Драматургиядағы кейбір ізденістер

28.08.2019 7839

 

Көркем әдебиеттегі өзге жанрлар тәрізді драматургияның да бұл салаға қалам тартқан шығармашылық иесіне қояр өзіндік талабы мен үнемі ескеруге тиіс қатаң заңдылықтары бар. Драматургияның өзіне тән басты сипатының бірі – оның диалогпен жазылуы. Жанр үшін қажетті тартыс, оқиға, кейіпкер мінезі осы диалог арқылы жасалады. Сол себепті де прозада кеңінен айтып суреттеп беретін жайды сахнада кейіпкер сөзі арқылы жеткізу драматургтен шеберлікпен қоса психологиялық дәлдікті, сахнада өтіп жатқан оқиғаны бақылап, оны уысынан шығармайтын композициялық тұтас жинақылықты қажет етеді. Мұндағы әрбір акт, көрініс, перде, оқиға өтетін орын ауысып отыратын үнемі қозғалыстағы өте қажетті шарттар. Драмалық шығарманың жазылуы, ондағы жазушы шеберлігінің қалыптасуы арнайы дайындықты қажет етеді.

 

Қазіргі қазақ драматургиясында да осы жанрдың қыр-сырын игеріп сахналық шығармалар тудыруға сәтті ізденіспен үлес қосып еңбектеніп келе жатқан қаламгерлер жетерлік. Бірақ проза, поэзия саласы тәрізді драматургия жанрында үнемі қалам тербеп келе жатқан, осы жанрдың қиындығына төселіп, оны шеберлікпен игеруге ізденіс жасап жүргендер шамалы ғана. Жастар драматургияға сирек қалам тартады.

 

Тіпті пьесалары сахнада белгілі болып үнемі қойылып келе жатқан кәнігі драматургтердің өздері әрбір шығармасын қойылымға ұсынарда оны көруші қалай қабылдайтынын ойлап толқымай қалмайды. Соған үнемі ізденіс жасап, әрбір пьесасына дайындықпен кіріседі. Көрермен оларды мұқият көріп, бақылап, театр өнерінің қалай дамып келе жатқанынан хабардар болып жатады.

 

Қазіргі драматургиядағы ізденіс дегенде тек сахнада ғана қойылған дүниені ғана айтпаймыз. Театрда қойылмаса да түрлі тақырыптық жинаққа шығып, пьеса деген атаумен сараптан өтіп, кітаптарда басылған, түрлі бәйгелерде орын алған шығармаларды да қосамыз. Олардың кейбірі облыстық театрларда қойылып та жатады. Білгілі бір тақырыпқа бәйге жариялағанда соны есепке алып шығарма жазатын драматургтер де осы уақыт ұсынған мәселелерді кейде орынды қозғап, тақырыптық жағынан белгілі драматургтер бара бермейтін мәселелерді қозғайтыны да бар.

 

Елімізде соңғы жиырма жылда көптеген конкурстар жарияланды. Оған үнемі қатысып келе жатқан драматургтер осындай сын үстінде бірталай жетістіктерге жетіп жүр. Олардың ішінде театрда қойылмау себепті елеусіз қалған жақсы пьесалар да кездеседі. Оның ішіндегі сәтті ізденістерді байқаған баспа орындары әлгі пьесаларды кітап етіп оқырманға ұсыну барысында жалпы драматургиямыздың бағыт-бағдарынан хабар беретін дүниелерді жариялап пайдалы қызмет істеп отырғандарын көрсетіп келеді.

 

Әр жылдары мәдениет және ақпарат министрлігі жариялаған конкурс жүлдегерін кітап етіп шығару барысында ішінен театрларға керек шығарма болса таңдап алуға лайықты бірталай жинақтар жарық көрген. Соның ішінде «Өрілген өмір өрнегі» атты жинаққа онға жуық автордың пьесасы басылды. Осы кітаптағы пьесалар қазіргі драматургиядағы тақырыптық ізденіс туралы сөз етуге мүмкіндік береді. Мұндағы драматургтердің жас шамасы әр қилы. Көрерменге кеңестік кезден белгілі Д.Исабеков, Т.Әбдік, И.Оразбаев, Ә.Рахимов сияқты қаламгерлермен қоса орта буынға айналған Ж.Әлмешұлы, Н.Ораз, М.Қожахметова, Т.Жандаулет сияқты авторлардың пьесалары енген.

 

Тәуелсіздікке байланысты конкурста жүлделі екінші бәйге алған Ж.Әлмешұлының «Жапон аруының арманы» шығармасы ғылымдағы жастар тақырыбан қозғайды. Жастар тақырыбы көрермен үшін әрқашан қызықты. Әсіресе тәуелсіз елдің жастары ғылымда, шет елдік әріптестерімен бірге қандай іспен айналысып жүргені көрерменді тартатыны сөзсіз.

 

Бұл пьесамен танысқанда драматургия тарихын жақсы білетін оқырман  М.Әуезовтің «Алма бағында» пьесасы кезінде жас ғалымдар өмірін сәтті қозғағанын еске алар еді. Ондағы ғалымдар Мәскеуден оқып келіп еңбекке енді араласу кезіндегі оқиғаларды басынан өткереді. Арада бірталай уақыт өткенде осы пьесаның жазылып тәуелсіз елдің жастарын талапты, ізденгіш білім иесі етіп көрсету сөз жоқ драматургия үшін табыс деуге болады.
     

Ж.Әлмешұлы драмалық шығарма жазу барысында осы жанрдың барлық ерекшеліктерін дұрыс сақтай алған. Шығарманы табысты деп айтуға болады. Осы күйінде театр сахнасына да шығаруға лайық. Жастар дегенде көрермен олардан ерекше жаңалығы бар, бұрын естіп-көрмеген, жаңарған сана, асқақ та арманшыл істер күтеді. Өмір ағысын өзгертетін ерекше толқын, ізденіс тапқысы келеді. Бұл заңды да. Пьесада жастар мол білім иесі. Алдарында ғылыми жоба. Жаңа мақсат. Өмірдің даңғыл жолы. Мұның бәрі пьесада бар.
         

Ғылыми жұмыс жолындағы жастар өздері арман-мақсаттары бір шағын ұжым десе болады. Пьесадағы кейіпкерлердің аты-жөні, жас мөлшері, мінез  ерекшеліктері жөніндегі анықтама берілмеген. Пьеса бірден басталып кетеді. Жастар жұмыс үстінде. Атом полигонындағы әлдебір маңызды зерттеулерді жүргізбек. Бас кейіпкер Нұрмұхан жобаны басқарушы. Оның үйленбек қызы Менжанның әкесі аты белгілі ғылым, академик. Екі жас үйленуге уәде етіп қойған.
         

Алғашқы күні туған күн тойлаудан соң жастар театрға барып жапон қызының өнерін тамашалайды. Оған әсерленген ақынжанды Нұрмахан жапон қызымен қыдырып, кештен соң оған қала аралатып, оны ұнатқан көңілмен көп сырласады. Олардың екеу ара диалогтары өте тартымды. Ертесінде Семейге ұшпақ болған достары Нұрмаханның келмей қалғанын көріп абыржу туады. Пьесаның алғашқы актілерінде бас кейіпкердің қасында жүрген Меңжан енді бұл маңнан көрінбей алыстап қалады.
       

Драманың ендігі желісіне кешегі бас кейіпкердің достары қосылады. Олар қалайда Нұрмаханды тауып, оны полигонға кетуге көндіру, жапон қызымен арадағы сезімін суыту үшін барын салады. Жапон қызының атынан жігітке хат жазып тапсырады. Бұған ренжіген Нұрмахан көнбей бірталай сезім сергелдеңін бастан кешіреді.

 

Ендігі тартыс Нұрмахан мен оның досы арасында өрбиді. Бүкіл ғылыми жобаның тағдыры туралы алаңдаған досы Нұрмаханмен бұл жолдан бас тартуын сұрап, оған өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп бағады. Ақыр соңында жас ғалымның жанындағы достарының айтқаны болады. Жапон қызы Нұмаханмен қоштаспаған күйі еліне ұшып кетеді.
       

Пьесада актрисадан өзге Ясу деген жапон жігіті ғылыми жобаға қатысып жүреді. Полигоннан бет-әлпеті өзгеріп, оны көрсетпеу үшін бетіне маска киіп жүретін кейіпкер де кезігеді. Қыздың әкесінің қазақ жерінде болып жапон тарихымен қатысты ұрпағына аманаттап тапсырған ойлары, ашсам деген ғылыми жаңалықтары болғанын қазақ жігіті қыз аузынан естиді. Бірнеше тіл білетін жастар арасындағы еркін қарым-қатынас өзара адал сенімге, таза махаббат сезіміне құрылады.
«Жапон аруының арманы» лирикалық драма деуге лайық, ұшқыр сезім, таза достыққа құрылған сәтті шығарма. Драматург оқиғаны ширықтыра түсіп оны көрермен ойын төңкеріп тастайтын, кейіпкер тағдырын өзгертіп сан-салалы тартыспен ширықтыра әкеп шешетін қиын драмаға айналдыруды мақсат етпеген. Пьеса жастар өмірінің жарқын сәтін бейнелейтін, оқырманды жанды әсерге бөлейтін әсерлі туынды. Драматург бұл пьесада өзінің драма тілін жете меңгерген кәнігі шеберлігін біршама танытқан.
     

Пьеса оқиғасы әдетте өмірден алынады. Ондағы геройлар қоғам өмірінде бар деген сөз. Енді жазушы алған драмасын неге шегіне жеткізе алмады. Оған таланты жететін еді. Не кедергі болды?! Бүгінгі қоғамның ең ауыр дерті көрінген жерді қаламгер тақырыпты айналып өтіп, сол жерде тоқтай қояды. Бұл мәселеге бармау керек, ол туралы айтуға болмайды деген кеңестік кездегі қамалға оқушыны тап келтіріп, өзі тасада қалып, пьесаны шартты түрді аяқтаған болады.
       

Жапон аруын ұнатқан жігіт оған көңіл қоса алмады. Шын көңілі болатын. Оның өзі болашақ қайын жұртқа тәуелді еді. Атасы ұтып беруге ат салысқан жобаны жалғастырмаса келешек те, қызмет те жоқ. Бас кейіпкер осы күреске түсетін сәтте үнсіз қалады. Кедергіні бұзып шыға алмайды. Драматург осы арада қоғамның қайшылықтарын кеңірек ашу орнына, жылыстап бәрін жақсы аяқтауға тырысып баққан. Бұл жерде пьесадағы оқиға мен тартыстың ең  шиеленіскен, оны-мұны драматургке жалын сипата қоймайтын үлкен кейіпкер сомдаудың мүмкіндігі тұр еді. Жазушы бұдан аянбағанда сөзсіз ұтар еді. Оқырман ойына сілкініс туғызатын ірі драма дүниеге келер еді. Әдебиеттегі тартысты суреттеудің, қоғамды терең болжап жазудың жолы ашылар еді. Әрине, істелмеген щаруаны біз жазушыдан талап ете алмаймыз. Бірақ оқырман есебінде көзқарас білдіруге қақымыз ғана бар. 
    

Ж.Әлмешұлының «Ай астындағы алтын шаһар» пьесасы да қоғамдағы ана болу бақыты бұйырған әйел тағдырын суреттейді. Бұл пьесаның да шеберлігі, прозалық жағы басым. Тартымды бола тұра шығарма ұзақ болып кеткен. Әдетте, классикалық пьесалар көлемі 50-60 беттен аспайтыны белгілі. Жазушының екі пьесасы да үздік шығармаларға арналған конкурста жүлде алған. Сол себепті де бұған арнайы тоқталып сөз еттік. Бұл шығармалар  қойылымға шықса театр сахнасы ұтар еді. Бірақ ондай хабар мәдениет жаңалықтарынан естілмеді.  

 

 

Көрнекі сурет: okolo.me

Поделиться: