Қазақ тілінің екі негізгі лингвистикалық ерекшелігі
Біз білетініміздей, Қазақстан Әлемдегі жер көлемі бойынша ең ірі елдердің алғашқы ондығына кіреді. Сол тізімдегі Қазақстаннан бөлек тағы тоғыз елмен салыстыра отырып, Қазақ елінің лингвистикалық жағынан екі басты ерекшеліктерін байқауға болады. Бұл пікірмен менің бүгінгі қонағым аудармашы, өнертанушы Үрістембеков Батырбек те келіседі. Оның әзірше тіл саласы бойынша негізгі жұмысы осы «Әдебиет порталында» екі жыл бұрын өзі жариялаған «Қазақ және ағылшын тілдер арасындағы 1000 ұқсастық» лингвистикалық авторлық зерттеу мақаласы: (https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/kazak_pen_agilshin_til_arasindagi_1000_uksastik__1359), Ол мақаласы өзінің 2017 жылы авторлық құқығы қорғалған жеке ғылыми ізденісі негізінде жазылған еді.
- Сонымен, бұл сұхбат ағылшын тілі мен қазақ тілі арасындағы қатынас туралы емес (ол тақырыпты біз асықпай егжей-тегжейлі келесі сұхбаттарда қозғармыз), ал әзірше негізінен тек қазақ тілі туралы ғана болмақ. Батырбек мырза, қазақ тілінің бірінші ерекшелігі неде?
- Бірінші ерекшелік – біздің тілдің біртұтас формасы, яғни қазақ тілінің диалегтері әлсіз және көп емес. Бұның себебі Қазақстан Республикасының саяси тұрғыдан унитарлы біртұтас республика болғаны. Салыстырмалы түрде алсақ, жер көлемі бойынша, өзіңіз жаңа айтқандай, 10 ең үлкен елдер арасында. мәселен, унитарлы Аргентина, Қытай, Аустралия және Алжир. Ал Ресей, АҚШ, Бразилия және Үндістан – федеративті республикалар, демек олардың тілдері өз тарихи даму барысында түрлі штаттар, провинциялар және автономды республикалар бірлестігінің лексикалық қорларының негізінде күрделене құрылып дамып, қалыптасты. Және сол елдерді мемлекеттік тіл және мәдениет ұғымы ортақ заң іспеттес біріктіреді. Мысалы, АҚШ-та мексикалық адам болсын, қара нәсілді адам болсын және ағылшын және т.б. болсын, олардың барлығы да өздерінің ұлтын «американдық» деп атайды және «American english» тілінде сөйлеп, бала кезден американдық мәдениетті бойларына сіңіріп өседі. Үндістандағы адамның туған тілі урду тілі болсын, бенгал тілі болсын, кашмир тілі болсын, непал тілі болсын және т.б. – барлығы да хинди тілінде сөйлей алады. Қытайда моңғол да, ұйғыр да, тибеттік те, вьетнамдық та, және т.б. барлығы да ресми хань тілін, яғни қытай тілін жақсы меңгерген. Тіпті Ресейдің өзінде мәдени және азаматтық тұрғыдан өздерін «россиянин» ретінде сезініп, чукчалар, татарлар, башқұрттар, шешендіктер, буряттар, якуттар, чуваштықтар және т.б. орыс тілінде емін-еркін сөйлей алады, әлбетте олар өз жергілікті ана тілдері мен мәдениеттерін де ұмытпайды. Ал Қазақстанда үштілдік жүйе, бізде негізгі тіл қазақ тілі, ресми тіл орыс тілі және халықаралық қатынас тілі ағылшын тілі.
- Тек, өкінішке орай, кейбір азаматтар, әсіресе қазақ азаматтарының өздері мемлекеттік тілді (яғни, өз ана тілін!) әлі «владение в совершенстве» деп аталатын деңгейге дейін үйрене қойған жоқ...
- Пессимист болмайық, дегенмен бүгінгі қазақстандық қоғам тіл мәселесін жылдан жылға баяу болса да, шешуде.
- Иә, бұл үлкен іс сәтті жүзеге асу үшін барлық қоғам атсалуысуы керек. Енді қазақ тілінің екінші ерекшелігі неде?
- Екінші ерекшелік – негізгі мемлекеттік тілдің (қазақ тілінің) көнелігі. Әлбетте, Қазақстандағы қазақ тілінен бөлек, Ресейдегі орыс тілі, Қытайдағы қытай(хань) тілі және Үндістандағы хинди тілі – өте көне тілдер. Сол тілдердің табиғи лингвистикалық қалыптасу тарихтары 700 жыл, тіпті 1000 жылдан да көп уақытты құрайды. Тілдің даму ерекшелігі географиялық жағдайға да байланысты, мәселен Канада мен Аустралия мәдени тұрғыдан Ұлыбританияға қанша жақын болса да, аустралиялық ағылшын тілі мен канадалық ағылшын тілі британиялық ағылшын тілінен белгілі бір дәрежеде ерекшелінеді. Оның өзі жеке тақырып.
- Бірақ Канаданың ресми тілі француз тілі емес пе?
- Ол елде екі мемлекеттік тіл бар: ағылшын тілі және француз тілі. Жалпы, АҚШ пен Аустралияның негізгі тілдері ағылшын тілі, Бразилия мен Аргентинаның негізгі тілдері португаль және испан тілдері. Егер қазақ тілі 15-ші ғасырда қалыптасса, онда жоғарыда атап өткен тілдердің әдеби нұсқаларының көпшілігі тек 17-ші ғасырларда жетілді.
- Ал меніңше дәл сол аталған географиялық өңірлер үшін нақты сол тілдер МҮЛДЕ «жаңа лингвистикалық жүйелер» деп айтуға болады. Себебі, бар-жоғы 600 жыл бұрын француз тілінде тек Франция, ағылшын тілінде тек Ұлыбритания, португаль тілінде тек Португалия, испан тілінде тек Испания сөйледі емес пе?! Тіпті Алжир бербер және басқалай қара нәсілді тайпалардың жергілікті көне тілінде сөйлеп, ал араб тілінде, яғни бұрынғы көне классикалық араб тілінде бастапқыда тек Аравия түбегі ғана емін-еркін сөйледі емес пе?!
- Рас. Сіз айтқан тілдер 18-19 ғасырлар үшін «жаһандық тілдер» болған. Қазіргі ағылшын тілі сияқты.
- Жаһандық бола берсін, сонда жоғарыда атап өткен Америка құрлығының елдерінде 600 жыл бұрын ешқандай тілдер болмаған ба?
- Әрине, болған! Мысалы, Канадада гурон және чероки индеец тайпалараның тілдері, АҚШ аймағында апачи және ирокез тілдері, Бразилияда гаранни және инк тілдері, тіпті Аустралияда абориген тайпаларының тілдері, Аргентинада мапуче және туельче тілдері, ал Алжирде бербер және қара нәсілді тайпалардың тілдері өте өзекті және кең таралған болған еді. Енді бері қараңыз, тура сол орта ғасырлық заманда Қазақстан және жалпы Орта Азия аумағында Көне Түркі Қыпшақ тілі (бүгінгі қазақ және басқа да түркітілдес елдер тілдерінің тікелей арғы тегі) кең таралған тіл еді.
- Және осы көне лингвистикалық шежіреміз күні бүгінге дейін үзілмегендігі қуантады. Сонымен, Әлем бойынша жер көлемі бойынша ең ірі он елдің ішіне кіретін, жер көлемі бойынша 9-шы орындағы Қазақстан тілінің және мемекетінің ең негізгі ерекшеліктерін қорытынды ретінде тағы бір атап өтіңізші.
- Біріншіден, сол он ең ірі елдің ішінде біздің ел унитарлы республика, көпұлтты бейбіт ел. Екіншіден, біздің негізгі мемлекеттік тіліміз – әдеби қазақ тілі – көне Түркі тілінің көп «перзенттерінің» бірі ретінде – жер көлемі бойынша он ең ірі мемлекеттер арасында қолданылатын тілдердің ішіндегі ең көне тілдердің төрттігіне кіреді (хинди тілі – көне үнді тілінің ізбасары, қытай тілі – көне қытай тілінің ізбасары және орыс тілі – көне славян тілінің ізбасары). Көне қытай тілі, мәселен, біздің заманымыздан бұрынғы бірінші мыңжылдықтың өзінде болған еді.
- Қытай тілі - көне тіл, ал араб тілі ше?
- Араб тілі де көне тіл, дегенмен ол тілдің классикалық әдеби түрі тек Ислам діні пайда болғаннан соң (біздің дәуіріміздің 7-ші ғасырынан кейін ғана, яғни кейінірек) барынша қарқынды дамып, әсіресе жоғары деңгейде өркендеп, гүлдене бастады. Мәселен, ағылшын тілі, француз тілі, испан тілі және португаль тілі кезінде католицизм және протестантизм конфессияларының барынша кемелденген тұсында (17-ші ғасыр мен 19-шы ғасыр аралығы) мәдени-лингвистикалық тұрғыдан өте жоғары деңгейде дамыған еді. Бірақ кең таралған әлемдік тілдерден бөлек, жойылып бара жатқан сирек тілдер де баршылық, өкінішке орай.
- Қазақ тілі жарты Әлем сөйлейтін тіл емес, әзірге әрине. Құдайға шүкір, жойылып бара жатқан тіл де емес. Жалпы, сіздің ойыңызша, қазақ тілінің болашағы қандай?
- Егер ертең қазақ тілінде, сауатты әдеби қазақ тілінде өте жоғары интеллектуалдық деңгейдегі жаңа прозалық, поэзиялық, публицистикалық туындылар, жаңа фильмдер мен әндер, жаңа кемелденген мәдениет, ғылым, ақпарат пен өнер үздік сапада жаңғырып, дамитын болса, онда қазақ тілінің мәртебесі бүгінгіден он есе, тіпті жүз есе биік болар.
- Сұхбатыңызға рақмет! Иә, бүгінгі тыныш емес Әлемде, мазасыз заманда біздің көпұлтты еліміз толеранттылықтың, бейбітшіліктің және келісімнің сирек үлгісі болып отыр. Осының барлығын бағалап, қадірлесек, сақтап, келесі ұрпақтарға жеткізсек болғаны. Лайым солай болғай! Батырбек Бағышбекұлы, сізге шығармашылық табыстар тілеймін! Елбасымыз айтқандай «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!»
Сұхбаттасқан: Риза Ысқақ
Поделиться: