Тағдыр жолым

21.09.2020 6706

Әгір апай талай шәкірттерді өмірге қанат қақтырған, өзінен кейінгі мұғалімдерге үлгі болған ұлағатты ұстаз. Бүгінгі күні ауыл-аймақтың абыз анасы. Апай сырқаттанса әрдайым жанынан табылып, медеу боламыз. Көненің көзіндей болған апай сондай сәттердің бірінде өмірінің сан қилы кезеңін баяндап, шерін тарқатушы еді:

 

Мен 1930 жылы ауылда ұжымшар ұйымдастырылып жатқан алас-күлес заманда туыппын, - деп бастайтын әңгімесін апай, - Сол себеппен ата-анам менің есімімді Әбігер деп атап, артынан еркелетіп Әгір деп атап кеткен екен. Әкем аудан орталығында жауапты қызметте істеді. Сол кезде тәтті балғын шақтың қызығына тоймаған ерке қызбын. Бірақ, осындай жайма шуақ өмірімнің бір сәтте тас-талқан болады деп кім ойлаған

 

1937 жыл. Жаздың тамылжыған бір күні әскери адамдар үйге сау ете түскені. Чекистер үйді қанша тінтсе де, үкіметке қарсы ешқандай айғақ таба алмады. Бірақ, бұл жағдайды өзгерткен жоқ. Атам мен әкемді тұтқындап алып кетіп бара жатқан кезде, Анам дауыс көтеріп, жылаған болатын. Мен қатты қорқып кеттім. Әкем маған мейірлене қарап:

 

- Анаңды тыңда. Оған сіңліңді өсіруге жәрдемдес. Бір қате кеткен шығар. Тексеріп, ақ-қарасын анықтаған соң, келемін, - деп жұбатып, тұлымшағымнан иіскеген еді, анама:

 

- Мен міндетті түрде ораламын, сен түрменің табалдырығын тоздырма. Балаларды күт, - деп айтқан әкемнің сол кездегі бейнесі әлі есімде.

 

Бірақ Сталиндік қанішерлердің жүйелі түрде сауатты зиялы қауым өкілдері дәрігерлер, мұғалімдер, ғалымдарды құртып жатқан кез екенін артынан білдім ғой. Анам, менің есімде қалсын деді ме:

 

- Әкең Қажыкен араб, парсы, орыс, неміс тілдерін жетік білген білікті де, білімді адам болды, атаң Асқар Меккеге екі рет қажылыққа барып келген, оқыған діндар кісі еді, - деп айта беруші еді. Әкем туралы бар дерегім осы ғана.

 

Содан анам, емшектегі сіңлім және мен қалдым. Еңбек етіп ақша табатын Анам дімкәс. Әкемді ұстап әкеткеннен кейін анамның денсаулығы күрт түсіп кетті. Үйде азық - түлік қоры таусылуға айналды. Анам өз бетімен жүре де алмайды, әйтеуір менің жәрдеміммен далаға кіріп - шығып жүреді. Көрші - қолаң бізге көмекке келуге «үндеместен» қорқады.

 

Осындай қиыншылықпен күндеріміз өтіп жатты, әйтеуір түнде есік тақылдаса табалдырыққа қайырымды жандар нан, сүт, айран, қаймақ тастап кететінін білеміз. Соны талғажу қыламыз. Анама дәрігерлік көмек көрсетілмеген соң, анамның да ауруы күн санап меңдей берді.

 

Таң ата есік алдына шығып әкемнің жолын тосамын: «Келемін деп еді ғой, неге келмейді, әкем неге сөзінде тұрмайды», - деп жылаушы едім. Сонда анам менің үмітімді үзгісі келді ме: «Әкең халық жауы, ол енді келмейді» деп көз жасына ырық беретін.

 

Бір күні таңертең тұрсам, анам қимылсыз жатыр, қолы, денесі мұздай, оятсам оянбайды, қойнында жылап жатқан сіңлімді қолыма алдым, сонда ғана анамның о дүниелік болғанын білдім. Емшектегі сіңлім тамақ сұрап жылайды, оған қосылып мен де жылаймын, қалай уатарымды білмеймін. Өзімнің де, өзегім талып қарным ашты, содан жылай-жылай сілесі қатқан сіңлімді амалсыз өліп жатқан анамның қойнына салдым.

 

Анасының исін сезді ме, сіңлім оның емшегін сораптап жатып, өмірден үнсіз өтіп кетті. Менің де аштықтан көзім қарауытып, шешемнің бауырына тығылып талықсып жатқан жерімнен үйдің есігін бұзып кірген көршілер мені өлімнен құтқарды. Мүмкін бұл менің соңғы түнім болар ма еді, әйтеуір көретін жарығым бар екен.

 

Көршілер анам мен сіңлімді жер қойнына беріп, мені балалар үйіне өткізді. Өздерінің басына қауіп төніп тұрса да, өмірімді алып қалған көршілеріме шексіз ризамын.

 

«Сырымбет» ауылының балалар үйінде тәрбиелендім. Шота Уәлиханов, Кәкімбек Салықовпен бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отырып оқыдым. Бертінде де олармен ара-қатынасым үзілмеді.

 

Сабақты өте жақсы оқыдым «Алтын медаль» алуға үміткер едім, бірақ алтын белгі маған бұйырмады. Тегі артымнан қуынатын адам жоқ деді ме, әлде «халық жауының» қызына «Алтын белгі» лайық деп таппады ма, кім білсін?!. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласына оқуға түсуге жиналдым...

 

Алматыға келіп заң факультетіне құжаттарымды бердім, бірақ балым жетпей оқуға түсе алмай қалдым. Ел жаққа барайын десем басымды кім сипай қояр дейсің деп, амалсыз Алматы қаласындағы баспаға жұмысшы болып орналастым. Жұмыс беруші жатаханадан жатар орын берді. Алған аз-мұз еңбекақымды күнкөрісіме жеткізіп жүрдім, әйтеуір жолым болып келесі жылы КазПИ оқуға түстім. Алған степендия бірде жетеді, бірде жетпейді, бірақ ешкімге қолымды созған жоқпын. Анамның шұлық тоқып үйреткені кәдеге асты, сол кәсібіммен де нәпәқа тауып жүрдім. Бір есте қалары Мұқтар Әуезовтің дәрісін тыңдау бақытына ие болғаным еді.

 

Оқуымды аяқтаған соң тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір үбірлі-шүбірлі сәбилі болдық. Балалардың бәрі аяқтанып өмірде өз жолдарын тапты. Енді балаларым мен немере-шөберелерімнің қызығына тоймай отырған жайым бар. Отағасым жер бесікте жатыр...

 

Әкем мен атам тәуелсіздік жылдары ақталды. Осы хабарды оқыған күні қатты жылағаным бар, қуаныштан ба, әлде шырғалаңы мол өміріме деген өкініштен бе, өзімде білмеймін?!. Шынында ата-әкемнің сүйегі қай қиырда қалғанын да хабарсызбын. Сонда да жұма сайын мешітке барып әкем мен атамның, анамның, сіңлімнің рухтарына дұға бағышылаймын. Әкемнен ұрпақ қалмай түтіні өшкеніне қатты қапаланамын! Иә, қазір баспа бетінде жазып жүргендей, әкем мен атамның «халық жауы» деп, адамгершіліктерінің тапталуына Сталинің және оның жендеттері ғана кінәлі емес, ең алдымен қанқұйлы басшылардың ниетін орындаған «Ә» десе «Иә» деген жер - жердегі шолақ белсенділер де кінәлі деп ойлаймын.

 

Есейгенде әкем мен атамның жазықсыз өліміне себепкер болған адамның кім екенін білгім де келмеді, өйткені кек сақтап өмір сүру өзіме де ауыр тиетінін білдім. «Әр адамның істеген жамандығы өзіне қайтып келеді» деген ана сөзіне имандай сенемін... ,- деп үндемей отырды да, - міне тоқсан жастан астым, әлі де, анам мен әкемнің жылы алақандарын сағынамын, бірақ «өмірімнің көбі өтіп, азы қалды ғой» ендігі сағынышымды, бақилықта ... кездескенде басылар, тек артымда қалар ұрпақтарымның заманы түзу болсын. Ал, тағдыр жолымның шырғалаң болғанына заманымды жаман қылған қарау адамдар ғой, - деп Әгір апай терең күрсінген - ді.

 

Р/S. Бір отырыста Әгір апайдың замандастары: «Апаң, жас кезінде аққұба, ботакөз, ботатірсек сұлу қыз еді. Оған көз салған бозбалалар көп болғанымен Әгірдің ойы басқа болатын. Ол сабақты жақсы оқып, әкесінің «халық жауы» емес екенін дәлелдеймін дейтін асқақ арманы болатын. Айтпақшы, мектепте оқып жүрген кезінде Әгір «Анамның көзі» деп қызыл бархыт ішік киіп жүретін. Бертін Кәкімбектің «Жез киік» әні шыққанда, осы әннің кейіпкері «Әгір емес пе?» деп те ойладық. Мүмкін Кәкімбек жүрегінде өмір сүрген сұлу жанды өлеңмен бейнелегісі келді ме екен, кім білсін? Енді бұл біздің жорамалымыз ғана, бірақ апаңның жас кезінде көркіне ақылы сай сұлу болғаны шүбәсіз еді»,  - дегендері бар - ды.

Поделиться: