Көктемгі күндер

02.10.2019 4323

 

– Әй қарағым-ау, үйіңе бармайсың ба? Ана әйелің баланы тағы жіберіпті, папаңды шақырып кел, –деп. Сені жатысың мынау, –бармаймын –деп. Осы сендер кімге ерегісесіңдер. Маған ерегісіп істейсіңдер ме, жоқ бәрін өздеріңе-өздерің ерегісіп істейсіңдер ме? Мен үшін бастарың ауырмай-ақ қойсын. Өз пенсиям өзіме өле-өлгенше жетеді. Құдай өлтірмейді. Ел қатарлы күнімді көремін бірдеңе қылып. Бар ана бала-шағаңмен бол. Менің күнім сендерге қарамай-ақ қойсын. Қаратпасын оған. Сөздеріңнен де, өздеріңнен де тойдым қарағым. Енді аз ғана өмірімде тыныштық беріңдер маған, – деп сөйлеп жүрген қара кемпір қабағындағы кейіс ішіндегі шерін сөзбен айтқан сайын азаюдың орнына қоюлана түсіп, айта берсе одан сайын ұзарып, сөйлей берсе шыға беретіндей еді. 
Жағы сопиып, бадырақ көзі бақырайған отыздан асып кетсе де бала өңді Болатбек бірдеңеге кінәлі болғандай шарасыз күймен «Енді не істесем екн» дегендей дағдарып отыр. Ішінде шешесіне де, әйеліне де жауап қып қайтарар кейбір сөздері сұранып тұрса да айтылмай түйдектеліп қайнап жатқандай. Мұның үйінен кетіп осында қашып келуі бүгін ғана емес талай рет қайталанған. Талай рет бұрқ етіп туған ашу бұрқ- сарқ етіп барып басылған. Бүгін басылғанмен бір-екі айдан соң қайта туатын осы ескі әңгіме, туыс, көрші, отбасын түгел жалықтырып біткен. Ұсақ-түйектен басталып, ұсақ түйекпен аяқталатын тұрмыстың түрлі жағынан туған болмашы кикілжіңнің кешеден бері екі үйлі жанның басын қатырып, қабағын түсіріп, көңілдерін су сепкендей басып отырғаны рас еді.
–Баяғыда тастап кету керек еді,–деп Болатбек өкінішті сөздерін қайта бастай бергенде, шешесі іліп әкетіп:
–Артыңнан қалды ма, сүйретіліп жаман қатын. Өзің де ынжықсың, сонда құтыл дедім осы салақ, өсекшіл немеден. Айырылдың ба жабысып. Жүр енді солай. Обал жоқ саған...
Бұл сөздер Болатбекті қамшымен осып кеткендей болды. Анасының өзін табалағандай етіп бұлай сөйлегеніне іштей туған наразылығы бұрқырап сөз боп шыға бастады.
–Жаман болса да осы енді келінім-ау, бізге жақсысын кім береді. Жоқты айта бермей кемін жасырып, көмектесе салу сізде жоқ, біресе келін, біресе бала жаман деп үлкен басыңызбен алыса бермей тоқтамды болу қашан осы бізде болады. Осы тіршілігімізге тауба деп білдірмей қоя салу жоқ,–деп келе жатыр еді. Бұл айтқаны шешесінің ашуын басу орнына оны өршіте түскендей болып, сөз тұтана берді.
–Әй, жаман адыра қалғыр, айтқаныңды әйеліңе істете алмай жүріп, енді менің балаларым мен үйіме келіп жөнімді жөндемекпісің, отың бөлек, отаның бөлек менен аулақ дегенім қайда осы саған. Неге жабысып айырылмай қалдың. Не бірігіп отыра алмай, не бөлініп оңаша отау тігіп ел қатарлы бола алмай, екі күннің бірінде байынан қашқан қатынға ұқсап сүмірейіп келесің де тұрасың. Өй. намыссыз неме. Тіліп-тіліп алмаймысың жонынан таспаны. Мені бір сенің бірлігің мен тірлігіңді бұзып, отыңның басына ойран салып күн көрсетпей отырған адамдай сөйлейсің. Осы үйде сөйленбеген сөз, айтылмаған ақыл қалды ма сендерге. Сөз ұқпайтын өңкей жетесіз. Салақ әйеліңнің мен жумаған ыдысы мен араласпаған шаруасы қалды ма. Енді мені күң қылып алудан өзге неменең қалды істетпеген. Сенің ғана дегеніңе жүріп мына артымнан шұбырған топты жетім баланы жерге қаратып, қаңғытып жіберсін деп жүрсің бе? Сенсіз де біле-білсең уайымым мен жоғым жетеді менің. Болсаң адам сияқты бол да, болмасаң бор боп тоз. –Осы сөздерді айтқанда Әлимаш кемпір ширап, арқаланып кеткендй болды да, Болатбек төмен шұқшиып, тұқырайған күйі үндемей отырып қалды.
Әңгіме әлдебір туыстардың той қамынан басталып, сөз аяғы екі әулеттің бір-біріне деген өкпесі мен алған бергені, кемі мен кетігіне тиіп, ақыры Болатбек Қатираның сөзінен түршігіп үйінен кетіп қалған Осы үйде жүргеніне міне екінші күн. Кеше күні бойы үйіне барғысы келмей осы үйде жүрді Қатираның ащы-ащы сөздерін тыңдап тағы барып отыру бұған тірі азаппен бірдей еді. Кешенің өзінд-ақ ол сөзшең тілділігімен мұның ағасы Снабектің ішкіштігін, інісінің жұмыс істемей бос жүргенін, шешесінің бірдеңені ұнатпаса екі аяқтарын бір етікке тығатын бірбеткей мінезін бетіне салық қылған.

Өзіне қарау жоқ. Удай ащы тіл сүйектен өтеді. Ысылдаған жылан  тілі салаң-салаң етеді. Көлгірсіп, жымсиып қалайда жақсы қөрініп қалу үшін не жаманның бәрін Болатбектің басына үйіп-төгіп, сөйтіп істейтін шаруадан, қаптаған істен құтылуға амал-айла іздеу Қатираға дәрумен сияқты. Әйелі осы сөздерді шығарғанда қорадағы сиырдың астын тазалауға, күтіміне қарауға екі інісінің келмегеніне Болатбектің өзі ренжіп отырған.
Сөз басталды да кетті. Одан сөз көбейе түсті де оттың дұрыс жанбағаны, тамақ ішетін ыдыстың кірі, ұйықтайтын төсектегі ақ жамылғылардың кірлегені сөз болған. Осының бәрін біреу келіп істеп беру керек те екеуі соған қарап отыру керек сияқтанып, екеуден-екеу бір-бірін мұқатқан адамша кекесін у тілді аямай жұмсап айқасып кеткен.
Былайғы уақытта Болатбек анау-мынау жігіттердің өзі батып тиісе алмайтын ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін алкеуде. Оның отты бетінен ығыса жүретін ауыл жігіттері ұр көппе бөспелігін біліп, мақтап қойып қоясын ашуға құмар. Бұның уытын қайтарғандай болып осы Қатираның жолығуы мұның алдына қойған өмірдің бір адам баласы ойласа таппайтын кедергісіндей еді. Әттең деп қатты өкінеді осыған өзі де. 
Дәл қазір кеудесі басылып әйелі екеуі бірін-бірі жер ғып отырса, енді бірер күн өтіп татуласқаннан кейін бәрін ұмытып Болатбек тойтаңдап төрт құбыласы тең адамдай екі иығын жеп шыға келер еді. Оның өркеуделігіне қас қып, асып-тасқан кеудесін бассын деп бұған жасаған өзі Қатираны әдейі жолықтырғандай. Екеуінің желді күндей ұйтқып соғып, біресе олай, біресе бұлай боп тұратын берекесіз мінез-құлықтарын теңгерсін деп жалаңдаған тіл, сұғы қатты көз, тойымсыз нысап бергендей. Өздері бірін-бірі қажап, жеп болып енді не қалды дегендей біреуі үйде, біреуі түзде айналасына тажал боп сөзбен де, көзбен де төніп, көздеп, жалақтап отыр.

                                                           ххх

Әлимаш кемпір түс ауа басын орамалмен қатты, тарс буып алып жатып қалды. Жатқан жері пештің түбі еді. Буын-буыны босап, әбден терлеп, әлсіреп жатып оянды. Таңертеңнен бері ауырлап тұрған аяқ-қолы, денесі, белі бойдан шыққан термен құрыстап ұстап тұрған қатты уысын жазып босатып жібергендей болды.  Екі көзі қызарып, ескі қызыл жаулығы бір жағына қисайып өңі бозарып әлсіреп кеп жығылып, ұйқыдан тұрғанда да әлі өз-өзіне келе алмаған адамның кейпіндей жүзі біртүрлі шаршаңқы көрінді.
Әлимаш кемпірдің етегіне сүрініп, сөйлеуге мұршасы болмай, тұла бойын алған таңғы суықтан әлсіреп кеп жығылғаны рас еді. Ерте көктемдегі көкек айының таңғы суығына ұрынам демей бұрынғыша сиыр сауғанда да, он-онбес шақты, қоралы қойды ауыл малына айдап парып қосқанда да жеңіл бешпетімен сеп-сергек, ширақ жүрген сияқты еді. Оны-мұны шаруамен мезгіл түске айналған уақытта өз-өзінен қатты шаршап, екі қолы салдырап, басы зеңіп, денесіне білдірмей буын-буыннан енген бойдағы суықтан бір ащы тер буып тұрғандай тұла бойы әлсіреп, бар күшін жинап әлде қайда  әкетіп бара жатқандай болды. Сол әлсіздіктен әбден терлеп енді-енді күш жинап алғандай үстіне жамылған шалының ескі тонын төсектің аяқ жағына ысырып орнынан тұрды. Ауызғы бөлмеде әскерден келген Оңтай шолақ күпейкесіне оранып шай ішіп отыр екен:
– Апа бір жеріңіз ауырып жүр ме? Келіңіз мен шай демдеп қойдым,– деп күйбеңдеп орнынан тұрды. Кемпір оған шаршаңқы күймен бір қарады да айналасы әжімді көздері мен сәл күлімсіреді. Сосоң өзінің күнделікті орнына отырып:
– Шай да шығармапсың ғой, балам-ау. Құр суды ішіп отырғаның не? Кәне әне жердегі нәрселерді бері алшы,– деп жұмсады. Оңтай қанша қара жұмысқа  ыңғайлы, шөгел болса да тамақ істеу сияқты ұсақ- түйекке онша жоқ еді. Бағанадан бері бар нәрсені ұқсатып, алдына қойып шай іше алмай отырған жас жігіт шешесінің әпер, әкел деген нәрселерін әкеліп, дастархан жасап жүргенде анасының қолынан істеліп, екі-үш сиырдың сүмесінен  жасалған нәрселердің осынша ұқсатымды молдығын, дәмділігін ойлап жұтынып қойды. Кешеден бері көп әңгімеге арқау болған Болтбектің қыстағы малының қиы мен тазаланбаған мал қорасын тазартуға екі інісін ертіп қазір барғалы отырған еді. Соны айтты.
– Қайтесің балам сол ағаңды, қайтесің ерегестіріп. Істей салыңдар. Сеп болып жүргендерің жақсы бір-біріңе. Өзі де екі қолын қалтасына салып шаруаға бір қарамайтын пәле гой, Қатыны қай пысық Бір-біріне ерегісіп отыр ғой сандалған адыра қалғыр. – ий-ий,– деп кемпір өз ойларын өзі ашырқанғандай болды. – Алла-тағала алға бастырмаған соң қайтесің мұны... Үйдің түрі анау. Ішкені ірің, жегені желім. Байғұс қой, байғұс.

                                                    ххх

        Болатбек түс кезінде сүмірейіп үйге келсе кішкене ұлы қосына ересектеу бір-екі баланы алып, қора тазалап жүр екен. Көрші үйдің түтіні будақтап Арпабайды әйелі үйге кіріп-шығып, су құйып, шелегін жуып, түскі тамақтың қамымен болып жүр. Өзінің үйі суық, әлі от жағылмапты. Айнала қарап көзіне ешкім көріне қоймаған соң Болатбек  ұлына:
– Шешең қайда? – деп сұрады.
– Майгүл апайдыкіне кеткен, – деді ұлы. – Әлі таңертеңгі шаймен жүрміз. Қадиша апамның үйінен айран ішіп, сабағына кетті. Сабақтан келе сап плиткаға картоп қуырып ем дәмді боп пісті. Шай ішесіз бе, әке...– деп тағы сұраулы пішінмен қарады.
– Тамақ іштім ғой, әлгі Қауленнің ұлы әскерден келіпті, сонда бардық. Ой, қара шұнағым-ау, – деді жымиып.
– Апам келе жатыр, – деді Құрман. – Әке, апам келе жатыр. Оңтай ағам да келеді, әне. Мен төсекті жинай берейін, апам ұрсып жүрер. Дастарқан да шашылып жатыр. Ыдыс-аяқ та жуылған жоқ.
– Енді қайтесің балам, – деді Болатбек. – Өзіміз істейміз де. Шешеңнің үйде болмағаны да дұрыс болды. Етек-жетімізді түріп, үйімізді жиып алайық.
– Немене, әлі жинала алмай жатырмысың шашылып. Адыра қалғыр, қу жалқау. Жатып ішер. Ій, қара шұнағым-ау, ана жаман шешең батырып қойды ма үйді тағы. Не үй әктемейді, не төсек-орнын ауыстырмайды, қандай жап-жақсы дүниені қор етіп, ий, – деп сөйлеп жүріп үйге кірді.
Жерден биіктеу табалдырықта қызарақтап тұрған Құрман:
– Апам келді, еді үйіміз бір тазарып қалатын болды,– деп қуана сөйлеп қора жақтағы жұмысына кетті. Оларға септесіп Балабек, Оңтайға ілескен кісіше қыстайғы жаман шөп, қойдың, малдың қиын тазалауға кірісті, қабат-қабат мұз, сары бауыр қи, қап-қатты қара тезек боп ойылып, кертіліп шығып жатқан төбе-төбе өң мен қоқысты ескі арбаға тиеп Құрман ат боп жегілді. Қамысы селдіреп тесілген бүйір жоқ шеттен көктемгі даланың суық желі өтімді қолдарымен бұрар сәл дем алып отыра қалса қарып-қарып жібергендей болады.
Қыстайғы пештің қабырғаға, төбеге қонған қап-қара ысы, таптаған аяқтың кір мен бояуға жұққан нілі, өңін жоғалтып ап-ауыр боп шаң басқан кілем, шуда-шуда боп иректеліп шыққан орамал, көйлек, іш киім, аяқ сүрткендей қарайып кеткен ақ дәке, жыртылған төсек жапқыштар. Біріне-бірі сүйеп, шала жуып шкафқа жинай берген небір тәрелке, кесе, сатпақ-сатпақ ыдыстар, сатал-сатал сүрткіш. Ара-арасында көтеріп, алып қалғанда өлген шыбын, нан қоқымы, ескі күріш, шіріген сарымсақ иісі сасып шыға келеді. Тамақ қоятын бұрышқа келгенде Әлимаш кемпір бет-аузын ақ дәкемен таңып алды. Сасыған май, иістенген ет, ескі көженің ашып кеткен қалдығы, шелек түбіне қатып қалған ескі кілегейге тұншығын өлген тышқан, көгерген картоптың қоңырсық иісі деймісің – бәрі жиналып келгенде өзі бүгін ауырып зорға есін жиған кемпірге қол күшін ғана алатын жай жұмыс емес, ашу-ызасын, іштегі шерін шығарып қапа қылатын нағыз бір тірі азап болды. Осының бәрін жартылай ғана тазалап, ертең дұрыстап су ысытып жуып жөндеуге лайықтап бар жұмысты бола бергенде, ұятсыз көзін өтірік кілмитіп:
– Ой-бу, тәтем келіп қапты ғой, шай қоя қояйын, - деп Қатира келді.
– Ой, кемпір, несін айтасың, сенің бұйрығың бойынша, міне бүкіл отбасы, отанымызбен қыстайғы тірлігіңді жасауға кірісіп жатырмыз, – деп Болатбек сөзшең әдетімен қалбалақтап қояды.
– Байғұс, сонша қалбалақтамаса қайтеді екен, –деп Әлимаш кемпір күңк етті де жұмысымен бола берді.


                                                                                                      4.05.2009 

 

Поделиться: