Алтын қол

28.03.2019 5546

 

 

Қара күзде басшылармен келіспей қалған төрт-бес жұмысшы ойда жоқта демалысқа шықты. Ішінде Әшірбек те бар. Өмірі үйкүшік болмай қара жұмысқа үйренген адам айналасы екі-үш күнде үй түгілі ауылға сыймады. – Ақыры қолың бос қой, мына бір шаруамды істеп бер, – деп қайта-қайта келген соң, кеше Ақпар шалдың күздік соғымын сойып, көп шаруасын реттеп берген. Жұрт бір соғымға жарымай, соның өзін әрең тауып, не қыстан ұсақ малдың етімен тыртысып, көктемге зорға жетіп жүрсе, Ақпар жылына екі соғым сояды. Өздері кемпір-шал. Балалары, немерелері көп, соларға кетеді бар жиғаны.
 

 

Қарашада сойған тайынша еті қаңтарға жетеді. Одан ары тағы бір соғым қорасында даяр тұрады. Ақпар шаруаға қырсыз адам. Жас күнінде есепші, қырман, ферма бастығы болды. Қазір қыры кеткен, мыржық шал. Балалары жас күніндегі өзі сияқты шетінен бастық, табыс десе кез-келген тесікке кіріп кетеді. Жұмыстың небір майлы, табысты жерінде жүреді. Ақпардың ендігі өмірі үндемей-ақ соларды емеурін, еппен басқарумен өтіп келеді. Бұған үйірілетіндер келіп-кетіп үйден жұмысын бітіріп кететіндер. Қысықкөз шал қарны теңкиіп тек жатпайды. Қуырдақ қуыртады, ет асқызады. Арақ та, қымыз да ішеді. Онысымен Әшірбекті де сыйлап бақты.  «Жұмысыңды қоя тұр» деп ешкім болмай қалса, қасына отырғызып қояды. Қолдары көстеңдеген ұзынша арық кемпір:       

 

 – Әшірбек сен тезірек шаруаңа кіріспесең, ол Ақпар отыра береді, – деп қузап қояды. Расында Ақпар саспайтын адам. Соғымды Әшірбек екі күн, екі түн сойса да бәрібір. Ақпар арақты стақанға толтыра құйса кемпірі шыр-шыр етіп:                                            
 

 

– Қой, ойбай көп мынауың, қолын кесіп алады. Балта ұстайтын адам шауып алады бір жерін, – деп безек болады.      
 Сол үйден кешке ырза кейіппен ыңылдап өлеңін айтып Әшекең кеш қайтып еді.  

 

 

 

*     *     *

 

 

 

Күз бітуге таяды. Жерде әлі қар жоқ. Екі-үш күн бұрын қалың жаңбыр түнімен жауып, артынан суық жүріп, мыйы шығып езілген жер қатып қалған. Өңменіңнен өткендей суық жел қазір де ұшқандап қар білінеді. Бірақ жаумайды. Аспан түнеріп, қалың бұлт түйіліп келіп, жел қаттырақ соқса ауып жөнеледі. Әшірбек қорадағы бес-он ұсағын айдап кезекке қосты. Малдың кезегі кімдікі екенін білмей, таяқ ұстағандар ауыл шетінде:                                                    

 

 – Кеше кім бағып еді?                                                        

 

 – Алдың күні біздікі болған, – деп дауласып тұр екен.             
 

 

– Күн суық екен, кім де болса бүгін ересек адам баққаны дұрыс, – деп ескі тымағының оң құлағы көтеріп алған саптамалы шал таяғын шошаңдатып жан-жақтан шұбырып келіп иіріліп тұрған малды өріске айдай бастады. 

                                                
 

– Әшеке Ақпардың соғымын жықтың ба? – деп құрық сүйреткен біреу ат үстінен бұған айқайлап барады. Башай деген сиыршы. Езуінде күлкі. Аздап сайқымазақтығы бар. Табылса аузы-басы сүйреңдеп ішіп алады. Келеке қылып, қағытып ойнайтын біреу табылса соны айналдырады. Өзінің тілі де ащы. Балалары ер жеткенде қатыны өліп қалып, ауылдың қулары үгіттеп қояр да қоймай жас қатын алғызған. Онысы салақ, жүргіш біреу болып ақыры соттасып жүріп зорға құтылып еді.                                                              

 

– Өзіме де обал жоқ, әкеңнің аузы, – деп күледі ыржиып. Оның да кейде соғым сойып, пеш қалап, құрылыс салып кететіні бар. Әшекеңе сол жағы жақын еді.                   
              

 

 

 

*     *     *

              
 

 

 

Әшекеңді бүгінгі шақырған Тілеудің үйі. Өзі бес-алты жыл бұрын машинадан аударылып қайтыс болған. Артында жеті-сегіз баласы қалып еті тірліктен, ерте есейіп жұмыс істеп, оқу оқып аяққа тұрып кетті. Қалжан жеңгейдің қолында қалғаны үш-төрт бала. Қисайған жаулығын түзеп қойып, үйге келсе де отыра алмайды. Топты баланы жұмсау орнына өзі жүгіреді. Дүкен деп, мал деп, су деп. Балалар сабақ оқысын десе оны да жетістірмейді, көп ішінде қарайып жүреді. Әшекеңе Тілеу нағашы еді. Кеше кешкісін Қалжан жеңгей келіп:             
 

 

– Тілеу марқұм Әшірбекті қасында пышақ ұстамай-ақ қойдым, – деп ылғи өзіңе сойғызушы еді жарықтық. Ағаңның соғымын бұзып бер ертең қарағым, – деген.               

 

 – Жоқ істей алмаймын, – дейтін Әшекең бар ма.       
 

 

– Жарайды, – деді саңқ етіп. Сол өзіңе берік қалпымен өткір пышағын, ет шабатын балтасын қайрап күн жылына Тілеудікіне келді. Екі жасар қоңыр тайынша күндегі жеп жүрген жем-шөпті бере ме деп қарайды қораға кіргендерге.

 

                        
 – Қай жерге жығамыз, – деді Әшекең. – Арқан қайда? Жығысатын адам жоқ па, қайда әлгі ұлдар. Қалжан бес жасар кенжесін жүгіртіп Қадамтай деген көршісін алдыртты. Ол әлжуаз шынашақтай жігіт еді.         

 

 – Нағыз жыққыш, қарулыны таптыңыз ғой, – деп селкілдеп күлген болды.              
 

 

– Әшекеңнің қалжыңы қиын, – деп ол қызарақтап ұзын арқанды ілмектеп, тайыншаның алдыңғы аяғын тұсап, арты аяғынан жығуға даярлады.               

 

 – Далаға жығуға болмай ма? – деді иесі.                               
 

 

–Өй, өкіріп-бақырып бүкіл ауылдың сиыры жиналады, – деді Әшірбек. Айтқандай-ақ, көрші қатындар қоңыр тайыншаның қан-жынын күресінге төгуге апаруы мұң екен, ойқастап өкіріп-бақырып айналаға сиыр, бұзау, тайынша-торпақ деймісің азан-қазан боп жиналып дүрлікті де қалды.      

 

 – Ой, мыналар басты қатырды ғой, – деді Әшекең терезе алдындағы ақаңнан қырлы стақанмен орталай тартып жіберіп. Екі-үш қатын жылпылдап, буын бұрқыратып шек-қарын аршып жатыр.
 

 

– Ананы былай, мынаны алай, е, сөйт, – деп Қалжан жас қатындарға үйретіп қояды. Қолындағы пышақты ебедейсіз ұстап, керек жерін таппай мүше жігін батылсыз кескілеген бұйра  бас жігітке Әшекең:
 

 

– Сен асықпа, әй ұл, – деді. – Тарт кішкене. Қаттырақ. Е-і. Жалақтаған өткір пышағын сұғып-сұғып жіберіп, кеңірдекті өкпе-бауыр, бүйрегімен қоса суырып алды. Жүрегін жарып жіберіп, әлденені алып тастады. Кеңірдекті тағы бір тесіп, іл ана жерге, – деді иегімен діңгектің шегесін нұсқап. Балаң жігіт ала жөнелді.
 

 

Әшекең қалпағын шешіп, басын жалаңаштап аласа орындыққа тізе бүкті. Жан қалтасын сипалап бір қорап «Беломорын» шығарды. Қағып қап бір талын шығарып, папиросын көзін сығырайтып қисая бере бұрқ-бұрқ еткізіп құшырлана тұтатты.       
 

 

– Тіпф-тіпп, – деп ерніне жабысқан темекі ащысын түкірді. Кһе-кһе, – деп жөтеліп қойып, темекісін қомағайлана сорды. Шалбарының қалтасынан орамалын шығарып маңдай терін сүртті.          
 

 

– Тер қатып қап жүрмесін, – деді. – Терісі таза, бүтін сойылды, енді мүшелеу керек, – деді Әлпейіспен тілдескендей. – Сен неге өзің соймайсың?       

 

 – Жас қой олар. Бұза алмай, мылжалап тастайды. Қой союға болмаса үлкен малға шамасы жетпейді, – деді Қалжаң. – Әлі жас. Үйренеді ғой.       
 

 

– Нешеде бұл? – деді Әшірбек күліп.           
 

 

– Жиырма үштемін, – деді Әлпейіс.           

 

– Сол ма жасың. Жас дейді қайдағы жас. Соқталдай жігіт үйрен соғым сойып, – деп еді, шешесі ұялған баласына ара түскендей.
 

 

– Осы күнгінің балалары әлжуаз, қырсыз ғой. Бұрынғы уақытта жастар ерте есеюші еді. Шаруа істей алмаса күлуші еді ел. Қырсыздар намыстанушы еді. Қазіргі жастар намыс көрмейтін болды ғой ештеңені…       
 

 

Әлпейіс өрттей қызарып, қатты ұялды. Оқуды былтыр бітірген. Ауданның темір жол мекемесіне есепші еді. Қара жұмысқа жоқ икемсіз болатын. Сонысынан үйленбей жүретін. Шаруаға қырсыздығынан қысылады.               
 

 

– Кел, ұста! – деді Әшекең тақай түсіп, қолына пышағын алып. – Бұзғанда міне, мына жерден бастайсың. Мықты ұста. Алдымен осылай екі қолын, – деп біресе балта, біресе өткір бәкімен сойғылап, мүшелей бастады. Қой сойғанда Әлпейістің қиналатыны тері сылу мен қабырға шығару еді. Ал ірі қараға тіпті де қолы батпайтын. Қалт жібермей қарап отыр. Әшекеңнің қолы да салалы, нәзік. Мал сою емес, жазу жазуға арналғандай. Бірақ көп күш жұмсамай, жік-жігімен сүйектерді тауып, мал мүшесін шеберлікпен дәл тауып ажыратады.  
 

 

– Апырай, бұ да өнер екен-ау, – деп ойлады Әлпейіс. Өзі де осы жаста талай мал сойғышты көріп еді. Совхоздың малын асханаға, шөпшілерге арнап соятын Орақ деген қасапшы бар. Небір үлкен атқойларды он-он бес минутта бөлшектеп шығатын еді. Бала күнінде шөпте, қырықтықта жүріп көріп еді Орақтың қимылын. Дәу бәкісін сүртіп, жуып беліндегі қынына салып қоятын. Онысы қылпыған, тиген жерін алып түсетін ұстарадай өткір.       
 

 

– Тайыншаңыз семіз болды. Бұйыртып жегізсін айтары жоқ. Өзі де дәмді болар жарықтық былқып тұр екен – деп Әшірбек жеңімен маңдай терін сүртіп әп-сәтте екі жақ қабырғаны пышақпен-ақ ажыратып, омыртқаны да пышақпен сытырлатып бөліп шықты. Ең соңында талтайған екі санды пышақпен шеміршегін сәл кескілеп, балтаның ұшымен сырт еткізіп шауып қалды. Кейін аударды да сарт еткізіп, пышақпен екіге бөліп тастады.        
 

 

– Ал мен болдым, – деді сосын кейін шегініп. Темекі іздеп қалтасын қарап еді, Әлпейіс түсіне қойып терезе алдынан «Беломорын» алып берді. Ширақ қимылдап етті шошалаға тасып, елден қалмайын деп жүгіріп жүр. Терінің сирақтарын кесіп алып керіп, қалыңдап тұз жақты.          
 

 

– Әлпейіс, ана ағаңа құйып қой балам, – деп Қалжан ішек айналдыруға өзі кірісті. Жас қатындар қуырдақ турауға кеткен. Балжан деген көрші келіншек қуырдаққа шебер еді. От жағып, үлкен қазанға мол ғып сарымсақ, майын аңқыта қуырдақ қуырды. Бағанағы Қадамтай осының күйеуі. Әке-шешесі әлі тірі, осы Қалжанның күйеуіне құрдас боп қатты ойнайтын. Тілеу марқұм Қадамтайды ұстап алып, басынан шертетін добалдай саусақпен. Қадамтай оны көргенде жылап қалушы еді.
 

 

– Ей, Тілеу. Құлың болайын Қадамтайыма тиіспеші, – деп жалынушы еді шешесі. Балжан да жасында қарулы болған. Тілеу достары жиылғанда, елдің көзінше құрдастарын Балжанмен күреске қайрап шығаратын.        
 

 

– Сондағы жастық қайрат-ай, анау-мынау жігіттеріңді үйіріп соғушы еді, жеңгей, – деп әңгіме айтса Әшірбек те күлер еді көзі жасаурап. Жылда болмаса да осы үйдің талай соғымын Әшірбек соятын. Тіпті Тілеу марқұмның тірісінде де осы үйде жүретін. Соғымын басқа біреу сойса да көмектесуге, қуырдағын жеуге келетін. 
 

 

– Жақсы деген сол әне, – деп отырар еді. Соның бәрін еске алу, әңгіме айтып, сыр шертіп, көңілін жазу ғанибет сияқты. Кейбіреудей ас аңдып, арақ іздеп кірген емес бұл үйге. – Ақлиманы алатында той жасауға жесір кемпірде не қуат болсын Тілеу аға еді күш салған, екі жыл сол кісінің киіз үйін тігіп, қыста бір бөлмесінде отырдық. Қыруар бала бар үйде. Бірі жылап, бірі жұбатып. Шулап жатушы ек. 
 

 

Ақаң Әшірбектің кәрі жолдасы еді. Қанша ішсе де мөлшерін сезетін өзі. Әбден қызғанда жерден еңсесі биіктеп көтерілер еді. Биіктеп, еңсесі көтеріліп алған соң, көзін жұмып жұртқа қарап ән бастаушы еді. Бұ жолы өйтпеді.
 

 

– Қой өрескел болар. Көршіңіз ылғи жастар екен, жеңгей. Біз де қартәйдік қой, – деп қайтуға айналды.          
 

 

– Тамақ сап қойдым қазанға, кешке Ақлиманы ертіп кеп қонақ болыңдар, – қолүздігің қайным кешке ұмытып кетпеңдер, – деп Балжан жеңгей Әшекеңе, шелек толы ет ұсынды, Ақлиманы ұмытпа – деп тапсырып қайта-қайта айтып есік алдына шығарып салды.

 

 – Уһ – дейді сосын. – Соғымды да сойдық. Тілеуің беріп, мың болғыр. Қолы алтын ғой, бұның…               

 

 

 

*     *     *
                                                                                 
 

 

 

– Әлгі «Ортаның қатыны» қайда? Әй, үй суып кетті ғой, – деп пеш түбіндегі темір кереуетте жатқан қара кемпір басын көтере дауыстады. – Әй, Темірбек, Өсер. Қайда кеткен бұлар.       
 

 

– Не болды апа, – деп қасына немересі келді. Іс тігіп отырған бойжеткенге кемпір «анау қайда, мынау қайда?» – деп үйдегілерді атын атап қайта сұрады. Қызы «тәтем жұмыста, Темір ойнап кетті, Өсер қой бағып жүр. Әкем де жұмыста», – деп құлағының түбінен айқайлап айтып шықты. Кемпір мүлгіп отырып:         
 

 

– Е-е. І-і-і, – деп қайта қисайды. – Тамақ бермейсіңдер ме маған түс болды ғой. Ашпыз, – деп жыламсырады. – Үй суық.      
 

 

Пеш дүрілдеп жанып тұр. Үй жылы. Үйдегілер әлгінде ғана түскі астарын ішіп алған. Жасы тоқсаннан асқан кәрі кемпірдің «тоңдым, ашпын» дегеніне бұл үйдің құлағы әбден үйренген. Түзге жетектеп шығарады. «Адам кәртейгенде бір бала деген осы» деп отырады Әшірбек. Күледі шешесінің қылығына.  
 

 

– Жүрмісің арағыңды ішіп, – дейді Әшірбекті жақтырмаса. Келінін де көп уақыты түзде, жұмыста болған соң «ортаның қатыны» дейтін. Ақлима медбике. Бала тапты деген атағы болмаса, немеренің бәрін етегіне салып арқалап жүріп өсірген осы қара кемпір. Өзі орнынан тұра алмай жатса да тілмен соқтығып, үйдегілерді түгендеп жатқаны.                     

 

 

 

*     *     *

 

 

 

Қас қарая бір қолына шелек ұстап, сайман жәшігін көтеріп Әшірбек келді. Үйде ешкім жоқ. Қара кемпір бүрісіп ұйықтап жатыр. Шам жағылмапты. Қораға шығып мал жайлап, өлеусіреп өшуге айналған отты қайта жақты. Кешкі аязда екі беті қызарып қызы келді. Көздері күлім-күлім етеді. Өңі сарғыш. Көзі көкшілдеу. Пеш аузында отырған әкесіне:   

 

 – Сізді іздемеген жерім жоқ. Мәстір мен прораб таңертеңнен үш рет іздеп келді. Қоңыртауға кетсін деп жатыр. Қыстаудың пешін жөндеуге. Деректір айтыпты, – деді өзінің үй аралап, шешесіне барып, іздеген жерлерін түгел айтып шықты. Ол шешінгенше, терезе түбінен мәшине дүрілдеп, еденді дүрсілдетіп Астау мен Тұралы кірді:            
 

 

– Айпырмау, Әшеке қайда жүрсің бұл? – деді есіктен ене сала – Деректір қуырып жатыр бәрімізді. Табанды зорлап екінші фермеге жібердік…                
 

 

– Қалмақан қайда? – деді Әшекең жұлып алғандай пештің аузын жауып жатып. Қол алысқан соң ұзын орындыққа отыра бере – кіріңдер енді, – деді.               

 

 – Әнеу күні Аманжол деген тілші кеп ауданнан жамандап кетіпті ғой. Қысқа даяр емес деп. Аудандық кәзитке шығып, деректір қатты түтігіп ашуланып жатыр. Қалмақан жұмсаған жеріне «бармайм» деген екен «совхоздан кет ендеше» деп, анау «кетпеймін» деп ақыры қаны көтеріліп бәлніске түсіп қалды. Айналайын Әшеке түк істемесең де бір пеш қалаушы, бір жұмысшы қосып берем. Жүгің тиеулі, Қоңыртауға бүгін түнделетіп қайтсең де жет, – деді Астау. Өзі ашулануды білмейтін ақкөңіл жігіт еді. «Әйтеуір кетіпті» дегенді айтқызатын болыңызшы Әшеке деп жалынғанда кішірейіп кеткендей болды.
 

 

– Ой, мынау болмады ғой. Таңертең кетейік, – деді Әшірбек.    
 

 

– Жоқ Әшеке қазір, – деді Астау табанда.          
 

 

– Қап сендердің осындайларың жаман, – деп Әшірбек киімдерін әзірлетіп, сайманын жинастырды. Абыр-сабырда әйелі келіп, екі кештің ортасында алысқа жүретінін естіп: 
 

 

– Тамақ ішпеймісіңдер… – деп келе жатыр еді Астау:       

 

 – Жеңгей бәрі ойластырылған. Ағай бір-екі күнге ғана, – деп жетектей жөнелді.              
 

 

Далада ызғырық жел соғып тұр. Күндізден аспанды құрсай көшіп жүрген қара бұлт түйіліп алыпты. Қылаулап тұрған қарашаның қары желмен ұйтқып түтей бастады. 
 

 

– Осы уақытқа дейін қыстауға көшпеген шопандардыкі не жан, – деді кабинаға отырып жатып.           
 

 

– Мен өзім апарып салам, – деді Астау ферма бастығының жеңіл мәшинесіне мініп жатып. – Сен ақырын айда біз ілесіп отырамыз, сыртқа шыққан соң артымызға ілесесің, – деді шопыр балаға. Әшірбекке осының бәрі құдды бір біреудің әмірімен болған еріксіз, оғаш, қырсыз шаруаға ұқсады. 

 

 – Екі-үш қыстаудың пешіне бола, – деп күлді.         
 

 

– Ой аға, жұмыс көп. Бұлар өтірік айтады. Кавказдан, аннан-мұннан келгендер нарядты өтірік жазып, ақшасын алып қойған. Сіздерге тиын-тебен ғой беретіні. Ал жұмыс көп, – деді шопыр бала түсіндіріп. Әшірбек «өтірік наряды» естігенде көңілсізденіп сала берді.             

 

 «– Мейлі, – деді сосын. – Өздері білсін!» 
                                                                                                   

1985-2000 жыл 
  Ақшатау-Алматы 

 
 

Поделиться: