Көзқарас

13.06.2019 6218

 

Жұмақтың барын қайтесің...
Айтарын айтқасын, дау керек?!
Сұрақ өлімнің келетінін айтасың,
Жан алатын жаналғыштай әурелеп.
Адамның көзқарасы,
Уақытша құбылыс, ол-анық.
Өлім мен Өмір арасы,
Көрген түстей, кетер жоғалып.
Өмір-өшу, жану,
Араласқан бал мен у,
Құйылған... кесе-
Әлһам су,
(Уақыт айтшы... сағат неше?)
Өлу деген-өмір емес,
Бәрін тастап, кетіп қалу!

 

 

Түнді көру
(ІІ-ші жыр)

 

Ертеңі бар...
Жалын жұтқан, шаң жұтып, 
Жалаңаяақ шоқ басқан.
Жібергесін қаңғытып...
Сен де міне, келіп тұрсың әл бітіп,
Тізерлесе,тізесінен от шашқан.
Жаман болса өтер күн деп...
Алдамашы соңғы үміт,
Соңғы айғақ!
Табаны алыс... аспан тайғақ,
Жол тайғақ,
Аяқ асты жығылған сан жұлдыздар.
Жанады ағыс, түн де міне соны ойлап,
Шашып тұр ма бір ызғар?!

Алыс жаққа, кетіп қалған дәл бүгін,

Қимайтындай не бар жүзін жасырып?!

Қандай мынау дәмді түтін,

Аспанға тұр асылып?!
Сәуле біткен оқжыландай атылып,
Жерді айналып күн жүрген.
Түн болғанда... 
Алдын-ала шақырып,
Күнді солай қып-қызыл ғып боршалап,
Тастаған-ау,
Теңіз жаққа батырып!

 

ххх

 


Қиялым бір қарбалас...
Кетер көкке,
Бақыты - 
Елесіндей шырын шақтың.
Өзімді орап тұрып шекер сәтке,
Сезімді сен арқылы сұлулаттым.

 

Тілсіз де кетер едік ұғынып та,
Дүние сені көріп өзгеріпті.
Айтсын деп,
Мадақ сөзін сұлулыққа,
Өзіңмен тілдесуге сөз беріпті.

 

Көзім де,
Жоқ ... сезімім,көзілмейді,
Алдымен саз ғұмырлы сөз келіпті.
Сұлулық ғашық болмай көрінбейді,
Көрсін деп,
Маған сені көз беріпті.

 

Сәуле бұл,
Дәл жаныма тиіп кетіп,
Айтуға тіл де жетпес,
Ай көрікті.
Қиялын жүрсін деді-ау биіктетіп,
Тағы да ойласын деп, 
Ой беріпті.

 

Тылсым күш,
Көктен түскен өлең шығар,
Сап-сары сағынышым көгеріпті.
Өзіңді жырлап өтсін деген болар,
Мені де ақын қылып жіберіпті!

Поделиться: