Тәкеңнің әңгімелері
Ғалым Талатбек әкім көп сөзге жоқ біртоға адам. Анда-санда сөйлей қалса қазақ оқығандарының айтқан, бастан кешкен қызық әңгімелерін, мінез-машығын қызықтыра әңгімелеп беретін. Отыз жасынан былай жасы сексенге келгенше М.Әуезов музейінді қызмет етті. Ұзақ жыл ғылым саласында жүріп 1960-жылдан бергі уақытта қазақ оқығандарының көпшілігімен таныс-біліс аралас болған. М.Әуезов музейінде белгілі ғалым Рахманқұл Бердібаев жүргізген «Халық университетінің» хатшысы болған кезінде көптеген белгілі адамдармен танысады. Соларды ертіп әкеліп, жиынға адамдарды шақырып, үйіне шығарып салып жүріп талай әңгімесін тыңдайды. Өзі де Баламер Сахариев, Мұратбек Бөжеев, Мекемтас Мырзахметов, Ләйла Әуезова сияқты белгілі адамдармен бірге қызмет істейді.
Тәкең бірде жазғы демалыста елге барып со жақтан Мейізгүл апайымызға үйленіп қайтады. Жұмысқа шыққан соң мұны естіген біраз адам әңгімелесіп отырып құтты босын айтады. Баламерге келіп жүретін белгілі ғалым Сейділдә Ордалиев отырып:
– Үйленді деп естідік. Құтты болсын. Келін қай жақтан,– дейді.
Тәкең шымкенттен екенін айтады.
– Жақсы екен. Қай ел,–деп сұрайды. Ондайға шорқақ Тәкең
–Білмейім. Ботбой ма, сотпай ма бірдеңе, –дейді.
–Әй, –дейді Сейдекең ежірейіп.–Ой енеңді, қызымызды алып алып мынаның істеп отырғанын қара-ей,–дейтін көрінеді жорта ренжіген болып.
Осы жерге келгенде Тәкең қызарып кетіп мұрнын сипап қоятын. Тәкеңнің енді бір жақсы көріп көп өнеге алған адамы Баламер Сахариев. Тәкең ол кісіні Бәкең дейтін. Әңгімесін Бәкең деп бастаса елеңдеп қаламыз. Бәкең расында қазақ әдебиетінің тарихына ерекше із қалдырған, жас кезінде-ақ мектеп оқулығын жазып, М.Базарбаев, С.Қирабаевтармен бірге автор атанып, ғылым көкжиегінен ерте көрінген адам. Бәкеңнің айналасында жүрген кейбір адамдарды айнытпай салатын, сөзін келтіріп, мінезін танытатын қылықтарын көрсететін әдеті бар екен. Бір күні көп адамның көзінше халық әртісі Серке Қожамқұлов Баламерді шақырып алып былай дейді.
–Әй, Баламер сен мені айнытпай салады дейді ғой. Қане салып көрсетші,–дейді. Бәкең үлкен адамның көзінше оны салуға ыңғайсызданса керек.
Серке болмай отырып,
–Несін ұяласың о да өнер ғой, – деп ақыр болмай Бәкеңді әртістігін көрсетуге көндіреді. Өзінің сахнада, кинода жасаған қимылдарын, ролдерін айнытпай салып бергенде әбден қуанып, балаша мәз болады.
–Мынадай талантты жастар тұрғанда біздің өнеріміз өлмей жасай береді,– деп барынша сүйсінген екен.
***
Бірақ Бәкеңнің ондай әрекетін елдің бәрі бірдей қуанып қоштай бермеген. Әдебиет, ғылым, өнердегі елге танымал адамды сырттай ажуалап, пародиялап жатқан кімге ұнай қойсын. Бірде музейге атақты ғалым, тарихшы академик Әлкей Марғұлан келеді. Бәкең ол кісіні қарсы алып, сұраған нәрселерін көрсетіп қызмет көрсетеді. Әлкей ағамыз сонда да жіби қоймайды. Біраздан соң барып.
–Сен осы мені салады дейді ғой. Немені әртіс болайын деп жүрмісің,– дейді. Бәкең өте кішпейіл, адам көңілі қалсын демейтін, үлкеннің қас қабағын бағып, тілін тауып өскен адам Әлкей ағасы сыйлап, құрметтеп, әбден мақтай келіп көңілін әрең дегенде жібітеді.
–Жо-қ. Атамаңыз. Біреулер ойдан шығарған ғой. Құрдастардың ойдан шығарғаны болар. Сізді әжуалап мен өле алмай жүр дейсіз бе,–деп жалына кішірейетін көрінеді.
Үлкен адамды ренжітпей шығарып салып келіп, жүк түсіргендей уһ десе керек.
***
КПСС орталық Комитетінің бас хатшысы Л.Брежнев қайтыс болған соң оның орнына Андропов болады. Ел басқаруда түрлі әдіс айла шыға бастайды. Үлкен қалаларда жұмыс уағында қыдырып жүретін адамдарды дүкеннен, автобустан, аялдамадан ұстап алып, жария ғып жатқан заман. Сондай оқиға Алматыға да жетеді. Қазақ ССР-і ғылым академиясы жанындағы Әдебиет институтында да сондай науқандық жиын өтіп жатады. Белсенділердің бірі шығып алып, –Партияның қаулысына сәйкес тексеру бізде де еңбек тіртібінің дұрыс сақталмайтынын көрсетіп отыр,– деп сайрайды.–Өкінішке орай біздің кейбір жолдастар жұмыс уағында дүкенде, көшеде, сыраханада жүреді,–депті. Сонда шалқайып отырған Бәкең
–Оны көрген адамның өзі о жерде не істеп жүр екен,–деп сұрайды. Отырғандар еріксіз күліп жібереді.
***
Тәкеңнің балаларының аты кілең М.Әуезов романындағы кейіпкерлердің атымен аталады. Зере, Тоғжан, Әйгерім,– деп әңгімелей бастағанда Тәкең:
–Барластың атын Асқар Сүлейменов қойған,–дейтін еді. Өз қатарымен жас кезде Тәкең жақсы араласып, Асекең Мұқаңның өмірбаянын жазуды Тәкеңе тапсырса керек. Тәкең оны орындай алмағанына өкінгендей қалып танытатын.
–Асқар өте шешен сөйлейтін еді. Барлас туғанда шілдехана тойын жүргізіп еді дегенді де айтқаны бар. Оның мән-жайын түгел айтқызу ойда болмапты.
***
Тәкең КазГУ-де студент болып жүргенде Ташкент жақтағы ауылына жас студент Әбіш Кекілбаевты ертіп апарады.
–Өзендегі кішкене өткелден өтіп келе жатсақ бір топ әйелдер қырманнан қайтып келеді екен. Бізді көріп, алдымызды кеспей, сәлем беріп, біз өтіп кеткен соң барып қозғалды. Соған Әбіш қатты разы болған еді,–деп еске алатын. Адам баласы қызық, ғалым ағамыз қасымызда мәңгі жүре беретіндей болып, оның барлық әңгімелерін одан ары қазбалар айтқызбаппыз. Тәкеңнің көргендері, естіген, тоқыған жайлары айтқандарынан әлдеқайда көп еді. Бірақ шешіліп айта бермейтін.
***
М.Әуезов архивін ұзақ жыл басқарған Тәкең көп жайтты білетін. Б.Сахариев, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісовке сабақ берген ұлы ұстаз осы шәкірттеріне үнемі «плюс бес» қойғанын сүйсіне айтып отыратын.
01.07.2019
Поделиться: