Қаратал ұжымшарын ұйымдастыру

17.07.2017 7071

1929 жылдың сәуір айының басы. Құбылып тұрған ауа-райы көктемнің біржола келгенін білдіргендей көк аспан ашылып, шаңқиған күн тас төбеге шығып төңірек жасыл түске боялып жүре берді. Аңсай күткен жыл құстары да мен келіп қалдым дегендей ауыл іргесіндегі орман-тоғайларды әнге бөлеп жіберді. Тереңкөлді жағалай қоныстанған ауыл тұрғындары да көктем құсындай қарбалас үстінде.

Ауылға келген уәкіл Айыртау ауданының ОГПУ басшысы Жұмабек Шаяхметов еді. Оны аудан басшысы Қаратал өңіріне ұжымшар ұйымдастыру мақсатымен жіберген болатын. Ол атын ауылдық кеңестің кеңсенің аттұрағына байлап кеңсеге беттеп еді, оны ауылнай Темірбеков Молдағанап қарсы алды. Жұмабек төрағаға келген мақсатын айтып «ауыл тұрғындарын жина», - деп тапсырма берді.

Уәкіл 1927 жылы Біләл Малдыбайұлы ашқан екі қабатты ауыл мектебіне сүйсіне қарады, ол кезде мұндай мектеп тіптен аудан орталығы Володаровка селосында да жоқ еді. Біләлдің Алашорда мүшесі болғанын және Мағжан Жұмабаев және басқа да Алашорда мүшелерімен тығыз байланыста екенінен хабардар. Сондай-ақ, аталмыш мектептің ашылу салтанатында аспанға Гәкку әнін әуелете салған Үкілі Ыбырайдың да болғаны белгілі. Ауыл тұрғындары Үкілі Ыбырай ән салғанда аспанда ұшып бара жатқан аққулар Тереңкөлге қонған дейді. Содан бері көктем туа жылы жақтан келген аққулар Тереңкөлді мекендеп Үкілі Ыбырайды тосады екен. Әрине аңыз ғой дей беріп еді көл жақтан аққудың саңқылдаған дауысын естіп тіксініп қалды. Бірақ осы Ыбырайдың:

Атаңа нәлет Николай торғын шапан кигіздің,

Айналайын бәлшебик шоқпыт киім бергіздің.

Атаңа нәлет Николай арғымақ атты мінгіздің,

Айналайын бәлшебек ағаш атқа мінгіздің, - деген қағытпа өлең жолдарын осы ауылдың кісілері орындап жүр дегенін естіп қаперіне алып та қойған.

Енді оның көзі мектептің жанында 1928 жылы тәркіленген Құсайын Темірбекұлының үйлері де мен мұндалап тұр. Оның тәркіленген екі үйінің біреуі ауылдық кеңестің кеңсесі, екіншісі мектеп-интернат. Үшінші үйі әлі бос тұр екен. Жұмабек осы үй ұжымшардың кеңсесі болуы керек деп көңіліне түйіп қойды.

Ауылдық кеңестің төрағасы уәкілді осы бос үйге қарай бастап жүрді. ОГПУ бастығы келгенін естіген ауыл тұрғындары да тез жинала бастады. Ауыл тұрғындары жиналып болған соң уәкіл сөз алды. Ол партияның басшылығымен қол жеткен табыстарды тілге тиек ете келіп:

- Ауылға ұжымшар ұйымдастыруға келдім. Бұл саясаттың басты мақсаты езілген тап өкілдері, яғни жұмысшы-шаруа ортақ іске жұмылып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұжымдасып еңбек ету. Ауылдың байлары Шеген, Имамбай, Құсайынның тәркіленген мал-мүліктері жаңа ұйымдасқан ұжымшар қорына беріледі. Халайық енді сендер ұжымшар ұйымдастырып, бірлесіп жұмыс істеулерің керек, - деп сөзін аяқтады.

Бәрі де үнсіз қалып еді. Тек Хамза Мақымов ақсақал ғана:

- Қарағым уәкіл, ұжымшардың жұмысын дұрыс түсіндіріп жіберші, ұжымшарға кірсең бәрі ортақ болады деп жүр ғой. Бұл не сөз, оны қалай түсінеміз, - дегенде жиналыста отырғандар да елең ете қалды.

- Жо-жоқ, ол не дегеніңіз. Бұл - дұшпан сөзі. Бұндай өсек таратқан адамды тауып шара қолданамын. Ал, ұжымшар дегеніміз, меншікке иелік ететін шаруашылықтың бір түрі. Мұнда құрал-сайман, ат-арба, тұқым, мал ұжымшар мүшелері тарапынан ортақ пайдалынылады. Бәрі де бірлесіп еңбек етіп, тапқан табыс тең бөлінеді. Ал әйел ортақ, бәрі бір көрпенің астында жатады деген жаулардың сөзі. Тағы қайталап айтамын бұл шаруашылықта ұжымның мүшелері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып жұмыла еңбек етсе де, еңбекақыны әркім өзінің істеген еңбегіне қарай алады. Үкімет өз тарапынан сендердің ұжымдарыңның аяғынан қаз тұрып кетуі үшін жер, құрал - сайман, қаржы бөледі, - деді уәкіл.

Ізінше пікір талас басталып кетті: «Япырай, дейді біреулері көптің ішінде не болмайды. Біреуі еңбекқор болса, екіншісі еңбекке қырсыз болады. Сонда мұның реті қалай болар екен» деп қынжылса, екіншілері «маңдай терімізбен тапқан құрал-саймандарымызды қалай көз қиып ортаққа береміз» деп өкініш білдіреді.

  • Егер ұжымшарға мүше болам десеңдер сендерге есік ашық. Үкімет те нақты көмегін жасайды, мал, егістікке тұқым да беріледі. Қане кім ұжымшарға мүше болады, - деп уәкіл қағаз - қаламын алып дайындала бастады.

Әу, бастан жаңалыққа құштар Хамза Мақымов ақсақал ауылдастарына «кеңес үкіметінің мақсаты ортақтандыру болса, алдымен мені жазыңдар деп тілек білдірді де, ортаға құрал-сайман, ат-арбамды саламын, - деді. Осы бір аталы сөздің айтылуын күтіп тұрғандай ауыл кедейлері Сағындық Түйебаев, Ысқақ Исин, Нұғыман Малдыбаев, Мақыш Ерденов ұжымшардың тұңғыш мүшелері болып жазылды.

Ауданнан келген уәкіл Жұмабек осы жаңа ұйымдастырылып жатқан ұжымшардың төрағалығына Хамза Мақымов ақсақалды ұсынып оның өмірбаянына қысқаша тоқталып өтті: 

- Хамза ағай 1900 жылы осы ауылдың азаматы Құсайын Темірбеков ашқан орысша төрт жылдық мектепті аяқтаған соң Троицк қаласында мұғалімдік училищені бітірген. Бұл кісі орысша, арабша, қазақша оқи да, жаза да біледі. Дәл қазір осы кісі ұжымшарға лайықты басшы болар деп ойлаймын. Сондықтан төрағалыққа осы кісіні ұсынамын, - дегенге ұжымшар мүшелері уәкілдің ұсынысын бірауыздан мақұлдап ұжымшар төрағалығына Хамза Мақымовты сайлады.

Ұжымшар орталығын таңдау да оңайға түспеді. Бірі орталық шөбі шүйгін, малға жайлы Қараменді ауылы болсын десе, екіншісі Аманжол ауылы болғанын қалады. Өйткені Аманжол ауылында Біләл мектебі жұмыс істеп тұр, балалардың оқуына да мүмкіндік бар және ауылдық кеңестің кеңсесі осы ауылда дегенге Тереңкөлді жағалай қоныстанған жеті ауыл тұрғындары Аманжол ауылы ұжымшардың орталығы болсын деп келісті. Қазақ атамыз ат қою жағына келгенде алдына жан салған ба. Ауыл орманында шоқ-шоқ қара тал өсетін. Хамзаның ұсынысы бойынша ауылдың да, ұжымшардың да аты бұдан былай «Қаратал» деп аталатын болды.

«Көп түкірсе көл емес пе» аталмыш жылы егілген өнімнен тәп-тәуір астық жинап алынды. Көп болып еткен еңбектің пайдалы екенін көрген адамдар ұжымшарға мүше болып кіре бастады.

Ынтымақ бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысы жылдарында да ұжымшар жұмысын ақсатпады. Бас көтерер азаматтар майдан даласына аттанғанда трактор, комбайын, штурваліне әйелдер мен бірге 15-16 жастағы Тұрсын Мақышұлы, Шаймұрат Мұхамеджанұлы, Сейтбек Нұғыманұлы сынды бозбалалар отырды.

Тарихтың небір қиын кезеңдеріне тап болса да алтын бесік ауылымыз да өзінің киелі қасиетін сақтап қалды. Сталиндік репрессияға ұшырап, қуғын-сүргінмен келген неміс, ингуш, корей, және басқа да ұлт өкілдерін аялы құшағына да алған осы ауыл. Хрущевтің солақай саясаты кезінде қаншама ауылдың тамырына балта шабылып, қаншама мектептер болашағы жоқ деген желеумен жабылып қалды. Жеп отырған нанымыздан айрылып қалып, жүгерінің нанына да тап болған кезіміз болды. Уақ-Заря, Чапай, Сарыөзек деген ауылдарымыз қандай еді. Бәрі де көзден бір-бір ұшты ғой. Бірақ Қаратал ауылының ауыз бірлігі ауылдың жойылуына жол бермеді.

Хрущев Н.С. тың көтеру жылдары ұжымшарды ірілендіру саясаты барысында «Қаратал» ұжымшары жаңа құрылған «Заветы Ильича» кеңшарының құрамына кірді. Бөлімше болған соң экономикасы құрдымға кете бастады. Ауыл тарқап, адамдар кете бастады. 1969 жылы 23 тамызда Көкшетау облысының бірінші хатшысы Еркін Әуелбековтың пәрменімен жойылуға шақ тұрған алты қазақ ауылын «Заветы Ильича» кеңшарынан бөліп «Қаратал» кеңшарын құрды. Оның тұңғыш директоры Қазыбек Көшімбаев еді. Сол кезде меншіктің малын қоспағанда, кеңшардың өзінде ғана қой басы 30 мыңнан асса, ірі қара мал 5 мыңға жуық, жылқы 3 мыңға тарта, егіс көлемі 16 мың гектардан астам болатын. Өнім өндіруден алынған таза пайда маңызды обьектілер мен тұрғын үйлер салуға жұмсалатын.

Экономикасы шарықтаған кеңшар еліміз дербестік алып азат ел болдық дегенде банкротқа ұшырап, алты ауылдан үш ауыл қалды олардың өзінің болар болмас халі бар. Дегенмен ел Ерсіз, жер Иесіз қалмас деген тілек бар.

Поделиться: