Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№96. Қашу мен күту


(Әңгіме)

       

        Өмірмен тәтті қоштасып,

Өліммен қол ұстасып,

Үстіме топырақ үюлі,

                                            Суық көрде көмулі,

 Қара жерді құшақтап

    Жатқанымда мен сорлы,

                                                   Мені есіне кім алар?

                                                                                             

                                                                                           Мағжан

                                                               1

 

- Мына түрімізбен бәріміз де аштан қатамыз. Жүруге жараған екі ұлды ілестіріп, мен қалаға тартайын. Талқанның көбін сендерге қалдырып, біразын біз жолға алайық. Қалаға жетсек, өкімет өлтірмес. Құдай оңдап, дәм-тұзымыз таусылмаса, аман-есен оралармыз, - деді төрде малдас құрып отырған Сапар отағасы  омырауын жапқан қаба сақалының ұшын салалы, ұзын саусағына орап. Дағдарғандағы әдеті.

– Не айтқыларың келгенін біліп отырмын. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», алда-жалда қайта алмай қалсаңдар, біз қайтеміз? демексіңдер. Кім болса да, сөйдер еді.

«Тәуекел ет те, тас жұт» деген, «Құдай салды, біз көндік» емес бұл күйіміз. Көзіміз шығып кеткен жоқ, есіміз ауып қалған жоқ, осының бәрі – құдайдың ісі  деп кәйтіп айтасың? Бәрі - адамның ісі. Көнбесімізге қойды ма?! Қарекетсіз мөлиіп отыра берсек, біреу кеп, бізді асырай ма? Мұнда қарайлайтын не қалды? Не? Түк те!..

- Айдаладағы мына оншақты үйден қаншама адамға топырақ салдық. Қаншасы қалаға барамыз деп кетті! Өстіп омалып отырғандар аман қалады дей алатын сәуегей бар ма? Қопарылып түгел кетсек, алда не күтіп тұрғанын тағы болжап болмайды. Қырылып жатқанымызды барып айтсақ, өкімет тым құрыса талшық етуге малымыздан бір-екі тұяқ қайтарар. Ойында не барын өкімет айтпайды ғой. Кім біледі, жақсылығы да бар шығар, бұ жерге де кеп қалар...

Төрдегі құрақ көрпеде төбедей дөңкиген мосқал кісі терең күрсініп, ойланып отырды. Ешкім үндемеді. Үндей алмады. Амалы таусылған адам не айтсын. Осыны ойлаған отағасы түнеріп, біразға дейін түксиіп, үнсіз қалды. Сосын  ширақ қимылдап, орнынан тұрды. Кішігірім баланың бойындай саптама етігін қоныштан тартып киді.

- «Жүрген аяққа жөргем ілігер» деген. Қолымыздағы азық көпке жетпейді. Ең болмаса, жейтін ауыз азайсын. Құралайдың алыс жолға киетін жылы киімі жоқ. Сенде де... – деп, әйеліне қарады. – Қыстың соңы болғанмен, суығы әлі біразға барады. Жолшыбай әр ауылға түнеп, бірдеңе ғып, қалаға жетерміз. Алла медет берсін деп тілеңдер. Отбасында омалып ,түгел қырылғанша, тәуекел! Қарекеттен - әрекет, әрекеттен – берекет... Басқа амал таусылған сияқты. Түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай жүргенде, тығырықтан шығар басқа жолды таба алмадым. Сендер тапсаңдар, айтыңдар, кәне!

Қара талқанға ғана қарап қалған үй ішінен ешкім ештеңе дей алмады. «Кеудемде жаным тірі тұрса, келемін. Өлсем, сендердің жандарың – құдайға аманат. Ал, аман-есен болыңдар. Иә, пәруардігер, адамға таупиық бере гөр. Тауанымызды тарылтпа, зүриятымызды сақтай гөр!», - деп, қолын жайып күбірледі де, бетін сипап, оң жақ керегенің басында ілулі сеңсең бөркін баса киді. Бірі он екіде, бірі он төрттегі – екі ұлын ертіп, жолға шығуға ыңғайланды.

- Жылап, жаманат шақырма! - көзінен жасы мөлтілдей бастаған әйеліне зілсіз зекіп алды. - «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі». Көңілге қаяу салма. Келе ғой, қызым, - қобалжып жақындаған Құралайдың маңдайынан бір иіскеді де, ақырын сүйді.

Арада қанша уақыт өткенін санаудан қызы жаңылса да, әкесінің сол сүйгені маңдайында мөрленіп қалғандай, іші-бауыры елжірейді. Әттең, содан бері ешқандай хабар-ошар жоқ. Көктем шықты. Жазғытұры жазға ауысты. Қанша үнемдегенімен, талқан салған дорбаның түбі көрінді.

Кеткендерден хабар әлі жоқ. Ауылдағы жүздей адамның жүруге қауқары бар кезде көбі ағайын-туыс іздеп, енді бірталайы күн көреміз деп, қалаға кетті. Жеткен-жетпегенін ешкім білмейді. Бұрлығып аштан өлгендерді алғашында жылап-сықтап жүріп, бейітке апарып көметін. Адам азайған сайын бірлік сетінеп, жерлейтін кісі табыла қоймады, кейінгілердің беті жасырылмай, оты жоқ азынаған үйлерінің ішінде, айналасында қатып жатты.    

Қасқырлар мен қарға-құзғынның құдайы берді. Бірнеше киіз үй мен екі-үш жеркепенің есіктері ашық қалған. Дәндеген бөрілердің бойы үйреніп, үйдегі өліктерді сыртқа сүйреп шығарып, қышырлатып шайнап жатқанын көрген  Мейіз бен қызы Құралай топырақ шашып, бұта лақтырып көріп еді, сақтанып шегінгенмен, беті қайтар болмады. Азулары ақсиып, жонының қылшығы тікірейіп, өздеріне айбат шекті. Қорқып кеткен шеше мен бойжеткен қызы үйге кіріп, паналады. Киізді жұлмаласа да, керегеден ішке өте алмас деген оймен өздерін алдарқатты.     

                                           

                                           2

 

Аспан өзгерді.

 Қызықтырып, төбеде төңкеріліп тұратын көгілжім әлемді енді көру қиын. Көк нілі сұйыла-сұйыла жоғалды.  Шаңытқан ақсұр перде аспанда қуыс қалдырмай, түгел жауып, жерге төніп, тұмшалап алған. Көкжиекке дейін түгел – суалыңқы, сұр әлем. Беттетпей, безірейген пердеден қашып құтылу жоқ. Құс болып ұшса да, көз ұшына дейін бедірейіп, салбырап тұтасып алған пердеге тіреліп, ары өте алмайтынын шарасыз мойындаған шешесі мен қызы әзірге аман.

Жүз шамалы адамнан қалғаны – екеуі.

       - Апа, көршілерден ешкім қалмады. Кеткені кетті, өлгендерді жерлеуден шаршадым. Әлім бітті. Біз де кетейікші бұл ауылдан.

- Көктем басталғанда-ақ кету керек еді. Енді кеш. Отағасы әне геп қалар, міне, геп қалар деп күтіп едім. Кетіп қалсақ, бір-бірімізді қайдан табамыз? Оралғандай күн туса, далаға келгендей бола ма, молаға келгендей бола ма деп, көңілім күпті. Әлдеқалай оралса, біздің не өлімізді, не тірімізді білмей, қалаға қайта кетіп қалмай ма? Сүйтіп жүргенде, не пәлеге ұшырайтынын қайдан білеміз?

Ой, құдай-ай, құлындарымның қарны ашып қалмады ма екен? Күнде түсіме кіріп, нан сұрап жылайды.  Көзім дымданып, құрғамай жүр. Әйтеуір бір сенерім - әкең. Талайды көрген, баяғыдағы барымташы ғой, бір амалын табар. – Қуатын үнемдегісі келіп, жайшылықта әңгімеге оңайлықпен араласа қоймайтын шешесінің бұлайша көбірек сөйлегеніне Құралай тіксініп, бұрыла қарады.

- Неге қарағаныңды біліп жатырмын, қызым. Қос уыс талқан қалды. Мен жемей жүрмін, енді тіпті аузыма алмаймын. Енді... көп тұра қоймаспын. Ертең таңсәріде көзімді жұмармын. Өлсем, көзімді қарға-құзғын шоқымасын десең, топыраққа шамаң келгенше жасыр. Бейітке апаруға әлің жетпес, үйдің қасына-ақ жерле. Сосынғы тірлігіңді өзің бірдеңе ғыларсың. Кейін заман түзелетін күн де келер. Бағыңнан көрерсің.

      Алды-артыңды байқа, ойлан, қызым. Сені бір Құдайға тапсырдым. Бәлкім, әкең мен бауырларың азық алып қайтып қалар. Өкіметке халымызды айтқан шығар. АЙНАЛАЙЫН, ӨКІМЕТ-АУ... – қиналып, қабағын шытынды, - ең болмаса, балаларымды аштан өлтірмеші. Жаным – солардың жолдарына құрмалдық. Басқа кімге айтам? –Үміттенуге құлықты шешесі тамсанбақшы еді, кезеріп  жапырақтай қуара бастаған еріндері оңайлықпен икемге келмей, үнсіз томсарды. Содан қайтып ләм деп, тіл қатпай, сұлқ жатты.

- Не айтып жатырсыз, апа? Неге өлем дейсіз? Кілең өліктердің арасында мен жалғыз қаламын ба? Мұныңыз не, апа-оу? Неге талқан жемедіңіз? «Тойып отырмын» деп, мені неге алдай бергесіз? – Еңіреген Құралай шешесінің басын құшақтап, өзін өзі тоқтата алмай жылауын үдете түсті.  – Неге біз өлеміз? Не жаздық біз? Кәрі де өлді, жас та өлді.

Қыс көзі қырауда беттерінің түгіне шейін тікірейіп келген белсенділерге «Ау, ағайын, мына жұрт аштан өле бастады. Ең болмаса амалдап, қыстан шығудың рәтін табайық та. Бұл нағылған өкімет өзі? Өз адамын аямай, салықпен сансыратқаны несі?! Өз адамын азаптап,  аштан өлтіретін өкімет кімге дәрі? Жалғыз біз ғана емес, жан-жақтағы ауылдар да, алыстағылар да аштан қырылып жатыр деп естиміз. Қалаға барып, өкіметке айта алмаймыз. Аяғымыз да, қолымыз да жетпейді. Сендер ең болмаса, құлаққағыс қылсаңдаршы. Құтқарсаңдаршы мына зауалдан. Осы зауалды бір жақтан ешкім әкелген жоқ қой. Немене сендер «шаш ал» десе, бас аласыңдар?» деген Рақым ағамды, әне, нағылдыңыздар, өкімет?! Қалаға апарып атып тастадыңыздар. Сүйегін де бермедіңіздер. Неге? Өкімет аға, жөніңізді айтсаңыз, қайтеді? Ағам кімге жамандық жасады?!.. Енді анамнан айрылам ба-аа?..

Қыздың аңыраған даусын естіген қарғалар «қар-рқ» етіп, қанаттарын жалпылдатып, аулағырақ ұшты. Түндігі сыпырылып, туырлығының жартысын әлдекімдер кесіп алған  басқа үйлердің тарбиған шаңырақтары мен мамонттың кепкен қабырғаларындай ырсиған уықтарында   «енді неғылар екен?» деп, аңысын аңдығандай, қонып отырды. Жылаған дауысты естігісі келмей ме, әлде қауіптене ме, қарғадан ешкім сұрамайды. Қарға-құзғынның аңдығаны – тек жемтік, олжа...

Үш күн жылады.  Көңіл айта біреу кеп қала ма деп, сол үш күн бойы  күтті. Ажалдың кезегі енді өзіне келетінін түсініп, иісі шыға бастаған мәйітті жерлеудің қамына кірісті.             

                                           

                                                  3

 

«Тасқын болса, жайылып, ауылды  шайып кетеді» деп, қауіптенген бастықтар сайдағы өзеннен алыстау – бір шақырымдай жерге «Алғабас» деп аталған әртелді қоныстандырған. Бұрын әр жер-әр жерде екі-үш үйден шоқиып отырғандарға бас қосқан жаңа қоныс көңілді сияқтанғанымен, мал сыймай, қайта-қайта қосылып кетіп, әбден әбігерге түсті. Ақыры ақылдаса келіп, бір қотанға жиғаны тықақтап, үнемі тексеріп келетін әпербақан белсенділерді қуандырды. «Іздегенге сұраған», ақыры қалың малдан тігерге тұяқ қалдырмай, түгел айдап әкеткен. Тышқақ лақ та бұйырмады. Ауыл дағдарып қалды. «Мал ашуы – жан ашуы» деп, бермей қарсыласқандардың бірін де аяған жоқ, алып кетті. Абақтыға, итжеккенге... Кім өлді, кім тірі қалды, ешкім біле алмады. Жөн сұрағаны үшін де ұстап әкетіп, түрмеге тоғытты. Ауыл есеңгіреп, ақыры аштыққа тап келді... Шешенің «ойлан, қызым» деген сөзі осы жайды еріксіз еске алдырды.

Құралай иінағашпен өзеннен қайта-қайта су тасып, шешесін жуды. Бірақ орауға ақ кебін таба алмады. Жеркенсе де, жүрексінсе де, иесіз қалған көрші үйлерді аралап, кебінге жарарлық мата таппады. Сонда барып, шешесінің айтқаны есіне түсті:

- Ақ мата көзден бұл-бұл ұшты. Кездеме де жоқ.  Көйлек-ыстанымен көмілеміз енді... - деп еді жасып.

Бейітке апаруға қауқар жоқ, үйдің құбыла жағынан моланы қазу қиынға соқты. Ешбір үйден күрек көзге түспеді. Әу баста әрбір үй сайын бар сияқты еді, өтенінен кеткендер алыс жолда дәтке қуат көріп, алып кеткен болуы керек.

Маусымның ыси бастаған күні қақтап, кеуіп, қатқылдана бастаған жердің  аумағын көзбен мөлшырлеп алып, шолақ балтамен шапқылай бастады. Қопсыған топырақты қолымен сыпыра тазалап, былай ысыруға кірісті. Сұр топырақ бәлендей қатты көрінбегенімен, арасында болар-болмас қиыршық кездесіп, қолын қызылала жаралап жіберді. Алақаны күлдіреп, саусақтарының жұқа терісі ішінара сыдырылып,  қызыл еті көрінсе де, топырақ сеуіп, «үйбай-аймен» амалдап, күннің ыстығына қарамай, қаза берді. Ақыры қолы шыдамаған соң, үйден ағаш тостаған алып келіп, амалдап, топырақты шетке сыруға кірісті. Соған шыдамай сынып, шеттері кетіле-кетіле, ағаш тостаған тоқал тұқылға айналды.

Үйлердің сыртын тінте қарап жүріп, бір киіз үйдің іргесінен тұмсығы пұштиып шығып жатқан қол басындай ағашты ырғап, суырып алды. Соны қалақша қылып, қазумен тағы екі күн өтті. Қарбаластан қажыған жас дене талшықты көбірек тілейді, жанға  демеу қорегі - қара талқан ақыры таусылды. Әлсін-әлсін қара су іше жүріп, ұзындығы шешесінің бойымен бірдей шұқырды дайындады. Мәйітті текеметке салып, сүйретіп жеткізгенше, әлденеше рет тізе бүгіп, көзі жұмулы, созылып жатқан шешесіне қарағыштады. Зорға жеткізіп, шұқырды жағалай жалданып жатқан қиыршығы аралас топыраққа дем алғалы отырды.

Шұқырдың тереңдігі тізеден-ақ. Ары қарай қазуға қанша жан салғанымен, шамасы жетпеді. Буындары дірілдеп, қайта-қайта жантайғысы келе берді. «Басым айналып, көзім қарауытқаны несі?» деп бір ойлады. Жуғаннан кейін таза киіндірсе де, шешесінің тұла бойынан мүңкіген, өлікке ғана тән  күлімсі иіс күшейіп барады.

Қандай лаж бар? «Ойлан, қызым» деп еді шешесі, ойлауға да дәрмен  керек екен. Мінеки, түс ауып барады. «Енді ажалдың аузына ақын Құралай, әнші Құралай, сенің түсетін сәтің жақындап келеді» деді өзіне өзі.

Кенет сол жақ  бүйірден дыбыссыз алған демнің лебі желпіп өткенде, еріксіз жүрегі су етті. Буын-буынын әп сәтте аралап кеткен бір ыстық, бір суық  секемшіл сұйық топырақ түстеніп,  аңдып  келген ажалдың сиқырындай сезініп, шошына қарады. Ешкімді көрмеді.  Кімнің, ненің лебі? Адасып өткен самалдың болмашы желпіні ме?

Айнала қандай тірлік иесі де басын арашалап қаша алмайтын, ақыр түбі жалмайтын Ажал аймағы секілді. Құтылу мүмкін емес... Оң жағына қарай қалай қисайғанын сезбеді. Беті жас топыраққа тигенін  түйсінгенімен, неге тигенін түсіне алмады. Көз алдында тұтасып, кірпіктеріне батпан салып басқан сұп-сұр әлем қоюланып, түнекке ұласып бара жатты.    

                                           

                                                  4

 

Қанша уақыт өткені белгісіз, бір уақытта «қар-рқ, қар-рқ» деген қарғаның қарқылы құлағына еміс-еміс шалынды. Қорғасын құйып тастағандай ауыр кірпіктерін қайта-қайта күшеніп жатып, әзер ашты. Жаңа ғана түнеріп бара жатқан дүние қайта жарықтанып, іле сұрланды. «Қар-рқ!».

Құралай тіксініп, көзін кеңірек ашып алды. Қарға шешесінің бетіне қонып алыпты, жан-жағына қарап, жемтіктестерін шақырады. Құралайдың жаны ышқынып, басын көтеріп алды, тұла бойы ток соққандай дір етті. Орнынан қалай тұрғанын білмеді. Шешесін әрең-әрең сүйреп, шұқырға түсірді. «Бақұл бол, апа. Ақ сүтіңді ақтай алмадым-ау. Не істейім, апа? Қолымнан не келеді? Маған да көп қалған жоқ, мен де өлемін ғой енді. Қасыңа жатайын, мәңгі бірге болайық» деген тілекті ішінен қайталады.

Тап осы сәтке дейін ғұмыр кешкен жарық дүниені қия алмай, лажсыз қоштасқысы келгендей, «а-аһ» деп, терең тыныстап алды. Шешесінің басын тізесіне қойып, қоштасып қалғысы, соңғы рет өбіп, мауқын басқысы келіп, шұқырға түсті. Аяқ жағындағы оң жақ бұрышқа  отырып көріп еді, сыймады. Шешесімен бірге өлуді, қасына жатуды тілеген түйсігі қалжырап, өзге дүниені сезінуге баспады. Жанына ұзынынан түсіп қатар жайғасуға және сыймады. Мәйітті аударып, бетін өзіне қарата, қырынан жатқызып, өзі соған қарап, бір жамбастауды ойлап еді, көтере алмады. Екеуі қатар сұласа, топырақпен бетін жабатын кім бар?... Шешесі ақ денесін қарға-құзғынның шоқығанын қаламап еді...

Құралай ақырғы күшін жинап, шұқырды топырақпен жауып біткенде, қас қарая бастады.  Жүруге шамасы жетпей, бір еңбектеп, бір сүйретіліп, үйге әзер кірді. Санасының түкпіріне мызғымай орнығып алған «Етімді қорқаулар жемесін, қарға-құзғын шоқымасын» деген ой еркінен тыс күшпен әлсін-әлсін үйге жетелей берді. Есі кіресілі-шығасылы күй кешіп, ашпалы есікті қалай жапқанын, шешесі барда-ақ бір ұшын керегенің көзінен өткізіп байлап қойған, екінші ұшын жатарда бекітетін құрықты белдеудің тұсынан көлденең салып, қыл арқанмен шанду керектігін, күндегі үйреншікті ісін қайталағанын еміс-еміс түйсінді.

«У-ууһ! Ақырғы кезек – менікі... Тезірек өліп, жаным тынышталар ма екен?» деген бұлдыр сұрақ санаға түсінікті сөз емес, миының қараңғы қуыстарында  тәлтіректеп сандалған ауру түйсікке айналды. Божырап, сөнуге бет алған сананың  соңғы қисалаң түкпірінде күреңітті. «Дымымды құртып, бір сәт тыншымай, азық тілеткен азаптың қатыгез, қанды  шеңгелінде жанымды шырқырата бермей, тезірек құтылсам екен. Қайыптан тайып, әлдекім келіп қалар, бәлкім, сол көмер» деген далбаса тілек тұла бойына қан тамырларымен бірге тарады.

Қанша уақыт өтті, беймәлім. Құр сүлдері қалған қыздың үміт пен күдікті қоса сыйғызған көздері сығырая-сығырая, ақыры жұмылып, қайда қашса да, құтқармайтын қараңғы дүниенің қойнауына жайлап, жылжып бара жатты.

 

5

 

Жер бедері таныс көрінгенімен, былтырғыдан өзгерген тәрізді. Күні кеше ғана көңілдене көсіліп жатқан боз даланың жусанына шейін қуқыл сұрғылттанып, сұрланып алғаны жалғыз жолаушыны еріксіз қабаржытты. Маусымның аяғында жер дүние көкке көміліп, балбырап тұрса керек еді, биыл біртүрлі сиықсыз. Былтырғы мен биылғы ақ селеудің бір-бірімен тақасып, бірін-бірі тұншықтырып, бой жаза алмай, аласарған қажыңқы қалпына қарын ашады. Тікенекті темір талшықтардай былтырғы қурайынан әлі құтыла алмаған жусан атаулы бөртесуланып, түгі ұлпаланбай, тікірейіп алған. Бұрын әйтеуір бір қырқада кездесіп қалатын қойшылар, әупілдеп үргені алыстан естілетін иттер, қой күзеткен қойшылардың әндері ізім-қайым жоғалған, тым-тырыс. Жоқ іздеп жортатын жылқышылар да көрінбейді. Қайда кеткен бәрі?..

Бүгінгі түннен есен-аман шықса, ертең түске таман жетуі тиіс. Маусымның соңы әл-әзір осы қалпынан көп айнымас. Ауылдан бір топ адам қалаға барғалы сүйретіліп, шығып еді, оларға қосылмай, сәл қиыс жатқан мекенге бұрылғанда, Әбілдің іштей есебі бар еді. Жалғыз адам еріксіз елегзитінін білсе де, тәуекелге бел байлағаны содан.

Көзге жылы ұшырайтын малы, сөйлесетін адамы қалмай, қаңыраған қу далада құстар мен құрт-құмырысқа, домаланған, бір ұшып, бір қонған түрлі қоңыздардан басқа тіршілік иесі көзге шалынбайды. Зау биікке шырлап шығып алған бозторғай әуеге ілініп қалғандай бір орында шырылдап-шырылдап алып, кенет лақтырған тастай кілт төмен зулайды. Ауаға шомылып, сүңгіп-сүңгіп алудан жалықпайды. Біресе еркелеп ойнағысы келгендей, жер бауырлап ұшып, іле дереу  көлбеп, жоғары көтеріледі. Көзге көрінбейтін алтыбақанда ерсілі-қарсылы тербеліп жүргендей. Осы бозторғайға ұқсатып еді былтыр алғаш көргенде...

Қалаға «оқуға түсемін» деп барғанымен, қабылдау мерзімі өтіп кетіпті. Қайтар жолда қоналқаға қашықтау басқа ауылдарға баруға ерініп, осы ауылға ат басын бұрып еді, сәті түсіп, сауық кешінің үстінен шыққан. Бейтаныс жігітті ауыл жастары жатсынбай, «қырықтың бірі - қыдыр» деп, қаумалап, ортаға алғаны кеше ғана... Ауылдың қонақжайлылығына қатты сүйсініп еді сонда. Көңілінде «мен де осылардай жайсаң болсам екен» деген таза тілек оянған. Киіз үйдің ішіндегі түрлі ойындардан кейін алтыбақанға кезек тигенде, барлығы жұптасып шыға келді де, Құралайға жұп табылмай, жалғыз состиып тұрып қалды.

- Ал, құдайы қонақ, жігіт екеніңді дәлелде. Алтыбақаннан дәмең болса, өнеріңді көрсет. Ән салсаң, алтыбақанмен әуелейсің, жұмған аузыңды ашпасаң, жерде жүрелейсің, - деді, көзі оттай жанған, сауық басқарушы бойшаң жігіт қуақылана, бір шекесінен қарап.

- Қайсысын айтайын?

- Өзің білесің. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса». Қолыңнан не келетінін біз қайдан білеміз? – Қияқ мұрт жымиып, жақындай түсті. – Біздің Құралайдан олқы түссең, алтыбақанға жолаймын деп дәмеленбе!

- Жарайды, өз обалым өзіме. Бағымнан көрейін, - деп, бұл да күлімсіреп алып, тамағын кенеді:

Жаз болса, жарқырайды көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япыр-ай, алыс шеті.

Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын,

Шайқайды жас баладай, япыр-ай, желдің лебі...

Ауылдың жастары бұған дейін естіп жүрген әуендерден беталысы басқаша, шымырлаған толғанысының аңғары кең мұндай әнді бұрын-соңды естімеген еді. Қонақ жігіттің қалаға барғанда, үйреніп келгенін біреу іштей жобалап білді, біреу білмеді. Жаратылымы бейтаныстау, әуені де, мағынасы да үнемі тыңдап, ылғи айтып жүрген үйреншікті, бір-бірінен алыс ұзамай, туыстасып жататын сыралғылардан өзгеше, айтарынан аңғартары әлдеқайда мол ән мөлдірін көлденең көк аттыға бұйырмайтын тереңге тұндырғандай сезілді.

Басқалармен бірге жайбарақат қарап тұрған Құралай басталуы тосын  әнге еріксіз құлақ түрді. Қарапайым, бірақ бірсыдырғы тартымы бар дауыс шақырып, бірте-бірте баурап алып бара жатқан сұлу тылсым әлеміне ықтиярдан тыс, іштей талпына берді. Көз алдына елестеген айдын көлдің тербеліп еркелеген бала толқындарына айналып бара жатқандай, бір сәт барша дүниені ұмытып, арбалып қалғандай күй кешіп тұрғанын түйсінді.

Алтын бу айна көлдің бетін жабар,

Күн сәуле көктен төніп, япыр-ай, маржан тағар.

Есіме ақ еркемді алған кезде,

Ақ моншақ жылт-жылт етіп, япыр-ай, жерге тамар.

Асық сырын сездіруге именіп, жасыруға және дәрмені жетпей, сызылып, шарасыздан дірілдеген созылымын сиқыр кернеген әуен әуелеп, алыс ұзайтын емес. Аспан мен жердің арасына ғайыптың құдіретімен жаралған таңғажайып суретті қия алмай, қалықтап жүріп алған іңкәрлығын білдіргісі келетін тәрізді. Ұсынған қолға жеткізбей, арманға айналып, алыстаған асыл жардың толқындай мөлдіреген келбеті көгілдір көлдің бетінде пейіштегі елестей шақырып көлбейтіндей...

Құралайдың ойын қаумалап, қошеметтеген дауыстар бөліп жіберді:

- Ой, азамат, көлденең көк аттының бірі болмадың!

- Жарайсың, жігітім!

- Рахмет, ағатай...

- Рахмет, бауырым. Біз естімеген ән екен. Кімнің әні? – қияқ мұртын ширатып, Рақым жақындап келді. – Сөзі біз естіп жүргеннен мүлде өзге. Мағынасы қандай терең еді...

- Ән кімдікі екенін біліп үлгермедім. Сөзі Мағжан Жұмабаев деген ақындікі, - деді, Әбіл үлгірмегеніне өзін кінәлі сезінгендей қысылыңқырап.

- Ән де соныкі шығар. Мынандай сөзге басқа, әуен, сірә, жараса қоймас.- Қияқ мұрт ойлана сөйледі. – Па, шіркін, осындай сөзді айта алған адамның арманы жоқ шығар. Мұндай әннен кейін басқа әнді тыңдау да оңай емес-ау.

- Жөн айтасың, Рақым.

- Рас, рас-ақ, - дескен дауыстар шашырап, естіліп жатты. Құралай «тағы да бір ән салыңызшы» деп өтінуге қымсынды. Жаңағы әннен алған әсер енді қайталанбас, көз алдында көлбеген, ынтығы жаңа, ықыласы ғажап әлемнің тұнығы шайқалып кететіндей  тартынды.

- Ал, Құралай, мына замандастарыңа сен де бір ән салып бер, қонақ кәдесін жасады. Ендігі кезек - біздің ауылдікі, - деді бидай өңі ай нұрымен бозғылданған Рақым жігерлене сөйлеп.

Етегі желбіреген, бүрмелі ақ көйлегі толықсыған айдың ағыл-тегіл мол сәулесімен сұлуланған қыздың қырмызы камзолы бозғылтым сүт сәулені өңіріне асықпай, мейірлене сіңіріп жатқандай. Қазіргі сәтте қара шашына, бозша, балғын келбетіне қызғылынан бозғылы сәл көбірек ұнасып, бұрын-соңды ешкім көрмеген, жұмақтан жеткен жаңа сүт нұрмен сылаған секілді іштей тамсанды. Осынау момақан тұрысын тыныққан бозторғайға ұқсатты. Қарлығаштың қанатындай ұшы қиылген қастарының ортасынан екі елідей жоғарыда ақ жүзіне жүзіп шыға келгендей сүйкімді, көзге жұмсақ қара мең қолмен бипаздап қондырғандай жарасымды. Таңдана әрі құмарта қараған Әбіл бір сәтке «қызыққаным әбес көрінуі мүмкін-ау» деп, сезінгенін білдіргісі келмей:

- Кезек сіздікі сияқты, -  деді, жайдары жымиып.

- Құралай-ау, әу десеңші енді.

- Күтіп тұрмыз ғой! - деген дауыстар үздік-создық шығып қалды.

- Жарайды, - төмен қарап сызылған Құралай «Сәулем-айды» бастады:

Көзімнің қарасындай сәулем едің,

Көңілімнің қуанышы, дәурені едің.

Ойымнан жатсам-тұрсам, еш кетпейсің,

Басымды не сыйқырмен әуреледің?..

Әрі әнші, әрі ақындығы бар Құралайдың сыңғырлаған дауысын сағынған ауыл жастары үнсіз тыңдады. Тұңғиық аспан қай-қайдағы қиялды оятып,  әркім өз ойымен болып кетті. Ағыл-тегіл ай сәулесімен ағараң тартып,  алысқа созылған сабырлы, салқар дала, сонау көз ұшында қарауытқан адырлар тыбыр етпей, үн-түнсіз мүлгігеніне балаша әсерленген Әбіл жұлдыздардың жайшылықтағыдай біресе жымыңдап, біресе жыпылықтамай, сүзіле қарап, үздігіп тұрғанын осы күнге дейінгі өмірінде алғаш рет көргендей аса бір толқулы күйден талпынса да, арыла алмады. Бойжетіп қалған қыздың ән арқылы өзінің құпия ықыласын жеткізуге деген бейілін аңғарып, көптің көзінше ештеңе білдірмеуге тырысты. Әнмен айтқан жұмбақты жігіттің сезгенін қыз жүрегі де түйсінді.

Ән аяқталғанда, алғыс айтқан дауыстар тағы жарысты:

- Рахмет, айналайын Құралай! Өркенің өссін!

- Көп жаса!

- Бәсе, біздің ауылдың қыздары осындай болса керек еді...

Қияқ мұрттың даусы саңқ етті:

- Шаршадың ба, жігітім? Тағы айтарың бар ма, әлде болдың ба? Болдым дегенің – болдырдым дегенің.

Намысын қайраған мына сөзге Әбіл бір жымиып алды. Сосын шарай топты жылы жүзбен асықпай, бір шолып өтті:

- Айта берсек, табыла жатар. Тағы бір тәуекел етейін. Сосын басқаларды да тыңдап көрсек, артық болмас. Шаршаңқырап келе жатқаным да рас.

- Е-ее, оның да дұрыс.  Омыраулаған ожар емес, жөн білетін көргенді жігіт сияқтысың. Ал, ендеше аттың басын тағы бір жіберіп ал. Рақыш сүйсіне көз тастады. Әбіл  басын изеді:

Сылқ-сылқ күліп сылдыр қаққан су сұлу,

Көлге қонып қаңқылдаған қу сұлу.

Бейне айнадай жарқыраған айдыннан,

Күн шығарда көтерілген бу сұлу...

Жаңағыдан гөрі жеңілдеу сезілгенімен, еркелігі мен естілігі, назы мен мағынасы қанаттасқан әннің әуенінде әдепті құштарлық тебіренісі толқыса, сөзінің жаңағы «Япыраймен» «ағайындығы» таңданбасқа қоймады. Тағы да ойда жоқта алдан шыға келген жаңа әлемде сылдырлаған толқындардай  жарысып ойнаған, бояулары мың құлпырған сұлулық біздің тыңдағанымыз ба, әлде пейіштен тербеліп жетті ме?» дегендей әсерге бойлатты. Алғашқы әнде мұңды қимастық тұңғиықта тынып, беті ғана шымырлап жатса,  енді еркелік еліктей елеңдеп, айналасына таң-тамаша қарайды:

Шаңқай түсте өткір, алтын Күн сұлу,

Жымыңдаған жұлдыздармен түн сұлу.

Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,

Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу! –

деп, аяқтағанда, толқындай тербелген ән де, ешуақытта естімеген сұлу сөз де  бір өзіне арналғандай Құралайдың жүрегі дүрс-дүрс соқты. «Өзі шығарды ма екен тап қазір?» деп ойлады.

- Бәлі-і, бұрын естімеген сөзіміз. Кімдікі?! Бұдан кейін басқа әнді, басқа сөзді қалай тыңдаймыз? – деді Рақым қайран қалып. –Ау, ағайын, бүгінгі тамылжыған осындай айлы түнді көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ай нұрының құшағындай осынша сұлу дүниені жеткізген саған рахмет, бауырым! – деп келіп, Әбілді құшағына алды.

- Бұл ән де, өлең де Мағжандыкі, - деді Әбіл инабатпен күлімсіреп.

- Не деген ғажап. Сөзі қандай, әні қандай! Бірінен бірі асып түседі. Осылай келіп, бізге жаңа әндерді үйретіп тұрсаңызшы, - деді Құралай қиылып.

- Әлбетте, келемін! – деп сертке бергісіз уәдесін беріп кетіп еді...

                                                         

                                                   6

 

Міне, анау жерде былтыр сауық құрған, алтыбақан тербелген. Мынау – сол ауыл, сол қараша үйлер. Жеркепелерді өткен жолы байқамаған екен, бәлкім, түн баласында оларға назар аудармаған шығар. Киіз үйлердің кейбірінің киізі жарым-жартылай сыпырылған, үйлерін жығуға, бір жаққа көшуге дайындалған сықылды.

                                                   

                                                   7

 

Таң қараңғысында соңынан ілескен күн енді көк күмбезінің шырқау биігіне таяп қапты. Үп етіп, білінер-білінбес лебімен сылап өтер самал сезілмейді. Бүкіл ауылдағы жан иесінің барлығы мұның келерін алдын ала біліп алып, жасырынып қалған тәрізді. Ит екеш ит те жоқ, қайда кеткені беймәлім. Тек ұзап ұшуға құлықсыз «қар-рқ, қар-рқ» етіп, айнала ұшқан қарғалар, одан алысырақта биігірек қалықтаған қарақұстар «ауылдың қайда тығылғанын біз көріп жүрміз» дегендей айналсоқтап, кетер емес.

«Ойпырай... бұл ауылда да...»

Жолшыбай көрген сұмдықтардан кейін көңілі нілдей бұзылып, ілбіп келе жатқанымен, Рақымды есіне алып, ондай алғыр жігіттері бар ауыл бүліне қоймаған шығар деген сенімі қожырамаған.

Бірақ... Бұлар да... шынымен...

Ары қарай ойлауға дәті шыдамады. Құралай, Рақым қайда? Жермен-жексен екі жеркепенің есіктері аңқайып, ашық қалған. Ішінде жан жоқ. Бірнеше үйдің жабық есігін итеріп көріп еді, ішінен әлденемен тірелген екен. Дыбыстағанға ешкім жауап қайтармаған соң, күш салып итергенде, «ши-ыық» етіп, екі жаққа ашылды. Құлаққа ұрған танадай тыныштықта жағымсыз «шиы-ық» құлақтың ішін тілгілеп,  ішіне сумаңдап кіріп кететінін бірінші рет байқап, еріксіз тіксінді.

Есігі жабық үйлердің кейбірінде ғана мәйіттер бар екен. Бәрі – киімшең. Кілең терісі  сүйегіне жабысқан, киімнің астында сыриған қаңқалар... Жатыстары әртүрлі: бірі – басын бүркеп, көрпенің астына тығылғанымен, сирақтары серейіп шығып жатыр. Сұлаған, бір қырындап қатып қалған, шалқасынан жатқанда, ауызы аспанға қарап, ашылып қалған, етпеттеп жатып жан тапсырған кемпір-шал, әйелдер, бала-шаға... Бір де бір жігітті көре алмады. Сірә, әлі құрыған бейшараларға азық іздеп, тентіреп кеткен... Ен далада жемтікке айналды ма, әлде бірін бірі жеп, ақыры уланып өлді ме, бір құдай біледі.

Жүрегі лоблып, шайлығып тұрса да, келесі үйдің есігін итеріп ашты. Сасық иіс бірден қолқаны қапты. Оң жамбастаған жас келіншектің көзі жұмулы, қасында – құндақталған нәресте. Өлі ме, тірі ме?

Демін ішіне жиып, таяп барды. Суалған жағы, солыңқы емшегінің  сызықталып, жиырыла бүріскен терісі – аштықтың айғағы. Беті кішкене алақандай ғана сәби ана сүтін іздеп, бырысып қалған қу шандыр емшекті сорған қалпы қатып қалыпты. Денесі түршіккен Әбіл абдырап, не істерін білмей, естен айрылғандай мәңгіріп қарап тұрды. Тұрып-тұрып, мүңкіген иіс көкірегін кернеп бара жатқанына төзе алмай, лоқсып, сыртқа атып шықты.

Үш күн ішінде талай өлікті көрсе де, бөрі түгіл қарғалар тамтығын қалдырмаған, күнге кеуіп, жел қаққан қаңқаларда мұндай әлемет иіс жоқ-ты. Екі иықтан албастыдай басатын өлік иісін анық сезгені бүгін ғана. Жүрегі көтеріліп, сыртта ит-құс сүйреп тастаған тоқымдай құрым киіздің үстіне отыра кетті. Көз алды қарауытып, өзіне өзі келе алмай, бірқауым уақыт көзін жұмып отырды.

«Қар-рқ!», «Қар-рқ!»...

Көзін ашып алды. Қамшы тастам жерде екі қарға қонып отыр. «Өлі ме, тірі ме бұл міскін?» деген сұраққа жауап алғысы келгендей, бастарын олай да бұлай бұлт-бұлт бұрып, барлағанды місе тұтпай, жан-жағын тіміскілеп, шүйіле қарағанында әкетіп бара жатқан асығыстық емес, «бұл ауыл – біздің жемтігіміз» дегендей сенімді тоқмейілсу барын жаңа байқады: үйлердің көпшілігіне бірде топ-тобымен, кейбіріне бірнешеуден қонып алған қарғалардың қорғанбай, қожасынуы таңғаларлық.  Адамнан жөпшенділікпен жасқанбайтын қарғаларды көргені осы. Әлде қарақұрым көптігін малданып, басынғысы келе ме... Әнебіреуі «Әй, сен қашан өлесің» дегендей қайта-қайта мойнын созып, зер сала қарайтын сықылды. Сірә, ұят жоқ, аят жоқ, қонақтың «Көзін шоқығысы келеді»..

«Талайдың көзін шоқыған шығарсыңдар!»

Қарғаларға кіжініп, жан-жағын қарманып, тас іздеп еді, шөлейтте қайдағы тас, қолына кебір топырақтан басқа ештеңе жұқпады.

 Кенет екі адым жерде ағарған сүйекке көзі түсті. Қу жауырын. Адамның жауырыны. Еттен ада, жерге жабыса жарбиған ақ сөңке сүйекте үзілген жіптердей жыпырлаған үлкенді-кішілі құмырысқалар. Бір-біріне бетпе-бет келсе, бір жаққа ойысып кететіндері мен шетке ығысып, жол бергісі келмей, тақасып, төбелесіп жатқандары араласып, мидай қайнап жатыр. Иә, ендігі кезек - осылардыкі. Таяп келіп қалған, бірі қара, екіншісі қызғылт құмырысқаны топырағымен қоса етігінің тұмсығымен итеріп жіберді:

«Мен - әзірге тірімін!»

Апырау, Рақым қайда, Құралай қайда? Қалаға кетіп қалды ма? Анау шеткергі үйде болмаса?!..

Беліне байлаған қыл арқанға қыстырған шолақ күректі түзеп, малта салған түйіншекті бекемдеп, қайта байлаған соң, асықпай, жүрексіне адымдап, соңғы үйге жетті. Тамағын кенеп  алып дауыстады...

Іштен ешкім дыбыс бермеді. «Кім бар-ауды» үш рет қайталап, жауап ала алмаған жігіттің қабағы салбырап, тізе бүкті.

«Әттегене-ай, кешіккенім бе?!». Үш күн бойы жан-жағына қарай-қарай ұзақ жолдан арып-ашып жеткенде, көрмесем дегені осы еді.

                                               

                                                          8

 

Жол бойында әр жер-әр жерде шашылған өліктерден алғашқыда қатты шошыған. Бірде еріксіз бөгелді. Қисайып құлаған ұзын саптама етіктен әлденеше қадам жерде шөлейтке қойған ескерткіш белгідей екінші сыңары жатты. Қасында - шұбатылған, қара барқыт шұлғау. Дала-даласы шыққан қоңыр барқыт шалбардың ышқырын жартылай ораған белдіктің өн бойына кішкене күміс өрнектер шекілген. Бас сүйектен әріректе иекті айнала жапқан, ұзыны жырта қарыстай, бурыл тартқан қаба сақал. Азу тістер аяусыз кемірген арсақай  бас сүйектен төменгі жағының қалай бөлінгені жұмбақ.

Иектің терісі кеуіп, қарайып кеткен. Шағыр жусанның түбіндегі былтырдан қалған қатқыл қылтыққа біреу әдейілеп, өзгелер көрсін деп бекітіп кеткендей. Сеңсең бөрік жыртылған, анадай жерде. Ұзынды-қысқалы қабырғалардың қалдығына, кемігі кеміріліп, сидаланған жіліктердің ағарып жатқанына қарағанда, бірталай уақыт өткен.

Сырмалы қоңыр барқыт шапаны жұлмаланып, түтілген жүндері дудырап шашылған, жерге жабысқан. Қонышы жас баланың құшағындай, жалпақ табаны қалың етігіне қарағанда, алып денелі  кісі сияқты.

Балалардың түтеленіп, шашылған киімдері,  бірі онда, бірі мұнда жырымдалған төрт пима, қарайып, тырысып қалған төрт алақан мен төрт табан ересек адамдікі емес, балалардікі. Жыртылған шалбарлар, айырылған тері кеудешелерге қарағанда, бұлар қасқырдың әуегіне тап келген тәрізді.

Өліктерді көре-көре көңілі мүжіліп, іштей таусылған Әбілдің үміті мен азығы күннен күнге азая берсе де, Құралайдың бар-жоғына көзі жетпейінше, тоқтай алмады. Бозторғай қызды бір көрмесе, арманда кетермін деп тәуекелге бел буған сапары осы!

Былтыр-ақ келмекші еді, белсенділер ел-жұрттың астаң-кестеңін шығарды. Кәллектіпдіргеннен кейін мал керек, астық керек деп, жоқты тап деп, салық үстіне салық салып, титықтатып тастады. Азықтан айырылған ел аштыққа ұшырап, тоз-тозы шықты.  Қарсы шығып, «аштан өлді не, атылып, жастығымды ала өлгенім не, бәрібір!» деп, қарсы шыққандарды ұстап әкетіп жатты. Тірі қайтқан біреуі жоқ. Атты ма, итжеккенге айдап жіберді ме, беймәлім. Туған-туыстан түгел айырылған соң, амалы таусылып, жолға шықты. Өкімет өлтірмейді дегенді естіп, бір топ ауылдасымен бірге қалаға бет алды.

Ең болмаса «Құралай сұлудың ауылы аман болса етті» деген үмітін үрлеп, жолға шығып еді, бүгін түске таман келгенін ешкім көрмеді. Әртел деп аталған бұл ауылдағы үйлерде де иістеніп, бұзыла бастаған өліктер. Ал сыртта жатқан өліктерді қасқырлар жеп, қарға-құзғын шоқып, қылпық қалдырмаған.

 

9

Қанша ұйықтағанын, қайда жатқанын білуге дәрмені жетпей, мәңгірген  қыз әлі жаны шықпағанын сезінді. Кірпіктеріне қорғасын құйып тастағандай ауыр. Ұшы-қиыры жоқ, ұлан-байтақ қошқыл сұр әлемнің жан баласы білмейтін қуысында біреу мұны ұмыт қалдырған сияқты.

Қашан естіді, баяғыда ма, кеше ме, әлде кәзір ме, білу мүмкін емес... әйтеуір бірдеңе естілгендей. Әлдекім жайлап қырылдай ма, қалай?

Еміс-еміс... неге анық емес? Ол не? Тұманытып жатқан санасы бұлғыр айналаны анық ажырата алар емес.

Әне, тағы да... «...ау... ау.... ау...» Қасқыр ма?  Қасқыр «Ау» деуші ме еді? Әлде адам ба? Өңшең өліктердің ауылында қайдағы адам? Әлдеқайдан адасып, желмен жеткен дауыс па? Адамның дауысы осындай болушы ма еді? Сақырлап шыққан сияқты... енді сықырлап естілді.

Біреудікі...

Әзер сүйретіліп жеткен, шаршаған дауыс. Кімнің дауысы? Түнімен торуылдап, айнала ұлып шығатын қасқыр емес әйтеуір. Тілдесуге тірі пенде таба алмай, сөз түгіл, жылаған, ыңыранған, ыңырсыған дауыстарды, адам дыбысын естімегелі қанша күн? Мүлдемге ұмытылып бара жатыр еді, таңсыққа айналған мына адам үні ғайыптан жетті ме?!..

Әбіл тағы дауыстады:

-Ау, біреу бар ма?

Ешкім жауап қайтармады. Есікті жайлап итеріп еді, мызғымады. Бар күшін салып, иықпен итеріп-итеріп көрді. Есік қорабымен бірге сықырлап, кереге сәл шайқалған секілді. Сірә, іштен бірдеңемен тіреп қойған.

Үйді айналып, босаға жақтағы іргенің киізін түріп, ішке үңілді. Ашық түңліктен жарық түсіп тұр. Төрде шалқасынан жатқан қыз қимылсыз. Есікке қарады. Үйдің ішінен есіктің белдеу тұсынан құрықты көлденең салып, екі шетінен керегеге қыл арқанмен мықтап, байлап тастапты. Амал жоқ, кесуге тура келеді. Төрт рет дауыстаса да, «әу» деп белгі бермеген – қыз  сірә, бақиға сапар шеккен.

Есікке келіп, киіздің шетін қуыстап, кездік ұстаған қолын бүйірден тықты. Сипалап, құрықтың ұшын ұстап байқады да, шандыған қыл арқанды кескілеп, қиып жіберді. Құрықтың бір ұшы әлде табақ, әлде шөңке ме, бірдеңеге салдыр етіп соғылды. Есік ашылып, ішке кіргенде, бірден таныды.

ҚҰРАЛАЙ!

Маңдайдағы қара түйір меңі со қалпы.

Терісі бас сүйекке әзер керіп, кептелген соң, тас желімдеп, жабыстырып тастаған тәрізді. Сызықтары созыла түсіп, айқындалған мұрыны, сүйірлене бұрыштанған, жағы суалып, ұрты тісіне тіреліп қалған сықылды. Иегі сымпиып үшкілденген. Көзі ішіне түсіп кеткендей үрейлі шүңірейген, маңдайдың қабаққа ұласқаны, самайда жалғасқан жік-жігіне дейінгі қиюлары анық білінеді.

«Қап, қа-ап, құдай-ай, тым құрыса бір күн ертерек шыққанда, тірідей көрер ме едім? Кешір, Құралай, уағында келе алмадым. Сағынып, талып, жеткенде, сенің өлігіңді көрем деп ойламап едім?.. Шынымен тастап кеткенің бе? Әттең, әтте-ең... Бір тілдесе алмадым. Арманда қалдым, арманда... Бақұл бол, қош жаным... Амалым қайсы?... Жалған-ай, осынша тез... Аясаң етті...»

Көзі жасаурап, егіліп кеп, қыздың маңдайына ернін тигізді. Сүйді де, селт етті. Жылу табы сезіледі, тірі ме?! Е, құдай, е, құдай, сәтін сала гөр!

Жалма-жан торсығындағы судан аузына тамызды. Бірақ қыздың қарысып қалған жағы ашылмады. Екі жағын алақанымен уқалады. Ашылмады. Кездікпен ашқысы келді де, кесіп алармын деп қобалжыды. Жан-жағын шолды, бұрыштағы қазан-ошақтың қасындағы астаудан кетік ағаш қасықтардың бірін алды. Тістерін ақырын-ақырын итере көтеріп, бір уақытта ашты. Басына қос жастық қойып, биіктеді. Тағы бір таза қасықты шайып жіберіп, аузына су тамызды. Су жүрмей, сәл  кідірді де, ақырын жылып, жұтылып бара жатты. «Жаным-ай, жаның тірі қалар ма екен?! А, құдай, өлтірмеші, жанын қинамай, аман алып қалшы. Өлтіре көрмеші!...»

Көздері жасаурап отырып, тағы тамызды. Біресе тоқтап, біресе бірнеше тамызып, күдер үзбеді. Әлден уақытта қыз «і-іһ» деп, дем алды.

Әбіл көзінің жасын жеңімен жалма-жан сүртіп жіберді де, малтадан бір түйір сындырып алып, қасыққа езіп, аузына тағы да тамызды. Сұлқ жатқан қыздың еріндеріне жан бітіп, қозғалды. Ашылған ауыздан көрінген тілге баяу жан бітіп, тамызған нәрді ішке қарай икемдегендей. «Иә, алла, тілегімді бергеніңе мың да бір шүкір. Мың да бір рахмет, рахмет!» - деп іштей қайталаған Әбілдің жүрегі атқақтап кетті.

Құралайдың айқасқан қалың, қайқы кірпіктері ажырап, тұманытқан, мағынасыз көздері көрінді.

- Құралай, мен ғой бұл. Әбіл ағаңмын ғой. Сені іздеп келдім. Енді  өлмейсің. Жаным тіріде сені ажалға бермеймін. Маған қарашы, Құралай! Көзіңді ашшы!

Кірпіктері әзер ашылып, сығырайып жатқан көзден тіршілік нышанын іздеген, Әбіл кірпіктердің сыртын абайлап сипап өтіп, қабақтың үстінен ақырын көтерді:

- Құралай! Құралай, деймін. Өлмеші, жаным. Іздеп келдім міне. Сенен басқа ешкімім қалмады. Сен үшін жаным пида деп келгенде, мені тастап кетесің бе?! Өлмейсің дедім, ғой, өлмейсің! Мен қалай жалғыз қаламын! Сенсіз өмірдің маған не қызығы бар? Бірдеңе деші, Құралайым!..

Өзіне өзі ие бола алмай, көздері жасаурай берген Әбіл әлден уақытта қабағын түйіп, оқыс бір шешімге келгендей, тіктеліп отырды:

Жаз болса, жарқырайды көлдің беті,

Көгеріп толқындайды, япыр-ай, алыс шеті-а-ай...

Шалажансар қызды өлімге қимай, өмірге шақырып отырып айтқан ән әдеттегіден ұзаққа созылды. Бордай тозғаны жігіт басына лайықсыз екенін іші біліп, өзін ұстауға тырысып бақса да, оңай тимеді. Әлден уақытта қыздың тыныс алғанын құлағы шалған Әбілдің жүрегі жарыла жаздады:

- Е, құдай, ақсарбас, ақсарбас! Тірі, тірі!... Жаным-ай, тірі екенсің, тірі!..

Өз сөзіне өзі қанаттанып, тұла бойына қуат құйылғанына қуанды:

- Тыңдашы, Құралай. Тыңдашы, кәне! Бұл мен ғой. Сені іздеп келдім, сағынып келдім. Тыңдашы!..

Білем анық: жанға жайы Май сұлу,

Жарқ-жұрқ еткен Майда найзағай сұлу.

Қызықты орман, көңілді еркін кең дала,

Күміс табақ көкте жүзген Ай сұлу...

 

Толып жатыр түрлі сұлу дүниеде,

Бәрінен де маған, сәулем, сен сұлу!...

 

Құралайдың кірпіктері көтерілді. Терең шыңыраудың қараңғы түбінде қарауытқан қара судай алыс көрінген қара көздерінен өлеусіреген тіршілік нышаны байқалғанымен, қайта жұмылды. «Тәуба, тәуба, тәуба!», - деді Әбіл іштей.

Малтаның тағы бір түйірін суға езіп, дайындап қойған еді. Аузына қайта-қайта тамызып, ұзақ күтті. Әлден уақытта қыздың кірпіктері ажырап, нұры солғын қара жүзім көздері ашылды. Қасында адам отырғанын көріп:

-Мені шешемнің қасына жерлеңізші,- деп сыбырлаған өтініші әзер естілді.

-Өлмейсің, Құралай, өлмейсің! - Әбілдің жаны ышқынып, көз алды ысып кетті. – Сені жерлеу үшін келгенім жоқ. Құтқару үшін келдім. Басыңды көтерейін. Мынадан тағы да жұтшы. Иә, жаным, осылай, осылай... Өтініп едің ғой, сағынған әніңді алып келдім. Тыңдашы...

Жаз бо-олса, жарқырайды көлдің беті-і...

 

10

 

- «Бір жол бар – алыс, алыс та болса – жақын. Тағы бір жол бар – жақын, жақын да болса – алыс» деуші еді. Жақын жолмен тезірек жетеміз, деп, мүшкіл халге түстік, - деді Әбіл бөркін күнге қарай қисайтыңқырап.

Құралай үндемеді.

- Сенің обалыңа қалдым ба деп тұрмын. Өзенді жағалап жүре берсек, жеті күнде жетер едік қалаға. Азығымыз жоқ, үш күнде барамыз деп сенген жақын жолымыз осы...

- Керісінше, аға, мен сіздің обалыңызға қалдым. Маған қарайламай кете берсеңіз, қалаға баяғыда-ақ жетер едіңіз. Кешіріңіз, мен кінәлімін, - деп, Құралайдың өңі бұзылып, көзімен жер шұқыды.

- Жоқ, Құралай, сенсіз өмір – маған қараң. Сенсіз өмір – маған өліммен тең. Сертім осы. Айнымаймын. - Әбіл қабағын түйді.

- Бірнеше күн бойы аузыма нәр тамызып, ажалдан аман алып қалдыңыз, аға. Малтаңызды түгел тауысып қойдым. Сіздің жолыңызға жаным құрбан... – деді Құралай көзінен жасы мөлтілдеп. – Қасыңызда жүріп өлсем де, арманым жоқ...

Әбіл үнсіз төмен қарап тұрды да, қызды бауырына тарта құшақтады:

- Қиындықтың бәрі көрген түстей өтер. Кәзір шаршаған соң, қиналып тұрмыз. Көлеңке жасап, аздап дем алайық.

Әбіл күрегімен жер қазып, күні бойы тастамай алып жүрген ұзыны қос құлаш, үш бұтаны түбінен соған бойлатты да, бастарын түйістіріп, қыл арқанмен байлады. Сосын жейдесін шешті:

- Құралай, орамалыңды берші.

Қыз күн өтпес үшін басына салып жүрген үлкен ақ орамалын ұсынды.

  • Міне, мый қайнатқан ыстықта көлеңкеміз дайын. Кішкене ұйықтап алайық. Әйтпесе қарнымыз аша береді.

 

Түс ауып барады.

Аптап пен аңызақ қалжыратқан соң, мызғып кеткен екеу сәлден кейін қайта түрегелді. Торсықтағы судан бір-екі ұрттап алып, тағы сапарға шықты. «Жапан түздегі ескі қоралардың маңайында құдықтар бар, бұлақтар кездеседі» деген хабарды еміс-еміс естіген Әбіл жолай бір мәнісі болар деп, түстікке төтелеп тартуды қолай көрген.

Жазық далада анда-санда кездескен адыр-қырқалардың қойны-қонышын көзбен қанша сүзсе де, не құдық, не бұлақ көре алмады. Жаз ерте шыққасын, шілдедегіден әрмен қуырған күннің от қызуына шыдамаған жер жиырылып, өсімдік атаулы құрысып, біраздан кейін жанып кетердей түтігіп, қарайып кеткен. Қайдан да тосып алатын жусандар ыстықтан шөжіп, жер астына кіргісі келмегендей тарбиып алған. Самалмен басын бұлғаңдатып тұратын ақ селеулер кешелі бері көрінбей, артта қалды. Жаужұмыр, немесе кәреней кездессе, азық қылар едік деген үміт үзілгелі қашан... Шіркін-ай, томыртқа болар ма еді...

Шыдамаған Әбіл бозғылдау жусанды шайнап көріп еді, удай ащы екен, аузын да, кеңірсігін де дуылдатып әкетті. Тыжырынып, шетке түкіріп тастады. Мең-зең болып келе жатқан күйден сәл сергіткенімен, аузын күйдіріп жіберді.

- Түһ, аштысын-ай, - деді басын шайқап.

- Судан ішіп жіберіңізші. – Құралай торсықты ұсынды.

Әбіл екі ұрттап, торсықтың ішіне үңілді:

- Мәссаған, бітуге айналыпты. Екеуміз екі ұрттағаннан қалмайды. Енді қайттік? Қой, тезірек жүрейік.

Елсіз сар дала сонау көкжиекке дейін көсіліп, көз талдырады. Мөлдір көлдей толқыған сағым мың аунайды, дірілдеп, толқиды, аунақшып шақырады. Дәметіп қараудан екеуі де шаршады. Суды аз-аздан ұрттап үнемдегенімен, қаншаға жетерін ойлағанда, еріксіз қобалжиды. Бүгінге жетер-жетпес, ертеңгі күні не боларын бір құдай білсін. Бағыттары дұрыс па, күмәнді...

 

11

Ертеңіне жолға таң қараңғысынан шықты. Таңғы салқынмен жол ұту керек. Ұйқыларын аша алмай келе жатқанда, самал желпіп, біраз сергітті. Сарықызғылт бояу жұқара келе, алтын нұр молайды. Көтерілген сайын Күн кіділеніп, күйдіре түсті. Суды түнде тауысқан екеу үнсіз, шарасыз. Сөз жоқ, үн жоқ. Құралайдың жылағысы келді. Түнде қалған суды жалғыз ішкені үшін. Байқамай тауысқаны үшін. Тауысайын деген жоқ еді...

- Мен бір ұрттадым. Аға, ендігі кезек сіздікі,- деп еді.

- Жо-жоқ, мен жігітпін ғой, шыдаймын. Сен өлімнен әзер аман қалдың. Әлсізсің. Сен ішуің керек. - Әбіл ықтиярына қарамай, торсықты төңкеріп, ішпесіне қоймаған.

Енді, міне, қабағы салбырап, ұнжырғасы түскен. Айтуға сөзі жоқ, үндеуге әлі жоқ. Күн шақырайып, шекеден шағып барады. Бас неге солқылдайды мұндайда, түсініксіз. Басы, іші-бауыры, тұла бойы түгел ысынып, жұтқан ауамен бірге ыстық леп ішіне құйылып келеді.

Бір кезде Әбілдің аяғы басқан жусанның түбінен түймебас кесіртке ытып шықты. Жандәрмен табанымен басып үлгірді. Құйрықтан. Басын күрекпен шауып жіберіп, қанын ішпекші.

- Оны қайтесіз? – деді Құралай таңырқап.

- Кәзір көресің, - Әбіл беліне қыстырған күректі алып шаппақшы болғанда, кесіртке құйрығын үзіп тастап, бұлталақтаған бойы қашты да кетті. Әбіл басын шайқап, өкініп қалды. Қууға қуаты жетпеді. «Шіркін-ай, ең болмаса бір жылан кездесер ме еді, қаны бар шығар оның, әлде жоқ па? Қалай дегенмен тірі жан иесі, жұтатын, не шайнайтын бірдеңесі болмауы мүмкін емес» деп, ойлады.

Көз алды мұнартып, тәлтіректеп кетті. Құралай сүйемегенде, құлайтын еді. Теңселе басқан екеу бір уақытта кішкене өзекке түсті. Арғы қапталында әлдене қараяды.

- Аға, анаған қараңызшы. Бірдеңе көрініп тұр, - деді сүйемелдеп келе жатқан Құралай.

Бірдеңе деп, сөйлеуге күші қалмаған Әбіл сұқ саусағымен нұсқады. «Соған барайық» деген ишарасын ұғынған Құралай бейімделіп, қарайғанға қарай әлтек-тәлтек басқан Әбілмен бірге құлай жаздап, жетуге тырысты.

Ескі құдық екен. Ернеуін білектей-білектей ағаш кесінділерімен шегендеген. Күнге тотығып қарайып кетіпті. Қауға жоқ, шығыры бар.  Шынжыр да жоқ. Құдықта судың бар-жоғы белгісіз. Шығырдың кегейі де, қазинегі де шіріп тұрған сияқты көрінді Құралайға. Әбіл мұнартқан көзін бір жұмып, бір ашып тұрып, беліндегі қыл арқанды шешті. Шолтиған күректі қолына алды.

- Мынада су... Бомаса, қазам. Бір... екі құлаш... су шығады... - сөзі естілмеді. -  Орамалыңды бере тұршы... – деді күшене қырылдап. – Топырақ жіберем. Сен маған орамал.... Көрейінші кәне.

Күректі қолына ұстап, ернеуге салмағын сала еңкейді. Шіріп, әзер тұрған ағаш опырылып, үңірейген аранға Әбіл басымен құлап кетті.

- Аһ! – Құралай шошып кетті.

- А-аа, - Әбілдің даусы қатты шықты да, сап тиылды.

- Аға, не болды? Жазым болып қалған жоқсыз ба? – Шырылдап қоя берген Құралайға ешқандай дыбыс бермеді.

- Аға, не болды? Бірдеңе деңізші... Не болды? Ибай-ай, енді кәйттім? – Сасқалақтап, құдықты айнала жүре берген Құралай қандай қамалқа жасарын білмей, айқай салды:

- Ай-аай, біреу бар ма? Кім бар? Көмектесіңдерші...

Қыздың даусы күн қақтаған баябанда алысқа тарамай, құдықтың қасында айналсоқтап қалды. Айқайлағанымен, ештеңе өнбейтінін білген қыз арқанды қолына алып, құлаштап өлшеді. Бес құлаш. Шығырды бекіткен тіреудің түбіне бір рет күрмеп, бір рет қазық бау шалып байлады. Шешіліп кетпес үшін жасаған сақтығы. Арқанды құдықтың ішіне салбыратты:

- Аға, арқаннан ұстап, бері шығыңызшы, мен қазайын.

Жауап келмеді.

Құралай кемсеңдеп, тағы да жылағысы келгенімен, көмектесер ешкім жоқ, тәуекелге бел байлады. «Қолдай гөр, алла!» деп ішінен қайталап, арқаннан ұстады да, саумалап, төмен түсті. Не болғанын білгісі келді: «Бәлкім, шаршағандықтан ұйықтап кетті ме? Бір шетіне басын соғып алып, есеңгіреп қалды ма?»

Бірақ құдықтың түбіне жете алмады. Шамамен әлі екі адамның бойындай арқан керек. Арқанның ұшында салбырап тұруға көп шыдамайтынын біліп, қайта шыққысы келді. Құдықтың ернеуіндегі ағаштарды сындырып, не талдап  суырып алып, төменге арқанмен салбыратып түсіру керек. Соларды тігінен қойса, оңайлықпен сынбайды. Сөйтіп тиянақ еткеннен басқа амал қалмады.

Бар күшін салып - тартылмақшы еді, күші жетпеді. Оның үстіне қыл арқан қолын қиып жіберді:

- Аа-аа, аға-аа...

Әбілдің қасына дүрс етіп түсті. Ол екі бүктеліп жатыр. Дереу басын көтеріп, арқасын қабырғаға сүйеп отырғызды. Былқ-сылқ.

- Аға, не болды? Бірдеңе деңізші. Енді не істейміз? – Құралай жыламсырап, Әбілдің басын құшақтады:

- Аға-а... ағатай, өлмеңізші. Шығайықшы мына жерден. Суы құрсын...

Тырс еткен дыбыс жоқ. Әбіл үнсіз.

Кенет есіне бірдеңе түскендей құдықтың түбіне тігінен құлаған, сабы қысқа, шолақ күректі алып, жерді қазуға кірісті. Сыртқа қарағанда, мұнда салқындау көрінгенімен, топырағы кебу, әрі іші қапырық құдықтан жуық арада су шығуы неғайбіл.

Біраз қазып көріп еді, мандыта алмай, шаршап қалды. Алқынып шөлдей бастағасын, алақанын Әбілдің маңдайына тигізді. Салқындап бара ма, қалай? Әлде құдық түбінің салқыны ма? Бірақ... тыныс алмағаны несі... Расында демі білінбейді.

Бетін тосты, құлағын тосты. Ештеңе білінбейді. Кеудесіне – жүрек тұсына құлағын тосып, тың-тыңдады. Жүрегі соқпайды. Әлде құлағы бітіп тұр ма?

Не ойларын білмей есеңгіреп, шоқиып, тағы біраз отырды. Қайта ұстап көрді. Қол-аяғы ағаштанып, жаны кете бастағанын сезді. Бұған дейін де біраз өліктерді көрген Құралайдың көзіне еріксіз жас келді:

- Ағатай, мені жалғыз қалдырып кетесіз бе? Екеуміздің моламыз айдаладағы осы құдық па?.. Мен өлуім керек еді, неге мені құтқардыңыз? Сіздің өлгеніңізді көргенше, менің өлгенім жақсы еді... Енді мен сізден қалмаймын. Қасыңызда мәңгі бірге боламын...

Бисмилла, ир-рахман-ир-рахим... – жиі естіп, жаттап алған құлқуалланы үш рет қайтарды. Шешесінің сөзі ойына оралды: «ойлан қызым...» Үндемей ойланып отырғанда, тоңази бастады. Әбілді сыртқа алып шығып, моланы терең қазып, дұрыстап жерлемекші болды. Қасынан өзіне орын сайлап... бірге... мәңгі...

Әлденеше рет секіргенімен, арқанға қолы жетпеді. Ендігі амал – күрекпен... Қалай пайдаланарын білмей, аңтарылып тұрып қалды. Аспанға қарады - төбеде жайып қойған тоқымдай сұп-сұр.

«Ойлан, қызым».

Тағы да шешесінің даусы құлағына келгені несі? Босаңсуға болмайтынын, уақытты зая кетіретінін ұғып, күректі енсіздеу құдықтың бір шетінен ұрғылап, көлденең бойлата шұқырлады. Сабы жететін екінші тұстан тағы да солай шұқырлады. Күректі көлденең қойып, соған ышқынып жатып, бір аяғымен ілінді. Сосын екінші аяғын салмаққа көтеріле бергенде, күректің сабы морт сынды, «Үйбай» деп, шалқалай құлағанда, шүйдесі қабырғаға соғылып, әжептәуір есеңгіреп қалды. Ауырсынып, бірталай отырды. Енді күректен де пайда жоқ. Тірей алмайды.

«Ойлан, қызым!»...

Құралай жылап жіберді:

- Апа, ойлау үшін де қуат керек. Ажалдың аузында әлім құрып отырып, не ойлай алам? Оймен құтылса, адамның бәрі ажалдан құтылмас па еді?! Ойымның жеткені – бізді құртқан - өкімет.

Құдай-ау, бұл не деген өкімет! Біз сияқты сен де аштан өл, Өкімет! Біз саған не ғылдық? Айтқаныңа көндік, айдауыңа жүрдік. Біздің жазығымыз – көнгеніміз бе? Зорлығыңа да, қорлығыңа да шыдағанымыз ба? Шыдағанымыз үшін бізді аштан өлтіресің бе? Әділетің қайда? Қайда-аа, әділетің қайда...

Пікір қалдыру:
Captcha