Ұғар жүрек болса егер...

01.10.2019 5105

Тауға да ұрды, басын ол, тасқа да ұрды,

Өзінен емес, кінәні басқадан көрді.

Адамдардың алдында ақталғанымен,

Алла мен ар алдында масқара болды...

 

...Көз жүгіртсе өткенге бүгінді ұмытып.

...Зәулім-зәулім сарайды түгімен жұтып,

Ақша билік еткеннің барлығын ұтып.

Иман билік еткеннен жұрдай болыпты,

Жаратқанның түсірген жарлығын (ұ)мұтып.

 

Жердегіні, жанында көрмеді көзі.

Көктегіні жадына ілмеді сөзі.

Көктен әмір түскенде жерге кірерін,

Жүрек сезді, алайда білмеді өзі.

 

Ар, иманын биледі, бақ пен дәулеті,

Бар жиғанын сүйреді, сәні, сәулеті.

Дүниеқоңыз болғанын байқамады өзі,

Жақын тартып сүймеді, тіпті, әулеті.

 

Жанындағы жалтаңдап жағдайы барға,

Жиналды өңкей қасына құзғын мен қарға.

Өлексеге үймелер, дос көрді оларды,

Өзім көріп сүйенер жан қалмаса да.

 

Келді сосын тағы да шыбын мен шіркей,

Қоймайтұғын атынан көп ешкім үркей.

Бұлардың да былапыт боққа қонарын,

Қалғандай ма елемей немесе білмей.

 

Жылдар өтті жарасып, бақыт, байлығы,

Бастан таймай тұрды әлі сол бір жай күні...

Тағы жылдар... Әл тайды, өзі қартайды,

Қалмай тіпті қалтада ішер шайлығы.

 

Бәрі теріс айналды, достың, туыстың,

Қолдан шығып барады жарық қуыс күн.*

Шам жарығын сөндірер соқты жел, одан,

Қорғап қала алмасы анық уыстың.

 

Жасқа толып мөп-мөлдір, тұнық жанары,

Жанындағы ұлына сынық қарады.

Жанды жеген қайғысы айтпасқа қоймай,

Жан-дүниесін ызғардай қарып барады.

 

Жылтыраққа алданған жалған дүние-ай,

Бабалардан беймәлім қалған дүние-ай.

Бітпейтіндей көрінер қос жанарыңа,

Бітпес арман мекені – арман дүние-ай...

 

Маған сенген жандардың бәрін ұмыттым,

Мені сүйген көңілдің бәрін құрыттым.

Өзім сенген сәулелер алдамшы екенін,

Үп еткенде суық жел, сөнді, бір ұқтым.

 

Тауға да ұрдым, басымды, тасқа да ұрдым,

Кешіктім... Тірлік мәні басқада, білдім.

Дұрыс жолды таңдарсың жалғыз тұяғым,

Таңдау түссе алдыңа осындай бір күн.

 

Құлағына жетті ме, кім білсін ұлының?

...Бәріміз тоналушысы уақыт ұрының.

Сыртқы байлық тоналсын, қайтеміз оны,

Қолдан келер жұлдырмау иман жұлынын.

 

Мұны да әркім ұстайды өз ерігінде,

Жаратқанға шүбәсіз қылар сенімінде.

Сыртқы әлемнің дүниесі еш сұлу емес,

Сұлу дүние әркімнің ішкі әлемінде.

Соны жоғалтпайық...

 

*күн - өмір

Поделиться: