М.Әуезовтің орыс тіліндегі еңбектері
М.Әуезов жайлы сөз болғанда оның қазақ әдебиетіне сүбелі үлес болып қосылған айтулы көркем шығармалары сөз болады да, ал жазушының аудармашылық қыры, осы салаға қосқан үлесі туралы айтылғанда орыс, шетел әдебиетінің классиктерінен аударған айтулы еңбектері, аударма жайында жазылған мақалалары, күні бүгінге дейін маңызын жоймаған танымдық ойлары осы тақырып бойынша жүргізілген әңгімеде негізге алынады. Демек аударма өнері М.Әуезовтің сан-салалы шығармашылық еңбегіндегі маңызды бір сала деуге болады. Қаламгер орыс әдебиеті шығармаларын қазақ тіліне аудармашы болуға құмартқаннан, немесе ерекше өзіндік бір үлес қоса қалайын дегендіктен, әлдебір баспаның ұсынысы бойынша қаламақы ретінде ақша табайын деген бір мезеттік оймен емес, мұнда да таза әдебиетшілік игі сезіммен, қазақ оқырманына осы нәрсе қажет-ау деген мүдде тұрғысынан келеді.
Қазақ әдебиетінде басқа елдердің әдебиетінен үйрену, оны өз еліміздің төл туындысындай етіп аударып қолдану дәстүрі Абайға дейін де, одан кейін де болып, кең етек жайған дәстүр. Бұған біздің ескі ақын-жазушылар арасында әр дәуірдегі араб, парсы, батыс әдебиеті сюжеттерінің еркін сөз болып жүруі дәлел болады. М.Әуезов өз дәуірінде тек қазақ әдебиеті үлгілерін оқып меңгерумен қоса басқа тілдердегі көркем шығармалардың төл тілімізге аударылуы жайлы, аударманың әдеби шеберлігі, оның оқырманға тигізер пайдасы жайында кеңінен ой қозғайды. Өзі де орыс тілін шебер меңгеріп И.Тургенев, Л.Толстой, В.Гоголь, В.Шекспир еңбектерін қазақша аударып, оқырманға таныстырды. Басқа тілдегі көркем шығарманы қазақ тіліне аударғанда жазушы оның мазмұнын, ондағы айтылған мәселелердің ұлтымыздың сана-сезіміне тигізер пайдасы мен танымдық ерекшеліктерін ескере отырып аударманың барынша көркем тілді болуына барынша назар аударды.
Бұл жөнінде үнемі баспасөз бетінде айтып, түрлі мақалалар жазды. М.Әуезовтің аударма өнерінің қыр-сыры туралы жазылған еңбектерінің ішінде А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романының қазақша аударылуы жайындағы, Абайдың Крыловтан, Лермонтовтан аударған еңбектері жайлы жазған мақалаларында айтқан ойлары маңызды. Мұнда жазушы аудармашы шеберлігі, оның көркем шығарманы басқа тілден аударғанда қазақша ұғымға негіздеп, оқырман ойына қонымды етіп жеткізудегі ерекшелігіне тоқталады. Сонымен бірге қаламгердің өз аудармалары да жеңіл-желпі жасалған, ізденіс іздері өшіп қалатындай еңбектер емес. Жазушының орыс классиктерімен ой жарыстыра, талант қоса отырып аударған еңбектері оқырманға күні бүгінге дейін жақын әрі көркем тілділігімен баурап отырады. Орыс тіліндегі шығарманың байлығы арқылы қаламгер қазақ тілінің байлығына тыныс бітіре жазады. Қазақ оқырманына арнап аударылған шығармадан басқа ұлттың ерекшелігі сезілсе де ондағы тіл әсемдігінің, тұрмыс халының, көркемдік әдістердің, ішкі иірімдердің берілуінде аудармашының өзіне тән белгілері көптеп танылады.
М.Әуезовтің өзіне тән жазушылық стилі, көзқарасы мен танымдық, ұлттық ерекшелігі оның төл туындыларында қаншалықты көрініс тапса, оның аудармаларында да осы анық белгілер түгелдей көрініс тапқан деуге болады. Жазушы орыс әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне аударып қана қойған жоқ, ол өз шығармаларын орыс тіліне аудару барысында оны орыс тілді оқырманға жеткізу жолында орыс тілді жазушы ретінде ойланып еңбек етуге мәжбүр болды. Өзінің алғашқы жазған әңгімелері мен «Еңлік-Кебек» пьесасынан бастап ол барлық пьесаларын түгелдей дерлік орыс тіліне жолма-жол аударып, жарыққа шығаруға мүмкіндік болмауы себепті қолжазба күйінде қалдырды. Әр жылдары жазылған «Бәйбіше-тоқал», «Алма бағында», «Ақ қайың» сияқты кейбір пьесалары болмаса, басқа драмалық шығармалары түгелдей дерлік орыс тілінде жазушының өз еңбегімен аударылып, машинкаға басылған күйінде жазушы музейінің қолжазба қоранда сақталып келді. Мұндай қыруар мол, көлемді еңбектің маңызы жайында бір мақаланың, не шағын еңбектің көлемінде тауысып айтып беру мүмкін емес. М.Әуезовтің орыс тілінде жазатын жазушы ретіндегі талант қабілетін толық танытатын аудармаларының барлық сыр-сипатын таыстыру үшін арнайы көлемді зерттеу еңбектер жазса да артықтығы жоқ.
М.Әуезовтің орыс жазушыларын қазақ тіліне аударған еңбектері бұрыннан таныс болып келсе, оның өз шығармаларын орыс тіліне аударып, орысша жазудағы шеберлігі әлі ғылым жүзінде дендеп, көлемді түрде сөз бола қоймаған тақырып. Әрине, М.Әуезовті орыс халқының өмірін терең зерттеп, олардың өмірінен шығарма жазған орыс жазушысы деп айта алмаймыз. Өйткені жазушы қазақ жерінде туып өмір сүрді, өз халқының тыныс-тіршілігін терең зерттеп, негізгі шығармаларын осы тақырыпқа арнап жазды. Ал оны орыс оқырманына арнап орыс тіліне аударуында өзіндік себеп бар еді. Жазушы сол дәуірде қазақ жеріне есімі кеңінен белгілі болды. Кеңестік кезеңде есімі бүкіл одақ көлеміне белгілі тамаша жазушылардың бірі еді. Алайда жазушыны шет елге, басқа халықтарға таныстырып, сол арқылы қазақ халқының тіршілігін миллиондаған оқырманға дұрыс жеткізу үшін орыс тіліне аударылған шығармасы дұрыс, сапалы тәржімалануы қажет болды.
М.Әуезов өз шығармаларын орыс тіліне аударған аудармашылардың бәріне дерлік көмектесіп, жолма-жол мазмұнын сипаттап беріп, таныстырып отырды. Осыдан келіп жазушының көптеген шығармаларының жолма-жол аудармасы қағазға түсті. Сол арқылы орыс аудармашылары оны орыс тіліне көркемдеп, әрқайсы өзінше жеткізуге күш салды. Өкінішке орай көптеген аудармашылардың жеткен көркемдік нәтижелері биік талғам иесі болған М.Әуезовті қанағаттандыра алмады. Кейде оның өзі де аудармаға бел шеше кірісіп, көркем шығарманың нәрі мен сөлін дұрыс жеткізуге барын сала еңбектенуі бұл мәселеге қаламгердің қаншалықты маңыз бере қарағандығын көрсетеді.
Жазушының өз шығармаларын орыс тіліне анық қай кезде аудара бастағанын дәл тауып айту қиын. Мәскеудің орталық әдеби архивінде сақталып келген әңгімелерінің орыс тіліне жолма-жол аудармасының машинкаға терілген нұсқаларының сақталуы бұндай ойды жазушының 1930 жылдардың ортасында-ақ жүзеге асыра бастағанын көрсетеді. Демек қаламгер өзінің орыс тілді оқырманға аты таныс бола бастаған кезден-ақ оған баратын аударманың көркемдік дәрежесіне көңіл бөліп, аударманың оқырман талғамына сай болып шығуына көңіл бөлуінен, бұл мәселеге біртіндеп маңыз беріп араласа бастаған деген қорытындыға келеміз.
М.Әуезовтің көркем әңгіме жанрында жиырмадан аса әңгіме жазып қалдырғаны белгілі. Солардың ішінде орыс тіліне аударылғандары бірнеше аты белгілі аудармашылардың авторлығымен жарық көріп келеді. Жазушының өз қолымен жасалған аудармалары оның елу томдық шығармалар жинағының 48-49-томдарында алғаш рет жарық көрді. Сонымен бірге осы басылымның соңғы томдарында жазушының ертеректе жазылған «Еңлік-Кебек», «Қарагөз» пьесалары мен «Қараш-Қараш» повесінің орыс тіліне жасаған аудармасы берілді. Бұл сөз жоқ көркем проза, драма жазудың шебері М.Әуезовтің жаңа аудармашылық қырымен қоса орыс тілінде жазған қазақ жазушысы ретіндегі келбетін танып білуімізге мүмкіндік береді.
Бұлай айтуымызға көптеген себептер бар. Соның бірі жазушының жолма-жол аударма барысында шабыттанған кезінде қолжазбадан ауытқып, кей тұстарында орыс тілінде көсіле, көркем тілмен жазып кетуі. Аударманың ерекше сапалы жасалуына жазушының орыс тіліне жетік, биік мәдениеті себеп болғандай. Тағы бір ерекшелік бұл аудармалардың орыс аудармашылары жасаған аудармалардан әлдеқайда көркем де терең, шеберлігі қалыптасқан әсем, ойлы тілмен жазылуы. Бұл жерде жазушының екі тілге де жетік, шебер екені көрінген. Көркем шығарманың сөздері мағыналы, ойлары анық та түсінікті. Оқырманды өзіне баурап тартып отыратындай көркемдік қуаты бар әдеби шығармаға тән ерекшелік екі тілде де сақталған деуге болады. Енді азды-көпті осы аудармалардың кейбірінің өзіндік ерекшеліктері мен жетістіктеріне, кейбір өзгешеліктеріне тоқталып өтейік.
«Текшенің бауырында» атты әңгіме орыс тіліне «У подножья Текше» деген атпен аударылған. Аударма бұрын еш жерде жарияланбаған күйі Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер архивінде ( ф. 613, оп. 1, ед. хран. 5434, л. 44.) сақталған. Әңгіме қазақ тілінде «Қыр әңгімелері» деген атпен 1923 жылы «Шолпан» журналының 6-7 сандарында жарияланғаны белгілі. Шығарманың аударылу мерзімі соңғы бетінде «1922» деп көрсетілуіне қарағанда қазақ тіліндегі нұсқасы жазылып бітісімен, бірден орыс тіліне аударылған деуге болады.
Аударманы қазақ тіліндегі нұсқамен салыстырып қарағанда қаламгердің оған көп өзгешеліктер енгізбей, түпнұсқадағы оқиға желісін сақтай отырып, айтайын деген негізгі ойларын көркем етіп жеткізе білгенін көруге болады. Әңгіменің бас жағында бірнеше адам қалаға салт атпен келе жатады. Олар бірнеше жолаушы – үлкені Сүлеймен, Қали, екі оқушы және атқосшы Бейсенбай. Күндіз бірталай жол жүріп, күн кешкіре бір шағын ауылда дем алып, түнгі салқынмен жолаушылар жолды өндірмек болып сапарға одан ары аттанады. Түнгі ұзақ жолды қысқартпақ болып осы кезде Сүлеймен өзінің жастық шақта басынан кешкен қызықты әңгімесін бастайды. Негізгі оқиға желісіне кіріспе сияқты болып тұрған осы бірер бет беташар суреттерді қаламгер аударған кезде, белгісіз себептермен қалдырап кеткен. Аударма бірден түнгі жол үстіндегі жолаушылардың табиғат аясында келе жатуынан басталады. «Кештен бергі отта тынығып, белі көтеріліп қалған аттар, түнгі жүріске өте көңілді сияқтанды» – деген жерден бастап, оқиға сюжеті әңгіме аяғына дейін көркемдік талапқа сай аударылып берілген.
Жоғарыда атап өткен сөйлемнен кейін түнгі өлке бойын суреттейтін шағын пейзаж берілмеген. Бұдан кейнгі сөйлемдер бұрынғы мазмұн бойынша өзгеріссіз сол қалпы жалғаса береді. Қысқарған пейзаж мазмұны төмендегідей:
«Бүгінгі түн жарық, айлы. Қалғып қана тыныс алған майда түн еді. Көңілгге әлдеқайда: тоғайлы, ұйқылы,маужыраған сайда күбірлеп сөйлеп, сүлдер құрып, үзіліп тұрған көздерді еске түсіргендей еді. Түн сондайлық өзгеше демалыстың, жанды сағаттың түні еді-ау! Шіркін, құрбының сондағы тілі тәтті еді-ау! – деген әлсіз арман ойға леп-леп ұрады.» – деп суреттеледі.
Көркем әңгімедегі табиғат суреттері, кейіпкер әрекетіндегі ішкі көңіл күй иірімдері, адамдардың карым-қатынасы мен сөз сөйлеу мәнері, көшпелі тұрмысқа тән ұлттық салт-дәстүр ерекшеліктері орыс тіліне өз бояуын жоғалтпай барынша шынайы күйінде жеткізілген. Аударма соңында орыс тілді оқырманның ұлттық таным ерекшеліктері ескеріліп Текше, насыбай, бәйгеторы, қапта-қапта, бас көзді, шоқпар, кәпір, екінді, ақшам, тымақ, айбалта, нөкер деген сияқты сөздерге қысқаша түсіндірме берілген.
Сондай-ақ жазушының «Барымта» әңгімесі «Кровавая ночь» деген атпен, ал «Сөніп-жану» деген әңгімесі «Жәмила» деген атпен тәржімеленеді. Бұл әңгімелердің сюжеттік желісі мен оқиғаларында айтарлықтай өзгерістер кездеспейді. «Сөніп-жанудағы» жас қыз Жәміштің аты Жамила болып өзгертілген. Ал оқиға желісі мен мазмұн жүйесі бұрынғы түпнұсқадағы желісімен өрбіп отырады.
М.Әуезовтің әйгілі «Қараш-қараш» повесінің орыс тіліне жолма-жол аудармасы Ресей мемлекеттік әдебиет және өнер мұрағатының қолжазба қорында сақталған. Аударма 112-беттік көлемде машинкаға теріліп, осы күйінде жазушы оны үстінен оқып, кейбір тұстарын түзете отырып, жеңіл-желпі өзгертулер енгізген. М.Әуезовтің ертеректе жазған кейбір пьесалары мен мақалаларын орыс тіліне өз қолымен жолма-жол аударғандығы белгілі, олардың кейбір қолжазбалары жазушы мұражайында сақталған.
Кейінгі кезде архив қорынан табылып, баспаға ұсынылған бірнеше көркем әңгімелері мен «Қараш-Қараш» сияқты көлемді повесінің 1927-жылы жасалған аудармалары қаламгердің тәржіма өнеріндегі екі тілде бірдей меңгерген шеберлігін ерте кезде-ақ танытқандығын көрсетеді. Алғашқы шығармалары жарық көрген кезден бастап-ақ оның орыс тілді оқырманға жетуіне көңіл бөле отырып, осы жолда қаламгер ізденіп еңбек еткен. М. Әуезовтің әңгімелері мен повестері орыс тілді оқырманға аударма кітаптары арқылы белгілі. Оларды аударуға көптеген орыс және қазақ қаламгерлері қатысқан. Орыс тілінде бұл басылымдар түрлі баспалардан бірнеше мәрте кітап болып жарық көрді. Соның ішінде «Қараш-қараш» повесін М. Әуезовпен достық қарым-қатынаста болып, оның бірқатар шығармаларын орыс тіліне аударған А. Пантиелев тәржімалаған. Повесті аудару барысында оған шығарманың 1960-жылы өңделіп қайта басылған қазақша нұсқаны негізге алған. Мұнда повесть кейіпкері Бақтығұл ұры емес, ағасының кегін қуып, адал еңбектің өтемін ала алу мақсатымен Сәлмен байдың жылқысынан ту биені ұрлап әкеп сояды, сол үшін қуғын көріп Жараспайды паналайды.
Қазақ тілінде жарияланған екі нұсқа арасындағы айырмашылық пен өзгерістер көзі қарақты оқырманға белгілі. Сол себепті ол жағына тоқталмай-ақ орысша аудармада осы өзгерістердің қаншалық негіз болғанын сөз ету үшін бұл ерекшеліктер кей сәттерде ескеріліп, ол жайында шет жағалап айтып өтеміз. Повестің алғашқы нұсқасы Бақтығұлдың қараңғы түнде жылқы алып, содан ауылына келгенде ұсталуынан басталса, екінші нұсқа бас кейіпкердің ағасы Тектіғұлдан айырылып, кегін қууға бел байлаған кезінен басталады. Бақтығұл бұл жерде адал еңбектің өтеуін іздеп, сол үшін зардап шеккен адам болып көрінеді. Бұл шығарманың әлеуметтік салмағын, кейіпкердің адал дұрыс ниетін көрсететін бағыт болып, осы көзқарас шығарманың негізгі өзегіне айналады.
Екінші нұсқада өзінің алғашқы қателігінен кейін дұрыс жолға түсіп түзелуді ойлаған Бақтығұл Жараспайдың жұмсауымен кейін Сәлменнің жылқысын алғанда да шектен аспай, айтылған амалдарды істеумен ғана тынады. Бұл оның адал жолда болсам деген ниетінен кейінге дейін айнымаған адам болып көрінуіне дәлел. Алғашқы нұсқада ұры Бақтығұл Жараспайдың ығын паналап бір барымта алғаннан кейін, ежелгі ұрының қызулығына салынып өздігінен тоқтай алмай ұрлық істеп үйренген әдетімен мәселені ушықтырып алғаны мол суреттеледі.
Енді бөгде адамның жұмсауынсыз-ақ кейде өзі жорыққа аттанып, ұрлық істеп жүрген кейіпкер оны ешкім білмейді деген оймен, басқа адамдардың ұрлығына жауап беруге тура келетін тығырыққа тіреледі. Бұл жердегі Жараспайдың айласын суреткер оның ішкі ойлары мен енді тоқтайтын кез келгенін Бақтығұлға айтпай үнсіз жүріп алатын әрекеті арқылы білдірген. Бірінші нұсқадағы осы тұстарды аударғанда қаламгер Жараспайды айлакер, әккі, қол астындағы адамға жаны ашымайтын, жеке басының мүддесін көздеп, маңына шаң жуытпайтын тоңмойын етіп сипаттайды. Бақтығұлдың жеке басын күйттеп, ұрлыққа салынып, қара басының қамын көздеген әрекеттерін де көбірек көрсетеді.
Кейіпкерлердің аты да біршама өзгерістерге түсіп, Қатша – Қара қатын, Құрал – Сейіт, Жұматай – Смағұл, емшектен әлі шықпаған қара қыз Бәтима – аты аталмай, «грудной ребенок» деп беріледі. Басқа негізгі кейіпкерлердің аты-жөні өзгермеген. Повестегі Жараспай ауылының тыныс-тіршілігі, сол жерде жүргендегі Бақтығұлдың бастан кешкен сезімдері шынайы көрініс тапқан. Іргелес отырған бай ауылдардың жайшылықтағы қарым-қатынасы мен сайлауға қатысқандағы талас-тартыстары шындық өмірге жақын күйінде, мейлінше көркем бейнеленген.
Жазушы қоғамдағы қилы өмір тартыстарын әр таптан шыққан кейіпкердің тіршілік тынысы арқылы ашқан. Бақтығұлдың әйелі – қара қатын алғашқы нұсқада оның барлық жұмыстарында күйеуінің әрекетін үнсіз қостап, оған қол ұшын беріп жүретін пысық әйел. Оған күйеуі әкелген олжаның ақ-қарасы, адал-арам екені бәрібір тәрізді. Тұрмыс қамымен бұл жайында бас қатыруға дағды алмаған әйелдің әрекет-қимылын суреткер бірінші нұсқада дәл етіп, «арсыз күлкімен жымиды» деп суреттейді.
«Қараш-Қараш» повесінің орыс тіліне жасалған жолма-жол аудармасы шығарманың ертеректе 1927 жылы басылған нұсқасы бойынша жүргізілген. Повесть сюжетінің аудармаға алынған желісі, оқиға өрбуі, кейіпкердің жоқтық, тұрмыс таршылығынан суық жолға түсіп ұрлық істеуі, соңынан өзінен әлдеқайда әлді адамның қолынан жәбір көруі, таяныш етерлік тірек іздеп Жараспайға келіп орнығуы осы нұсқамен сәйкес келеді. Демек аударманың 1927 жылдары жасалғаны жөнінде осы алғашқы нұсқаны негізге алуына қарап болжауға болады.
Повестің бастабында негізгі кейіпкер Бақтығұл тау ішінде, елден жырақ отырған жалғыз үйлі ауыл. Ол анда-санда ұрлық істейтін дағдысымен тағы да кезекті жортуылға аттанады. Шығармаға негіз болған оқиға өткен жерлермен танысып, ол жайындағы архив деректерін жинастыра келе қаламгер көркем дүниеге арқау болған өмір шындығын молынан танып игереді. Бірақ повестің алғашқы басылымы шыққаннан кейін айтылған кейбір сын пікірлерге қарай, кеңестік кездегі әдеби шығарма мен кейіпкердің саяси-идеялық бет-бейнесі уақыт қойған талапқа сай өзгертіліп, ондағы адамдар әрекеті 1960 жылғы екінші нұсқада біршама өзгерістерге түседі. Жоғарыда айтылып өткен мәселелермен бірге шығарманың өн-бойында кездесетін әдеби өңдеулер мен қысқартулар нәтижесінде, сол кездің қажеттігінен туған көзқарас ерекшеліктері повестің екінші нұсқасында кейіпкер тұлғасының бастапқыдан басқашалау болып сомдалып шығуына себеп болады.
Алғашқы нұсқада ұрлықпен айналысып жүрген Бақтығұл жылқы ұрлағаны үшін бай ауылдың жігіттерінен соққы көріп, енді бұл кәсіпті тастап, адал жолмен жүрсем деген оймен болыс ауылына келеді. Болыс оны біраз уақыт өзіне сенімді адам ретінде көмекші қылып ұстайды. Оның өзіне деген сенімін пайдаланып, біраздан соң Бақтығұлды сайлау кезінде өз қарсыласын әлсірету мақсатымен барымтаға жұмсайды. Бас кезінде бұған құлқы болмаса да Бақтығұл айнала қолпаштап, шүйлеп салу әдісін қолданған ауыл қуларының айдап салуымен екі болыс елдің арасындағы көп шығынға себеп болған барымтаға аттанады. Оның соңы бұрынғы өзінің үйренген кәсібіне кірісіп кетуімен аяқталады. Бұл нұсқадағы Бақтығұлдың бейнесі, оның іс-әрекеті екінші нұсқаға қарағанда өмір шындығына жақындау, әрі аға кегін қуып атқа қонған бас кейіпкердің өршіл мінезінен гөрі айлалы, қарапайым ұрының әрекеттеріне жақын суреттеледі.
Жазушы аудармада орыс тілді оқырманның ерекшелігін ескеріп, түсінуге қиын тиетін кейбір сөздерге анықтама беріп өтеді. Мысалы жайлау, қазы, жал, жая, телше, соғым, құрық, қызыңды, жануар, кебеже, кесе, би, ораза, бәйбіше, ақсақал, құман, келіншек, болыс, жұт, барымта, айт, желмая, әзірейіл, атқамінер, елік, қуырдақ, азамат, аруақ, қыран, қарақат, бәйге, тоқал, қап, жын, туырлық, арқар, жан, қалқатайым, ала қағаз сияқты сөздерге түсіндірмелер берілген.
Повестің екі нұсқасында да сол кездегі қоғамдық өмір бейнесі, өткен ғасыр басындағы қазақ ауылының әлеуметтік тіршілігіндегі өзекті мәселелер, ондағы парақорлық, отарлық жүйенің таптаурын әдістерімен ел басқару ісінде ескіше күн өткізіп жатқан билік адамдарының қимыл-әрекеті нанымды беріледі. Осы алғашқы нұсқадағы көркемдік шешімді сақтап, оны орыс тіліне аудару үстінде жазушы шығарманың өзіне тән бояуы мен ерекшелігін сақтай білген.
М. Әуезовтің төрт актілі, тоғыз суретті «Алуа» пьесасының орыс тіліне жолма-жол аудармасы қазақша нұсқадағы мазмұнына сәйкес, көп өзгеріс енгізілмей, алғашқы жазылған негізі толық сақтала отырып жүргізілген. Аудармада пьесаның сюжеттік желісіне жаңалық боларлықтай өзгешеліктер кездеспейді. Шығармадағы кейіпкерлердің аты-жөні, өзіндік тұлғасы мен іс-әрекеті айтарлықтай өзгеріске түспеген. Пьесаның оқиға желісі қазақша нұсқадағы әрбір акті мен суреттердегі қалпында сюжет желісі бойынша алынады.
«Алуа» пьесасы кеңестік тақырыптағы әдебиетте өзіндік орын алатын оқиғасы кесек, еліміздің сол кезеңдегі тарихын кеңірек алып, күрделі оқиғалар үстінде баяндайтын туынды. Онда қазақ қызының өмір жолы, өсу баспалдақтары, қоғамдық қызметі кеңінен сол уақыттың оқиғаларымен қабаттас суреттеледі. Бір кездері Доғал байдың есігінде күң болып жүрген Алуа кеңестік жаңа дәуірде теңдік алып, оқуға, ел қатарлы қоғамға қызмет етуге мүмкіндік алады.
Бұның бәрі бір мезгілде орнай қалмайды, әкесінен айырылған жетім қыз бой жеткенше Доғал байдың есігінде күң боп жүреді. Сол өңірге аты белгілі байлардың қолпаштауымен Доғал тоқал қылып зорлап алғалы жатқан жерінен туысы Сексек екеуі кеңестік мекемеге теңдік іздеп қашып келеді. Осы кезден бастап Алуаның жаңа өмірі басталады. Өзінің қатарымен бірге білім алып, жоғары оқу орнын бітіріп, туған ауылына оралған жас қыз өзі өскен Ақтал жеріндегі бұрынғы бес-алты адамның иелігінде болған жерлерде колхоз-совхоздар орнатуға қатысады. Жаңа шаруашылық ұйымдастыру ісіне белсене араласады. Отан соғысы басталған кезде аудандық партия ұйымына жетекшілік етіп, аудандағы әйелдерден құрылған еңбек бригадаларының бүкіл одақ көлемінде үндеу қабылдап екпінді болуына дем береді.
Пьеса жас қыздың жамау киім киіп, Доғал байдың жалшысы кейпінде шаршап жүрген кезін көрсетуден басталады. Бірақ автор оны орыс тіліне аударғанда осы алғашқы Алуаның қиналу үстінде айтқан сөздерін алмаған. Бірінші сурет оның орнына мәз-майрам болып масайрап отырған байлардың даурыққан әңгімесін көрсетуден басталады. Бірінші акт, бірінші суреттегі аударылмай кеткен Алуаның сөздері мынадай:
«Шымылдық алдында, ауыр маслобойканы қиналып көтерген, сүрініп-қабынған Алуа келеді.
А л у а. Қандай ауыр, зілдей еді қуарғаны! (Маслобойканы жерге қояды.) Діңкем құрыды-ау! Құлқын сәріден күн ұзын... сонау түн ортасына дейін тыным жоқ! Толас жоқ! Бейнет те бейнет! Сондағы киінгенім мынау шоқпыт, ішкенім шалап, шәйінді... Әкем сорлы өлерінде: сені тым құрса адам қолында да қалдырмадым. Қасқырдың... қорқау қасқырдың інінің аузында қалдырдым-ау! – деп еді. Қандай қатал өздері... Қандай шошимын... қорқам өзінен... Құтылармын ба осының азабы мен мазағынан! (Шелегін алып жөнеле береді.)»
Орысшаға аударғанда жазушы сәл өзгерістер жасап, пьесаның басталар сәтінде Доғал байдың өз достарымен сөйлесіп отырған эпизодын толық береді. Сатай сол сәтте Байыр екеуіне үш күннің ішінде тоқал аламын деп жариялайды. Оның сол мезетте Алуаны көріп қалып, қызығушылығы оянады. Доғал жетім қызды кішкене күнінен бастап өзі өсіргенін, оны ешкімге бермей өзі алуға шешім қабылдағанын айтады. Қазақша нұсқада Доғал ойлана келіп бұл әңгімені өзі бастайды, бірақ оның ойы басқада ма, Алуада ма әлі белгісіз. Алуа жөніндегі әңгіме Сатайдың қызығушылығынан келіп шығады.
Осы бірінші акт, бірінші суреттің соңындағы бірнеше адамның сөздері, диалогтері аударылмаған. Ондағы айтылар ойды қаламгер басқадай сөздермен мағынасын беру арқылы білдіріп кетеді. Мысалы:
«Екінші сурет басталарда, шымылдық алдында әбігер мен сабылғандар.
Ж ә к е ш. Ауыл маңында жоқ... Қашқан!
Д о ғ а л. Қашты! Қайда қашты?!
С а р т а й. Сотқа седуәтілге қашқан!
Б а й ы р. Ойбай рас, сотқа қашты!
Ж а л т ы р. Сексек те жоқ, бірге қашыпты!» – деген сөздер аудармада кездеспейді.
Орысша аудармада Сексек пен Алуаны қызыл отаудан күшпен тартып әкетпек болған байлардың қимылын Нина мылтық атып тоқтатады. Ал қазақшасында бұл оқиға айқай-шу, тартыспен барып өздігінен басылады. Қазақша нұсқада төртінші акт сегізінші суреттен басталса, аудармада жетінші суреттен басталады. Пьесаның алғашқы оқиғаларындағы тартысқа себеп болушы Доғал кейін колхоз шаруасына бөгет келтіруші, жер аударған өңірден қашқын болып өмір сахнасынан кетіп бара жатқан адам ретінде көрсетілген. Ал оның туған інісі Мардан белгілі ғалым болып, Алуаның ғылыми еңбегіне жетекшілік етеді.
Жазушы Алуаны партия қызметкері, қоғамға еңбек сіңірген қайраткер етіп берумен бірге қоғам тарихын зерттеуші ғалым қылып бейнелейді. Пьесада Алуа көбінесе қиындық үстінде, оқу, жұмыс, қызмет, шаруа адамдары, панасыз жетім балалар арасында көрсетіледі. Бұл эпизодтар шығарманың таптық, әлеуметтік сипатын көтере түскен. Алуа өз қызметінде қазақ қыздарының теңдік алуына, оқуына, қызметке араласып тұрмыс жағдайын жақсартуға көмектесетін бастамалар көтереді.
Оның бейнесі арқылы барлық қызметінде қоғамшыл, көпшілік мүддесін қолдаушы, социалистік қоғамның жаңа адамына тән сипаттар мен қазақ қызына тән бірқатар мінез-құлықтар жинақтап берілген. Кеңестік қоғамдағы әйел тақырыбын жан-жақты қозғай отырып, қаламгер қай кезде де өмірге жылу мен жарық әкелуші, болмысы жарқын қазақ әйелінің тұрмыс қиындығын мойымай жеңе білетін төзімді қайраткерлігін Алуа бейнесі арқылы танытқан.
Жазушы пьесаға И.Сталиннің «Такой женщины не было и не могло быть в старое время» деген сөздерін эпиграф етіп алған. Пьесаны орыс тіліне аударып, оның киноға арналған сценарий етіп жазды. Бұл сценарийді орыс тіліне жолма-жол аудара отырып, қаламгер осы шығарманың ойдағыдай болып шығуына көп көңіл бөлді. Өткен ғасырда елуінші жылдар ортасында болған жылымық кезеңде социализм дәуірінде қазақ әйелінің қоғамдағы жетістіктерін бейнелейтін пьеса сол кездегі көркем шығармалар арасында сөз жоқ жетістігі мол туынды еді. Сол кезеңнің социалистік реализм әдісімен жазылған туындылары тәрізді көптеген мәселелерге таптық, әлеуметтік, партиялық тұрғыдан келетін көзқарастарға қарамастан қоғамдағы қазақ әйелінің бейнесі пьесада жарқын етіп көрсетілген.
М. Әуезовтің «Алуа» пьесасының орыс тіліне жолма-жол аудармасы 1953 жылы жасалған. Аударма бұрын еш жерде жарияланбаған. Оның машинкаға басылған нұсқасы Ресейдің мемлекеттік әдебиет және өнер архивінде сақталған. (Ф № 656, опись №5, ед. хран. №452, л.78.)
М. Әуезовтің «Ақын-азамат» деген атпен 1952-54 жылдары ақын Абай Құнанбаевтың қоғамдық қызметі мен халық өмірін терең бейнелейтін шығармашылық жолы туралы жаңадан кино түсіруге арнап жазған сценарийі бұрын еш жерде жарияланбаған. Оның машинкаға басылған нұсқасы орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған. (қор. 1708, тіз. 1, іс. 995, пар. 1.) Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасын жұртшылыққа сахнадан, кино экраннан көрсетуге арналған еңбектер ішінде қаламгердің пьеса, либретто, әдеби сценарий түрінде жазылған шығармалары белгілі. Соның ішінде 1946 жылы көрерменге жол тартқан «Абай әні» фильмі ақын бейнесінің қыр-сырын халыққа жақынырақ таныта түсті. Онда 19-ғасырдағы көшпенді халық тұрмысының салт-санасы анық көрсетіліп, уақыт қиындығына қарамастан ескілік күйіне жаңа заман көзқарасымен әсер еткен Абай ойларының таралуына жанталаса қарсы шыққан дүлей күш иелерінің бейнесі көркем образдар арқылы терең бейнеленді. Қаламгер осы алғашқы фильмге сценарий жазу барысында оны бірнеше рет өзгертіп, толықтырып, қайта жазып шыққаны мәлім. Соның нәтижесінде осы киноны түсіруге арналған бірнеше көркем шығарма дүниеге келді. Оның ішінде әдеби сценарийдің нұсқалары орыс тіліне де аударылған.
Абай туралы алғашқы кино түсірілген соң біраз жыл өткенде, қаламгер ойында тағы да осы тақырыпты қайтадан, жаңа қырынан қолға алу туралы мақсат оянады. Көп ұзамай кино саласы мамандарына айта жүріп, жаңа кино түсіру туралы ойларын жүзеге асыру мақсатымен оны мемлекеттік жоспарға енгізеді. Тиісті орындарға арнап жазған өтінішіне қоса алдағы түсірілетін «Абай» фильміне арнап аннотация жазып тапсырады. ( Орталық мұрағат. Қор. 1678, оп. 2, д. 52, св. 6, 3-26-бб.) Онда Абайдың өмірі мен шығармашылығының мән-мағынасын айта келіп, 1946 жылғы түсірілген киноның кейбір кемшіліктерін атап өткен.
«Выпущенный в 1946 году Алма-Атинской киностудией фильм «Песня Абая» страдает существенными недостатками. В фильме слабо отражены острые классовые конфликты в казахском ауле того времени, также слабо показана глубокая связь Абая с народом и передовыми русскими людьми, последователями Чернышевского. А также фильм страдает существенными художественными недостатками.» – деп айта келіп алдағы түсірілетін кинода назар аударылатын негізгі тақырыптарды көрсетіп, оның жалпы мазмұнын баяндап берген.
Осы аннотацияда айтылғандай жаңа сценарийде Абай өмірі кеңірек алынып, оның Әйгерімге үйленген шағы, ақын ауылына Біржан салдың келіп қонақ болуы, әкесі Құнанбаймен арадағы көзқарас алшақтығы, оның Меккеге қажылық сапарға аттануы, Семей қаласындағы жатақтар тұрмысы мен жұқпалы індет тараған мезгілдегі Абайдың халық арасында жүргізген жұмыстары, ақындық қызметіндегі азаматтық, әлеуметтік сарынның молая түсіп, өнерлі жастарға ұстаздық көзқарас білдіруі сияқты оқиғалар жоспарланып, суреттеліп көрсетілуге тиіс болатын.
Осы аннотацияда айтылып, алға қойылған игі мақсаттардың бәрі жаңа сценарийдің мазмұнына сыя бермеген тәрізді. Қаламгер ерекше тоқталып атап кеткен Салиха-Сәмен дауы, Семей қаласындағы Сарымолланың қайтыс болу оқиғасы, А.Пушкиннің Татьянаның хатын аударып, ән шығаруы сияқты эпизодтар аннотацияда айтылып, жоспарға алынғанымен сценарийге енбеген. Сол сияқты Біржан, Құнанбай, Әйгерімге қатысты оқиғалар да шығарма желісінен орын алмаған. Сценарий көлемінің шағын болу себепті жазушы Абайдың Қарамолада оязбен кездесуі мен Дәркембай бастаған жатақ ауылының тірлігін, Байкөкше бастаған ақындардың өнерін көрсету арқылы көркем әдебиеттің халықтық дәстүрде жаңаша даму барысын ел өмірімен сабақтастыра суреттеп берген.
Көлемі алты бөлімнен тұратын сценарий жатақ ауылындағы кедей тұрмысты бейнелеуден бастап, бірте-бірте олардың жоғын жоқтап, сөзін сөйлеген Абайдың халық өміріне араласуын, дала шонжарларының халыққа қарсы жасап отырған қылмысты істерін әшкерелеу әрекеттері барысында түрлі қиындықтарға тап болып жеңіп шығу жолындағы күресін баяндайды. Шығарма соңында Абай шәкірт ақындар арасында көрсетіледі, Дәрменнің халық арманын, кедей тұрмысын сөз еткен өлеңдерінен орыс ақыны Некрасов үнін, жаңалық үнін естігендей шабыттанып отырған күйімен сценарий аяқталады. Бұл сценарийді жазушы тыңнан жазбай «Абай жолы» романының желісі бойынша алып, оның бірнеше тарауындағы кейбір жерлерін қысқарта отырып кино туындыға айналдырды.
Жазушы өзі анық жоспарлап, аннотацияда айтып берген, алға қойған мақсаттарын орындау жолында барынша тыңғылықты еңбек еткен. Сценарий соңында Абай өмірінің қиын кезеңін, қайғылы күйін көрсетпек болған тілегін аннотацияның мына жолдарынан көруге болады:
«Но дни личной жизни Абая становятся все мрачнее. Тупая злоба сильных, богатых сородичей отравила существование ему и его близким людям. Умирает любимый сын-поэт Магавья, надломлен и сам Абай. Подбиты жизнью его крылья. Он умирает. Однако умирает чувствуя наступающую зарю новой истории. Последним своим вздохом он создает бессмертную песню обращения к людям будущего, к тем иным людям, которые будут жить в иную эпоху и которых души будут окрылены светлыми порывами, а мысли будут озарены повышенными думами.
Умирает великий человек, устремленный всеми делами, мечтаниями в будущее.
Унаследовал его песню сын народа поэт Дармен.» –деп осы шабытты сөздермен аяқтайды. Сценарийдің ең соңғы эпизодында келешекке арналған Абай әнін оның сүйікті жары Әйгерім орындайды. Жазушы жоспары бойынша шығарма осылай аяқталу керек болатын. Алайда шығармашылық ізденіс барысында бұл ойлар өзгертіліп, сценарий Дәрменнің халық өміріне арналған күрескерлік өлеңдерімен ұстазы Абайды разы етіп отырумен аяқталады.
Сценарийдің жазылу мерзімі 1954 жыл деп берілген, осы шығарма бойынша кино түсіру жоспарланып, алайда бұл ойлар түрлі себептермен жүзеге асырылмаған.
Қазақ халқының классик ақыны Абай Құнанбаевтың қоғамдық, ағартушылық қызметі жайында жазылған «Ақын азамат» сценарийінің орыс тіліне жолма-жол аудармасы «Поэт-гражданин» деп аталады. Сценарий бұрын еш жерде жарияланбаған. Оның машинкаға басылған нұсқасы орталық мемлекеттік мұрағатта сақталған. ( Қор. 1708, тіз.1, іс.81.) Аударма негізіне қазақ тілінде жазылған сценарийдің мазмұн желісі алынып, сценарийге арқау болған оқиғалар сюжеті тәржімә кезінде айтарлықтай өзгеріске түспеген. Кино түсіруге арналып жазылған шығармада қаламгер Абайдың ақындық қызметінің қоғамдық мәнін, ел өмірімен байланысын кеңірек көрсетуді мақсат еткен. Сол себепті сценарийдегі оқиғалар кедей, жатақ ауылында, ояздың жиыны өтетін Қарамола жәрмеңкесінде, өнер қуып ақындықты мұрат еткен жастар арасында өтеді. Сөйтсе да орыс тіліндегі аударма өзінің көлемі жағынан қазақша нұсқаға қарағанда біршама ықшамдалып, қысқара түскені байқалады. Бірақ ол қысқартулар көзге көрінерліктей болып, оқиға желісіне айтарлықтай әсер ете қоймаған. Аударма көлемі қазақша нұсқадағы тәрізді алты бөлімге бөлініп берілген. Сценарий аудармасын қазақша нұсқамен салыстыра келгенде бірінші, екінші бөлімдер көлемі жағынан орайлас болып келеді. Тек екінші бөлімде әр жерден сөйлемдер қысқарту нәтижесінде бір-екі бет қана қысқарғаны көрінеді. Көзге көрінетіндей өзгеріс үшінші бөлімнің соңындағы бір беттен аса қысқаруда ғана байқалады. Мысалы:
«Дәрмен, Мағаштар таң-тамаша, қайран боп тұр.
Олар енді: «Әттең есіл сабаз», «Айтқаның келсін, дуалы ауыз!», «Асылым, дегенің болсын!» – деседі. Сүйсінген сөздерін бітіре алмай жатты.
Абай мен Ербол үндеместен Байкөкшенің соңына ерді. Кеш тақау, қоналқалық жерге әлі де жүре түсіп, жету керек. Байкөкше енді арттағыларды қатарына ілестірмей, алға өзі түскен бойында, күдері бел күреңін ұзын қамшысымен қатты соғып қалып, бұлаңқұйрыққа салды. Борт-борт желіп жөнелді.
Арттағыларының бәрі де созыла шұбатылып, еріксіз қатты желіске түсті. Байкөкше алда жалғыз келе жатып, енді ғана езу тартты.
Бұны өз үйінде қонақ қып отырып, Дәркембай барлық жайға қандырған болатын. Сонда Абайдың Қарамолаға шақыртумен бара жатқанын айтқан.
–Қырда – қаракөңіл қазақ жуаны боп, қалада – парашыл төре, ұлық, жуаны болып, бәрі қосылып Абайды қамағалы тұр! Сен осы жолы қасына ер. Есебін тауып Абайға қанат бітір, қайрат бер! Дәл осы күні өзгенің сөзі емес, дәл екеуміз дем беруіміз керек. Жалғыз Абайды сүйейтін кезіміз жетіп тұр! –деген. Байкөкше бұл сырын әлі бірде-бір жолдас, жолаушыға ашқан жоқ-ты. Күрең аттың екі жағында қампыйған қоржын бар. Ондағы күтіп, сақтап келе жатқаны Абайды ақтаған қалың елдің арызы, приговоры, актылары.» – деп келетін жерлер орысша аудара келгенде мағынасы басқа сөйлемдердің құрамына сіңісіп кету себепті аударылмаған күйі қалып қойған.
Орысша аудармада Абайды сөзбен сынамақ болған байшыкеш ақынның сөзі бірер сөйлеммен берілсе, қазақша нұсқада бұл жарты бетке жуақ көлемде суреттеледі. Сценарийдің төртінші бөлімі бес-алты беттей қысқарған, бірақ ол өзгерістің ара жігін ажырату қиын. Өйткені аударма мағнасы түпнұсқадан онша алшақ кетпейтін жолма-жол аудармадан гөрі еркін аудармаға көбірек ұқсайды. Сол себепті кейбір оқиға, диалог, эпизодтардың орны ауысып, олар өзгеріп, басқа мағнамен келіп отырады. Мұндай шығарма көлемін оның мағнасындағы негізгі ойларды жоғалтпай ықшамдаулар алтыншы бөлімде де байқалады. Қаламгер аударма барысында мәтүшке, арқар, жаман, жалқау, айрылмас, шербашнай, тақсыр, сияқты бірқатар сөздерге түсіндермелер беріп өткен.
М.Әуезовтің баспасөз жүзінде түрлі тақырыптағы басылым беттерінде жарық көрген көптеген мақалалары, ғылыми еңбектерінің орыс тіліне аудармасы көлемі жағынан бір сала еңбек деуге болады. Бұл еңбектер де М.Әуезовтің жазушылық стилін, ғылыми ойлау қабылетінің ерекшеліктерін, өмірдің түрлі саласындағы жаңалықтарға үн қоса білетін публицистік, журналистік қарым-қабылетінің болмысын танытады. Жазушы өзі білген, ескерген жайларын орыс тілінде, көркемдеп, ғылыми тілмен де жеткізіп беру шеберлігін туған тілін қазақ тілімен бірдей қолдана білуі оның талнтына жаңа, тың мүмкіндіктер бергенін көреміз. Кемеңгер жазушының көпке үлгі болар шығармашылық қырларының бірі оның орыс тіліндегі еңбектері оқырман үшін де айта жүрерлік мол қазына.
Поделиться: