Йылмаз Ердоған: “Өлеңнің ең тамаша сылтауы – ғашықтық”

20.05.2017 7037

Осыдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы және Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен дәстүрлі «Айлық түрік фильмдері күні» шарасы аясында «Көбелектің түсі» атты драмалық фильмі “Керуен” сауда, ойын-сауық орталығы кинотеатрында көрермендердің назарына ұсынылды.

 

Фильм, зұлмат ІІ. Дүниежүзілік соғыс жылдарында Түркияның солтүстік өңірінің Зонгулдак қаласындағы өлеңге жандары жақын екі дос əрі жас ақын -  Рүштү мен Мұзаффардың тағдыры жайында өрбиді.

 

Екеуі туберкулез дертімен арпалысып қана қоймай, қала əкімінің қызы мектеп оқушысы Сузанға ғашық болады. Өлеңдерінің қайсысысы Сузанға əсерлірек болатындығына екі дос бəстесіп, оған өлең жолдарын арнай бастайды. Ауруы асқынған Рүштү елдің басқа өңіріндегі сауықтыру санаториясына түсіп, онда  Медихаға ғашық болады. Соңында онымен шаңырақ көтереді.  

 

Сузанның əкесі жас ақын әрі ауру Музаффардың қызына ғашық болуына қарсы əрекеті оқиғаны одан əрі шиеленістіріп жібереді.

 

Екі жас ақын өлеңдерін халық арасына таныту үшін тер төгеді. Бірақ, ақындардың қадірін түсінген жан бар ма?! Ол кезде елдің жағдайы мәз емес еді. Дейтұрғанмен, сол кезеңде танымал болған “Варлык” әдеби журналында екі жас ақынның өлеңдерін ұстазы Бехчет Неджатигил жариялауға қол ұшын береді. Бірақ, екеуінің басындағы ауру күннен күнге асқына береді, асқына береді... Әсіресе Медиханың көз жұмуы Рүштүге соққы боп тиеді. Сұм ажал артынша Рүштінің басына да келеді.

 

Екі ғашық Сузан мен Музаффар қызықты да өкінішті өмірді бастан өткереді. Алайда, Рүштінің жазған өлеңдері Сузанға ұнағанын естігенде Музаффар ішінен жеңілгенін мойындайды...

 

Фильм режиссері әрі атақты түрік актері Йылмаз Ердоған, “Өлеңнің ең тамаша сылтауы – ғашықтық” (Aşk en güzel bahanesidir şiirin) – деп өлеңнің де, өмірдің де алтын ғасырына айналған ақындардың ғашықтығын баяндайды.

Поделиться: