Сағынышты өлең жазып басам мен...

24.09.2019 4905

Сағым болып сағынышқа айналдың,

Өзіңменен гүлденуші еді бар маңым.

Балғын ерке қылығыммен наздандым,

Еркелеуші ем, орындалып арманым.


Көрген түстей, ғайып болды бәрі де,

Күтіп жүрмін келетіндей әлі де.

 «Қайтпас қарам, берілмегін, жеңілме!»

Деген сөзің қамшылайды мені де.

 

Тәрбиеңнің бұлағынан тояттап,

Мейіріміңе қанушы едім құшақтап.

 «Шын өмірге»неге асықтың,аташым,

Пенделердің арасынан алыстап.

 

Өмірімнің мәні сен деп мәпелеп,

Мектепке де ерте әкелдің жетелеп.

Талқаныңның таусыларын сезгендей,

Қызығыма тоймаушы едің еркем деп.

 

Тұңғышым деп махаббатты аямай,

Басымнан да сипаушы едің аялай.

Қайсарлық пен жігерлікті бойыма,

Сіңірдің сен, қыз деп бөліп қарамай.

Бүгін  сол қыз  қос перзенттің анасы,

Ұл мен қызы -көңілінің дауасы.

Үмітіңнің жалғанғандай үзігі,

Ақ бұлтқа созса жетер құлашы.

 

Ұстаздықтың ауыр жолын таңдады,

Шәкірттермен ұласып жүр арманы.

Атасының аманатын арқалап,

Жан жылуын балаларға арнады.

 

Ата, саған алғысым көп айтатын,

Жыр жазуды көңіл қалап таңдадым.

Тек түсімде қуат алам жүзіңнен,

Құранымды бағыштаймын өлеңмен.

Сағынышты өлең жазып басам мен...

Поделиться: