Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

№97. ЖАЛА


Әңгіме

 

                                                          Қинамайды абақтыға жапқаны,

                                                            Қиын емес дарға асқаны, атқаны.

                                                       Маған ауыр осылардың бәрінен

                                                                Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны

                                                                                               Ахмет Байтұрсынұлы

 

Автордан: Бұл әңгімедегі оқиғалар Ахмет Байтұрсынұлының немересі Самырат Кәкішевтің «Ақаң туралы ақиқат» кітабынан алынды.    

 

Қала көшелері күзгі жаңбырдан лайланып, пәуескенің доңғалағы сазға белшесінен батқан. Арбакеш атын қанша төпелегенмен, жаз бойы жегіндегі мал арбаны ақыры сүйрей алмады. Вокзал маңындағы жігіттердің екі-үшеуі әупірімдеп, доңғалақты көтерісіп жатыр. Ат иесі әлгі жігіттерге алғысын айтып, пәуескеге қайта отырды. Пәуескеде атқосшыдан басқа көзілдірік таққан, жасы алпысты алқымдаған, сақалы көптен бері ұстара көрмеген ер адам мен тостаған көзді арықша келген орыс әйел бар. Орта жасқа келген ерлі-зайыптылардың өңі жүдеу, қабағы сынық. Көптен бері өмір базарынан құлазып қайтқан адамның кейпін көрсетеді.

– Балам асықпай жүре бер, жануарың әбден қиналып бітті, – деді ақсақал.

– Өй, бұл қой торы таяқтамасаң аттап баспайды – деп, өзі де әрең келе жатқан атты тағы бір салып қалды әумесерлеу жігіт. Сауырына құрық тиген ат ышқына ытқып, тастаққа түсіп ағыза жөнелді. Атқосшы жын соққандай онсыз да арық атты үсті-үстінен төпелейді. Арба дөңгелегі зырлаған сайын жолдың ойықтарында қалған шалшық суды шашыратып келеді. Жол жиегінде келе жатқан мұжықтың үстіне шалшық су шашырап кетті де, арбакеш оны байқамай өте берді. Орыс мұжық өткендердің соңына ызалы көзбен ұзааақ қарап, арба көз ұшынан жоғалғанша ала көзімен атып тұрды. Содан соң «скотина» деп бір боқтады да, басын шайқап, әлдебір нәрселерді күбірлеп кете барды.

Пәуескедегі қартаң адам үндеген жоқ. Қайта ойлы көзін алысқа қадап, қара чемоданын ақырын сипап қойды. Пәуеске бір сағаттай уақыт жүріп, Қызыләскер көшесімен төмен түсіп, 100-ші нөмірлі үйдің қасына келіп тоқтады. Алдымен әйел, соңынан ері түсті. Атқосшы қара чемоданды түсіріп, әйел берген ақшаны қойын қалтасына салып, қойторыдан ала алмай жүрген өші бардай қамшыны қайта үдете түсті. Пәуеске шиқ етіп дыбыс шығарды да, артындағы екеуден ұзай берді.

Күн бұл кезде қызара бөртіп бата бастаған.

– Осы үй болу керек, адресте солай көрсетілген, – деді егде тартқан адам.

Көк қақпалы үйдің есігін қаға бергені сол еді, ар жақтан толықтау келген орыс еркек:

– Кто вам нужен, – деді.

– Нам нужен Абдугаппаров, он здесь живет, – деді қонақ таза орысшалап.

Орыс:

– Да здесь, заходите –  деп, ерлі-зайыптыларды ішке кіргізді.

Арғы жақтан толықша келген әйел бұл екеуін көріп, аңтарылып тұрып қалды.

– Төр қайным-ау! Бармысың, тірімісің! –  деп мұны құшақтай алды.

– Айпан, көрісетін күн бар екен. Аманмын, тірімін, – деді ол жеңгесін құшақтап.

Сырттағы дабыр-күбірден үйдегілердің бәрі тысқа шығып, алыстан келген қонақтармен көрісіп жатыр. Үй іші мәз-мейрам болып, әйелдер жағы көз жастарын жаулығымен сүртуде. Ортаға картоп қосылған сорпа келіп, дастарханға жиналғандар өткеннен әңгіме шертісті.

– Әмір өзің аман-есенсің бе?! Аштықтан кімдер тірі қалды? – деп, сөз бастады қонақ.

– Ақа, көзі тіріден отырғандарымыз осы. Сіз ұсталып кеткен соң Мәшен ағамызды НКВД-ның адамдары алып кетті. Өлі ме, тірі ме белгісіз. Біреуден сұрауға... Содан қалған жалғыз тұяқ осы Самырат. Басқаларының барлығы қырылып қалды ғой. Әрең дегенде балалар үйінде жүр дегенді естіп, содан таптым. Халі өте нашар екен.

– Әкем мен Ақтас ағама ас беруге барғанда Самырат кішкене бала еді, ер жетіп қапты. Енді өз қолыма алам. Қаладағы мектепке беремін.

Жаңа келген қонақтың екеудің әңгімесіне баланың құлағы елең ете қалды. Әсіресе «мектепке беремін» дегені ұнап, үлкен адамның бетіне тура қарай алмай ұрлана көз салды. Түсі сұсты, ойлы адамның кейпі жас баланы да өзіне тарта түсті.

– Келе ғой Самырат, мені ұмытқан жоқ шығарсың – деп, келген қонақ баланың басынан сипады. Бала да қарсы болған жоқ, манағы сөзден кейін үлкен кісіге тіпті жақындай түсті.Талай жыл бір-бірін көрмеген туыстар қаладағы орыстың жалдап алған ескі үйінде осылайша қауышты.

 

  •  

Ол түні бойы дөңбекшіп шықты. Үш бөлмелі үйдің іші қорылға ұласты. Адам баласының өкініші, мұңы, қапыда кеткен жылдары түнде ғана ойға салмақ түсіреді. Оның үстіне Архангелде айдауда жүргенде орманнан ағаш тасимын деп, жамбасынан сыз өткізіп алған. Енді міне аяғын көтертпей түнде сырқырап ауырып, жанын қоярға жер таптыртпай жатыр. Ара-тұра қиналған үнін бәйбішесіне сездіртпесе де бәрібір ол ұғып қойды.

– Аяғыңыз ба, ауырып жатқан.

– Ештеңе етпес. Жазылып кетер. Уайымдамай жата беріңіз, – дедіол әйелінің бұған бәйек боп жатқанын біліп. Әйел адамның өз еркіндігі өзінде жоқ қой. Барлық еркек әйелінің тауқымет, қиындығына шыдамауы мүмкін, ал әйел күйеуінің бүкіл күйігіне төзеді. Осыншама бәйек болып, жаман шалын ханзададай күтетіндей бұл не істеп қойыпты? Өмірінің жартысы айдаумен, қудалаумен өтіп жатыр. Сонда да бұл бейбақ мұны бір елі қасынан тастағысы жоқ. Сол үшін Бадрисафасын бұл құрметтейді. Осы әйелі болмаса баяғыдааа сүйегі қурап қалар ма еді, кім білсін. Қаншама рет тамақ тасып, мұны аштықтан аман алып қалды. Енді міне мұны күтемін деп жүріп жарының да жиі-жиі талмасы ұстайды. Әсіресе, күз мезгілінде талмасы тіпті үдейді. Сонда да да бір рет мұңын шағып, өз жайын бұған айтып көрген емес. Екеуінің арасында бір бала да жоқ. Өздері арып-ашып жүргенде бұларға бала не керек? Онсыз да туған-туыстары мұның кесірінен қуғын көріп, талайы өліп те қалды емес пе?! Ұрпағы болған күннің өзінде тірі қалуы да неғайбыл. Енді қалмаған азапты өзі тартқанымен қоймай ұрпағына тартқызбақ па? Балдары болмаса да екеуі талай туғандарының балаларын тәрбиелеп, жеткізді. Солардың барлығына өз баласындай қарап, киімдерін өтектеп, үстеріне кір жуытпайтын. Оларға орысша үйретті. Қазір көбісі хал сұрауға да жасқанады. Тек осы Қали ағасының қызы Кәтез ғана бұларды тастамады. Е-кер заман!... Туғанына амандасып, хал сұрасудан да сескенетін дүбірлі дүние. Бұл әр нәрсені бір ойлап, таңға жуық көзі ілініп кетті.

 

***

Кешегі жаңбыр басылып, күн шайдай ашылыпты. Үйдегілер мана тұрып алған сияқты. Ауыз үйден Әмірдің біреулерге күбірлегені естіледі. Кешеден бері байқамапты. Үйдің төбесі тым аласа екен. Соған қарағанда бұрынырақ салынған бәкене тамдардың бірі болса керек. Сағатқа қарап еді тоғыздан асыпты. Өзді-өзі болып тыныш ұйықтағаны бүгін. Бірақ қанша ұйықтағанымен қалың ой мұны төсегінде алаңсыз жатқызбады. Қайткенде екі қолға бір күрек табылар. Енді мұны баяғыдай оқытушылық қызметтің табалдырығынан аттатбас. Оған тиым салғалы қашан. Газеттің маңайында өңкей сумүйіз болған танадай кеудемсоқтар мұның басын көрге неше рет тықпақшы болды емес пе? Ендігі өмір солардан аулақ жүру. Адам басқа тимей көлденең көк аттыға сене беруді еш доғармайды екен. Сенімсіз адам қалай өмір сүрмек. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап». Біліп айтқан екен ғой. Бас ақынның басынан нелер өтпеді дейсің.

Бұл сыртқа шықты. Көзілдірігін сүртіп болған соң, манадан мұның қимылын бағып тұрған бала қолына су құйды. Шүйдесіне су тигені сол еді бойы сергіп сала берді.

  • Өркенің өссін, Самырат! Енді бет орамалыңды бер. Бала атасының айтқанын екі еткізбеді.

Таңғы шайын ішкен соң аяңдап көшеге шықты. Жоқшылықтың зардабын әбден тартқан жүдеу адамдар, тозған қалаға бір өзгеріс керек екені сезіледі. Жүйе. Адамның еркіндігін, ақыл ойын матап алған жүйе. Тырп еткізбеді-ау. Бұл не болғаны сонда. Совет үкіметінің көксеген мақсаты не? Сталин жолдастың не ойлағаны бар? Ғылымсыз, ілімсіз елді қалай көркейтпек? «Құдайсыз қурай да сынбайды» деуші еді әкем. Меніңше сана, адам санасы тығырыққа тірелген. Ақылымның жеткені осы болды. Ендігі өмір қу жанға тіршілік сыйлау. Соның қарекетін жасау – деп, ойлады бұл.

Сауда көшесімен оңға бұрылғанда «Пәтер жалға беріледі» деген жазуды оқып, қақпаны қақты.

– Пәтер ме! Бағасы қымбат емес. Шағын семьяға арналған – деп, келген кісінің не сұрап тұрғанын тоспай-ақ дүнген әйел зуылдай жөнелді.

Бұл үй қожайынымен келісіп, ертең осында біржолата көшіп келмекке бекінді. Үйге келген соң қолжазбаларын реттеп, жазуға тиіс дүниелерін бір бөлек қойды. Артық кітаптарын Кәтез бен Рүстемге бермекші боп, үстел үстіне жинады. Мына бір хат Әлиханнан келіпті.   «Өткендегі хатыңды алдым. Профессорға серік бола алмағаныңды түсінемін. Бұл хатты саған заңсыз жолмен жіберіп отырмын. Өйтпесем менің хаттарым тексерілетінін білесің. Қазір өзімнің артымнан да иісшіл иттер түсуде. Алтынсарының баласы туралы жазылған мақалаңды өзім көрмедім. Бірақ шыққанын естідім. Абай жайында жазғаныңды оқыдым..» Хат осы жерінен жыртылыпты. Бұл қудалана бастағалы мұндай хаттарды сақтамайтын. Мына хат қалай сақталғанына өзі таң қалды. Дереу ұсақтап жыртып, пеш алдында тұрған жаман шелекке тастап жіберді. Сосын бір нәрседен сескенгендей жан-жағына қарады. Ешкім жоқ екен. Іштей бұл ісіне өзі қуыстанды. Әлиханды көрмегелі төрт-бес жылға жуық. Қазір осында болу керек. Өткендегі жазғанында тек хат арқылы хабарласып тұратынын айтқан. Мына дүрмек басылғанша кездеспей тұра тұрамыз деп жазғаны есіне түсті.

– Ақа қалыңыз қалай. Бүгін өңіңіз жақсы екен. Кітаптарыңыз ба?!

– Иә, реттеп жатқаным ғой. Тастайтын біраз нәрселер бар екен, Рүстем..

– Апам жақсы ұйықтады ма? Мына дәріні шеткі көшеде дәрі жасайтын орыс емшіден алдым. Жатарда аяғыңызға жағарсыз.

– Рахмет, Рүстем. Сендер маған онсыз да қолғабыстарыңды тигізіп жатырсыңдар.

Осы сәтте үйге Кәтез де кірді. Айпан дастархан жайып, үйдегілер кешкі асқа отырды.

– Айналайын Кәтез. Тірі адам тіршілігін жасауы керек. Мына баланы мектепке беру жатсам-тұрсам ойымнан шығар емес. Біз елді түзеу үшін әуелі бала оқытудан бастауымыз керегін өздеріңе үнемі айтып келемін. Осы маңдағы жиырма төртінші орыс мектебі бар екенін білесіңдер. Өз ана тілін Самырат мейлінше жақсы біледі. Оны енді ұмыта қоймас. Өзімнің реттейтін жазбаларым бар. Сауда көшесіндегі  бір пәтер иесімен келісіп келдім. Балшықтан салынған ескілеу үй екен. Жұмыс тапқанша сонда көшсек деп отырмын. Бір өтінішім –  Кәтез. Бізді көшіріп апаруға көлікпен көмек бер.

– Несіне асықтыңыздар. Аға тым болмаса қызметке орналасқанша осында тұра тұрсаңызшы. Бәрібір сізге арнап, бөлек қазан көтеріп жатқан жоқпыз, бір қазан, жарты литр судың артығы не?! – деді Кәтез.

– Рахмет, егер қиыншылық болса қайтып келеміз, – деді бұл. Одан ары Кәтездер бұларды қолқалаған жоқ. Таң ата ат арба келді де, жүктерін алып кетті.

 

                                                * * *

Екі бөлмелі балшықтан салынған тоқал тамның терезесі кішкене демесең, үйдің іші тап-таза екен. Ішінде екі үлкен кереуіт және тамақ ішетін жер үстел бар. Үй иесі дүнген әйел мына балаға тағы бір ағаш төсек әкеп беретінін айтып, үйдің құлпын берді.

– Отын-көмір керек болса, әзірге қорадан ала тұрарсыздар, кейін түсіріп аласыздар ғой – деп, ілтипат көрсетіп, сыртқа шығып кетті.

– Жақсы адам екен. Жүзінде мейірім бар – деді, бұл.

Темір сандықты Бадрисафа зал үйдің бұрышына қойғызды. Кәтез берген көрпе-жастықтарды соның үстіне жинады. Екі алашаны жерге жайып, бұрыштағы жер үстелді ортаға қойды. Бұл болса Самыратты қасына ертіп, базардан азын-аулақ картоп, нан алды. Жолай сүт пен екі-үш келі балық алып, үйлеріне қайтты.

– Самырат, енді осы жерден сүт, нан алып тұрасың. Апаң келе алмайды, талмасы ұстап қалуы мүмкін. Осы жұмыстарды өзің қолға аларсың, жарай ма, - деді балаға мейірлене қарап.

– Жарайды ата. Мен өзім атқарамын. Уайымдамаңыз деді, бала.  Қалтасында бір аптаға ғана жететін ақшасы қалыпты. Тезірек жұмыс табу керек, көмір алу керек деді ойға шомып. Бұл уайымын бала біліп қоймасын дегендей, Самыраттың арқасынан қағып қойды.

Ата мен бала кеш бата үйге қарай аяңдап келе жатыр. Екеуі бір-бірінен мойнына батқан тағдырдың ауыр жүгін жасыратындай. Іште жатқан сырды ақтарып салайын десе, бір-бірін аяйды. Ата баланың санасынан қиындық дегенді, мына дүниеде жауыздықтың бар екенін сездіргісі жоқ. Естияр бала онсыз да ауыр халдегі атасына өз тағдырын айтып мұң шаққысы жоқ. Бірақ бәрібір шемен ой, түбі бір ашылатына сенеді.

  • Ата, балалар үйінде Айман өз нанын жемей, маған беретін.
  • Шешең Торғайдағы Жарылқаптың тұратынын білмейтін бе еді.
  • Біз бардық, ол үйге. Мен, Айман, шешеміз ғана тірі қалғанбыз. Бір тілім нан да берген жоқ. Аулақ жүріңдер, деп қақпадан қарсы алды. Сол күннің ертеңінде шешем қайтыс болды. Бізді балалар үйіне кейін Жарылқап аға орналастырды.
  • Енді қарның ашпайды балам. Тұрмысымыз да түзелер. Еш уайымдамай сабағыңды оқы. Ертең мектепке орналастырамын.

Бұлар үйге таяп қалды. Аулада қожайын әйел кір жайып жатыр.

  • Аға сексеуіл, көмір алып алыңыз. Жатарда салып қоймасаңыз тоңып қаларсыздар. Биыл суық ерте түсті ғой, - деді қожайын.
  • Пейіліңе рахмет, - деді бұл.

Алдымен бала үйге кіріп, соңынан бұл өзі кірді. Әйелі үйді жинастырып қойыпты. От жағылып, қазан көтерілді. Үйдегілер ұйықтаған соң білте шаммен жазуына отырды. Тек бала ғана көпке дейін ұйықтамай, көрпе астынан сығалап жатты. Баланың ұйықтамай жатқанын бұл білген жоқ. Бала да неге ұйықтамай жатқанын білмейтін сияқты. 

 

                                                  * * *

Түні бойы аяғы сырқырап ауырды. Ертең дәрігерге бармаса болмас. Тіпті шыдатар емес. Есіне суық каторгы түсті. Неше рет өлімше ғып сабаса да, сол тілімдей қағазға қол қоймаған. Қасындағылар мұны аяп, ақыл-кеңестерін айтты. «Бәрібір қолыңды қойдыртады. Тірі қаламын десең қойып бер. Әйтпесе бұлар өлтіріп тынбайды» – деген соң, қағаздың не екенін оқымастан шимайлай салған. Содан кейін ғана мұны Мәскеудегі қараңғы Бутыркадан, Архангельскі облысына жер аудартқан. Табаны күректей алты жыл өмірі тағы да түрмеде өтіпті. Қазір кеудесінде жан бар демесең, денсаулығынан түк қалған жоқ. Бетіне сап-сары дақтар көбейіп, үлкейе түскен. Бұл дақтар ішкі құрылыстың сау еместігін білдіреді. Бұның мехнаты көп тіршіліктен көксейтіні адам сияқты саналы, еркін өмір сүру. «Сұм өмір абақты ғой саналыға». Есіне Мағжан түсті. Соңғы рет Қызылордада кездескен. Баяғы жалындаған жігіттік ойнақы сезімнің орнын, ашу-ыза басқан. Тағдыр тартысын көп көріп, ширыға түскен. Бұл өмір бойы еркін өмір сүруді, шындықты көре тұра бұғып қалмауға өз-өзін шынықтырып келеді. Еркіндік сенің тоғышарлықпен өмір сүргеніңнен қымбатырақ екенін жете түсінген. Біреуге емес өзіне-өзі дәлелдеумен келеді. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» Әлгі бір жол өлеңді тағы қайталады. Саналы өмір сүруге біреулер өз еркімен қол жеткізе алмай келе жатса, бұл жеткен саналы өмірге біреулер кедергі жасауда. Менің бұл адами жолымнан ешкім де айыра алмақ емес. Міне, бес рет абақтыға жабылсам да, сол ақ жолымнан тайғаным жоқ.

Бұл ерте тұрып жұмыс іздеуге шықты. Жолай Самыратты мектепке орналастырды. Мұрнына  көгерген шөптің иісі келді. Жапырағынан айрылған ағаштар орталық көшенің сәнін бұзып тұр. Кейбір үйлердің бұрыштарының сыртқы сылағын су шайып, ағаштары ырсиып көріне бастаған. Қыс келе жатса да, бұл үйді жөндеуге ешкім талап қылып жатқан жоқ сияқты. Оқу орындарының бірнешеуіне кірді. Сотталып келгенін естіген соң барлығы бірдей кірпідей жиырылды. Әзірге орын жоқ, партияның талабында жастарды орналастыру міндеті тұр деп мұны жылы шығарып салды. Бұл қатарынан екі-үш күн бойы осылай жұмыс іздеумен сандалды. Хал қиындайын деді. Үйге сүлдерін сүйретіп келгені сол, Бадрисафаның талмасы ұстап, дүңген әйел мен Самырат әлек болып жатыр екен.

– Тұра тұр. Басыңды көтерейін. Қазір, қазір. Бұл әйелінің қолын, жүрек тұсын уқалай бастады. Жан жары аппақ қудай боп кеткен. Біраз уқалаған соң ғана тамырына қан жүгіріп, беті бері қарап, есін жиды. Ас үйден қайнаған су әкеп берді.

– Жұмысты уайымдама, табылады дегенім жоқ па?!

– Мен мектептен келсем соң, апам құлап жатыр. Сіз көрсеткендей жүрек тұсын уқаладым. Сосын үй иесі, тәтені шақырдым.

– Сен маған көп көмектесіп жүрсің... Самырат. Бала үндеген жоқ. Жанарындағы үрей әлі де басылмаған. Адам есейген сайын, жауапкершілігі артқан сайын көп нәрседен үрейленетіндей. Торғай қаласына он екі бала шығып, жолда соның екеуі ғана қалғанда бұлай үрейленген жоқ сияқты. Тіпті бала санасын өлімнің өзі үркіте алмаған. Бүгін сол үрей баламен бетпе-бет келгенде кәдімгідей абыржыған. Өзінің емес, ең жақсы көрген жақынын ажал иектегенде қатты састы. Сол қорқыныш көпке дейін, Бадрисафа есін жиғанша сиілмеді.

– Ата, мен қатты қорықтым.

– Қорықпа, келесі жолы тағы қайталанса, жүрек тұсын уқала. Есін жиған соң, су бер. Әйелінің демі саябырсып, көзі ілініп кетті. Бағанағыдай емес аузынан аққан ақ көбік те тоқтады.

– Ата, түрме қандай болады?

Ол жерде көп адамдар жазықсыздан отыр ғой қарғам. Тұтқындағы кісілерің көбі ағаш дайындайды. Дайындаған ағаштарды сумен ағызады. Күз аяғында су қатып, ағаштарды жүргізбей тастайды. Бізді сол жерге апарып, қолымызға сүймен ұстатып, ағаштарды аршытады. Көбісі суға құлап, сонда жан тапсырды. Шыққандары өкпесіне суық тиіп, көп ұзамай өлді. Мен де аяғымды суға тығып алып, содан міне, әлі күнге дейін қақсайды.

– Оларды Сталин отырғызғызған ба?

– Олай деуге болмас. Ол совет адамы ғой.

– Апам тірі қалса екен – деп, құдайға сиындым.

– Құдайға сиынғаның дұрыс. Ол өте мейірімді. Енді ұйықтай ғой. Апаң да тынышталды.

 

                                            * **

Аяғы күндегісінен де қатты ауырып шықты. Тіпті шыдатар емес. Түн болса осы. Екі-үш рет жанына батқан соң ыңырсып та жіберді. Күн шығар-шықпастан Татарка жақтағы ауруханаға қарай еріксіз аяңдады. Көшеде жалғыз өзі ғана келеді. Жалғыз өзі ғана тіршілік тынысына жан бітіретіндей. Орталық көшеге өткенде ғана бірен-сараң адамның қарасы көрінді. Бүгін қар қалың түсіпті. Таңғы ызғар тозығы жеткен пальтосынан өтіп, денесін дір еткізді. Жағасын көтеріп, аурахана қақпасынан ішке енді.

– Кімге келдіңіз? Тізімде барсыз ба? – деген дауысқа жалт қарады.

– Аяғымды емдетуге келдім. Сауда көшесі, 21 үйде тұрамын.

– Фамиляңыз?

– Байтұрсынұлы.

– Атыңыз?

– Ахмет. Ахмет Байтұрсынұлы.

– Тіркеп қойдым. Мына аты-жөніңіз жазылған қағазды алып, коридормен тура жүрсеңіз, соңғы оң жақтағы есік Морозовтың кабинеті.

– Рахмет. Бұл ақсаңдай басып, медсестра көрсеткен ұзын коридормен тура жүріп, Морозовтың кабинетіне кірді.

– Кіріңіз.

– Саламатсыз ба! Қазақша жақсы біледі екенсіз.

– Иә. Қазақстанда он жылдан астам тұрамын. Отырыныз. Қай жеріңіз ауырып, – деді дәрігер.

Бұл аяғын шешіп, тізесін көрсетті. Дәрігер аяғын ұстап көріп, ағаш төсекке жатқызып, укол салып берді. Сосын шыны құтыға салынған сұйық дәріні жатарда жағып жүріңіз деп ұсынды.

– Каторгіде болдыңыз ба? – деді, дәрігер, көзілдірігін шешіп.

– Иә. Архангельдіде.

– Онда орысша жақсы білген болдыңыз ғой. Қайда қызмет істейсіз?

– Әзірге еш жер алмай жатыр. Тіл маманымын.

– Орысша сауатты жаза алатын қызметкер іздеп жүр едім. Келіссеңіз....

Бұл дәрігердің сөзін күтпестен орнынан атып тұрғанын байқамады.

– Әрине, келісемін.

– Бірақ түрмеде болғаныңызды көпке жария қыла бермеңіз. Онда ертең сағат сегіз жарымда келіңіз. Мен бас дәрігерге айтып қоямын.

Бұл үйіне қатты асықты. Аяғының ауырғаны да басылып қалғандай, қадамын нық басып, қабағындағы кірбің жазылып сала берді.

 

* * *

Табалдырықтан қуанышы қойнына сыймай аттады. Самырат көңілсіз екен. Жұмысқа кіргенін айтып қуантса да, баланың көңілінде бір қаяу мұң тарқамай қойды.

– Самырат балам, саған не болған?

– Ата, мен енді оқымаймын.

– Не дейсің, неге оқымайсың қарағым?!

Бала өксіп жылап жіберді.

– Қой жылама, мен тірі тұрғанда жыламаңдар.

– Бүгін мектепке бәтеңкем жыртылып қалып, апамның биік өкше етігін киіп барғам. Балалар мазақтап, қыздардың көзінше шалбарымның балағын көтеріп барлығы бірдей күлді.

– Тәрбиесіз балалар екен. Ертең базарға барып, бәтеңке әперемін. Жылама Самырат. Жылама құлыным!

Бала атасының ыстық алақанынан пана іздегендей, құшағына ене түсті. Тіршілікте баланың қорлануынан асқан қорлық жоқ деп бір ойлады бұл. Сонау, бір жылдары әкесін итжеккенге әкетіп бара жатқанда ұзақ жылап еді-ау! Сол кездегі шемен боп қатқан бір кек мұның жүрегінен мәңгі өше қойған жоқ. Адамның кегі әртүрлі болады екен-ау! Егер бұл сол кекті мол біліммен суғармаса, бұл күнде қаншама адамың қанына жүк болар ма еді кім білсін. Әкесінің оқы деген өсиетін санасында сақтап, күн-түн демей орысша оқыды. Сондағы тапқаны да қорлау, қорлану. Енді міне, өзін қойып бұл қорлық ұрпағына да тыныштық берер емес. «Мен тірі тұрсам сендерді жылатпаймын» – деп, манағы сөзін тағы қайталады. Бала мұның құшағында әлдеқашан ұйқыға кеткен еді. Бір қуаныш, бір мұңмен күндер осылай өтіп жатты.  

 

 

***

Әйелінің денсаулығы жақсарып қалғалы бір жылдан аса уақыт болды. Газетке жазған мақалаларынан азын-аулақ ақша түсе бастады. Морозов күніне үш адамға деп нан карточкасын жазғызып бергізді. Алатын айлығымен қоса газеттен түсетін ақша бұлардың тұрмысын көп-көрім көтеріп тастады. Үйге әртүрлі жиһаз, Самыратқа сабағын оқитын үстел, түрлі ыдыс аяқтар сатып алынды. Бұрынғыдай емес жазуға бұл құлшына кірісті. Бадрсисафа екеуі ұзақ қыдырып, оқыған кітаптары туралы сыр шертіседі. Бұлардың махаббаты әу баста сыйластыққа құрылған еді. Кейін бұл адами сезім қандай қиындықты бастан кешірсе де, бір-бірін ешқашан жол ортада тастап кетпеуге бекіген. Өз өмірінің қалтарыс-бұлтарыстарында осы Бадрисафа табылыпты. Екеуі көшеден газет сатып алды. Көше бойымен баяу келе жатып, бұл сәкіде гүл сатып отырған кемпірлерден бір шоқ қызғалдақ гүлін алды. Көптен бері көңілдері көтерілгелі бүгін. Қыс артынан көктем келгендей артта қалған қиындықты бір сәт санадан шығарды.

– Самырат та ержетіп қалды. Келесі жылы техникумға оқуға түсемін дейді.

– Онысы жақсы екен. Мен одан көп үміт күтемін деді бұл. Қазір оқу орнына жұмысқа алу жайындағы хатымды қарастырып жатыр.

– Қуанышты жаңалық екен – деп, әйелі мұның қолынан ұстады.

Бұлар Сауда көшесімен бұрыла бергенде, қарсы алдынан үлкен адамдар ұшыраса кетті. Бадрисафа бұның қолын жібере сап, бір қадам ерін алға қарай оздырды. Бұл оның қазақ салтын сақтап, ибалық көрсеткені. Бұл болса қалпағын шешіп, бірінші сәлем берді. Егде кісілер бұларға жылы амандасып, өте шықты. Бадрисафа есікті ашты.

– Мына қарлығаштардың жұмыртқаларын Самырат басқа ұяға көшірсе қайтеді. Әйтпесе тазалықты бұза бастады, – деді әйелі құлыпты терезе алдына қойып жатып.

– Жоқ. Қарлығаш та біледі, қай жерге ұя салып, кімнің қорасына балапан шығаратынын. Мына біздің көршіміздің верандысы да тура біздікіндей. Бірақ қарлығаш ол жерге ұя салған жоқ, біздікіне салды. Ол бізге сенеді.

– Ата, сізге хат келді.

– Үйдің ордері ғой мынау. Бұл парақты оқи бастады. «Құрметті Ахмет Байтурсынов. Сіздің хатта жазылғандай жағдайыңызды ескеріп, Қаскелең көшесі №44, 2-а үш бөлмелі пәтер берілді. Үйдің кілтін Еңбекшілер көшесі №32, Пәтер бөлімшесінен алып кете аласыздар» деп жазылыпты.

Үй іші қатты қуанды.

– Самырат, айналайын енді сенің өз үйің болады – деп, Бадрисафа есейіп қалған бозбаланың маңдайынан сүйді. Бұлардың жарқын даусын естіп, көрші дүнген әйел келді. Лезде дастархан жайылды. Жанардың жарқылын, өмірде бір ұлы сезімнің қайтып оралатынын әр адам күтеді. Тіпті өмір адам тағдырына қанша қиындық тудырса да пенде өз өмірінің жарқын сәттерін сағынады. Бүгін бұл көңілді отырды.

– Ата, ән айтасыз ба, – деді Самырат. Бұл ыңылдап, әлденені есіне түсірді. Сосын барып:

Аққұмның бір қызы бар іңкәр атты

Сөзі бар алуан шекер, балдан тәтті

                                    иги-ги-гай, иги-гай-гай

– деп, ән соңын құбылта түсті. Ән әуені баяу көтеріліп, жүректің қылын қозғап, отырғандарды бір сілкіндіріп тастады. Өзі де көптен бері ән айтпап еді. Елді, жерді сағыныпты.

– Ән шын ықылас пен сағыныштан туады. Әннің бойында адамның тағдыры бар – деп, бір күрсінді. Бір екі күн осында тұра тұрамыз. Жаңа үйдің ішін тазалап, реттегенше рұқсат беріңіз,  – деді бұл қожайын әйелге қарап.

– Әрине, қанша тұрсаңыздар да, рұқсат, – деді әйел.

 

***

 

 

Қаскелең көшесіндегі үй бұларға қатты ұнады. Көп ұзамай бұл оқу орнына жұмысқа да тұрды. Ара-тұра газетке оқу, білім турасындағы мақалаларын жазып тұрды. Самырат техникумға түсіп, үлкен мамандықтың иесі болуға талпынып жүр. Кеше ғана Кәтездер келіп кеткен. Түнде жаман түс көріп, ұйқысы шала болғандықтан басының сақинасы ұстап келеді. Сол жақ қабағының үсті тартып ауырып, жайсыздық сезіледі. Жұмыс үстеліне отырғаны сол еді, ішке бөлім басшысы Елеусізов мырза кіріп келді.

– Бүгін мына мақалаңыз туралы бюро мүшесінен хат келді. Мұқият тексерілсін депті. Не жазып едіңіз жолдас Байтұрсынұлы? – деп, үстелдің үстіне газетті тастай салды.

– Сонша ештеңе жазғаным жоқ. Оқу ағарту жолындағы өз ойларымды айттым.

– Сіздің сол ойларыңыз, Мирзоян жолдастың тексерілуінде. Әзірге оқу орнына кіруіңізге рұқсат жоқ. Біздің кінәміз емес. Түсінесіз ғой. Үйіңізге қайта берсеңіз болады. Хабарын өзіміз айтамыз.

Бұл үндеген жоқ. Қара портфельін алып, бөлмеден шығып кетті. Өмірдің ащы дәмі қайта келгенін әр қадам басқан сайын сезіп келеді. Сонда, білім, оқудың түзелуі жайында да ештеңе айтуға болмай ма? Бұл қалай? Енді қайрылар жерім жоқ. Өкінерім де жоқ. Ізгілікке ұмтылғаным үшін жазықты болсам, онда өмір сүрудің де реті жоқ. Совет үкіметіне шын сеніп, бір кісідей қызмет еткенім өтірік пе? Бұл ашулана бастады. Жолдан сүт пен нан алды. Үйге жеткенше түрлі ойлар мазалап, сансыз сұрақтар еңсесін түсіріп жіберді. Бадрисафаға ештеңе деген жоқ.

– Бүгін ерте келдіңіз ғой.

– Сүт алдым. Нан ыстық екен. Самырат оқуына кетіп қалған ба? Сүтті әйеліне ұсына бергенде, үйге апыл-ғұпыл НКВД-ның төрт адамы кіріп келді.

– Байтурсынов жолдас! Сыртқа шығыңыз! – деді, жасы қырықтағы мұртты қазақ зілдене сөйлеп.

– Қандай себеппен!

– Көп сөйлемей бері келіңіз – деп, мұның қолын қайырып, кісен сала бастады. Сендер үйдің ішін тінтіңдер деп қара мұрт қызметшілерін бұйрық бере бастады.

Бадрисафа жылап жіберді.

– Қолын қайырмаңдар! Не жазығы бар?!

– Сіз ары тұрыңыз. Тінтіңдер. Қағаздардың барлығын салыңдар.

Үйдің астаң-кестеңі шықты. Тек әйелі ғана ашық қалған есіктен ерінің артынан жүгіре шықты. Бұл артына қарағанда соңғы рет оның жүзін көріп үлгерді. Ақ жаулығы түсіп, ақ шаштары жайылып кетіпті. Қош Бадрисафа.

 

 

***

 

     Машина бір сағаттай жүріп, бұны тергеу бөлімшесіне алып келді. Шағын хаттама толтырылған соң, кешке дейін сұрақтың астына алды.

– Сіз Әлихан Бөкейхановпен әлі де байланыста екенсіз ғой, – деді тергеуші.

– Иә. Біз Владимир Илич Лениннің рұқсатымен «Алаш партиясын» құрған адамдармыз. Бұл ісімізді Сталин жолдастың өзі де кезінде құптаған. – Сізге Әлихан Бөкейханов қаржылай көмектесіп тұрады екен ғой. Ол қайдан келген ақша?!

– Жоқ, мұныңыз жаңсақ болар. Мен қызметім бар адаммын. Бір айлығымыз шағын отбасымызды асырауға жетеді.

– Ол ақша жапон миссионерлерінен келіп тұратыны рас па?

– Мен сізге бар шындықты айттым. Ешкімнен ешқандай ақша алғаным жоқ.

– Айт шыныңды! Айт сүмелек! – деп, тергеуші мұның аузынан екі рет жұдырығымен қойып қалды.

Бұл орындықтан құлап түсті. Аузының қанап кеткенін сонда білді.

– Апарыңдар каторгіге. Екі милиционер мұны сүйрелей жөнелді. Бұлар шыққан соң, тергеуші үшінші тұрған милиционерге бірдеңе айтып жатты. Суық каторгіге әкелген соң да ұрғанын тоқтатпады. Есінен айрылған соң үстіне бір шелек тастай су құйып қайта сабады. Көзіне биіктегі шам ғана сығырайып көрінеді. Дүниедегі бар мейірімділік сол шамда ғана қалғандай. Төртінші күні мүлде есінен адасты. Тек шекесінен жылы бір қан ағып, жаны жай тапқандай болды. Шамның жарығы көз алдынан бұлдырай берді. Сәлден кейін шам сөніп, көз алды қара түнекке ұласты.

 

***

Ертеңінде үстіне тастай су құйып, тергеушінің алдына алып келді. Көзінің асты ісіп, ерні жырылып, су тиген сайын ашыта бастады.

  • Қалай?  Байтурсынов жолдас ойландыңыз ба?
  • Мен өз халқыма қызмет еттім.
  • Нациссіз жолдас Байтурсынов. Жапон тыңшыларымен не жайында сөйлестіңіз?
  • Ат! Өлтір! Бұл ашуға булығы түсті.
  • Успакойтесь Байтурсынов. Мұхтар Ауезов сізбен бірге ме?
  • Оның шығармаларын оқығаным болмаса, араластығымыз жоқ.
  • Жасырасыз.
  • Мақалаңызда өзіңіздің ұлтыңызды ғана айтасыз. Совет үкіметі туралы бір сөз жоқ. Неліктен?
  • Себебі, совет үкіметімен қазақ елі бір. Олардан...

Тергеуші мұның сөзін аяқтатқан жоқ.

  • Өтірік айтасыз. Неліктен Сталин жолдас құрған білім жүйесін жоққа шығарып сынайсыз?
  • Менің мақсатым сынау емес, түзеу.
  • Сонда Сталин жолдасты түземексіз бе?
  • Жоқ, елді түзеу.
  • Түсінікті. Тергеуші темекісін тұтатып, бұған ұсынды.
  • Оған әуестігім жоқ еді.
  • Құдайшылсыз ба?

Бұл үндеген жоқ. Қабырғада Сталиннің үлкен суреті ілініп тұр.

–  «Мәдениет тарихы» кітабын неліктен рұқсатсыз шығардыңыз.

  • Рұқсатсыз емес, Мирзоян жолдастың қолы бар. Оның үстіне қолыма төрт данасы ғана жетті. Әлі баспадан шығып үлгерген жоқ.

Бұл бір данасын кеше кешкісін Мұхтарға беріп еді. Оған зияны тимесін деп, бір данасын жасырып қалды.

  • Қалғандары қайда?
  • Үйде қалды. Осы күні алып қойған болар.
  • Жапон тыңшыларының аттарын айтып берсеңіз?
  • Мен ол жайлы ештеңе білмеймін – деп, кеше де айтқанмын.
  • Өтірік айтпа, «сволоч».

Бұл ауыр соққыдан сұлап түсті.

  • Әкетіңдер мынаны.
  • Екі страж мұны кешегіден де қатты тепкіледі. Іш құрылысы езіліп кеткен сияқты. Бүгін берген ботқаны да іше алмады. Ыңырсып бетон еденде ұзақ жатты. Сосын еңбектеп, темір кереуітке барды.

Таңертең мұны подвалға апарды. Көзі күп боп ісіп кеткендіктен әрең ашылды. Қасында өзі сияқты түрмеде жатқан төрт адам тұр. Бұл олардың кім екенін түстей алмады. Неге әкелгенін іштей біліп тұр. Бірақ атуға әлі ерте еді ғой! Өз кінәсін мойындағандарды ғана атушы еді! Бұл өлім сағатының жақындап қалғанын сезгендей, тырнағының шетіндегі терілерді бір-бірлеп жұла берді.

- Тік тұрыңдар. Бетін тұмшалап алған төрт адам адам келіп, бұлардың көзін байлады. Арғы шетінде тұрған ұзындау жігіт жіберіңдер, жіберіңдер  – деп, жерге жата қалып, айғайлай бастады. Маска киген екеуі оны көтеріп, бұрышқа апарды. Жерден тұрмай қойған әлгіні керзі етікпен қабырғадан екі тепті. Оның қасында тұрған жігіттің қабағы жазылмай, бір нүктеге қарап тұрды. Кезек бұған келді. Бұл сол тырнақ терісін жұла берді. Бұл сұқ саусағының еті көрініп қалғанын да байқамады. Көзін байлай бастағанда шүберек, қабағының жырылған жеріне тисе де, ештеңе сезбеді. Өмірде ауырлықтың бар екенін бұл тұңғыш рет мойындамады. Қабырғаға қаратып тұрғызғанда өзінің бұл әлемде бар екені ұмытыла бастады. Ең бірінші оқ атылғанда ырс етіп біреудің құлағанын білді. Содан кейінгісін өзі де бағамдай алмаған. Көзі алды тұманданып кетті.  

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha