Өмір – сынақ
Орта жасқа келген Нұрия жалғыз қалғанда , өткен өмірін бейне бір кітаптай қайта парақтап, қалың ойға шомады. Ой шырмауында оралып отырып, тереңнен күрсініп , өзімен өзі сөйлесуді әдетке айналдырып барады. Айшықты ажарына түскен шұңғыл әжімдеріне жатырқай қарап, « шіркін-ай, бір кезде бұлаңдап өскен ерке қыз едің – ау»,- деп иығынан телмірген қарауылымен күбірлеп сөйлеседі. Өмірдің сынақ екеніне көзі жеткелі қашан?
Адамның ешқашан төрт құбыласы сай болмайды екен-ау. Табиғатынан бірін денсаулықтың осалдығы қинаса, бірі перзент исіне зарығады. Бірі құйын мінезден құқай көрсе, бірі таршылықтың таяғын жеп , тіршіліктің тәкпірін көреді. Адамдар бір сөзбен тәңірдің сынағы деп қабылдап үйренген. Нұрия да сол тосқауылға кезігіп, көңілін көтере алмады. Тағдыры оны жар таңдаудан қателестірді. Ол қателескенін сезбей де қалады. Жастықтың буы ма, қателікке бой ұрған екенмін-ау деген ой қиялына да кірмеді. Керісінше, бағымды таптым деп қуанғанын айтсаңызшы. Бақыттың құшағын саялаған күндері, жерге төгілген сынаптай бір күнде жерге сіңген судай ғайып болатынын сезсе ғой. Шуақты күндері қайтқан құстай үдіре ұшып кеткенде, кеудені жылытқан сәуледе дарияның толқындарымен жарыса ағып кете барды. Мал екеш мал да, төліне мекіренеді ғой. Кіндігінен тараған айдарлы ұлға да, бұрымы желпілдеген көздері жәудіреген қызға да көз қырын салса да, тіл қатпады. Ол мойынын бауырына тыққан күйі, інінен безген түлкідей артына қарамай тартып отырды.
Бұл Нұрияның жүрегін сыздатпай қоймады. Ішкі әлемі әлем-жәлем күйге түсіп, ұйқысы жоғалды. Орыны қаңыраған отау иесінің ізі қалған жердің бәрі жанын күйзелтіп, көңілі жасытты. Жаратылысынан құрық тимеген жалдыдай өрекпитін мінезінің де түгі жығылып, қанша тепсінсе де , иығын басқан көңілсіздіктен арыла алмады. Жалғыздық мұңын түн қоюлата түсті. Жаны жүдегенмен , кілті жоғалған жабық құлыптай қасарысқан қалпы, тістескен ойларына талақ айтып, кірпігін де суламады. Күн өткен сайын осы мінез қамшы болып, бойында атойлаған тылсым күш , өрлік пен қайрат сыйлады.
Сексеуілдің томарындай жан-жағын қымтап, түйінделген арқандай тұйықтала берді. Келе-келе кеудесін көтеріп, шуақсыз жардан қалған естеліктердің бәрінен құтылуға тырысты. Қалғаны өткенді еске салатын қағазға түскен суреттер болатын. Оны да өртеп жібере ме еді, егер сол күндерден қалған барлық естеліктерді лапылдаған жалын отқа салып тұрып, санасын тулатқан тосын ойдан селк етті. Күндердің күнінде әкесін танымайтын қызы «Менің әкем кім?» деген сауал қойса, қандай жауап қайырам деген сауал сәулесін салғанда, жалын шарпи бастаған суретті жалма–жан жұлып алып, қайта сүртіп, сәбилерінің қолы жетпейтін, көзден таса жерге тыға қойды.Әлсін – әлсін жиһаздың шаңын сүрткенде, сол суреттер көзіне түсіп, өткен өмірі бейнебір кинолентасындай көз алдынан зулап өте шығады.
Нұрия – әке шешесінің тұңғыш перзенті.Тұла бойы тұңғышын атасы мен әжесі қойнына салатын, қазақтың дәстүрін берік ұстанған отбасында дүниеге келгеннен Нұрия - ес білгелі атасының қызы. Алғашқы немере тәтті болғаннан ба, атасы оның қыз бала екеніне қарамай қатты жақсы көрді. Атасынаң қасынан бір елі қалмайтын еді. Тіпті алыс сапарға Нұриясыз шықса, қызы ішігіп ауырып қалатын. Сондықтан алты айлығынан күндіз де, түнде де атасының жанында болатын. Атасы Өмірзақ – жүк көлігін жүргізетін. Атасының көлігімен қырманнан бидай тасып, қойшыларды аралап, кең далада ән шырқап, жусан иісін иіскеп өскен қырдың қызғалдағы
секілді көрікті жан . Нәзік жанды немересі бала күнінен алғыр, зерек, білуге құмар болып өсті. Мектепте орыс сыныбында білім алса да өте жақсы оқитын. Оның үстіне анасы Рабиға да сабағын қадағалап, «төрттік» баға алса, үйге кіргізбейтін. «Үйге кірме» - деген сөзді естіген ерке қыз, атасы келгенше сыртта күтіп отыра беретін. Анасының уайымдап, қарайлағанына мән де бермейтін. Күн ұзаққа жұмысқа атасымен бірге барып, түнде қасына жатып еркелеп, ұл бала секілді ұлдармен тай –құлындай тебісіп, балғын күндері өте берді. Балалық шақты өте бақытты өткізген Нұрия өміріне қасірет келеді, қайғы бұлты төнеді деп те ойламапты. Аяғына салып тербетіп, «Қайтпас Қарам» деп жүрген атасы күтпеген жерден, дүниеден ерте өтті. Ауыр науқасын жасырып, ешқайсысының көңіліне кірбің салғысы келмеген атасы, дәрігерге көрінген құжаттарын да өзі жастанатын жастыққа тығып,тігіп тастағанын ешкім сезбепті де. Сол түн Нұрияның әлі есінде.Атасының мазасы болмай жатты. Нұрияның бала жүрегі бір жамандықты сезгендей, басқа бөлмеге жатқысы келмей, қайта – қайта көзіне жас парлап, «ата ,мен сені жақсы көрем» деп атасы жатқан бөлмеге келе берді. Атасының қимай қараған көзі,жаны қиналып жатса да, сабыр сақтап, соңғы рет жымиып қарағаны, «қарағым, бара бер, мен де сені жақсы көрем» дегені жадында күні бүгінге дейін жатталып қалды. Әліге дейін есіне түссе, жанарына жас оралады. Үлкендер Нұрияны түкпір бөлмеден шығармай қояды. Бала неме қорқып қалады деген болар. Атасын соңғы рет көріп тұрғанын мойындағысы келмесе де, бір қатердің таяп қалғанын балаң, пәк жүрегімен сезді. Шарасыздықтан Тәңірден «Атамды қинамаңызшы, ол жақсы адам. Күнәлары болса, мен ол үшін жауап берейін», –деп жалына берді. Бір кезде атасы жатқан бөлмеден жылаған дауыстар естілді. Нұрияның өміріндегі қымбат адамы, өмірден озды. Небәрі он бір жасында жапанда жалғыз қалған жас шыбықтай жетім қалды. Сәби көңіл жетімсіреп жасыды. Қасында әкесі мен анасы, апасы болса да ол жетімдікті сезінді. Өйткені, ешқашан дүниеде атасынан басқа адамның бар екенін сезінген де, мойындаған да емес.Күнімен тірі өліктей жүріп,түнімен атасымен сырласып, көзін ашып оянса, бәрі орнына келетіндей күй кешті. Қыз болып бой түзеу, достармен араласу, дастархан басында отырып тамақтану, бәрі ұмытылып, тұйықталып, өзі мен өзі сөйлесіп, ойға беріліп, үнсіз жылауды ғана әдетке айналдырды.Жайраңдаған ерке қыздан томаға тұйық, өз ойымен әлек адамға айналып шыға келгенін айналасы да, әке – шешесі де байқамай қалмады. Атаға деген махаббат жас қыздың жүрегінен көшпеді. Жатса да, тұрса да оның нұрлы бейнесі көз алдында тұрып қалды.
Атасының о дүниелік болғанына үш жыл өтсе де, сол қалыптан өзгермеді. Шарасыз күйге түскен әке – шешесі, жер ауыстырсақ ойы өзгерер деген шешімге келген болу керек, тоғызыншы сыныпты бітірген соң,көрші аудандағы ауылшаруашылық колледжіне оқуға апарды. Әуел бастан атасы Нұрияны орыстардың алдында тосылып қалмасын деген ниетпен орыс сыныбына оқытқан болатын. Мұнда да орыс факультетіне тапсыруды ұйғарды. Алғырлығының арқасында әңгімелесу тәсілімен есепші мамандығына қабылданды. Жаңа орта, студенттік күндер өміріне өзгеріс әкелгенімен, атасын ұмыттыра алмады. Атасы үнемі немересіне сенім артатын, көп үміт күтетін. Көзі тірісінде Мәскеуге оқытуды армандайтын.
Сол қимасының үміті оны ширатып, бүкіл ойын тек білім алуға арнады. Еркеліктен арылып, атаның сенімін ақтау мақсатында, үзбей ізденіп оқыды. Босаңсыған шағында өзін тезеп, өзін тәрбиеледі. Сол қайсарлықтың арқасында ол колледжді қызыл дипломға бітірді.Үш жылдық студенттік өмірі көзді ашып – жұмғанша өтіп, туған ауылына оралып, білім бұлағымен сусындаған мектебіне жұмысқа орналасты. Содан бері жиырма жылдан асық уақыт өтті. Осы мектепте қызметтің бірнеше сатысынан өтіп,он бес жылдан бері басшылық қызметті атқарып келеді.Осы жылдар толқынында атасы армандағандай Мәскеуде болмаса да, жоғары оқу орнын бітіріп,оны магистратурамен толықтырып, атасының арманын орындағандай болды.Әр жасаған қадамын атасымен ойша ақылдасып, түн баласы сырласып, күнделікке түсіріп, өзіне есеп беруді дағдыға айналдырды. Сыртқа ашық, ақ жарқын көрінгенмен томаға тұйық, ешкімге сырын аша бермейтін жапандағы жалғыз өскен бәйтерек сықылды көңілі құлазып, дауыл көңіл құлази берді. Сағыныш құрсауында жүргенінде, жасының жиырма беске келгенін де сезбепті. Нұрия енді тұрмыс құрып, сәби сүю бақытын ойлана бастады.Уақыттың көзді ашып жұмғанша өтіп кетерін сезіп, ең бастысы бала сүйсем екен, жүректі тербеген махаббатымды, атама деген сағынышымды періште сәбиге арнасам екен деп армандайтын болды.Міндетті түрде ұл сүйсем,ол атама ұқсаса деп тілейтін.Сол арманның жетегінде жүргенінде ұзын бойлы, күмбірлетіп күй тартып, ән шырқайтын, ойын өлеңмен өрнектейтін Асханға кездесті. Нұрияның өзі де өлеңді серік етіп, ойын қағазға түртетіні бейімдігі болатын. Содан болар, Асханға барлай қарап, жемтігін зерттеген қырандай, «Осы менің балама әке болса қалай болар екен?» деген сұрақ санасында сайрап тұрды. Бұрыннан қазақтың қара домбырасы ойнап, қоңыр үні әуелегенде жаны тынышталып, ерекше күйге енетін. Ол жігіт те Нұрияны бір көргеннен ұнатқан болатын. Көп ұзамай, алғашқы жарып шыққан бәйшешек, қырдың қызыл қызғалтақтары, өзге де көздің жауын алатын гүлдер, түрлі тәтті бәліштер, әсем картиналар сыйлықтар келе бастады. Нұрияға сезімге толы шумақ – шумақ өлеңдер арналып, ғашықтығы біршама әңге арқау болды. Бойындағы дарыны балама дарыса, жаман болмас деп, балама әке болар адам осы деп шешіп еді – ау сол кезде..
Сезім сергелдеңі басталды да кетті.Қыз қиялы қияға самғады. Мүмкін, менің бағым осы болар. Жаныма демеу болса, мен де сәби сүйіп, ел қатарлы бақытқа бөленермін, атам да қуанып жатар деген шешімге келді. Нұрия жоғары оқу орнында оқығанында, бір ұстазы «қасқыр мінезді қызсың», – деуші еді, осы табандылығы мен қайтпас қайсар мінезділігінен болса керек. Бұл кезде де орыс сыныбынан қалыптасқан, «өз өмірімді өзім шешем» деген мінезге бой алдырды ма, әлде туа біткен қайсарлығыма, өжеттігі ме жар таңдауды ешкіммен ақылдаспай өзі шешті. Ешкімді мойынсұнбай, тік сөйлеп, кейде өзінің қыз бала екенінді де ұмытып кететін. Көңілге қарау, ренжітіп алам–ау деген ой мүлде мазаламайтын. Ішкі әлемінде «өмір маған қатал болды, мен де қаталмын»,- деген қағида қалыптасса керек. Алғаш естігенде ата – анасының «саған тең емес» деген қарсылығына қарамай, өзі шешім қабылдап, діттеген жігітімен отбасын құрды. Отбасылық өмірдің дәмін татқанмен, өзі ойлағандай, аса бақыттың дәмін сезіне білмеді.Сәби сүйсем деген арман ғана бәріне қанағат етуге жетеледі. Әріптестері, құрбы – құрдастары, көрші – қолаң бәрі де оның талғамына таңданды. «Теңің емес» деген сөзді бірнеше рет естісе де, құлақ аспай, «мен әлі–ақ үлгілі отбасы болам» деген ниет болашаққа үмітпен қарауға талпынды. Жиырма бес жастағы жас келінге отбасылық ғұмыр сынақтары жиі салмағын салып, сынап шыңдай бастады. Кең далада еркін өсіп қалған қарлығашты торға қамағандай күй кешіп жүрген кезде, Асханның денсаулығы сыр беріп, ауыр науқасқа шалдықты. Кішкентай шаңырақтың егесін ауыр дерттен айықтыру үшін, өз алдына үй болып, жарының дертіне шипа іздеді. Өзінің нәзік жанды келіншек екені де ұмытып, бар пәрменімен дертпен айқасты. Тәңірге жалбарынып, ақ халаттылардан да, қазақи сеніммен, әулие – әмбиелерді де жағалады. Ауылына жақын маңда орналасқан Маңсары әулиеге түнетіп, дұға етті. «Жас отбасы үш жылға дейін Алланың назарында болады, тәңір жас отбасының тілегін береді» дегенді үлкендерден көп еститін. Сол сөз рас болды ма, әлде табандылығының арқасы ма, үміттері ақталып, дертіне шипа табылып, Асхан науқасынан жазылды. Бұл Нұрияға кездескен түрлі қиындықтарға мойымай, келеңсіздіктерді жеңіп, алға жылжуға шабыт берді. Қуанышы толығып, көп ұзамай сәбилі болды. Алла Нұрияның арманын орындап, ана бақытын сыйлады. Перзентінің есімін қазақтың әділ ханындай шыншыл, әділетті болсын деп ырымдап, Тәуекел қойды.Өмірдің өткелдерімен күресуге кішкентай ғана Тәуекел үлкен күш берді. Сыртта түз тағысындай отбасын қорғап, ас – ауқатымен қамтамасыз етіп, сәбиге ана, Асханға адал жар болып, үй болам, шаңырағыма таршылық көрсетпеймін деген мақсатта ғұмыр кешіп, отағасының да, әйелдің де міндетін жүк етіп арқалағанын сезбей қалады.Әйел заты бар жүкті өзі арқалаған соң, нәзіктігін жоғалта бастайды. Ал ер азамат жалқауға айналады екен. Жары еңсесін тіктеген соң, еріншектікке бой алдырып, жұмыс істеуге құлшынбады. Оңашада бұл келіншекке ауыр тиді. Отбасы өсіп, қажеттілікте арқан сайын таршылықтың қыспағынан айналып шыға алмау– көңілге көлеңкесін салады.
Өнерге құштар, еңбексүйгіш азаматы бейқам-селсоқ күйге түсіп, әйелдің тапқан нанын жеуді арсынбайтын пендеге айналды.Сонда да ұлын әкесіз өсіргісі келмей, отбасын сақтап қалу үшін намысқа тырысты. Қолы қалт еткенде, ауыл аралап жеміс – жидек те сатты, мал да өсірді, үй шаруасын да, жұмысын да қатар атқарды.Бар ауыртпалықты өзі көтеріп, қайыстай қайыспайтын, өмірдің сынағын мойынсұнған, «ұлым үшін өмір сұрем» дейтін көп әйелдің біріне айналды. Баяғы еркелік жүректің бір бұрышына жасырынып қала берді. Бір қуанышы –ұлы күн сайын қылық шығарып, өзінің тәтті еркелігімен тұрмыстың ауыр тауқыметін ұмыттыратын. Асхан үйде балаға қарауды арсынатын, ал еңбек етіп, отбасын асырау ойына да кірмейтін.
Күндердің күнінде Нұрияның әкесінің шаңырағына бауырлары түгел бас қосты. Әр үйдің еркелері жиналған соң, қара шаңырақ баланың шуына бөленді. Ойыншыққа таласу – баланың әдеті ғой. Сіңілілерінің перзенттері бауырларымен жақтасып, тартысып жатқанда, Нұрияның ұлы жалғыз қалды. Тәуекел анасынан медет күтіп, маған кім көмек береді дегендей жаутаңдап қарап тұр. Үстінен біреу мұздай су құйып жібергендей күй кешті.Бір перзент жетеді деген ойының қате екенін ұқты. Ұлын құшағына алып, бауырына басып, іштей ағыл – тегіл жылады. Ауыр күрсініп,Тәңірден ұлына серік болар нәресте тіледі. Дәрігерге көрініп жүріп, отыз жасқа аяқ басқанда шаңырағының шуағы, гүлі – Айсана қыз дүниеге келді. Өмір өткелдерімен күресуге деген құлшынысы еселенді. Көзінің ағы мен қарасы – ұлы мен қызының балалығына тоймай жүргенде, күйеуі Асхан Нұриямен ажырасатынын айтты. Төбесінен жай түскендей болды. Басында баспанасы, астында көлігі, мұрагері ұлы мен бір жасқа әлі толмаған қызы бола тұра, мұндай шешімге келгені көңілге сыймады. Іштегі таңданысын білдірмей, салқынқандылықпен «өзің біл» деп қана жауап берді. Асхан отбасын тастап емес, жай ғана іс – сапарға кетіп жатқандай бейқам. Оның әрекетіне орай, Нұрия да барлық сезімін тиып, жымиып қарап, киім – кешегін жинап берді. Қазақта: «Бүлінгеннен бүлдіргі алма», – деген сөздің бары есіне түсіп, өзіне сыйлаған көлікті Асханға алып кетуін ұсынды. Басында осы көлікті алардағы асқақ армандары, отбасымен бірге шеккен сапарлары, шаттанған сәттері бір сәт көз алдынан елестеп өтті. « Әттең, маған бұйырған тағдыр осы болар »,- деп мойынсынудан басқа мүмкіндігі қалмады. Нұриядан ондай ұсынысты күтпеген Асхан, таң қалып, себебін сұрады. Нұрия асқан сабырлықпен:
- «Екі перзент сүюіме себепкер болдың, соның өтемі», – деді қайсарлана. Жүзіне ұзақ қараған Асхан: «Өжетсің, қазір де көзіңнен бір тамшы жас шығармай тұрсын. Осы мінезің сені жүйіткіген асау тұлпарға ұқсатады», – деді де шығып кетті. Іші алай – дүлей ұйытқыған борандай аласұрып жатса да, бетін опа–далаптап, сол опа–далаппен іштегі бар мұң мен шерін жасырғандай болып, жайма шуақ күндегідей жұмысына барды. Отбасына төнген бұлтты ешкімге, тіпті әке – шеше, бауырларына да айтқысы келмеді.Не болса да өзім көтерем, қандай сынақ болса да шыдаймын деп өзін жігерлендірді. Мүмкін сонау бастан – ақ, Нұрия осы жалғызбасты әйелдің өміріне дайын болды ма, әлде, іштей қатайып кетті ме, аса ашынып, қиналмады. Қайта құлшынып, намысқа тырысып, етек – жеңін жинауды ойластырды. Өзі үшін жаңа өмір басталғанын ұқты.Бұрын да Асхан бұған қамқор боп, тірек боп қарық қылмаса да, қарайып, еге боп отыратын.Енді ол да жоқ...Тек перзенттерінің баянды бақыты үшін күресті. Көз жасын серпіп тастап, күлкіге айналдыра білді. Іштегі мүңды жеңуге Тәңір ұлы күш берді. Ол – аналық махаббаттың күші. Мұсылмандық парызын өтеп, ұлын сүндетке отырғызып, дүркіретіп той жасады. Өмір өз ағысымен жылжи береді. Қос құлыны өсіп, қолқанат боп, көңіліне демеу болды. Байырғы жараның орны бітеліп, шаттыққа толы шаңыраққа айналды. Ұлы – тірегі, қызы – сырласы болды.
«Әр аштықтың – бір тоқтығы, әр тоқтықтың – бір аштығы болады», –деуші еді атасы. Арада жылдар салып, перзенттері өскен де, өзі бала кезден бейнесін жасаған азаматқа ойламаған жерден жолықты. Нар тұлғалы, сабырлы, өмірдің ашшысы мен тәттісін татыған, қаламды жанына серік еткен, әйел жанын ұға алатын арманындағы сері орта жасқа келгенде, күтпеген жерден кездеседі деп үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Сыпайылығымен баурап, мейіріміне бөлеп, жоғалып кеткен нәзіктігін қайта оралтты. Әйел екенін сезініп, қайта туғандай күй кешті, құлпырып, жайнап шыға келді. Әйел заты бейнебір гүл сықылды, баптап, назар аударып қарасаң, бүршік жарып, әсемдене түседі. Нұрияның да жүрегінің түкпірінде бұғып жатқан еркелігі қайта бой көтеріп, жұмақтан атасы асқан ризашылықпен бата беріп тұрғандай күй кешті. Өз бақытын енді тапқандай. Нұрия үшін де арайланып таң атты. Сезімін өлеңмен өрнектеп, қолынан қаламы түспей, қалт етсе, өлең жазатын қасиеті де қайта оралды. Бірде сүйгеніне арнап:
Жүрегімнің төріндесіз
Сүйесіз бе сіз мені, сүймейсіз бе?
Сезімімнің отына күймейсіз бе?
Балғын шоқ боп тұтанған алауымды
Сөндірші, деп өтініп жүрмейсіз бе?!
Ардақтым – ау, өкпені басайықшы,
Ақылға сап, көңілді қосайықшы.
Пір етіп, қадірлеген қымбатымсыз,
Әліптің артын бағып, тосайықшы.
Бақытым - ау, сіз менің өңімдесіз,
Жүрегімнің ең биік төріндесіз.
Сізді ойламай таңымда атқан емес,
Бүршік жарған әрбір тал гүлімдесіз.
Күнімдесіз араймен нұрландырған.
Түнімдесіз жұлдызбен ажарланған.
Асылым – ау, мен жайнап жүрсін десең,
Аман болшы, тынысың қуат маған.
- деп жырлады.
Қасында сұңқардай ұлы, қарлығаштай қызы, жанында жүрек үнін ұғатын азаматы, сүйікті қызметі, ұядай баспанасы бар. Тәңірдің мұнысына да шүкіршілік етіп, бес уақыт намазын үзген емес. Намаздан тыныштық тауып,жаны нұрланып, Тәңірге жалбарынып, осы күніне, осы бақытына тәубе етеді.
Бақыт деген қиындықты жеңіп,болашаққа нық сеніммен қарау екен–ау.Нұрия адам өмірін тұңғиық теңіздегі кемеге ұқсатады. Толқын дауылдар соғып, кейбір кемені тереңге батырады, ал кейбірі толқынмен алып тастарға соғылып, су астына кетіп жатады.Тек басшысы мықты кеме ғана өз бағытынан айнымай, нысанаға алған межеге жете алады. Сондықтан әр адам, жынысына қарамай, өзі таңдаған жолмен, қиындыққа қаймықпай өмір сүре білу керек.Бұл–сынақ. Түрлі сынақтардан соң, төнген бұлттардан соң, шапағын шашып күн шықты. Ал өткен күндер Нұрия үшін өмір сабақтары болып қала берді.
Поделиться: