«Қырғызстан әдебиет орталығы» жаңа кітаптармен толысты

07.06.2017 7168

            Ауылы аралас, қойы қоралас қырғыз бен қазақ елдерінің достық, бауырластық байланысы сонау ХV ғасырдан бастауын алады. Осыншама уақыттан бері еларалық қарым-қатынасқа еш сызат түскен емес. Өзара экономикалық байланыс пен іскерлік қарым-қатынастарға, мәдени даму жолына да қазір айрықша мән беріліп отыр. Әдебиет саласымен көш бастап тұр. Қоғам бірлігі мен ынтымақтастығында батырларымыздың ерен еңбектері, жазушарымыздың тағдырластығы, жақындығы мәдениетімізді нығайта түседі. Осы орайда айта кетелік, өткен 2016 жылдың қарашасында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қырғызстан әдебиет орталығының» ашылғаны баршаға мәлім. Бүгін, яғни 7 маусым күні аталмыш орталық тағы да тың деректермен толысты. Кітапханамызда Қырғызстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Бакашева Жұлдыз Кемелқызымен кездесу болып өтті.

          Кездесу барысында Жұлдыз Кемелқызы екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға қатысты тәжіибесімен бөлісіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасындағы «Қырғызстан әдебиет орталығына» кітаптарды сыйға тарту етті. Аталмыш кездесу «Қырғызстан әдебиет орталығының» қорын толықтыру және «Мың кітап сыйлайық» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.

          Іс-шараға Қырғызстан Республикасы Елшілігінің бірінші хатшысы Аджиматова Чолпанай Абдисаматқызы, ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы-жырау, әдебиет пен өнер зерттеушісі, мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжанов, кітапхана қызметкерлері және т.б. қатысты.

          Жұлдыз Кемелқызы – Қырғыз Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры, Қырғыз Республикасының Мемлекеттік кітапханалар қауымдастығының президенті, Еуразия Кітапхана ассамблеясының вице-президенті. Қырғыз, орыс, түрік және ағылшын тілдерін жетік меңгерген.1982 жылы Қырғыз Мемлекеттік университетінің журналистика мамандығын бітірген. 1988 жылы Ұлттық ғылым академиясын, 1998 жылы  Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде докторлық диссертация қорғаған. Ол Ж. Баласағұн атындағы КМУ-нің журналистика факультетінің деканы, Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының проректоры болған. 2005 жылдан бастап, Қырғызстан Ұлттық кітапханасының директоры лауазамында.

Поделиться: