында кіргенін де, шыққанын да тасадан бақылап тұрдым. Не дейді, атаңа нәлет?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не деуші еді, сені іздеп жүр, екі-үш күннен бері үйіңе де қонбапсың! Қайда жүрсің, өзі? Мына жүрісің не? Азып-тозып кетіпсің ғой!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Оны сіз сұрамаңыз, мен айтпай-ақ қояйын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұлай жүре беруге болмайды ғой, Әміре!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Е, Ореке-ау, қайбір жетіскеннен жүр дейсіз?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бүлдірген ештеңем жоқ, не істей алар дейсің олар саған?!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Е, Ореке-ау, сен білмейсің ғой, олардың маған қандай құқай көрсетіп жүргенін! Қас қарая үйден алып кетіп, таң сәріге дейін тергеп, қыспаққа алады. «Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен не үшін жолықтың, не жайында сөйлестің, не жеткіздің, ол саған қандай тапсырма берді» деген сықылды құйтұрқы сұрақтар қойып, қанымды қайнатады. Амандық-саулық сұрасып, туған елге деген ыстық сағынышын білдіргеннен басқа артық-ауыз ештеңе айтқан жоқ десем, сенбейді, атаңа нәлеттер. Жазықсыздан жазықсыз ұрып-соғып, шыбын жанымды көзіме көрсетіп азаптап-қинайды. Содан соң «бұны тісіңнен шығарсаң, түп-тұқияныңмен құртып жібереміз» деп тағы қорқытып-үркітеді. «Қылмысыңды мойында» дейді. Қандай қылмыс жасап қойғанымды өзім де білмеймін.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Дұрыстап түсіндірші, бұл өзі қалай болып еді?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Сенен несін жасырайын! Тіпті жасырып-жабатын да ештеңесі жоқ. 1925 жылы жаз айында мен барлық ұлттық республикалардан жиналған оннан аса әртіспен бірге Франциының астанасы – Парижге бардым емес пе?! Барған бойда «Дария» қонақ үйіне орналастым. Келесі күні қонақ үйге Мұстафа Шоқай келіп, арқа-жарқа болып, біраз сыр шертістік. Ол Қазақстанның  қазіргі жағдайы туралы сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар да қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ, олардың кімдер екенін айтқаным жоқ, ол да менен сұраған жоқ. Сонан соң, ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» дедім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен: «Байтұрсынов Қызылордада мұғалім, ал, Дулатов әдебиетпен айналысып жүр» дедім. Мұстафа өзінің Сұлутөбеде туып-өскенін және сол жердегі туыстарынан хат алып тұратынын, сондай-ақ Кеңес Одағына барғысы келетінін айтты. Кеңес Одағының елшісі Красин оған елге қайтуды ұсынған екен. Бірақ, ол жолға көп қаражат керек екендігін және өзіне қауіпті болатынын ескертті.

Тағы бір жолы Мұстафа Шоқай қонақ үйге келіп, актерлердің бәрін мейрамханаға қонаққа шақырды. Бірақ, әркім әр түрлі сылтау айтып, мен ғана бардым, ол екі саптаяқ сыра алдырды. Екеуміз небәрі он бес минуттай бірге болдық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді.

Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқайдың сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жүргенін сұрады. Мен Мұстафа Шоқайдың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сенен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа хат беріп жіберіпті дейді ғой. Сол шын ба?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Иә, ол рас.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Онда не жайында жазылған еді?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Ол хат желімделген болатын, ашып оқымадым.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Оны иелеріне тапсыра алдың ба?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Жоқ, ол хат айдың-күннің аманында аяқ-астынан ізім-ғайым жоғалып кетті, қанша іздесем де, қойған жерімнен таба алмадым.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Түсінікті. Қолды болған екен ғой!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Дәл солай!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сонда артық-ауыз бірдеңе болып жүрмесе.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Кім білсін?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бірақ, онда не болуы мүмкін?!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Соны айтам, амандық-саулықтан басқа не жазар дейсің?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұны тағы кімдер біледі?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Ешкім.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Дұрыс, тірі жан білмей-ақ қойсын! Енді не істейсің? Үйіңе барсаңшы!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Үйіме барсам, тағы да ұстап әкетіп, жанымды тірідей тозақ отына күйдіреді ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Енді не істейсің?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Өзім де білмеймін!

 

Осы кезде есіктің ар жағында тың тыңдап тұрған НКВД-ның үш қызметкері кіріп келеді. Олардың басшысы Ахмад Тоқтақынов аяғын нығыздай басып, Әміре Қашаубаевқа тақай түседі.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қашаубаев, қайда қашып құтылам дедің? Жер астына кіріп кетсең де, құлағыңнан тартып шығарамыз ғой!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Кім қашып жүр?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Енді мен емес шығармын! Қашпасаң, қайда жүрсің? Берген уәдең қайда?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Қандай уәде?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Болған жайт туралы ешкімге тіс жармау туралы.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Мен кімге не деппін?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Не дегеніңді бағанадан бері өз құлағымызбен естіп тұрмыз ғой. Қылмысыңның дәл үстінен түссек те, ештеңе мойындағың келмейді, ә! Мойындамай, қайда барасың! Кәне, бізбен бірге жүр!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Қайда?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қайда болушы еді, өзің білетін жерге!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Бармаймын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Неге?

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Не істейтіндеріңді білем ғой!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Егер істегеніңнің бәрін мойындасаң, жайыңа-ақ қалдырамыз!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Айтшы өзі, ешқандай қылмыс істемесем, нені мойындауым керек?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Егер шынымен сүттен ақ, судан таза болсаң,  біздің сенде неміз бар?! Көп сөзді қой да, бізбен бірге жүр!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Ешқайда бармаймын! Өлтірсеңдер де, осы жерде өлтіріп кетіңдер!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Бармай, қайда барасың!

 

Ахмад Тоқтақынов екі серігіне ұстаңдар дегендей иек қағады. Екі сақшы әншінің екі жағынан келіп, білегінен шап беріп ұстап, қолын қайыра бастайды. Сол кезде Орынбек Бекұлы жүгіріп келіп араға түседі.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әй, сендер білесіңдер ме, бұл атақ-даңқы алысқа жайылған айтулы өнер қайраткері ғой. Қылмыс жасамақ түгілі, тірі жанға қылдай қиянаты жоқ. Жөніне қалдырыңдар оны!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Беков жолдас, заң алдында бәріміз бірдейміз. Әрі сіз оның немен айналысып жүргенін білмейсіз. Оны мына біз ғана білеміз!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Ал білсеңдер айтыңдаршы, немен айналысып жүр екенмін? Басқа емес, алдымен өзім біліп алайын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сенің білмейтінің жер астында шығар. Тек өп-өтірік ақымақ бола қалатының болмаса.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (кәрін төгіп). Мен бәрібір оны сендердің қолдарыңа беріп қоя бермеймін. Ол біздің театрдың қызметкері, атақты артист, талантты әнші.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Оның кім екенін бізге айтпай-ақ қойыңыз! Біз оның өзінің ғана емес, жеті атасының немен шұғылданғанын білеміз. Сіз қылмыскерге ара түсу арқылы өзіңізді де қылмысқа итермелеп тұрсыз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Егер Әміре қылмыскер болса, мен де қылмыскермін. Онда мені қоса ұстаңдар. Егер дәл қазір алып кететін болсаңдар, тура республика басшысының өзіне барамын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қайда барсаңыз да, сіздікі дұрыс болмай шығады, Беков жолдас

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен бәрібір бұны аяқсыз қалдырмаймын! Көр де тұрыңдар, Әміренің қылмыскер емес екенін республика басшылығының алдында дәлелдеп шығамын. Сондықтан оны жайына қалдырыңдар!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (жымысқылана жымиып). Жарайды, онда, біз онымен басқа жерде сөйлесерміз! (серіктеріне қарап) Кеттік, жігіттер!

 

НКВД қызметкерлері шығып кетеді.

 

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ (көңіл күйі бұзылып). Орекем-ау, мыналардың түрі жаман. Саған кесірім тиіп кетпесе жарар еді! Атаңа нәлеттер, шетінен кекшіл. Құдай бұлардың қолына түсірмей-ақ қойсын, қандай мықты болсаң да, жігеріңді құм қылып, рухыңды сындырып жібереді екен!  

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Олар маған не істей алар дейсің?!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Орекем-ау, бұлардан бәрін күтуге болады. Қақпанына бір түссең, сытылып шығу қиын екен. Міне, жеті жылдан бері шырмауықтай шырмап қанды құрықтарынан босатар емес. Менің тартқан жан азабымды адам баласының басына бермесін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Айттық қой, бастарында титімдей ақыл болса, енді мазалай қоймас. Үйіңе барып, жақсылап демал. Келер дүйсенбіден бастап жұмысқа бел шешіп кірісеміз. Мұхтардың «Хан Кенесін» қоямыз. Нысанбай жырауды ойнайсың. Ол енді қолыңнан келеді ғой.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ (жасқаншақтап). Әрине, Ореке, мыналар ойнатса, ол қолдан келіп тұр ғой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Олардың біздің жұмысымызда несі бар?! Бойыңды сергітіп ал да, жақсылап дайындал. Құр кеудеге сала бермей, Нысанбай жырау туралы көбірек оқып-ізденіп, танымыңды ұштай түс.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Нысанбай жырауды білеміз ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен де білемін. Бірақ ол білген аздық етеді. Егер Нысанбай жыраудың образын өз деңгейінде шығарғың келсе, жан-тәніңмен бел шеше кірісіп, аянбай тер төгуге тура келеді.

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Құдай қаласа, бәрі ойдағыдай болады, Ореке! Еш қам жемеңіз! Бүгіннен бастап кірісемін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әмірежан, сендер секілді дарынды артистерім барда ештеңеге алаңдай қоймаспын!

ӘМІРЕ ҚАШАУБАЕВ. Ореке, онда мен барып демалайын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Демал, Әмірежан, демал!

 

Әміре Қашаубаев шығып кетеді. Орынбек Бекұлы ойланып отырып қалады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Айдың-күннің аманында жан-жағынан жау іздеп не көрінді?! Қолына түссе, түтіп жейтін түра бар. Періштедей пендеден күдіктеніп, көзіне көрінгеннің бәрін күнәһар санайтын секілді. Өнер адамынан қандай қылмыскер шығады деп ойлайды екен! Қалай болса да, көңіл көншітер жай емес. Жүрек құрғыр атша тулайды, бір жамандықты сезеді-ау, тегі! Бір алапат дауыл тұрмаса жарар еді. Жо... жоқ... Не ойлап кеттім мен!.. Өлара шақтың өз қиындығы болмай тұрмайды ғой! Заман да, адам да түзелер, қараңғы түннен кейін де ақ таң атады ғой арайлап... Соған сенемін! Қайран, Әмірем-ай, рухың мықты азамат-ақ  ең, сағыңды сындыра бастапты! Қиындық өтер-кетер, тек аман болшы, азаматым, бауырым!

 

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

 

Театр директорының кабинеті. Орынбек Бекұлы, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Рабиға Есімжанова және режиссер Михаил Насоновтар «Хан Кене» қойылымына дайындық жұмыстарын пысықтауда.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. «Хан Кене» сынды кесек туындыны сахналау оңай шаруа емес, әрине. Үлкен жауапкершілік пен еселі еңбекті талап етеді. Ақыры қолға алған соң, жақсы қойылым көрсету бәріміздің парызымыз. Дәл қазір қандай күрделі туындыны болсын өз деңгейінде шығаруға әлеуетіміз толық жетеді. Ендеше... Кенесары ханды Қалибек, Наурызбай батырды Елубай, Нысанбай жырауды... (кілт кідіріп) Әй, осы Әміре қайда? Ат ізін салмағалы біраз болды ғой, көргендерің бар ма, өзі?

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Жоқ, көрмедік.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Өзі де бір кісікиік, ешкіммен хабарласпайды. Шынымен де қайда жүр екен?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қапан, қалайда іздеп тап. Ертеңнен қалмай жұмысқа шықсын!

ҚАПАН БАДЫРОВ. Ореке, оның жағдайын жақсы білесіз ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, білемін. Бірақ, бұл менің жекеменшік театрым емес, бұлай үшті-күйлі жоғалып кетуге әсте болмайды. Басымыздан бақайшағымызға дейін тексеріп, қас қақпай қадағалап отыратын сұқкөздер жеткілікті. Менің де басым екеу емес.

ҚАПАН БАДЫРОВ. Жақсы, Ореке! Айтқаныңызды айнытпай жеткіземін.

ЖҰМАТ ШАНИН. Ореке, әзірше Әмірені қинамай қоя тұрсақ қайтеді! Басы пәле-жалаға шырматылып, жанымен қайғы болып жүр ғой. Осындай жағдайда Нысанбай жырауды жетістіріп ойнай алады дейсіз бе?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жұмат, бұны мен де ойлағам. Бірақ, қазір оған біздің қолдауымыз ауадай қажет. Егер рөл бермесек, керісінше өз қолымызбен құрдымға құлатқандай боламыз. Оны өз ішімізге қайтаруымыз керек. Түсіндің бе?

ЖҰМАТ ШАНИН. Иә, ол жағы да бар.Менікі жақсы ниеттен туған сөз ғой!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Орекеңнің, сөзінің жаны бар, Әміренің жан-жүрегінің қандай нәзік екенін өздеріңіз білесіздер, сыртқа теуіп тастасақ, өзін-өзі тастап жіберуі бек мүмкін. Шынын айтқанда, бұл сырт көздер мен сұқ көздер үшін де қажет. Әмірені тағдырдың талқысы мен күштілердің қысымынан арашалап алудың бірден бір жолы да осы. Сондықтан жақсылық жасаймыз деп, жамандық жасап алып жүрмеңдер. Оның үстіне Нысанбай жырауды Әміреден асырып ешкім де ойнай алмайды.

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ. Оныңыз рас, Мұха! Оны қалайда арамызға оралтуымыз керек! 

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Біздің қолда ештеңе тұрған жоқ. Дестұрғанмен, оған барынша рухани қолдау көрсетуіміз керек. Темірбекке барайық, несін жасырамыз, ашығын айтып, қол ұшын беруін өтінейік. Қанша дегенмен еліміздің мәдениет саласына жауапты сол  ғой, қолында біршама билік бар, бір шешсе сол шешер. 

ҚАПАН БАДЫРОВ. Бұл ойыңыз дұрыс екен! Ендеше бұны соза бермей, ертең-ақ кіріп шығайық.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Темкең шетжағасын біледі, бұл жайында бір-екі мәрте сөйлескенбіз. Бұндай мәселердің барлығы орталықтан шешіледі. Ал оларға Темкеңнің ықпалы жүре қоймайды! Десе де, тағы бір есіне салудың еш артықтығы болмас. Темкеңді білеміз ғой, қолынан келсе аянып қалмас.

ДАУЫСТАР. Дұрыс. Азаматымызды, әріптесімізді қолдау керек! Құтқарып алу керек! Енді сөзбұйдаға сала бермей, нақты іске көшейік! Ертеңнен қалдырмай, Темірбек Жүргеновке кіріп шығайық. Қолынан келсе, көмектесер, болмаса жөнін айтар. Тіпті болмаса, бірінші басшының өзіне кірейік!   

 

Осы кезде ішке алқын-жұлқын Жүсіпбек Елебеков кіріп кіреді. Көзі жыпылық-жыпылық қағады. Бәрі оған үрпиісе қарай қалысады. Ол ентігін баса алмай, сәл-пәл кідіріп қалады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (таңданыспен). Жүсіпбек, жайшылық па?..

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ (кеудесін кере ауыр күрсінеді). Жақсылық емес. (ентігін баса алмай) Ағам-ау!.. (көзінен жас шығып кетеді)

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не болды, айтсаңшы енді?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Әміре... Әміреден айырылып қалдық!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (орнынан атып тұрып). Не дейді, не дедің?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Әміре, қайтыс болыпты!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Не дейді, Құдай-ау! Қалай?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Машина қағып кетіпті.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (сылқ етіп отыра кетеді). Ақыры түбіне жеткен екен ғой, атаңа нәлеттер!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Қайран, Әмірем-ау, кер заманның құрбаны болдың-ау!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Үйіне барып, отбасына көңіл айтып шығайық.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Мәйітін ауруханаға алып кетіпті, бермей жатқан көрінеді.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (жан-жағына қарап). Онда не тұрыс, тарттық ауруханаға. Аруағын қорлатпайық!

 

Бәрі шыға жөнеледі.   

 

Жылап-сықтау... Қайғыру. Жоқтау. Театрдағы қоштасу, шығарып салу рәсімі. Жаназа шығарылмайды, құран оқылмайды. Молда шақырылмайды.

 

 

ҮШІНШІ КӨРІНІС

 

Сахнада Рабиға Есімжанова «Қанатталды» әнін сызылтып айтып отырады.

 

Ғашықтық – бір ыстық күн желі тымық,

Басына түскен жанның көңілі сынық.

Қаратпас бай-жарлының шамасына,

Адамды желіктірсе жігітшілік.

 

Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды,

Біртіндеп төл мінезді заман озды.

Асылзат шаһибаздар шабыт таппай,

Шөлге ұшып, сайын далада қанат талды.

 

Орынбек Бекұлы келеді. Әсем әнге жаны елітіп, тыңдап тұра береді. Әуен ырғағымен ырғала билеп жүрген Рабиға айнала беріп өзіне сұқтана қарап тұрған театр басшысын көріп, қысылып-қымтырылып, кілт тоқтай қалады. Көздері түйісе кетеді.  Сондай бір сырлы көзқарас қас-қағым сәт көп нәрсе айтып ұқтырғандай, Рабиға ұялып, жанарын тез тайдырып әкетеді.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Па, шіркін, неткен дауыс! (басын шайқап) Әнді қатырып айтасың, Рабиғаш!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (қысылыңқырап). Ой, ағай, қашан келіп қалғансыз?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Білмеймін!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Нені білмейсіз?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қашан келгенімді?!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Қойыңызшы, аға! Әзілдің де орны болады ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен әзілдеп тұрғамын жоқ.  Есім ауып қалғандай, әніңнің әсерінен әлі арыла алмай тұрғаным. Құдайдың сүйген пендесі екенсің, бір басыңа бәрін үйіп-төгіп берген екен! Өзің де кереметсің, дауысың да керемет, салған әнің де керемет!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Қойыңызшы, ағай!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шын сөзім, көрген сайын таңдай қағып, тамсанамын. Өнер үшін жаралған жан екенсің! 

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сіздей асыл ағадан осындай жылы сөз есту де бір бақыт қой! Сенерімді де, сенбесімді де білмей тұрғаным.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен өмірі өтірік айтпайтын адаммын. Жағынып-жағымпаздану да қолымнан келмейді, оның маған керегі де жоқ. Өлтірсең де тек шындықты айтамын!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сіздің мінез-құлқыңызды жақсы білеміз ғой, ағай! 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сен «Қыз Жібекте» Жібектің, «Айман – Шолпанда» Айманның, «Еңлік – Кебекте» Еңліктің рөлін ойнадың? Айтшы мен кімге ұқсаймын? Төлегенге ме, Көтібарға ма, Кебекке ме?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (күлімсіреп). Сіз солардың жиынтық образы сияқтысыз. Бойыңыздан оларға тән батырлық пен қайсарлықты көремін. 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жібекті де, Айманды да, Еңлікті керемет кейіптедің. Сахнада жүрген Рабиға емес, Жібек, Айман, Еңліктер екеніне көрерменнің көзін жеткіздің, көңілін сендірдің. Қатты риза болдым!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (қысылып). Мақтай бермеңізші, енді!..

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шын айтам, сенің бойыңда ұлы актриса болуға керектінің бәрі бар. Ерінбей еңбектенсең аңсаған арманыңа жетесің. «Хан Кенедегі» Наурызбай батырдың ғашығы Қарашаштың көркем бейнесін де сен сомдайсың. Енді соған дайындал. Ғашық жанның кейпін керемет кейіптейді екенсің!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Өмірімнің мәні де сол емес пе, аянып қалмаспын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, саған сенемін. Жаның мен жанарыңнан жасындай жарқыл көрем. Басыңды бәйгеге тігіп, ер Кебектің етегінен ұстап кете барған Еңліктің туған сіңілісі сияқтысың!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (жымиып). Солай ма! Оны қалай байқап қойдыңыз?

ОРЫНБЕК БЕКОВ. Біз де тегін адам емеспіз! Керек десең, өнерде ғана емес, өмірде де Кебек болу қолымыздан келеді.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сіз де рөл ойнайсыз ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (күліп). Әрине, мен өз рөлімді өмірде ойнаймын. Сен Еңлік, мен Кебек болып, өмірде солардың ерлігін қайталаймыз.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (таңданып). Қалай?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен саған ғашықпын! 

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Ой, ағай, қойыңызшы! Осылай да ойнауға бола ма?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен ойнап тұрғамын жоқ, ойымдағыны айтып тұрмын! Мен сенің өмірдегі Кебегің боламын, көңілімді қалдырма.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Қойыңызшы, ағай! Сіздің әйеліңіз, бала-шағаңыз бар емес пе?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бар екенін өзім де білемін. Бірақ, менің көңілімдегі жан сенсің! Өмірлік серігімді енді тапқан сияқтымын.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сіз сияқты азаматқа жар болу кез келген қыздың арманы ғой. Бірақ ол мүмкін емес қой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мүмкін еместің өзі мүмкін емес. Мен сені енді ешкімге бермеймін, тіпті дәмеленбей-ақ қойсын. Қаласаң да, қаламасаң да, жар қылып аламын!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Өзіңізге өзіңіз тым сенімдісіз ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сенімдімін!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Байқаңыз, сенім де кейде алдайды.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Менің сенімім ешқашан алдаған емес. Сенің де мені жек көрмейтініңді білемін. Дым сезбейтін, түк білмейтін дүмбілез емеспін.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Қайдан білесіз?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Көзіңнен.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Көзім не дейді?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кетәріеместігін сездіред...

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Солай ма?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Солай!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Осы менің көзім бар ғой... көзім сатқын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қайта жалғыз досың сол ғана.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Ағай, мен қорқамын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кімнен?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Өзімнен.

 

 

Рабиға Есімжанова қайыра тіл қатпастан теріс бұрылып, тұрып қалады. Осы кезде жан-жағына жалтақтай қарап Жүсіпбек Елебеков кіреді. Қас-қабағы салыңқы, түрі жабыңқы, көңілі пәс.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не боп қалды ей, батырым?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Аналар енді мені айналдыра бастады... тіптен маза берер емес. Не істесем екен?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не дейді сонда? Сенде қай атасының құны бар?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Күндіз бе, түн бе, шақырып алып, «Түнеукүні бәленшекеңнің үйінде қонақта болыпсың, ол жерде нендей әңгіме айтылды?» деген түкке тұрғысыз сұрақтар қойып, миымды ашытады.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сен не дейсің?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Мен не дейін?! Иә, болғаным рас, бірақ менің білетінім ән ғана, саясатқа жоқпын, қонақтардың не дегені есімде жоқ деп зорға құтыламын. Айтайын дегенім, сіз жайында қайта-қайта қазбалап сұрайды. Байқауымша, сізді сыртыңыздан күндіз-түні аңдитын сияқты. Біз туралы біреуге айтар болсаң, ешқандай жақсылық күтпе деп қорқытып-үркітеді. Ауылда қой бағып жүрген жерімнен алып келіп, үлкен өнер жолымдағы бағымды ашқан өзіңіз едіңіз. Сондықтан ұсталып кетсем де осыны қаперіңізге жеткізгім келді. Сақ болыңыз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (құшақтап). Рахмет, бауырым, ризамын. Жаратушы Жаппар иеміздің маңдайға жазғанын көрерміз. Өзің де сақ жүр! Бұл жайында енді ешкімге тіс жарушы болма. Сенетін адамдар да қалмай барады.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Оныңыз рас. Байқаңызшы, Ореке!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қазір «Хан Кенеге» қатысатын артистер жиналады.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Иә, білемін, мені де шақыртқан. Жаңағыны сізге ескертіп қояйын деп ертерек келгенім ғой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Адал көңіліңнен айналайын, бауырым! Сен Әміренің орнына Нысанбай жырауды ойнайсың ғой, иә, қалай қиналып жүрген жоқсың ба?

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Басында аздап тосырқағаным рас, қазір үйреніп қалдым.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жарайсың, өзіңді өзің көрсететін кез келді.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ. Рахмет, ағасы! Аянып қалмаспын!

 

Осы кезде Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Рабиға Есімжанова және режиссер Михаил Насоновтар кіріп келеді.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Хал-жағдайларың қалай, ерлерім?  «Хан Кененің» тұсауын кесер күн де таяп қалды. Дайындықтарың қызып жатқан шығар?

МИХАИЛ НАСОНОВ. Хал-жағдайымыз да, дайындығымыз да ойдағыдай. Құдай қаласа, сәтті қойылым шығарына сенімдіміз. Тіпті қатарымызға сәл кейінірек қосылған Жүсіпбектің өзі Нысанбай жыраудың образын тәп-тәуір игеріп алды. Құйма-құлақ, қабілетті жігіт екен. Ал қалған артистерді өзіңіз жақсы білесіз, қамшы салдыра қоймас. 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кәне, тұсаукесерге қаншалықты дайын екендіктеріңді тағы бір тексеріп көрейік. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінетіні» рас, спектаклді бастан-аяқ қоюдың керегі жоқ, ара-арасынан бір-екі көрініс көрсетсеңдер де жеткілікті. Әсіресе, кейінгі толқын Жүсіпбек пен мына Рабиғаның аяқ-алысын байқап көрсек.

МИХАИЛ НАСОНОВ. Айтқаныңыз болсын, Ореке. Кәне, жігіттер дайындалыңдар. Алдымен Кенесарыны хан сайлау рәсімінен көрініс көрсетейік. Кәне, Қалибек, ортаға шық. Жолың да, жөнің де бөлек, өзің бастап  бер, Жүсіпбектер қостайды.

 

Артистер біртіндеп сахнаға көтеріледі. Ханның киімін киген Қалибек Қуанышбаев көріністі жөпелдете бастап кетеді.

 

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ – ХАН КЕНЕ. Мен бақ пен шен іздесем, басымды бәйгеге тігіп, азаттықтың ақ жолына түсер ме едім?! Патша ұлығына мен де барып жағынар едім. Сүйтсем сатқын сұлтандардан  кем орын алар ма едім?! Жамантай,  Қоңырқұлжа, Баймағамбет алған орынды мен де алар едім-ау! Бірақ мен оны ойлап жүрмін бе? Қалың қазақ баласының қамалған көшіне септігім тиер ме деп жүрмін ғой. Езіліп бара жатқан елдің жоғын жоқтап жүргем жоқпын ба? Бүлінгені бүтінделер деп, бас қамын ұмытып жүргем жоқ па, сол ел үшін.

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ – НЫСАНБАЙ ЖЫРАУ (жайланып, айналасына қарап ). Олай болса, алты арыстың баласы, мына сөзге құлақ сал! Қазақ қазақ болғалы басынан қилы қилы заман кешірген. Жақсы күні бір болса, асу-асу белдерден асамын деп аса алмай, қос қанаты қайырылып, орашылған, күңіренген күндері де болған. Басшыдан ми, Қарашыдан күй кетіп, бет-бетімен тозып, қайың сауып, қаңғып кеткен күйі де болған. Бірақ соның бәрі болса да, бұрынғы ата-баба біз көргенді көрген жоқ еді. Көрініп келген апаттан жаман болып, іштен кернеп келе жатқан дерттер бар. Соны бәрің де көріп сезіп тұрсың. Көз жасты, көңілі қаяу кәрің бар, жалын жұтып, іштен тынып, шерменде болған жасың бар. Темір ноқта кигізіп, шектіргелі тұрған қолы қатты қасың бар. Ақ патшаның құлысың. Уа, ұлы емес, құлысың деп тұр, міне! (Әр жерде кәрілер арасында: «Уа, жалған»... «Уа, сұм дүние!!!») Соны көріп, осы қазақ баласының қара өзегін қақ жарған жалынды арман бар. Елдігің, бірлігің, игілігің кеткен заманда, етек-жеңін түрініп, екіленіп шыққан ерді көксейсің. Қиялай қиқу шыққанда қаңтарыла кететін омыраулы басшыға құштарсың. Жоқ па, сондай тәуекел қып, тас жұтып жүрген қазақтың қамқоры! Арысы Абылай, берісі Қасымның ұясынан ұшқан жез қанат балапаны мінекей. Алыстан тоят тіленіп, қасқарып ұшқан қырандарың осылар. Ел боламын, сілкінемін десеңдер, екі тізгін, бір шылбырды қолына беретін иең келді. Бұрынғы басшының барлығын байқамай, қапы өткізсең, ендігі келген осылар. Алдыңғының сарқыны – осы. Бұдан айырылсаң, бойыңды жазғызбайды. Тас түйіндей бірік те, жолына тілеуіңді қосып, осы ақ тілеудің үстінде, осы жиын, мына Кенені хан сайла. (Аз тым-тырыс) Осындағы игі жақсының байлауы сол. Не айтасың, ел?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУРЫЗБАЙ БАТЫР. Уа, жұрт, сөйле! Сайлайтыныңды өз аузыңнан айт. Шығар үніңді, кәнікей. ( Қалың жиын шу-шу етіп)

Уа, сайлаймыз...

Уа, аруақ қолдап, әулие жар болсын!

Ханымыз Кене... Хан Кене... Абылайдың жолын берсін...

Я, аруақ... аруақ... ханымыз... ханымыз... Жолы болсын Кененің... 

(Көпке дейін шу, дыр-ду, ылғи «хан», «хан» деген сөздер естіледі. Бір мезгілде Мұса түрегеліп, жұртқа қолымен ишарат қылып тоқтатып.)

ЖҮСІПБЕК ЕЛЕБЕКОВ – НЫСАНБАЙ ЖЫРАУ. Уа, жұрт, адал ниет, ақ тілеудің үстіне үйіріліп түскенің көрінді. Жолы болсын. Бетінен жарылқасын. Мен мына ел сүйген жас арыстан Кененің осы алты арыстың баласын бір тудың астына жиған тілегінің жолына жаным құрбан. (Тағы да шу, «жолы болсын», «аруақ жар болсын»... «Я, аруақ, я, аруақ...») Бірақ, ханды құр айғаймен сайламайды. Бұрынғы, соңғының жөрелгісімен ақ кигізге отырғызып, осы жұртты жеті айналдырып шығу керек. Әпкел киіз. Ұмытқан ба, бұл қазақ баласы... баяғы ханның жолын! Қайда киіз? Ата-баба жолымен сайлаймыз, ақ киіз әкеліңдер (көп айғай, «әпкел киіз, киіз... хан көтереміз. Жолы... жолы болсын». Киіз әкеліп көп жақсылар Кенені ақ киізге отырғызып алып, көтеріп алады.

 

Сол арада қолындағы қобызын сілтеп, Нысанбай жырау (Жүсіпбек Елебеков) жырдан шашу шашады:

 

Уау, ордалы қазақ, ортаңа

Өкіндірген заманда

Оралып келген бақ қандай?!

Өңменіңнен оқ тиіп,

Өлімші қып дөп тиіп,

Өлеріңе жеткенде

Өлтірмес дару тапқандай,

Қиялай қия шапқандай,

Ұраны шырқап аспандай,

Ала тулы жас ұлан,

Аз едім деп баптанбай,

Қазақ көшін бастап ед.

Жылағанын уатты,

Жүдегенін жұбатты,

Қамалған шөлде жұртына

Тыңнан тапты суатты.

Кескілескен жауына

Қасарысып, қасқарып,

Әлі бермей келеді

Кішірейген жұбапты.

Қасым ханның қырқына

Ағызды қанды бұлақты.

Сексен бектің келдесін

Бес құланды сұлатты.

Жалғыз салған ұранмен

Қырық мың үйін қазақтың

Бір ағаның ұлындай

Іргелі елдік жолына

Жамыраған төлдей шұбатты.

Бұдан артық кім керек

Құдыретті де қуатты?!

Екі тізгін, бір шылбыр

Ұстат енді Кенеге,

Қамап тұрған құлдықтың

Тас қоғанын бұзатын

Ақ алмастай жебеге.

Түкіріп кет, қарама

Жауы болған төреге,

Ұлықсаған немеге!

Жалыны бар кәрі, жас,

Ойнақтатып енді шық

Елдік бегін көрсетер

Кене тұрған төбеге.

Жасасын енді ханымыз,

Соңында шықсын жанымыз!

Ежелден келген селебе

Қайырылатын орын жоқ

Басымызды қосатын

Міндік, міне, кемеге!!!

 

ҚАЛИБЕК ҚУАНЫШБАЕВ – ХАН КЕНЕ (орнығып отырып, жан жағына қарап). Киіз туырлықты қазақтың баласы! Сона бір қысылған шағыңда ер деп етегінен ұстағаның – менің атам Абылай еді. Ол сеніміңді ақтағандай, сен үшін жанын салып өтіп еді. Бірақ атаға берген дәуренді берер ме, жоқ па? Енді халық дәме қылып мені сайласа, кеудемде шыбын жаным тұрғанда, ақ тілеуіңді ақтармын-ақ. Жетпей жығылсам, көзің көрер. Жолыңа міне басым, міне жаным... Керегіңе жарата бер... Содан басқа айтарым жоқ. Менің риза хошым – осы.

ДАУЫСТАР. Баққа жетсін Кенекем! Көп жасасын! Ердік соңынан. Мал, басымыз құрбандық... Баста... баста бізді.

ХАЛЫҚ. Я, аруақ, жар бола көр. Еріңдер... Еріңдер соңынан. Еркек тоқты құрбандық. (Бұл уақытта ханды көтергендер сахнадан алып шығып кетеді. Сыртта топты айналдырып жүрген болады. Сыртта у-шу, «аруақ, аруақ», «Иә, Абылай бабам, жар бола көр...» деген ұрандар, қуанышты, қызулы шулар.)

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жақсы, өте жақсы. Бұл көріністерің қатты ұнады. Сахна өнерін шебер меңгере бастапсыңдар. Бұл әрине көңілге қуаныш ұялатады. Кенесары ханның көркем бейнесін сомдау кез келген өнерпазға үлкен жауапкершілік жүктейтіні рас. Бірақ, Қалибекке сенгем. Сол сенімді толықтай ақтады, мың жасағыр, Қалибек! Ал Жүсіпбекке аздаған күдік-күмәнім болған. Шіркін, талантты тасқа салсаң да жарып шығады ғой, аз ғана уақыттың ішінде артистік өнердің қыр-сырын қалай тез меңгеріп алған. Одан бұндай ойынды күтпеген едім десем, өтірік болар, дегенмен дәл осылай қайран қалдырар деп ойламап едім. Жарайсың, Жүсіпбек, әлі-ақ сахнада жасындай жарқылдайтыныңа сенемін.

Енді Рабиғаның өнерін тамашалап көрейік. Әрине, жақында ғана сахналанған «Еңлік – Кебектегі» ойыны бәріміздің де көңілімізден шықты. Сахнадағы Еңлікке Кебек ғана емес, бәріміз де ғашық болып қалдық. Енді Қарашаштың рөлін қалай ойнайды екен, көрейік.

МИХАИЛ НАСОНОВ. Ореке, Жүсіпбек те, Рабиға да өнер үшін жаралған жандар. Режиссер ретінде екеуінің де өнеріне көңілім толады. Нені болсын айтқызбай түсінеді, ал айтқаныңды асырып орындайды. Бұндай өнерлі жастардан айналып кетпейсің бе! Кәне, енді сөзімізді іспен дәлелдеп көрейік. Наурызбай батыр мен оның ғашығы Қарашаштың көрінісін көрсетіңдерші! (жылы жымиып) Орекең, жастық шағын еске алсын! Кәне, Өмірзақ, бастаңдар!

 

Ортаға Елубай Өмірзақов (Наурызбай батыр) пен Рабиға Есімжанова (Қарашаш) шығып, көріністі бастап кетеді.

 

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН (сауыт-сайманын шешіп жатып күліп, Қарашашқа). Қалқам, бұл сияқты сөзді есіткенің бар ма? Әлгі не деді, мен не дедім? Сен не дейсің бұған? (күледі.)

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Мен – сендікпін, Науанжан. Сенікі дұрыс. Бірақ, күйіп отырмын. Намыстары қайда кеткен әлгілердің. Тіпті, сенікі теріс болғанда, неге сүйтіп қарсыластырады? Неге бетіңнен алғызады? Өзге болмаса да, ағам байғұс неге ойламайды соны... Ол кім, сен кім?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Оны айтасың, мені тентек деген жоқ па, Әпкем?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Қойшы, Әпкем жарықтықты. Еркекшора болған деген содағы. (Күліп). Кейде, тіпті, не еркек ойлайтынды, не ұрғашы ойлайтынды ойламай, бір жаққа қаңғып шығып кетеді. (аз үндемей) Бірақ, мәні де бар шығар, кім біледі.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Ер, есті екені рас қой... Бірақ, өзім жалғыз сол әпкемнің бетінен сақта деп қана сыйынамын. (Күліп)

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Ерлігі де бар... бірақ басқасы да бар шығар? Ұрыстырып, өршітіп, әлдекімге құрық беріп, әншейіндегі жігерлісі қайда?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Әйтеуір, күннің бәрі осымен өте ме деймін. Түзде бір майдан, үйге келсең және майдан...

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ (жаны ашып, ентелеп келіп). Налимысың, Науанжан-ау?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Налимын да кейде!.. Мені сағынатын жан бар ма осында? Кейде қарадан қарап жүріп құлазығандай болам. Мені сағына ма осы, бірде-біреу?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Сағынады. Неге сағынбайды?!

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Кім?..

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Осында ақын сағынады, одан соң мен сағынам.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН (күлімсіреп қадалып қарап). Не дейсің, қалқам?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Бұғыбайды Әпкем сағынады.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН (тікірейіп, таңданып). Не дейсің?.. Қойшы, қайта айтшы.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Несі бар? Сағынады. 

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН (басын шайқап, аз отырып, қайта күліп). Сен мені қалай сағынасың?.. Әпкемше ме?..

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Қаласаң, солай да сағынамын.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН (Ұмтылып келіп, құшақтай салып). Сәулешім, не дейсің?.. Жүрегім, жүрегім... Маған үйде жылы ұя керек. Бір жылы жүрек, ыстық жалын керек. Көмескі еді, оймен іздеуші едім сен сияқты... сен сияқты, қуатым.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Тоқта. Осыны айтсам да, обалынан қорқам.

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ – НАУАН. Керегі жоқ обалдың... Біздің жүрген сапарда обалға да, сауапқа да орын жоқ... Оның бәрі кеңшілікте. Бүгін бар, ертең жоқ Науанға дүние қызығын ғана жұтып қалуды кім күнә дейді? Сәулешім, сен менің күйімді ұғыпсың.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА – ҚАРАШАШ. Жарығым, сақтанып жүр. Өлме. Қимаймын. (Екеуі құшақтаса кетеді).

 

Сұқтана қарап тұрғандар ду қол шапалақтайды.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жаныңды шуаққа бөлер тамаша көрініс. Елубайдың да, Рабиғаның да ойынына тағар мінім жоқ, қос ғашықтың жүрек лүпілін сахна тілімен әдемі жеткізе алды. Жарайсыңдар дегім келеді. Рабиғаның Құдай берген көркі өз алдына, сахнада тіптен сұлуланып, құлпырып кетеді екен. Тіпті көз айыра алмай қаласың!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (бетінің ұшы қызарып). Рахмет, ағай!

МИХАИЛ НАСОНОВ. Біздің Рабиғаш өмірдің ғана емес, сахнаның да гүлі ғой, жаннан асқан сұлулығына ғана емес, табиғи талантына да әркез таңдай қағып-тамсанамыз.  Қазақтың өте қабілетті, талантты халық екеніне көзім жетіп келеді.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Енді көзің жеткен екен ғой!

МИХАИЛ НАСОНОВ. Иә, Ореке. Қазақтың театр өнері күн санап өрлеп, өркендеп, дамып келеді. Оны өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қазақтың ұлы халық екеніне күмәнің болмасын!

МИХАИЛ НАСОНОВ. Шын сөзім, күмәнім жоқ!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Спектаклдің тұсаукесеріне аз ғана уақыт қалды. Дайындықтарыңды жалғастыра беріңдер. Біріншіден тарихи қойылым, екіншіден азаттық үшін атқа қонған Кенесары хан туралы, үшіншіден атақты Мұхтар Әуезовтың шығармасы болған соң, қалың елдің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Көрермендердің де қатары қалың болады, өйткені қазақтың өткенінен сыр тартатын бұндай тарихи қойылым күнде қойылып жатқан жоқ. Оның үстіне республикамыздың басшылары да келіп көруі бек мүмкін. Ендеше, жауапкершілік жүгі өте ауыр. Ұятқа қалып жүрмейік.

МИХАИЛ НАСОНОВ. Ұятқа қала қоймаспыз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жақсы онда, бүгінше жетер. Жақсылап тынығып алыңдар. Ертең тың күшпен қайта кірісеміз!

 

Театр қайраткерлері біртіндеп шыға бастайды. Орынбек Бекұлы Рабиға Есімжановаға тоқтай тұр дегендей иек қағады. Артистер шығып кетеді, екеуі оңаша қалады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жарайсың, Рабиғаш, өзіңе де, өнеріңе де тәнтімін. Мен саған шынымен ғашықпын. Ақ дидарыңды көрмесем, тұра алмайтын халге жеттім. Бүгін де тек сені көру үшін келдім. Жанымды қинай бермей, өзің деп соққан жүректің сөзін қабыл ал.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Ұят болды.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кімнен?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Ана кісілерден.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Неге?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Кіргеннен маған тесіле қарадыңыз да отырдыңыз. Бәрі байқады оны. Қатты қысылдым!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Байқаса, не болады?

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сізге бәрібір, әрине.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кім не ойласа, ол ойласын, мен сені өзіме жар етіп аламын. Сенсіз өмір сүре алмаймын. Жаным да, жүрегім де, бауырым да, бүйрегім де, көзім де, көңілім де, тіпті ақылым да сені қалайды. Сен мен үшін жаралғансың, мендіксің! Мен сөздің емес, істің адамымын, сені бақыттың бал шуағына бөлеймін! Маған сенші, көңілімді қалдырмашы, Рабиғаш!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (кібіртіктеп). Мен де сізді жақсы көремін. Менің де жаным сізді қалайды, жүрегім сіз деп соғады. Алдымда не күтіп тұрса да, Құдайдың маңдайға жазғанын көріп алдым. Өзіме өзім қарсы шыға алар емеспін, етегіңізден ұстауға дайынмын. Сізбен бірге нені болсын көріп алдым, соған тас бекіндім. Тіпті ер Кебекке ерген Еңліктің аянышты тағдырын қайталасам да өкінбеймін.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Осы сөзді айтып тұрған аузыңнан айналайын, жаным! Алла алдында да, адам алдында да сені бақытты етуге ант беремін. Сенші маған, жаным, сенші!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Сенемін! (Екеуі құшақтасады)

 

Екеуінің үйлену тойына ұластырып жіберу керек осы көріністі. Әрине, символикалық түрде. Қос ғашықтың қол ұстасып жаңа өмірге бірге аттағандарын, отау құрып, шаңырақ көтергендерін ишарамен болса да көрсету керек. Рабиғаға той, келін туралы әдемі бір ән айттырып жіберсе, әсерлі болатын шығар.

 

 

ТӨРТІНШІ КӨРІНІС

 

 Театр. Орынбек Бекұлының кабинеті. Темірбек Жүргенов қақ төрде отыр. М. Әуезов,  Ғ. Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтер ұзын столға жағалай жайғасқан.

 

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Неге шақыртқанымды өздеріңіз де біліп отырған шығарсыздар. Кеше ғана тұсауы кесілген «Хан Кене» спектаклі туралы қым-қиғаш пікірлер айтылуда.  «Біткен іске сыншы көп», әрине, қойыла салысымен сын садағына ілікті. Кемшін тұсын көрсетіп, оны қалай түзетуге болатынын айтса, жанашырлық деп түсінер едік. Өкінішке орай туындыдан саяси астар іздеп, орынсыз сынап-мінегендер де төбе көрсетіп қалып жатыр. Айтыс-тартыс күшейіп барады. Бұл, әрине, ешкімге абырой әпермес. Сіздерді шақыртқаным да сол.  Кеңінен кеңесіп, осы бір өнбес дауды өршіте бермеудің қам-қаракетін жасамасақ болмас. Шынын айтқанда, өнер сүйер қауым сіздерден үлкен үміт күтіп отыр.   Кәне, не дейсіздер? Қандай ұсыныс-тілектеріңіз бар. Ешкім де сіздердің ауыздарыңызға қақпақ қоя алмайды, ойларыңызды ашық айтыңыздар!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Мен баспасөз бетінде өз пікірімді ашық білдіргем. Сол ойымнан қайтпаймын. Тағы да қайталап айтамын, өз басым патшаға қарсы қозғалысты «Хан Кенеге» телудің қаншалықты орынды екенін біле алмадым. Алдымен патшаға қарсы қозғалыстың арғы дәуірін жаңғыртып Кенесарыға табынуды мақұлдамаймын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Неге? Кенесарының Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы шыққаны тарихи шындық қой. Оны қалай жоққа шығаруға болады?

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Қазақ елінің патшаға қарсы қозғалысының ең бір мағыналысын алып, оны төңкеріс қозғалысына жалғағымыз келсе, 16-шы жылды алуымыз керек. Өйткені, патша отарына қарсы қозғалыстың жоғарырақ сатысы 16-шы жыл. Осыны алып, осы тақырыпқа пьеса жаздыруымыз керек. Себебі, 16-шы жылдың қозғалысы созылып келіп, Қазан төңкерісіне қол артты. Мұның төңкерістік мазмұны да күшті. Театрымызды атам заманына сүйремейді. Ал Кенесары Пугачев емес, бола алмайды да. 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Кенесары қарақан басының қамын емес, елінің азаттығы мен жерінің тұтастығын ойлап, атқа қонған жоқ па?! Ұлы ханның озбыр империяға қарсы күресін ұлы ерлік деп бағалаймын. Сондықтан оны Пугачевпен салыстырудың еш қисыны жоқ. Әрине, 16-ыншы жылғы қозғалыстың да тарихта өз орны бар, оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Керек десеңіздер, 16-ыншы жылғы ұлт-азаттық қозғалыс туралы пьеса жазып беріңіздер, қуана-қуана сахналауға уәде береміз. Өйткені, театр тарихи шығармаларға аса зәру. Халық та соған сусап отыр.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН. «Хан Кене» пьесасындағы көрсетілетін адамның ішіндегі ең бастысы, әрине, Хан Кененің өзі. Ал, бұл Хан Кене пьесаның басынан аяғына дейін күшті, қайратты, «қиырға көз салған» ер болып суреттелген. Және «қиырға көз салған» ер болып суреттелгенде, ұлтшыл, «қазақшыл», «халықшыл», «отаншыл» ер болып суреттелген. Міне пьесаның бұл арасы қарап отырған аңқау жұрттың көбін нандырып, Кенесарыға мүлде тартып әкетеді. Пьесаның негізгі мәні Кенесарының осы «сыры» болып шығады. Ал бірақ біздіңше, Кенесарының ең шын сыры – социалдық тапшылдық емес, қазаққа хан болып, қалың бұқараны жеке-дара билеп-төстеу ғой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шынында да, Кенесары қазақшыл, халықшыл, отаншыл ер емес пе, жұрттың оған деген құрметі мен сүйіспеншілін оятсақ, несі айып? Қазақ халқының орыс патшасының езгісінде жаншылғаннан гөрі, Кенесарының қол астына топтасқаны дұрыс болар еді ғой!

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН. Иә, Орынбек, театрда көрсетілгенде пьесаның негізгі мәні Кенесарының әлгі өзі айтқан «халықшылдық сыры» болып шыққан. Ал пьесаның негізгі «сыры» солай болып шықса, пьесада суреттелген ең басты адамдар: Кенесарының өзі мен оның қарындасы Бопай және Наурызбай үшеуі болса, мұның үшеуі де басынан ақырына шейін үлгі болғандай қаһарман болса: бірі қиырға көз салған «халықшыл» қайыспас батыр болса, бірі – «әйел болса да ерден артық» ақылды әмірші, көсем ер қыз болса, бірі – қылшылдағын алмас қылыштай, қайратына ие болмаған, қарсы келген өлімнен кірпік қағып жасқанбайтын батыр болса, – міні, мұндай пьеса аңқау жұрт арасында хандарды, ханның балаларын, олардың сондай болып көрінген «қасиеттерін» құрметтеп, үлгі қылатын сезім туғызса, – және олардың жауласқан жауы жеңілсе екен деген сезім туғызбай ма? Айналып келгенде, ол сезім жат сезім, ұлтшылдық сезімі емес пе?.. Міне, осының бәрін қосып алғанда «Хан Кене» пьесесі бір-біріне жалғасқан сезім мен ұлтшылдық рухын өршітетін пьеса болып шыққан.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сіздің айтқаныңыздай болса, шынында да көздеген мақсатымызға қол артқандай қуанар едік. Кенесарының, Бопайдың, Наурызбайдың ерліктерін жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп көрсетуден қандай жамандық көріп тұрсыздар? Олар соған лайық тұлғалар емес пе?!  Сонда, ұлтшылдық сезімін туғызады екен деп елі үшін отқа түскен ерлерден сырт айналуымыз керек пе?

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Орынбек, сен қыңырлана берме! Өзің де білесің ғой, «Хан Кене» – Мұхтардың бұрынғы байшыл, ұлтшылдық көзқарасымен жазылған пьесасы. Мұхтар бұл пьесасында да бұрынғы пьесалары «Еңлік – Кебек», «Қаракөздердің» сарынымен қазақ елінің ескілігін арман қып, ескі хандардың жұрнағы «елім» деген ұлдарын, Кене хандардың өлімін, қаһармандығын мұраттаған, жоқтаған пьесасы.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мұхтар пьесаны ұсынбас бұрын қайыра бір қарап шықты, толықтыратын жерлерін толықтырды, өңдейтін жерлерін өңдеді, өзгертетін жерлерін өзгертті. Біз авторға тақырып ұсынуымыз мүмкін, бірақ ана жерін алай жаз, мына жерін былай жаз деп, өз ойымызды таңа алмаймыз ғой. Ондай хұқықты бізге ешкім де бере алмайды? Оның үстіне Мұхтар біреуден ақыл сұрайтын қаламгер ме?! Өз ойы, өз ұстанымы, өз талғамы, өмірге һәм өнерге деген өзіндік көзқарасы бар сұңғыла суреткер емес пе?!

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Мен «Хан Кененің» мазмұнын бес саусағымдай білемін ғой, өзгерген ештеңесін байқамадым. Пьесаның сол ескі құрылысы, уақиғасы, сөздері барлығы да сол бұрынғы күйінде қалған. Бұл оның бастапқы негізгі мақсаты – идеясы бұрынғы күйінде қалды деген сөз. Пьесасының ескі құрылысына тиместен апарып қосқан біраз жаңа жамау-жасқаулары жабыспай-ақ тұр. «Хан Кенені» қоюдағы театр мен жазушының басты қатасы да осы. Сен, Орынбек, бұл қатаны мойындап қоюдың орнына, оны айтушыларға құлағыңды жымыртасың – қатаны қарсылыққа айналдыруға дайын тұрасың.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әрине, ешкім де «Хан Кене» қойылымын мінсіз деп айта алмас. Бірақ дәл сіздер  айтып отырған «қателер» көңілімізге қонбай тұр. «Хан Кененің» оқиғасы мен мазмұнынан қандай қателік көріп отырғандарыңызды біле алмай басым қатып отыр. Біз ұлттық театр болғандықтан тарихи дүниелерге ерекше көңіл бөлуге тиісті емеспіз бе?! Театрымыздың бағыт-бағдары да осыған сай болуы керек деп ойлаймын.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Орынбек жолдас, сіз осы «Хан Кене» арқылы театрдың бағытын, жолын белгілеймін деп айтудай-ақ айтып келесіз. Төңкерісшіл театрдың бағыты мен жолын «Хан Кене» арқылы, «Еңлік – Кебек» арқылы белгілеймін деудің өзі қате болатынын ұғынғыңыз келмейді. Біздің драма театрымыз өзі-өз болғалы ескі пьесаларды жаңа пьесалардан анағұрлым жақсы қойып келеді. Мұның өзі біраздан соң театрды кейін тартатын, ескі тұрпаттарды пайымдап, жаңадан қашықтата беретін нәрсе болып шығатынын ескермейсіз. Өйткені, жаңа пьесалардағы жаңа қарым-қатынастарды, жаңа адамдарды тереңдетіп көрсетуге талпынудың орнына, ескі шаңдақты шыңдай беру, театрды ілгері сүйремейді. Театрдың шеберлігі «Түрксиб», «Майдан», «Тартыс», «Талтаңбай» секілді пьесаларға салынып, театрдың бағытын, жолын осылар арқылы белгілеу керек. Театрдың жолын белгілеу деген – саяси мәселе. Жеңіл қарауды көтермейтін мәселе. Мұны белгілеу театрдың өз қолында ғана емес.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Театр – мәдени орда, шығармашылық орта. Театрдың жолын, бағыт-бағдарын театр ұжымы белгілемегенде, енді кім белгілемек? «Ананы қой, мынаны қойма» деп нұсқау беру қаншалықты дұрыс болмақ. Бұл театрдың дамуын тежеп, өнер ұжымын тұйыққа тіремей ме?!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Мәселе мынада, көрер көзге-ақ басқа пьесаларды ысырыңқырап қойып, «Хан Кенемен» бір жарқ ете түскілерің келді. «Хан Кенені» алтынмен аптап, күміспен күптеп, айтақаларлықтай етіп шығаруға бар күштеріңді салдыңдар.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, оныңыз рас. Бұдан қандай жамандық көріп тұрсыз?

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Бірақ, бәрібір жұртшылығымыздың күткен жерінен шығара алмадыңдар. «Хан Кенені» шу деп сахнаға шығарғанда театр да, оқу комиссариаты да асығыстық істеді. «Хан Кене» жайындағы ойласуды керек ететін пікірлерге құлақ аспады. Театр «Хан Кенені» қоюда сүріне қалса, ол әншейіндегі ұшыраса салатын жеңіл сүріну емес. (қолын шошайтып) Мойынға қаупі бар, жұлын үзілу қаупіне ұқсас сүріну. Оқу-ағарту комиссариаты «Хан Кененің» саяси кемшіліктері мен қазақ халқының Ресей патшалығына қарсы күресіндегі хандардың рөлін дұрыс бағамдай алмаған, тіпті оны көрсетудің бұл қойылымда түкке де керегі жоқ  еді.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Мүсірепов жолдас, сіз өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығып отырсыз. Әрберден соң Мемлекеттік театр мен Муз студияның көркемдік-саяси кеңесінің төрағасы ретінде театр мен репертуарға жауап беретін адамдардың бірі өзіңіз екеніңізді ұмытпаңыз. Сондықтан бұған сіз де кінәлісіз, жауапкершіліктен қашсаңыз да құтыла алмайсыз.

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Менімен ешкім ақылдасқан жоқ. Театр басшысы Орынбек мырзаның мінез-құлқын өзіңіз жақсы білесіз ғой, ешкімді араластырмай, бәрін өзі жеке-дара шешкен.

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН. Міне, мәселе осында. Бұндай күрделі шығарманы сахналамас бұрын өнер қайраткерлерімен ақылдасып-кеңесу керек еді. Кенесары, Наурызбайдың қырғызбен соғысқанын тақырып қылып алып, бүйтіп көрсету өте қисынсыз. Кенесары әкесіне ас беріп, хан көтеріліп, қырғызбен соғысып, жеңіліп тұтқынға түсіп, опат болады. «Хан Кенеде» осы оқиғалардың шындығын толық көрсете алмаған, шынын айтқанда Нысанбай ақынның жырындағы кейбір келте мағұлматтардан аса алмаған. Ал тарихи оқиғаларды көркем шындықпен байланыстырып көрсете алмаса, біздің совет театрының бүгінгі мақсатына Кенесары – Наурызбайлардың, тек өз бастарының өмір оқиғаларының керегі шамалы.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шынын айтқанда, пьесаның тарихқа келетін жағын жазушы да, театр да ойлаған жоқ. Оны бізден талап ету дұрыс болмайды. Біле-білсеңіздер, бұл өнер туындысы. Оны қалай жазамын десе де автордың өз хұқығы, ал қалай қоюды театр өзі шешуі тиіс. Сондықтан бұл жағынан да сіздермен келісе алмаймын

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Орынбек, сен олай өзімбілемдікке салынып, қасарыса берме. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегендей, «Хан Кене» туралы қатаны анық мойындағың келмейді. Жазушының да, қоюшының да қатесі жіпке тізгендей көрсетілді. Енді не керек?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сіз де қызық екенсіз, оқу комиссариаты болсын, өзге болсын, біздің дұрысымызды бұрыс етуге ұмтылса, жұмған аузымызды ашпай қарап отыра беруіміз керек пе?!

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Міне, көрдіңізбе, сіз «Хан Кенені» түзету туралы пікірді қарсы алудың орнына, не қыртыстанып қиқайып қаласыз, не бет тырнасқа белсеніп шыға келесіз. «Хан Кене» нашар қойылды дегеннің бәрін шаншудай көресіз. Осыдан «Хан Кене» туралы айтылған пікірді, жасалған сынды төмендеткісі келе ме деген ой көңілімізге келеді.

Оқу комиссары Темірбек сіздің, көркем өнер секторындағы Ғабит сенің – театрдың ішіне кіре араласпай бойларыңды аулақтатуларыңның сыры неде? Сол жағы бізге түсініксіз. Бәлкім, жөпшеңкіге көне қоймайтын театр директоры Орынбектің өз білермендігі болған шығар.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. «Хан Кенені» біз өзіміз білерменденіп ешкімге айтпастан, ақылдаспастан қоя салған жоқпыз. Бәрінің де алдынан өткенбіз, кеңескенбіз, жөн сұрасқанбыз. Енді келіп түк білмегендей бола қалмаңдар. Наркомпрос репертуарға бекіткен, Крайком кісілері «қойыла берсін» деп келісімдерін берген, Құтсобет кеңеске салған пьесаны қалай білмейсіздер. Ақыл-кеңестеріңіз болса, спектакль қойылғанша неге айтпадыңыздар? Қайда қалдыңыздар, қайда жүрдіңіздер? Енді келіп араша талайсыздар.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Театр өз ойынымен пьесаның жаман жарасына пышақ сұқты. Театрдағы шынайы артистер бізге қарсы адамдарды жақсы ойнап, бізге дос деген адамдарды артист емес, қарапайымдар ойнаумен ойсыратып жіберді. Бар жақсылық Кене – Наурызбайлардың басына үйіліп-төгіліп, қара бұқара дегендер жиіркеніш көрінді. Театрдың бұл қылығы пьеса қойылуда өз тілегенін алды. Көруші көпшілік төрелерге қынжылып, кемпір, жетімдерді көргенде селт етуге жарамады. «Хан Кененің» ойыны біздің пайдамыздың ойыны болмай шықты. Сондықтан оны қайта қарап түбегейлі түзету керек, немесе сахнадан мүлде алынып тасталсын. Меніңше, пьесаның бұрынғы желісі, бұрынғы идеясы өзгермей түзетілмейді.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Менің түсінбейтінім, сіз неге Кенесары мен Наурызбайды бізге қас дейсіз? Сонда елі мен жері үшін қолына қару алып, отаршыларға қарсы күрескендері үшін жазықты ма? Дос деп отырған қара бұқараңызды жекөрінішті қылып көрсеткен кім? Мен бе? Жоқ, бұныңызбен мүлде келісе алмаймын. Бір түсінгенім, сіздердің ой-пікірлеріңізге қарағанда, Кенесарыны қатыгез, қанішер хан қылып суреттеп, мүлде жаңа пьеса жазып шығу керек қой! Солай ма?

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Әрине, жаңа болу керек. Екі майдандағы екі жаққа да бірдей қарсы қалың бұқараның қозғалысын көрсетпей, Хан Кенені түзету қиын. Тарихтан жырып алынған оқиғаның да, өлімнің де қажеттігі аз. Сондықтан театр «Хан Кенені» түзеймін дегенде бұрынғы пьесаның құрылысын құрбан қылып, «Хан Кенені» қайтадан жазу керек. Хан Кене халықты ойлап жүрген жоқ, шын мәнінде хан болуды, яғни қарақан басын ойлап жүр.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шынымен де Кенесары хан еңбекшілердің дұшпаны ма, жоқ әлде,  халықты қанаушы қанішер хан ба? Егер Кенесарыға билік керек болса, патшаға адал қызмет етіп, өзге сұлтандар сияқты өзіне қарайтын қара халықты билеп-төстеп, сүйектің бір басын мүжіп отырар еді.

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Кенесарыны қалың бұқараның жанашыры етіп көрсетудің түкке де қажеті жоқ. Қайта ол қатарына қосылмағандарды қатаң жазалады, ал соңына ергендерді оқтың өтіне байлап берді. Нәтижесінде, қалың бұқара қан жұтты, зардап шекті. Осылай болатыны әу бастан белгілі еді. Міне, Кенесарының қателігі осында. Ол ең алдымен хан болуды емес, қол астындағы халқының амандығын ойлауы керек еді.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Менің айтарға сөзім жоқ, бәрін түсіндім. Ешкіммен айтысып-тартысқым да келмейді, ақталуға да құштар емеспін. Сынайтын кісі пьесаның осы жазылған күйінде қалай түзетуді көрсетсін. Ал пьесаның бойында жоқ тарихты, тарихи қозғалысты сөз қылғандарды түсіне алмаймын.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Шынымды айтсам, Орынбектің айтқан уәждеріне илігіп, «Хан Кенені» сахналауға келісімімді берген мен едім. Сондықтан да сын мақалалардың бәрінде де менің атым аталып, «кінәм» мойныма қойылып жатқанына еш өкінбеймін. Менің ойымша, Мұхтар өз шығармасында Кенесары айналасына байланысты аңыздарды әшкере қылудың орнына, керсінше әрлей түскен. Ең басты кемшілік те осы. Менің Кенесары ханға ешқандай қарсылығым жоқ, сондықтан да сахналауға рұқсат берген едім. Мәселе шығарманың өзегі мен жұлын-жүйесінде болып тұр. Тарихи һәм саяси жағдайды ескере отырып, Кенесары ханның көркем бейнесін осы заманға лайықтап жасау керек еді. Әуезов жолдас, өзінің идеялық қателігін мойындап, кеткен кемшіліктерді түзетсе, жақсы болар еді.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Бұл ғылыми зерттеу емес, көркем шығарма ғой, сондықтан «Хан Кенеден» тарих дәметуге болмайды. Неге соны түсінбейсіздер? Ал Кенесары ханның бейнесін бүгінгі күнге лайықтап жасау керек дегенді мүлде түсіне алмаймын. 

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Түсіне білген адамға біраз нәрсе айтылды. Енді оны қайтадан қайталап, малтаны езе бергеннен ештеңе шықпайды. Бәрібір түсінісіп, бір мәмілеге келе алмайтын сияқтымыз. Сондықтан сөздің тоқетеріне көшейік. Біздің ойымыз, «Хан Кене» сахнадан тоқтатылсын!

ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ. Иә, репертуардан алынып тасталсын!

СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН. Шынында да дәл осы күйінше сахнада қалдыруға болмайды!

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Иә, сіздердің сын-ескертпелеріңіз ескеріледі, «Хан Кене» спектаклі репертуардан алынып тасталады.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ау, Темке?.. Біз бұл спектаклді сахналау үшін еселеп тер төктік, қаншама қаражат кетті. Соның бәрі желге ұшқаны ма? Ақыры қойылды ғой, тым құрмаса бір маусым жүрсін.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Орынбек, өнбес дауды өршітпе. Қайта сахналағыларың келсе, Әуезов жолдас пьесасын қайта жазып шықсын. Әңгімені бұдан әрі қоздыра бермеңдер, сөз осымен тәмам!

ДАУЫСТАР. Иә, дұрыс шешім осы. Дәл қазір Кенесары ханды дәріптеудің ешқандай қажетілігі жоқ. «Хан Кене» қойылымы театр репертуардан мүлде алынып тасталсын!

 

Бәрі осы шешіммен келіскендей сыңай танытты. Ғабит Мүсірепов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтер шығып кетеді. Темірбек Жүргенов пен Орынбек Бекұлы оңаша қалады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұл қалай болды, Темке?

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Қалай болғанын өзің көріп тұрсың ғой. Осылай істемесек, іс насырға шабайын деп тұр.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұл халыққа қажетті қойылым ғой!

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, Орынбек. Түсінесің бе, енді бұл тақырыпта әңгіме қозғаудың өзі артық. Қыспақ пен қысым күн өткен сайын күшейіп барады. Күнде бір адам ұсталады. Өзге емес, өз басымызға да қауіп төніп тұр.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жақсы, түсіндім. Тым болмаса киім-кешекке шығарған шығынымызды өтеп алайық, тағы да бір-екі мәрте қоюға рұқсат беріңіз.

ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ. Ту болмадың ғой, дуылдатып-шуылдатпай, бір-екі мәрте ойнап алыңдар. Бірақ енді сақ болмасақ болмайды. Сен тездетіп үш қаламгерге бүгінгі күн, Қазан төңкерісі туралы пьеса жазуға тапсырма бер. Кінәңді жуып-шаю үшін оларды тез арада сахнаға шығаруға күш сал. Ұқтың ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ұқтым, Темке!  Айтқаныңызды екі етпей орындаймын!

 

 

БЕСІНШІ КӨРІНІС

 

Театр директорының кабинеті. Орынбек Бекұлы жападан жалғыз ой қармап отыр.

 

Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Қанабек Байсейітовтер кіреді.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. О, келіп қалдыңдар ма, мал-жандарың аман ба?

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Аманшылық. Өзің қалайсың?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдайға шүкір, аман-есенбіз.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Жай шақырттың ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ой, Мұха, мен жай шақырушы ма едім. Тапсырма бар.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Қандай?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (езу тартып). Партиялық тапсырма. Мемлекеттік театр болғандықтан қоғамымызда болып жатқан оң өзгерістерді көрсететін шығармалар керек.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Содан...

ОРЫНБЕК БЕКОВ. Мұха, Фурмановтың «Бүліншілігі» бойынша пьеса жазып берсеңіз, бізге де, өзіңізге де жақсы болар еді. Алдын ала ескертіп қояйын, бас тартуға болмайды, басымыз кетеді.

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Пәлі, сол да сөз боп па!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай қаламыңа қуат берсін, Мұха! Ілеке, сіз бастық адамсыз, бұйрық бере алмаймыз. Десе де сөзімізді жерге тастамас деген ойдамыз. Түркістан – Сібір темір жолының салынуы жайында драматургиялық шығарма жазып беруге қалай қарайсыз?

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ (қалжыңға сүйеп). Ақысын төлесең, боқысын шығарамыз ғой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әрине, қомақты қаламақы төленеді. Қанабек колхоз өмірі тақырыбына пьеса жазады. Медеудің жанындағы санаториядан үшеуіңе арнап үш үй тіккіземін, сонда жамбастап жатып жазасыңдар. Екі ай уақыт беремін.

ҚАНАБЕК БАЙСЕЙІТОВ. Мен қазір-ақ дайынмын, еліміздегі оң өзгерістер туралы біз жазбағанда кім жазады?! 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қанабек, сенің осы елпектігің ұнайды. Ендеше, келер дүйсенбіден бастап кірісіп кеткендерің жөн. Өзім апарып жайғастырып қайтамын. Қазы-қартадан кертіп жеп, қымыз бен шұбаттан сіміріп алып, алаңсыз жазу жазатындай жағдай жасаймын. Тек ет пен қымызға тойып алып, қызара бөртіп, қызық қуып кетпесеңдер болғаны.

 

Бәрі ду күледі. Осы кезде өң-сөл жоқ Елубай Өмірзақов кіріп келеді.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (үрпие қарап). Елубай... аманшылық па?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ (сасқалақтып). Ұстап әкетіпті.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай-ау, кімді?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Темірбек Жүргеновті.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай-ау, не дейді?!

МҰХТАР ӘУЕЗОВ. Не?

ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВ. Темірбекті ұстап әкетіпті? Жаңылыс хабар емес пе?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Ілеке-ау, ешқандай да жаңылысып тұрғам жоқ.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұл қалай болғаны?

МҰХТАР ӘУЕЗОВ (Елубайға қарап). Кім айтты?

ЕЛУБАЙ ӨМІРЗАҚОВ. Өз көзіммен көрдім! Қолына кісен салып, сүйрелеп алып кетті.

 

Орынбек орындыққа сылқ етіп отыра кетеді. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Қанабек Байсейітов, Елубай Өмірзақовтар аяқтарын жылдамдата басып шығып кетеді.

 

Орынбек Бекұлы тағы жалғыз қалады.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Күнде бір жамандық естиміз. Мына заман не болып барады, өзі?! Темірбек Жүргенов не бүлдіріпті соншама?! Түк түсінсем бұйырмасын! Темірбекті ұстаса, бізді де аман қоймас. Әнеукүнгі айтқаны айдай келді ғой! «Екеуміз де қара тізімге іліндік, иісшіл иттер артыңнан күндіз-түні аңдып жүр, сауысқаннан да сақ бол» деп ескертіп еді-ау жарықтық. Қой, өзім атылып кетсем де, Рабиғаны аман сақтап қалайын! Жас қой, өмірі алда. Халық жауы ретінде ұсталған қайраткерлердің әйелдерін де ұстап, азаптау лагерлеріне айдап жатыр. Сондықтан оған жеткізбеу керек. Бірақ, оны Рабиғаға қалай айтамын?! Шошытып алмаймын ба? Жоқ, қауашағында сәуле бар қыз ғой, ыммен-ақ бәрін түсінер. 

 

Осы кезде ойында ештеңе жоқ сылаңдап Рабиға кіреді. Көзі күлімдеп тұр, жүзі бал-бұл жанады.

 

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Төрем, кейінгі кездері қабағыңыз бір ашылмайтын болды ғой, өзі?! Әбден, шаршадыңыз-ау, демалсаңызшы, бір уақ! Күндіз-түні жұмыс-жұмыс деп өлесіз бе, енді!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ(сыр алдырмауға тырысып). Иә, кейінгі кездері тым қапылыс болып кетті. Шаршағаным да рас.  Сенің әніңді тыңдасам, шаршағаным лезде басылады. Ән салшы, жаным, әуелетіп...

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Төрем, «Қанатталдының» өзіңіз өңдеген нұсқасын Жүсіпбекке үйреттім. Қағілез жігіт екен, қағып алды, келістіріп орындайды. Негізі, өзім де жаман айтпаймын ғой, ә?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әрине, жаным, сен ән салсаң, орнымда тыныш отыра алмаймын! Ең алдымен нұр төгілген жүзің мен көлдей тұнық көзіңе, содан кейін әніңе ғашық болып ем.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (бұртиып). Өзіме емес...

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жүрегімді жаулап алып, табындырып тастаған өзің емес пе едің! Мен саған шын ғашықпын!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (күлімсіреп). Құдай-ау, солай десеңізші!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шынымен солай! Кәне, жан сарайым ашылсын, шырқашы бір, жаным, ән салшы. Жанымның нәзік пернесін басып, жүректің қылын шертер әсем әніңді сағындым, қалқам!

 

Рабиға ыңылдап ән айта бастайды.

 

Гүл бақша көңілде бір әсем әнді,

Тілейтін бұлбұл едім сайрағанды.

Ән шырқап, бой жаза алмай, шалқыта алмай,

Қалықтап қайран дүние Қанатталды. 

 

Әнім еді сүйіп салған «Қанатталды»,

Бұл әнім балқытушы еді тыңдағанды.

Өмірден өз еркімше орын таппай,

Кейінге «Қанатталды» әнім қалды.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Шіркін, әнің қандай, Рабиғаш! Тыңдай бергім келеді-ау, тыңдай бергім. Сенімен табыстырған Аллама разымын. Бұл маған тағдырдың тартқан үлкен сыйы ғой. Бақыттымын, жарығым, бақыттымын!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Мен де сізді жанымдай жақсы көрем! Сізсіз өмірімді елестете де алмаймын!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Рабиғаш!..

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Ау, төрем!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (күмілжіңкіреп). Ақылды едің ғой!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (назданып). Ақымақ емес шығармын енді.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сұлуым менің! Ақмаңдайым менің! Ақылдым менің!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Иә, сонымен не демексіз?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Айтайын дегенім... (сәл кідіріп) екеуміз уақытша бір-бірімізден ажырай тұруымыз керек.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (көзі бақырайып). Құдай-ау, неге? Қосылғанымыз кеше ғана емес пе?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ештеңе сұрамай-ақ қойшы! Кейін бәрін өзің түсінесің! Бүгіннен бастап бөлек тұра бастаймыз. Апаңның үйіне бара тұр... жарай ма!..

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Жаман ырым бастамаңызшы!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жақсы емес екенін өзім де білемін. Рабиғаш, ақылың бар еді ғой. Саған жаманшылық ойламайтынымды өзің де білесің, осылай істеу керек болып тұр, айтқанымды орындашы! Егер ғайыптан тайып мені ұстап әкетсе, артымнан іздеп келуші болма! Мен риза болсын десең, осыған уәде берші!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Не?.. Не деп кеттіңіз, өзі?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ештеңе сұрамашы! Екі дүниеде де риза болсын десең, айтқанымды үнсіз орындауға уәде берші, жаным, жарығым!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Жо... жоқ! Мен сізден ажырай алмаймын! Ұстаса бірге ұстасын, соттаса бірге соттасын, атса бірге атсын! Не көрсем де сізбен бірге көремін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Рабиғаш, сен жассың, өмірің алдыңда. Ал мен сенен талай иткөйлекті бұрын тоздырдым, жақсы-жаманның шетжағасын көрдім, бір кісідей қызық-қуаныштың да дәмін таттым. Түсінесің бе, жаным, егер тағдыр жазса, қайта табысармыз! Бір Құдайдан тілерім сол ғана!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Шыныңызды айтыңызшы, соншалықты сары уайымға салынып не болды?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Сәкенді, Ілиясты, Темірбекті ұстап әкетіпті. Жүрек құрғыр бір жамандықты сезеді-ау, атша тулайды. Мені сүйгенің рас болса, енді ештеңе сұрамашы, тек айтқанымды істеші!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА  (көзінен жас тамшылап). Жоқ, істей алмаймын! (құшақтай алады) Өлсем де, сізбен бірге өлемін!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Рабиғаш, сен мені қинап тұрсың.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Мені де қинамаңыз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Түсінесің бе, маған сенің бас амандығың керек! Мен үшін азап тартқаныңды қаламаймын!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Тағдырдың басқа салғанын көріп алдым! Тек кет деп айтпаңызшы!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Рабиғаш!..  Ақылға келші! Мен сені өз еркіммен тастап кетіп бара жатқан жоқпын ғой! Біз әлі-ақ талай қуаныш пен қызықты бірге тойлайтын боламыз! Сенші маған, жаным! Уәде беремін!..

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Мен сізді тастап ешқайда кетпеймін! Керек болса... (Орынбектің наганын суырып алып) өз қолыңызбен атып кетіңіз!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Рабиғаш, ақылға келші, жаным! Егер меселімді қайтарсаң, жаным мен тәнім тозақ отына тірідей шыжғырылады! Өзіңді емес, мені ойлашы! Мені аясаң, айтқанымды істейсің!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА (көзінен жас сорғалап). Төрем, бірақ сіз қайтып келесіз ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ешқайда кетпеуім де мүмкін. Тек қауіп қылғаннан айтып тұрмын!

 

 

Рабиға кемсеңдеп келіп, Орынбекті бас салады. Екеуі құшақтасып ұзақ тұрады. Бір кезде Орынбек Рабиғаға қимастықпен көз салып, «бара ғой» дегендей ишарат жасап, басын изейді.

 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ал енді тура апаңның үйіне тарт! Аман болсақ, әлі кездесеміз! Тек мен риза болсын десең, айтқанымды екі етпей орында.

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Жақсы, төрем! Мен сізді сүйемін! 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен міндетті түрде қайтып келемін, жаным! Тағдырымыздың қайта қосыларына сенемін! Өзім қайтып келгенше, артымнан іздеп келуші болма! Бұл саған менің соңғы аманатым. Аманатқа қиянат жасауға болмайтынын білесің ғой! Маған сенің амандығың қымбат, сол үшін де осындай қадамға барып тұрмын. Үй артында тіміскіленіп иттер жүр, көп аялдауға болмайды! Енді бара ғой, жаным!

РАБИҒА ЕСІМЖАНОВА. Аман болыңызшы! Менің сізге деген махаббатым мәңгілік, ешқашан суымайды-сөнбейді! Күтемін, сізді!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Күт, жаным, күт! Міндетті түрде ораламын!

 

Рабиға басы салбыраған күйі жыламсырап шығып кетеді. Орынбек жалғыз қалады. Іле-шала НКВД қызметкерлері кіріп келіп, ордерді көрсетіп, өздерімен бірге жүруін талап етеді. Орынбек Бекұлы қарсыласудың артық екенін түсініп, беліндегі наганын алып, үстелдің үстіне қойып, айтқандарын екі етпей істейді. Екі милиция кабинетті тінтіп, кітап-қағаздарды ақтарыстыра бастайды. Көптеген кітап-қағаздарды үлкен ала дорбаға салып алып, театр директорын алдарына салып алып кетеді

 

 

АЛТЫНШЫ КӨРІНІС

 

Түрме. Ортадағы орындықта әбден жүдеп-жадаған Орынбек Бекұлы отыр. Үсті-басы қан-қан, киімі жырым-жырым, көзі көгеріп, бет-аузы күп болып ісініп кеткен. Жүзі шаршаңқы, қабағы салбыраңқы, сақал-шашы өскен. Үш-төрт НКВД қызметкері қоршап тұр. Қақ алдында тұрған еңсегей бойлы майор бір-екі басып келіп, Орынбек Бекұлының шашынан ұстап басын жоғары көтереді.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Алашорда көсемдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқаның рас қой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, ол рас. Оларды өзіме ұстаз тұттым!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Міне, енді шындыққа біртабан жақындай түстің. Әйтпесе, екі айдан бері өтірікті суша ағызып, жалған сөзбен жақауратып келесің.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен ешқашан өтірік айтқан емеспін!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Өтірік айтпасаң, айтшы, алғашында Алаш қозғалысын қолдағаның рас қой.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, ол рас, оны ешқашан жасырған емеспін!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Кілең байшыл-ұлтшылдар жиналған атышулы Алашорда үкіметіне неліктен бүйрегің бұрды?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Олар қазақ халқының басына бақыт құсын қондырып, мақсат-мұратына жеткізер деп үміттендім.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Үмітің ақталмады.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Иә, үмітім сағымға айналды.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Содан кейін Кеңес өкіметі жағына шығып, оны іштен іріткің келді ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай ой мүлдем болған емес. Кеңес өкіметінің қатарында жүріп те халыққа адал қызмет етуге болатынын түсіндім.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Ендеше, неге Кеңес өкіметіне қарсы жасырын күрес жүргіздіңдер?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ешкім де Кеңес өкіметіне қарсы жасырын күрес жүргізген жоқ. Қайта ақ-адал қызмет еттік.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қазақстанды Кеңес өкіметінен бөліп алғыларың келді ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай күш бізде қайдан болсын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Күш біріктіру үшін жапондармен байланыс жасадыңдар.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ (езу тартып). Жапонды тағы қайдан тауып алдың?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Жалтарма, жапонның шпионы екеніңді біз білмейді дейсің бе?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не айтып тұрсың, өзі, тірі жапонды көрсем көзім шықсын!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Олай болса айтшы,  «Хан Кене» спектаклін не үшін қойдырдың?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Қазақтың тарихын өнер арқылы өзіне көрсеткіміз келді. Жастардың содан тәлім-тәрбие алуын қаладық.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Иә, солай, қанішер хан мен қарақшы батырларыңды дәріптеу арқылы қазақтардың ұлттық сезімін оятып, орыстарға қарсы қойғыларың келді ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай ой мүлде болған емес.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. «Хан Кенені» қоюға кім бұйрық берді?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Бұйрық шығарған өзім.

 

Ахмад Тоқтақынов Орынбекті беттен қойып қалады. Орынбектің тісі сынып, аузынан жылымшы қан білінеді.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сен өзі кімді мазақ қып тұрсың? Нұсқау берген Темірбек Жүргенов қой! Ол оны өзі де мойындады.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай куә, маған ешкім ондай нұсқау берген жоқ.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Құдайды аузыңа көп алады екенсің, кім ол соншалықты куәлік беретіндей?!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Он сегіз мың ғаламды жаратушы жаппар иеміз.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Қайдағы-жоқты сандырақтама, Құдай жоқ. Жалғыз Құдайың – мына мен. (өз кеудесін ұрғыштайды)

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Құдай атады сені!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (наганын қолына алып). Құдайда мынандай қару жоқ, ал менде бар. Құдайыңмен қосып атып тастаймын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Асып-тасып кеткен екенсің, аяғың аспаннан келіп жүрмесін!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Жетер, иттің баласы, сөзді доғар! 

 

Ахмад Тоқтақынов шірене теуіп қалады. Орынбек Бекұлы құлап түседі.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Бәрін бүлдіріп жүрген өзіммін де. Қаныпезер қылмыскерлердің өздері жазадан құтылу үшін қылмыстарын басқаларға жауып, бастарын ала қашушы еді. Біреудің жасаған қылмысын өз мойнына ала беретін сендей ақымақты көрсем көзім шықсын.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен қылмыскер емеспін.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. «Қанатталды» әнінің сөзін не үшін өзгерттің?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әннің әуені ұнаса да, сөзі көңіліме қонбады. Содан аздап қол жүгірткенім рас.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Өтірік айтудың асқан шебері екенсің. Бетің бүлк етпестен қисынын келтіріп-ақ жібересің.  Әй... әй...әй... Өзіңді ән айта алмай қалған бұлбұлға теңеп, ал Кеңес өкіметінің қанаты талды, енді бой жазып ұша алмайды, өзінен-өзі жер бауырлап құлайды дегенді меңзеп отырғаныңды біз білмейді дейсің бе?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай ой миыма кіріп те шыққан емес.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Ақырғы рет ескертемін, егер шындығыңды жасыра берсең, қолданар жаза қатая түседі, ал қасарыспай, бәрін жайып салсаң, жазадан құтыласың!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен бар шындығымды айттым! Басқа айтарым жоқ.

 

Ахмад Тоқтақынов тағы жуан жұдырығын сілтеп қалады. Орынбек Бекұлы тағы ұшып түседі.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Сен олай қасарыса бер ме! Осы уақытқа дейін де алдап келгенің жетер. Бұл саған берілген соңғы мүмкіндік. Соңғы рет жауап аламыз. Егер бұл жолы шындығыңды айтпасаң, Отанын сатқан опасыз ретінде ату жазасына кесілесің!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Отаныма адал қызмет еткеннен басқа не істеппін? Құдай үшін, өлтірсеңдер де, қандай қылмыс жасағанымды айтып өлтірсеңдерші!

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Оны өзің білесің ғой, иттің баласы!

 

Ахмад Тоқтақынов шыдай алмай жуан жұдырығымен Орынбек Бековты қақ маңдайдан ұрып жібереді. Ол шалқалай құлап түседі. Екі жендет көтеріп әкеліп қайтадан отырғызады.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Әй, ақымақ, біз  саған жақсылық жасағымыз келеді. 

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Мен сендерден ешуақытта жақсылық күтпеймін!   

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Кеңес өкіметін құлату үшін құрылған буржуазиялық-ұлттық террористік ұйымға мүше болғаныңды да мойындамайсың ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Ондай ұйым болғанын естісем құлағым керең болсын!

 

Ахмад Тоқтақынов құлақ шекеден қойып қалады. Әбден әлсіреген Орынбек Бекұлы еденге омақаса құлайды.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Өзіңе өзіңнің жаның ашымайды екен! Біз сенсіз де бәрін білеміз. (есік жақта тұрған қарауылға қарап) Кіргізіңдер!

 

Қарауыл шығып кетеді де, бір адамды ертіп қайта кіреді. Орынбек Бекұлы оны бірден таниды. Театрда оның о жағына бір, бұ жағына бір шығып жүретін алаяқ артист.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (оны нұсқап). Танисың ба?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Танимын.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Танысаң, айта бер!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Нені?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Екеуің бірігіп не істегендеріңді!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Не істеппіз?

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (қызыл артистке қарап). Мына сұмырай не істегенін ұмытып қалыпты. Есіне түсіріп жіберші!

ҚЫЗЫЛ АРТИСТ. 1920 жылы Алашорда үкіметі құлағаннан кейін көшбасшымыз Әлихан Бөкейханов «Біз жеңілдік, бірақ ұлттың санасын оятып, мүддесін қорғауымызды бір сәтке де тоқтатпауымыз керек. Ол үшін, большевикттер партиясының қатарына өтіп, Кеңес органдарына жұмысқа кіріп, күресімізді астыртын жүргізуіміз керек» деген үндеу тастаған болатын. Осыдан кейін Алашорда үкіметінің мүшелері мен олардың ұстанымын қолдайтын жалынды жастар Кеңес үкіметіне түрлі қызметке тұрсақ та, оны құлатуды ойлаған жасырын ұйымға мүше болдық. Сөйтіп Кеңес өкіметіне күресімізді астыртын жалғастыра бердік.

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Бұл ұйым қашан құрылды? Оның басында кімдер тұрды?

ҚЫЗЫЛ АРТИСТ.  Қазақстандағы ұлтшылдардың басын қосқан бұл ұйым 1930 жылы құрылды. Оның басында Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар болды.  Әлі есімде, сол кезде осы ұйымды ұйымдастырушылардың бірі болған Сәкен Сейфуллин «Ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрғанда қол қусырып қарап отыруға болмайды. Мұндай жағдайда тек ұлттың сатқындары ғана жайбарақат отырады. Жүрегі ұлтым деп соққан азаматтар ұлт мүддесі үшін күресуі керек. Кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санаса, қандай ортадан шыққанына, қандай партияға мүше болғанына қарамай, Кеңес үкіметіне қарсы бір тудың астында бірігуі қажет» деп жасырын ұран тастады. Темірбек Жүргенов, Сұлтанбек Қожановтар да осы ұйымға мүше болып, Кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыстар жүргізді. Бірде маған Жүргенов өзін қазақ ұлтшылдарының ұйымына Сұлтанбек Қожановтың кіргізгенін айтқан еді. Қожановтың «Халық қасірет шегіп, ұлтымыз жойылып кету алдында тұр. Сондықтан да ұлтты сақтап қалу үшін ұлтшыл азаматтар астыртын ұйым құрдық» деп кеудесін кергенін, Жүргеновтің «Өзекті жанға бір өлім. Халқым үшін тіктім басымды бәйгеге. Мен де сендермен біргемін» деп кергігенін де өз құлағыммен естігем. Орынбек Бекұлын бұл ұйымға тартқан Темірбек Жүргенов болатын. Ал Жүргеновке Рысқұловтың өзі тапсырма беріп отырғанын мен жақсы білемін.

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Әй, сен не оттап тұрсың?!

ҚЫЗЫЛ АРТИСТ. Не, өтірік пе? Одан да шындығыңды мойындай салмайсың ба? Сонда жазаң жеңілдейді ғой!

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Жазам жеңілдесін деп сен секілді өтірік сайрай алмаймын! Өлсем де шындықты айтып өлемін!

 АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Әлі де ештеңе мойындағың келмей ме?

ОРЫНБЕК БЕКҰЛЫ. Айтшы, нені мойындайын? Не бүлдіріппін? Мына кәззәптің айтып тұрғанының бәрі жалған. Ешқандай жасырын ұйым болған жоқ.

 

Ахмад Тоқтақынов тағы теуіп кеп жібереді. Орынбек Бекұлы шалқасынан құлап, қимыл-қозғалыссыз сұлық қалады.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Мынаған дауа жоқ екен! (қарауылға қарап) Алып кетіңдер, сөз ұқпайтын малғұнды! Өз обалы өзіне!

 

Екі милиционер Орынбек Бекұлын екі қолынан сүйреп, алып кетеді.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ (қызыл артистке). Бар, жұмысыңды жалғастыра бер. Көріп-білгеніңді, естіген-түйгеніңді күн құрғатпай жеткізіп отыр. Тек байқа, біреу-міреу сезіп қоймасын! Еңбегің міндетті түрде ескеріледі! (сейфін ашып, бір бума ақша ұсынады) Әзірше, мынаны ала тұр, қалғанын кейін есептесе жатармыз.

ҚЫЗЫЛ АРТИСТ. Отан – Анама қызмет етуге қашанда дайынмын! Кеңес өкіметін құлатуға ешқашан жол бермеймін!

 

Қызыл артист емпең қағып шығып кетеді. Ахмад Тоқтақынов ойланып отырып қалады.

 

АХМАД ТОҚТАҚЫНОВ. Мына иттің шындығын қалай айтқызуға болады?! Мүмкін емес-ау, бірақ бәрібір жазадан қашып құтыла алмас. Құтқармаспыз! Енді қайыра жауап алудың түкке де қажеті де жоқ. Бәрібір ештеңе айта қоймас. Қанша азаптап-қинадық, айтса, осы уақытқа дейін айтар еді-ау! Шындығын айтпақ түгіл, тірі жанның атын атамайды. Жүрек жұтқан пәле екен! Ұрып-соққаннан да, жазадан да, тіпті өлімнен де қорқатын түрі жоқ. Бұралқы иттей қыңсылатып атып тастау керек!

 

 

ЖЕТІНШІ КӨРІНІС

 

Түн. Ай жарық. Жендеттер ату жазасына кесілген Орынбек Бекұлын айдалаға сүйрелеп алып келеді.

 

1-САҚШЫ. Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіровтерді осы жерде қан қаптырдық емес пе?!

2-САҚШЫ (қолымен көрсетіп). Иә, әне, ана тұс қой.

1-САҚШЫ. Жүр, сол жаққа барайық.

2-САҚШЫ. Бәрібір емес пе?!

1-САҚШЫ. Жүр... жүр... Сол тұс ыңғайлырақ... Сен атасың ғой, иә!

2-САҚШЫ. Сен ше?

1-САҚШЫ. Кейінгі кездері қолым қатты дірілдейтін болып жүр... Не болғанын өзім де білмеймін, мылтық ұстасам болды, тұла бойым түгел қалшылдап кетеді. Әйтпесе, өзім-ақ қақ шекеден қақшитар едім. Өзің де білесің, талайды сеспей қатырдық қой!

2-САҚШЫ. Атаңа нәлет, атсам, атайын, жұмысымыз ғой! Осымен нан тауып жүрген жоқпыз ба?! Әй... әне... (сұқ саусағымен нұсқап) Ана бір тұсқа апаршы.

1-САҚШЫ. Қазір, басеке... қазір... (Орынбек Бекұлын алдыңғы жаққа сүйрелеп апарады) Дайын!.. Ата берсең болады!

2-САҚШЫ. Қазір... қазір...

 

2-Сақшы мылтығын кезене беріп, шүріппені басып қалады. Орынбек Бекұлы жалп ете түседі.

 

2-САҚШЫ. Тиді ме?

1-САҚШЫ. Мұрттай ұшты ғой, әйтеуір. Жаңа атып жүрген жоқсың ғой, мүлт кетпеген шығарсың!  

2-САҚШЫ. Сонда да сенімді болу үшін қақ маңдайдан тағы бір рет қақыратайын!

 

2-Сақшы етпеттей құлаған Орынбек Бекұлын аударып, шалқасынан жатқызады да, мылтықтың аузын қақ маңдайына тіреп қойып, тағы да шүріппені басып қалады. Мылтың дауысы шаңқ ете қалады. Дүние шыр айналғандай «Қанатталды» әні айтылады зарлы дауыспен... Сақшылардың дауысы осы әннің ортасында беріледі.

 

2-САҚШЫ. Енді сеспей қатқан шығар. Ана шұңқырға апарып көме салайық.

 

Екеуі мәйітті екі жағынан көтеріп әкеліп шұңқырға тастай салады да, қолдарына күрек алып, топырақпен көме бастайды. Бір кезде шашылып жатқан бірдеңелерді көріп қалады.

 

1-САҚШЫ (үрейленіп). Әй, не ана қарайғандар?

2-САҚШЫ. Қайсы?

1-САҚШЫ. Әне, ана жерде шашылып жатқан...

2-САҚШЫ (бір-екі аттап). Ой, атаңа нәлет, адамның сүйектері ғой... Мәссаған, мынаны қара, біреудің басы шығып қалыпты... Кімдікі екен, ә?

1-САҚШЫ. Кімдікі екендігіңде не ақың бар?! Қайсыбірін түгендеп жүресің, оданда тездетіп тайып тұрайық. Бұл маңайда жемтік іздеген ит-құстар көп жүреді.

2-САҚШЫ. Ойбай, құрысын, кеттік!

1-САҚШЫ. Кеттік!

 

 Екеуі бірінің артынан бірі ілесіп, қою қараңғылыққа сіңіп көзден ғайып болады.   

 

 

Соңы

 

20. 08. 2017 жыл

Пікір қалдыру:
Captcha