Ғұмырың ұзақ болсын
Гүлнұрдың баласы Арнұр биыл 11 классты тәмәмдәді. Баласы күні-түні ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) дайындық үстінде. ҰБТ бойынша өтпелі балл 50 екенін білсе де, Гүлнұр баласының біліміне сенімді, баласы «Алтын белгіге» үміткер екенін білетін. Бірақ, сонда да жүрегі күпті «Ат шаба ма, әлде бап шаба ма, кім білсін, балам емтиханын тапсырса болды» деп ойлап қояды. Ертең ҰБТ.
Осындай терең ойда отырғанда үйге аңқылдап кірген Арнұры «Анашым» деп мұны еркелеп құшақтап жатты. Ол баласына:
- Алтын белгіні» ақтай алмасаң үйге келме, - деп доқ көрсетіп қойды.
- Егер төменгі балл алсам үйге келмейін бе? - деп тұтыға сұрады баласы.
- Жақсыға тапсыр, мені ұятқа қалдырма, - деген Гүлнұр. Айтуын айтқанмен айтқан сөздеріне өкініп қалды, бірақ кеш еді. Бала үндемей үйден шығып кетті.
Таңертең Гүлнұр ұйқыдан тұрса, баласы кетіп қалыпты. Үстел үстінде бір тарақ қағаз жатыр екен «Анашым, үйге келмей қалсам төмен баға алғаным. Кешірерсіз мені» деген жазуды оқып «Тамағында ішпепті, емтиханын тапсырса жақсы болар еді» деді жүрегі алабұртып.
Түс болды, емтихандары бітуге тиіс еді, балам неге келмей жатыр деп оны тағатсыздана тосты. Бір кезде баласына айтқан кешегі сөздері мен баласының таңертең жазып кеткен хаты еске түсіп, жүрегі шым ете түсті. Есі ауысқандай үстелдің үстінде жатқан жергілікті газетті қолына қыстыра сап, мектепке қарай жүгірді. Мектеп жанында ата-аналар ҰБТ-ден шыққан балаларын құттықтап жатыр екен. Баласын іздеп еді көрінбеді, баласының сыныптастарынан Арнұрын сұрап еді, оның әлгінде ғана өзен жаққа кеткенін айтты. Бұл өзенді бетке алып жүгіре жөнелді.
Өзенге жақындай бере, көпір үстіне қараңдап жүрген адамды көріп, жанұшыра көпір үстіне көтерілсе, өзінің Арнұры, көпірдің жақтауынан ұстап, аласұрып ағып жатқан өзенге қарап тұр екен. Бұл баласын шошытып алмайын деп, ақырын келіп баласының йығынан ұстап:
- Балам, - деп еді, ол селк ете түсіп:
- Анашым, мен «Алтын белгіні» ақтай алмадым, енді грантпен оқуға түсе алмайтын болдым. Енді сенің бетіңе қалай қараймын деп ойланып тұр едім, - деді кемсеңдеп.
- Құлыным, сен мені кеш, кеше не айтып, не қойғанымды өзімде байқай алмай қалдым, сен қара қанаттанғанша, өмірдің сансыз қиын соқпақтары кездеседі, жасымай соны жеңе біл. Университетке міндетті түрде түсесің, тіптен оқуға биыл түсуге де мүмкіншілігің бар, мына газеттің жарнамасында Көкшетау қаласындағы бір жоғары оқу орны түсем дегендерге өз тарапынан грант бөліп, емтихан қабылдайтын көрінеді, сен сол грантты иемдену үшін бүгіннен қалмай сол университетке құжатыңды беріп дайындал. Мен жарнамада көрсетілген телефонға қоңырау шалайын, - деп ұялы телефонымен қабылдау комиссиясына қоңырау шалып еді, ар жақтан қоңыр дауыс естілді, Гүлнұр дауысы дірілдей, - кешіріңіз балам биылғы ҰБТ-тен «Алтын белгіні» ақтай алмады. Жарнамаларыңызда университет тарапынан грант бөлген көрінесіздер. Сол грантқа менің баламның үміті бар ма?.. Өтінемін, сіз баламмен сөйлесіп, осыны түсіндіріңізші, - деп телефонды баласының қолына ұстата салды.
Баласы телефонды қолына алып еді, ар жақтан салмақты дауыс естіліп жатты, оның сөзін естіп тұрған баласының жүзі жайнап бара жатты, бұны байқап тұрған ананың да көзінен жас ыршып кеткен, бір кезде баласы:
- Мама, құжаттарыңды әкел деп жатыр, мен құжаттарымды аталмыш университетке тапсырып грантын жеңіп аламын, - деп жүзі бал-бұл жайнап, үйіне қарай құстай ұшып бара жатты.
Анасы болса, баласының сағыммен жарысып үйіне қарай құлдырыңдап бара жатқанын көріп:
- Аңдамай сөйлеп, жалғыз баламнан айрылып қала жаздадым ғой, ғұмырың ұзақ болсын, балам, - деп егіліп жылап тұр еді.
Поделиться: